Нәсіпқали Жұмағалиев

Күні: , 50 рет оқылды

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ауданымыздың құрметті азаматы, ел-жұртына сыйлы ордалық қария Нәсіпқали Жұмағалиев Орда ауданының Талап ауылдық кеңесінде 1926 жылы дүниеге келген.

1942-1944 жылдары «Жетекші» ұжымшарында жылқышы болған. 1944 жылы қан майданға аттанып, одан 1950 жылы аман-есен елге оралды. 1950-1962 жылдары Ноғайбай, Сайқын ауылдарында клуб, қызыл отау меңгерушісі, кітапханашы. 1962-1987 жылдары М.Мәметова кеңшарында веттехник, Күйенгүл кеңшарында ферма меңгерушісі, Орда кеңшарында веттехник болған. Төрт медальмен марапатталған.


Сұпығали Есімов

Күні: , 35 рет оқылды

SONY DSC

 Ілбішін ауылының тұрғыны. 1926 жылғы 14 қаңтарда Жаңақала ауданының 24 -ауылында дүниеге келген.

Соғысқа ІІІ Беларусь майданында кірген, І Украин майданында, 1170 — атқыштар полкі құрамында шайқасқан. Белорусияны жаудан тазартуға қатысқан. Жеңістен соң Эстонияда әскери қызметін жалғастырған. Көптеген жауынгерлік марапаттын иесі ол елге оралған соң малшы болып еңбек етті, Ақтөбе облысындағы зоотехник мектебін бітіреді. Аға шопан, зоотехник, су арнасында реттеуші болып жұмыс жасады. Отбасында алты ұл-қыз тәрбиеледі.


Александр Михаилович Акутин

Күні: , 23 рет оқылды

Чапаев тұрғыны. Чапаев ауылында 1926 жылғы 12 қыркүйекте дүниеге келген. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Пскоп түбіндегі шайқастарға қатысады. 1944 жылдың аяғына таман ІІ Прибалтика майданына жолданып, жауға қарсы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Ауыр жарақаттанады.

Бірнеше медаль, орденнің иегері ол Ұлы Жеңістен соң Чапаевтағы автобазада қатардағы жұмысшы болды. Кейін автокәсіпорынға айналған осында слесарь, жүргізуші болып еңбек етті. Тәлімгерлік қозғалысқа белсене қатысып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осы кәсіпорыннан зейнетке шықты. Жанұяда бес ұл-қыз өсірді.


Туған жердің бір уыс топырағы

Күні: , 224 рет оқылды

d867d93b-e917-4e95-9141-a4d55d3ba6d2


1943 жылы 15 желтоқсанда Батыс Белорусь майданындағы Жлобин шайқасында жау қолынан қаза тапқан Хамсин Есмулдиновты ұрпақтары арада 70 жылдан аса уақыт өткенде Белорусь Республикасының Гомель облысы, бұрынғы Рогачев, қазіргі Жлобин ауданына қарасты Майское ауылындағы бауырластар зиратынан тапты. Жеңіс күні қарсаңында немерелері аталарының басына барып, туған жердің бір уыс топырағын салып, тағзым етіп оралды.


Хамсин Есмулдинов 1910 жылы қазіргі Сырым ауданының Жетікөл ауылдық округінің аумағын-да жарық дүниеге көрінген. Әкесі Есмолда атақты Сырым батырмен бір атадан тараған көрінеді. Ол Жетікөлде бой көтерген үлкен мешітті ұстаған белгілі молда болған. Есмолдадан Қажиахмет, Нәжмедин, Хамсин тарайды. Қажиахметтен тараған ұрпақтары Жымпитыны мекендеп қалған. Ал Хамсин мен жары Ақкенжеден 1932 жылғы Сәми (Самиғолла), 1935 жылғы Максим, 1937 жылғы Мақсот және 1940 жылғы Сайлау есімді төрт ұл өрбиді. Кенже ұлы әкесі cоғысқа кеткенде небәрі 5-6 айлық сәби екен. Ал үлкен ұлы Сәмиді баласы болмағандықтан, Нәжмедин өз бауырына басқан. Ортаншы ұлы Мақсот Хамсиннің айтуынша, аталары соғысқа дейін Қособа ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болған көрінеді. Сонымен Хамзин Есмулдинов 1941 жылы 31 жасында Жымпитыдан әскер қатарына алынып, артынша майданға аттанған.

Өмірінің соңына дейін әкелерінен үш мәрте хат келген. Жас сарбаз бұл хаттарында екі рет жаралы болғанын, кейін госпитальда емделіп, кері соғысқа алынғандығын жазған екен. Үшбу үш хаттан кейін «қара қағаз» келіп, жесір қалған Ақкенже үш ұлын қайын ағасы Нәжмединнің қолында тәрбиелейді. 2008 жылы 95 жасында өмірден озған аналары Ақкенже өз ұлдарына әкелерінің адал жар, қызметте абыройлы, парасатты жан болғанын айтып өткен.

Хамсин Есмулдиновтың соңында бүгінде 19 немере, 36 шөбере, сегіз шөпшек тараған болса, олардың кейбірі бұл дүниеден озып кеткен. Аталарын іздеу шараларын алдымен Сайлаудың ұлы Асхат бастаған. Ол дүние салғаннан кейін Максимнің ұлы Марат қолға алып, одан әрі жалғастырады. Олар екі жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аталары табылғанымен, басына баруға мүмкіндіктері болмағандығын айтады.

473245d5-2681-432c-a186-7222bf8eee6d0d24d7aa-0f1e-49af-8fd1-14294a6e02c9— Қазіргі таңда Ресейде, біздің елімізде де мемлекеттік архивтерде соғыстан оралмағандардың тізімі жасақталған арнайы интернет сайттар жұмыс жасай бастады. 2011 жылы Мәскеу мемлекеттік орталықтандырылған архиві Қазақстанға 250 мыңнан астам құжаттан тұратын соғыста іс-түссіз жоғалғандардың және олардың қай жерде жерленгендігі жөніндегі тізімді берді. Соның арқасында 2015 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің көмегімен құрылған obd-memorial.ru сайты арқылы атамызды іздеп таптық. Іздеу жұмыстары оңайға соққан жоқ. Өйткені атамның аты-жөні мен әскерге алынған жері әр жерде әр түрлі көрсетілген. Айталық, 2000 жылы Минскі баспасынан басылып шыққан «Белорусская энциклопедия» топтамасындағы Жлобин ауданына арналған «Память» кітабында «Есмульдиев Хамид, р.в Джамбейтинском р-не Западно-Казахстанской обл., Казахстан, рядовой, 244-сп. Погиб 15.12.1943 г.» деп көрсетілген. Ал тағы басқа жерде Жәнібек ауданынан аттанған делінген. Бірақ «Подвиг народа» сайтында аты-жөні Есмульдиев Хамид деп көрсетілгенімен, оның 41-атқыштар дивизиясының 244-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болғанын, Гомель облысының Рогачев ауданындағы Денисковичи деревнясында 1943 жылы 15 желтоқсанда қаза тауып, сондағы бауырластар зиратына жерленгендігі анық жазылған. Сондай-ақ осы сайттағы тағы бір мәлімет «Әйелі Есмулдиева Ақкенже, тұрғылықты жері Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, Жетікөл ауылы» деп жазылғандығы өз атамызды жазбай тануға мүмкіндік берді. Ал оның қандай марапаттарға ие болғанын білмейміз. Ол әлі де біраз ізденіс пен уақытты талап етеді, — дейді немересі Марат Хамсин.

Осылайша Хамсиннің үш баласынан тараған үш немересі Болат Сәмиұлы Нәжімов (атасының ағасы Нәжмединнің атына жазылған), Марат Максимұлы Хамсин және Самат Мақсотұлы Хамсин биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында Белорусь жеріне барып қайтқан.

— Атамыздың жерленген жері табылған жылы-ақ басына барғымыз келген. Бірақ сәті түспеді. Биыл Құдай қолдап, төрт мың шақырымды аман-есен артқа тастап, атамыздың туған жерінен бір уыс топырақ алып, бауырластар бейітіне салып қайттық. Зираттағы әр қорғанда екі мыңнан астам сарбаз жерленген болса, олардың арасында тағы бір қазақстандықты көзіміз шалды. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы Павлодар қаласының тумасы екен. Қазақы дәстүрмен аталарымыздың рухына Құран бағыштадық, — деген Болат Нәжімов Белорусь жеріндегі сапары туралы айта келе, аталарының алдындағы бір борыштарының орындалғанына шүкіршілік етіп, оны әрқашан мақтан тұтатынын жеткізді.

Хамсин атаның ұрпақтары мереке қарсаңында тағы бір мәрте бас қосып, әке-аталарын еске алды. Әрине, бұл жолғы басқосудың орны бөлек болатын. Өйткені аталарының басынан оралған ағайындылардың әңгімесін тыңдауға бәрі де асық еді…

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

6b16225e-03ca-4faa-85b4-586b9241a738 ed005afc-bc37-4897-96dc-ab85d3c22f8c d0d4877d-05f9-4734-ac2b-ed230d96a617


Сталиннен алғыс алған

Күні: , 139 рет оқылды

Шапен Танжарыков


Шыны керек, бақытымызға орай соғысты көрмей өссек те, сол зұлмат туралы фильмді көруге құштар едік. Әсіресе, балалық балғын шақта.  1960-70 жылдары экранда Ұлы Отан соғысы жөніндегі кеңестік киноленталар жиі көрсетілетін.  Ал сол алапатты көзімен көріп, басынан өткерген талай майдангердің көркем фильм былай тұрсын, деректі кинолентаны қараудан үзілді-кесілді бас тартқанын бұрын да, кейін де көзіміз көрді, құлағымыз естіді.


Киелі Орда топырағында өсіп-өнген азамат, қаһарман майдангер, рота старшинасы Шәпен Таңжарықов та солардың қатарынан еді. Өмір бойы адал еңбек еткен ол өзі туралы да көсіле сөйлеуден тартынатын. Міне, оның өмірден өткеніне қырық жыл озса да, өнегесі ұрпағының жадынан өшкен жоқ.

— Меніңше, соғыстың салдарынан талай рет жараланып, үш рет есеңгіреу (контузия) алған адамның бұл дағдысы түсінікті ғой. Тәнге тиген оқтың жарықшағы қаншалықты ауыр болса да, есеңгіреу одан да зардапты емес пе?! Кезінде Жәнібек, Орда, Тасқала аудандарында танымал дәрігер болған Әпен Текебаев сан жыл бойы емдеп жазбағанда, әкем марқұм өле-өлгенше меңіреу болып қалар еді. Елдегі әулие Сағи қазіреттің де шипасы аз болған жоқ. Әйтеуір, сол жандардың емінің нәтижесінде өмірінің соңына дейін қалыпты ғұмыр кешті. Есту қабілетінің  қалпына келгеніне әкем өмір бойы қуанумен болды, — дейді бүгінде майдангер хақында сыр шерткен үлкен ұлы Қабен.

Шәпен Таңжарықов екі соғысқа қатысқан екен. 1916 жылы дүниеге келген оны 1938 жылы әскер қатарына шақырады. Бір жылдай жаттығып, оңы-солын енді тани бастағанда 1939 жылы қарашада орыс-фин соғысы бұрқ ете түсті. Қатардағы  қаруластарымен бірге саны аз, бірақ алпыс екі айлалы жаумен жанталаста қар жастанып, мұз төсенді. Көрмеген азабы да жоқ. Қысқы соғысқа етене бейімделген дұшпан шаңғының көмегімен белуардан қар кешкен қарсыласының күтпеген жерден ту сыртына шығып кетіп отырды. Әсіресе, мергендері талай кеңес жауынгерін баудай түсірді. Финдік әйелдер жасағы да жан аямай шайқасты. Шәпеннің бала кезінен қазақтың кең даласында ыстық-суыққа шыныққан тәні мен қайсар жаны барлық кедергіні қиналмай кесіп өтті. Әйтеуір, сол зұлматтан аман шықты. Есін енді жиып, елге қайтар шақты күтіп жүргенде, келесі соғыс басталып кетті…

Сұмдық алапатты басынан кешірген қазақтың қарапайым азаматының қасіретті соңғы қырғында да етігімен баспаған жері кемде-кем. Ол бірде солтүстікте болып, Литва қаласы  Шауляй мен орыстың көне шәһары Смоленскіні азат етудегі қиян-кескі шайқастарға қатысса, бірде Курск иіні, Керчь, Ялта, Севастополь қалаларын дұшпаннан тазарту үшін қаруластарымен бірге жан берісіп, жан алысты. Сөйтіп, жеті жылдан соң, 1945 жылы 24  қарашада өңіріне «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен медальдарын жарқырата тағып, еліне оралды. Сайқын стансасынан пойыздан түскен майдангерді ел-жұрты күтіп алып, аяғын жерге тигізбестен, ақ киізге көтеріп, елдегі санаулы «полуторканың» біріне отырғызып, сол кездегі аудан орталығы – Ордаға жеткізген.  Ал келесі жылы Шәпен оны жылдар бойы сарыла күткен, сүйген аруы Рахимамен шаңырақ құрды. Жылдар жылжып өтіп,  өмірге бірінен соң бірі үш ұл, үш қыз дүниеге келді.

— Таңданарлығы сол, марқұм әкеміз қан майданда жүріп, анамызға өлеңдетіп хат жазыпты. Ысқырған оқ, ұлыған снаряд, бомба, минаның арасында жүріп, соған қалай үлгерген, қалай шабыт шақырған?! Өзіме салса, тіпті бейбіт шақта да өлең жаза алмас едім. Ата-анамыздың бір-біріне өмір бойы сый-құрметін айтып жеткізе алмаймын. Ал Жеңіс мерекесі әкем үшін ең елеулі күн еді. Жалпы, бұрынғылардың той-думанға аса құштар болмағанын да білесіз. Бірақ кейде оның Жеңіс күнгі босаңсығанын байқап, естелігін сұрайтыным бар. Есімде бір қалғаны – қаруластарымен екі рет «тіл» әкеліп, жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындапты. Соның бірі үшін Жоғарғы Бас қолбасшы И. Сталиннің атынан алғыс алыпты, — дейді  Қабақаң бүгінде.

Үлкен ұлының айтуынша, екі тілге бірдей  жетік Шәпен соғыстан кейін түрлі лауазымды қызметтер атқарған.  Бес жыл бойы ауылдық кеңесті басқарса, артынан жетім балалар үйінің меңгерушісі болған. Орда ауылында кәсіптік-техникалық білім беру орнында жұмыс істеп, кейін Орда ауданы тарағасын, көршілес Жәнібектің Ақоба ауылына көшіп барды. 1961 жылдан бастап сол ауылда шаруашылық қызметтерде болып, кейін зейнетке шыққасын, орта мектепте механизаторлық курстан сабақ берді. 1977 жылы 61 жасында өмірден озды.

Көзі тірісінде сыпайы да ізгі адам болғандықтан, қай жерде де ел құрметіне бөленген. Кезінде талай адамды үйіне жатқызып, тәрбиелеп, үлкен өмір жолына аттандырған. Олардың ішінде ерлі-зайыпты Балмағамбетовтер, кейін атақты механизатор болған Павел Финогенов және басқасы бар. Әрі еңбекқор, әрі көпшіл жанды күні бүгінге дейін көзі көргендер құрметпен еске алады.

— Аяулы әкем ақсары, ұзын бойлы, сымбатты адам еді. Жүрісі ширақ болды. Сонысы әлі жадымда. Оның есімі осы Орал қаласындағы Жеңіс алаңындағы майдангерлер тізімінде жазылған. Біз, жұбайым Света екеуміз, қыз-күйеу, жиендермен бірге сол қасиетті орынға жыл сайын тәу етеміз. Сөйтіп, тек әкем ғана емес, онымен бірге Отан қорғаған барлық жеңімпаздың рухына құрмет көрсету – біз үшін қасиетті  парыз, — деді сөз соңында соғыс сарбазының ұлы Қабен Таңжарықов.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Ерлігі ұрпағына аңыз болған»

Күні: , 102 рет оқылды

35101-e1441176887826-430x450


Жақында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Ерлігі ұрпағына аңыз болған» атты көрме ашылды.


Бұған Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова және ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Батыс құрамасының №5517 әскери бөлімінің сардар-сарбаздары қатысты. Шараға қатысушылар, ең алдымен, Темір Масиннің өмір жолына арналып жабдықталған  көрмені тамашалады. Көрмеге музей қорынан Темір Масиннің фотосуреттері, ҰОС жауынгерлерінің құжаттары, майданда тұтынған заттары, соғыс және жеңіс плакаттары қойылған. Шараны жүргізген экскурсовод Гүлбөбек Халелова жиналғандарға Кеңес Одағының Батыры Темир Масиннің өмір жолы жайында баяндап, батырдың әскери өмірінен тағылымды деректер келтірді.

IMG_2529Бұдан соң Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған іс-шара «ХХ ғасыр тарихы» залында жалғасты. Шарада Ұлы Жеңіске арналған бейнебаян көрсетіліп, соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Шара барысында ҰОС ардагері Хамза Сафин, ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова және ардагер-журналист Тихон Әліпқали жас ұрпаққа тәлім боларлықтай тұшымды әңгімелер айтты. Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдің ауыр жағдайы мен Кеңес жауынгерлерінің ерліктері жөніндегі әңгімелер мен Ұлы Жеңіске арналған бейнебаяндар жастарға үлкен әсер қалдырды.

Өз  тілшіміз


Радист Катерина

Күні: , 83 рет оқылды

_DSC0076


Бейбіт заманда жарық дүниеге көрініп, тыныш елде өмір сүріп отырған біздің замандастарымыз бақытты. Ол үшін біз кешегі сұм соғыста ерлік көрсеткен, от пен оқтың ортасынан аман шыққан аға ұрпаққа қарыздармыз. Сол екінші дүниежүзілік соғыста ерлермен қатар майдан даласында қыздар да қолына қару алды. Жас ғұмырын ел қорғауға арнаған  сондай жанның бірі – Екатерина  Даниловна Необутова.


Ол 1925 жылы Украинаның Кировград облысына қарасты Ново-Архангелск ауданының Скалиев ауылында Данил және Груша Кисилевтардың отбасында дүниеге келген. Сол жерде жетісыныптық білім алған соң Одесса қаласындағы медицина техникумына оқуға түседі. «Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Сол арман жетегімен Одессаға оқуға да түскенмін. Бірақ соғыс басталып, оқуымның тек бір курсын ғана аяқтадым. Одессада өзімнің болашақ жарым Евгений Семеновичті кездестірдім» деп еске алады Екатерина Даниловна.

Осылайша соғыс басталған соң 17 жасар Катерина еліне қайтады. Ол жақта партизандар отрядында болады. Украина жаудан азат етілген соң әскерге шақырылып, радистер курсын аяқтайды да, 1944 жылы Румыния жерінен бір-ақ шығады. Алыстағы Румынияда Евгений Семеновичпен тағы да кездеседі. «Женя госпитальдан шығып, өз қаруластарына бара жатыр екен. Одессада танысқандағы берген мекенжайыма хат жазып тұрыпты. Оған жауапты сіңлім беріп отырған. Өйткені мен партизандар отряды құрамында болатынмын ол кезде. Одессада бір рет кездескенімізбен, Румынияда бір-бірімізді бірден таныдық. Бар болғаны бір сағаттай әңгімелесе алдық. Өйткені оған өз қаруластарын қуып жету керек болды» дейді ардагер әжей. Соғыстың бар қиындығын бір адамдай көрген Екатерина Даниловна радистер отрядында жау тылында да болған. «Бізді түн демейді, күн демейді, дабылмен тұрғызып, жау тылына да алып кететін. Ұшақпен алып барып, парашютпен лақтырып кетеді. Кей ер адамдар секіруге қатты қорқатын, ондайларды офицерлер құйрығынан бір-ақ тебетін. Ал мен еш қорықпадым. Аспанда қалықтап жүрген сондай ұнайтын. Бар уайымым орманда тал-терек үстіне қонбасам екен» деген майдангер жерге қонысымен, парашютті жинап, жау күші туралы ақпаратты біздің әскерге беріп, кейде шайқастарға да түсетін кездер болғандығын айтады.

_DSC0073Осылайша Украина жерінде, Румынияда әскери борышын өтеген Екатерина Даниловна жеңісті Австрия жерінде қарсы алады. Бірақ  елге бірден қайтпайды. Бір жыл әскерге жаңадан алынған сарбаздарға радист кәсібінің қыр-сырын үйретеді. Кейін еліне келеді. Бір қыстаған соң 1947 жылы Одессада танысқан, Румыния жерінде қайта көріскен Евгений Семенович келіп, әке-шешесінің ақ батасымен қызды алып кетеді. «Ел арасының алыстығына қарамастан, еріп кете бердім. Қазақ жеріне келген соң Женя еңбек етті. Отбасымызбен Шыңғырлау жеріне көшіп бардық, сол жақта тұңғышым көрінді. Қазақ жеріне  келгеніме еш өкінген емеспін. Шыңғырлау, Теректі, Зеленов аудандарында еңбек еттік. Елдің қай жеріне барсақ та, тыныш, барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тату, бес баламыз да білімдерін алды, жұмыстары бар, осыдан артық не керек? Тек жас күнімде парашютпен көп секіруімнен болар, қазір жүріп-тұруым қиындап кетті. Әрі қарттық қой», — деп қояды сөз арасында майдангер әжей.

Иә, жастық шақтарын соғыс жалмаған аға ұрпақтың ерлігі мен еңбек жолы – бүгінгі  жастарға өмірлік өнеге.

Түгелбай БИСЕНОВ,

Зеленов ауданы


1916 жыл оқиғасы

Күні: , 122 рет оқылды

%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82-%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%82%d1%83%d1%80%d1%81%d1%8b%d0%bd%d1%83%d0%bb%d1%8b%d1%85%d0%b0%d0%b9%d1%80%d0%b5%d1%82%d0%b4%d0%b8%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2


(Жалғасы. Басы газеттің №131 санында)

Қысқасы, мен земгорға қазақ рабочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым. Енді қожайыным байменен есептесіп, жұмыстан шығатын болдым. Тез расчет алатын болдым.


Қожайыныма келіп расчет сұрасам, ол маған: кетпе, кетсең қателесесің, «отсрочкаң» бар, енді саған не керек? — деді. Бірақ жігіттердің кетіп жатқаны, Ахметтің сөзі, бірге оқыған жолдасым Хайретдиннің кеткені, қызған ұлтшылдық сезім маған іркілуге жол бермеді. Қожайыннан расчет алып, жұмыстан шықтым.

Ахметке, Міржақыпқа келіп, Мәскеудегі «Сөз» газетінің редакторы Гаязға арнап хат жаздырып алып, Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі адресін алып, октябрьдің 15-тері шамасында Орынбордан Мәскеуге жүріп кеттім.

Мәскеуге келіп, адресі бойынша Әлиханды іздеп тауып алдым. Ол Орынбордан бұрын келген Хайретдин, қазақшыл Хасенғалидың қай жерде екенін біледі екен. Мені жетелеп соларға алып барды. Сол күні жатып, ертеңіне земгор ұйымының бастықтарына барып сөйлеспекші болдық. Өзім алып барамын деген Әлихан бізді өзі алып барып таныстырмақшы болды.

Мәскеуде

1916 жыл. Соғыс ылаңы Мәскеуге азырақ тигені сезілді. Ерте тұрмасақ, нан ала алмайтын болдық. Түрлі керектердің кемістігі сезілді. Мәскеудегі… «Сөз» газетасының редакциясына хатты тапсырманы Гаяздың кеңсесіне ертең кел дегені… Кешегі уәде бойынша ерте тұрып, Хайретдин Болғанбаев, Хасенғали, мен – үшеуіміз Әлиханға бардық. Әлихан біздерді ертіп земгордың кеңсесіне алып барды, бір бастыққа кірдік, сөйлестік. Ол кісі: сізді бүгіннен бастап жұмысқа кірді деп есептейміз, ертең келіп ақша аласыз, киім алуға қағаз береміз, соны аласыз, батыс майданда рабочийлар бар, соларға жібереміз, Минскіде біздің кеңсе бар, соның қарауында боласыз, – деді.

Ертеңіне барып ақша алдық, офицерлер магазині бар екен, соған барып қолымыздағы қағаз бойынша 100 сомнан пұл төлеп, мұздай киіндік. Кеңсеміз 100 сомнан жалақы беретін болды. Солай етіп Мәскеуде 5-6 күн болып, Минск қаласына жөнелдік.

Ноябрь айының бас күндерінде Минск қаласына бардық, ертеңіне земгордың ондағы ұйымына барып, документ қағаздарымызды көрсеттік. Бізді қабыл етті, документтерін тексеріп, «күте тұрыңыз» дегені. «Минскіден 70-80 шақырым жерде станция Молодежный бар, сол станцияға жақын қазақ рабочийлары бар, соған барасыз» деді. Солай етіп, Минск қаласында тағы 5-6 күн болып, Молодежный станциясына жөнелдік.

Соғыстың үдеп тұрған кезі, Молодежный станциясына немістер келіп алып, тағы кейін азырақ шегінген екен. Молодежный станциясына барып, вокзалға түстік, станция бұзылған, қираған көрінді. Молодежный стансасынан 7-8 шақырымдай жерде земгор ұйымының 7-дружина рабочийлары окоп қазу жұмысында екен. Сол 7-дружинада бір мың кісі қазақ рабочийлар бар екен. Белгіленген орнымыз сол қазақ рабочийлар тұрған 7-дружина еді. Молодежный станциясына барып түсіп, станцияда телефон бар, сол телефонмен сөйлесіп, 7-дружинаның штабынан көлік сұрадым. Күн бойына станцияда отырып, кешқұрым қараңғы түскенде көлік келді. Түнде штабқа бардым. Штабтың бастығы ертеңмен мені көріп сөйлесті. «Осы жерде 4-5 шақырымдай жерде мың адам қазақ рабочийлар бар, соларға барасың, ондағы рабочийлардың басында Берг деген уәкіліміз бар, Эмдин деген тағы басқа қызметкерлеріміз бар, сондағы уәкіліміздің қарауында істейсің» деді. Қасыма бір адам қосты. Қалың тоғай орманның ішіменен жаяу жүріп кеттік. Жолда баратқанымызда тас төбемізден немістердің екі аэропланы ұшып, екі бомба жерге түсті. Анадай жерден бұрқырап топырақ көтерілді. Менің зәрем қалған жоқ, дір-дір қалтырадым. Бірақ қасымдағы жігіт: қорықпа, бұндай бола береді – деп мені жұбатты. 1916 жыл ноябрьдің 15-тері шамасында 7-дружинадағы қазақ рабочийлар партиясына бардым. Рабочийлардың басындағы Берг деген, Эмдин дегендермен сөйлестім. Қызметкерлер қатарында бір барақтан орын берді, орналастым. Ендігі жұмыс қызметтегі қазақ рабочийлармен танысу, олардың жай-жағдайларын білу болды. Өзімді таныстыру болды.

Қазақ жігіттері Ақтөбе уезі (Торғай облысы) І-ІІ Бөрте болысының жігіттері екен. Бір мың жігіт бір партия рабочий болып келген екен. Жігіттердің ішінде орысша білгендері болмаса да, қазақша сауатты оқығандары бар екен. Танысып болғаннан кейін жігіттердің менің алдыма қойған мәселелері мынау болды:

  1. Біз дін тұтқан халықпыз, бізге бес уақыт намазымызды оқуға уақыт берілсін. Намазымызды оқып беретұғын молла берілсін.
  2. Тазалық жағдайымыз жөнделсін, доктор қарап, ауруларымыз бағылсын.
  3. Ас-суымыз көпшілік кухнядан айырылсын. Өзімізге тиіс паек ауқатты өзіміздің белгілеген кісіміз тиісті жерінен есептеп алсын. Өз кухнямызда өзімізден болған аспаздарымыз пісіріп, өзімізге үлестіріп беретін болсын.

Бұл 7-дружинада земгор ұйымының уәкіл басшыларынан басқа рабочийларды қай жағынан болса да бақылап, басқарып отыратын әскери бір бөлім де бар еді. Онда бір взвод па, отделение ме әскер, 2 прапорщик бар еді. Бұл екі прапорщиктің біреуі Рябов деген тым қатал, айтқанға түсінбейтін, рабочийлардың жай-жағдайымен есептеспейтін қолайсыз адам еді, ал енді біреуі Александров, бұрын мұғалім (учитель) болған жігіт, жақсы жайлы жігіт еді.

Қазақ рабочийлардың жоғарыда сөз қылған талабын земгор уәкіліне, әскери бөлімшедегі прапорщиктерге айтып сөйлестім. Мәселе қойдым.

Жігіттердің алдыңғы екі талабы көп сөз болмай-ақ орындалды, тез арада бес уақыт намазына уақыт берілді. Жігіттердің өздерінің қалауы бойынша араларынан молла сайланды.

Күн сайын дерлік фельдшер я сестра келіп қарап тұратын болды, аурулары болса, айырылып балниске (больница – ауд.) алынатын болды.

Ал енді бірінші мәселе ас-ауқат мәселесін шешу біраз қиынға соқты.

Бірақ тап сол кезде көп ұзамай Мәскеудегі земгордың орталық ұйымынан рабочийлардың жағдайымен таныспақшы болып екі адам келді. Олардың біреуі татарлардың белгілі жазушысы Гаяз Смақов, екіншісі татарлардың белгілі бір адамы Садри Максудов деген еді. Гаяз Смақов дегенмен оның жазған кітаптарын оқып, оның үстіне Мәскеуге алғашқы келгенімде Ахмет Байтұрсыновтың оған жазған хатын тапсырып, азырақ таныстығым бар еді. Гаязбен айырым оңашалап сөйлесіп, қазақ жігіттерінің жай-жағдайын айттым. Ас-ауқат мәселесін түсіндірдім. Орысша шала-шарпылау сөйлесіп, тілім жетіңкіремей жүр еді. Гаязға татаршалап бәрін айттым.

Гаяз Смақов сол күні земгордың уәкілі, әскери бөлімнің екі прапорщигі бәрімізді өзіне шақырып алып, менің шеше алмай жүрген мәселем — асхананы айыру, паек, азық-ауқатты рабочий жігіттердің өздері белгілеген адам алып, өз арасынан аспаздары болу мәселесін қойды. Бұл мәселе де жігіттердің өз талабына лайық шешілді. Жігіттердің ішінен паек, азық-ауқатты алатын адам сайланатын болды, жігіттердің өздері белгілеген аспаздары болатын болды.

Жігіттер өз арасынан паек, азықауқатты алатын уәкілдерін өздері сайлап қойды, аспаздарын өз араларынан белгілеп, солардың қолында піскен ауқаттарын жеп, ішкен астары бойларына тарағандай болды. Азық-ауқат туралы наразылық жеңіл тарасылды. Мен бір тілмаш, қазақ жігіттері мен әкімдердің арасында бірінің сөзін біріне айтып, шала-шарпы білген тіліммен сөйлесемін. Күндіз бірден жұмыс істеген жерде болсам, кеште бірден бараққа барып жігіттермен сөйлесемін. «Қазақ» газетін, «Алаш» газетін, «Айқап» журналын алдыратын болдық. Алып тұрдық. Жігіттер бес уақыт намазын оқиды (бұл бір демалыс қой). Майдандағы жігіттерді ел де ұмытқан жоқ.

7-дружинадағы қазақ жігіттеріне арналған вагон-вагон азық-ауқат келіп жатты. Жылқының сүр еттері — қазы, қарта, қарын-қарын сары май, тағы-тағылар. Бір-екі рет Минскіге барып, елден келген азық-ауқатты алып қайттым. Жігіттер өзара бөлісіп алып жатты.

Бұратана бөлімі ұйымдасуы

Бір күні Минскіден бір уәкіл келді. Бұл Хусаин Бекентаев деген еді. Өзі Қостанайдың жігіті, студент. Бұл Минскіде ұйымдасқан «Бұратана ел» бөлімі (инородческий отдел) деген ұйымның уәкілі еді. Ол уәкіл қазақ рабочийлардың тұрмыс, жұмыс жағдайыменен танысу үшін жіберілген уәкіл екен.

Хусаин Бекентаев 2-3 күн болды. Қазақ жігіттердің хал-жағдайымен танысты. «Жұмыс, тұрмыс жағдайыңыз жақсы екен» — деді. Басқа дружиналарда жағдай мақтанғандай емес дегенді айтты.

Намаз деп демалыс алғанымызды, докторлық жәрдемді жақсылағанымызды, айырым кухня, бөлек азық пісіру, тағы сондайларымызды мақұл көрді. Жігіттермен де сөйлесіп, өзі де жағдайды түсіндірді.

Бекентаевтың бір хабары: земгордың қапталында инородческий отдел ұйымдасқаны, оның қазақ оқығандарының жігерімен болғаны, ол ұйымның жұмысы майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне жәрдем, олардың жұмыс жағдайын, тұрмыс халін жақсарту екенін айтты. Бұл ұйымның басында Әлихан Бөкейханов отырғанын, оның төңірегіне қазақ зиялыларының (интеллигенция) жиналғанын, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Асфендиар Кенжин, Мырзағазы Есболов, Мұқтар Саматов, Хусаин Бекентаев, Бекмұхамбетов, тағы сондай-сондай оқығандардың келгенін, оқып жүрген студенттердің жиналғанын айтты.

Міне, осындай жағдайда 1917 жылға кірдік. 1917 жыл февраль айының соңғы күндері, күнде келіп тұрған поштамыз жоқ болды, газета, хат келмей қалды. Патша тақтан түсіпті-мыс, жаңа патша болады-мыс деген ызың хабарлар жайылды.

Марттың екісі күні Берг деген басшымыз мені шақырып алып, «Минскіге барып қайт, газета жоқ, түрлі хабарлар шығып жатыр. Газеталар алып кел» деді.

Мен марттың 6-сына дейін Минскіде болдым. Әлихан Бөкейханов басында отырған Бұратана бөліміне бардым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім. Әлихан менен жай-жағдайды 7-дружинадағы қазақ жігіттерінің жағдайын сұрасты. Бөкейхановтың қолында «Русское слово» газетасы бар. Соны оқып көріп: Милюков, Шингарев, Ред(ван)колар менің жолдастарым еді. Бәрі министр болып кетіпті.

Мен бұл жерде не қылып отырғаным, — деп сөз етті, күлді. 1917 жыл марттың 6-сы күні Минскіде митинг болды. Мен, Есболов, Міржақып үшеуіміз митинг-демонстрацияға қатынасайық, көрейік деп шықтық. Минскінің үкімет майданына бардық. Майданда митингі болды. Батыс майданның командующийі Алексеевтің бұйрық тақырыбы оқылды. Патшаның түскені айтылды, жарияланды.

Бір кезде қызыл жалау көтерген топ-топ болып, адамдар майданға келіп еді. Мен онша көп нәрсені біліңкіремеймін ғой. Мырзағазы Есболов «жүріңдер, жылдам кетейік, қызыл жалауменен рабочийлар шықты, бір сойқан болады» деп алып кетті. Бірақ ешнәрсе бола қойған жоқ. Митинг тыныш тарқасты.

Кезекте тұрып бірнеше газеттерді алып (барын) мен сол күні Молодежный станциясына жақын жердегі орналасқан жұмыс орным 7-дружинаға қайттым. Жұмыс тамам етті, қызмет жүріп жатты, майданда өсек сөз басталды.

1917 жыл апрельдің бас кезінде майданның кейінінде жұмыс ететұғын рабочийлар қайтарылады деген хабар болды. Бастығымыз бұл хабарды Уақытша үкіметтің жарлығы деп жариялады. Бұл хабарды, қуанышты хабарды рабочий жігіттерге жеткізу, айту керек болды.

Бұл хабарды естумен жігіттерді жинап, үлкен жиналыс қылып, солармен қатар отырып жігіттерге қуанышты хабарды айттым.

Жігіттер аса қуанды. «Ал енді қайтатын болсақ, соның садақамыз» деп молла мен екеуіміздің алдымызға ақшаны үйіп салды.

Бірақ жігіттердің ақшаларын өздеріне қайтарып беріп, қуаныштарына ортақтастым, енді қалған аз күнге тәртіп сақтап, тыныш жұмыстарды істеу керек екенін айттым.

Қайту хабарын жігіттерге айтып жеткізумен бірге сол күні «Қазақ» газетінің редакциясына, Талөпкедегі бір жолдасыма телеграм арқылы хабар еттім.

Рабочийлардың қайтуына елдің қуанышы да үлкен болған. «Сүйінші» деп бірталай дүние жинап алғандар болған.

Елге қайту хабары болғаннан кейін жұмыста жүрген менің де қайтқым келді. Көп ойланбастан арыз беріп, 20 күнге демалыс (отпуск) алдым. Солай етіп отпускіге елге Талөпкеге қайтып келдім. Сол келгеннен қайтып земгор штабына барғаным жоқ. Мені іздеген адам да болған жоқ…

Тамимдар САФИЕВ


Бопай ханымды ұмытпайық

Күні: , 198 рет оқылды

%d0%b1%d0%be%d0%bf%d0%b0%d0%b9-%d1%85%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bc


Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Хан моласы деген жерде өткен шараға қатысқан едік. Сонда ел азаматтары жиылып, Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымның кемеңгерлік істерін жалпақ жұртқа насихаттау жөнінде ақылдастық.


Әбілқайыр хан — белгілі тарихи тұлға. Кіші жүзді 38 жыл басқарған. Ал оның жұбайы Бопай ханым – қазақ хандарының жұбайлары тарихында ханым дәрежесіне көтерілген екі адамның бірі. Тарихи деректерге үңілсек, одан басқа Шыңғыс ханның жұбайы Бөрте ғана ханым мәртебесін иеленген екен. Бопай ханым қазақ халқының жоғын жоқтаған, мұңын мұңдаған, ақылгөй, дана адам болған. Оны Ақтөбе, Орынбор қаласының салынуына ықпал еткен деседі. Ол жайында Құрал Тоқмырзиннің 1998 жылы Ақтөбе қаласынан шыққан «Әулие Әжібай би немесе дала данышпандары» кітабында толық баяндалған. Бопай ханым орыс патшайымдары Анна Иоанновнамен, Елизавета Петровнамен хат алысқан. Орынбор губернаторы Неплюевпен, елші Тевкелевпен кездесіп, хат алысқанда қазақтың арын арлаған. Жоғары дәрежедегі мәмілегер, күрескер Бопай ханымның халқына сіңірген еңбегін, қайраткерлігін тәуелсіздіктің 25 жылдығы кезінде ұмыт қалдыруға болмайды. Биыл үшінші қыркүйек күні Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облысының белгілі азаматтары, газет тілшілері және телеарна қызметкерлерінен құралған топ болып Бопай ханымның басына тағзым еттік. Ал қазан айының он бірінде оның басына құлпытас орнатып, мазар орнын қоршап келдік. Орынбор облысы, Елек ауданы, Дмитриевка ауылынан отыз шақырым жердегі Бопай ханым жерленген маңай 1929 жылдан бері «Доңыз» әскери полигонына айналған екен. Қорым Бопай сайына жақын биіктеу қабақта орналасқан. Жазушы Александр Сергеевтің 1981-83 жылдары жарық көрген «Петербургский посол» кітабында Әбілқайыр хан және Бопай ханым жөнінде тұшымды деректер келтірілген. Бопай ханым өмірінің соңғы жылдары, оның қайда жерленгені туралы Соколовтың 1906-1908 жылдары жарияланған «Из поездки по степи» атты мақаласында жазылған. «Аңыз адам» журналының 2012 жылғы №2 санында ол туралы көптеген мәліметтер бар. Біз бүгінгі таңда Бопай ханымның жоқшысы, оны жарыққа шығаратын насихатшысы ретінде жұмыстанудамыз. Осыған орай Атырау, Маңғыстау газеттерінде мақалалар жарияланды. Жуырда ғана Ақтөбе облыстық газетінде «Бопай ханымның жоқшылары» атты көлемді материал жарық көрді. Бопай ханым тарихын насихаттауда Батыс Қазақстан облысының да орны ерекше боларын ескеріп, осы шағын мақаламды «Орал өңірі» газетіне ұсынуды жөн санадым.

Ислам МЫРЗАБЕКҰЛЫ,

зейнеткер,

Жылыой ауданы,

Атырау облысы


1916 жыл оқиғасы

Күні: , 317 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d0%bc%d0%b8%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d1%80-%d1%81%d0%b0%d1%84%d0%b8%d0%b5%d0%b2 %d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d1%8b%d0%bf-%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%b2


Қолымызға 1916 жылғы Июнь жарлығы, қазақ жігіттерін майданға алу кезіндегі оқиғалар жөнінде тамаша естелік түсті. Авторы – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов өңірінің тумасы Тамимдар Сафиев. 1919 жылдары «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінің алқа мүшесі болған, Қарақалпақ АССР-інде әдебиет саласында көп жыл еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Мәскеуде тұрған Тамимдар Сафиевке өмірбаяндық естелік жазуды қолқалаған – белгілі ғалым, қазақ тарихын жинақтауға бүкіл өмірін арнаған Мұстафа Ысмағұлов екен.


Төмендегі естелік Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған М. Ысмағұлов қорынан алынды. Араб әрпімен жазылған, бірнеше дәптерден тұратын естелікті оқып, қазіргі әліпбиге түсірген — Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиева.

1916 жыл

%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82-%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d1%8b%d0%bf1914 жылы басталған жер жүзілік соғыс – империяшылар соғысы көпке созылды. Соғыс ылаңы 1916 жылға дейін ел арасында оншама сезілген жоқ сияқты еді. Ел әдеттегі тұрмыс күнделікті қалпында еді. Бірақ осы 1916 жылы соғыстың зардабы сезілді. Қазақтан солдат алады екен деген хабар таралды. «Ақ патша қазақтан жүз жылға дейін солдат алмаймын деп ханға уәде еткен екен, сол жүз жылы толып, 4-5 жыл өтіпті, енді солдат алатын болыпты» деген алып-қашпа сөздер жайды. Бұл ылаңменен қатар 1916 жылы елге керек қайбір нәрсе-қара қымбаттады. 14 тиын тұрған талон 15-16 тиын болды, тағы сондай қымбаттаған нәрсе-қаралар болды. Тағы бір заттардың кеміс болып, жетпеуі басталды. Елден басын кесіп, өлшеп мал алу болды. Бұрынғы күміс ақша орнына 15-20 тиындық марка шықты. Тағы-тағы сондайлар болды. Бұл жағдай белгілі ел арасына түрлі өсек үшін хабарлардың таралуына, халықтың әр комиссияға құрақ тұруына (ұшуына – ауд.) алып келді.

1916 жылғы Июнь жарлығы елге тым қатты тиген жарлық болды. Июнь жарлығы елдің зәресін ұшырды. 19 бен 30 жастардың арасы жігіттер соғыс майданының шебіндегі жұмысқа алынады деген хабар, әсіресе, жастарды қорқытты. Әкім қара Қызыл үйге (ол уақытта болыс кеңсесі қызыл үй деп аталатын) жиналып, тізім алу басталды. Істеп жатқан жұмыстарын тастап, бағып отырған малын қойып, 19-30 жас арасындағы жастар атқа мінді, лек-лек болып, топ-тобыменен ауыл, елді аралады. Елмен қоштасамыз деп қыдыру басталды, бірқатарлар бұл жұмысқа барудан қалай қаламыз, қайткенде құтыламыз деп, қалай бас қорғаудың шарасын іздеуге кірісті. Тізімге жазылмаудың шарасын іздеді.

Менің Орынборда оқып жүрген кезім, жаз ауылға келіп, үйде болған уақытым еді. Бір күні атқа мінген 20-30 атты Июнь жарлығы бойынша тізімге ілінгендер, маған келді. Қатар құрбы жігіттер маған «Неғып отырсың? Солдат болдық, соғысқа кететін болдық. Жүр, атқа мін. Елмен қоштасамыз, тағы басқа не шаралар бар, көреміз» десті. Тізімге іліккендер қатарында мен де бар едім. «Жақсы, мен де сізге қосыламын» деп, жігіттерге уәде берсем де, ауылымыздан 10-15 шақырымдай жердегі Талөпкеге (қазіргі Қазталов селосы, Батыс Қазақстан облысы — DK) бардым. Болыстың әкімдері қызыл үйде емес, Талөпкеге жиналған екен. Тізім сонда жазылып жатыр екен. Азын-шоғын орысша жазу білетін едім. Мені де тізім жазуға отырғызды. Өзімнің тізімге кіргенімді көрдім. Қалу шарасы парасыз, тамыр-таныссыз болмайтын түрі көрінді. Сөйтіп, ауылға қайттым. Енді бас қорғаудың шарасын көрмекші болдым. Орынборға барып мектеп арқылы отсрочка ала аламын ба, қалай болады деп соны ойладым. Бұл Орынборда татар медресесінде оқып жүрген кезім еді. Ағайын-туысқандармен кеңесіп, август айының ішінде Орынборға жүріп кеттім. Бұл, бір жағынан, қашқын болғаным еді.

Орынборда Ол кезде Орынборда «Қазақ» газеті шығады, редакторы Ахмет Байтұрсынов, қызметкері Міржақып Дулатов, бұлармен таныстығым бар еді. Орынборда оқудағы шәкірттер болып жұма күндері редакцияға барып, «Қазақ» газетасын поштаға тапсыру, адресін жазу жұмыстарын істеп, жәрдемдесетін едік. Орынборда оларға барып сөйлесіп көрдім. Майдан жұмысынан қалу жөнінде олардан мені тыныштандырғандай жәрдем болмады. Сөйтіп жүргенде бір күні қыста медреседе бірге оқыған сабақтасым Кітабов деген бір татар жігітін ұшыраттым. Хал-жағдайды сөйлесіп, түсініскеннен кейін ол маған былай деді: «Менің жездем осы Орынборда қазынаға (әскерге) ет тапсыратын болып договор жасады. Қаланың шетіндегі бір бойняны (мал соятын) арендаға алды. Соған рабочийлар, қызметкерлер керек, оған жұмысқа кіргендер соғысқа майданға бармайды. Отсрочка беріледі. Мен соған жұмысқа жазылып, солдаттан уақытша қалатын болдым. Жүр, барып сөйлесейік, маған көмекші болып жұмысқа кір, отсрочка аласың» — деді. Айтқанындай, мені апарып, жездесі Уахидов деген байға таныстырды, жұмысқа орналастырды. 15-20 күн өткенде Астрахан губернаторынан маған алты айға отсрочка да келді. Енді көңілді бірлеп жұмысқа кірістім. Енді бір тынышымды алған нәрсе мынау болды: тізімге кірген жігіттерден қашып кеткендер болса, оның әкесін, ағайындарын солдатқа айдайды екен деген хабар болды. Соның үшін жұмысқа орналасқанымды, отсрочка алғанымды, қай жерде екенімді айтып Талөпкеге, үйге хат жазып, хабар еттім. Кеңселерге білдірдім, сентябрьдің ішінде Талөпкеде тұратын Мифтахиддин Уәли деген бір жолдастан хат алдым. Ол Талөпке елінің жағдайын былай суреттейді: «Ел жылау-сықтауда, әсіресе, еңбекшілерге қиыншылық түсті. Астрахан, Ордадан адамдар (чиновниктер) келді. Жергілікті правитель Мерәлі Қарабаев, оның төңірегіндегілер ойларына келгендерін істеп, елді зарландыруда. Күні-түні арақ ішу, карта ойнау, адам саудасы, пара алу болып жатыр. Карта ойынына ақша орнына адам (жігіт), банкіге адам қоятын болды. Біреуі банкке бір жігіт қойдым десе, енді біреуі мен бір жігіт жүрдім дейді. Жігіттің құны 200-ден 500 сомға дейін барды. Байлар балаларының орнына кісі жалдап жіберіп жатыр. Көбісі пара беріп алып қалып жатыр. Елдің көз жасы төгілуде. Жігіттердің бірқатары жөнелтілді», — деген.

Ал енді Орынбордағы жағдайға келсек, бұнда да Уахидов деген байдың саудасын көрдім. Айлық төлеп рабочий алудың орнына, байға ақша төлеп, жұмысқа орналасушылар аз болған жоқ. Байлардың балалары Уахидов байға 100-200 сом төлеп, рабочий болып кіріп жатты. Мен өзім тамыр-таныс арқылы 15 сом айлық (жалақы) алып, конторында жұмыс істедім.

Август айының ақыры сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақсақалдарының жиналысы болды. Жиналысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұңғашин қатынасты, Торғай облысынан келген болыс старшина ақсақалдар келді. Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жиналысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұмысқа адам беру, оны қалай ұйымдастыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды.

Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп, Ресей халқының соғысқа қатынасын, бұл кездегі жағдайды айта келіп, соғысқа татар, башқұрт тағы басқа ұлттардың қатынасын айтып, енді қазақ халқының да шетте қалуы қолайсыз, Отанымызды қорғау керек, майданға баруымыз керек деген сөздерді айтты, басқа бірқатар адамдар Әлиханның сөзін мақұлдады. Бірақ Торғай облысынан келген бір-екі ақсақал: адам бере алмаймыз — деп, өздерінің дәлелдерін айтып өтті. Қысқасы, жиналыс адам беруді мақұл көріп, соны ұйғарды. Сонымен жиналыс тарады.

Бұрыннан «Қазақ» газетасының қызметкерлері, редактор Ахмет Байтұрсыновпен таныс едім. Оқып жүргенде «Ақас» деп үйіне барып жүрген уақыттарым да бар еді. Бір күні Байтұрсыновтың үйіне бардым. «Қош келдің!» — деп шайға отырғызды. Оның үйінде Әлихан Бөкейханов отыр екен. Ахмет мені Әлиханмен таныстырды. Бұрын «Қазақ» газетасында «Қыр баласы» деген атпенен жазылған мақалаларын оқысам да Әлиханмен таныстығым жоқ еді, көрген де жоқ едім. Осы бірінші ұшыратуым болды. Орта бойлы, жалпақ бетті, нық денелі, ауыр сөзді адам екен. Әлихан менен Бөкейде болып жатқан жағдайды сұрасты. «Жігіт беру қалай жүріп жатыр, елдегі азаматтар бұл іске қалай қарайды, Жәңгір ханның туысқан Шәңгерей князь не дейді екен, Бөкейхановтардың пікірі қалай екен» деп сұрасты. Мен Бөкейде болып жатқан жағдаймен оншама таныс болмасам да, білгенімді айттым, көргенімді білдірдім. Әлихан сол кездегі жағдайды сөйлеп, жігіттердің майданға кетіп (ж)атырғанын айтты. Көзі ашық, оқыған азаматтар да бару керек, өз ұлтының қамын ойлау керек, көптен қалмау керек деп сөздерін айтты, сөйтіп тарадық. Мен жұмысымда жүрдім. Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетада мынадай хабарды (мақаланы) оқыдым. Мақалада: Қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқанын, сол қазақ рабочийлардың бір бөлігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымының өз қарауына  алатынын, ал сол қазақ рабочийларға басшылық еткендей, переводчик болғандай қазақ жастарын сол ұйымның қызметке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа оқыған жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған.

Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық түсіндірді. Ел азаматы қалмай майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық, оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болу керек, жұмысқа бару керек деп, менің ұлтшылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орынборда екен. Ахмет маған оның сол жұмысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді. Оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар солардан қалма» деді. «Мәскеуде шығып тұрған «Сөз» газетасы бар, соның редакторы Гаяз Смақов деген бар, соған хат жазып қолыңа беремін. Қазір Әлихан Бөкейханов та Мәскеуде, оның адресін беремін, Мәскеуге баруыңмен Болғанбаев жолдасыңды, қазақшыл Хасенғалиды тауып аласың, солармен бірге қазақ рабочийлардың ішінде бірге жұмыс қыласыздар» деді.

(Жалғасы бар)


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика