Әкем соғыс туралы көп айтатын…

Күні: , 229 рет оқылды

8429b20e5156dec10947f216896c28bd


Газет редакциясына сонау Атырау облысының  Жылыой ауданы №13  жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Өзира Төлеуқызы  Дәулетияровадан хат келді. Ол  әкесі Төлеу Сұлтанұлы Дәулетияровтың (1903-1975 ж. ж.) соғыстағы ерлігі  туралы  баяндайды. Ұлы Отан соғысының  аяқталғанына биыл – 71 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Алайда адамзат тарихындағы ең алапат соғыс бүгінгі ұрпақ жадында. Соғыста қаншама ата-бабаларымыз хабарсыз кетіп, мерт болды.


Жауды жеңіп, елге аманесен оралған әке-шешелеріміз ардагер атанды. Солардың бірі – менің әкем Төлеу Сұлтанұлы Дәулетияров. Әкем бұрынғы Орал облысының  Қаратөбе  ауданы «Аққозы»  совхозы Қарақамыс  ауылынан (кейін Мұхит атындағы совхоз) Кеңес әскерінің  қатарына алынады.  Бұл 1940 жылдың қыркүйегі екен. Алғашқыда  808-атқыштар полкінде болып, кейін 491-атқыштар полкіне  ауыстырылады. Ұлы Отан соғысының отты күндері, 1941 жылдың жазында Орталық майданда ауыр артиллерияның зеңбірекшілер қатарында болған. Бірінші Украина майданында жаумен шайқасып, кейін Воронеж, басқа да көптеген қалаларды азат етуге қатысқан. Әкем фин соғысынан бастап, Берлинге дейін барды. Көзі тірісінде ол маған соғыс оқиғаларын көп айтатын.  Соның ішінде қызық та, қайғылы да оқиғалар бар.

«Мен ерлік көрсетемін деп ешқашан ойлаған емеспін», – дейтін әкем. Мынау жота болса, енді мына жерде ойпат  бар. Ротаны танктен қорғаймыз деп ойпаттың  алдын  бағып тырп етпей жатырмыз. Кенет екі танкі шыға   келді.  Дереу оларды жою керек. Міндет лейтенант пен әкеме жүктеледі. Танк ататын мылтық әкемде  болатын. Оның ұзындығы – 2 метр, салмағы  – 16,5 келі. Танк деген қауіпті. Нысанаға дәл тигізбесең,  өзің мерт боласың.

Әкем қалың өскен қурайды паналап тосып жатқан. Танк 300 метрдей жақындаған кезде шүріппені басып қалған. Құдай оңдағанда, қара түтін бұрқ ете қалды. Оқ тура моторға тиген болу керек, екінші танк сәл шегінді. Бірақ ол әкемді байқап үлгеріпті.

Дереу әкем  де атты, ол да атты. Жау машинасы қирады. Жарылған снарядтан әкем есінен танып  қалады. Әкем сегіз жерден жарақат алған екен. Соның бірі аузындағы тістерінің опырылып түсуі, кейін өмірінің соңына дейін сүйек тіспен жүрді.  Госпитальда ұзақ  жатып,  майданға қайтадан аттанады. Сол жарықшақтардың қалдығы әкем денесінде өмір бойы жүрді.

Немістер түнде, ауа райының қолайсыз күндері көп соғыс аша бермейтін, ал бізге ең қолайлы сәт осы еді. Орман ішінде ми батпақтың арасында соғыстың дүмпуі басылып, демалыңдар деген бұйрық келді, «Батпақта қалай демаласың, жауынгерлердің бірі талға жабысып, бірі тікесінен тұрып ұйықтап тұр. Менің ат үстінде жүргенімнің пайдасын сонда көрдім, бәрі ұйықтап талдан құлап жатқанда, еш қозғалмастан аз да болса, тынығып алдым» – деп күлетін әкем.

Енді бірде әкем жауынгерлерімен кешке қарай жау танкісін күтіп, окопта жатқан. Кенет төбенің басы абыр-дабыр, айқай-шу  болып кетеді. Әкем бұл шудың тегін емес екенін біліп, сол жаққа қарай жүгірген. Сөйтсе, екі жақ бетпе-бет келіп, жұдырықтасып жатыр екен.  Кәдімгі төбелес, ұшып түскендерді  допша тепкілеп жатыр. Қолдарында қарулары жоқ.

Әкем қасындағылармен көмектесейін десе, позицияны тастап кетуге болмайды. Әне-міне,  дегенше шабуыл басталады… Бірнеше күннен кейін әкем жарақат алып, госпитальға түседі. Жаралылардың ішінде тоғыз  қазақ болған. Әкем оларға қарусыз төбелес туралы айтып беріпті.  Жігіттер аң-таң. Кенет араларындағы дәу қара жігіт күліп жіберсе керек. Сөйтсе, төбелеске қатысқандардың дәл ортасында жүріпті әлгі дәу қазақ. Оның айтуынша, немістерде де, оларда да ататын оқ болмай қалыпты. Содан, амал жоқ, жұдырықтасуға тура келген. Нәтижесінде немістер жеңіліп, тұтқынға алынады. Соғыста осындай да оқиғалар болған.

Осылайша әкем соғысқа бастан-аяқ қатысып, 1945 жылдың  9 мамырында Берлинге Жеңіс  туын қадағандардың арасында болған.

Соғыстан кейін  әкем ауылға  келіп, малшы болған. Осы жұмысында жүріп, әкем отбасын құрды, екі ұл (Жақсылық, Қайырберген (Халел), бес қыз (Қоңырша, Алма (Мағрифа), Ағиыс, Узира, Кенжетай) тәрбиелеп, одан 33 немере сүйді.

Әкем өз балаларына, немерелеріне өнеге, үлгі болатындай көп іс қалдырды. Мен әкемді мақтан тұтамын. Әкемнің жеңісі – менің де, ұрпағының да жеңісі!

Өзира  ДӘУЛЕТИЯРОВА,

Жылыой  ауданы,

Атырау облысы


Жаужүрек барлаушы

Күні: , 295 рет оқылды

Серғали Срымов 1


Табандатқан төрт жылға созылып, халықты зор қасіретке ұшыратқан, Ұлы Отан соғысы Кеңес елінің жеңісімен аяқталып дүние жүзін дүр сілкіндірді. Жеңіс туын желбіретіп, фашизмнің ордасы Берлинге дейін жеткен жауынгерлердің аман қалғандары бірінен соң бірі елге оралып, отбасымен қауышып жатты. Сол кезден білетінім – олардың  біреуі де «Опырдым, жапырдым» деп мақтануға жол берген емес. Кеуделерінде жарқыраған орден-медальдары олардың ерлігін онсыз да көкке көтеріп тұрғанда, соңынан іздеп, тапқан осындай  орден-медальдары одан сайын асырып жатты.


Сондай азаматтар Сағындық Балтұрманов, Нығымет Жұмағалиев, Латй Мұқанов, Ибат Абдрахманов, Жұмаш Қазимов, Омар Ғабдуллин, Сәбит Апенов, Мұғал Жармағамбетов т.б. өздерін емес, өзгелерді айтып, ерліктерін дәріптеп отыратын. Олар, әсіресе, жауынгер барлаушы Серғали Сырымовтың ерлігін баса айтатын. Сонда ол қандай болды екен деп ойлайтынмын. Өмірге теледидардың келуімен, оны жиі қараймыз ғой, әсіресе, маған одаққа белгілі тележурналист, диктор Виктор Балашовтың жүргізген хабарлары ұнайтын. Оның көрерменді иландыра сөйлейтін әдемі де екпінді қоңыр даусы кім-кімді де елітіп әкететін.

Кейін ол құрметті еңбек демалысына шықан соң, Орталық Останкино телеарнасы ардагерлерінің төрағасы ретінде белгілі болды. Бір күні Жеңіс қарсаңында ол ардагерлер арасында сөз сөйлеп, майдандағы ерліктері жөнінде айтып жатқан-ды, «Біз жаудың терең тылына, шыңғырлаулық Сырымовтың бастауымен барып, талай құнды «тіл» әкеліп жүрдік» деп, көтере айтты. Мәссаған, Серғали ерліктерін ауыздан тастамай жүретін жерлестеріміздің естеліктерінде зор мән бар екен ғой, оның қаһармандығын олар түгілі, Мәскеу айтып жатса деп бір сілкініп алдым. Сонымен, барлаушы әрі сапер Серғали Сырымов кім болғаны?

Ол туралы 70 жылдыққа арналған «Шыңғырлаулық Жеңіс сарбаздары қаһармандығының көрінісі» деген естелік кітапшада нақты мәлімет берілген. Танысып көрейік. Серғали 1939 жылы әскерге алынып, Отан соғысының басталуынан-ақ майданға тікелей қатысып, жеңіске дейінгі жылдар бойына оттың қақ ортасында жүріп, елге аман оралған. Қатардағы еңбекке араласқан, жар сүйіп, ұрпақ тәрбиелеп өсірген. Оның фашистермен бетпе-бет шайқаста жүргендігін Бас қолбасшыдан жыл сайын бірнеше дүркін алған алғыстарының өзі-ақ айқындап тұр. Мұндай алғыстарды ол 1943 жылы екі рет, 1944 жылы алты рет, 1945 жылы төрт рет алған.

Батырдың ерлігі туралы жоғарыдағы кітапта былай делінген:

«Служил в разведывательном подразделении 113 инженерно-саперного батальона, 6 инженерно-саперной бригады. С марта 1942 года много раз водил старший сержант С. Сырымов разведчиков в глубокий тыл противника. Он лично обезвредил 320 противопехотных и 520 противотанковых мин. Вот строки из боевой характеристики на командира отделения разведки, старшего сержанта Сергали Сырымова:

«За время пребывания в разведывательном подразделении с марта 1942 года старший сержант Сырымов показал себя, как хороший организатор, отлично знающий специальное дело. Как требовательный справедливый, отзывчивый, отважный командир, он пользовался заслуженным авторитетом среди товарищей. В боях с немецко-фашистскими захватчиками показывал образец самоотверженности и отваги.»

… В мае 1944 года в городке Черткове состоялся слет саперов-разведчиков 6 бригады и саперов-истребителей танков. На слет собрались мастера этих опасных военных профессий, не раз побывавшие в тылу врага и проявившие мужество и отвагу. Среди собравшихся был и старший сержант Сергали Сырымов из 113-го батальона, совершивший 325-километровый рейс по тылам врага.

 — Некоторые говорят, что очень опасно ходить в тыл противника,-так начал свое выступление отважный разведчик Сергали Сырымов. Лицо смуглое, скуластое, говорит с заметным акцентом. На гимнастерке сверкают ордена и медали. — А я вот скажу: не так и опасно, если твердо уяснил задачу и хорошо к ней подготовился. Да еще надо, чтобы твои напарники были смелыми ребятами, не подвели. Я вот десятки раз ходил в тыл врага – и ничего. Да и люди там наши, советские, здорово нам помогают.

Вот один из эпизодов его фронтовой биографии. Сержанту С. Сырымову с 3 бойцами было дано задание выдвинуться к реке Оке в районе с. Родина впереди боевых порядков нашей пехоты и перед самым противником разведать броды, так как нашим частям и артиллерии необходимо было форсировать реку, а мосты были взорваны немцами. С. Сырымов под сильным огнем противника разведал брод и обнаружил, что брод заминирован немецкими минами ПМ-43. Горя желанием быстрее разгромить врага, Сырымов решил разминировать брод сам. Сняв 30 мин и пропустив наши части вперед, он доложил о выполнении задания.

Много раз водил Сырымов разведчиков в глубокий тыл противника, на разведку оборонительных промежуточных рубежей, всегда приносил очень ценные данные, которые помогали успешному продвижению наших войск. По его наградам можно проследить путь солдата: два ордена Красной Звезды, ордена Отечественной войны 1 и 2 степени, медали «За отвагу», «За победу над Германией», значки «Отличный сапер», «Отличный разведчик».

Иә, естен кетпес ерліктің иесі, қаһарман жауынгер Серғали Сырымовтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақтала берері сөзсіз. Бұл – тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтары мен сарбаздарының биік тұтар үлгісі.

Бақытжан САЛАХАТДИНОВ,

тыл және еңбек ардагері


Барлаушы Қайырғазы

Күні: , 129 рет оқылды

Портрет Имашева Каиргазы


Майдангер Қайырғазы Имашев соғыс жылдарында өңіріне үш «Даңқ» орденін таққандықтан, Кеңес Одағының Батырына теңестірілген еді.


Ол 1924 жылы Қазталов ауданының Құрманкөл ауылында дүниеге келіпті. Әке-шешесінен ерте айырылып, жетім балалар үйінде өсті. 1939 жылы жетінші сыныпты бітіріп, еңбекке ерте араласты. Соғыс басталғаннан кейін екі жыл өткесін, ол Отан қорғауға аттанды. Барлаушылар мектебінде оқып, алдағы ауыр да жауапты ісіне дайындықтан өтті. Соңынан Орталық, Белорус және ІІ Белорус майдандарында сарбаздық міндетін ойдағыдай атқарды.

1944 жылдың 25 тамызы күні жауынгерлік тапсырма бойынша Қайырғазы Имашевтың барлаушылар бөлімшесі Польшаның астанасы Варшава қаласының төңірегіндегі бір елді мекенде жау бекінісіне басып кіріп, тас-талқанын шығарды. Қайырғазының өзі 12 гитлершілді жер жастандырып, біреуін тұтқынға алған. Аталмыш ерлігі үшін ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Әрі қарай сол жылдың 10-11 қазанында барлаушылар бөлімшесі поляктың Непорент ауылына баса-көктеп кіріп, аға сержант Қайырғазы жау дзотын жарып жіберді. Келесі күні тағы бір дзотты қиратып, ерлік танытты. Бұл жолы оның өңіріне әскери басшылық ІІ дәрежелі Даңқ орденін тақты. 1945 жылы 15 наурызда неміс жерінде Қайырғазы Имашев басқарған барлаушылар бөлімшесі жау тылында жанқиярлық ерлік жасап, кеңес сарбаздарының шабуылына жол ашты. Ерлік елеусіз қалмады. 1945 жылдың 29 маусымында қаһарман барлаушы І дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Сөйтіп, қанқұйлы соғысты жеңіспен аяқтады.

Көптеген майдангер сияқты Қайырғазы да өткен соғыс туралы әңгімелеуді ұнатпайтын. Соның ішінде әскери ерлігін айтудан үнемі бас тартты. Кей-кейде соғыс жайында әңгіме бола қалса, ол былай дейтін: «Біздің әскер шабуылға шыққанда, барлаушылар үнемі алда жүрді. Себебі олар қай жерде мина көмілгенін жақсы білетіндіктен, мүмкіндігінше қарулас дос-жолдастарын сақтандырып бақты. Ең бастысы – қаруластардың жау бекінісіне жетуі. Әрі қарай оларды дұшпан тоқтата алмайды». Оның осы әңгімелерін тек 1975-1980 жылдар арасында құлағымыз естіді. Өкініштісі сол, одан бұрын және кейін онымен жиі жүздесудің сәті түскен емес. Жалпы, Қайырғазы жездей өмірде қарапайым, жаны ізгі және тартымды адам болды. Оның адами қасиетіне тағы бір мысал. Ол жұбайы Нұғиден апайымызбен бірге Гүлзиян атты қыз бен Болат атты ұл тәрбиелеп өсірді. Отбасында бұлардан басқа апайымыздың алғашқы некесінен Қуаныш атты ұлы, екінші некесінен Асыл атты қызы да өсіп-өнді. Солардың бәрін бірдей құшағына басқан Қ. Имашев ешкімді бөліп-жарып көрген емес. Бәріне де бірдей қарап, әкелік мейірі мен шапағатын кеңінен сыйлады. Қазір Гүлзиян мен Болат отбасымен Озинки ауылында өмір сүруде.

1946 жылы ұзақ емделуден соң, майдангер алғашында ауылына оралыпты. Содан соң облыс орталығына ауысып, Орал құ-рылыс-монтаж құрал-жабдығы зауытында еңбек етті. Сарбаздың жесірі Нұғиден Имашеваның естелігі бойынша сол жылдары Шаған өзеніндегі теміржол көпірінің жанында әскери бөлімше болыпты. Соған орай жұмысынан уақытша босатылған Қайырғазы келешек сарбаздарды оқып-үйретіп, соғыс жағдайында барлаушы ісін жүргізудің амал-әдістеріне баулыса керек. Өкініштісі сол, бұрынғы барлаушының осы жұмысы жөнінде ешқандай бұйрық немесе басқа құжаттар сақталмаған. Шамамен 1953-1954 жылдары Қайырғазы мен Нұғиден көршілес Сарытау облысының Озинки ауылына қоныс аударған. Бір айта кетерлік жәйт, жоғарыда аталған марапаттан басқа Қайырғазы Имашевтың ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және басқа да өңірге тағар белгілері бар екен. Ержүрек барлаушы 1980 жылы қайтыс болды.

1995 жылы облыстық әскери комиссариаттың жауапты қызметкері А. Қожахметов Даңқ орденінің толық иегері Қайырғазы Имашев жайында толық мұрағаттық деректер жинап, нәтижесінде оның есімі мен бет мүсіні (барельеф) Жайық өзені жағалауындағы Жеңіс алаңындағы Кеңес Одағы Батырларының галереясына енгізілген. Алайда кейін белгісіз бір себептермен бет мүсіні галереядан алып тасталынды. Тек Б. Исмағұлованың және сарбаздың жесірі Нұғиден Имашеваның күш салуымен ескерткіш белгі орнына қайтарылды. Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Озинкидегі музей Нұғиден Имашева мен көзі тірі майдангерлерді шақырып, құрмет көрсетті. Оған Қайырғазының қарындасы У. Ғазизова да қатысты. Соңынан оның ұлы Болат пен Гүлзиян Озинкидегі қазақ мәдениеті орталығы белсенділерінің көмегімен дастарқан жайды. Кездесу ерекше тартымды өтті.

Қазір Озинки мен Қазталов ауылдарында Қайырғазы Имашевтың атындағы көше бар. Алайда Қазталов аудандық музейінде жерлес қаһарман туралы бірде-бір дерек жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз, Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы У. Әбішев, аудандық жастар қозғалысының өкілі Н. Кенжин, осы мақаланың авторы және басқасы, өткен сәуір айында Озинкиге сапар шектік. Аудандық музейде болып, кейіпкеріміз Қайырғазы туралы құжат, суреттермен таныстық. Музей қызметкерлері Қайырғазы Имашев хақында кеңінен әңгімеледі. Озинкидің орталығындағы майдангерлер мен батырларға арналған стендпен танысып, батыр барлаушы атындағы көшеде болдық. Қайырғазы майдангердің жесірі Нұғиденмен кездестік, ол көп сұраққа мүдірмей жауап берді. Бұдан басқа «Орал құю-механикалық зауытының» директоры А. Мұхамбетқалиев озинкиліктер мен қазталовтықтарға ескерткіш жазба және егер мүмкіндік болса, Қайырғазы Имашевтың бет мүсінін құйып беруге уәде етті. Осы жолдардың авторы Қайырғазы Имашевтың «А-3» форматындағы портретін музейге сыйға тартты.

Қазталовтықтар жерлестері жөнінде деректер жинап, Жеңіс күніне орай батыр барлаушы кезінде білім алған мектептің музейінде оған арналған бұрышты рәсімдеуді жоспарлап отыр. Осылай қазталовтықтар атақты жерлесі, Даңқ орденінің толық иегері Қайырғазы Имашевты ұлықтамақ.

Валерий ИСМАҒҰЛОВ,

ҚР Жаратылыстану

ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты


Ғасыр жасаған майдангер

Күні: , 249 рет оқылды

_SAM0002


Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, доғарыстағы полковник Семен Данилин биыл 102 жасқа толмақшы. Ғасырдан аса өмір сүріп отырған ақсақал әлі де тың. Ол қаламыздағы №5517 әскери бөліміне барып, әскери-патриоттық бағыттағы шараларға белсенді түрде қатысып жүр.


Семен Данилин 1914 жылы Курск губерниясының Мовица ауылында дүниеге келді. Ол өмір есігін ашқан уақытта Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан болатын. «Бұл соғыстың кесірінен біз бақытты балалық шақ дегенді білмей өстік, — дейді Семен Акимович. — Әкем майданға алынды. Анамның айтуынша, ол өзінің соғыстан оралмайтынын сезгендей, қоштасып тұрып біздерді, яғни анамды, ағамды және мені Құдайға аманаттапты. Майдан даласынан жеткен әрбір хатында амандық-саулық сұрасқаннан кейін міндетті түрде анама «Балаларыма дұрыстап қара» деп жазатын. Сөйтіп жүргенімізде, әкемнен «қара қағаз» келген. Мен сәбимін ғой. Ол кездер жөнді есімде жоқ. Анам әкеміз майдан даласынан аман-есен оралады деп жүрсе керек. Бірақ адамның ойлағаны бола бере ме. Жайсыз хабар анамыз үшін ауыр соққы болды. Бізді асыраймын деп уақытпен санаспастан еңбек етіп жүрген ол бір күні ауырып жатып қалды. Көп кешікпей көз жұмды. Ажары мейірім шуағымен нұрланып тұратын еңбекқор анамның бет-жүзі әлі де көз алдымда».

Тұл жетім болып қалған Данилиндерді атасы мен әжесі қамқорлықтарына алады. Ағайынды балалар ауылдағы бастауыш білім ұясын бітірген соң, аудан орталығындағы орта мектепке ауысты.

Семеннің білім нәрімен сусындауға деген ынта-жігері ерекше-тұғын. Ауа райының қолайсыздығына, тұрмыс жағдайының қиындығына қарамастан, ауылдан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылдағы мектепке қуана-қуана баратын. Сөйтіп, жетіжылдықты жақсы тәмамдап, Курск облысындағы Льгов педагогикалық техникумына оқуға түсті. Студент болсам екен деген арманы орындалды.

Дипломын алғаннан кейін ауыл мектебінде еңбек жолын бастап, тарих пәнінен сабақ берді. Көп кешікпей Аня есімді бойжеткенмен танысып, екеуі бір-бірін ұнатып, артынан отбасын құрды. 1939 жылы тұңғыш қызы Галя дүниеге келді. Жастар жарқын болашақпен байланыстырып өз жоспарларын құрып, бақытты өмір кеше бастаған сәтте Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. «Құдай атасына бергенді ботасына береді» деген рас екен. Әкесі секілді ол да әскер қатарына шақырылды. Отбасын Құдайға аманаттап соғысқа аттанды.

— Мені майданға ауыл болып шығарып салды. Ақсақалдар «Нағыз ер ел басына күн туған сәтте жауға қасқайып қарсы тұрады, біз саған сенеміз» деп үміт артса, арасында өзім сабақ берген оқушыларым бар ауыл балалары фашистерден атасы мен әкесі, ағасы мен туысы үшін кек алуымды сұрады. Ал әйелім болса, қатты толқып, көзі жасаурап тұрып жауды жеңіп, елге аман-есен оралуыма тілек білдірді. Міне, осындай аманаттарды арқалап ауылдан ұзадым, — деп еске алады Семен Акимович.

Оны бірден майдан даласына жіберген жоқ. Әуелі Брянск әскери-саяси училищесіне жолданды. Аталмыш оқу орнын тәмамдап, лейтенант шенін алған Данилин өзінің әскери жолын Днепропетровск миномет полкінен бастады. Батарея командирінің орынбасары-саяси жетекшісі болды.

Ол Сталинградты қорғаушылардың бірі болғанын мақтанышпен айтады. «Сталинград Кеңес одағы үшін стратегиялық маңызы жоғары қала болды, — дейді ол. — Себебі сол жылдары негізінен Кавказдан алынатын елге қажет мұнай орталыққа Еділ өзені арқылы тасымалданып, осы шаһарға келетін. Аталмыш өзенмен Дон өңірінен астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілетін. Мұны жау да білді. Кеңес әскери техникасына қажет жанар-жағармайдың, өндіріске керек шикізаттың көзін жабу үшін, жауынгерлерге, орыс халқына азық-түлік тапшылығын орнату үшін немістер негізгі күштерін осында бағыттады. Бомба атаулысы жаңбырдай жауды. Бірақ кеңес әскері, сталинградтықтар айрықша қайсарлық танытты. Бірде Жоғары қолбасшылық тарапынан марапатқа ие болған кезде қазақстандық, оралдық Александр Қалиев деген азаматпен таныстым. Қазталов ауданының тумасы болып табылатын ол да мен секілді «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Екеуміз де жаудың танкілерін жарып, немістердің шабуылын тойтаруға үлестерімізді қосқан екенбіз. Бұл алғашқы марапатым болатын. Біздің ерлігіміз жөнінде жергілікті газетте мақала жарияланды. Осылайша тұңғыш рет газетке шықтым. Осы жерде тағы бір қызық жайтты айтып кеткім келеді. «Қызыл Жұлдыз» ордені мені өлімнен құтқарып қалды.

Яғни өзімнің туған жерім Курск облысын азат ету үшін болған шайқастың бірінде жаудың оғы өңірімдегі орденге дәл тимесі бар ма. Міне, сол үшін бұл награданың мен үшін маңызы зор».

Кейіпкеріміз сондай-ақ Украина, Белоруссия, Польшаны азат еткен шайқастарға қатысып, көптеген орден-медальға ие болды. Жеңіс күнін майдандастарымен бірге Кенигсбергте тойлады.

Ұлы Жеңіске зайыбы Анна да айтарлықтай үлесін қосқан. Ері секілді ол да жауға қарсы соғысты. Тек қолына қару алып, ашық түрде шайқасқан жоқ, астыртын әрекет етті. Нақтылап айтсақ, соғыстың алғашқы жылдарында Курск облысы жаудың қолына өткені белгілі. Сол кезде партизандармен тығыз байланыс орнатты. Немістердің «мұрнының астында» жүріп ормандағы партизандарға азық-түлік апарып, олардан алған антифашистік үгіт парақтарын тұрғындарға таратты. Партизандарға көмек берген жандардың көз алдында дарға тартылып жатқанына қарамастан, астыртын әрекетін жалғастыра берді. Міне, сол ерлігі үшін ол соғыстан кейін «Маршал Жуков» медалімен марапатталды.

Соғыстан кейін Данилиндер Қазақстанға қоныс аударды. Семен Акимович Алматыда, соңынан Қарағандыда ішкі әскер құрамында қызмет етіп, 1969 жылы доғарысқа шыққан. Зайыбы Анна Павловнамен бірге үш қыз тәрбиелеп өсірді. Күйеу балаларының бәрі – әскери қызметкер.

— Біз еңбекке ерте араластық, сол еңбек бізді шыңдады, содан берекет көрдік. Елбасының еңбек адамын құрметтеу, оның қоғамдағы мәртебесін арттыру жөніндегі сөздері ұнайды. Жалпы, жанаяр болмаған дұрыс. Барға шүкір деп, әрбір атқан таңды қуанышпен қарсы алсаң, болашаққа сеніммен қарасаң, салауатты өмір салтын ұстансаң, өзіңнің атқарып жүрген қызметің бойыңа ләззат сыйласа, қиналған сәттерде көмек қолын созар, жаныңа жақын адамдарың болса, сен бақыттысың. Ал бақыт ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді, — дейді Семен Акимович.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Неге мұңаятынын енді түсіндім

Күні: , 264 рет оқылды

Хасайын


Менің атам Хасайын Ғұбайдуллин Жаңақала ауданы Көпжасар ауылында дүниеге келген. 1940 жылы 14 қазан күні әскер қатарына алынып, Ленинград қаласында әкери борышын өтеп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталған.


Сол кезде бұзылған зауыттарды Свердлов облысының Нижный Тагил деген жеріне көшіріп, сонда әскери зауыт  салуға атсалысыпты. Әскер қатарында жұмыс жасап жүріп, соғысқа аттанып, Ленинград қаласын жаудан азат етуге қатысады.

«1942-1943 жылдардағы ұрыс кезінде үш рет жеңіл жаралы болдым (әлі есімде, иығында тізесінде және өкшесінде оқтың іздерін көрсетуші еді) содан әскери госпитальден шыққаннан кейін Белоруссия жерінде соғыстық. Алғашында майданда атқыш болып, кейін танкист болдым. Шығыс Пруссия арқылы Берлинге 1945 жылы майда жеттік», — деп атам үнемі әңгімесін айтып отырушы еді. Ол кісі сол кезең жайлы айтқан сайын үлкен ойға батып кететін. Ол кезде тұлымы желбіреген кішкентай қызбын, ештеңе түсінбейтінмін.

Бүгін мен бәрін де түсінемін, бәрін де ұғынамын. Атамның неге мұңға батып кететінін де жақсы сезінемін. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін ол екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Жеңіс» медалімен марапатталған. Соғыс біткеннен кейін Берлинді толықтай азат етуге қатысып, 1945 жылдың қараша айында туған еліне аман-есен оралған.

Елге келген соң да есепші мамандығын алып, колхозда абыройлы қызмет атқарды. Отбасын құрып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген атамыз 1995 жылы өмірден озды. Біз сол атамыз өсіп-өнген жерде оның өмірін жалғастырып келеміз. Біздің әулет Ұлы Отан соғысының майдангерлерін ерекше құрмет тұтады. Өйткені біз сұрапыл соғыстың қасіретін тартқан майдангердің ұрпағымыз. Сондықтан да бізге жарқын өмір сыйлаған ардагерлердің қатарында атамның болғанын ерекше мақтан етемін.

Дәмелі ДӘУЛЕТОВА,

Жаңақала ауданы


Оралмаған жауынгер хаты

Күні: , 211 рет оқылды

рахман койшанов


«Қарындасым Жұмазия деніңіз аман, жақсы тұрасыз ба? Сендерден ілкіде алған хаттан соң төрт хат алдым. Енді менің жағдайымды білмек болсаңыз, бізді басқа жерге аударып, басқа жерге апарады. Ол баратын жеріміз алыс емес, соның өзінде бір өзгеріс бар, оны анықтап айтуға болмайды, дайынмын. Мені түсінерсіздер, жанған отқа араласамыз, осы өрттен аман қалсақ дейміз…


Мүмкін осы хат арқылы сіздермен қоштасуға тура келер. Алдағы күнде нендей күн болатынын бір Алланың өзі біледі. Екі жыл хабарсыз жүріп, содан сіздерден хабар болып амандықтарыңызды естіп, соның өзі маған үлкен қуаныш болды ғой. Иә біздің жастық өміріміздің қарсаңында соғыс болып, жастық өмір майданда өтетін күн бізге тап болды ғой…

Зиақам мен ақама хат жазып жіберіңіз менің амандығымды айтып. Өте асығыс жаздым. Нағашымның үйлеріне хат жазуға да менде уақыт болмайды. Сондықтан сендер арқылы ести жатар жалпы амандығымды.

Ауылдағы туыстарға, барлығына сәлем айтарсыздар. Бәрін айтып жазуға уақыт болмайды, сондықтан Күншақама, Зиақама, ақама менің хабарымды айтарсыз. Мәнзия, Марфуғаға сәлем айтарсыз.

Бүгін жаңа жыл 1 январь, аз уақытқа демалыс бергенде ғана осы хатты жазып отырмын. Соғыстың алғы шебінде жүрміз, аға сержантпын. Сау болыңыз. Амандық білдіруші Рахман. 01.01.1944 жыл».

Бұл — оқушы дәптеріне жазылып, үшбұрышталып бүктелген, қан майдан ортасынан оқ-дәрінің иісі сіңіп жеткен жауынгер хаты. Әлденеше рет оқылғандықтан, жазулары өшіңкіреп, сарғайған. Ағасының хатын, залог квитанциясы мен фотосуретті көзінің қарашығындай сақтаған қарындасы Мәнзия Қойшанова бұл құнды деректерді 1980 жылы Орда музейі қорына тапсырған екен. Хат латын әліпбиімен жазылып, қазақша аудармасы қоса берілген.

Хат ізімен зерттеу жұмыстарын жүргізгенімізде, хаттың иесі туралы «Боздақтар» кітабының 6-томының, 364-бетінде: «Қойшанов Рахман 1919 жылы туылған, Жетібай ауылы, қазақ, жауынгер, 1944 жылы қаңтарда жарақаттан қайтыс болған. Кировоград облысы Новопрага ауданында жерленген», — деп жазылған.

Деректерге сүйенсек, бұл азамат соғыстың алғашқы күнінен-ақ оқ пен от арасында талай шайқасты басынан өткеріп, Ұлы Жеңісті жақындатуда өмірін қыршын еткен қазақ жауынгері. Ол туралы жиен қарындасы Қарлығаш Минажеваның: «Нағашы әжемнің айтуынша, нағашым Совет Армиясы қатарында жауынгерлік борышын өтеп, 1941 жылдың күзінде ауылға оралады деп жүргенде, соғыс басталып, сол жақтан соғысқа аттанып, оралмады», — деген еді.

Жоғарыда айтылған фотосурет Бөкей ордасы тарихы музейінің Ұлы Отан соғысы залына қойылған. Ол — соғыс басталардан бір жыл бұрын, 1940 жылы әскери форма киген бес жауынгер түскен фотосурет. Суреттің артқы жағына Мұхамбетов Манас, Сақауов Жұмағұл, Оразғалиев Қадыр, Дауленов Төлеген, Қойшанов Рахман – деп көрсетілгенімен, қай қала екендігі жазылмаған.

Екі жылдай ағайын-туысқанынан хабарсыз қалған жауынгердің сағынышқа толы хатынан көп сырды аңғаруға болады. Жауынгер хатты қарындасы Жұмазияға жазған екен. Хаттағы ақам деп отырғаны, әкесі Тауенов Қойшан (Жетібай ауылының тумасы), Зиақам дегені ағасы Тауенов Зиауедин. Күншақамы — немере ағасы Сариев Күншығар (Ұлы Отан соғысының ардагері, Бисен кеңшарында көп жыл мал бақты). Ол Асыл, Ерсайын,

Рәзия, Ертай, Елтай, Сара, Лиза Сариевалардың әкесі. Нағашылары — Ержанов Мұхит, Жұбанышов Ержан, Ғайнуш. Жұмазия апай Чапаев ауылында тұрған. Ал Мәнзия апай Орда орман шаруашылығында директор болған Минажев Салауат ағайдың зайыбы, Марфуға апай Сабиров Қабес ағайдың зайыбы. Марфуға апай ағасының өзі жоқ болса да, аты өшпесін деген мақсатта немересін Рахман деп атапты.

Бұл музей қорындағы майдангер ағалардың хаттарының бірі ғана. Бүгінде өздері жоқ болғанымен, сөздері қалған жауынгерлердің қан майданнан жолданған хаттары тарих бетіне мәңгі жазылып қалды.

Ғ. ҚҰТМАНБАЕВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің мұрағатшысы

 

Суретте: 1-қатарда (солдан оңға қарай) отырған Қ. Оразғалиев, Ж. Сақауов, М. Мұхамбетов. 2-қатарда тұрғандар Р. Қойшанов, Т. Дәуленов. 3.05.1940 жыл.


Тұйғындай жауға шүйліккен, Тәнибектің тағдырын білетіндер бар ма екен?..

Күні: , 274 рет оқылды

IMG_2468


Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмірін жалмаған заһарлы зұлмат еді. Дүниені дүр сілкіндірген бұл соғыстың ашылмаған, әлі де зерттеп-зерделеуді қажет ететін құпиялары көп-ақ. Қан майданда ерлікпен шайқасып, уақытында елінен лайықты бағасын алғандармен қатар белгілі-белгісіз себептермен аты аталмай, еленбей қалғандары да қаншама?! Солардың бірі – Сталинград  шайқасы кезінде қаскөй жауға қарсы тұрып, айрықша қаһармандық танытқан қазақ сарбазы Тәнибек Сайдоллаев.


Әңгіменің әлқиссасын жуырда Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясына Ресей Федерациясы Волгоград қаласында тұратын «Қазақстан мұрасы» қорының төр-ағасы Айболат Ахметовтен келген хаттан бастасақ. Қош, сонымен хатты оқылық. Төрағаға Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыс жылдарында 315-атқыштар дивизиясы, 724-атқыштар полкі, 2-атқыштар батальонының танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасының командирі болған, запастағы аға лейтенант Владимир Туров келіп, Сталинград шайқасы кезінде Орловск селосының түбіндегі қанды қырғынға қатысып, өшпес ерлік көрсеткен қатардағы жауынгер, қазақ Тәнибек Сайдоллаев туралы әңгімелейді. Хатты оқып, танысқан соң біздер қайсар қазақ туралы толығырақ деректер алу үшін Волгоград қаласына жол тарттық. Қазіргі таңда «Сталинград» клубының президенті қызметін атқарып отырған Владимир Туровпен (жоғары суретте) «Павлов үйінде» жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесудің сәті түсті. Өңірінде І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және  де басқа көптеген медальдар жарқыраған ақсақал әсерлі әңгіме шертті.

— Тәнибек мен басқарған ротаның құрамында болды, — деп бастады сөзін Владимир Туров. — 1942 жылдың наурыз айында Новосибирск қаласындағы госпитальден ем алып шыққасын мені Барнаулда жасақталған 315-атқыштар дивизиясы, 724-атқыштар полкі, 2атқыштар батальонының танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасының командирі етіп жіберді. Ротаға өңкей дене бітімдері ірі әрі епті де әбжіл жігіттер таңдалып алынған екен. Өйткені танкке қарсы қарудың ұзындығы 2 метрден жоғары, ал салмағы 17 келіні құрайды. Алғашында Тәнибек маған көптен ерекшеленбейтін, өзі тұйықтау жігіт болып көрінді. Жаңадан жиналған сарбаздарды оқыту кезіндегі бір үзілісте өзге ротаның командирі: «Тәнибек, қанекей, өнеріңді көрсетпейсің бе?» демесі бар ма?! Барлығымыз басымызды бұрып, не көрсетер екен деп зейінімізді Тәнибекке аудардық. Ол болса, тура цирк нөміріндегідей әлгі 17 келілік қаруды екі қолында ойнатып, бізді аң-таң қалдырды. Бұл оның жаттығуы екен.

1942 жылы тамыздың 23-інен 24-іне қараған түні 2-атқыштар батальонына Орловка селосының маңындағы тылды қорғау керек болады. Себебі немістер Дондағы майданды бұзып, аталған ауылға жақындайды.

— Сол күні жау ұшақтары Сталинградты бір тәулік бойы бомбалады. Ертеңіне біздің батальон қарсы шабуылға шықты. Рота сарбаздары жаяу жүріп отырды. Бір мезетте немістер бізге қарсы пулеметтен оқ жаудыра бастады. Сарбаздар бірінен соң бірі құлап, қатарымыз сиреді. Комбат пен оның орынбасары да оққа ұшты. Майдан штабының басшысы Иванов, пулемет ротасының командирі Титоренко үшеуміз ақылдасып, олардың өлімі туралы ұрыс біткенше сайыпқырандарға айтпауды ұйғардық. Бұл олардың сағы сынбауы үшін жасалған әрекетіміз еді. Барлық бұйрықтарды үшеуміз батальон командирінің атынан беріп отырдық, — деген Владимир Туров терең ойға шомды.

Осы ұрыста Сайдоллаев жаудың үш танкісін істен шығарыпты. Бұдан кейінгі шайқастарда да Тәнибек асқан батылдық көрсетеді. Батальондағы жауынгерлердің саны азайғандықтан, майдан  шебін әрі қарай қорғап тұру қиындық тудырады. Командир Туров жауынгерлерге жерде көмілген миналардың арасына жанармай қоспасын да орналастыруды бұйырады.

— Ең соңғы ұрыс. Қиын болды, өте қиын. Сайдоллаевтың бөлімі батальонның оң қапталына жайғасып, танктердің шабуылына қарсы қиян-кескі ұрыс жүргізді. Ол өзіне таяп қалған тағы екі танкіні дәл көздеп, қою қара түтінге орады. Осы кезде оң қапталдан келе жатқан фашист танкісінен атылған снаряд Сайдоллаевтың қаруының оқпанын қиратып, бөлімнің екінші нөмірі болып табылатын көмекшіні ауыр жаралапты. Жараланған жолдасын арқасына артып тылға қарай шыға бергенде, жау танкісінен атылған екінші оқтан көмекшісі тіл тартпай кетсе, Тәнибектің екі аяғын тізеден төмен қиып түседі. Мен сол кезде батальонның командалық пунктінде едім. Бір жауынгердің маған қарай жер бауырлап келе жатқанын көрдім де, өз окопымнан шығып, қасына бардым, — деп көмейіне ащы өксік тығылған Владимир Семенович еріксіз көзіне жас алды.

– Ек… Екі жансыз  аяғы бұлғақтап… Тізеден төмен қарай аққан қызыл-күрең қан… Сарбазының сол сәттегі бейнесі көз алдына келген командир сөздерін анық айта алмай, кідіріп қалды. Тәнибек жатқан күйінде қолын шекесіне апарып: «Мен екі танкіні қираттым, үшінші танк менің көмекшімді жаралады, қаруымды істен шығарды, көмекшімді арқалап келе жатқанымда, екінші оқпен оны өлтірді», — деген-ді. Бұл Тәнибек  істен шығарған жаудың алтыншы танкісі еді.

– Мен өзім соғыста жараландым. Бірақ Тәнибек екі аяғынан айырылса да, маған болған жағдайды баяндады. Қайсарлық қой, қайсарлық!, — деді Туров еміреніп.

Сайдоллаевты кейін эвакогоспитальге алып кетіпті. Владимир Семенович сол эвакогоспитальдің бір қызметкерін соғыстан кейін кездейсоқ кездестіргенін айтады. «Тәнибек менің жадымда қалып қойыпты. Сол кезде госпитальге сіздің дивизиядан жарақаттанған жауынгерлер көп түсті. «Санитарка, санитарка!» деп жан ұшыра көмек сұрағандардың жарақаттарын таңып, байлап жүрмін. Кенет Тәнибек бөлмеде жатқандардан шылым сұрады. Басында ешкім селт етпеді. Сәлден соң бір сарбаз оған темекі ұсынды. Тәнибек әлгі темекіні бір сорып, жөтелді де, бар дауысқа салып кең байтақ дала туралы әндетті. Госпитальдің іші тым-тырыс бола қалды. Кейбір жауынгерлердің жанарынан моншақтаған мөлдір тамшылар үзіліп түсіп жатты», — депті медбике.

Тәнибектің командирі Владимир Туров айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған батыр қазақтың кейінгі тағдырынан бейхабар екен. Тоқсанның төріне шыққан қария қандыкөйлек майдандасы туралы бір деректің қылаң беретінінен үмітін үзбейді. «…Иә, ерлікті жасамаудан, бағаламау одан әрі қауіпті» деп Мұхтар Шаханов айтпақшы, майданда қаһармандықтың үлгісін көрсеткен халқымыздың батыр ұлының ерлігінің өз мезгілінде лайықты бағаланбағанына жанымыз күйзелсе де, сарбазының кейінгі тағдырын 70 жыл өтсе де, есінен еш шығармаған Владимир Туровтың жолдастыққа адалдығына тәнті болдық.

Бұл сапарымызда Ресей Суретшілер одағының құрметті мүшесі, мүсінші Павел Черкистің қазақтың батыр ұлының мүсінін дайындап, шайқастың қайнаған ортасы болған Орловка селосына орнататынын біліп, ризашылық сезімге бөлендік.

Тәнибектей атамыз туралы жағымды жаңалықты тез естіртуге сеп болайық, ағайын!

Данияр ОСПАН,

Жәнібек-Волгоград-Жәнібек


Танкист

Күні: , 122 рет оқылды

Калиев


Мұқатай Қалиев – Ұлы  Отан соғысында танк бригадасының сардары болған даңқты жерлестеріміздің бірі. Ол 3-Беларусь майданы құрамында соғыс оты шарпыған көптеген қаланы азат етуге қатысты.


1942 жылдың басында әскерге алынған ол Орынбордың Бузулук қаласында үш ай әскери-училищеде оқиды. Оны бітіріп, лейтенант шенін алғасын Тоцк қаласына жіберіліп, мұнда ортаазиялықтарды майданға дайындайтын бригадада қызмет атқарады. Сол бригада жауынгерлерімен ұрысқа кірді. Алдымен Калинин, артынан 3-Беларус атанған майданда 155-атқыштар дивизиясына қарасты 786-атқыштар полкінің пулемет ротасы командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары болып жүргенде қатты жаралынып, гос-питальға түседі. 1942 жылдың желтоқсанында қайта майдан шебіне кіреді. Ржевь, Смоленск қалаларын жаудан тазартуға атсалысты.

1943 жылы Саратов қаласындағы танк офицерлерін даярлайтын училищеге оқуға жіберілді. Бұл оқуды бітірген бойда сол кезде Иосиф Сталиннің есімімен шығарыла бастаған «ИС-122» танкісіне отырып, жаумен айқасты қайтадан жалғастырады. Айта кету керек, немістердің соңғы үлгіде шығарған ауыр салмақты «Тигр» танктеріне қарсы Қызыл армияның «КВ-1», «КВ-13» сын-ды танктерінің тойтарыс беруі оңай болған жоқ. Соған байланысты үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес Челябинск қаласындағы Киров атындағы зауыт жаңа ауыр техникаларды шығаруды қолға алды. Сол кездегі «Красноармеец» газетінде аға лейтенант Н. Кудриннің жарық көрген мақаласында жаңадан шыққан «ИС-122» танкісі бұрынғылармен салыстырғанда броньдылығының күштілігімен, жылдамдылығының жоғарылығымен, мықтылығымен ерекшеленетіні жазылған. Сондай-ақ құрамында лейтенант М. Қалиев бар танк бригадасы жаңа үлгідегі ауыр техникалардың мықтылығын іс жүзінде дәлелдеп жүргендігін де тілге тиек еткен.

Ол Ұлы Жеңісті Польша жерінде қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Мұқатай Қалиевті елге бірден жіберген жоқ. Үш жыл Польшада әр түрлі әскери-саяси қызметтер атқарды. 1948 жылы өңіріне «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы ордендері мен бірнеше медальдарды тағып елге оралды.

Меркен КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Жәнібек ауданы


Мәңгілікке ҚАДАМ БАСҚАНДАР…

Күні: , 967 рет оқылды

IMG_6367


Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ұлттық атқыштар бригадасы Ұлы Отан соғысының ең бір ауыр жылдарында неміс басқыншыларына күйрете соққы бергені белгілі. Қазақстандық сарбаздардың өшпес ерлігі талай шығармаға арқау болды. Со-лардың бірі – самаралық тарихшы-ұстаз Зоя Зербіқызы Асимова құрастырған «Шагнувшие в вечность» атты деректі кітап. Ке-ше облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов осы кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген РФ Тверь облысы Оленино ауданының делегациясын және Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда қалаларынан ат арытып жеткен бригада жауынгерлерінің ұрпақтарын арнайы қабылдады.


— Құрметті қонақтар, қан майданда бүгінгі біздің бейбіт өміріміз үшін құрбан болған боздақтардың есімдерін тірілтіп, ортамызға оралтудағы сіздердің сіңірген еңбектеріңіз өте зор. Шақыруымызды қабыл алып, жердің шалғайлығына қарамастан келгендеріңізге үлкен рақмет. Біз «Орел» әскери-іздестіру отрядының жетекшісі, өкінішке орай, қазір марқұм боп кеткен Дмитрий Александрович Жукты жақсы білеміз. Жалпы, Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларымыздың ерлігін білу қазіргі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға, елін-жерін қастерлеуге үлкен септігін тигізетіндігі анық. Алматы мен Ақтөбеде жасақталған қос бригаданың тарихы көп жылдар бойы құпия сақталып келді. Тек 2007 жылдан бастап қана мұрағатқа кіруге, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алдық, — деді Арман Кәрімұлы.

Келесі кезекте сөз алған Оленино ауданының басшысы Олег Дубов Тверь мен Ржев  өңірін қасық қандары қалғанша қор-ғап, опат болған қазақстандық жауынгерлердің рухына жергілікті халық әрдайым бас иетіндігін атап өтті. «Біз қазақтың батыр ұландарының ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Олар мәңгілік мекен тапқан аудан аумағындағы 35 бауырластар зираты үнемі қам-қорлығымызда. Ржев қаласының №5 орта мектебіне Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ұлттық атқыштар бригадасы-ның есімі берілді. 2010 жылы арнайы музей ашылды», — деді О. Дубов.

Қабылдау соңында Арман Өтеғұлов Оленино ауданы әкімдігінің басшысы Олег Дубовқа ескерткіш сыйлық табыс етіп, кездесуге қатысушылар естелік суретке түсті. Сондай-ақ қонақтар боздақтардың рухына арнап Мәңгілік алау мемориалына гүл шоғын қойды.

* * *

Бұдан соң Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында  «Шагнувшие в вечность» кітабының тұсаукесері өтті. Басқосуда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңге-рушісі Ғайса Қапақов сөз сөйледі.

— Биыл еліміз төрт  айтулы датаны кең көлемде атап өтуде.

Олар: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және ел Конституциясының 20 жылдығы. Тарихшы-ұстаз Зоя Зербіқызы Асимова құрастырған «Шагнувшие в вечность» атты кітап Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақ сарбаздарының есімдерін, ерлігін тарихымызға алтын әріптермен жазуға бағытталған үлкен еңбек деп бағалаймыз. Кітап Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ұлттық атқыштар бригадасына арналып отыр. 1942 жылдың желтоқсан айынан 1943 жылдың ақпан айының аралығында жасалған «Марс» операциясы – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы 39 операцияның iшiндегi ең сәтсiз аяқталған шайқас. Дәл осы абыройсыз «Марс» операциясында қазақтың талай боздағы қырылды. Жалпы, бұл операцияда бiздiң жақтан 855 мың адам опат болды, хабарсыз кеттi, тұтқындалды. Ал бұл қанды шайқаста қазақтың ұлттық 100-шi және 101-атқыштар бригадасы жауынгерлерiнiң 80 пайыздан астамы қырғынға ұшырады. Жалпы, қазақтың Алматыдан шыққан 100-атқыштар бригадасы өз туымен 1 жыл 14 күн, Ақтөбеден шыққан 101-ұлттық атқыштар бригадасы 1 жыл 8 ай, яғни Орта Азияда жасақталған барлық ұлттық бригадалардан ең көп уақыт алғы шепте немiс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Бұл деректер Кеңес одағы тұсында аса құпия сақталып, тек 2007 жылы ғана Ресей Федерациясы құпия құжаттарды жарыққа шығарды, – деді Ғайса Қапақов. Ғайса Хамидоллаұлы сол жерде аталмыш кітаптың алғашқы даналарын Оленино ауданы әкімдігінің басшысы Олег Дубовқа сыйға тартты.

Үш мыңнан астам қазақстандық боздақтың сүйегі жатқан Оленино ауданы ең ауыр, ең қайғылы ұрыстарды бастан кешірді деп атап өтті Олег Дубов. Осынау тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге қосқан зор үлесі үшін кітап авторы Зоя Асимоваға Оленино ауданының құрметті азаматы атағы берілгендігін жария еткен Олег Дубов жинақты құрастыру жұмысы-ның басы-қасында болған оралдық ұстаз, Зоя Зербіқызының сіңлісі Майра Құрмашеваға да «Оленино ауданы алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Майра ҚҰРМАШЕВА,

кітаптың деректі бөлігін құрастырушы ұстаз:

— Кітаптың алғашқы беттері 2007 жылдан жазыла бастады. Самарада тұратын апамыз, тарихшы-ұстаз Зоя Зербіқызы әкеміздің жалғыз інісі, 1922 жылы туған Қажым Құрмашевті іздестіреді. Іздестіру барысында «Орел» әскери-іздестіру отряды-ның жетекшісі Дмитрий Жуктың көмегімен оның Олейнино  ауданындағы бауырластар зиратына жерленгендігін анықтайды. Бұдан кейін өзге де батысқазақстандық сарбаздардың тағдырын білуге бел шеше кірістік. Нәтижесі көз алдарыңызда. Біз осынау үлкен жұмысты атқаруға айрықша көмегін тигізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа, әкімдіктің аппарат басшысы Марат Тоқжановқа, ел ағасы Асқар Хамитовқа, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекеноваға  ризашылығымызды білдіреміз.

Сергей ОСИПОВ,

«Орел» әскери-іздестіру отрядының жетекшісі (РФ):

— Әрине, уақыт өз дегенін істейді. Жылдар жылжыған сайын сарбаздардың мүрдесін табу қиындай береді. Соған қарамастан биыл біз ақтөбелік із кесушілермен бірлесіп, 42 жауынгердің сүйегін таптық. Солардың біреуінің жауынгерлік медальоны сақталған. Медальонды оқып, сарбаздың туысқандарын табудың да сәті түсті. Қаза болған боздақ Удмуртиядан екен. Оның туыстары амандық болса, алдағы жылы 9 мамырда Олениноға келмекші. Жалпы, қазақстандық 3 мыңнан аса сарбаздың есімдерін анықтадық. Бұл жұмыс ең соңғы жауынгер анықталып, жер қойнына берілгенше жалғаса береді.


Әке қабірін Молдовадан тапты

Күні: , 899 рет оқылды

SAMSUNG CSC


Белестік 72 жастағы Рахимолла Рахметоллин  әкесі  Рахметолла Мұхамбетқалиевтің Молдовада  жерленгенін Ұлы Отан соғысында  қаза тапқан боздақтар жөніндегі www.obd-memorial.ru сайтынан іздеп тапты. Осы кезге дейін әкесін іздеуге тегінің қате жазылуы кедергі  болған  еді.  Жақында Рахимолла  атай жұбайы Зылиха мен кенже  ұлы  Рүстемді ертіп Молдоваға барып келді. Әке қабіріне туған жердің топырағын  салып, Құран  бағыштады.


Рахметолла Мұхамбетқалиев соғысқа дейін Жаңақала ауданы бұрынғы «Еңбек» колхозында тракторист, кейін бригадир қызметін атқарған. Маман ретінде бронға қалдырылғанмен, 1942 жылы шақырту келіп, соғысқа аттанған.

«Әкеңді соғысқа Алғайдан шығарып салдым. Қар аралас жаңбыр жауып тұрған желтоқсан айы еді. Хайролла деген жолдасы екеуі соғысқа бірге  аттанды. Тракторларын да пойызға бірге тиеп алып кеткен, соған қарағанда оны жұмысшылар батальонына алған болар деп ойлап едім. Бірақ әкеңді бірден соғысқа салып жіберген,» деген анасының естелігі Рахимолла ағаның есінде қалыпты. Анасы ері майданға аттанғанда іште қалған ұлы мен екі қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген екен.

— Майдандағы әкемнен бас-аяғы төрт хат келіпті. Әкемнің соғыстан аман оралған ағасы Нығметолла «балалар өскесін алар» деп, әлгі хаттардың бәрін алып кетіпті. Кейін, өкінішке орай, үйлері өртеніп, хаттар жанып кеткен. Өзім тек соңғы хатын көрдім. Махорка орайтын сары қағазға жазыпты. «Біз бір үлкен судың сағасында тұрмыз, енді елге оралам ба, жоқ па, бір Алла біледі ғой. Үлкен соғыс болатын сияқты» деген. Өмірінің соңына таяп қалғанын сезген шығар. Анамның айтуынша, бір хатында Украинаның Житомир қаласында өкшесіне минаның ұшқыны тиіп, 4 ай госпитальде жатқанын, үйге қайтуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ  немістердің шегіне бастаған кезі болса керек, қолына қару ұстай алғандардың бәрін ұрыс даласына қайта жіберген. Әкем 3-Украин майданы 40-гвардиялық  атқыштар дивизиясы құрамында соғысыпты. 1944 жылы 16  сәуірде қаза болып, Молдова Республикасының Штефан-Водэ ауданына қарасты  Чобручи  ауылының  оңтүстігіндегі Днестр өзенінің жағалауында,  бауырластар қабіріне қойылыпты,  — дейді Рахимолла ата. Ағамыз әке алдындағы  перзенттік  парызын орындап, аяулы анасының  аманатын орындай алғанына бек қуанышты.

–  Молдовада бауырластар зираты өте көп екен. Әкем жерленген қабірде көп жауынгердің аты-жөні жазылған. Сондай-ақ Тирасполь қаласындағы бір ескерткіш тақтада «Мұнда аты-жөні белгісіз 27 солдат пен офицердің сүйегі жерленді» делінген. Мүмкін оларды әлі күнге дейін іздеп, таппай жүргендер бар шығар. Әкемнің қабірінен топырақ  алып келіп, анамның бейітіне:

Сәтсіз болды соғыстағы қадамың,

Айтылмай қалды әндерің мен сырларың.

Арманға толы 71 жыл өткен соң,

Қосылды мәңгілікке топырақтарың, — деген өлең жолдары жазылған ескерткіш тақта орнаттық. Молдовадағы жеңіс жолында құрбан болған боздақтарға арналған «Через года, через века – Помните…» ескерткіші 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай қойылған екен. Белгісіз боздақтардың  аты-жөндері биыл ғана толықтай  жазылыпты, — дейді Рахимолла аға.

Динара НАСЫРОВА,

Белес  ауылы,

Зеленов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика