Мұрағат: 28.08.2011


Бабын тап та, бақ өсір

Күні: , 10 рет оқылды

Жаңа көпір арқылы өтіп, Орал қаласына кіреберісте «Зашаған» атты бағбандар серіктестігі бар. Осы серіктестіктің Шұғыла көшесіндегі ауласы жасыл желекке жомарт үй көпшіліктің назарын өзіне еріксіз аударады. «Жақсыны көрмекке» деген ниетпен, әрі еңбекқор жандардың игі ісін оқырман қауымға насихаттау мақсатымен аулада бау-бақшасын баптап жүрген отағасымен жолығуды ұйғардық.

Өзін Ерғали Оспанов деп таныстырған отағасы «қош келдің!» айтып, жылы шыраймен қарсы алды. Ауладағы теректің саясында аз-кем әңгіме соққанша Нұрсұлу жеңгеміздің шайы да дайын болды. Ендігі мәжіліс дастархан басында жалғасты. – Біз бұрынғы Жалпақтал ауданына қарасты Көктерек ауы-лының тумасымыз. Бұл жерге қо- ныс аударғанымызға үш-төрт жылдай уақыт болды. Ұл-қыз-дарымыз есейіп, оқу оқып, қызметке орналасқасын қалаға қоныс аударуды ұйғардық. Жер телімін сатып алып, үй тұрғыздық. Көшіп келген жылдан бастап аулаға жеміс ағаштары мен бақша отырғыздық. Шүкір, тер төгіп еккен жеміс ағаштары бүгінде өз миуасын бере бастады, – дейді Ерғали ағамыз. Отбасының меншігіндегі 8 сотық жерде бос жатқан орын жоқ. Алма, алмұрт, сары өрік пен қара өрік, жүзімнің бірнеше түрі, құлпынай мен таңқурай, шие, қарлыған (крыжовник) се-кілді жеміс ағаштары төгіліп тұр. Ауланың күнбеткей жағында қы-занақ, қияр, сәбіз бен қызылша – бәрі-бәрі өз жемісін беруде. Аядай ғана жерге аянбай еңбек жұмсалғаны сырт көзге бірден байқалады. – Ауылдық жерде туып-өскендіктен, бала кезімізден еңбекке араластық. Ағам Ұзақбай Мақатов, нағашым Самиғолла Сарбаев, Ғаббас Ғалымов есімді көрші ағамнан еңбектің ыңғайын үйрендім. Көп жыл көрші тұрған Ғаббас ағамыздың «Адал еңбек бәрін жеңбек» деген сөзін жиі естіп өстік. Бір жылдары Көк-терек ауылының көшелеріне техникалық су тартылды. Ол кездері жас отбасы болатынбыз. Шаршау дегенді білмейміз. Совхоздың жұмысынан келген соң кеште ауладағы бау-бақшаны баптайтынбыз. Ұл-қыздарымыз табиғи таза, дәруменге жомарт жеміс-жидекті армансыз тойып жегенін көріп, көңіліміз қуанатын. Жер-ананың тілін тауып, баптап, тер төксең, оның да саған берері мол екендігін жас кезімізден біліп өстік, – дейді Ерақаң. Алпысты алқымдап қалған ағамыз бау-бақша баптауға әбден бейімделген. Әр жеміс ағашын өсірудің қыр-сырын жетік меңгергені сөз арасында анық байқалады. Бақшаға қажетті тұқымды өзі дайындап, ерте көктемде көшет отырғызады. Кейін қара шірік қосылып, қопсытылған жерге көкөніс көшеттерін егеді. Жас желектер бой түзеп кеткенше оларды суықтан, желден қорғап, балаша мәпелейді. – Өзім бір мекемеде күзетші болып жұмыс жасаймын. Үйде болған уақытта бау-бақшамды баптаймын. Сол тынымсыз ең-бектің арқасы шығар, жасымыз ұлғайса да, көп ауру-сырқауды білмейміз. Бір-екі жыл турасында ауладан құдық та соқтырып алдым. Айналамда бұрыннан тұратын көршілерімнен де қолдау көріп отырмын. Әсіресе, көптеген жыл бойы бағбандықпен шұғылданатын, ұлты орыс болса да, қазақтармен мидай араласып кеткен бір-екі көрші ағам бар. Менің еңбекқорлығымды көріп, өздері білген ақыл-кеңестерін  айтады. Ауламда жоқ терек көшеттерін әкеліп береді. Болмаса, сатып алып, отырғызуға кеңес-терін айтады. Жалпы, қай-қай көршімен де жақсы араласамыз. Қала деген аты ғана болмаса, тура өзіміз туып-өскен ауылдай болып кетті. Кейде айналамда тұратын жас отбасылар келіп, бау-бақша егудің қыр-сырын сұрап жатады. Оларға білген-түйгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Қақпаның арғы жағынан келген адамдар «Орыс ағайынның үйі екен десек, өзіміздің қаракөз қазағымыз екенсіз ғой» деп таң-данып  жатады, – дейді  отағасы. Ерғали ағамыз бен Нұрсұлу жеңгеміз – бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп, адал еңбекпен бақытты ғұмыр кешіп отырған берекелі отбасы. Үлкен қыздары Динара «Қазгидромет» РМК облыстық филиа- лында қызмет істейді. Тұрмыс құрған екінші қызы Даурия емханада еңбек етсе, ұлда- ры Ерлан Ақтау қаласында ауысымдық қызметте. Зашаған кентіндегі №10 мектептің бесінші сыныбында оқитын  кенже қызы Ақзере – ата-анасының  көмекшісі. – Отағасы екеуміз шаңырақ көтерген жылдары Көктерек ауылында Ғаббас-Ұлпәт есімді аға-апаларымызбен көрші тұрдық. Ұлпәт апа менің екінші анамдай болды. Ол кісіден төзімді болуды, оқсатымдылықты, үнемшілдікті үйрендім. Мені ең-бекқорлыққа да баулыған сол кісі. Көрші апаның айтуымен газет-журналды жібермей оқуға бейімделдім. Жас кезімізде алған тәлім-тәрбиені бүгінде күнделікті тұрмысымызға жаратудамыз. Бау-бақшадан алған ырыздықты шашау шығармай, оқсатып алуға тырысамын. Қыста тұтынатын түрлі тосап пен салаттарды, тұздалған көкөністерді осы бақшадан дайындап аламын. Ауылдан келетін ағайын-туысқа әрдайым есігіміз ашық, дастарханымыз жаюлы. Олар ет, қаймақ-май, айран-көже секілді ауылдың дәмін ала келсе, мен қоржындарын бақшадан түскен өнімге толтырып жіберуге тырысамын. Қыздарым да тосап қайнату, банкі жабуды шебер меңгеріп алды. Қолымнан келген бар тірлікті соларға үйретуден жалыққан  емеспін,  –  дейді  отанасы. Әрбір атқан таңына тәубе етіп, отағасының жағдайын жасап, балалары мен туысқандарының ба- қытын әр кез тілеуден еш жалықпайтын Нұрсұлу апамыздың бо-йынан қазақ әйеліне тән асыл қасиет бірден байқалады. Сегіз қырлы, бір сырлы Ерғали ағамыздың тарихи тақырыпқа ықыласы  ерекше екендігін әңгіме арасында байқадық. Өз туған жерінің тарихы, ата-бабаларының жүріп өткен жолы мен руы туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Бұл тақырып келесі  мақаламызға  арқау  болар. Қалаға көшіп келдік екен деп қол қусырып қарап отырмай, аядай ғана ауласын жайқалған бақ- қа, жайнаған бақшаға айналдырған отбасының бүгінгі тірлігі осындай. Жанұясының ырыздығын еңбекпен тапқан Оспановтар әулетінен бүгінгі  жас  буын  алар  тәлім-тәрбие мол.   Нұрбек Оразаев, «Орал өңірі»  

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика