Үш полицейге үкім шықты

Күні: , 113 рет оқылды


Орал қалалық ІІБ Абай полиция бөлімінің үш қызметкері пара алғаны үшін істі болғаны белгілі. Соған орай өткен апта соңында сот үкімі шықты. Бұл туралы Орал қалалық сотының баспасөз қызметі  мәлімдеді.


Полиция капитандары Альфия Хабибулина мен Бақытжамал Есенәлиева, полиция лейтенанты Әсем Найзабекова сөз байласу арқылы ҚР ӘҚБтК 200-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін азаматша Г. Арыстановадан 250 мың теңге пара алады.

А. Хабибулина, Ә. Найзабекова мен Б. Есенәлиеваға ағымдағы жылдың 15 ақпаны күні Орал қалалық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-тармағының 2-бөлігі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен лауазымды адамның айтарлықтай мөлшерде пара алуы» бойынша үкім шықты. Пара алғаны үшін айыпталған бұрынғы полицейлердің әрқайсысы параның 70 еселенген сомасы мөлшерінде  немесе 17 500 000 теңге айып төлейтін болды. Сонымен қатар олар әскери шендері мен жергілікті өзін өзі басқару және мемлекеттік құрылымдарда қызмет жасау құқығынан өмір бойына айырылды.

Өз тілшіміз


Қос қарақшы қолға түсті

Күні: , 100 рет оқылды


Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл оқиға былтырғы жетінші желтоқсанда таңғы сағат төрттен 20 минут кеткенде орын алған.


Яғни, осы уақытта Орал қаласындағы Еуразия даңғылы бойында орналасқан бір ЖШС-ның ақша айырбастау пунктіне барып, осы нысандағы қызметкерден белгісіз біреу 130 мың теңгені қорқытып-үркітіп тартып алып, тайып тұрған. Әлгі әумесердің кесірінен ақша айырбастау нысанының заңды өкіліне 130 мың теңге шығын келген. Қарайған ақшаны қолды қылған қарақшы ақша айырбастау пунктінің терезесін балғамен бірнеше рет ұрып, сындырған. Сосын ішке кіріп, іштегі жас қызметкерді қылғындырып, жағасынан ұстап тартқылап, қорқытып, «Сендерде ақша бар, тез тауып бер!» деп айқайлайды. Тонаушының қолынан пышақ пен балғаны көріп, зәресі ұшқан әйел адам кассадағы 130 мың теңгені әлгінің қолына ұстатуға мәжбүр болған. Көксегеніне жетіп, ақшаны қалтасына басқан күдікті дереу бой тасалап, балғаны лақтырып кетеді.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, ақшаға құныққан, бір мәрте жолы болып дәніккен әлгі әумесер кезекті «жорығына» биылғы төртінші ақпанда шығады. Ол аталмыш күні таңғы сағат 05.05 пен 05.10 аралығында Орал қаласы Жуков көшесінің  бойындағы ақша айырбастау пунктіне барып, еркін кіріп, бұл жолы терезе әйнегін гантельмен ұрған.  Алайда гантельмен 39 рет ұрса да, әйнек сынбайды. Терезені есесі кеткендей қаншама ұрғыласа да, әйнек сынбай, қолы шаршап, қары талып, дымы құрыған «сабазың» өзінің «еңбек құралы» гантельді «жұмыс орнына» тастамай, пункттен шығып кетеді. Алайда оның үстіне киген киім-кешегінің түсі және бүкіл қылмыстық әрекеті бейнетаспаға жазылып қалады. Бұған қоса  саусақ және алақан іздері де заңға қайшы әрекет орын алған жерде қалып қояды. Арам жолмен ақша таппақ болып, екінші рет қарақшылық шабуылға барған әлгінің қасында бұл жолы және біреу болады. Осы қылмыстық қарекетті тергеп-тексеруге шұғыл кіріскен Орал қалалық ІІБ құрамындағы Абай полиция бөлімінің жедел уәкілдері таяуда 1993 жылғы екі күдіктіні ұстады.  Қос  қарақшы құрдас бүгіндері басқарманың уақытша оқшаулау абақтысында қамауда отыр. Заңға қайшы әрекеттерін мойындаған олардан гантель, қысқы қалың қара түсті күрте мен бас киімі тәркіленді. Қарақшылық әрекетке барған екеуге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-ші бөліміне сәйкес іс қозғалып, тергеу-тексеру шаралары жалғасуда.

Өз  тілшіміз


Жылқы атқан жетесіздер

Күні: , 134 рет оқылды


Сүттігенді елді мекеніндегі Қайрат Садықов жетекшілік ететін «Қайрат» шаруа қожалығы мал өсіруді кәсіп еткен ұжым.


Ертемен тебіндегі жылқыларын қарап келуге шыққан Қайраттың баласы терісі сыпырылып, еті бөлшектеліп тасталған жылқының үстінен түсті. Тағы бір жылқы мойнынан жараланған.

Оқиға ақпан айының 2-нен 3-не қараған түнде болған. Бұл жөнінде іле-шала Ақжайық ауылындағы учаскелік полиция бөліміне хабарланды. Дереу оқиға орнына жеткен учаскелік полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрболат Таутешев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция майоры Дамир Абдрахманов, тергеуші, полиция подполковнигі Асылбек Тілеков, учаскелік инспектор, полиция майоры Есенжан Боранғалиев екі жылқы аңшы мылтығынан мерт болғанын анықтады. Сонымен қатар қарға түскен аутокөлік және адам іздері сайрап жатты. Осы сәтте бұларға жергілікті полиция подполковнигі Руслан Ашиқов,  учаскелік инспектор, полиция майоры Азамат Жұмабаев қосылды. Сол маңдағы елді мекендерді қамтыған іздестіру жұмысы барысында ұрылардың алыстан келмегені анықталды.

Оқиға орнындағы дөңгелектердің ізін салыстыра келгенде ұрлыққа пайдаланылған «Жигули»  және көлікте болған үш адам 16-ыншы калибрлі аңшы мылтығымен қолға түсті. Қылмысқа барғандардың үшеуі де сүттігенділік болып шықты.

Мұхамбет ЖҰБАНДЫҚОВ,

Ақжайық ауылы


Ұрылар ұсталды

Күні: , 86 рет оқылды


Орал қаласында биылғы төртінші ақпан күні кешкі сағат 21.00-ден  5 ақпанға қараған таңертеңгі сағат 07.00 аралығында белгісіз біреулер ұрлық жасаған.


Олар Ықсанов көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында тұрған қымбат көліктің жолаушы отыратын тұсындағы терезесін сындырып, салон  есігін ашып, ноутбук,  антирадар және түрлі купюрадағы 25 мың теңгені жымқырған. Осылайша түн жамылған суыққолды сұғанақтар 1982 жылғы азаматқа 105 мың теңге шығын келтірген.

«Осы заңға қайшы әрекет бойынша дереу жедел-іздестіру шаралары қолға алынып, 1997 және 1998 жылғы екі баукеспе кезекті аутокөлікті тонау кезінде қолға түсті. Олар алдыңғы ұрлық кезінде көлік салонынан жымқырған заттардың кейбірін сатып үлгерген, ал біразы тәркіленді», – деп хабарлайды Орал  қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі

Бүгіндері үшбу қылмыстық қарекетке тергеп-тексеруді Орал қалалық ІІБ-ге қарасты Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізуде. Аутокөлікті тонау кезінде қолға түскен әлгі екеу әзірше әлгіндей сегіз оқиғаны мойындап, мойындарына су кетулі.  Орал  қалалық ІІБ баспасөз қызметі «Күдіктінің екеуі де,  Орал қаласының тұрғындары. Қос баукеспе бірнеше адамды әбігерге салып, темір тұлпарлардың терезелерін сындырып, бірнеше аутоарғымақтың есіктерін бүлдіріп, кілттерін бұзып, көлік ішіндегі қарайған дүниені қолды қылған. Сол себепті суыққолды қос сұғанаққа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-ші бабының екінші бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды» деген ақпарат таратты.

Өз тілшіміз


Абайсызда атылды

Күні: , 355 рет оқылды


Орал қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде жазатайым оқиға орын алды. Кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысы үйіндегі аңшы мылтығын қызықтамақ болғанда, оқтаулы тұрған мылтық абайсызда атылып, қасындағы сыныптасын ауыр жарақаттаған.


Облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Ибрагим Жүсіпқалиевтің айтуынша, оқиға орын алған кезде үйде екі оқушыдан өзге ешкім болмаған. Мойын омыртқасы ауыр зақымданған оқушы бүгінгі таңда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Өз  тілшіміз


Қос қарақшы ұсталды

Күні: , 368 рет оқылды


2018 жылғы қаңтардың 18-інде кешкі сағат 18.00-де  үсті-басына қап-қара киім киген екі бейтаныс, европа нәсілді жігіт Орал қаласы «Ет комбинаты» ауданынан радио таксиге тапсырыс береді. «Калина» маркалы көлік жүргізушісі тапсырысты қабылдап, тапсырыс берушінің мекенжайына лезде келеді.


Такси жүргізушісі алғашында екі жігіттің қылықтары мен іс-әрекеттерінің күдік туғызғанын сезеді, алайда жігіттердің мас емес сау күйін көріп, тапсырыстарын орындауға тырысады. Алайда өзара сөйлесулері мен сөз саптаулары, көзқарастары, сыбырласуларынан секем алғанын жасырмайды. Сонда да диспетчер арқылы жолаушыларды жеткіз деген хабарлама алғасын орындауға бел шешеді. Таксиге жайғасқан екеуі межелі орынға жеткізген соң ғана ақшаны беретіндерін айтады. «Урдинская» көшесіндегі «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» ғимаратына жеткенде көліктен түспеген екеуі өзгелерден тасалау болатын, заводтың артына қарай түсіруін, өзен жағына қарай бұрылуын, сол жақта керекті заттарын алып шығатындарын айтады. Көлік тоқтаған сәтте жігітің біреуі көліктің белдігін (ременін) таксистің мойнына салып, бұрап қылғындырған. Екіншісі пистолетке ұқсас затпен қорқытып, басынан бірнеше рет мықтап соққан.  Жанталасқан такси жүргізушісі белдіктен босап,  жанындағы терезе әйнегін аяғымен теуіп сындырып, қашуды ойлайды. Қарақшылар ұялы телефоны мен көлік ішіндегі ақшаны алып, көліктен шығып, арттарына қарамай қаша жөнелген. Жәбірленуші айқайлап, арттарынан қуа түседі.  Біреуі пистолетпен атып өлтіретіндей сыңай танытқан соң көп әріге бармай дереу полицияға хабарласады. Полицейлер оқиға орнына жеткен соң  такси жүргізушісі екі жігіттің бет-бейнесін айтып, нақтылап баяндап береді. Қарақшылық шабуыл тіркелген оқиға орнына Орал қалалық ІІБ-ның жедел тергеу тобы, жедел уәкілдер, өзге де құрылымдар шақырылды. Абырой болғанда, жаңағы қылмыстық әрекеттер «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша орнатылған сол аудандағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған екен. Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары өздерінің ауданындағы бейнекамераны қарағанда қос қарақшының кімдер екенін бірден таниды. Учаскелік полиция инспекторлары дереу ізге түсіп, күнде көріп жүрген күдіктілерді көп ұзамай ұстады. Бірі 1989 жылғы, екіншісі 1983 жылғы, бұған дейін ұры, тонаушы, ретінде есепке алынған, заң алдында жауапталған бұзақылар екен. Таксистің ақшасы мен ұялы телефоны тәркіленді. Екі қарақшы Орал қалалық ІІБ-ның абақтысына  қамалды.

Осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Гүламан ЕСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметкері


Офицерге үкім шықты

Күні: , 462 рет оқылды


Қызмет бабында парамен ұсталған бұрынғы полиция қызметкері Х. Сугуровқа қатысты ашық сот отырысы өтті. №2 Орал қалалық сотында өткен отырыс туралы Орал қ. ІІБ баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлова хабарлады.


Оқиға былай болды. 2017 жылғы 1 қазанда сағат 14.00-де Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті мен БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының  қызметкерлері Орал қаласындағы Айталиев көшесі №10 үйде орналасқан ішкі істер басқармасы әкімшілік ғимаратының жанында 1992  жылғы Р. есімді азаматтан қылмыстық істі тоқтатуға ықпал етемін деген желеумен әрі алаяқтық жолмен 50 000 теңге пара алу кезінде Орал қ. ІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция капитаны Х. Сугуровты қолға түсірді. Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, Х. Сугуровтан ешқайда шықпау жөнінде қолхат алынып, бұлтартпау шарасы қолданылғаны мәлім.

Сот барысында судья Н. Жүнісова айыпталушының теріс қылықтарға жол бергенін дәлелдеді. 1983 жылы туылған, 2009 жылдың ақпан айында ішкі істер органына қызметке кірген, 2012 жылдың желтоқсан айынан криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі лауазымына тағайындалған Халел Сугуров оңай олжа іздеп, офицер шеніне кір жұқтырды. Сот бұрынғы полиция қызметкерін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөліміндегі 2-тармағы бойынша үш жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Өзі полиция қызметкері бола тұра сыбайлас жемқорлық фактісіне жол берген  айыпталушының қолына  сот залында кісен салынды. Сот үкімі бойынша Х. Сугуров полиция капитаны шенінен айырылды және оның жеке мүлкі тәркіленді, бұдан былай мемлекеттік қызметке өмір бойы орналаса алмайды.

     Сот отырысы аяқталған соң ашық сот процесіне қатысқан жеке құрам алдында Орал қалалық ІІБ кадр қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Самиғолла Абдрахманов мұндай ашық сот отырыстарының өзгелерге сабақ болуын, болашақта ешқайсысының заңға қайшы теріс қылықтарға  жол бермеулерін еске салды. Жеке құрам  тарапынан заңдылық пен азаматтардың құқығын бұзу фактілерінің алдын алу мақсатындағы  жұмыстар жалға береді.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ


Жеті бас ірі қараны үптеп кеткен

Күні: , 84 рет оқылды


Теректі ауданының Ақжайық ауылында төртінші қаңтар күні түнде белгісіз біреулер жеті бас ірі қараны қорадан ұрлап әкеткен.


Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті «Ф»-ны ұстаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Облыстық  ІІД-ның  баспасөз  қызметі


Ауылдағы азғындық

Күні: , 72 рет оқылды


Шыңғырлау ауылындағы Рабочая көшесінің бойында 10 қаңтар күні сағат 20.30 шамасында белгісіз біреу кәмелетке толмаған қыз баланы зорламақ болған.


Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері іздестіру-тергеу шаралары барысында күдікті «Н»-ны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Киік атқан тұрғын ұсталды

Күні: , 67 рет оқылды


Біздің республиканың бүкіл аумағында киіктерді, олардың дене бөліктері мен туындыларын пайдалануға 2020 жылға дейін заң жүзінде тыйым салынған. Заңды белден басқандарға қылмыстық жаза тағайындалып, ірі мөлшерде айыппұл салынатындығына қарамастан, облыста заңсыз киік ату-аулау әлі азаймай тұр. Жуырда сайын даланың еркелері болып есептелетін киіктерді аулаған тағы бір қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды.


БҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері мен «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторлары бірлескен рейдтік шаралар барысында 12 қаңтар күні шамамен сағат 13.00-де  Жаңақала ауданының Көпжасар ауылдық округінің маңында мүйізі кесілген жеті киіктің ұшасын тауып алған. Оқиға орнын жіті тексеру кезінде мүйізі кесілген және 72 киіктің ұшасы табылған. Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімі және «Охотзоопром» қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде 1973 жылы туған «Г» есімді Ақжайық ауданының тұрғыны ұсталды.

Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір осы оқиға бойынша Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімімен ҚР ҚК 337-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика