Қарауыңдағылардан ақша алуға болмайды!

Күні: , 84 рет оқылды


Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің біздің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті.


Үшбу жиында Ақжайық және Сырым аудандарының жер қатынастары бөлімдері басшылары мен Орал қаласының білім беру бөлімі басшысының орынбасарына қатысты тәртіптік істер қаралды. Сырым ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы құрылымдардың жерге қатысты заң талаптарының орындауына жүргізілген тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты ұсынысы негізінде, Сырым аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Өтеген Уашевқа қатысты тәртіптік іс қаралып, нәтижесінде бұл азаматтың іс-әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін ағаттық анықталмауына байланысты оған қатысты қозғалған тәртіптік іс тоқтатылды.

Ақжайық аудандық жер қатынастары бөліміне жүргізілген тексеру барысында аталмыш бөлімнің басшысы Айдынғали Елеусіновтың тарапынан рұқсат беру түріндегі мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызмет алушының құқығына нұқсан келгендігі анықталды. Ол бір кәсіпкерлік нысан атынан түскен құжаттарды қарау барысында, әлгі мекемеден түскен жазбаша өтінішті «байқамай» қалған. Ал шын мәнінде қажетті құжаттар түгел болған. Сол себепті мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін А. Елеусіновке «лауазымды қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Ақжайық ауданының әкіміне ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.

Тілге тиек болып отырған кеңес отырысында қарауындағы қызметкерлерден ақша алу фактісі де қаралды.  Нақтырақ айтқанда, Орал қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанна Сахипкерееваға қатысты мәселе күн тәртібіне қойылды. Оған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының талаптарына сәйкес емес әрекет жасағаны үшін, құзырлы мекеме тарапынан қомақты айыппұл салынған. Осы айыппұлдан құтылу үшін Сахипкерееваға әріптестері ақша жинап берген көрінеді. Әдеп жөніндегі кеңесі ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 50бабы бірінші тармағының екінші тармақшасында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтiретін әрекеті үшін Ж. Сахипкерееваға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тү-ріндегі тәртіптік жаза қолдану үшін Орал қаласының білім беру бөлімінің басшысына ұсыныс беру жөнінде шешім қабылданды.

ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің басшылығы БҚО Әдеп жөніндегі кеңесінің биылғы 17 шілде күнгі №33 шешімі негізінде Батыс Қазақстан облысының білім саласын бақылау департаменті басшысына қолданылған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуға келісім беру туралы ұсыныс хаты талқыланды. Бұл бойынша мерзімінен бұрын тәртіптік жазаны алуға келісім беруден бас тарту туралы шешім қабылданды.

Өз тілшіміз


Алаяқ капитан сазайын тартты

Күні: , 59 рет оқылды


Орал қалалық сотының полиция қызметкері У. «Алаяқтық, яғни лауазымды тұлғаның қызмет бабын пайдалана отырып, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру және адамды ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан көрiнеу жалған сөз жеткiзу» қылмыстық құқықбұзушылықты жасағандығы үшін, үш жыл алты айға бас бостандығынан  айыру жазасына кесті.


Сотта анықталғанындай, полиция қызметкері У. әкімшілік құқық бұзушы Ф.-ға көлік құралын басқаруға құқық беретін куәлігін қайтаратынын және әкімшілік  жауапкершілікке тартылмайтынын  айтып, 80 000 теңге талап еткен.

Кейін аталған соманы У. өзінің қызметтік бөлмесінде алып,  қажетіне жаратқан.

У. өзі жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын түсініп, қылмыстық істен құтылу мақсатында БҚО ІІД бастығының атына Ф.-дан алған 80 000 теңгені өзіне иемденбей, пара ретінде әкімшілік тәжірибе инспекторлары З. мен А.-ға апарып бергені туралы көрінеу жалған арыз жазған.

Бұл ретте соңғылар У.-дан ешқандай ақшалай қаражат алмаған және оның қылмыстық әрекеттеріне  ешқандай қатысты болмаған. Сөйтіп, У. З. мен А.-ға ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп қасақана жала жапқан.

Осы жасаған қылмысы үшін У. өзі сотталып қана қоймай, полиция капитаны арнаулы шенінен айырылды. Алайда әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қылмыстың  соңы  жаза.

Батыс  Қазақстан  облыстық прокуратурасының  баспасөз  қызметі


Күз келсе, ұрының «тісі қышиды»

Күні: , 92 рет оқылды


Күзде даладағы, қолдағы малдың қоңы артып, суық қолды сұғанақтардың көз құртына айналады.


Күз айларының және бір қиындығы ауа райының құбылмалылығы. Күз жаңбыры, тұманды күндер, балшықты жол – бәрі-бәрі қолды болған малдың табылуын қиындататын факторлар. Сондықтан «Өз-өзіңе мықты бол, ауыл-үйді ұры етпе» деген халық нақылы еске түседі. Қолдағы, түздегі малға барынша абай болған  абзал, маңдай тер, адал еңбекпен жинаған ырыздықтың ұстағанның қолында, тістегеннің  аузында  кетпеуіне  жол  бермеу  керек. Бұл орайда  аудандық  ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметкерлері нақты шаралар  жүргізіп жатыр десек те, «айла алтау болғанда, қулық жетеу» болатынын ұмытпайық.

Жуырда жергілікті полиция,  аудандық ветеринария мамандары, жергілікті учаскелік  инспекторлармен бірлесе отырып, «Мал ұрлығына қарсы жол картасын» жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық жоспары аясында рейдтер ұйымдастырды.

Рейд барысында Қарағаш, Алмаз, Лубен және Белогор ауылдық округтері аумағындағы күдікті, таныс емес және нөмірлік белгісі өзге автокөліктер, әсіресе, мал тиеген көліктер жіті тексерілді. Жалпы, бұл жұмыстар ауданымыздың барлық ауылдық округтері бойынша жүріп жатыр. Сондай-ақ аудан орталығындағы жеке кәсіпкер М. Намиевтің ет дүкені мен мал сою пунктінде және А. Құлбатыровтың ет дүкенінде де болып, мал иелерінен сату кезінде алынған, малға заңды иелігін растайтын құжаттары тексеріліп, қаралды.

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына нақты түсіндірілген жеке малдың сатылуы кезінде талап етілетін заңдық құжаттар, ветеринариялық анықтамалардың болуы туралы жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр.

Тексеруден өткен көліктердегі мал басы түгел құжатталған, заң талаптарына сәйкестігі анықталды. Бұл тұрғыда, мұндай ауқымды жұмысты, яғни мал басын дұрыс құжаттандыру жұмыстарын жүргізіп отырған ветеринариялық бөлімдердің жұмысы көңіл тоғайтады.

Рейд барысында «Шыңғырлау — Ақсай» және «Шыңғырлау — Алмаз» жол бағыттары да қамтылды.

Күз кезінде қараусыз жүрген малдың жиірек жоғалатыны көпке аян. Бұл туралы аудан әкімшілігі, аудан прокуроры және аудандық ішкі істер бөлімі бірлесе отырып, «Жеке меншік құқығын қорғау және мүлік ұрлығына қарсы күрес» жөніндегі ведомоствоаралық кеңестің мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жол картасы бағдарламасы аясындағы шаралар туралы хаттамасының міндеттері үздіксіз орындалып келе жатқанын бұған дейін де айтқан едік. Бұл жұмыстар осы деңгейде  алдағы  уақытта  да жалғасын таба береді.

Ал малы бар ағайынға айтарымыз, қорадағы малыңа, түздегі түлігіңе сақтықты күшейткен жөн.

Бекежан  ЕЛЕСБАЕВ,

Шыңғырлау  АІІБ-ның

ЖПҚ бастығы,

полиция  подполковнигі


Аутобарымташылар ұсталды

Күні: , 41 рет оқылды


Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жақында екі бірдей көлік  ұрлығы ашылған.


Әлқисса, биылғы жиырмасыншы қыркүйек күні белгісіз біреу Орал қаласындағы Достық даңғылының бойында тұрған «Фольксваген Пассатты»  заңсыз тақымына басып, айдап кеткен. Дереу 1988 жылы туған азаматқа тиесілі үшбу көлікті іздестірілу басталды. Жедел-іздестіру іс-шарасының барысында  бұрын да осындай қылмыстарымен ішкі істер құрылымдарының «қара тізіміне» ілігіп, есепте тұрған 1994 жылғы аутобарымташы ұсталды. Бұған қоса Шыңғырлау  ауылында да белгісіз біреу мейрамхананың алдында тұрған «Лада-Ларгус» ныспылы көлікті рұқсатсыз айдап әкеткен. Полицейлердің білікті  іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, бұл заңға қайшы әрекетке тікелей қатысы бар 1993 жылғы  әумесердің әрекеті әшкереленіп, ұсталды. Қолды болған қос темір тұлпар иелеріне қайтарылып, аутобарымташылардан тұрғылықты мекенжайларынан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынған көрінеді.

 

Егер  темір  тұлпарым  қолды  болмасын  десеңіз…

БҚО ІІД-ға қатысты баспасөз қызметінің дерегіне сүйеніп сөз саптар болсақ,  ағымдағы жылдың түгесілген 8 айы ішінде облыс аумағында 100 аутокөлік ұрлығы тіркелген. Осыған орай мамандар мынандай сақтық шараларын ұсынады:

– Көлігіңізді тіпті 5 минутқа қалдырып бара жатсаңыз да, көлігіңізді күзет дабылына қосыңыз;

– Егер сіз жол кептелісіне тап болсаңыз, көлігіңіздің артқы есіктері мен терезелерінің жабықтығына көз жеткізіңіз;

– Құнды заттарыңызды аутокөлік салонының көрінетін жеріне тастамаңыз;

– Алда-жалда аутокөлігіңізді гаражға немесе күзетілетін аутотұрақтарға қою мүмкін болмаған жағдайда, көлігіңізді түнгі уақытта жарық жақсы түсетін жерге қойғаныңыз жөн. Ең болмаса, осы қарапайым ережелерді орындап жүрсеңіз, аутобарымташылардың сіздің темір тұлпарыңызды тақымына заңсыз басу ықтималдығы барынша азаяды. Егер сіз ұрлық-қарлыққа куә болсаңыз немесе әлгіндей қылмыс атаулыдан жапа шексеңіз, дереу ішкі істер құрылымдарына хабарласыңыз. Өйткені бұл қылмыстың ізін суытпай ашылуына тікелей септігін тигізетін өте маңызды жайт.

Дайындаған: Беркін САЛЫҚҰЛЫ


Қару иелеріне ескерту!

Күні: , 70 рет оқылды


Орал қаласының Д. Қонаев атындағы шағынауданында «ҮКІ» түнгі іздестіру тобының қызметкерлері үш күдіктіні ұстады.


Оларды тексеру барысында автомагнитолла, жиналмалы пышақ, фонар, «ИЖ» маркілі тегіс ұңғылы қару және оқтары бар оқшантай (патронташ) табылып, тәркіленді.

Мән-жайды тексеру барысында ұсталған азаматтардың еш жерде жұмыс жасамайтын 20-22 жасар Орал қаласының тұрғындары екені және тәркіленген заттардың сол күні түнде «УАЗ» автокөлігінен  ұрланғаны  белгілі  болды.

Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда.

Ал қарудың иесі азаматтық қаруды және оның оқ-дәрілерін сақтау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі барлық (ойық, тегіс ұңғылы) қару иелеріне азаматтық қару және олардың оқ-дәрілерін сақтау туралы ҚР заңнамасының талаптарын сақтау қажеттілігі туралы ескертеді.

БҚО  ІІД  ЖПҚ


Ветеринарлық қызмет жалған орындалған

Күні: , 59 рет оқылды


Орал қалалық прокуратурасымен 2013-2017 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес — 2017» бағдарламасын жүзеге асыруда заңдылық пен тиімділіктің сақталуын тексеру барысында ШЖҚ «Орал қалалық ветеринариялық стансасы» МҚК жетекшісі К. Төлеуішевпен лауазымдық  өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі анықталды.


Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2014-2015 жылдары «Жайыкплемсервис» ЖШС сиырды жасанды ұрықтандыру үшін мемлекеттік бюджеттен 1 361 297 теңге (соның ішінде 2014 ж. — 1 083 650 теңге, 2015 ж. — 277 647 теңге) бөлінген. Ұрықтандыру жұмыстарын жүзеге асыру үшін аталмыш серіктестік ветеринариялық стансамен шарт  жасасқан.

Қалалық прокуратураның қызметкерлері ұрықталған ірі қара малдың иелерінен жауап алу барысында К. Төлеуішевтің нұсқауымен аталмыш ветеринариялық стансаның қызметкерлерімен аталған  жұмыстар  жалған орындалғанын  анықтаған.

Биылғы сәуірдің алтысында қалалық прокуратурамен аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 1-бөлігімен тіркеліп, тергеуді ұйымдастыру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жолданды.

Орал қалалық сотының биылғы 22 тамызындағы үкімімен К. Төлеуішев ҚР ҚК-ның 361-бабының 1-тармағымен (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) және 369-баптың 1-тармағымен (қызметтік жалғандық жасау) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қылмыстық жолмен не сол арқылы алынған қаражаттарға табылған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда лауазымдарды қызмет  атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, нақты түрде бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Өз  тілшіміз


Ақша жинаудың ақыры

Күні: , 52 рет оқылды


Орал қалалық соты «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының бұрынғы директоры Дәулет Оралымбековке қатысты айыптау үкімін жария етті.


БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, директор 2015-2016 жылдары қызмет бабын асыра пайдаланып, өзіне пайда табу мақсатында аталмыш филиал қызметкерлеріне төленетін сыйақыдан — 1,541 млн. теңге, жалақыға қосылатын үстемеақыдан — 1 638 592 теңге және іссапар шығындарынан 1 588 901 теңге заңсыз ақша жинауды ұйымдастырған. Сонымен қатар филиал қызметкерлері іссапарда небәрі үш күн болса да, оған облыс аудандарында 54 күн  болды деп, ресми құжатқа көрінеу жалған деректер енгізген. Іссапарға деп алынған қаржы Д. Оралымбековке беріліп отырған.

Д. Оралымбеков ҚР ҚК-ның 362бабы 4-бөлімі 3-тармағы (өзіне пайда табу мақсатында қызмет бабын асыра пайдалану) және 369-бабы 1-бөліміне сәйкес (қызметтік жалғандық) айыпты деп танылып, ҚК-ның 58-бабы 3-бөлімі қолданылып, мүлкін тәркілеумен және өмір бойына мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырумен бірге 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Оған қоса сотталушыдан «Қазгидромет» РМК пайдасына 1 588 901 теңге өндірілді. Филиал қызметкерлерінен қаржыны өтеу туралы талап-арыз түскен жоқ.

Сот үкім тағайындаған кезде оның асырауында кәмелетке толмаған баласының бары  ескерілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Арман  БОЛАТҰЛЫ


Қаржы пирамидасы кеңселері жабылуда

Күні: , 100 рет оқылды

Жыл басынан бері облыста 40 экономикалық қылмыс тіркелген. Олардың басым бөлігін жалған есепке алу – бақылау маркаларын жасау және салық төлемдерінен жалтару құрайды. Сонымен қатар жалған ақша жасау мен несиені мақсатсыз пайдалану және жалған кәсіпкерлік фактілері де тіркелген. Облыста орын алған экономикалық қылмыстар туралы жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БҚО прокуратурасының екі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұсағалиев пен аға прокурор Руслан Жұматаев баяндады.


Бүгінде өзекті болып тұрған экономикалық қылмыстың бірі – қаржылық пирамида. Прокурорлардың айтуынша, көп жағдайда зардап шегушілер құзырлы органдарға жүгіне бермейді. Көлеңкелі кәсіппен күрестің нәтиже бермей отырғаны да содан. Жыл басынан бері «QuestraWorld» деген атаумен танымал бір қаржылық пирамиданың жұмысы заңсыз деп танылып, Орал және Ақсай қалаларындағы сауда үйлерінде орналасқан кеңселері жабылған. Аталған компанияның қызметкерлері тұтынушыларға кеңес беру, шоттарды тіркеуге жәрдемдесу, банк арқылы ақша қаражатын аудару секілді қызметтермен заңсыз айналысқан. «QuestraWorld» қызметі еліміздің төрт қаласында тіркелген. Сондықтан қазір бұл іске қатысты тергеу-тексеру амалдарымен ҚР Ішкі істер министрлігі айналысуда.

Құзырлы орган мамандары алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қаржылық пирамидалар мен адал ұйымдардың аражігін айыра білудің маңыздылығын азаматтардың қаперіне салады. Біріншіден, қаржылық пирамида кеңселері адамдарды жаппай үлкен пайдаға кенелтуге уәде беру арқылы арбайды. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай бірден үрей туғызуы қажет. Екіншіден, қаржылық пирамиданың бастауында шетелде тіркелген белгісіз біреулер тұрады немесе құрылтайшысы мүлде болмайды. Ал өкілдері қаражат салушыларға өздерінің бай әрі беделді әріптестері туралы әңгімелеп, олардың әдемі өмірін насихаттаудан еш жалықпайды. Үшіншіден, олар жаңа тұтынушылар үшін қосымша қомақты табысты уәде етеді екен.

Осыған орай БҚО прокуратурасы азаматтарға егер күмәнді қаржы ұйымдарымен жолыққан жағдайда алдымен құқық қорғау органдарына хабарласуды ескертеді. Кездесу барысында журналистер тарапынан көше толған букмекерлік кеңселер мен соңғы кезде көбейіп кеткен тұрғын үй кооперативтерінің қызметтері қадағаланса деген ұсыныстар айтылды.

Жалпы, сегіз айдың ішінде түрлі сипаттағы экономикалық қылмыстың салдарынан мемлекетке 1 млрд. теңгеден астам залал келген. Қазіргі таңда оның 580 млн. теңгесі өтелген. Кінәлі тұлғалардың мүліктеріне 183 млн. теңге көлемінде тыйым салынған. Облыста жасалған экономикалық қылмыстардың алпыс пайыздан астамын салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтару құрайды. Іс-шаралар нәтижесінде төлемдердің 205 млн. теңгесі мемлекет есебіне өндіріліп алынған. Он тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, тоғыз қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шыққан, бір қылмыстық іс сотта қаралуда.

Динара ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал өңірі»


Ұлттық ұлан жауынгері ұрыны ұстады

Күні: , 59 рет оқылды

Аманжолов


Оралда уақытша бейімдеу және жинақтау орталығының кезекшісі – ҚР Ұлттық ұланы 5517-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальоны әскери тобының бастығы, сержант Асқарбек Аманжолов мәліметтерді тексеру барысында Б. деген азаматтың тергеуден бой тасалап, ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес (ірі көлемдегі ұрлық) іздестірілуде жүргендігін анықтады.


«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның нәтижесінде  14 шілде күні сағат 17.30 шамасында Бөрлі ауданы Бумакөл ауылында тұратын Б. Орал қаласындағы уақытша бейімдеу және жинақтау орталығына жеткізілді. Содан кейін ұсталған күдікті Орал қалалық ішкі істер басқармасына берілді. Тексеру барысында 1981 жылғы Б-ның Орал қаласында жасалған ұрлық бойынша іздестірілуде жүргендігі белгілі болды.

Елжан ЕРАЛЫ


101 миллион пара алған

Күні: , 91 рет оқылды

pogudx5v6vipcg3a5.706d61ba


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің хабарлауынша,  2017 жылы 13 шілде күні  БҚО бойынша МКД экономикалық тергеу қызметі қаржылық салада құқықбұзушылықтарды тергеу басқармасы заңсыз мекемелерді қаржыландыруға қарсы бөлімінің басшысы 1981 жылы туған  Н.  Урналиев қамауға алынған.


Ол  2016 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдың шілде айы аралығында қызмет бабын пайдаланып,  «К» ЖШС-ның құрылтайшысынан сотқа дейінгі тергеуді қысқартуға ықпал ету және сотта салық сомасын түзету жөніндегі азаматтық іс бойынша мәселені оңды шешу, сонымен қатар одан әрі кәсіпорынға қолдаушылық ету үшін бірнеше рет аса ірі мөлшерде жалпы көлемі 101 миллион теңге пара алған.

Осы жайттар бойынша, Н. Урналиевтің іс-әрекеті ҚР ҚК-ның 366-бабының 4-бөлімінде көрсетілген қылмыс белгілері бойынша дәрежеленді.

взятка

Тергеу жүргізілуде. Басқалай ақпарат тергеу жүргізілуіне байланысты таратылмайды.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика