Бір дерегін білсем деймін

Күні: , 419 рет оқылды

Менің әкем Малай Ержігітов 1928 жылы дүниеге келген. Әкемнің ағасы Төлепберген Бисенғалиев 1923 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы соғысқа алынып, 1943 жылдың қазан айында хабарсыз кеткен.

Ағамыз соғыста жүрген кезде үйдегі Сәлима есімді апамызға хат жазып тұрған. Сол хаттар әлі күнге дейін сақталған. Майданнан келген соңғы хатқа Украина елі, Харьков облысы, Чучуев ауданы, Чкалов поселкелік кеңесінің мөрі  соғылған. Сол хаттан кейін хабар-ошар болмады. Артынан қара қағаз да келген жоқ. Әкем 1974 жылы өмірден өткенше ағасын іздеумен болды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Өмірден өтер шағында әкем өз бауырының жерленген жерін тауып, туған жерден бір уыс топырақ пен Құран кітап апаруымды маған тапсырған  болатын.

Соңғы жылдары әкемнің ағасы секілді соғыста із-түзсіз жоғалғандардың бір деректері табылып жатқандығын көріп, оқып отырамын. Сол игі істермен айналысып жүрген жандар менің ағам туралы да бір дерек тауып берсе екен деймін. Бір дерегі болып жатса, Орал қаласы, Әбілқайыр хан көшесі, №11 мекенжайға немесе 87051261522, 8775121 9567 ұялы телефонына  хабарласуы  сұралады.

Қайрат   ЕРЖІГІТОВ,

Орал   қаласы


Рабиға Закирқызы Зайнуллина

Күні: , 37 рет оқылды

Ұлы Отан соғысының ардагері Зайнуллина Рабиға Закирқызы 1923 жылдың  9 мамырында Камен ауданы 2-Шежін ауылында дүниеге келген.

Каменка ауылында 9 сыныпты бітіріп, Чебаково ауылында есепші болып жұмыс істеді. 1942 жылы соғысқа өз еркімен баруға өтініш білдіріп, Орал қаласынан Гурьев қаласына әскери дайындыққа жіберіледі. Әскери комиссариатта 3 айлық медбикелер курсынан өтіп, содан кейін тікелей Сталинград облысындағы Михайловка ауданындағы ұрыстарға қатысады. 1943 жылы Украин майданындағы Керчь бұғазынан өту соғыс қимылдарына қатысып, сонда жарақат алып госпитальге түседі. 1944 жылы Грузиядағы «Қызыл Тулы Анапа» дивизиясына жіберіліп, байланысшы лауазымын атқарды. Соғысты   Қырымда аяқтады.

1945 жылдың тамыз айында еліне қайтады. Тиф ауруының таралуына байланысты «Степной» совхозының Жемшін ауылында медбике болып жұмыс жасап,  Чебаково ауылындағы сүт-тауар фермасында қызметін атқарды.

1949 жылы Кирово ауылында дүкен меңгерушісі,  1950 жылы Мартыново ауылындағы фельдшерлік пунктінде медбике болып қызмет атқарды.

1977 жылға дейін «Буденный» колхозында аспазшы және дүкенші, содан кейін Ленин совхозында жұмысшы болып қызмет атқарды.

1977 жылдан зейнеткерлікке шығып, қазіргі уақытта Тасқала ауылында  қызы және немере, шөберелерімен бірге тұрады.

Мемлекеттік наградалары:

— Ордендері –  2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Құрмет» ордені.

— Медальдары – «За боевые заслуги», «За освобождение Украины», «Жуков» мерекелік медалі және мерейтойлық медальдармен марапаталған.


Оразай Мұқанұлы Күмісқалиев

Күні: , 38 рет оқылды

Бұл күнде тоқсан жасқа толған ардагер өткен өмірі туралы біраз сыр шерткен еді. Жаңақала ауданының сегізінші ауылында 1924 жылы 25 тамызда дүниеге келген екен.

Анасының айтуынша ол алты жасқа толғанда Чапай аудананың Ілбішін ауылына қоныс аударады. Сегіз жасынан бастап колхоздың жұмысын жасаған Оразай ақсақал өгіз жетелеп, жер жыртқан жандармен еңбектің дәмін татады. 1937 жылы Аралтал ауылына қоныс аударып, қой баққан шопандардың жұмысына көмектесіп, еңбекке араласыады. Содан кейін Бестау ауылында кітапханашы қызметінде болып, кейін 1941 жылы Аралталда Кеңес хатшысы қызметіне ауысады. «Соғыс басталған жылы ауылдағы бас көтерер ер азаматтар соғысқа аттанып жатты. Әйел азаматтар трактор да айдап, мал да бақты. Елдегі барлық жұмыс әйелдердің мойнына артылып, қиын-қыстау кезең басталды», — деп есіне алады ардагер. Оразай қаряның өзі 1942 жылы 18 тамызда Теректі аудандық әскери бөлімінен шақырту алып, соғысқа аттанады. 1943 жылдың 22 мамырына дейін Башқұртстанның Уфа қаласында 28-ші атқыштар полкінде әскери дайындықта болады. Сол жылы жиырма сегізінші мамырда соғысқа аттанады. Алтыншы шілде күні алғаш рет сұм соғыстың өртін көріп, Орловск-Курск майданына қатысып, жаумен шайқасқа түседі. Бұл жерде Батыс майданның 131-ші атқыштар полкінің құрамында ұрысқа шығады. Содан соң Польшада Познань қаласын азат етуге қатысады. Берлинге жақындағанда тағы да жараланып, далалық лазаретке түседі. Бұл жарақатынан емделіп шыққан соң, жауынгер авиация-техникалық қызметтің механигі бойынша маманданып, оқып шығады. Осы кезде Берлинді жан-жақтан қоршауға бұйрық беріледі.

Оразай Мұқанұлы  азат етілген территориялардағы тәртіпті ретке келтіргенше «Тыңшыларға өлім» құпия  бөлімнің құрамында ұзақ уақыт Германия жерінде қалады. Жауынгер авиация-техникалық қызметтің старшинасы шенімен отставкаға шығады.  Елге 1951 жылы келген соң Оразай қария Бестау ауылында екі жылдай қой бағып, бір жылдай басқарма болады. Сол кезде ауылда мал шаруашылығы бригадасы болған. «Жасым қырыққа келгенде Оралдағы ауылшаруашылық техникуміне оқуға түстім. Зоотехник мамандығын алып шықтым», — деген қария бірнеше жыл Пугачев ауылында зоотехник болып қызмет еткен екен. Түрлі саладағы жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамаған Оразай Мұқанұлының еңбек өтілі 47 жыл. 1984 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ардагер барлық мерейтойлық, әскери медальдармен марапатталған. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен және  Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Сондай-ақ «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің қырық жылдығы» медалі, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің елу жылдығы» медалі, «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Ерлік еңбегі үшін. Влвдимир Иличь Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалі, «Көп жылғы және адал еңбегі үшін» наградалары бар. Ардагер қазіргі жағдайына шүкіршілік айтып, еліміздің тыныштығын тілейді. Аудан басшылығының Ақсай қаласынан пәтер бергенін, бұл ардагер үшін үлкен қуаныш екенін айтқан Оразай қария соғыс өрті тұтанбасын дейді.


Николай Иванович Дондик

Күні: , 31 рет оқылды

1927 жылдың 10-шы қазанында Бөрлі ауданына қарасты Васильевка ауылдық округінде дүниеге келген. 1944 жылы Қызыл әскер қатарына алынды.

Қиыр шығыста орналасқан совет одағының маршалы К.А.Мерцкованың қол астында 40-шы миномет бригадасында минометшы болып, милитариаттық Жапон еліне қарсы соғысты. 1945 жылдың қыркүйек айында 24 күн ішінде Квантун әскері талқандалды. Ерлік істері үшін және Уссури өзенінен өту кезінде Хутоуск, Мишаньск, Пограничненск, Дуннинск жырылдарының, жапондықтар ауданының бекіністерін, сондай-ақ Мишань, Гирин, Яньцзы, Харбин қалаларын жеңіп алғаны үшін қызыл әскер қатарындағы Николай Иванович Дондикке И.В.Сталин Совет одағының бас қолбасшысы Генралиссимустың атынан 23.08.1945. жылдың №372 бұйрығы бойынша алғыс жарияланады. Ерлік істері үшін минометшы қатардағы жауынгер Н.Дондик «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі», «Жапондықтарды жеңгені үшін», т.б. он шақты мерейтойлық медальдаррмен наградталады. Соғыс аяқталғаннан кейін ол Уссурийск қаласында аға қару-жарақ шебері лауызымымен қызметін .жалғастырады. 1951 жылдың маусымында запастан жұмыстан өз еркімен  шығып  кетеді. 1955 жылы оргнабор жолдамасымен Қазақстан бекетіне, Бөрлі ауданына тыңайған жерлерді игеру мақсатымен келеді. Бөрлі строй басқармасында бригадир болып орналасады. 1970 жылы Алматы қаласында кран машинисі курсын аяқтап, Қазақстан бекетінің темір жолында жұмыс жасаған. 1975 жылдан бастап ремзаводта мысшы болып жасайды. 1987 жылдан бастап зейнет жасына шығады. Көп жылғы адал еңбегі үшін Дондик Николай Иванович «Целинаны игергенге 50 жыл», «Тыңайған жерлерді игеру», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталады. Қазіргі таңда ардагер Ақсай қаласында тұрады.


Сүйеу Ығылманұлы Ығылманов

Күні: , 51 рет оқылды

Ығылманов  Сүйеу Ығылманұлы 1924 жылы Гурьев облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген.  Ұлы Отан соғысының қиын жылдарында Орал педагогикалық училищесін бітірген.

Училище  бітірсімен  1942 жылы Ленинград әскери байланыс училищесіне  6 ай оқып, әскери жаттығуларды  Сүйеу Ығылманұлы 2-ші танк армиясының мотоатқыштар батальонының құрамында Украина  майданына жіберіледі. Майдан даласына түссімен ол өзінің соғыс қимылдарына оқытқан іс-тәжірибесі арқасында бірден  командирлер арасында  көзге түседі. Қым-қуыт соғыс ортасында жүріп,төгілген қан мен жаралы жауынгерлерді көресің. Атойлап шапқан біздің әскерлерге қарсы  ысқырынған оқ пен   аспаннан гүрсілдеп түскен бомбалар, суылдаған снаряд оқтары  73 жыл өтсе де әлі күні бүгінгідей есіме түседі. Мұз құрсанып, окопта жатып, жаумен бетпе-бет келген де ойыңда әрдайым елің — жерің, отбасың тұрады екен. Сондықтанда болар, қейбір қанды шайқастардан да аман-есен қалыппын дейді  кеудесі медаль-орденге толған ардагер ата.

Украинадан бастап немістерді түре қуған Совет әскерінің ерлігі мың кітапқада сыймасы анық дейді ол. Ардагер  мыңдаған жауынгерлермен бірге Румынияны, Польшаны,Германияны да шапқыншылардан азат ету жорығына қатысады. Соғысты Рейхстаг қабырғасында аяқтайды.  Майдангер  Қызыл жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдар Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдармен және басқа наградалармен марапатталған.


Құрманғали Ысқақов

Күні: , 48 рет оқылды

1941  жылғы Ұлы Отан соғысы басталып, «Бәрі Отан үшін, ел үшін!» ұранына үн қосып,  сол бір қиын-қыстау уақытта да  әскери білім мен ьтәжірибенің арқасында фашистік Германияны жеңу жетістігіне жетті.

Қаратөбелік 3752  жерлестеріміз Отан қорғауға алынды, олардан 1027-сі елге оралса, 956-сы хабар-ошарсыз кетті. 837-сіне  қаза болғандығы туралы  қара қағаз келді. 161 емханада ауыр науқастан көз жұмып, 400-ден астамы кадрлық әскери міндетін 1950 жылға дейін өтеп,  елге оралған. Қаратөбе ауданы орталығында «1941-1945» жыл – Мәңгі алау  құрылысы бой көтеріп, мәрмәр тақтасында 2193 жауынгердің және «Боздақтар» жинағының 5 томы 208 бетінде қаратөбелік 1948 елге оралмаған жерлестеріміздің есімдері жазылған. Қазіргі таңда аудан бойынша Ұлы Отан соғысының жалғыз ғана ардагері қалды. Аудан тұрғыны Құрманғали Ысқақұлы атамыз 1924 жылдың маусым айының 4 жұлдызында Қоскөл ауылының Шалғын ауылы, Сталин колхозында дүниеге келген. Сол жерден 5 кластық білім алған. Одан әрі оқи алмаған. Ауыл тұрмысы нашар болғандықтан колхоздың жұмысына ерте араласқан. Колхозда шөп шабуып, сабан айдап еңбек еткен. 1942 жылдың 4 тамызы күні әскери комиссариаттың шақыруы-мен соғысқа аттанған. Соғысқа шақырылғаннан күннен бастап аяқталғанға дейін 2-ші Украина майданының 282-ші атқыштар полкінде әуелі станокті пулеметші, кейін танкіні, ұшақты ататын ПТР-ді игеріп ұрыстарға қатысқан 1944 жылдың қаңта-рында ауыр жараланып, госпитальде жатқан. 1945 жылы Жеңісті Варшавада қарсы алған. 1945 жылы 2-ші топтағы мүгедектікпен елге оралған. Майдангер аға II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және мерекелік медальдармен марапатталған. 1996 жылы Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен, 1999 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945жж». Соғыс ардагері, 2000 жылы «1941-1945 ж.ж». Майдангер белгілерімен, 2004 жылы «Украинаны жаудан азат еткеніне 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, соғыстағы жерлестеріміздің ерлігін кейінгі ұрпаққа паш етудегі игі істерге өз үлесін қосып келет.


Жұмат Сәрсембиев

Күні: , 29 рет оқылды

Бүгінде қатары сиреген майдангерлердің жастық шағын соғыс ұрлады. Ел басына күн туғанда 18-20-дағы жалын жүрек жастар ортақ Отанды қорғауға аттанды. Солардың бірі – Жұмат Сәрсембиев ақсақал.

1942 жылы әуір айында Жаңақала ауданынан әскерге алынып, алдымен үш айлық даярлық курстан өтеді.

-Мен 1923 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жаңақала ауданына қарасты №8 Тұрдығұл ауылдық советінде дүниеге келіппін. Еңбек жолымды 1939 жылы орталау мектеп бітіргеннен кейін Талаптан колхозында мал санитары болып бастадым. Мақсатым мал шаруашылығына бейім қызмет жасау болатын. Ол кезде техника атымен жоқ, бірақ ауыл тұрғындарының қарқыны ерекше, қызу еңбек, салтанатты өмір, елге бейбітшілік орнаған кезең. Бұл басталған еңбек жолымды неміс басқыншыларының әрекеті өзгертті. 1943 жылы қаңтар айында біздің 65-атқыштар жаяу әскери полкін соғысқа аттандырды. Алдымызда қырғын соғыс жүргенімізге он шақты күн, өйткені тек түнде жүріп, күндіз тоқтап, пана іздейміз. Осылай біз Дон өзенінен қуалай келе жатқанымызды білдік, жолшыбай қираған қалалар мен отқа оранған ормандарды көрдік. Арамызда кейбір қызу қанды жігіттер тезірек соғысқа кіріссек екен деп келеді. Көңілдерін үрей билегендер де кездесетін. Менің жасым жиырмаға қараған шағым, соғысқа аттанарда анамның «Жасаған ием жар болсын!» деген сөзін медеу етіп келемін,-деп өткенді еске алды ақсақал.

Содан олар пойыздан түсіп, төрт тәулік жүріп, Ростов қаласына жеткенде жаумен бетпе-бет кездеседі. Айнала зулаған оқ, ұшақтардың гүрілі, жарылған бомба, снаряд. 1943 жылы Р.Малиновский жетекшілік еткен «Ростов шабуылы» операциясының нәтижесінде қаланы жаудан тазартады.

Жұмат Сәрсембиев 3-Украина майданы №58 атқыштар дивизиясы құрамында Орел, Курск, Прохоровка, Усманов, қалалары мен бірнеше селоларды жаудан тазартуға қатысты.

-1943 жылдың ақпан айының 13 жұлдызында Ростов қаласын азат болғаны жарияланды. Генерал, кейін маршал болған Р.Я.Малиновский жееткшілік еткен «Ростов шабуылы» опреациясы негізінде жүзеге асты. Сол күні қираған үйлерді барлап шығуға бұйрық берілді. Бір үйдің астынан жертөледен шашы жалбыраған жүдеу әйел шыға келді. Бірнеше күннен аш, дәм татпаған қасындағы 2-3 жасар сәби әскери киінген біздерді көріп, жылап жатыр. Әйел де кеңес жауынгерлерін танып, «Кетпеңіздерші ана қанішерлер келіп ойран салды» деп жалбарынды. Көмек өолын созып, барынша көмектестік. Мұнан кейін Усманов қаласын азат ету кезінде команда болып алға жылжып келеміз. Төбемізден бомба жауып, жерде оқ қарша борауда. Бір кезде аяғым ұйып қалып жүре алмай қалдым. Сөйтсем сол аяғыма снаряд жарылғышы, оң аяғыма оқ тиген екен,-дейді сол ауыр сәтті еске түсірген Жұмат ата әңгімесінде. 1944 жылы Жұмат ақсақалға әскери командирлердің бірі келіп, әскери тапсырманы ойдағыдай орындағаны және жау қолында қалған қаланы тазартуда көрсеткен ерлігі үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттап, кеудесіне тағады. Госпитальде ұзақ емделіп, 1944 жылы елге оралады.

Елге оралған атамыз денсаулығы түзеле бастасымен еңбекке араласады. Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор, кейін 1945-1947 жылдары Фурманов ауданы ІІБ-інде өрт инспекциясының бастығы болып қызмет атқарды.

Өз өтініші бойынша басшылық қызметтен босап, Фурманов аудандық ауылшаруашылығы мекемесінде құрылыс технигі болып істейді. Кейін Орал ауылшаруашылығы техникумына мал дәрігері мамандығына оқуға түсіп, ойдағыдай бітіреді. Ауданда мал дәрігері, Теңдік ауылдық кеңесінде учаске меңгерушісі, одан кейін «Сламихин» МТС-інде өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1955 жылы «Красный партизан» қазіргі Ақпәтер ауылдық округінің №3 фермасында мал дәрігері болып, он сегіз жыл қызмет істейді. Өзінің қызмет атқарған жылдарында Жұмат атамыз Кіші Талдықұдық ауылында 67 тұрғын үй, клуб, медпункт, кітапхана құрылыстарын салуға атсалысты. Жоғары вольтты, су құбыры, жол қатынасы жақсарды, телефон байланысы орнап, халық саны мен жұмыс қолы көбейді. Фермада мал шаруашылығы дамып, мал өз төл есебінен өсті.

-1962 жылы мен №3 ферманы қабылдап алғанда ферма орталығында 10-12 жадағай үй, бастауыш мектеп, дәрігерлік орын, кеңсе ғимараты болды. Жалпы ферма көлемінде 13 мал қыстағы және қасында бір-бір үй болды. Ферманың шаруашылығын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономика мен мәдени шараларды іске асыруға кең көлемде жоспар жасап, үлкен шараны қолға алдым, яғни ол кезеңде шешен халықтары араласып, жұмыс жасайтын кез еді. Мен осы халықтан 10-12 адам есебінде 3 бригада құрап құрылыс жұмыстарын бастадық. Тас соғып үй салу, мәдени құрылыстар салуды қолға алынды. Сөйтіп, №3 фермада құрылыс жұмыстары 1962 жылдан 1985 жылға дейін қарқынды жұмыстар жүру нәтижесінде жоғары да айтылған жұмыстарға қол жеткіздім,-дейді кейіпкеріміз.

1979 жылы №3 фермада меңгеруші болып қызмет істеп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Жұмысын абыроймен атқарып, партия тапсырмасына адал болды. Өзінің еңбегі еш ескерусіз қалған жоқ. Талай мәрте марапатқа ие болып, Еңбек Қызыл Ту орденімен көптеген медальдар сол еңбегіне берілген баға.

Ұл-қыздан тараған 20 немере-жиен сүйіп отырған ақсақалдың тілегі – біреу. «Тәуелсіз еліміз аман болып, болашақ ұрпақ соғыс отын көрмесін. Ел болашағы — жастардың ғұмыры ұзақ болып, еліне қалтқысыз қызмет етіп, бейбіт заманда өмір сүрсе екен деп тілеймін» — дейді ол.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ,

Жалпақтал ауылы


Екатерина Даниловна Необутова

Күні: , 30 рет оқылды

Бейбіт заманда жарық дүниеге көрініп, тыныш елде өмір сүріп отырған біздің замандастарымыз бақытты. Ол үшін біз кешегі сұм соғыста ерлік көрсеткен, от пен оқтың ортасынан аман шыққан аға ұрпаққа қарыздармыз. Сол екінші дүниежүзілік соғыста ерлермен қатар майдан даласында қыздар да қолына қару алды. Жас ғұмырын ел қорғауға арнаған  сондай жанның бірі – Екатерина  Даниловна Необутова.

Ол 1925 жылы Украинаның Кировград облысына қарасты Ново-Архангелск ауданының Скалиев ауылында Данил және Груша Кисилевтардың отбасында дүниеге келген. Сол жерде жетісыныптық білім алған соң Одесса қаласындағы медицина техникумына оқуға түседі. «Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Сол арман жетегімен Одессаға оқуға да түскенмін. Бірақ соғыс басталып, оқуымның тек бір курсын ғана аяқтадым. Одессада өзімнің болашақ жарым Евгений Семеновичті кездестірдім» деп еске алады Екатерина Даниловна.

Осылайша соғыс басталған соң 17 жасар Катерина еліне қайтады. Ол жақта партизандар отрядында болады. Украина жаудан азат етілген соң әскерге шақырылып, радистер курсын аяқтайды да, 1944 жылы Румыния жерінен бір-ақ шығады. Алыстағы Румынияда Евгений Семеновичпен тағы да кездеседі. «Женя госпитальдан шығып, өз қаруластарына бара жатыр екен. Одессада танысқандағы берген мекенжайыма хат жазып тұрыпты. Оған жауапты сіңлім беріп отырған. Өйткені мен партизандар отряды құрамында болатынмын ол кезде. Одессада бір рет кездескенімізбен, Румынияда бір-бірімізді бірден таныдық. Бар болғаны бір сағаттай әңгімелесе алдық. Өйткені оған өз қаруластарын қуып жету керек болды» дейді ардагер әжей. Соғыстың бар қиындығын бір адамдай көрген Екатерина Даниловна радистер отрядында жау тылында да болған. «Бізді түн демейді, күн демейді, дабылмен тұрғызып, жау тылына да алып кететін. Ұшақпен алып барып, парашютпен лақтырып кетеді. Кей ер адамдар секіруге қатты қорқатын, ондайларды офицерлер құйрығынан бір-ақ тебетін. Ал мен еш қорықпадым. Аспанда қалықтап жүрген сондай ұнайтын. Бар уайымым орманда тал-терек үстіне қонбасам екен» деген майдангер жерге қонысымен, парашютті жинап, жау күші туралы ақпаратты біздің әскерге беріп, кейде шайқастарға да түсетін кездер болғандығын айтады.

Осылайша Украина жерінде, Румынияда әскери борышын өтеген Екатерина Даниловна жеңісті Австрия жерінде қарсы алады. Бірақ  елге бірден қайтпайды. Бір жыл әскерге жаңадан алынған сарбаздарға радист кәсібінің қыр-сырын үйретеді. Кейін еліне келеді. Бір қыстаған соң 1947 жылы Одессада танысқан, Румыния жерінде қайта көріскен Евгений Семенович келіп, әке-шешесінің ақ батасымен қызды алып кетеді. «Ел арасының алыстығына қарамастан, еріп кете бердім. Қазақ жеріне келген соң Женя еңбек етті. Отбасымызбен Шыңғырлау жеріне көшіп бардық, сол жақта тұңғышым көрінді. Қазақ жеріне  келгеніме еш өкінген емеспін. Шыңғырлау, Теректі, Зеленов аудандарында еңбек еттік. Елдің қай жеріне барсақ та, тыныш, барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тату, бес баламыз да білімдерін алды, жұмыстары бар, осыдан артық не керек? Тек жас күнімде парашютпен көп секіруімнен болар, қазір жүріп-тұруым қиындап кетті. Әрі қарттық қой», — деп қояды сөз арасында майдангер әжей.

Иә, жастық шақтарын соғыс жалмаған аға ұрпақтың ерлігі мен еңбек жолы – бүгінгі  жастарға өмірлік өнеге.


Мұса Туманов

Күні: , 29 рет оқылды

Туманов Мұса 1926 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген.

1935-1942 жылдары Саралжын орталау мектебінде оқып, жетіжылдықты бітірген. 1944 жылдың қараша айында армия қатарына алынып, 1945 жылдың ақпан айында Орынбор қаласында соғыс өнерін үйренген соң, Польша мен Германияның шекарасында соғысқа қатысады. 1945 жылдың 2 мамыры күні Германияның орталығы Берлинді алуға қатысады. 1950 жылы елге оралып, 1950-1986 жылдары Жаңақалада Обаға қарсы күрес мекемесінде  еңбек етіп, зейнет демалысына шығады.

Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі ″Отан соғысы» ордені, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.


Арыстанғали Қойысов

Күні: , 28 рет оқылды

Қойысов Арыстанғали 1925 жылдың 15 қыркүйегінде дүниеге келген. 1940 жылы әуелі Үштаған жетіжылдық мектебін, кейін сырттай оқып орта білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1942-1943 жылдары ауданымыздың Э.Тельман атындағы ұжымшарында бастаған.

Ұлы Отан соғысына 1943 жылдың 16 наурызында Орынбор қаласындағы құрылған 61-ші атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болып қатысады. Соңынан 1152-ші атқыштар полкіне ауысып, маршалл Конев басқарған 1-ші Украина майданы құрамында 1944 жылдың қаңтар айында Калинин облысына қарасты Кривой Рог қаласы түбінде соғысқа кіреді. Польша, Чехославакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуде ерлікпен шайқасты. Соғыстан кейін бейбіт өмірде ұзақ жылдар «Айдархан» кеңшарында бөлімше меңгерушісі болып абыроймен қызмет атқарған. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және көптеген мерекелік, жауынгерлік медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Қазір құрметті демалыста.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика