Қазақстанның демократиялық ұрысы

Күні: , 38 рет оқылды

Үлкен ақша – әрдайым үлкен мүмкіндік. Ал қашқын олигарх Мұхтар Әблязовта ақша жетіп артылады. Өйткені ол БТА банкіне басшылық жасаған жылдары жалған компаниялар арқылы 7 миллиард доллардан астам банк  қаржысын оффшорлық аумақтарға аударып, заңсыз қалтасына басқан болатын. Яғни, өз халқының маңдай термен тапқан ақшасын осылайша жымқырды. Енді осы ұрланған қаржының көмегімен Әблязов Қазақстандағы саяси тұрақтылықты шайқалтып, оның соңын қанды қырғын мен төңкеріске, азаматтық соғыс пен революцияға ұластыруды көздеп отыр.

Шетелде бас сауғалап, қазақстандық соттан қашып жүрген Әблязовтың көздегені елдің татулығы емес, керісінше араздығы. Алаяқ банкир тек жеке бас пайдасы үшін дүйім жұртты соғысқа, қиратуға, аштыққа әкеліп соқтырудан тайынар емес. Қазіргі үкіметті тағынан тайдырмақшы. Сәті түссе, ел билігін өз қолына алуды, олай болмаған күннің өзінде де лайықты бәсекелестерге тұзақ құруды көксейді. Халықтың жағдайы, әлеуметтік ахуалы, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қалу мәселелері оны толғандырмайды.

Францияның «Liberаtion» басылымына берген сұхбатында Әблязов Қырғызстандағы «қызғалдақ» төңкерісін қаржыландырғаны туралы мәлімдеме жасады: «2005 жылдың басында мен Қырғызстан режимінің құлауына септесу үшін ондағы оппозицияны қаржыландырдым. Бұл мен үшін маңызды болды, себебі посткеңестік елдердің бірінде демократиялық процесс басталды және одан соң оң реформалар жүргізіле бастады» деген Әблязов.

Демократиялық процестің астарында Әблязов кез келген теріс әрекетін дұрысқа шығаратын және оның жолында сол елдің азаматтарын әшейін құрал ретінде пайдалануға болатын хаос, яғни аласапыран орнатуды меңзейді.

Алайда оның барлық жоспары іске аспай қалды. Әблязов пен оның сыбайластарына қатысты бірнеше елде, оның үшеуі Ресей, Украина және Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды. Осы үш ел әлі күнге дейін қашқын банкирді қайтаруды талап етіп отыр. Мейлі, ол тіпті Қазақстанның нағыз демократиялық ұрысы болса да, ұры түрмеде отыруы тиіс.

Бір кездегі құрметті азаматтың, талантты қаржыгердің бүгінде кәдуілгі алаяққа айналғанын әлемде орасан зор беделге ие билікті ағылшын сотының сотқа құрмет көрсетпегені және соттан айла-сын асыруды көздегені үшін Әблязовтың әрекеттерін нағыз алаяқтық деп танып, 22 ай түрме жазасына кескені растайды.

Сондықтан Қазақстан тарапының Әблязовтың қазақстандық және ресейлік банктердің иесі және бас менеджері ретінде өз жобаларын салымшылардың есебінен қаржыландырып, шамамен 7 миллиард доллар иемденгені туралы айыптауларының ойдан шығарылғанына сену қиын. Оған қоса Ресей билігі Әблязовты  5 миллиард долларды жымқырды деп айыптайды.

Соған қарамастан, Әблязов Францияда бой тасалап жүр, 2017 жылдың маусым айында Әблязовке қатысты қылмыстық істерді қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты экс банкирді қылмыстық қоғамдастық құрды және БТА банкінің қаржысын жымқырды деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру және жеке мүлкін тәркілеу туралы  сырттай  үкім шығарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның мәлімдеуінше, келтірілген шығынның мөлшері 7,5 миллиард доллардан асып жығылады.

Осыдан кейін Әблязовтың не себепті «халық пен әділеттіліктің жанашыры» бола қалғанын түсіну қиын емес. Өзін оппозиционер ретінде көрсетіп және қылмыстық әрекеттерін саяси реңк бере отырып, Қазақстанмен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісімге қол қойылмаған Франция елінде бой тасалай тұруға аздаған мүмкіндік алды. Өзін саясаткер және оппозиционер санайтын Әблязов шетелде тұруға тырысады, сөйте тұра елге деген зор сүйіспеншілігін көрсеткісі келеді.

Қазіргі таңда түрмеден бостандыққа шыққан Әблязов Қазақстанда Ресейдегі Навальный ұйымдастырғандай митингтер ұйымдастыруды және сот тәртібімен Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) экстремистік ұйымын қайта жандандыруды көздейді.

Әблязов аталмыш митингтер өткізуге тақырыптардың жеткілікті екенін айтады. Оған қарамастан өзінің үнпарақтарында әлеуметтік мәселелерді коммуналдық сұрақтармен шатастырып, қанағат-танарлықсыз білім, сыбайлас жемқорлық, нашар жолдар және т.б. сияқты абстрактілі мәселелерді санамалайды. Әлбетте, таңдау өте өзекті мәселелерге түскен. Өйткені аталмыш мәселелер әлемнің барлық елінде бірдей өзектілігін жоймай отыр.

Мейлі, Әблязов тамаша бизнесмен және өз ісінің білгір маманы болсын. Бірақ ол жалғыз емес! Оның тобында ондайлардың екі-үш ондығы да жиналмайды. «Қазақстанның демократиялық таңдауының» (ҚДТ) бүкіл экономиканың жүйелі талдауын және медицина, білім, ғылым саласындағы нақты ахуалды білмей, жалған утопиялық реформаларды ұсынып, мемлекеттік төңкеріс жасауға шақыру себебін түсіну қиын!

Қазақстанның демократиялық ұрысының жеке бастың арам пиғылын іске асыруға бағытталған «Қазақстанның демократиялық таңдауының» барлық идеологиясы, міне, осы.

Асылхан  ҚАДЫР


«7-20-25» өз жұмысын бастады

Күні: , 103 рет оқылды

Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы несие  берілді.

Бұл туралы БҚО өңірлік ком-муникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының директоры Қо-зыбақ Құлбарақов мәлімдеген еді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде несие берілген шаһарлар қатарында Алматы, Астана, Өскемен және Ақтау қалалары да бар.

– «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Ұлттық банкі  «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» арнайы ұйымын құрған болатын. Халықтың жағдайын жақсартуды көздейтін  бағдарлама бойынша ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болса, бастапқы жарна несиеге алынатын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде, сондай-ақ несие мерзімі 25 жылға дейін есептелген. Аталмыш бағдарламаға  баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ  қазақстандықтар қатыса алады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушының тұрақты расталған кірісі болуы қажет. Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін пәтер  бағасының ең жоғарғы шегі 25 миллион теңге болса, қалған өңірлерге 15 млн. теңге деп белгіленген. Ал ипотекалық қарыздар тек ұлттық валютамен беріледі.  Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды.  Күні бүгін «Центркредит» банкі, «Еуразиялық» банк, «АТФ» банк, «Цеснабанк», «Қазақстан Халық банкі», «РБК» банк және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  «7-20-25» бағдарламасына қосылған. Жыл соңына дейін «Сбербанк» пен «Форте» банк те қосылмақ. Бұл банктер ипотекалық кредиттерді аталмыш бағдарламаның талаптарына сай беріп, «Баспана» арнайы ұйымы несиелерді сатып алады, – деді Қозыбақ  Әбуұлы.

Спикердің айтуынша, бағдарламаға қатысатын тұлға қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің жоқтығын растайтын анықтама, сатып алатын тұрғын үй  құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуы тиіс.

Қозыбақ Әбуұлы айтып өткендей, бағдарламаға қатысты барлық ақпаратты www.baspana72025.kz сайтынан алуға болады. Сондай-ақ +7(727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша cоll-орталық тәулік бойы жұмыс жасайды. Ал қазір бағдарламаның мобильді қосымшасы әзірленуде.

 Ясипа  РАБАЕВА

 


Қала күні қарсаңында тынымбақ ашылмақ

Күні: , 71 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал  қаласындағы  бірқатар  құрылыс  нысандарын  аралап,  атқарылып  жатқан  жұмыс  барысымен танысты.

Өңір басшысы жұмыс сапарын Зашаған кентіндегі жаңадан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысынан бастады. Орал – Атырау және Орал – Саратов тасжолының аралығында орналасқан тоғыз қабатты үйлер баспана кезегіндегі тұрғындар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілмек. «Болашақ-Т» ЖШС-ның мердігерлігімен салынып жатқан 180 пәтерлік үйдің құрылысы былтыр қазан айында басталған. Сала мамандарының айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстарының 85 пайызы атқарылған. Енді тұсқағаз жапсырып, линолеум төсеу секілді ішкі жұмыстар мен сантехникалық құрылғыларды орнату ғана қалған. Бұл үй күзге таман тұрғындардың игілігіне берілмек. Үйдің іші жарық, кең әрі сыртынан қарағанда көз тартарлық екен. Құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі сала мамандарына жаңа салынған үйде мәселе болмау керектігін ескертіп, айналасын  абаттандыруды  тапсырды.

Зашаған кентіндегі келесі тұрғын үйдің жетінші қабатына бетон тұрғызылып, кірпіш қалау жұмыстары  жүріп  жатыр  екен.

– Бұл үйдің құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Құрылыс нысанында 100 адам еңбек етуде. Мұнда жалпы 216 пәтер болса,  оның 144-і  – бір бөлмелі, қалған 72-сі екі бөлмелі болып келеді. Биылға бөлінген қаржы толық игерілді. Енді қалған қаржы аударылатын болса, үйді биыл тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Альтаир» ЖШС-ның құрылыс бойынша директоры  Нұрлан Қуанғалиев.

Тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі Зашаған кенттік округінің әкімі Әділбек Қадыровқа ПИК мамандарымен тығыз байланыс орнатуды және көп қабатты үйлердің кіреберісіне аутокөлік жуатын орын салуды тапсырды.

– Қала орталығына кіретін кез келген көлік таза болуы қажет. Біз сол үшін тұрғындарға жағдай жасауымыз керек, – деген облыс әкімі жұмыс сапарын Тайманов көшесіндегі  құрылыста  жалғастырды.

Аталмыш көшеде яғни Еуразия даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралықтағы жол күрделі жөндеуден өтуде. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның мердігерлігімен қолға алынған жұмыстың барысына өңір басшысы оң бағасын берді. Жол  жөндеу жұмыстары аяқтала келген.

Болашақта бұл аумақ тынымбаққа айналмақ. Сәулеті келіскен орындықтар орнатылып, шайтанарбаға арналған жолақтар  салынатын болады. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның бас инженері  Жандәулет Нұрлыбаевтың айтуынша, тынымбақ  қала күні қарсаңында  ашылатын  болады.

Содан соң өңір басшысы Құрманғазы көшесі мен Мәметова көшесінің қиылысындағы №2 жылу магистралінің құрылысына барды.  Мұндағы құрылыс жұмыстары «Уральскводстрой» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асуда. Жылу құбырлары толық ауыстырылған. «Уральскводстрой» ЖШС-ның вице-президенті Тенгиз Тедеевтің айтуынша, қажетті материалдар Ақтаудан тасымалдануда. 1255 метр болатын жылу торабының  құрылыс жұмыстары  шілде айының соңында аяқталмақ.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


Өн бойынан өлең жолы өрілген

Күні: , 84 рет оқылды

Мен көктен түскенім жоқ,

Жерден өрдім.

Жасымнан періште емес, пендеге ердім,

Баяулап күндерім де барады өтіп,

Ай аунап,

Жұлдыз күліп,

Дөңгелер күн, – деп жырлаған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Т. Айбергенов, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ақын Ғайса-Ғали Сейтақ асқаралы алпыс жасқа толды. Туған жердің туын биікке көтерген ағамыздың мерейжасына арналып, кіндік қаны тамған Хан ордасы ауылында «Өмірім – өлеңім» атты әдеби сазды кеш оздырылды. Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Ғайса-Ғали Самиғоллаұлын құттықтап, иығына шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды.

Ажарынан арайланған ай сәні,

Аға жаста Жайығымның жайсаңы.

Ақындықтың антына адал ұл деп біл,

Жырға біткен Пайғамбардай Ғайсаны.

Жүрегінде өр жыры мен ел мұңы,

Тұлпар талант кеппей шапқан терлігі.

Шашасына шаң жұқтырмас шалқұйрық,

Бойында жоқ Тайбурылдың кемдігі.

Хан орданың қасиеті ойнап қанында,

Нар мінез ер  кіндік кескен Нарында.

Тектілердің тұяғындай кескіні,

Патша қыздан таңдап сүйген жарын да.

Бақ боп қонып бабасының батасы,

Салтына енген сұлтандықтың сапасы.

Өнегесі ұрпағына ұласқан,

Ұл-қызға әке, немеренің атасы.

Өлеңінен есетұғын ерлі күн,

Пір санаған Махамбеттің ерлігін.

Сертке берік серісі елдің танылған,

Тірі ескерткіш боп танылдың сен бүгін.

Өн бойынан өлең өрті өріліп,

Аруларға падишадай көрініп.

Екі отызың шабыт кұйсын жаныңа,

Қаламыңнан жыр нөсері төгіліп.

Ақын жырын арнап жүрген халқы үшін,

Жақсы ақынсың, Жайықтағы жалқысың,

Жасын жырды жарқылдатып жасай бер,

Құтты болсын, жаңа толған алпысың! – деп сырымдық ақын Махмет Қажиахметовтың Ғайса-Ғали ақынға арнауында айтылғандай, аға жасына келген ағаның әдеби кешінің шымылдығы «Шілдеде біз туғанбыз…» туындысымен түрілді.

Ақын өмірінен сыр шерткен фильмде де «Жақыным менің – жалпақ ел» деп жырлаған Ғайса-Ғали ағамыздың түрлі жыр додаларында талай тұлпарларды шаң қаптырғаны айтылып, өңіріне Ғұ-мар Қараш төсбелгісін таққандығы сөз болды. Жүргізуші Назымгүл Оразгелдиева «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының орынбасары, “Қазақпарат” халықаралық агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, екі ұл мен бір қыздың әкесі һәм мерейтой иесі Ғайсақаңа: «Өнерде ізіңізден ерген ұрпағыңыз бар ма?» – деп сауал тастағанда ол: «Немереден үміттіміз», – деді. Кіндігі Нарынның топырағында кесілген тұңғыш немересі Нарұл атасының визиткасына айналған «Нарынның нар ұлдары» өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Кеш барысында жас толқын Альфия Төлегенова, Аружан Нұржанқызы мен Айдос Қадірәлі де ақын жырларын жатқа айтса, Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған (сазы Еркін Нұрымбетовтікі) «Асқақтай бер, Астана!» әнін Эльдар Құдабаев қалықтатты.

Ақын әр туындысымен жүрек лүпілін жеткізіп, ішкі жан дүниесін айқара ашады. Ал «Төртінші бала» өлеңінің мәнісін Ғ. Сейтақ әріптесінің перзентіне арналған еді деп түсіндірді. Оның қаламынан туған шығармалардың дені тарихи тұлғаларға, қасиетті орындарға, әсіресе, өзіміздің өңірдің елеулі оқиғаларына арналған. Мәселен, «Бөкей ханның бейіті», «Жәңгір ханның жазуы», «Сексен сарбаз», тіпті, жерлес Нұрғаным Байсейітованың үйінде ілулі тұрған Орданың жусаны да оның «Орданың бір түп жусаны» өлеңіне арқау болған. Өңіріміздің өткені мен бүгінгісін бір туындының ішіне сыйдырған «Павел патшаның соңғы күні»,

«Егер Бөкей көшпесе…» шығармаларында өлкеміздің тағдыры шешілген сәтті дөп басып суреттеген. Оның патриоттық рухтағы өлеңдері де  көп-ақ.

Кеш барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Аманкелді Шахин қарағайлары көкпен таласқан қасиетті топырақта дүниеге келген әріптес досын туған күнімен құттықтап, «Құдіре-тің құм Нарын» толғауын оқыды.

«Сәлемін көп достардың алып келдім,

Шалқытып әсем әнді салып келдім.

Кездескен мерейтойда ағайынға,

Алдымен ізетпенен сәлем бердім.

Орғыған Байғалиннің елігі едім,

Сағынып алдыңызға келіп едім.

Бүгінде немереге әже болдым,

Ақ маңдай Ақжайықтың келіні едім…» – деп қара домбырамен термелеткен ақын ағаның құрбысы Тілектес Байқадам жұбайы, хирург Хамит Ералиннің ыстық тілегін жырмен жеткізгендей болды. «Өксіген өз елінде ана тілдің жалауын желбіретер уақыт келді» деп те жар салды қадірменді мейман. Иә, елдік мәселені көтерген досының үніне үн қосқан мерейжас иесі Тәуелсіздік туын көтеруге шақырған «Жоқ шығар бұдан асқан азап бүгін» өлеңін оқыды. Сонымен қатар алдағы уақытта жарық көретін «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағына енетін бірнеше туындыларымен де  таныстырды.

«Батыста шекараны қорғап тұрған батырдың ұрпақтары барсыңдар ма?» деп ел-жұртының есендігін сұрай сөзін сабақтаған ақын қызымыз Жансая Мусина мен оның қарсыласы, тумысы саралжындық айтыскер Талғат Мықи да қалжыңдаса айтысып, өнердегі һәм өлеңдегі ағаларына шалтты да шабытты ғұмыр тіледі. Өз кезегінде көршілес Жәнібек ауданынан арнайы келген бисендік Назгүл Кәрімова да ақын ағасы өз өлеңімен Бөкей даласының картасын сызды десе, ордалық Рахметолла Ғұмаров сыныптастарының жылы сөзі жазылған құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады.

Бұл әдеби кеште Ғайса-Ғали аға ұстаздары Шолпан Жұмашева, Роза Әділәлиева, Сисен Байзонов, Әлима Қабдірахимова, Рәзия Жаманғарина, сынып жетекшісі Қалқаман Хайретдинов және өлеңдегі ұстазы, ұялылық арқалы ақын марқұм Жанғали Набиуллиндердің есімдерін аса құрметпен ауызға алды. Және елеген еліне, қадірлеген жұртына, ұйымдастырушыларға, округ кіреберісінен құшақ жая қарсы алған ауданның атқамінерлеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін көрме жасақтаған Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне қазақтың Қадыры (Мырза Әли) мен Жанғалиі ұстаған қасиетті қалам мен өзі тұтынған өзге де дүниелерді тарту етті.

Ғабит Мүсірепов: «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде» деген екен. Ендеше, Ғайса ағамыздың қаламы оны алда да биік шыңдарға жетелей берсін дейміз.

Раушан  БАҚЫТОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы


Тәуелсіздігіміздің жауһары

Күні: , 22 рет оқылды

Астана  күні  қарсаңында ҚР  Тұңғыш  Президенті  алаңында    «Астана – ұлы дала  елордасы»  атты  мерекелік  концерт  өтті.

Бүлдіршіндерін ерткен қала тұрғындары мерекелік шараны тамашалауға арнайы жиналды. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жиылғандарды Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтады.

– Астана – біздің ұлы даламыздың, тәуелсіздігіміздің жауһары іспетті. Көзді ашып жұмғанша өте шыққан 20 жылда Астанада қаншама еңбек атқарылды. Аз ғана уақыттың ішінде дүние жүзіне белгілі ғимараттар бой көтеріп, дүниежүзілік шаралар, бітімгершілікке шақырған жиындар өтті. Күні кеше ғана Астананың төрінде, «Жеңіс» даңғылының бойында М. Мәметованың ескерткіші бой түзеген «Ақжайық» тынымбағын астаналық тұрғындарға  табыстадық.  Тынымбақтағы бүлдіршіндерге  арналған ойын алаңы мен әуенді субұрқақты тамашалаған астаналықтар батысқазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіруде. Астанамыздың 20 жылдық мерекесі құтты болсын! – деді  Ғабидолла Абдоллаұлы.

Мерекелік шарада  ҚР Президентінің Жарлығымен әр салада еңбек етіп жүрген бірнеше  өңір тұрғындары еліміздің  қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында «Домостроитель» өндірістік кооперативінің директоры В. Власов, облыстық клиникалық аурухананың дәрігері  С. Қайыпбергенов, №8 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің мұғалімі С. Шаяхметова, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры  Ф. Кержикова  бар.

Мерекелік концертте жергілікті өнерпаздарға қоса, өзге облыстардан арнайы келген әншілер қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.  Әсіресе, «Тәуелсіз елміз»  композициясы, дәстүрлі әндер шеруі жиылған жұртшылыққа  әдемі  әсер  сыйлады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Астана – ел дамуының кепілі

Күні: , 49 рет оқылды

Астананың  20  жылдығына  байланысты  облыстық  актив отырысы өтті.  Жиында облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  түрлі  сала  ардагерлері мен өнер қайраткерлерін,  үкіметтік  емес  ұйым  төрағалары  мен  облыстық  ассамблея  мүшелері,  кәсіпорын  басшыларын  «Астанаға  –  20 жыл»  мерекелік  медалімен  марапаттады.

Елордамызды Сарыарқа төріне көшіру туралы қабылданған шешімнен бастап, бас қаланың қалыптасуы және 20 жылдық тұтас даму кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей әрі тығыз байланысты. Тәуелсіз Қазақстанды татулық пен бейбітшіліктің орталығы дейтін болсақ, Астана – оның алтын бесігі. Астана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммитін, бірнеше рет әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізіп келеді. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі абыроймен ұйымдастырылды. Сирия қақтығысының түйінін тарқату мақсатында алпауыт мемлекет өкілдері бас қосқан мекенге айналды. Елордада қысқы Азия ойындары мен басқа да спорттық шаралар сәтті өтті. Жақында Астана халықаралық қаржы орталығы ашылды.

Жиырма жылда Астана құрылысына бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлінгенімен, ол қаржы ел қазынасына, шамамен, 7 трлн. теңге болып құйылған. Яғни қаланың дамуына салынған мемлекеттің қаржысы үш есе артығымен қайтарылды. Астана тұрғындарының саны жиырма жылдың ішінде 3,5 есе өсіп, қазіргі кезде 1 миллионнан асқан.

Еліміздің саяси-экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған елорда Қазақстанның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, жан-жақты дамуына серпін беріп келеді. Мемлекет басшысы «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы» екенін атап өтті. Облыстағы шалғай елді мекендерде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары ауқымында таза ауыз су, баспана, білім беру және денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп жатқанын айтты. 20 жыл ішінде облыс экономикасына 4 трлн. теңгеге жуық инвестиция тартылған. 4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1800 шақырым жол жөнделген.

Президент биылғы Жолдауында облыс орталықтары Астанадан үлгі алу керектігін атап өтті. Жыл сайын көркейіп келе жатқан шаһарымыз – облыс орталығы Орал қаласы әрдайым елорданы үлгі етеді. Астананың көркеюіне батысқазақстандықтардың қосқан үлесі зор. Мерейтой қарсаңында Елордамыздың төрінен батыр  апамыз Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткіші бой көтеріп, «Ақжайық» тынымбағы пайдалануға берілді. Елбасы ризашылығын білдіріп, өңір жұртшылығына алғысын жеткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқандардың барлығына алғыс айтуы тиіс. Елордада барлық өңірден келген азаматтар тұрады. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек», – деп атап өтті. Өңірлердің Елордамызға тартуы көпұлтты еліміздің ішкі бірлігінің мықты екенін көрсетті.

Бұл – біздің шын мәнінде қуатты, унитарлы әрі біртұтас ел екеніміздің дәлелі, – деді облыс әкімі Алтай  Көлгінов.

Облыс активі отырысында «Астанаға – 20 жыл» медалімен марапатталған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әнші-термешісі Сәуле Таудаева, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Данильбек Саратов сөз алып, елорда мерейінің асқақтауы – ел бірлігінің нығаюының кепілі екенін айтты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Жас Өркен» байқауының жеңімпаздары анықталды

Күні: , 20 рет оқылды

2018 жылдың 3 шілдесінде «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінде жас мамандарға арналған «Жас Өркен» бағдарламасы байқауының ақтық кезеңі – байқау комиссиясының отырысы өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Операциялық қызметтер жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметовтің төрағалық етуімен өткен комиссия құрамында Қордың қоржындық компанияларының басқарушы директорлары, ұйымдастыру комитетінің өкілдері болды.

2018 жылдың басында байқауға қатысуға 737 үміткер өтініш берген болатын, олардың 27-сі іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, ақтық кезеңге жетті. Бұл – 2016, 2017, 2018 жылдары еліміздің 10 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарын бакалавриат немесе магистратура бағдарламалары бойынша бітірген түлектер. Байқау шарты бойынша бағдарламаға небәрі 20 түлек қатысып, олар 20 ай бойы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірнеше қоржындық компаниясында жедел жетілдіру бағдарламасынан өтеді. Жас мамандарды еңбек жолын бастаудың бірегей мүмкіндігі – еліміздің ірі индустриалдық кәсіпорындарындағы оқу мен жұмыс күтіп тұр. Әр қатысушыға қоржындық компанияның желілік жетекшілерінен жеке тәлімгер тағайындалады. Бағдарламадан сәтті өткен жас мамандарға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында жұмыс істеу және ары қарай жетілу жоспары жасалады. Бағдарлама аяқталған соң дарынды жас мамандар Қазақстанның ұлттық компанияларындағы команда мүшесі болу мүмкіндігіне ие болады. «Жас Өркен» бағдарламасына жас мамандар алғаш рет 2017 жылы іріктеліп алынғанын атап өту керек. Ол кезде байқауға қатысуға 594 үміткер өтініш берген болатын, қазір олардың жиырмасы Қордың 16 қоржындық компаниясында тағылымдамадан өтіп жатыр. Анықтама: Бағдарламаны ұйымдастырушы — бағдарлама мен байқауға ұйымдастырушы-қаржылық қолдау көрсетуші «Самұрық-Қазына» АҚ. Бағдарламаның атқарушы органы —  ұйымдастыру шараларын орындаушы және байқауды өткізуші «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті. Қосымша ақпаратты мына байланыс телефоны арқылы алуға болады: +7 (7172) 97-58-99, e-mail: kayupova@skcu.kz  «Самрук-Қазына» Корпоративтік университетінің PR-менеджері – Баян Каюпова  

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті

  Анықтама «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы – дара акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын қор. Қор 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған және ол коммерциялық құрылым – инвестициялық холдинг саналады. Оның миссиясы — Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету. «Самұрық-Қазына» өз миссиясын қоржындық компаниялардың ұзақмерзімдік құны мен тұрақты дамуын арттыру үшін оларды тиімді басқару арқылы, сондай-ақ ұлттық экономиканың басым секторларының дамуына каталитикалық инвестиция салу арқылы жүзеге асырады. Қор активі шамамен $67,4 млрдты құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.

А.А. Остапец-Свешниковтың 90 жылдық мерейтойына арналған мақала

Күні: , 21 рет оқылды

Ағымдағы жылдың 8 маусымында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, туризм бойынша  спорт шебері Александр Александрович Остапец-Свешниковтың туғанына 90 жыл толуына орай «Соқпақ-Тропинка» журналының мерейтойлық нөмірі жарыққа шықты.

Журналда Александр Александровичті жақсы білетін, онымен балалар туризмі саласында жұмыстас болған, жорыққа бірге барған әріптестерінің, аспиранттарының және оның ғылыми мектебіндегі жолын қуушылардың естеліктері ұсынылды. Бұдан басқа мақалаларда А.А. Остапец айналысқан кейбір мәселелер, сонымен қатар мектеп оқушыларының және мектеп жасына дейінгі балалардың туристік-өлкетану қызметін ұйымдастыру бойынша идеяларын дамытатындығы, негізгі және қосымша білім берудің интеграциясы, салауатты өмір салтының негізі баяндалады. Александр Александрович Остапец-Свешников 1928 жылы 12-маусымда Мәскеу қаласында дүниеге келді. А.А. Остапец – Свешников – балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану педагогикасының жарқын тұлғасы. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, КСРО спорт шебері,  Мәскеу халықаралық балалар және жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының алғашқы және негізін салушы Президенті. Балалар туризмі педагогикасы бойынша 200-ден аса монография, бағдарламалардың авторы. Олардың ішінде: “Легкая кавалерия”, “На маршрутах туристы следопыты” (1987 ж.), “Туристско-краеведческая деятельность Детско-юношеского клуба “Родина” (1992ж.), «Педагогика и психология туристско-краеведческой деятельности учащихся» (2001ж.). Александр Александрович қойын кітабында көптеген жазбаларын қалдырды. Оның архивін ақтара отырып оның көптеген адамдар сияқты қалай көп жұмыс жасағанына таң қаласың, соның ішінде өз бетімен. Тек біздің Оралдың өзінде төрт рет болған, жергілікті әріптестерімен тығыз байланыста болды және өмір бойына тамаша пікір қалдырды. А.А. Остапец – Свешников өмірінің барлығын балаларға арнады. Балаларға абстрактылы ғылымда емес, баланың адам болып қалыптасуына көмектесетін балалар туризмі педагогикасында. Оның тақырыптары мен мәселелері патриотизмді дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталды. А.А. Остапец – Свешниковтың мұраларының құндылығы сонда, ол тек теорияны ғана жасаған жоқ, сонымен қатар өзінің идеяларын практика жүзіне асыратын бағдарламалық тұжырымдамасын да ұсынды. Химиядағы Д.И.Менделеев сияқты, А.А.Остапец – Свешников тұтастай туристік-өлкетану қызметі «элементтерінің периодтық жүйесін» құрды, бүгінде оны оқушылары мен ізбасарлары іске асыруда. Осы білім беру жүйесінің құндылығы мен өміршеңдігі оның іс-жүзінде жүзеге асырылуы туралы фактілер айтады. Осы жүйе бойынша Қазақстанның, Ресейдің,  Украйнаның, Белоруссияның көптеген қосымша білім беру мекемелері табысты жұмыс жасауда. Шынайы өмірде Остапец – Свешниковте барлығы бұрынғы ұрпақтың тәжірибесін шығармашылықпен  қолдануға құрылған. Ұлы педагог баланы белсенді өмірге енгізді. Остапец педагогикасының байлығын сіңірген оқушы нағыз патриотқа айналады. Ол 2002 жылы 21-желтоқсанда өмірден өтті. Біз бұл қазаны «Евразия» балалар кешенінде Оралдың жас зерттеушілері «Балалар Даму Академиясын» оның тәжірибесі негізінде құруға дауыс берген сәтте білдік. Бір жұлдыз сөнсе де, жаңа жұлдыздың жарқырауына жақсы бастама береді. Бұл құбылыс шын мәнінде символдық. Балалар мен жасөспірімдер туризміне және өлкетануға педагогикалық үлес қосқаны үшін Академия Президиумы А.А. Остапец – Свешников атындағы жыл сайынғы медальді тағайындады. Александр Александровичтің мұралары мен еңбектерін қосымша білім беру  педагогтары күнделікті қажет кітап ретінде пайдаланады. Көптеген жылдар бойы Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының педагогикалық ұжымы өздерінің жұмыстарында туристік-өлкетану қызметі бойынша А.А.Остапец – Свешников жасаған әдістемелік ұсынымдарды қолданады. Александр Александрович Остапец–Свешников туристік-өлкетану қызметінің жүйесін жасады; негізгі педагогикалық принциптерді жазып шығарды; туристік-өлкетану циклдарының моделін құрды және дәлелдеді. Ол ізашарлары жинақтаған барлық құндылықтарды қорытындылады. Оның оқулары біз үшін – бағаланбас байлық. А.А. Остапец – Свешников әдістемесінің құндылығы сонда, оның кеңестері, заңдары, ережелері және дәстүрлері туристердің барлық жас ерекшеліктерінде де қолданбалы және нағыз практикалық материалға негізделген. А.А. Остапец – Свешников балалар-жасөспірімдер туризмі балалардың үйлесімді дамуының тиімді құрал болып табылатынын айтты; бұл тәрбиелік және өзін-өзі тәрбиелеудің бірегей білім беру және тәрбиелік құралы; өзін-өзі тәрбиелеу.

В.П. Фомин, Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директоры, п.ғ.к. 


Шығынды өтеуі тиіс

Күні: , 154 рет оқылды

Кеше  Батыс  Қазақстан  облысының  мамандандырылған  ауданаралық  экономикалық  сотында «NEFTEK  Оперейтинг»  ЖШС-ның  талабы бойынша  «Орал  апталығы»  газетінің  бас  редакторы  Лұқпан  Ахмедьяров  пен  «Журналистская  инициатива» және  «Пресс-неделя»  ЖШС-ларына  қатысты  қозғалған азаматтық  іске  қатысты  сот шешімі  шықты.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Найля Сейдахметованың мәлімдеуінше, 2018 жылдың 18 қаңтарында «Орал апталығы» басылымының www.uralskweek.kz сайтындағы «Народные новости» бөлімінде «Некачественное топливо на АЗС «НЭФТЕК» мақаласы жарық көрген соң, «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС сотқа шағым түсірген.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, «Нэфтек» жанар-жағармай құю бекетінен бензин құйған соң, көлігінің істен шығып қалғандығы және темір тұлпарын жөндеуге отыз мың теңге шығын жұмсағаны жөнінде сайт журналистеріне шағымданған оралдық Нұрлан Садыров есімді азамат бұл мәселені аяқсыз қалдырмауды сұраған.

Сотқа шағымданған «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС аталмыш ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартып, оны «жалған және шағымданушының іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп тануды, мақаланы газет бетінде терістеуді, сондай-ақ алынбай қалған пайда ретінде 2 939 032 теңге өндіріп беруді сұраған. Оған қоса шағымданушы тарап кейін азаматтық істі тыңдау барысында «Барлық айыптау шындыққа жанаспайды» деп жалғыз сөйлеммен ғана берілген газет бетіндегі терістеудің заң талаптарына сәйкес еместігін айтқан және онымен мүлдем қанағаттанбайтындықтарын  жеткізген.

– Азаматтық істі қарау барысында талапкер талаптарының негізделгендігі және нақты дәйектермен расталғандығы анықталды. Яғни, «Нэфтек» бекетіндегі жанар-жағармайдың сапасы туралы, мақала жарық көргеннен кейін желілердегі мұнай өнімдерін сату көрсеткішінің төмендегенін растайтын күн сайынғы сауда-саттықтың есебі және алынбай қалған пайданың сомасы белгіленген айғақтар көрсетілді. Негізі бұл құжаттарды ұсыну жауапкерге жүктеледі. Алайда, жауапкер тарапынан істі тыңдау кезінде жарияланған ақпараттың дұрыстығын,  қатыстылығын және жарамдылығын дәлелдейтін бір де айғақ ұсынылмады, – дейді судья Н. Сейдахметова.

Сот шешімімен шағым қанағаттандырылды және «Некачественное топливо на АЗС «НЭФТЕК» мақаласындағы деректер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Сонымен қатар сот жауапкерді «Орал апталығы» газеті сайтының «Народные новости» бөлімінде бұрынғы мақаланың орнына көлемі мен қарпі дәлме-дәл сәйкес келетін жоққа шығару мақаласын жариялауды міндеттеді. Оған қоса жауапкер 2 939 031,95 теңге материалдық шығынды  да  өтеуі  тиіс.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Jas.Qz» жобасы БҚО-да бастау алады

Күні: , 24 рет оқылды

Бұл  жайында  БҚО  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  ұйымдастырған  брифингте  «Жасұлан»  бірыңғай балалар  және  жасөспірімдер  ұйымы» республикалық  қоғамдық  бірлестігінің  төрайымы  Динара  Сәдуақасова  хабарлады.  Басты  мақсат –  жастардың  рухани,  әлеуметтік,  зияткерлік,  физикалық  және  тұлғалық  дамуына  жағдай  жасау.   Қоғамдық  даму  министрлігі  қолдауымен  жүзеге  асатын  «Jas.Qz»  жалпыұлттық  жастар  жобасының  үйлестірушісі  –  «Жасұлан»  бірыңғай  балалар  және  жасөспірімдер  ұйымы.

Жаңа оқу жылы басталғанда облыстағы мектептердің 8-10-сынып оқушылары (14-17 жас) жоба бойынша бес бағытты таңдайды. Интеллектуалдық, әлеуметтік қызмет және еріктілік, әскери-патриоттық, шығармашылық және спорттық бағыт бойынша педагогтардан не пән мұғалімдерінен жетекші тағайындалып, екі ай бойына оқушының қабілетін дамытуға көңіл бөлінеді. Қазан айы соңында жобаға қатысушылардың тест пен нормативтік көрсеткіш нәтижелері жергілікті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарға жолданады. Жақсы нәтижеге ие болғандар III, II, I дәрежелі төсбелгілермен марапатталады. Жоба үздіктері жайындағы мәліметтер жастардың кадрлық резерві жөніндегі дерекқорға енеді. Белсенді оқушылар келесі жылы Қазақстанның киелі орындарына саяхатқа шығатын «Жастар керуені» республикалық пойызына жолдама алады.

– Қазіргі кезде жоба белсенділері еліміздегі жоғары оқу орындарына түсер кезде оларға арнайы жеңілдіктер қарастыру жайы ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен талқылануда. Бірақ біз өз тарапымыздан үздік оқушыға халықаралық бизнес университетіне оқуға грант тағайындай аламыз. Биыл бөлінген  бес гранттың екеуін Батыс Қазақстан облысы түлектеріне беруге шешім қабылдадық. «Jas.Qz» жобасының пилоттық кезеңі өңірде сәтті жүзеге асса, 2019 жылы жоба ауқымы бес облысты қамтитын болады, – деді Динара Тайбасарқызы.

Жоба нәтижесінде «Jas.Qz» жалпыұлттық қозғалысы қалыптасып, ауыл мен қала жастарының қабілетін шыңдауға тең дәрежеде жағдай жасалады деп күтіледі. Қазіргі уақытта жобаға дайындық басталып кетті. Қыркүйек айына дейін оқушыларға жетекшілік жасайтын мамандарды даярлау қолға алынады. Брифингке қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Аян Сақошев «Jas.Qz-ке»  қолдау білдіретінін айтып, жобаны бірлесе іске асыру мақсатында «Жасұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы» РҚБ-ның төрайымы Динара Сәдуақасовамен меморандумға қол қойды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика