«Қаза тапқан қаруластарымның алдында қарыздармын»

Күні: , 963 рет оқылды

Колик 1 сафин


Хамза Сафин:

Кез келген соғыс оған қатысушының бойында жан әрі тән жарасын қалдырады. Орал қаласының құрметті азаматы, тоқсанның төріне келген Хамза ағамызда оның екеуі де бар. Бір қолын немістің пышақ-найзасы тіліп өтсе, екіншісінде жанынан жарылған жау гранатасының тым ұсақ жарықшақтары қалған. Әрине, ешқашан жадынан кетпейтін жан жарасы өз алдына…


Майдан даласында қан­шама қарулас достарым мәңгілікке қал­ды десеңізші?! Олар қаһармандық ажа­лымен бүгінгі ұрпақтың жар­қын өмірін қорғап қалды. Басқа­сымен бірге сол боздақтардың ал­дында мен де қарыздармын. Олардың кез келгені де бүгінгі мен сияқты тоқсанға толып, жарқын  ғұмыр кешер еді. Өкініштісі сол, оларға басқа тағдыр бұйырыпты. Соғыстан аман келсем де, тап қа­зір майдангер дос-жолдастардың бүгінде арамызда болмауы жа­нымды сыздатады. Амал не, бәрі­міз де мәңгілік емеспіз. Мен үшін барлық аяулы жанның жатқан же­рі жарық болсын!  Бәрінің  де өш­пес рухына өле-өлгенше тағзым ете­мін!, – дейді бүгінде ардагер ағамыз Хамза Әбдірахманұлы Сафин.

Кезінде осы әулеттен шыққан үш адам да Ұлы Отан соғысына қа­тысып, елді  жаудан  қорғапты.  Әкесі  Әбдірахман, өзі және інісі Абдолла. Қанқұйлы соғыстың әр тұ­сында болған үшеуі де елге аман оралған. Кезінде азамат соғысы­на да қатысқан әкесі баяғыда-ақ, о дүниелік болса, інісі екеуі дін аман. Ұрпағының қызығына кенеліп отыр.

Сафиндер – Орал қаласының  ба­йырғы  тұрғындары. Жайық өңірі­не сонау  ғасырларда  келіп, қазақ­қа бауыр басқан татар ұлтының ұрпағы. Бірақ  бала кезінен бар­лық ұлтпен бірге тату-тәтті өмір сүріп, мидай араласты. Сондықтан 1941 жылы соғыс басталып, ал­ғашқының бірі ретінде әкесі май­дан­ға алынғанда, қазақ көршісі Қай­рош Мәмбетовтың он алты жас­та­ғы  Хамзаны  бірге  алып  жүріп,  тері зауытына жұмысқа орналастыруы тегіннен-тегін емес. Қай за­манда да жақсы көрші алыстағы ағайыннан артық. Сол ағаның есі­мін арада сан жыл өтсе де, соғыс ардагері ешқашан жадынан шы­ғарған жоқ.

– Ол менің алғашқы еңбек мек­тебім. Зауытта жүргенде, қала­лық комсомол комитетінің қолқа­ла­уы­мен әскерге аттандым. Баш­құрт­тың  Стерлитамак  қаласынан бір шықтық.  Мұнда күтіп алған, кілең сайдың тасындай сардарлар айлар бойы әскери іске машықтан­ды­рып, ерінбей-жалықпай үйрет­ті. Сол әскери ұстаздардың жетік үй­ретуінің нәтижесінде жақсы сар­баз болып, майданға аттандық, – дейді Хамза Әбдірахманұлы бүгін­де. Жасынан қағілез де епті азамат сол жерден де майданға өзі сұраныпты. Майдан жолдары сар­базды біресе орыс жеріне, біресе Украинаға, біресе Балтық бойынаапарды. Оның ерекше есінде қал­ғаны – Балтық бойындағы жауданКур­ляндия «қазандығы» мен Шы­-ғыс Пруссияны тазарту жолында­ғы қанқұйлы шайқастар. – Әлі жа­дымда, 1945 жылдың қарсаңы. Жауорналасқан шеппен арамыз ша­ма­мен 50-100 метр. Байқаймын, дұш­пан аса көңілді. Сірә,  Жаңа жылды той­лап жатқан сыңайлы. Тіпті ерін гармонының да сазы естіледі. Біз­ге таң қылар етер-етпестен, ша­буылға шығуға бұйрық берілді. Бел­гіленген мерзімде қаруымды қолға ұстап, жауынгер жолдастар­мен бірге алға жүгірдім.  Кенет  ой­ламаған жерден жау шебінің тұ­сында алпамсадай неміс алдымнан шыға келді. Аузынан арақ иісімүңкиді. Қолында найза-қанжары (штык) бар.  Жағаласа кеттік. Ең­ге­зердей жаумен алысу қандай қиын! Мені өлтіргісі келіп, кеңірдегіме  жабысып, қолымды  тілгілеп тас­та­ды. Әйтеуір, жанталаса жүріп, атып өлтірдім. Кейін сардарым ренжиді: «Неге «тіл» етіп, ұстама­дың?!» деп.  Қайдағы «тіл»?! Әрең құтылып, аман қалдым ғой. Көпке дейін өзіме-өзім келе алмай жүр­дім, – дейді ол күлімсіреп. 1945 жыл­дың 29 сәуірінде үшінші жә­не соңғы рет жараланған Х. Са­финЖеңісті неміс жерінде әскери гос­питальда қарсы алды. Кейін әс­ке­ри бұйрық бойынша уа­қыт­ша  қал­дырылған ол 1946 жы­лы ақпанда туған қаласы – Оралға аман жетті.

Өңіріне бірінші дәрежелі «ҰлыОтан соғысы», Қызыл Жұлдыз ор­дендері мен бірнеше медальды жар­қыратып таққан майдангерді  қай­тадан  жұмысқа шақырды. Бей­біт өмірге қуана-қуана кіріскен ол біраздан соң, жұмысын қомсына бас­тады. Өйткені өзі жүріп өткен қанды майдан жолдарынан қира­ған қалалар мен ауыл­дар­дың үйін­ді­лерін көргенде: «Осы­лардың бә­рін қалпына келтіретін, тіпті әдемі етіп, қайта салатын құрылысшы болар ма, еді, шіркін?!» деген ой­ға берілетін. Болмысынан бейбіт жан­ның бұл арманы көп ұзамай жүзеге асты. Арада жылдар өткен соң, сүйікті мамандығы бойынша арнаулы орта білім алған Хамзапрорабтан бастап, облыстық құ­ры­­лыс басқармасының трест бас­тығы, облатком төрағасының құ­рылыс жөніндегі көмекшісі лауа­зымына дейін көтерілді. Өмір жо­­лының 42 жылын құрылысқа ар­нады. Тіпті өзін-өзі аямағандық­тан, жүрек талмасына да шалдық­ты. Кейін емделіп, қайта қалпына келді. «Еңбегіне қарай өн­бегі», оның майдандағы марапа­тын 1967 жылы «ҚССР-ының құр­метті құрылысшысы» атағы, «Парасат» ордені және басқа да сыйсияпат то­лық­тырды. Соның ішіндегі тоғыз өңірге тағар марапа­ты – тәуелсіз Қазақстанның құр­ме­ті. Оның қал­дырған қолтаң­басыоблыс орталы­ғын­дағы теміржолвок­­залы, автовокзал, әуежай жә­не басқа да бүгінде халық кеңі­нен пайдаланатын қоғамдық орындар­да сайрап жатыр. – Құрылыс саласында жүргенде об­лыстың қай аумағы болсын, бар­маған жерім жоқ. Жұмыс бабы­мен біраз елдіме­кенді аралап, талай тамашаадамдармен кездес­тім, қызмет­тесболдым. Солардың ішінен ауданжә­не шаруа­шы­лық басқарған Ж. Иса­таев, А. Байболатов, Т. Жұ­мақаев, Г. Войнов, К. Меңдәлиев және басқалары­ның есімдерінқұрметпен атағым келеді. Тамашаазаматтар, абзал жандардың ма­ған үйреткені өте көп. Сондықтан оларға да қарыз­дармын. Өзім­нің азды-көпті еңбе­гімде сол жан­дардың да қомақ­ты үлесі бар, –дейді Хамза Әбдірах­манұлы ағы­нан жарылып.

1991 жылы зейнетке шыққан абзал аға қол қусырып отырмай, 16 жыл бойы мүгедектердің об­лыстық ерікті қоғамын басқарды. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі талай жанның қиындығын барынша же­­ңілдетіп, қолұшын берді, ең құ­ры­ған­да ақыл-кеңесімен бөлісті. Қа­зір де сол қоғамдық ұйыммен жү­йелі  хабарласып  тұрады.

– Соғыстан 76 мың майдан­гер жерлесіміз ел­ге аман ора­лыпты. Міне, арада 70 жыл өткен соң, со­лардың тек екі жүздейі қа­лып­ты. Әлі де біртіндеп өмір­ден ке­тіп жатыр. Бұрын соғыс қатал «жен­дет» болса,  енді  оның орнын  уа­қыт  басты. Айтарым, мен бақыт­ты­мын. Жас кезімнен аш­тық­ты да,жоқтықты да көрдім. Қан­ды қыр­ғыннан да аман келдім. Бүгінгідейтыныш та дәулеті мол заман­ды кө­ру үш ұйықтасам, түсі­ме де кір­мепті. Тағдырыма өте ризамын, — дейді майдангер.

Майдангер  отбасында  да  ба­қытты. Осыдан 14 жыл бұрын өмір­ден озған Зиха есімді зайыбымен бір ұл, екі қыз өсірді. Жалғыз ұлы Нұр – құрылысшы-инженер, қыз­да­ры Эльмира – дәрігер, Әсия – Орал қа­ласындағы Гагарин атын­дағы ки­нотеатрдың директоры. Олардан 8 немере-жиен, 9 шөбе­ре-жиеншар сүйіп отыр. Ардагер, әсіресе,  Мәскеудің әскери академиясын үздік бітірген жиені, аға лейтенант Артурды ерекше мақ­тан етеді.

– Бес уақыт намаз оқып, ораза ұстамасам да, қай дінге де, соның ішінде исламға ниетім түзу. Біз – өз дәуіріміздің адамымыз, сондықтан ешкім айыптай да қоймас. Бірақ ислами діни жоралғылардан бас тартпаймын, құрметпен қарай­­мын. Мәселе иманыңның дұрыс­ты­ғын­да,  ниетіңнің тазалығында  ғой. Өмір бойы адал еңбек еттім, Отан қорғаудағы парызымды мүлтіксіз орындадым. Міне, осыған қашан­да қуанамын және мақтан тұта­мын, – деді сөз соңында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Хам­за  Әбдірахман­­ұлы Сафин.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Батырдың ерлігі – ұрпаққа ұлағат

Күні: , 866 рет оқылды

жаксыгулов садык


Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық  Жақсығұловты бала кезімізден білетінбіз. Ал батыр ағамен сонау 1976 жылы таныстым. Әкемнің айтуымен барып амандастым. Әскерден келгенімді, енді оқуға кететінімді айттым. Ол сөзімді қостап, «Оқу керек, елге қызмет ету керек» — деді.


Сол кезде ағаның жолдастары, таныстары баласын Сәкең марқұмға сәлем беруге жіберетін еді. Кейін өзім де қызмет іс­теп жүргенімде араласып тұрдым. Батыр ағаның өзінен үлкенді де, кішіні де сыйлап, сөзін тыңдап алып, содан кейін ғана ойын, ақылын айтатыны көз алдымнан кетпейді.

Батыр ағамыз соғыстағы ең жоғарғы атаққа ие болған жерлес­тердің ең жасы болатын. 18 жасқа толмай тұрып, майданға аттанып, 19-дан асқан шағында Кеңес Одағының Батыры атанды. 1942 жылдың 17 тамызында әскер қа­тарына шақырылып, Орынбор қа­ласы маңындағы кіші сардарлар даярлайтын курсты бітіріп, кіші сержант шенінде миномет рас­четының командирі атағын алып шықты. Кейін Сталинград, Курск, Орел, Белгород қалалары үшін ұрыстарға қатысып, жас болса да, батырлығымен көзге түсті. Са­дық Шәкелұлы қаруластарымен бірге Днепр өзенінен ұрыспен өтіп, оң жағалаудан жер алып, оны қор­ғап және кеңейтуге қосқан ерлігі үшін, 1944 жылдың 22 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы­на ие болды. Соғыс аяқталғаннан кейін білімін жетілдіріп, Тасқала ауданында шаруашылық, партия, кеңес құрылымдарында басшы­лық қызметін атқарды.

Халық сыйлаған құрметті батырды ұмытпайтын ұрпағы бар, олар аталарын мақтаныш етеді. Ел үшін еңбек етіп, Отан үшін қан кешкен аталарды еске алу кейінгі ұрпақтың борышы екендігін ұмытпайық!

Ерталап ЕСЕНӘЛИЕВ,

облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы


Әкем «Халықтың құлымын» дейтін…

Күні: , 844 рет оқылды

4844


Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерекелік медальмен марапаттау жиындары өтіп жатты.  Орал қаласындағы Салтанат сарайында өткен осындай шарада халық арасында патриоттыққа, бірлікке үндейтін әндерін әуелетіп жүрген көп балалы, көп ұлтты «Ару аналар» хорының жетекшісі Клара Саржанова да мерекелік марапатқа ие болды.


-Бір кездері әкеммен жұ­мыстас болған, оны жақсы білетін үлкен­дерді көргенде әкеме деген мәң­гілік сағынышым бойымды билейді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген, оларға «Сіздердің аман жүргендеріңізге қуаныштымын», — деп толқи сөйлеп, көзіме ыстық жас тығылды. Жы­лы сөз айтатын, «Қызым» деп басымыздан сипайтын аға ұрпақтың қатары сиреп барады. Мына жал­ғанда көрген жақсылығымның барлығы үшін Аллаға, содан соң әкеме қарыздармын, — дейді Клара Бақтығалиқызы.

Оның бала­лық шағы соғыспен тұспа-тұс келді. Әкесі Бақтығали Уәлиев сол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі­нің бірінші шақы­рылымының де­путаты болды. Де­путаттық мандат­ты 18 жыл бойы алып жүрді. Об­лыстың төрт бір­дей (Жаңақала, Жымпиты, Шың­ғырлау, Фурманов) аудандарында ауатком тө­рағасы, төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды. Соғыс жылдарында тылдағы тірлікті ұйымдас­тырудағы, майдан­ды қажет азық-түлікпен, бұйым­дармен қам­тудағы оның еңбегі елдің есінде қалды. Қазақ ССР Жо­ғарғы Кеңесінің 1945 жылғы маусым айындағы жарлығы бойынша Бақтығали Уәлиев неміс басқын­шыларынан босаған аудандарға мал айдап апарудағы үкімет тап­­сырмасын орындағаны үшін Қа­зақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғы­сындағы ерен еңбегі үшін» меда­лін де кеудесіне тағуы өлшеусіз еңбегінің айғағы болғандай.

— Әкем лауазымды қызметтер­дің құлағын ұстаса да, қарапайым өмір салтынан айныған емес. Үй­дегілерден де тәртіпті талап ететін. Бала болып, еркелікке салынып, «Бір қаламыңызды беріңіз, сізде көп қой» десем, «Айналайын, мен халықтың құлымын. Мен саған әдемі қаламымды берсем, оны класыңа апарып, балалардың кө­зін қызықтырып, олардың көңіл күйін бұзасың. Оларда мұндай қалам жоқ қой, әкеңнің қызметі­мен мақтанба, сыпайы, кішіпейіл бол. Сенің өзге балалардан еш артықшылығың жоқ» дейтін. Кейін бой түзей бастағанымда мойныма моншақ, алқа тақсам, әкем: «Қызым жылтыраққа үйір болма. Бұл — тоғышарлықтың белгісі. Сенің өзіңнің Құдай берген көр­кің бар, сонымен әдемісің» дейтін. Содан ба, әйтеуір, саусағыма басы артық сақина, мойныма алтыннан алқа тағып көрген емеспін, — деп өткенді сағынышпен еске алады Клара Бақтығалиқызы.

Адамның болмысы, мінез-құл­қы от басы ошақ қасындағы тәр­биемен қалыптасады. Анасы Қа­диша тамақты дәмді пісіретін. Аудандарда тұрған кездерінде ауыл-аймаққа ат арытып келген мәртебелі меймандар Уәлиевтер­дің үйіне түсетін. Сол кездері Қа­зақстанды басқарған Дінмұхам­мед Қонаевтан бастап одан былайғы үкіметтің басындағы лауазымды тұлғалар берекелі қара шаңырақ­қа бас сұғып, дәм ауыз тиетін. Ана­сы отағасының қасы мен қабағына қарайтын, үйге келген кез келген кісіге дәмді асын беріп, батиқасын алатын. Клара апай өзінің текті, көргенді жердің қызы екенін әр кез жадынан шығарған емес. Оның азан шақырып қойған есімі Гүла­ра болатын. Құжаттарға Клара бо­лып қате түсірілген көрінеді. Әке­сі марқұм «Клара деген немістің саяси қайраткер қызының есімі, жаман болмассың» дегені айнымай келді. Бақтығали Уәлиев 1938 жылы Орал облыстық комсомол комитетінің І хатшысы болды. Ол кезде 2 жастағы қызы Клара 25 жылдан кейін әкесінің ізімен Орал облыстық комсомол комитетінің хатшысы болды. Республика көлемінде әпкесі мен інісі, ағасы мен інісі хатшы болған жағдайлар сирек болса да кездеседі. Ал әкесі мен қызы комсомол комитетінің хатшысы болған де­ректі кездес­тірген емеспіз.

Клара Саржанованың зейнеткерлікке шыққанына ширек ғасыр болса да, қартайдым, зейнеткермін деп үйінде жанын бағып жатып алуды білмепті. Қашан да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. «Ару ана» көп балалы, көп ұлтты қоғамдық бірлестігін құрды. Одан кейін осы атаумен хор ұжымын құрып, Орал маңындағы кенттерде, жоғары және орта оқу орындарында, мек­тептерде ұлттық нақыштағы әндерді әуелетіп жүр. Апамыз Шәм­шінің әндерін сүйіп айтады. 1959 жылы Алматыда комсомол комитеттері І хатшыларының Пле­нумына барғанында, хатшылар арасында ұйымдастырыл­ған Шәм­ші әндерінің байқауында бірінші орын алғаны әлі есінде. Шәм­ші­нің өзінің қолынан марапат қағаз алып, бірге түскен суреті бүгінде қымбат жәдігерге айналды.

– Хордағы замандастарыма қал­таларыңа ақ жаулық салып жү­рің­дер. Бізді жұрт пәленше-түгенше деп білмейді, қазақтың кемпірлері деп қабылдайды. Сондықтан өзіміздің тазалығы­мызды, ұлттық мәдениетімізді лайықты насихаттауымыз керек деп жиі айтып қоямын. Хор ұжымы мүшелеріне ұлттық нақыштағы киімдерді тіктіруге Орал қаласының әкімі, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісі­нің депутаты Самиғолла Оразов қол­дау көрсетсе, кәсіпкер, ақ жүрек азамат Вениамин Мұқатаев 1 мил­лион 750 мың теңге қаржыны қал­тасынан шығарып, бар шығын­ды көтеріп алды. Мұндай азаматтары бар қазақтың өнері мәңгі жасайды, — дейді Клара Бақтығали­қызы ағынан жарылып.

Ол Алматы зооветеринарлық институтын бітіргеннен кейін Фурманов аудандық мемлекеттік асыл тұқымды мал өсіретін стансаға зоотехник болып орналасты. Станса еділбай қойын өсіретін. «Хру­щевтің кадры болдым. Көргені мол әкем «Менің оқуым жоқ, мен шықпаған биіктерге сенің шығуың керек. Жұмысты ауылдан баста, халықпен аралас» деп көзі қимаса да, ауылға жіберді», — дейді ол. Сонда қоғамдық жұмыстарға етене араласып, 1959 жылы құрылған халық театрына қатысты. Ауыл сахнасындағы концерттерде тамылжыта ән салатын. Сол кездегі аудандық партия комитетінің І хатшысы Құрманбек Байсықовтың, Қазимовтың ағалық қамқорлығын көп көрді. Коммунистік партия қатарына өтті. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қазақы орта орыс тілді апамызға ана тілінде жетік сөйлеуді үйретті. Қара­пайым ауылдың тірлігінен, ауыл адамдарынан кішіліктің, адамгер­шіліктің, қарапайымды­лықтың сы­рын ұқты. Бірақ еш уақытта әке­сінің атын малданып, арзан бедел жинауға ұмтылмады.

Саяси сауатты, орыс, қазақ тіл­деріне жетік пысық қыз Мәскеуге бюроға шақырылып, БЛКЖО-ның Орталық комитеті жанындағы жо­ғары комсомол мектебінде оқы­ды. Содан кейін Мәскеуге Орта­лық комитетке қызметке қалды­­рылды. «1961 жылы ғарыш­қа ұш­қан тұңғыш космонавт Ю. Гагаринге гүл беру құрметіне ие болдым. Сондағы фотосурет отбасылық мұрағатымда әлі сақтаулы», — дейді апай. Кейін Клара апа Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол қызметінде жүріп еліміз­дің тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевпен танысқаны күні ке­шегідей жадында жаңғырып тұр. — Облыстық комсомол комитетінен БЛКЖО-ның ХІҮ сиезіне Мәскеуге бардық. «Москва» деген қонақүйге орналастық. Бізге қарсы есікте қарағандылық де­легацияның мүшелері орналасты. Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сіз бірінші хатшы екенсіз ғой», — деп өзі келіп танысты. Өзі Теміртау қалалық комсомол комитетіне жаңадан хатшы болған беті екен. Ол сиезде жұмысшылар атынан сөйледі. Оның тамаша сөзіне жиналғандар айрандай ұйыды. Содан делегаттарға Мәскеудің көрікті жерлерін аралатты. Ондайда жол бойына комсомолдың өлеңдерін, қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді шырқайтынбыз. Нұрсұлтан Әбішұлы «Весна на Заречной улице» деген өлеңді жақ­сы айтатын. Әлі күнге таңға­латыным, оның жадының берік­тігі. Елбасы Оралға іссапармен келген сайын көптің арасынан мені көре қалса, кішілік танытып амандасып жатады, — дейді Елбасының кішіпейілдігі мен парасаттылығы­на сүйсінетін Клара Саржанова.

Бүгінгінің биігінен өткенге көз тігіп, ойланып отырса, Мәскеуде, ылғи қалада жүріп қалған қызға шопандар ауылына келін болу оңайға түспеген. Алматыда аспирантураны бітірген соң Ақтөбенің Байғанин ауданының тумасы Да­был Саржанов деген жігіттің тө­ресіне тұрмысқа шықты. Өмір жолында кездескен қиындықтар­дан Құдай қосқан қосағымен қол ұстасып аман-есен өтті. Содан шығар, «Әкем саясатқа, жұбайым Дәкең қазақылыққа, шыдамды­лыққа тәрбиеледі», — деп оты­ратыны. Клара Бақтығалиқызы ұзақ жылдар бойы Оралдағы КПСС Орталық комите­ті партия мектебінің филиалын басқарды. Ол жабылғаннан соң облыстық партия комитетінің партия кеңес кадрларын даярлау бөліміне бас­шылық етті.

Бүгінде Клара Бақтығалиқызы — ақ жаулықты әже. Екі ұлдан 5 не­мере, қызынан екі жиен сүйіп отыр. Бауырына басып өсірген үлкен немересі Данияр АҚШ-та Флорида штатында электроника саласына оқуда. Жүрген жерінде қазақтың тәлім-тәрбиесін насихаттап, халық әндерін шырқап жүрген қазақтың Кларасы елдің ілтипатына бөлене бергей дейміз.

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ


Еділден елге оралды ерлік рухы

Күні: , 930 рет оқылды

DSC_0175


Биыл  даңқты Сталинград түбіндегі шайқасқа 72 жыл толды. Аз уақыт емес. Еділ  бойындағы 200 тәулік бойы толассыз жүргізілген бұл шайқас неміс-фашист әскерлерін талқандаудың басы болып, екінші дүниежүзілік соғыс та­рихында түбегейлі бетбұрыс жасады. Оңтүстіктегі қиян-кескі ұрыста жау ұзын-ырғасы 1,5 миллион солдаты мен офицерінен айырылды.


Еділ бойындағы ұрысқа 320 біріктірілген, 250 же­ке полк (барлығы 1,5 млн. адам) қатыстырылса, оның бес ат­қыштар, бір кавалериялық дивизиясы Қазақстанда жасақталды. Таратып айтар болсақ, Сталин­град түбіндегі алғашқы соққыны қа­былдаған 29-атқыштар дивизия­сы Ақмола қаласында жасақтал­са, 27 мен 292-атқыштар диви­зиясы Қызылорда мен Ақтөбеде, 21-дивизия Жамбылда жасақта­лып, ал 156-атқыштар дивизия­сы 1943 жылдың басында Петро­павлдан Сталинград қорғанысы­на жеткізілді. Сталинград шайқа­сына барлығы 90 мыңға жуық қазақстандықтар қатысып, ер­лік­тің тамаша үлгісін көрсеткен. 1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жыл­ғы қаңтар айларында Алматы қаласында жасақталған 38-ат­қыштар дивизиясының офицерлер құрамы негізінен Алматы мен Фрунзе қалаларындағы әскери училищелердің түлектерінен то­лықтырылды. Дивизияның құра­­мы да Қазақстанда тұратын әске­ри міндеттегілерден қалыптас­ты. Олар Алматы, Жамбыл, Талды­қор­ған облыстарынан келген тепсе темір үзетін  жас жігіттер еді. Осы­лардың көбі Сталинградты қор­ғау жолында  қаза тапты.

1941 жылы желтоқсанда Ал­матыда  жасақталған   38-атқыш­тар дивизиясының ер рухы мен на­мысының символикасы іспеттес Жауынгерлік  қызыл туының кө­шірмесін Волгоград қаласындағы «Сталинград шайқасы»  мемо­риал­дық музейінен  Қазақ еліне табыс­тау тарихи рәсімі өтті. Осынау шежірелі сәттің сабақтаса жүзеге асуына ұйытқы болған  «Генерал­дар кеңесі» республикалық қоғам­дық бірлестігі екендігін ерекше атап өтпекпіз. Аталмыш қоғамдық бірлестік жауынгерлік Тудың кө­шірмесін Алматы қаласындағы  Ор­талық мұражайға  алдыру үшін  тер төкті. Еңбектері еш кетпеді. Осынау аманатты көрші мемлекет­тен елімізге әкелу үшін төменде­гідей құрамда делегация жасақ­талды.

Бұлар яғни «Генералдар кеңе­сі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, доғарыстағы генерал-майор Руслан Исламұлы Тынбаев, «Генералдар кеңесі» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің мүшелері  ге­нерал-майор Махамбет Мұста­фа, ауған соғысының ардагерлері генерал-майор Марат Марденов, полковник Жұмажан Ерғалимов, полковник Мәлік Қалиев және «Генералдар кеңесі» республика­лық қоғамдық бірлестігі төраға­сы­ның көмекшісі Талғат Кана­лиев, аудандық мәслихат хатшысы Та­хир Кадимов, осы жолдардың авторы сынды азаматтар болатын.

Қазақ елінен ат сабылтып, жан тебіренісімен барған қонақтар­ды Волгоград қаласындағы «Қазақ­стан мұрасы» қорының төрағасы Айболат Ахметов пен «Әскери қарсыбарлау ардагерлері» аймақ­тық қоғамдық ұйымы төрағасы­ның кеңесшісі Артем Александрович Артеменко қарсы алып, жол бастады. Қандас бауырларын құ­шақ жая қарсы алған Айболат Ахметов қаланың көрнекті жерлері мен тарихи маңызы бар кешендерін аралатты.

Сапар барысында  қуанышты да тебіреністі сәтке куә болдық. Ау­ған соғысының ардагері,  доғарыс­тағы полковник Мәлік Қалиев жет­піс жылдан астам хабарсыз кетті деп келген атасы Жұпарбай Шаяновтың Волгоград облысы, Городищенский ауданы, Кузмичи селосындағы бауырластар зи­ра­тына жерленгенін біліп, аталмыш жерге барып, баба басына тәу етіп, елден алып келген бір уыс топырағын атасының мәңгілікке мекендеген жеріне салды.

Сапардың келесі күні даңқты Мамай Қорғаны мемориалдық кешенінде жалғасын тапты. Біздер­ді «Сталинград шайқасы» мемлекеттік тарихи-мемориалдық мұ­ра­жай қорық директорының орынбасары Николай Мусиенко, генерал-лейтенант, майдангер, Вол­го­град облыстық Ұлы Отан соғы­сы, Қарулы Күштер және  құқық қор­ғау органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Маклаков, ҰОС ардагерлері жә­не делегация құрамында барған қазақстандықтардың Ауған елінде Отан алдындағы борыштарын бірге өтеген бір топ қарулас жол­дастары қарсы алды.

Көптен күткен сәт те туды. Сал­та­натты жиын қос мемлекеттің Ән­ұранының орындалуымен ашыл­ды. Делегацияны бастап барған  Руслан Тынбаев аталары­мыздың қаны мен тері сіңген Жауынгер­лік қызыл тудың көшірмесін елі­міздің төріне апарып ұлықтау нә­­тижесінде жеткіншектер бойын­да Отанды сүюдің үлгісін дәріп­теу, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту, өткен тарихты ұмытпау, ерлер есімін мәңгі жаңғырту ба­ғытындағы игілікті істің  жүзеге асы­рылуына ұйытқы болып отыр­ғандықтарын тілге тиек етті.

Құрметті қарауыл ротасы  жа­уын­герлерінің  қошеметімен доға­рыстағы полковник, Михаил Те­рещенко доғарыстағы генералмайор Руслан Тынбаевқа 73-гвар­диялық атқыштар дивизиясының   Жауынгерлік қызыл туының кө­­шір­месін табыс етті. Жүрегіміз шы­мырлап, көзімізге жас толды. Бабалар ерлігіне деген мақтаныш көкіректі кернеді.

Одан соң делегация мүшелері құрметті қонақтарға арналған му­зейдің естелік кітабына тілекте­рін жазып, Мәңгілік алауға тағзым етіп,  екі мәрте Кеңес Одағы­ның Батыры, маршал Василий Ива­­нович Чуйковтың, Кеңес Ода­ғы­ның Батыры, ұшқыш жерлесіміз Нүркен Әбдіровтың, Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан 62-армия жауынгерлері жерленген  ескерткіш тақталарға тәу етіп, гүлдестелерін қойды.

Алдағы уақытта жастарды әс­кери-патриоттық рухта тәрбие­леуде осы Жауынгерлік қызыл тудың алар орны ерекше екені даусыз. Тек түсінер ұрпақ, қолдар ағайын болсын.  Лайым, солай бол­ғай!

Ахмедияр  БАТЫРХАНОВ, Жәнібек  ауданы


Хабар-ошарсыз кетті…

Күні: , 841 рет оқылды

Согыстын алгашкы куни


Осыдан 74 жыл бұрын кең байтақ Кеңес Одағы үшін Ұлы Отан соғысы басталған еді. Аталған тарихи кезеңнің санада көмескіленбеуі былай тұрсын, жылма-жыл оның шежіресіне ұмтылыс білдірушілердің саны өсіп келеді. Бұл соғыстың да әлі күнге дейін «ақтаңдақтары» да аз емес…



«Шейіт болғанын» БІЛМЕЙ КЕТТІ…

Күні: , 820 рет оқылды

IMG_6523


Сабаз Арыстанов – Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды өз ұясында талқандап, елге жеңіспен оралған жерлестеріміздің бірі. Бірақ ол 1943 жылы Смоленск түбінде қаза тапқандардың санатына іліккен. Майдан даласында шейіт болғанын өзі де, зайыбы да білмей кетті. Бұл деректі таяуда қыздары анықтапты.



Жәнібектің «БАУЫРЖАНЫ»

Күні: , 795 рет оқылды

Foto 71


Шәкір Мәжитов — Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алған жеңімпаз. Әскери тәртіпті санасына сіңіргені, адалдықты, әділдікті ту еткені, тік мінезділігі, бірсөзділігі үшін ауылдастары оны «Жәнібектің «Бауыржаны» дейтін.



Танк жасатқан тайпақтық

Күні: , 820 рет оқылды

Сканировать1 ажкен


Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен Ұлы Отан соғысы жылдарында еліне, туған Отанына деген патриоттық сезімін өнегелі ісімен көрсеткен Әжікен ата Сүйіншәлиевтің есімі ел есінде.



Бір үйден бес жігіт аттаныпты…

Күні: , 843 рет оқылды

Женис 70


Ұлы Отан соғысы жылдарында Жаңақала ауданының Новая Казанка (Жаңақазан ) ауылындағы Жұма Омаровтың шаңырағынан бес  бірдей ер жігіт майданға аттанады. Отағасымен бірге бес баланы жетілдірген Маржан Омарова апай алдында  асқар таудай болған ардақты ағалары туралы жиі естелік жазған.



Өмірі ұрпағына өнеге

Күні: , 109 рет оқылды

Женис 70


Редакцияға Ұлы Отан соғысына қатысқан ерінің медальдары мен өмірбаяны жазылған қағазын құшақтап ақ жаулықты әжей келді. 42 жыл ұстаз болған,  жасы  84-те екен өзінің. Мағрипа әжей: «Мына қағаздарды жоғалтпаңдар, қайтып алып кетемін, ал мақаланы сәуірдің 15-іне қарай шығаратын болыңдар» дегенді нығыздай айтып, әңгімесін бастады.



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика