Жеті бас ірі қараны үптеп кеткен

Күні: , 103 рет оқылды


Теректі ауданының Ақжайық ауылында төртінші қаңтар күні түнде белгісіз біреулер жеті бас ірі қараны қорадан ұрлап әкеткен.


Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті «Ф»-ны ұстаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Облыстық  ІІД-ның  баспасөз  қызметі


Ауылдағы азғындық

Күні: , 77 рет оқылды


Шыңғырлау ауылындағы Рабочая көшесінің бойында 10 қаңтар күні сағат 20.30 шамасында белгісіз біреу кәмелетке толмаған қыз баланы зорламақ болған.


Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері іздестіру-тергеу шаралары барысында күдікті «Н»-ны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Киік атқан тұрғын ұсталды

Күні: , 78 рет оқылды


Біздің республиканың бүкіл аумағында киіктерді, олардың дене бөліктері мен туындыларын пайдалануға 2020 жылға дейін заң жүзінде тыйым салынған. Заңды белден басқандарға қылмыстық жаза тағайындалып, ірі мөлшерде айыппұл салынатындығына қарамастан, облыста заңсыз киік ату-аулау әлі азаймай тұр. Жуырда сайын даланың еркелері болып есептелетін киіктерді аулаған тағы бір қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды.


БҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері мен «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторлары бірлескен рейдтік шаралар барысында 12 қаңтар күні шамамен сағат 13.00-де  Жаңақала ауданының Көпжасар ауылдық округінің маңында мүйізі кесілген жеті киіктің ұшасын тауып алған. Оқиға орнын жіті тексеру кезінде мүйізі кесілген және 72 киіктің ұшасы табылған. Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімі және «Охотзоопром» қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде 1973 жылы туған «Г» есімді Ақжайық ауданының тұрғыны ұсталды.

Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір осы оқиға бойынша Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімімен ҚР ҚК 337-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.


Аттылы взвод ұрыны екі аттатпады

Күні: , 44 рет оқылды


Орал қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділхалықованың айтуынша, атты полицейлер аутокөлік айдап кеткен ұрыны ізі суымай жатып ұстаған.


Бұл оқиға былай болған. Қаңтардың 14-і сағат 12.00 шамасында Орал қалалық ІІБ-ның жедел кезекшісіне көліктің қолды болғаны жөнінде суыт хабар түседі. Сол мезгілде хабарлама бойынша Зашаған кентінің «Балауса» шағынауданын аралап жүрген аттылы взводтың екі сақшысы, полиция аға сержанты Хамит Сейітқалиев пен полиция кіші сержанты Нұрбек Рахымжанов жасыл түсті «ВАЗ-2106» көлігінің үстінен түседі. Бұларды байқап қалған ұры көліктің салонынан шығып қаша жөнеледі. Бірақ аттылы взводтың полицейлері оны екі аттатпай-ақ құрықтайды.

Шаған ІІБ көлікті айдап кету фактісін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізді. Оңай жолмен көлікті болғысы келген 1978 жылғы азаматтың бұған дейін де бірнеше рет спирттік ішімдік ішіп, тентектік жасағаны анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөліміне сәйкес іс тергелуде.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ


Пәтерін сатамын деп, бар ақшасынан айырылды

Күні: , 86 рет оқылды


Адамдарды аяқ астынан сан соқтырып кететін  алаяқтар тыйылмай тұр.  Жуырда пәтерін  саттыққа шығарған Орал қаласының тұрғыны  есеп шотындағы 17 миллион теңгесінен қағылып, жер сипап қалды.


Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға былай басталған. 2017 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде қала тұрғыны үйін сатамын деп әлеуметтік желілерге хабарландыру берген. Хабарландыру бойынша іле-шала бейтаныс азамат хабарласып, пәтерін сатып алатындығын жеткізеді. Сондай-ақ олар «Сіздің есеп шотыңызға пәтер құнының жарты ақшасын  аударамыз.  Ол үшін сіздің жеке есеп шотыңыз бен жеке куәлігіңіздің нөмірлері керек» деп пәтер иесінің сеніміне кіреді. Алаяқтардың айтқанына сенген азамат  жеке басын куәландыратын құжатын, банкомат карточкаларын фотоға түсіріп, ватсап желісі арқылы салып жібереді. Алаяқтар оны мобильді деректерге бекітіп, азаматтың есеп шотындағы 17 миллион теңгені аударып алады. Содан кейін қылмыскерлер банк қызметкерлеріне күдік ұялатып алмас үшін банкоматтағы ақшаны бір күнде емес, аз мөлшерден араға күндер салып, алып отырған. Бірнеше күннен кейін банкке барған азамат есеп шотындағы ақшаның мүлдем жоқ екеніне көз жеткізеді.

Қазіргі таңда Орал қалалық ІІБ алаяқтық фактісін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 4-бөліміне сай қылмыстық іс қозғаған.  Тәртіп сақшылары  тергеу нәтижесінде алаяқтардың аты-жөнін  анықтаған. Қазір олар іздестірілуде.

Орал қалалық ІІБ бастығының орынбасары Нұрлан Бисенов тұрғындарды алаяқтардан сақ болу үшін бейтаныс адамға жеке құжаттардың нөмірлерін бермеу қажеттігін ескертеді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Құдайдан да қорықпайды екен…

Күні: , 81 рет оқылды


Ұрыда ұят, намыс, обал-сауап деген түсінік болмайтыны белгілі. Алайда, олардың харам әрекеттерін Алланың жердегі қасиетті орны – мешітте жасауы, тіптен шектен шыққандық демей не деуге болады?! Соған қарағанда, олар Құдайдан да қорықпайтын болып тұр ғой.


Жуырда Оралдағы Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешіттегі  жамағаттың қалтасынан ақша ұрлап жүрген атыраулық азаматтың ісі әшкере  болып, әрекеті елді шулатты.

Орал қалалық ішкі істер бөлімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құлшылық үйінде азғындыққа барған ұрының қылмысы жедел басқару орталығына қосылған мешіттегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Адамдардың көзіне дәрет алмақшы болып көрінген А. есімді азамат мешіт жамағаты намаз оқуға кеткен кезде олардың сырт киімдерінің қалтасын тіміскілеп, ақшаларын жымқырған. Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 25 жастағы еш жерде жұмыс жасамайтын, бұған дейін де істі болған Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Бұлтартпас дәлелдермен ұсталған ұры өз кінәсін мойындап отыр. Үш күннің ішінде 370 мың теңге жымқырғанын өз аузынан айтқан. Суық қолды арамза мешіттегі бейнебақылауға түсіп қалмаса, әлі талай қалтаны қағуы мүмкін еді.

Қазіргі таңда бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөліміне сай төрт эпизодпен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

                                                                                 Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Телефон ұрлау тыйылмай тұр

Күні: , 102 рет оқылды


Облыс   көлеміндегі қылмыстық   құқықбұзушылықтардың  саны  өткен  жылдың  осындай  мерзімімен  салыстырғанда  11  пайызға төмендеген.  Ал  ағымдағы  жылдың  өткен  10 айында қоғамдық  орындарда  жасалған  құқықбұзушылықтар  саны 5  пайызға  артып,  көше   қылмыстары  3,3  пайызға  азайған.


Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының басшысы Жанат Нұрмағанбетова мәлімдеді.

Спикердің баяндауынша, жасалған қылмыс түрлерінің ішінде өзгенің мүлкіне қол сұғу ең көп орын алып отыр. Соңғы он жыл мерзімнің ішінде жасалған ұрлықтың саны төрт есеге өскен. Атап айтқанда, 2007 жылы 1 708 ұрлық тіркелген болса, өткен жылы  бұл көрсеткіш  6 746-ға  жеткен.

Ұрлық-қарлықтың басым көпшілігі мал ұрлығы мен пәтер тонау, қоғамдық орындар мен көліктерде қалтаға түсу арқылы ұялы телефондар мен бағалы заттарды жымқыру болып отыр. Ағымдағы жылы өңірде мал ұрлығына қатысты 349 қылмыстық іс тіркелген. Жүргізілген талдаулар мал ұрлығының Ақжайық, Сырым, Теректі, Қазталов, Зеленов аудандарында көп орын алғандығын көрсеткен.

– Тіркелген қылмыстардың жалпы саны 10 мыңның үстінде болса, соның ішінде алты мыңға жуық қылмыс ұрлыққа қатысты болып табылады. Ауылдық жерлерде мал ұрлығы, ал облыс орталығында ұялы телефон ұрлығы көп. Ұялы телефондар көп жағдайда қоғамдық көліктер мен пәтерлерден қолды болуда. Мал етін тапсыру бекеттерінде бақылауды күшейту және малдарды құжаттандыру жұмыстарын одан әрі дамытудың нәтижесінде мал ұрлығын азайту көзделуде, – деді баспасөз мәслихатында сөз алған басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің басшысы Ержан Мұхитов.

Бас прокуратураның бастамасымен өткен жылдың 4 қазанынан бастап «Ұрлыққа жол жоқ!» жобасы қолға алынған. Жобаның басты мақсаты – орын алатын қылмыстың санын барынша төмендету болатын. Ағымдағы жылға, статистикалық деректерге сүйенсек, бұл жоба өз нәтижесін беріп, қылмыстың кейбір түрлері едәуір азайған.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қала бойынша 300-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құқықбұзушылықтардың уақытылы ашылуына және жалпы заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға септігін тигізуде. Сонымен қатар комитет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік  корпорациясы» КЕАҚ халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдаудағы өзара әрекеттестік жобасын іске асыруда. Бұл жобаның аясында Қазақстан Республикасының кез келген азаматы келеңсіз жайтқа тап болғанда немесе құқығына нұқсан келтірілген жағдайда жақын маңда орналасқан ХҚКО-ға жүгіне алады. Ол жердегі ХҚКО қызметкерлері электронды үкімет порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданып, өтініштерді мемлекеттік органдарға жолдауға көмектеседі. Бұл жоба ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Қанатқақты (пилоттық) режімде қолға алынған жоба көп кешікпей біздің  өңірге  де  енгізілмек.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Талдыапанда мал ұрлығы айылын жияр емес

Күні: , 91 рет оқылды


Жуырда Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің арнайы қатысуымен аудандық ішкі жергілікті полиция қызметінің биылғы 9 ай ішінде атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.


Жиында аудандық ішкі істер бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция майоры Әділ Ғазизов ағымдағы жыл ішінде аудан бойынша атқарылған жұмыстары туралы есептік баяндама жасады.

Баяндамаға қысқаша тоқталып өтсек, Қазталов жергілікті полиция қызметінде штаттық құрылым бойынша 18, ал Жалпақтал жергілікті полиция қызметінде 20 жергілікті учаскелік инспектор өз қызметін атқаруда.

Ағымдағы жылдың өткен 9 айы ішінде аудан аумағында барлығы 206 қылмыс оқиғасы тіркеліп, соның 167-сі ашылған. Заңға қайшы әрекеттердің ашылуы 89,3 пайызды құрайды. Соның ішінде 89 ұрлық тіркеліп, соның 66-сы ашылған. Ал 30 мал ұрлау фактісі тіркеліп, осы оқиғалардың 19-ы әшкереленген. Пәтер ұрлығы – 18, ашылғаны – 16, ұялы телефон – 11, ашылғаны – 10.

Келтірілген деректерден Қазталов ауданында мал ұрлығы азаймай отырғандығы анық байқалады. Мысалы осы 2017 жылдың 9 айында 30 мал ұрлау фактісі тіркелсе, өткен жылы 42 мал ұрлау оқиғасы ресми есепке іліккен. Дегенмен, осы санаттағы қылмыстарды ашылу пайызы ағымдағы жылдың 9 ай ішінде 73,1 пайыз болса, 2016 жыл 45,5 пайызды құраған. Егер статистикалық мәліметтерге сенер болсақ, барымташыларды бұғалықтауда мысықтабандап болса да, алға жылжу бар секілді көрінеді. Сөйте тұра 9 айда мал ұрлығы бойынша 30 фактінің тіркелуін кім аз деп айта алады?

Аудан бойынша Талдыапан ауылдық округінде мал ұрлығы көп орын алған. Ағымдағы жылдың 9 айында бұл округте 9 мал ұрлығы тіркелген. Мал ұрлықтарына жүргізілген талдау анықтағандай оның 80 пайызы иелерінің малына қарамай иесіз жіберетіндіктерінен жайылымнан жоғалған. Бұл мал ұрлаушыға таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар мал иелері өз күштерімен малды іздеп тым кеш арызданатындары қылмыстың ашылуына өз кедергісін тигізеді. Себебі, жоғалған малдың ізі суып кеткеннен кейін шұғыл жедел іздестіру жұмыста-ры оң нәтиже бермейді.

Жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар беріліп, қатысушылар тарапынан болашақта жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту, сонымен қатар ауданда құқықбұзушылықты тоқтату мақсатында бірқатар жоспарлы жұмыстарды бірлесіп атқару туралы ұсыныстар да айтылды.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы


Қасиетті мекенге қара сора еккен кім?..

Күні: , 212 рет оқылды


Осыдан дәл бір апта бұрын облыстық ІІД және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге таң қараңғылығында жолға шықтық. Сол күні түнімен жауып, төңіректі ақ ұлпаға орап үлгерген алғашқы қар әлі де тынбастан төпелеп тұр еді.


Самара – Шымкент күре жолымен сапар шеккен көліктер ауа райының қолайсыздығына байланысты баяу қозғалып келеді. Тәртіп сақшыларын тобықтан асса да, толассыз соққан қарлы боран мен жолдың тайғақтығына қарамай алыс сапарға алып шыққан басшылықтың жедел тапсырмасы еді. Шыңғырлау ауданының Қаратөбе ауданымен шектесер тұсынан жасырын түрде қара сора егілген алаңқай табылған. Бұл жағымсыз жайтты алдымен Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылының бүлдірген теруге шыққан тұрғындары аңғарыпты. Тұрғындар «Мұның артында әлдебір қауіпті қылмыстық топ тұрып, өмірімізге қауіп төндіре ме?» деп үрейленгендіктен, аталмыш хабар нақты әрекет жасайтын құзырлы құрылымдарға кешігіңкіреп жеткен. Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин мәселені естіген бойда қарауындағы қызметкерлерге жедел түрде атқа қонуға тәртіп берді.

Облыстық жергілікті полиция қызметіне қарасты ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы Бердібек Төлеуғалиев, облыстық ішкі істер департаментіндегі есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлімше бастығы Ғайнел Қайнеденов және есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Сергей Кругловтай тәртіп сақшылары аяқ артқан мекеменің жол талғамайтын көлігі түс ауа межелі жерге келіп тоқтады. Егіндікөл ауылы мен Шыңғырлау ауданына қарасты Сегізсай ауылының арасында ұзына бойы көсіліп жатқан төртінші сайдың тұсы.

Мұзы қатып үлгермеген Қалдығайты өзенінің арғы бетіне қайық арқылы өттік. Заңсыз егілген қара сора алаңқайына жету үшін екі шақырымдай жаяу жүруге тура келді. Ұлпа қардың қалыңдығы тізеге жақындап қалған. Өзеннен өтіп, тоғайлы сайдың қойнауына енгеннен кейін жел тынып, айнала жым-жырт бола қалған еді. Шоқ талдың арасынан шыға келген қос елік бізге үдірейе қарап біраз тұрды. Топ адамның назары түздің сұлу жануарларына тегістей ауған сәтте еліктер қатарласа қарғи секіріп, тал арасына қайтадан зып берді. Қара сора отырғызылған жерге таяған сайын тал арасымен өтіп келеміз. Әлдебір жай пісетін жабайы жемістер әр жерде ақ қардың үстіне қып қызыл боп төгіліп тұр. Алғашқы қар түскесін терілетін шипалы итмұрынның да дәмі бабына келген екен.

Қара сораны Қалдығайты өзенінің жағалауына жақындатып отырғызыпты. 150 шаршы метрге жуық аумақты тегістеп, тал көшетін отырғызғандай шұқырлап еккен, тұрақты күтім жасалғаны аңғарылады. Өнімді түгелдей теріп кеткен. Өзенге қарай жүргенде бір бұтаның түбінде заңсыз егістік «бағбанының» тамақ пісіретін ыдысы, баклажка, қапшық және джинсы шалбары жатыр. Тәртіп сақшылары шалбар қалтасынан қара сора өнімін тапты. Тағы бір түкпірден консерв қалбырлары, дизель майы табылды. Дизель майы егістікті суару үшін өзеннен су соратын моторлы қондырғыға құйылуы ықтимал. Егістік маңынан аулағырақ қалың тал өскен. Ішінде жалғыз кісілік күрке тұр. Күрке жуандығы айырсаптай болатын тоғай ағаштарынан жасалып, үстінен жауын-шашын өтпейтіндей етіп целлофан  жабылған. Целлофан үстіне қабаттап қалың төсеніштерді тастай салыпты. Күрке ішінде де төсеніш, жастық, киімдер, картон қорапта пияз қалыпты. Күрке алдындағы біріне бірі тақала өскен биік қос ағашқа көлденең басқыштар қағылып, төңіректі алыстан шолатын «мұнара» жасалған. Аң етін әлде су болған киімдерді жайып кептіруге арналған болса керек, алшақтау өскен екі тал арасына көлденең сырық және қағылған. Күрке аузынан сәл қиыстау бір қалтарыста бос әскери жәшік жатыр…

Заңсыз егістік егілген аймақ мұқият бажайланған соң, өткелден кері өтіп, көлігімізге міндік. Ауылға қарай сәл жүргенде келген ізімізді жалғыз аяқ жол салып жаңа ғана қиып өткен қабан ізіне кез болдық.

Қасиетті Аққұмның дәл іргесінде орналасқан бұл маңай – табиғат пен аң-құсқа ғана емес, тарихқа да бай өлке. Аңыз-жырлардағы дерек бойынша, осы жерге ат ізін салған қара қыпшақ Қобыланды хикаясын айтпағанда, бұл жердің Қазақстан тарихындағы әйгілі Жоламан батыр Тіленшіұлының жаз жайлауы болғандығы мұрағатта анық хатталған. Осы маңдағы орманның бір бөлігі Жоламан батырдың ұлы Жәшидің есіміне байланысты Жәшитал деп аталады. Жәши Жоламанұлы Аққұмның етегіне жерленген. Ал Тәуке хан заманында үш жүздің біріккен қолына бас қолбасы болып, елдігімізге қауіп төндірген дүрбін-ойратқа ойсырата соққы жасаған Жиембет табын Бөкенбай батыр туралы «Аққұмнан шыққан ақберен» атты тарихи деректі фильм Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп еді. Жоламан батыр осы Бөкенбай батырдың Тіленші тарханнан туған немересі екендігі тарихтан белгілі. Оның үстіне дәл осы төртінші сай мен бесінші сайдың аралығында ерте кезде Жиембет табынның дін адамдары ұстаған ескі мешіттің орны әлі күнге дейін сақталған. Бүгінгі таңда бұл жерді осындай бай тарихына байланысты Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы Қазақстаннның киелі жерлерінің географиясы жобасына енгізу туралы ұсыныс жасалуда. Осынау қасиетті мекенге қара сора егіп жүрген кім болды екен сонда?..

Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин осы қылмыстық әрекетке байланысты іздестіру жұмыстары қолға алынғанын, бұл жағдай облыстағы барлық учаскелік инспекторларға зор сабақ болуы тиіс екенін, сондай-ақ мәселенің алдын алу үшін алдағы уақытта адам көзінен таса жатқан далалық аймақтарда жиі-жиі рейдтер ұйымдастырылып, қатаң бақылау орнатылатынын мәлімдеді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мал ұрлығы азайды ма?

Күні: , 79 рет оқылды


Биыл облысымыз бойынша тіркелген мал ұрлығы фактілері былтырғы кезеңмен салыстырғанда азайды ма әлде көбейді ме? Қылмыстың бұл түрі қай аудандарда көбірек тіркелген? Осы орайда тәртіп сақшылары атқарған жұмыстың нәтижесі қандай?


Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллинді аталмыш сұрақтар төңірегінде әңгімеге тартқан едік.

– Мал ұрлығы фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда 27 пайызға азайған. Қылмыстың ашылу пайызы да айтарлықтай өсті. Алайда Бөрлі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары бойынша қылмыстың бұл түрі азаймай отыр. Былтырғы тоғыз айдың ішінде мал ұрлығының 425 фактісі тіркелсе, биыл 310 факт болды. 310 фактінің 221-і жайылымда жүрген малдарға қатысты, ал 89 жағдайда қорадан ұрланған. Бағымның ұйымдастырылмауы салдарынан өрісте жүрген малды қуып кету фактілері жиі кездеседі. Тұрғындармен сөйлескен кезімізде ірі қараны бағымға қосу үшін кей аумақтарда мал басына 1000-1500 теңге төлеу керектігін білдік. Бір жағынан, бұл баға 10 ірі қарасы барлар үшін әжептәуір қаражатты талап ететіні де түсінікті. Жалпы, биыл облысымыз бойынша 1 218 бас мал ұрланды. Оның ішінде 254 ірі қара, 377 жылқы, 587 қой бар. Тәртіп сақшылары қолданған шаралар нәтижесінде 1 218 бастың 983-і, яғни 80,7 пайызы өз иелеріне кері қайтарылды. Малды ұрылар қуып бара жатқан жерінен немесе сойып, етін тасымалдау кезінде ұсталған жағдайлар кездесті. Мысалы, жуырда полиция қызметкерлері Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы маңынан отыз төрт бас ірі қараны қуып бара жатқан үш қылмыскерді ұстап, қамады. Мал бастары бүтін күйінде түгелімен иелеріне қайтарылды. Биылғы қыркүйек айында Теректі ауданының Шағатай ауылы маңынан да малды атып алумен шұғылданып жүрген ұйымдасқан екі қылмыскер қолға түсті. Қарапайым тұрғындар, азаматтық қоғам өкілдерінің полиция қызметкерлерімен бірлесе әрекет етуі қылмысты ашу кезінде зор нәтиже беретінін айта кету керек. Мысалы, былтыр желтоқсан айының соңында Ақжайық ауданында сегіз адамнан тұратын үлкен бір ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Соның нәтижесінде он бір қылмыс дәлелденді. Газ құбырларын күзетіп жүрген азаматтар күдікті көлікті байқап, аумақтық инспекторға хабарлаған. Инспектор кезекші бөлім қызметкерлеріне тез арада нұсқау беріп, жол-көлік патрульдік полициясы күдікті көлікті тоқтатып, тексеру жүргізеді. Нәтижесінде көлік ішінен атып алынған екі бас мал, мылтық табылады. Тергеу кезінде олардың қарулары, аутокөліктері, ұйымдастырушылары, жоспар құрушылары, орындаушылары, хабар берушілері бар, алып келген етті сататын орындарына дейін алдын ала әзірленген ұйымдасқан топ екені анықталды. Қазіргі таңда бас бостандықтары шектелген бұл қылмыскерлер әр түрлі мерзімдегі жазаларын өтеуде, – дейді Манарбек Серікқалиұлы.

Мал ұрлығы қылмысын ашу және оны болдырмау бағытында тәртіп сақшылары атқарған жұмыстардың оң нәтиже бере бастауы көңілге қуаныш ұялатады. Алдағы уақытта ашылған қылмыстық фактілерге байланысты жекелеген материалдар газет бетінде жарияланып тұрмақ.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика