Он сегіз жылға кесілді

Күні: , 35 рет оқылды

Оралда мас күйінде кісі өлтірген тұрғын 18 жылға сотталды.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен К. Копылов айыпты деп танылды.

Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, сотталушыға ҚР ҚК-ның 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағына сәйкес 17 жылға және 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

ҚР ҚК-ның 58-бабы 4-бөлігі қолданыла отырылып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге түпкілікті үкім кесілді.

Сот талқысында белгілі болғанындай, К. Копылов биылғы 15 тамыз күні Құрманғазы көшесі бойындағы 29-пәтерде көршісі В. Овчинниковпен бірге күні бойы арақ ішкен.

Сағат 21.00 шамасында өзі тұратын №165 үй жанында К. Копылов мас күйінде бұрын танымайтын А. Чирков және И. Сулялинмен кездескен. Соңғы екеуі де мас күйінде болған. А. Чирковтың қолындағы арақты көрген К. Копылов бірге ішуге шақырған. Соны ішу үстінде Копылов пен Чирков сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Сосын өзі тұратын №17А бөлмесінен асүй пышағын алып, Чирковты балағаттап, оң қолынан жарақаттаған.

Аталған үйдің №40 пәтерінде болған, осыған дейін Чирковпен арақ ішкен А. Кухаев айқай-шуды естіп, дәлізге шығып, екеуін айырмақ болған. Сол кезде Копылов оның кеуде тұсына төрт мәрте пышақ сілтеген. А. Кухаев сол жерде жан тапсырса, Копылов оқиға орнынан бой тасалаған.

Арман  БОЛАТҰЛЫ


13 жылға бас бостандығынан айырылды

Күні: , 89 рет оқылды

1997 жылы дүниеге келген Артур Елеуовтің өліміне айыпты деп танылған 2000 жылы дүниеге келген Евгений Земляковқа қатысты өткен аптаның жұма күні БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім шығарылды.

Үкімді оқыған аталмыш соттың судьясы Бақыт Ермахановтың мәлімдеуінше, 2000 жылы дүниеге келген азамат Евгений Земляков 11 маусым күні сағат 20.00 шамасында Орал қ., Еуразия даңғылындағы №21 мектеп тұсында өзі құралпы таныстарымен бірге сыра ішеді. Түнгі сағат 1.00 шамасында А. Елеуов үйіне қарай өтіп бара жатып, сыралатушы топқа жолығады. Артур Земляковты бұрыннан таниды екен. Жиналған жастардың ұсынуымен Артур да сыра ішеді. Сыра түнгі сағат үшке дейін ішілген. Жастар үйлеріне тараған кезде Артур мен Земляков оқшауланып қалып қояды. Олардың арасында әуелден келе жатқан келіспеушіліктер болған. Осы жолы да жанжал туындап, Земляков сол қолымен Артурдың оң жақ иығының тұсынан ұстап, кеуде тұсынан жеті рет пышақ сұғады. Елеуов сол жерде жан тапсырады. Ал Земляков оқиға орнынан бой тасалайды. Жарты сағат өткен соң таныстары Земляковтың үйіне барып, «Сен не істеп қойдың?» деп сұраған кезде «Мен өз әрекетіме өзім жауап беремін. Ағамның артынан кетемін» деген. Земляковтың туған ағасы да жазасын өтеу орнында екен. Екеуінің арасындағы келіспеушіліктің негізгі себебі – Земляков Елеуовтің достарымен жанжалдасып жүрген. Ал Елеуовтің бұл оқиғаға тікелей қатысы жоқ.

Ол ешкімді ұрып-соқпаған. Елеуовтің достары Таубаев және Кусманов «Alem Plaza» сауда үйінің қасында Земляковтың танысын бетінен шапалақпен ұрған. Оның алдында Земляков пен Таубаев бір-бірімен төбелескен. Сол кезде Таубаевтың айтуынша, оның көзіне Земляков газды баллон шашқан. Және қарсыластары үшеулеп жабылғандықтан, Таубаев қашып кеткен. Ал Земляков Таубаев оны травматикалық тапаншамен атып, денесіне жарақат салғанын айтады.

– Земляковтың жастығын, қылмысты алкоголь өнімдерін пайдаланып жасағанын, қылмыстың жасалу салдарын және жәбірленуші Елеуовтің жанұясында жалғыз ұл болғаны секілді барлық жағдайларды ескере келгенде, Земляковқа барынша қатаң жаза тағайындау ұйғарылды. 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, сонымен қатар материалдық және моральдық залал үшін жәбірленуші жанұясының пайдасына 4 миллион 831 мың теңге өндіруге үкім кесілді, – деді БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Аманбайұлы.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Киік мүйіздері жойылды

Күні: , 85 рет оқылды

Орал қаласы маңында киік мүйіздері мен дериваттары ашық түрде жойылды.

Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының қоғаммен байланыс маманы Мұхит Сүттібаевтың айтуынша, киік мүйізінің заңсыз саудасына қарсы мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

 Аталмыш ассоциация биылғы ақпан айында киік мүйіздері мен дериваттарын ашық түрде жою жөнінде барлық облыстардың ішкі істер басқармаларына хат жолдаған болатын. Солардың ішінде бұл ұсынысты бірінші болып БҚО ішкі істер департаменті қабыл алды.

«Алдағы уақытта БҚО-ның осы тәжірибесін басқа облыстарға таратуды көздеп отырмыз. Бұл мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын танытады. Сонымен қатар соңғы кезде ұсталған браконьерлер арасында құқық қорғау қызметкерлерінің болуы осы мәселенің өте өзектілігін көрсетеді. Тағы бір қадап айтатын жайт, киіктің дериваттары мен мүйіздерін сатуға, одан тіпті табиғат қорғау мақсатында пайда табуға тыйым салынған», деді М. Сүттібаев.

Айта кетейік, шара барысында 148 мүйіз жойылды. Жалпы, мүйіздің әр килосының «қара базардағы» бағасы 5 мыңнан 9 мыңға дейінгі АҚШ доллары аралығында. Сонда 148 мүйіздің жалпы құны шамамен 68-75 млн. теңгені құрайды.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сондай-ақ 5 тонна қара балық мал моласына лақтырылды.

Елжан ЕРАЛЫ


Оқушының «ойыны» бұзақылық деп танылды

Күні: , 104 рет оқылды

БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Орал қаласындағы №40 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының жаппай улану фактісі бойынша алдын ала тергеу басталды.

Қазанның 4-і күні болған оқиғаға тексеру жүргізген тәртіп сақшылары сол мектепте білім алатын оқушы қыздың бұрышты газ баллоншасын шашқанын анықтаған. Тапа-тал түсте дүйім қаланы дүрліктірген оқушының бұл әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 293бабының 1-бөлігіне сәйкес бұзақылық деп танылып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, облыс орталығындағы №40 орта мектепте түскі үзіліс кезінде оқыстан газ иісі шығып, 300-ден астам оқушы мен мектеп қызметкерлері шұғыл түрде сыртқа шығарылған болатын. Өзін жайсыз сезінген 15 оқушы мен бір мұғалім “Жедел жәрдем” көлігімен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған еді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, зардап шеккендерге «белгісіз химиялық заттан уланған» деген диагноз қойылған. Қазір оқушылардың жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр. Ал мұғалім әзірге ауруханада жатыр.

Асыл  РАМАЗАН


Жалған ақпарат жарға жығады!

Күні: , 102 рет оқылды

 Қазанның екісі күні кешкі сағат 22:18-де «102» нөміріне бейтаныс әйел хабарласып, Орал қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығында жарылғыш құрал орнатылғанын мәлімдеген.

Сарапшы қызметкерлер дереу оқиға орнына жеткен соң, 48 адам аталған орталықтан қауіпсіз жерге шығарылды. Саперлар мекемені мұқият тексерген соң, ешқандай жарылғыш құралдың орнатылмағанын анықтады.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде БҚО ІІД қызметкерлері 1985 жылы дүниеге келген әйел адамды ұстап, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Енді жалған ақпарат беруші 5 000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе түзету жұмыстарына тартылуы мүмкін. Сонымен қатар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе бас бостандығының шектелуі де мүмкін.


Бір жылға бас бостандығын шектеді

Күні: , 116 рет оқылды

Халықты  заңды  билікті  өзгертуге  үндеп, ел-жұртты  рұқсат  етілмеген  митингіге шығуға  шақырғаны үшін  істі  болған  Бакиза Халеловаға  қатысты  кеше  Орал  қалалық сотының  үкімі  шықты.

Сот Орал қаласының тұрғыны Бакиза Жасылбекқызына қатысты қылмыстық іс материалдарын тексере келе, осыған дейін сот шешімімен экстремистік деп танылған ұйымның әрекетіне қатысқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабы екінші бөлігі бойынша (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу) сотталушыны айыпты деп таныды.

Айыпталушы Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының шешімімен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» тіркелмеген қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын, сол себепті бұл ұйымның ҚР аумағындағы кез келген әрекетіне (соның ішінде интернет ресурстарындағы, БАҚ, әлеуметтік  желі т. б.) тыйым салынатынын біле тұра және бұл жайында БҚО прокуратурасы тарапынан жасалған түсіндіру жұмыстары мен ескертпелеріне қарамастан, интернет желісіндегі «Телеграм» қосымшасына 14 аудиожазба жүктеген. Айыпталушы аталған аудиожазбаларында көпшілікті ашық түрде «Қазақстанның демократиялық таңдауына» қолдау білдіру үшін митингіге шығуға және билікті ауыстыруға шақырған. Сараптама қорытындысы аудиожазбадағы дауыстың Б. Халелованікі екенін дәлелдеген. Осы аудиожазба жазылған диск сотта негізгі заттай айғақ ретінде қолданылды. Б. Халелова бұл әрекеттерін «Телеграм» әлеуметтік желісінен «Дина Нурпейсова» деген атпен парақша ашып, оны «ДВК Запад» тобына тіркеу арқылы жүзеге асырған. Сот айыпталушының қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын және тұрғылықты мекенжайынан берілген жағымды мінездемелерді ескере отырып, оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Б. Халеловаға пробациялық бақылау орнатылып, заңда талап  етілген міндеттерді орындау жүктелді. Сотталушы жергілікті атқарушы құрылым анықтаған жерлерде 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылатын болды.

Б. Халеловаға мекенжайын рұқсатсыз өзгертуге, сотталған адамның мінез-құлқына бақылау жүргізетін уәкілетті құрылымға ескертпей, қала аумағынан шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ қоғамдық сипаттағы әр түрлі митингілер мен шараларға қатысуға, БАҚ және интернеттегі әлеуметтік желілерге биліктің беделін түсіретін жарияланым, пост, пікірлер шығаруға рұқсат етілмейді. Сот қаулысы бойынша Б. Халелова мемлекет кірісіне талдау-сараптама жұмыстарын жүргізгені үшін  45 595  теңге  төлеуі  тиіс.

Үкім  заңды  күшіне  енген  жоқ.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

 

– Біз бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Тұрақтылықты қолдан шайқаудың қажеті жоқ. «ҚДТ» ұйымы қарапайым азаматтардың мүддесін қорғамайды. Бар болғаны жеке бастарының қамына сай әрекет жасайды. Сондықтан еліміздің азаматтары сақ болуы тиіс, жалған патриоттардың арзан сөздеріне ермеуі керек. Біз мемлекетіміздің заңдарын құрметтеп, еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауымыз қажет, – дейді ҚКХП БҚО филиалының идеология жөніндегі  хатшысы  Ниязбек  Есеналиев.


Келінін өлтірген адамға үкім шықты

Күні: , 116 рет оқылды

БҚО-ның  қылмыстық  істер  жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық  соты келінін  өлтірген  ер  адамға  үкім  шығарды.


Бұл оқиға биылғы Ораза айында болған. Судья Н. Ғұбашевтің мәлімдеуінше, Қазталов ауда­нын­дағы Талдықұдық ауылының 57 жастағы тұрғыны Ибрагим Шыналиев ораза тұтқан. Маусымның 5-інде келіні Мәншүкке ауыз аша­тынын, соған тамақ дайындап беруін сұрайды. Айыпталушының айтуынша, масаңдау келіні бала­ғат сөздер айтып, қолындағы нан кесетін пышағын қайын атасына бірнеше мәрте сермеген. Оған ашуланған қайын атасы келіннің қолындағы пышағын қағып түсі­ріп, ішінен бір мәрте ұрып жерге құлатқан. Соққыдан құлаған әйел­ді Шыналиев қос қолымен буын­дырған. Айыпталушы өзінің ойлан­бай жасаған әрекетіне шын өкі­не­тінін айтып, жәбірленуші тараптан кешірім сұраған. Қанды оқиға болатын күні ашуға бой алдырып, өзін бақылаудан шығарып алған. Айыпталушы өз кінәсін толығы­мен мойындап, келінімен жиі сөз­ге  келіп,  ренжіскендерін  айтқан. Мәншүктің тума-туыстарының берген түсініктемелері бойынша марқұм ешуақытта боқтап сөйле­меген, ішімдік ішпеген. Бірақ са­раптама қорытындысында мар­құмның қан құрамында этил спир­тінің бар екені, масаңдау болғаны анықталған. Сот И. Шыналиевті қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен («Кісі өлтіру») кінәлі деп танып,  оны сегіз  жыл мерзімге бас бостандығынан айырды және ол жазасын қауіп­сіздігі жоғары мекемеде өтейтін болады. Судьяның айтуынша, И. Шыналиев ІІІ топтағы мүгедек, бұрын сотталмаған, 15 жыл бойы көзі көрмейтін әйелін бағып-қағып, балаларын өзі өсірген.  Тұрғылықты жерінен жағымды мінездеме бе­рілген. Үкім шығару барысында мә­селенің осы жағы ескерілген. Тараптар үкім жарияланған күн­нен, сотталушы өзіне үкімнің кө­шірмесі табыс етілген күннен бас­тап 15 күн ішінде аталмыш сот ар­-қылы БҚО сотының қылмыстық іс­тер жөніндегі сот алқасына ша­ғым мен  наразылық  беруге  құ­қы­лы. Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал  өңірі»

Тал түсте атылған тапанша

Күні: , 58 рет оқылды

Қыркүйектің 6-сы күні сағат 16.37-де Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімі аумағында ҚР ІІМ МКҚБ Ақжайық аудандық

2-батальонының 1994 ж. т. полиция сержанты аталған батальонның взвод командиріне табельдік қарудан оқ атып, салдарынан 1986 ж. т. зардап шегуші оқиға орнында қаза тапты.

Аталған қылмыс бойынша ҚР ҚК-ның 99-бабы 1-т. (Кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі басталып, оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыстануда. Істің мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

БҚО  ІІД  баспасөз  қызметі


Ауыр қылмыс жасағандарға ізгілендіру қолданылмайды

Күні: , 5 348 рет оқылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов осы жылдың 31 шілдесінде заңды күшіне енетін қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заңның негізгі қағидалары туралы айтты. Аталған заңды Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты қаңтардағы Жодауында көрсетілген тапсырмасын орындау аясында Бас прокуратура әзірлегенін атап өткен жөн.

Жалпы түзетулер Қылмыстық кодекстің 262-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45 және Қылмыстық-атқару кодексінің 9-бабына енгізілді. Сонымен қатар ауырлығы орташа және онша ауыр емес, кісі өліміне соқтырмаған 247 қылмыс бойынша баламалы жаза түрінде қоғамдық жұмыс алғаш рет енгізілуде. Бұл өз кезегінде сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді.

Айыппұлдың ең төменгі көлемі 500-ден 200 АЕК (1,2 млн. теңгеден 481 мыңға дейін) және оны төлеудің минималды мерзімі 6 айдан 3 жылға дейін ұлғаюда. Бұл мыңдаған азаматтарға айыппұл көлемін және өтеу мерзімін ұзарту бойынша сотқа жүгінуге құқық береді. Меншікке қарсы, экономикалық  және кейбір қылмыстар бойынша айтарлықтай, ірі және аса ірі залал мөлшері екі  есеге дейін артты.

Аталған түзетулерге сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу мен алаяқтық үшін бас бостандығынан айырылған жалпы 2,5 мың сотталушыға енгізіледі. Олардың жазаны өтеу мерзімін қысқартады. Қылмыс құрамы ауыр 12 қылмыс бойынша баламалы жаза ретінде соттар бас бостандығынан шектеуді тағайындауы мүмкін. Оларға әскери, экономикалық, лауазымдық және меншікке қатысты қылмыстар жатады.

32 қылмыс бойынша, оның ішінде 13 экономикалық қылмыс бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімінің жоғарғы шегі 2-3 жылға төмендетіледі. Қысқа айыппұлдардың қолдану аясы кеңейеді. Енді алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу бойынша айыппұл мөлшері келтірілген залал кұнының 10-нан 20-ға дейін еселенеді. Қоғамға қауіпті емес сотталғандардың санатына және алғаш рет екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылғандарға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу шарттары жеңілдетіледі.

Барлығы түзетулер аясында қауіпсіздігі төмен мекемелерге қатаңырақ режімдегі 400 сотталған азамат ауыстырылады. 5 мыңға тарта адамға ықпал етеді деп болжануда. «Бірақ бұл дегеніміз олардың барлығы бір мезетте босатылады деген сөз емес», – деді Марат Ахметжанов.

Бұл үрдіс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сотталғандардың бөлігі, жазаның едәуір бөлігін өтеген, сондай-ақ залалдың орнын толтырған және жүріс-тұрысы оң тұлғаларды сот сол мезетте босатады. Басқа сотталғандарға жаза мерзімін төмендетеді, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға жақындатады.

Баспасөз конференциясында ауыр қылмыстар – кісі өлтіру, зорлау, азаптау, экстремизм мен терроризм және қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жасағандарға ізгілендіру қолданылмайтындығы айтылды.

Бұдан бөлек заң мерзімінен бұрын босаған тұлғаларға жауаптылық жоғарылайды, рецидивті құқықбұзушылықтар мен масаң күйде құқық бұзғандарға қосымша түрлер мен әдістер енгізіледі.

Жалпы алғанда, еліміздегі реформалар жүргізілген жылдары

қылмыстылық 7-10%-ға төмендеді.

2012 жылдан бастап түрмедегілердің саны 19 мыңға төмендеді (52 мыңнан 33 мыңға). Бірақ бұл криминогенді жағдайға кері әсерін тигізбеді. 2012 жылмен салыстырғанда 2017 жылы ауыр және аса ауыр қылмыс саны – 22%, зорлау – 43% (2,3 мыңнан 1,3 мыңға) және қарақшылық 59% (1700 мыңнан 700-ге) азайды.

Асыл    РАМАЗАН


Ата-енесін атып өлтіргенге сот басталды

Күні: , 87 рет оқылды

Оралда ата-енесін атып өлтірген күйеу балаға қатысты сот отырысы басталды. Екі ай бойы тергелген айыпталушы бірінші сот отырысында-ақ  кінәсін мойындады.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 10 мамыр күні кешкі сағат сегіз шамасында 38 жастағы Рүстем Дәулетшин бұрынғы әйелінің үйіне баса-көктеп кіріп, оның ата-анасына қарулы шабуыл жасаған болатын. Атылған оқтан егде жастағы әйел сол жерде қаза тапса, жұбайы екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатып көз жұмған.

Қанды оқиға орын алған күні қылмыскердің бұрынғы әйелі мен оның ұлы да әлгі үйде болыпты. Айыпталушы үйге аңшы мылтығымен кіріп, әуелі бұрынғы қайын енесін жер жастандырған. Тергеу нәтижесінде қарудың заңсыз екені анықталды. Қас-қағым сәтте қандықол қарақшының кесірінен әке-шешесінен айырылған Нәдия Дәулетшина айыпталушыға әділ жаза берсе екен дейді.

Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей «Кісі өлтіру», «Заңсыз қару сақтау» баптары бойынша айып тағылып отыр. Ал айыпталушы болса, сотта өз ісін алқабилердің қатысуымен өткенін қалайтындығын айтты. Келесі сот отырысы 1 тамызда өтуі тиіс.

Нұрбек  ҚАБЫЛ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика