Ұлы тойға арналған автошеру

Күні: , 841 рет оқылды

Казак хандыгына2


Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін республикалық шаралардың бірі 25-26 тамыз күндері облысымыздың Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында өтпек.


Дүбірлі тойдың бағдарламасында республикалық ақындар айтысы, ғылыми конференция, театрландырылған көрініс, мерекелік гала-концерт, дала қызықтары, ұлттық ойындар, жәрмеңке бар.

Осынау мереке қарсаңында “Жайық қаласынан Хан ордасына дейін” атты автошеру Орал шаһарынан жолға шықпақ. Автошерудің мақсаты — Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Жайық пен Еділдің арасында  Қазақ елінің көк туын желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп, салтанатпен жүріп өтіп осынау ұлы тойға үлес қосу.

Автошеруге шығатын топ құрамында тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, әнші, жыршылар, журналистер мен блогерлер, фототілшілер бар.

550 шақырым жолды жүріп өтіп, бірқатар тарихи орындарға ат басын тірейтін автошеру Оралдың іргесіндегі кезінде Бөкей мен Жәңгір бабаларымыз хан ретінде ақ киізге көтерілген Хан тоғайына, ортағасырлық Жайық қаласының орнына аялдайды. Одан кейін Ақжайық ауданының орталығы Чапаев, Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала кенттері арқылы Хан ордасына ат басын тіремек. Жолшыбай елді мекендерде халықпен кездесулер, акциялар өткізу жоспарда бар. Экспедиция қайтар бағытында Қазталов, Жалпақтал ауылдарының халқымен жүздеспек.

Автошеруге қатысушылар 24 тамыз күні таңғы сағат 8-де Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығы алдында жиналады. Сол жердегі салтанатты жиыннан соң автошеру Оралдың іргесіндегі Хан тоғайына соқпақ. Автошерудің Хан тоғайына дейінгі қала ішімен жүретін жолына қала тұрғындары да қосылса болады. Бағыты: Әбілқайыр хан даңғылы-Сырым Датұлы көшесі-Гагарин көшесі арқылы Еуразия даңғылы-Достық даңғылы. Ұлы даланы дүбірге толтыратын ұлы тойға сіз де үлес қосыңыз, оқырман!


Оралды Самарамен шатастырған қай «қожайын»?

Күні: , 1 510 рет оқылды

IMG_5816


Тамыздың он сегізі күні сәске түс ауа «Медколледж» аялдамасынан ұлым Алпамыс екеуміз №5 автобусқа отырып (нөмірі L 396 МХМ), өз шаруамызбен «Локомотив депосына» қарай беттедік. Біз жолақысын төлеп, кондуктор билет ұсынды. Билетке көз салсақ, «г. Самара ООО «АТП Волга» деп «айғайлап» тұр.


Сосын «Бұл қалай?» деп сұрамаймыз ба славян нәсілді кондуктордан, ал ол сабазың «Біз жеке автобуспыз, қожайын билеттерді шатастырып алған» деп қарап тұр. Билет мәселесіне келгенде әлгіндей «жаңылысу» қалаішілік жолаушы тасымалынан қазынаға түсер қаржыны қымқырудың бір айла-шарғысы емес пе екен? Ай мен күн орнында һәм ел аман, жұрт тынышта Орал мен Самараны шатастырып жүрген қай «қожайын»? Бәлкім мұның жауабын Орал қаласы әкімінің қалаішілік жолаушы тасымалын  қадағалайтын  орынбасары  білетін  шығар?!

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

Орал қаласы


«Еуропаға терезе» БӨКЕЙЛІКТЕН БАСТАЛМАҚ

Күні: , 787 рет оқылды

IMG_5778


Өткен сейсенбіде «Орал-Қазақстан» телеарнасында кезекті баспасөз мәслихаты  өтіп, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова қатысты. Лауазымды тұлғалар БАҚ өкілдері алдында сөз сөйлеп, сұрақтарына жауап қайтарды.


Алғашқы сөз алған Ғайса Қапақовтың айтуынша, қазір «100 нақты қадам»  Ұлттық жоспарын халық арасында насихаттау жұмысы шешуші кезеңіне енді. 2016 жыл осы ұлттық жоспарды жүзеге асырудың жаппай қимыл мерзімі болмақ. Мынаны ескеру қажет – ең жақсы жоспар да халықтың қолдауынсыз тек қағаз жүзінде қалады. Сондықтан оған еліміздің кез келген азаматы лайықты үлесін қосуы тиіс. Қазақстанның қарыштап алға басуының кепілдігі – халықтың саяси және қоғамдық белсенділігінде. Бұл орайда жыл өткен сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының мәні мен маңызы өсуде. Бұған бір дәлел – 2015 жылдың «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» ретінде жариялануы. Ассамблеяның жиырма жылдығына байланысты «Қоғамдық келісім» ұйымы құрылды. Өңіріміздің жоғары оқу орындары мен мектептерде достық клубтары құрылып, жұмыс істеуде.

Оның өкілеттілігін одан әрі кеңейтетін заң да даярлану үстінде. Сондай-ақ Ассамблея жұмысының дамуын нақтылайтын 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарлама жасақталуда. Осы саяси  ұйымның мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесі де қолға алынды.  Облыс тұрғындарынан келіп түскен Ассамблеяның қызметіне қатысты ұсыныстар мен өтініштер жинақталып, олармен жұмыс топтары айналысуда.

Айгүл Оразқызы әңгімесінің өзегін «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын оқып-үйрену мен жүзеге асыру жұмысына арнады. – Қазір ұлттық жоспар нақтылана келді. Осыған орай бүгінгі қолданыстағы кейбір заңдарға  өзгерістер енгізілуін күтіп отырмыз. Ұлт жоспары белгіленген екен – ол сөзсіз орындалуы тиіс! — деді ол.

Айгүл Оразқызының пайымдауынша, бұған дейін Елбасымыздың бастамасымен қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламалар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кеңінен қамтылған. Лауазым иесі бұл бағытқа байланысты жаңа ақпарат құралдарының пайда болатынын да айтты. Жұмыс барысында мәдениет, спорт, отбасылық саясат және басқасы да қамтылуы тиіс. Мәселен, соның бірі – «Еуропаға терезе» туристік кластері. Ол екі құрлықтың іргелес жатқан тұсы – Бөкей ордасы ауданының аумағында жүзеге асырылуы керек. Егер ол орындалса, жоғарыда аталған ауданның туристік және өзге де мүмкіндіктері кеңінен ашылады. Бір айта кетерлік жәйт, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне ҮЕҰлардың мүшелері де қатыстырылады. Бағдарламалардың жүзеге асуына қоғамдық бақылау қою да көзделіп отыр. Түпкілікті мақсат екеу – Қазақстанның әлемнің ең үздік 30 елінің қатарына ену және Кедендік Одақ елдерінің экономикалық-әлеуметтік шарттарына сәйкес келу. Сонымен бірге  отандастарымыз тек өз елімен шектеліп қалмай, әлемнің өзге мемлекеттеріне шығып, оқып немесе еңбек етіп, көкейіндегі  мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылуы тиіс. Әрі Қазақстанда жасалған, өндірілген тауарлар мен бұйымдар да әлемдік бәсекелестікке төтеп беретіндей болуы қажет. Осының бәрі «100 нақты қадам» ұлт жоспарынан туындайтын міндеттердің шағын бөлігі ғана. Лауазым иесі күн өткен сайын Астанада болатын «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің жақындап келе жатқанын айта келіп, соған келген шетелдік қонақтардың белгілі бір бөлігін Жайық өңірінде лайықты қабылдаудың да маңызына тоқталды. Бөкей ордасы ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ата Заңның 20 жылдығын мерекелеу туралы да айтты. Жаңадан ашылатын «Қазақстан энциклопедиясы» ғаламтор порталы хақында әңгімелеп, келешекте әр облыс орталығында ұлттық-мәдени ауылдардың өмірге келетінін  де  хабарлады.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Білім беру мазмұнын жаңарту: БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНУ»

Күні: , 1 194 рет оқылды

DMS_7398


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында Жайық өңірі білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өткізілді. «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» тақырыбында ұйымдастырылған кеңестің жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым және білім саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Альтаир Ахметов, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева қала және аудан әкімдері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, педагогика саласының ардагерлері, орта, арнаулы орта және жоғары білім беретін мекемелердің жетекшілері қатысты.


Алдымен, залға орнатылған бейнеэкран арқылы облыстағы білім саласының өткен оқу жылындағы жетістіктері көрсетілді. Одан кейін өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы сөз алып, саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі және әлі шешімін күткен түйткілді мәселелер туралы өз ойпікірін бүкпесіз көпшіліктің талқысына салды.

– Облыстың білім саласында бюджеттен бөлінген қаражатқа біраз игі істер атқарылып жатыр. Жаңадан ғимараттар салынуда, қолда бары күрделі жөнделуде. 2015 жылғы білім бюджеті 41 млрд. 600 млн. теңге құрады. Бұл былтырғы жылмен пара-пар. Елбасының берген тапсырмасы, яғни үш ауысымда оқытатын мектептерді, апатты мектептерді жою мәселесі Батыс Қазақстанда түпкілікті шешілді. Күні бүгін өңірде 5 жаңа мектеп салынып, 5 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Қалған бірнеше ондаған мектеп ағымдағы жөндеумен қамтылды. Жалпы, Жайық өңірінде 391 мектеп бар. Олардың 14-і қазірдің өзінде Елбасының үштұғырлы тілде оқыту тапсырмасына сәйкес, жекелеген пәндерді үш тілде оқыту үрдісіне көшті. Батыс Қазақстан облысы білім сапасы жөнінен биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша республикада Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орынға табан тіреді. Бұл – барша ұстаздар қауымының ортақ жеңісі. Дейтұрғанмен, тамыз кеңесінде тек жетістіктерімізді ғана айтып қоймай, кенжелеп қалған тұстарды да анықтап, оларды шешу жолдарын бірлесіп іздестіруіміз керек деп есептеймін. Қазіргі таңда мектептерде компьютер жетіспеушілігін, кең жолақты интернеттің жетімсіздігін жоққа шығаруға болмайды. Оны шешу алдағы жақын күндердің басты талабы. Тағы бір түйінді мәселе – ҰБТ-да жиналған орташа балл артқанымен, жыл сайын облыста ҰБТ-ға қатысушылар қатары азайып келеді. Яғни, шәкірттер мен ата-аналар арасында кең көлемде түсіністік жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр, – дей келе Нұрлан Ноғаев білім саласының негізі мектепалды даярлықта қаланатындығын тағы да ұстаздар қауымының  қаперіне  берді.

– Облыста 465 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеуде. Оларда 28 мың бүлдіршін тәрбиеленуде. Шыңғырлау ауданының орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 290 орындық жаңа балабақшаның, «ҚПО б.в.» компаниясының инвестициясы есебінен дәл осындай балабақшаның құрылысы Жәнібек ауылында және Бөрлі ауылында 140 орындық балабақшаның құрылыстары жүргізілуде. Жалпы, облыста 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің мектепалды даярлықпен қамтылуының орташа көрсеткіші – 97,5 пайыз. Оның сыртында 19 мыңнан аса бала балабақша кезегінде тұр. Құрылыс қарқыны әзірге оған ілесе алар емес. Мәселені шешу үшін біз мемлекеттік жеке әріптестікті қала мен аудандарда жан-жақты дамытуға тиіспіз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысын толғандырған мәселелердің ішінде  бірізді мектеп киімі үлгісіне көшу жайы аса өзектілігін байқатып отыр. Осыған орай жаңа 2015-16 оқу жылында облыстың 7 ауданы 1-сыныпқа баратындар үшін бірдей мектеп киіміне көшеді. «Бұл бізге мектептегі шәкірттердің бір-бірін алалауын, киіміне қарап кемсітуін жою үшін қажет. Жасыратыны жоқ, ондай жағдайлар кездесіп тұрады. Ендігі арада жарыс, бәсеке тек қана білімнің жолында болуы тиіс. Сондай-ақ мектеп бітіру кештерінің ұлан-асыр тойға айналып кетуі, қымбат көйлек, бағалы әшекейлер сайысына ұласуы алаңдатпай қоймайды. Бұдан ең бірінші ата-ана қиналады. Ұл-қызын қатарынан кем қалдырмаймын деп жалақысы мен зейнетақысынан анағұрлым асып түсетін несие алады, артық ысырапқа барады. Мұның қалай алдын аламыз, қалай шешеміз, осы төңіректегі ой-пікірлеріңізді мен әрдайым тыңдауға әзірмін», — деді облыс әкімі.

Рас, бүгінгі жастар қоғамдағы түрлі құбылыстарға қарсы тұруға толыққанды әзір емес. Отбасындағы, мектептегі тәрбие мен білім берудің кейбір кемшін тұстарын жекелеген трагедиялық оқиғалар бүкпесіз ашып көрсетті. Мәселен, 2014 жылдың сегіз айы ішінде 8 жас өзіне өзі қол салған болса, ағымдағы жылдың осы кезеңінде 12 суицид әрекеті орын алып, 5 жасөспірім көз жұмған. Яғни бейнелеп айтқанда, шәкіртке академиялық білім беріп қою аз. Оның рухани жан дүниесін байыту жолында қажырлы жұмыстану керек-ақ. Орыстың әйгілі ағартушысы Константин Ушинский «Тұлғаны тұлға, мінезді мінез тәрбиелейді» деген екен. Соған сүйенсек, ұстаз шәкіртке өзінің жеке басымен үлгі болуға міндетті. Қазіргінің шәкірті бұрынғыдай емес, ол заманауи инновациялық ақпарат алу құрылғыларын, интернетті жетік меңгерген. Сондықтан әр ұстаз өзінің күнделікті жұмысында оқушыны таптаурын болған сүрлеумен емес, соны, қызғылықты тақырыптармен баурамаса жұмыс нәтижелі  болмайды.

«Күні бүгін облыстың мектептеріне 100 полиция инспекторы жетіспейді. Орынбасарым Нариман Төреғалиевке қажетті 170 млн. теңгеге жуық қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Одан бөлек, мектептерді бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда», – деді Нұрлан Асқарұлы.

Оқушылардың денсаулығының төмендігі тағы бір алаңдататын мәселе. Қазір облыста шәкірттерді ыстық тамақпен қамту көрсеткіші – 79,6 пайыз, соның ішінде тегін тамақпен қамту 77 пайызды құрайды. Әлжуаз отбасыларының балаларын тегін ыстық тамақпен қамту көрсеткіші – 99,5 пайыз. Өңір басшысы қала және аудан әкімде-ріне 1-4-сыныптарда оқитын балаларды және тұрмысы қиын жанұя-лардың 4-9-сынып аралығындағы балаларын тегін ыстық тамақ-пен қамту үшін бюджеттен қаржы қарастыруды тапсырды.

Тамыз кеңесі барысында жыл ішінде үздік нәтиже көрсеткен бір топ ұстаздар мен мектеп-балабақша ұжымдары марапатталды. Атап айтқанда, «Орта білім беретін ұйым» байқауының жеңімпазы болып дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицейі танылды. Республикалық «Үздік педагог» байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары да сахна төрінен жүлде алды. Бастауыш, негізгі және орта білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағын Орал қаласындағы №35 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі Зинаида Сухина, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағын Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ағылшын пәнінің оқытушысы Әсия Мұқсинова иеленді. Марапаттауды өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жүргізді.

Сонымен қатар жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосқан ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің наградалары табыс етілді. Атап айтқанда, Ы. Алтынсарин төсбелгісімен «Үміт» лингвистикалық гимназиясы математика пәнінің мұғалімі Нағима Саматова, дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы облыстық мамандандырылған №11 мектеп-интернаты математика пәнінің мұғалімі Мәншүк Шодыраева, А.Иманов атындағы жол-көлік колледжінің директоры Нұрболат Нұрпейісов, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Орал қаласы №35 мектеп-лицейі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Бөрлі ауданы №1 мектеп-балабақша кешенінің ди-ректоры Алма Абдрахманова, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің директоры Серік Мұхамбетәлиев наградталды.

Өңір басшысы сондай-ақ ғимараттың фойесінде арнайы шәкірттердің күшімен жасақталған, облыстағы білім саласының жетістіктерін паш ететін көрменің жұмысымен танысып, жылы пікірін білдірді.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ

Альтаир АХМЕТОВ,

ҚР Білім және ғылым министрлігі  Ғылым және

білім саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

– Білім саласын дамытуда, сапасын көтеруде министрлік жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдарының көмегіне арқа сүйейді. Батыс Қазақстан облысында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету,  жалпы орта білім беру көрсеткіші республика бойынша жоғары нәтижелердің қатарына жатады. Облыста үш ауысымдағы және апатты мектептер проблемасы түбегейлі шешілген. Осындай жағымды үрдіс алдағы  оқу  жылында  да  жалғасады  деп  сенемін.

Алтай  КӨЛГІНОВ,

Орал  қаласының  әкімі:

– Ұстаз – қоғамды алға апаратын аса беделді тұлға. Орал қаласы бойынша да білім саласын дамытуда қол жеткен елеулі табыстар баршылық. Шаһардың білім бюджетіне биыл өңір басшысының қадағалауымен 10 млрд. теңгеден аса қаржы қаралды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Оның сыртында қалада көптеген білім мен тәрбие ошақтары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жаңа ғимараттар салынуда. Күні бүгін біз шәкірттерді  мектепке  қабылдауға  толық  дайынбыз.

Талғат АХАЕВ,

БҚО  ІІД  департаменті басшысының орынбасары:

– Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда мектеп пен ішкі істер органдарының бірлескен жұмысы ғана мағыналы болмақ. Мұндай теріс әрекеттердің пайда болуына көбіне отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауы, материалдық қиындықтар, мектептегі оқыту-тәрбие үрдісінің өз деңгейінде ұйымдастырылмауы себеп болып жатады. Біз өз тарапымыздан мектеп басшылығымен бірлесіп рейдтер өткізу, түсіндіру-насихат жұмыстарын  тұрақты  ұйымдастырудамыз.


Тағдырына разы жан

Күні: , 913 рет оқылды

митрохина алевтина 001


Жыл өткен сайын Ұлы Жеңісті жақындатқандардың қатары күрт азайып келеді. Сонда да олардың рухы әлі де мықты, келешекке сенімі нық. Солардың бірі – Орал қаласының байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының және медицина қызметінің ардагері Алевтина Тимофеевна Митрохина. Бұрынғы майдан медбикесі.


Алевтинаның қыз күніндегі тегі – Савченко. Ол көршілес Саратов облысының Қазақстанмен шекарасына таяу орналасқан Таловое ауылындағы қарапайым шар­уа­ның отбасында өсіп-өнді. 1941 жылдың 22 маусымында жау ел шетіне басып кіргенде, ол сол кез­дегі отаншылдық сезім құша­­­ғына бөленген өзге замандас­та­ры секілді бірден майданға ат­­та­нуды аңсады. Арада бір жыл өт­­кен соң, арманы жүзеге асты. 1942 жы­лы Озинкиден медбикелер даяр­лау курсын бітірген 17 жастағы Алевтина соғыстың ең сұрапыл тұсы – Сталинград қаласына түсті. Жарты жылға созылған, жан алып, жан беріскен шайқастан қа­лай аман шыққанына соғыс ар­да­ге­рі әлі күнге дейін таңданады.

— Сталинград жер бетіндегі та­мұқ еді. Жанталас күні-түні тын­­ған жоқ. Демалысты білген емес­піз. Тіпті ара-арасында бәріміз, бү­кіл медицина қызметкерлері қан тап­сырдық. Жаралылар болса күні-түні келіп жатты. Олардың жа­ра­сын да таңдық, отасының да ортасында жүрдік. Біраздан соң, бомбаның ұлуы мен снарядтың ысқырығына да үйренеді екен­сің. Жасыратыны жоқ, жас бол­ғандықтан, сол күндері өлімді де ойламаппын. Жанымдағы өзге де жас әріптестерім сондай күйде болды. Ойымыз да, мақсатымыз да біреу – жауынгерді ажал мен азаптан құтқару. Ең қиыны — көз алдыңда сарбаздың жан тапсыруы. Әсіресе, өрімдей жастар­дың. Бәрін бірдей құтқара алмадық, — деп күрсіне сөйлейді Алевтина Тимофеевна.

Үшінші Украин майданының құрамында болған бойжеткенді соғыс жолдары Харьков пен Одесса қалаларына, Молдавия мен Румынияға апарды. Соғысты Венгрияның астанасы Будапешт қаласында аяқтады. Алайда оны дереу үйге жібермей, Қара те­ңіз жағасындағы румынның бір курортты қаласына қалдырды. Осын­да госпитальда еңбек етті. Жас мейірбике соғыстың қымқуыт күндерінде қалай жан аямай жұ­мыс істесе, бейбіт кезеңде де сол дағдысынан айныған жоқ. Жаңа жұмыс орнында бұрынғы май­дангер тағдырдың еркімен ке­лешек жан жарын да кездес­тірді. Осында емделіп жатқан сі­бірлік жас сарбаз Лаврентий Митрохиннің көзі бірден көркем медбикеге түсті. Сөздері жарасып, ортақ шешімге келді. Тіпті госпитальда шағын той да жасап үлгерді.

Жас жұбайлар қызметтен боса­тылғасын, бірден Орал қаласына аттанды. Өйткені Алевтинаның ата-анасы осында көшіп келген-ді. Күйеу бала олармен танысқан соң, жарын ертіп, алыстағы Красноярск қаласынан бір шықты. Алайда тұрақтай алған жоқ. Көп ұза­май Жайық бойына кері оралды. Міне, жетпіс жыл бойы осы қа­лада өмір сүріп келеді. Жұбайлар мұнда отбасылық бақытын тап­ты. Майдандық неке өте берік бо­лып, екеуі үш қыз өсірді, бой жет­ке­сін тұрмысқа берді. Қазір жиендері мен жиеншарларының қызығын көріп отыр. Жан жары Лаврентий Алевтинамен бірге жарты ғасыр жұптасып өмір сүріп, 1995 жылы қайтыс болды. Майдан мүгедегі­нің соғыстан алған ауыр жарақаты қыр соңынан қалмай, ақыры ажал құшағына алып тынды. Алевтина бүгінде қыздары мен олардан өрбіген ұрпағының амандығын тілеп, ғұмыр кешуде.

Соғыстан кейінгі бейбіт жылдар – А. Митрохина үшін тек адал еңбек мен абыройлы құрметке толы кезең. Ең әуелі бұрынғы майдангер өмірін арнаған меди­ци­на саласындағы білімі мен бі­лік­ті­лігін арттырды. Батыс Қазақстан ме­дицина­лық училищесін бітірді. Со­дан соң осында жұмысқа қалып, зерт­ха­на­шы, кейін мейірбике ісі және хи­­рургия бойынша оқытушы болып көп жыл бойы еңбек етті. 1983 жылы зейнетке шыққанша талай меди­ци­на кадрын тәрбиелеп, жас­­­тар­дың білікті маман болып қалыпта­суына лайықты үлесін қосты. Оның бұрынғы шәкірттері абзал ұстазын күні бүгінге дейін құрмет тұтады, ара-арасында хабарласып тұрады. Майдангердің соғыс жылдарында алған екінші дәрежелі Отан соғысы ордені және өңірге тағар белгілерін бей­біт еңбекте «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Қазақ­стан денсаулық сақтау ісінің үз­дігі» құрметті атағы мен өзге да ма­рапат толықтырды. Сондай-ақ ол – ең таңдаулы медицина қыз­мет­ке­ріне берілетін халықара­лық «Батыл­дық пен ізгілік» құрметті белгісінің иегері.

Бұрынғы майдангердің тағы бір мақтанышы бар. Ол – 1989 жы­­­­лы құрылған әскери-отаншылдық «Фронтовичка» клубы. Клуб құ­рыл­ғаннан бері оған А. Митрохина басшылық етіп келеді. Әуелде оның 69 мүшесі болыпты. Бәрі де – бұрынғы майдангер әйелдер. Құрылғаннан бергі 26 жыл ішін­де аталмыш клуб мүшелері талай кездесулер ұйымдастырып, сан алуан шараларда концерт қойды. Соғыс жылдарындағы әндерді жү­ректің қылын тербетіп айтқанда, талай көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірілген. Клуб мүшелері сонымен қатар қазақ ұлтының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың да үй-мұражайын қамқорлыққа ал­ды. Үй-мұражайдың клубтың тұ­­рақты «штабына» айналуы да бе­­керден-бекер емес. Өйткені Мән­­шүк пен Алевтина Тимофеев­на­­ның, олардың құрбыларының тағ­ды­ры өте ұқсас – бәрінің де жастық ша­ғын соғыс өрті шарпыған. Айт­пақшы, клуб мүшелері сонау жылдары көрші орыс еліндегі Мәншүк Мәметова мен Әлия Молда­ғұ­лова қаза тапқан қасиетті то­пы­­рақ­қа барып, тәу етіп қайтты. Қазір сол батырлардың мәңгі­лік мекені – Невель қаласы мен Новосоколь­ни­ки елді мекенімен тұрақты бай­ла­ныс орнатылған.

Бұрынғы майдангердің ерекше адами қыры — ол сәл қолы боса­ған сәтінде ақ қағазға маржандай жыр жолдарын төгеді. Сірә, алғашқы балауса өлеңдерін сонау соғыс жылдарында жаза баста­ған сыңайлы. Кейін өмір бойы өлең­нің ауылынан ажыраған емес. Қазір де тым сиректеу болса, қағаз ши­майлап қоятыны бар.

— Бұл жалғанда бәрі де уақытша екен. Сол 69 адамнан бүгінде са­наулы жандар қалдық. Қалғаны қара жердің құшағында. Өте өкі­нішті, бірақ ажалға қарсы тұрар кім бар? Жеке басыма келсем, тағдырыма өте ризамын. Ең бастысы, қанды қырғыннан аман келдім. Жар және бала сүйдім, бү­гінде ұрпағымның бақытты өмі­рінің куәсімін. Отандастарыма ті­­лейтінім – біздің Қазақстан Елба­сы­мыз Н. Назарбаевтың саяси бас­шылығымен бейбіт өмір аясында шалқи берсін! Жастар қалыпты өмір сүріп, Отан игілігі үшін аянбай еңбек етіп, табыстан табысқа жетсін! Бұрынғы Кеңес Одағы хал­­қының Ұлы Жеңіске жетудегі қа­һармандығы мен жанқиярлық ең­бегі ешқашан ұмыт қалмасын жә­­не бұрмаланбасын! Менің арма­ным да, өмірлік мұратым да осы, — деп сө­­зін аяқтады Алевтина Митрохина.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Конституцияның 20 жылдығына арналды

Күні: , 863 рет оқылды

IMG_1458


Жексенбі күні «Заман» жас­тар қоғамдық бірлестігі ҚР Конс­ти­ту­циясының 20 жылдығына орай жас сарбаздар арасында волей­бол ойыны мен  жеңіл атлетика эста­фетасын ұйымдастырды.


«Конституцияға 20 жыл: Ұлттық ұлан Конституция мен құқықтық тәртіп күзетінде» акциясы аясында өткен шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау білдірді.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңір­лік қолбасшылығының 5517-әс­­ке­­ри бөлімі сарбаздарының қа­­ты­­­суы­­мен өткен сайыста 1 ша­қы­рым­­­ға жүгіру бойынша жедел мақ­­сат­­та­ғы батальонның взвод ко­­­манди­рі, лейтенант Сейітхан Мық­­тыбаев жеңімпаз атанды. Сон­дай-ақ 3 және 5 шақырымға жүгі­ру бо­йын­ша сәйкесінше жедел мақ­сат­та­ғы батальонның 3-рота, 1-взвод, 1-бөлімшесінің қатардағы сарбаз атқышы Берік Зияденов жә­не ма­териалдық-техникалық қам­­та­ма­сыз ету ротасының автомобильдік взво­ды­ның қатардағы жүргізуші ма­ма­ны Мәди Айтмұхан топ жарды. Волейбол жарысы­нан «3-рота» командасы озып шық­ты. Жас сарбаз Таран Наурызбек «Үздік ойыншы», ал Мәдірбек Мәди «Үздік шабуылшы» аталымдарына ие бол­ды. Жастар саясаты мәселелері бас­қармасының бас маманы Ранида Әшенова барлық жүлдегерлерге диплом және ба­ғалы сыйлықтар табыстады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Ақ Жайықтан – толқынды Тобылға»

Күні: , 209 рет оқылды

IMG_5536


Тамыз айының 13-14-і күндері қарт Жайықтан аттанған Батыс Қазақстан облысының делегациясы толқынды Тобыл жағасындағы Қостанай өңіріне барып, жергілікті өнерсүйер зиялы қауыммен қауышты. Батыс Қазақстан облысының Қостанайдағы мәдениет және өнер күндерінің салтанатты ашылу рәсімі «Мирас» мәдениет сарайында өтті.


Алдымен қос облыс әкім­дерінің орынбасарлары Бақтияр Мәкен мен Мұ­рат Дәрібаев кездесу өткізіп, «Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап» деп аталатын шығармашылық кештің иесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақ­тыгерееваның өмірі мен шығар­машылығынан сыр шертетін  көр­мемен танысты. Онда ақын апа­мыздың осы күнге дейін жа­рық көрген кітаптары койылып, ин­­новациялық жаңалық ретінде Ақ­ұштап Бақтыгереева шығар­маларының электрондық нұсқа­сы көрермендерге ұсынылды. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін «Қайран, қарлығаштар-ай» кітабының макеті осы жерде кө­рі­ніс тапты. Артынша Жайық­тың «Ақ шағаласы» Ақұштап Бақты­герей­қызының шығармашы­лық кеші­нің шымылдығы ашылды, «Ақ­жайық» би ансамблі өнер көр­се­тіп, жас өнерпаздар ақын өлең­дерінен үзінді оқып, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бө­­лен­ді. Жәй ғана музыканың сүйе­мелдеуімен оқылған өлеңдерден соң, шығармашылық кештің иесін қостанайлық көрермен қауым орнынан тұрып қарсы алды.

Қаройда ойламаған батар деп күн,

Жолында басы кеткен қатал кектің.

Елінен сәлем алып келіп тұр­мын

Рухы мәңгі өшпейтін Махам­беттің! – деп, тебірене сөйлеген ақын апамыз: «Армысыздар, аға­-й­ын! Ақ Жайық пен Тобылдың үні бір, ағысы бір. Сіздерге сонау шал­ғай­да жатқан Оралдың сәлемін алып келіп тұрмыз. Бүгін біз егеменді ел екендігімізді тағы бір мәрте көрсеттік. Тобылдың жаға­сында­ғы игі шараның шығарма­шы­лық кештен басталғанына дән ризамын. Қос өңірдің мәдениет қыз­­меткерлеріне алғысым шексіз. Екі өзен тоғысқандай сезімдеміз. Келешек ұрпағымызды Отанды сүюге және сөз қадірін түсінуге тәрбиелеуіміз керек. Қостанайлықтарды осынау мерекелі күндермен шын жүрегімнен құттықтаймын», — деп ризашылы­ғын білдірді.

Кешке жиналған жұртшылық­тың қарасы қалың болып, қоста­найлықтардың атынан облыс әкі­мінің орынбасары Мұрат Дәрібаев ақынды құттықтап, сөз сөйледі.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, бірыңғай мә­дени-ақпараттық орта құру мақ­сатында облыстардың өзара қа­рым-қатынастарын ны­ғайту қол­ға алынды. Осыған орай бүгін Батыс Қазақстан облысының Қос­танай облысындағы мәдениет күндері бастау алды. Құрметті Ақұштап Бақтыгерейқызы, Қос­танай өлкесіне келген шығарма­шылық сапарыңыз құтты бол­сын. Халқымыздың рухани дамуына, мәдени өркениетіне, әсіресе, ұлт­тық жан дүниемізге өз шығар­машылығыңызбен айтулы үлес қо­сып келесіз. Ақ ерке Жайықтан қанат қағып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының «Ақ ша­ғаласы» атандыңыз. Сіздің есіміңіз өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Ақын ұрпаққа рухани қорек беріп, адамгершілік пен шын­шылдықтың негізін қалайды. Хал­қыңызға айтар сөзіңіз таусылмасын, шабыттың шыңына шыға беріңіз. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін, — дей келе Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовтың атынан ақын апамызға сыйлық табыс етті.

Думан Омаров, Асылай Көбжа­нова, Манас Кенжетаев, Әйге­рім Сағаденова, Базарханым Қажы­мо­ва сынды әртістер Ақұштап Бақтыгерееваның ана тақыры­бын­дағы өлеңдерін нақы­шына келтіре оқыды. Оралдық ақын Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған «Ақұштабы Алаштың» атты әнін «Батыс STAR» триосы орындап, кештің шымылдығын жапты. Жиналған көрермен қауым өнерпаздарға гүл шоқтарын қай­та-қайта ұсынып жатқанынан шы­ғармашылық кештің әсерлі өткенін байқадық.

*     *     *

Жайықтан барған мәдениет қызметкерлерінен бөлек Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шараға қатысқан болатын. Ғайса Қапақов бастаған топ Қостанай облысындағы әріптестерімен кез­десіп, олардың бүгінгі күні атқа­рып жатқан жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар облыстық мұражайлар мен бірнеше ұлт өкілдері бас қосатын «Достық» үйіне де ат басын тіреді.

*     *     *

Үлкен концерттік бағдарлама басталмас бұрын Қостанай облы­сының әкімі Нұралы Сәдуақасов арнайы келіп, алыстағы Жайық­тан ат арытып әкелінген тарихи құнды жәдігерлерді көрді. Батыс­қазақстандық суретшілердің жә­не қолөнер шеберлерінің туынды­­­ларымен қатар археоло­гиялық зерттеу кезінде Жайық қалашы­ғынан табылған көне жә­дігер­лерді тамашалады. Осы көр­меге қойылған экспонаттардың ішінде ерекше көз тартатыны «Алтын ханшайым» еді. Қостанай өңірінің басшысына құнды жә­дігердің табылу тарихы туралы облыстық өлкетану музейінің экскурсоводы Вероника Нажмеденова түсіндіріп берді. Сондай-ақ «Назерке» және «Ақжайық» ха­лық биі ансамбльдері «Жайықтың тол­қындары» хореографиялық композициясын қостанайлық көрер­мендерге тарту етті.

— Армысыздар, аса қадірменді қонақтар және қостанайлықтар! Өнер — мәдениеттің айнасы. Елдің ең басты байлығы, асыл мұ­ра­сы. Мәдени іс-шаралардың біз­дің өңірімізде өткізілуі өңірі­міз­дің ерекшеліктері мен рухани құндылықтарын кеңінен танысты­руға зор мүмкіндік беріп отыр. Қос өңірдің өзара ықпалдасуы елдігімізді нығайтып, экономика­лық қуаттылығымызды арттырып, мәдени өркендеуіне жол ашып береді деп сенеміз. Халықтың рухани байлығын дамытып жүрген батысқазақстандық мәдениет майталмандары мен өнерпаздарына қасиетті Тобыл жеріне қош келдіңіздер дейміз. Бүгінгі өнер мерекесімен баршаңызды құттық­тай отырып, еңбектеріңізге шығар­машылық табыс, шалқар шабыт тілеймін, — деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев. Одан кейін мінберге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кө­терілді.

— Ардақты Қостанай қаласының тұрғындары мен барша қонақ­тар!  Өнер мен мәдениет арқылы біз халықтың достығын және елдің өнерге сүйіспеншілігін одан әрі арттыра­мыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі өтіп жатқан игі­лікті шара қос өңірдің бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара ық­палдаса дамуына үлкен септігін тигізеді. Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев сіздерге сәлем жолдап, баршаңызға алғысын жеткізуімді тапсырды. Түске дейін болған ша­рада, Ақ Жайықтың Ақ шағаласы атан­ған ақын Ақұштап Бақтыге­реева апамыздың шығармашы­лық кешіне куә болдыңыздар. Өскелең ұр­паққа өнеге болатындай із қал­дырсақ, ұлағатты бола­ры сөз­сіз. Қостанай өңірі асты­ғын ғана мақтаныш тұтпай, өнермайталмандарымен де елге жақ­сы таныс. Ағартушы Ыбырай Алтынса­рин, үлкен ғалымдар Шоқан Уә­лиха­нов, Ахмет Байтұрсынов сияқты ғұламаларымыздың кейін­гі ұрпаққа қалдырып кеткен мұ­ралары бәріміз үшін зор мақта­ныш. Сол мұраларды жоғалт­пай, өскелең ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз. Қостанай жұртшы­лығына ал­ғыс айта отырып, ден­деріңізге саулық отбасыларыңыз­­ға аман­дық тілейміз. Бүгінгі кеші­міз құт­ты болсын, — деп жылы лебізін білдірген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақ­тияр Мә­кен Қостанай облысы әкімдігіне естелік сыйлық табыс етті.

Әншілер Жаскелең Ғайсағалиев пен Майра Хайдарова «Күн сәуле­лі Қостанайым» әнін нақышына келтіре орындап, жиналған жұрт­­шылықтың қошеметіне бөленді. Дастан Есентеміров, Ақмарал Ахметова, Күләш Қуанышқалиева, Дә­рия Бақытова, Қанатқали Қо­жа­­қов сықылды белгілі әншілер кон­церттік бағдарламаның шырайын кіргізді. Дәулеткерей атын­дағы қазақ халық аспаптары ор­кестрі және Ба­тыс Қазақстан об­лысы әкімі жанындағы эстрада­лық-симфония­лық оркестрі (ди­ри­жерлері Е. Нұрымбетов пен А. Шевелев) «Бал­бырауын», «Ма­хам­беттің поэмасы», «Кармен» шығармаларын орындап берді.

Концерттік бағдарлама соңын­да ақын Қадыр Мырза Әлінің сө­зіне жазылып, Ескендір Хасанға­лиевтің әніне арқау болған бүкіл қазақ даласы қосыла шырқайтын «Атамекен» әнін барлық өнер­паздар үлкен тебіреніспен орындап жатқанда, залға лық толы көрермен қауым орнынан тұрып, қошеметін білдірді. Қостанай облысы әкімі Нұралы Сәдуақасов­тың атынан өнерпаздарға ықылас гүлі тарту етілді.

*     *     *

Келесі күні І. Омаров атындағы қазақ драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналады. Көрермендер залы лық толды. Қойылым ерекше. Ұлы Отан соғысы жыл­дарындағы ауыл адамдары­ның тұрмыс-тіршілігін арқау еткен прозалық туынды драмалық спектакльге айналып шыға келген. Режиссер Мұқанға­ли Томановтың жұмыстануымен сұрапыл жылдары әйел затының бастан кешкен қиындығы Жәмилә арқылы қойылым өз мақсатына жеткендей. Жәмилә — өмірдегі талай ке­ліншектің жиынтық образы. Қаршадай қызды алып қашады. Төрт айдан соң күйеуі соғысқа кетеді. Қара шаңырақта жас келін Жәмилә, бала Сейіт және енесі қала береді. Жәмилә рөлін Әйгерім Сағаденова сомдады. Бала Сейіттің рөлінде Асылжан Жакин. Соғыстың салған зардабы осы аталған кейіпкерлердің жан толқыныстары арқылы беріледі. Мұндағы әр кейіпкердің сөзі жүректің нәзік қылын шертеді, әр көрініс ой салады. Сондықтан да болар, кейбір көрермендер көздеріне жас алып отырды. Спектакль Жәмиләнің соғыстан мүгедек болып оралған Даниярға қосылуымен аяқталады. Екеуінің арасындағы сезім өз алдына бө­лек әңгіме. Осындай әсермен театр залының жарығы іске қосылып, қостанайлық көрермендер тар­қасты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

Орал – Қостанай — Орал

Ақылбек Шаяхметов,

ақын, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры:

— Тобыл жағасында Батыс Қа­зақстан облысының мәдениет күндеріне орай барлығы сән-салтанаты­мен басталып жатыр. Игілікті шара Ақұштап апа­­мыз­дың поэзия кешімен басталғаны біз­дің көңілі­мізге жақсы әсер ұя­латады. Қазақтың ақын қызда­­рының ішінде Ақұштап апамыз да біз үшін бір төбе. Ана мен қыз балаға арналған өлеңдері ха­лықтың жа­дында. Ақынның өлеңдері қазақ даласының мықты ком­позитор­ларының әндеріне арқау болып жүр. Жайықтың арнасы ортаймасын.

Гүлвира Құдайқұлова,

Қостанай облысы Қазақстан халқы ассамблеясының  хатшысы:

— Батысқазақстандық делега­ция­ны қуанышпен қарсы алдық. Өңірімізде биыл Ассамблеяның 20 жылдығына орай көптеген шаралар өткізілуде. Ха­лықтар ара­сындағы достықтың маңызы зор. Қос­танай облысында 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Барлығы да бейбітшілік пен келісімді қол­дап, тәуелсіз Қазақ елінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Дәулеткерей Құсайынов,

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

— Мұхит пен Ғарифолланың ән­дерін, күй ата­сы Құрманғазының, дәулескер домбырашылар Дәу­лет­керейдің, Мәменнің, Сейтектің, Динаның күйле­рін әкеліп тыңдату – өнер адамдары үшін әрқашан үлкен мәртебе. Өздеріңіз байқап тұр­­ғандай, біздің сапарымыз үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі Батыс Қазақстан облысының тарихы­мен таныстыру. Осы орайда тек соңғы он жылдықта 6 мың көне жәдігер табылған, соның ішінде шоқтығы биігі – «Алтын ханшайым». Бұдан басқа 200-ден астам экспонаттар көрмеге қойыл­ды. Осындай құнды жәдігерлерімізді қостанайлықтар үлкен ықылас­пен көріп, тамашалады. Сондай-ақ Ақ Жайықтың «Ақ шағаласы» атанған ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші, мерекелік кон­церт «Жәмилә» драмасы көпшілік көңілінен шықты.

Айғаным Жайлаубаева,

Қостанай қаласының  тұрғыны:

— Елбасымыз аман болсын. Оралдың өнерпаз­дары келіп концерт қояды дегенді естіп, тама­шалауға келдік. Мәде­ниет қыз­меткерлерінің ұйымдастыруымен болған кеш өте ұнады. Қайда жүрсе де, батысқазақ­стан­дық өнерпаздардың жолдары болып, сапарлары сәтті болсын.

Лариса Сераус,

Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

— Біріншіден, әріптестерімізді қарсылап жатқа­ны­мызға біздер өте қуаныштымыз. Қостанайлық­­тар — қонақжай және кеңпейілді халық. Көрер­мендеріміз батысқа­зақстандық өнерпаздар­дың өнерлеріне тән­ті болып, қошеметтерін аяған жоқ. Қос өңір­дің мәдени жағынан тәжірибе алмасуы қуантар­лық жағдай деп есептеймін. Бізге әкелген көрме, концерт, шығармашылық кеш және театрлық қойылым жұртшылыққа ерек­ше әсер қалдырды. Қос­танай өңірі де — таланттарға бай өлке. Қазақ­стан қалаларынан бас­қа Ресейдің Орынбор және Челябі өңірлері­мен ара­ласамыз. Батысқазақстандық мәдениет саласының қыз­меткерле­ріне ризашылығымыз шексіз.


Қамкөңіл балаларға қамқорлық

Күні: , 860 рет оқылды

DSC_0069


Өткен аптаның соңында қаламыздағы «Такси СИТИ» компаниясы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерін Шалқар көліне демалуға апарды. Өткен жылы аталмыш компания демеу­шілік жасап, 20 бүлдіршінді көл басына апарса, биыл дәстүрге айналған сапарға 25 бала аттанды.


Балалар жайғасқан «Такси СИТИ» ком­паниясының сегіз бірдей жайлы көліктерін полиция патрулі бастап жүрді. Көл басына барған балалар бірден суға шомылуға кірісті. Бұдан соң арнайы шатырларда әзір­ленген дастарқан басына жиналып, түстік ішті. Компанияның шақыртуы­мен арнайы  келген аниматорлардың өнерін тамаша­лап, қызықты ойындар ойнады. Жағажайда футбол, волейбол сайыстары да ұйымдас­тырылды. Суға шомылып, күнге қыздырын­ған балалардың қуанышында шек болма­­ды. Балаларға кешкі астан соң кәуап пісі­ріліп, қарбыз-қауын берілді. Күн ұясына ба­та сапқа тұрған балаларды демеуші бол­ған компанияның құрыл­тайшысы Марат Қайырғалиев бастал­­ғалы тұрған жаңа оқу жылымен құт­тықтап, оқу құралдары салын­ған қал­ташалар тарту етті. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мәрттік жасап, та­маша демалыс күнін сыйлаған ағала­рына өз алғыстарын айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Райса НАУРЫЗОВА,

облыстық балалар үйінің директоры:

— Күні бүгін балалар үйінде 3-18 жас аралығындағы сексенге жуық бала тәрбиеленуде. Қаламыздағы кәсіпкерлердің демеушілігі арқасында балалардың демалыс уақыты көңілді өтуде. Бір оқушымыз Италияға барып демалып келді. Сонымен қатар  балалар еліміздің Өскемен, Көкшетау, Астана сияқты әсем қалаларын көрді. Оның сыртында қаладағы демалыс орындарына күн сайын апарып тұрамыз. Бүгін дәстүрлі түрде демеушілік жасап, балаларды Шалқар көліне апарып келген «Такси СИТИ» компаниясына алғыс айтамыз.

Марат ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

«Такси СИТИ» компаниясының құрылтайшысы:

— Біздің компания қайырымдылық шараларын ұйымдас­тыруға әрқашан дайын. Бүгінгі Шалқар көліне сапарымызды жыл сайынғы дәстүрге айналдырмақ ойымыз бар. Сонымен қатар тек жаз айларында ғана емес, басқа мезгілде де балаларға қызықты демалыс ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Өткен жылғы сапарға тек біздің компания демеушілік жасаған болса, биыл төрт бірдей кәсіпкер өз көмектерін берді. Сонымен қатар «Орал» ӘКК қызметкерлері де көмек қолдарын созды. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына, қалалық әкімдікке зор алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да қамкөңіл жандарға көмек қолымызды созуға дайынбыз.

Маша МОКШАНОВА,

облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі:

— Биылғы  демалыс мен үшін ерекше есте қалады. Мен оқу озатымын. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласамын. Би үйірмесіне қатысамын. Өткен айда мені Италия еліне демалысқа жіберді. Сексен орындық демалыс лагеріне біздің елден қырыққа жуық бала барды. Италия маған қатты ұнады. Қаланың әсем орындарын араладық. Теңізге түстік. Алған әсерімді айтып жеткізу қиын. Бүгін, міне, өз өңіріміздегі Шалқар көліне демалуға келдік. Бұл күнді де жақсы өткіздік. Балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан осындай тамаша қуаныш сыйлаған жандарға, компания басшысы Марат ағаға айтар алғысымыз шексіз.


Ұлт жоспарына арналған жиын

Күні: , 888 рет оқылды

DMS_4313


Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына арналған жиын өтті.


Жиынға облыстық басқарма­­лар мен департамент-басқарма басшылары, Орал қалалық әкімдігі­нің қызметкерлері, БАҚ басшылары мен партия төрағалары қатысты.

Отырыста облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова «100 нақты қадам» ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмалар жөнінде баяндама жасады.

— Бұл реформа облысымыздың барлық ауданында талқыланып, ұсыныс-ескертпелер жиналуда. Кейін олар орталық органдарға жолданатын болады. Бесінші реформа арқылы бір-біріне ұқсас мемлекеттік бағдарламалар біріктірілмек. Реформаның іске асуына жергілікті жерлердегі бірінші басшылар жауапты болып, бұл жө­нінде атқарылған істерін ел ал­дын­дағы есеп берулерінде ба­ян­дайды, — деді облыс әкі­мі­нің орынбасары Нариман Төре­ға­лиев.

Сондай-ақ отырыста нақты қадамдар жөнінде қоғамдық ке­ңестер құру, оның құқықтық ба­засын жасақтау жөнінде пікір алмасылды.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Шәмші хақында ақиқат

Күні: , 911 рет оқылды

шәмші мен мұхтар


Мәңгілікке көз жұмғанына 23 жыл өтсе де, қазақтың ұлы сазгері хақында халық арасында әлі де алып-қашпа әңгіме көп. Оның бәрін жіпке тізіп, айтып берудің қажеті шамалы. «Жұлдызбен сырласу» журналының биылғы  бірінші нөмірінде Шәмші ағамыздың жан жары Жәмила Қалдаяқованың сұхбаты жарияланды. «Шәмші туралы шындықты көзімнің тірісінде өзім айтып қалайын» атты сұхбатында ол көпке беймәлім талай деректің көзін ашыпты.


Ж. Қалдаяқова көзі тірісінде жұбайы­ның қаңғыбас болғандығы туралы қауе­сетті үзілді-кесілді жоққа шығарған. Шәм­ші үнемі отбасында болып, қалыпты өмір сүрді. Әлсін-әлі тума-туысы, дос-жараны, өнер әлеміндегі әріптестері келіп, дастар­қанынан дәм татып, үйін шағын мерекеге бөлесе керек. «Шәмші сығандарда тұрып, солардың бір қызымен көңіл қосқан» де­ген әңгіме де шындыққа жанаспайды. «Ресми биліктің оған қырын қарағаны» да өтірік. Дұрысында, сонау 1970 жылы ұл­ты­мыздың біртуар ұлы, абзал азамат Д. Қо­наев оған Алматыдан төрт бөлмелі пәтер берген екен. Оның бергі жағында Елбасымыз, қазақ өнері десе, ішкен асын жерге қоятын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та сазгерді Мемлекеттік сыйлықпен марапаттады. Тіпті Шәмшінің әлімсақтан танымал әні «Менің Қазақстанымның» мемлекеттік Әнұран  болуына Елбасымыздың зор  септігі тигеніне ешкімнің де дауы жоқ.  Мынадай бір дәлел. «Ол (Н. Назарбаев) 1 қыркүйекте Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өткен ұлы сазгер Шәм­ші Қалдаяқовты дәріптеуге арналған, би­ыл сегізінші рет жалауы көтерілген «Ме­нің Қазақстаным» атты халықаралық ән байқауының мәртебелі мейманы болды. Сах­наға көтеріліп, өнерсүйер қауымды ән ме­рекесімен құттықтап, Шәмші туралы өз ойын ортаға салды: «60-жылдары мен Те­міртауда болат балқытушы болып істеп жүрген кезімде Шәмші ағамыздың алғаш­қы әндерінің шыға бастағанын білемін. Әсем әндерін шырқап өстік. «Менің Қазақ­станым» әні Әнұранға айналып кетті. Қуан­сақ та, ренжісек те «Менің Қазақстаным­ды» айтамыз. Бұл ән қуансаң, қанаттан­дырады, қамықсаң, қуаттандырады, — деді Мемлекет басшысы» («Жас қазақ», 2005 жыл, 9 қыркүйек). Сонымен бірге Жәмила Қалдаяқова Шәмші мен оның отбасына көрнекті мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің де жүйелі көмектескенін ризалық сезіммен айтыпты. Енді «сыған» мәселесіне келсек, ол Шәмші мен Қадыр ағалардың шығармашылық ынтымағының бір жарқын көрінісі ғана. Рас, қаңғыбас болмаса да, ұлы сазгер ішімдікке қатысты пенделік осалдық танытқан. Тек өмірінің соңғы кезеңінде бас тартса керек. Жан жа­ры Жәмиланың айтуынша, «ол арағын қой­ған кезде «Мен неге сонша арақ іштім?! – деп өкінді». Әйтеуір, бір жақсысы сол, жаратылысынан жайсаң аға аузына арақ тигенде,  үй ішіне әлек салмаған көрінеді. Осы бір әлеуметтік дерттің себебі туралы марқұм өзі былай дейді: «Менің ішкілікке жақын көп достарым ерте өліп кетті Бірақ оны арақтан емес, сол заһарды ішкізген себептерден көру керек!» («Аңыз адам» журналы, 3. 2012 жыл, №6). Сұхбатында Жәмила Қалдаяқова кезінде оған талай қастық жасаған әлдекімдердің бүгінде «Шәмшінің жан досымыз» деп күпсінетіні­не қынжылыс білдіреді. Ұлы тұлғаның аң­ғалдығын пайдаланып, жанында жүрген­дердің кейбір әндерін ұрлап алғанын да жасырмайды. Аз десеңіз, олардың аты-жөнін де мысалға келтіріпті.

Шәмші әндерінің басты тақырыбы екеу. Ол — Отанға, туған жерге және әйелге махаббат. Көзі тірісінде берген сұхбатында және түсірілген деректі фильмде ұлы сазгер ешқашан партия туралы ән жаз­бағанын мақтан етті.  Қашанда саясаттан тысқары жүрген атақты сазгердің бұл қа­дамы дұрыс та шығар.

Бірде «Ешкімге көз сүздірмейтін, еш­қашан күрсіндірмейтін, өз ошағына жіпсіз байлайтын махаббатқа зәрумін» деген екен Шәмші ағамыз. Аталмыш ұлы сезім жөнінде талай ән шығарған  оның талантының бір қисыны – жекелеген ән­де­рінде қазақ жерінің кез келген пұш­пағына ықылас пен сүйіспеншілік жігіт-қыз арасындағы махаббатпен қиюласа жүреді. Мәселен, «Сыр сұлуы» әнін ала­йық. «Жайраңдап жазда ағатын» өзен­нің сүйкімділігі соған су алуға келетін бейта­­ныс бойжеткен не бикештің сұлулығы­мен байланыстырылған. Ару Жайық пен Каспийге арналған танымал әнде соның бойын мекен еткен балықша қызға ын­тызарлық бой көрсетеді. Ал «Әнім сен едің», «Бақыт құшағында», «Ақмаңдай­лым», «Қайықта» және басқа әндері тек адал да кіршіксіз махаббат сезімінен сыр шертеді. Мұнда жылаңқы көңіл  де немесе «Жаулап алды махаббат» сынды мағынасыз теңеу де жоқ. Мәтіні қанша­лықты қарапайым болса да, ұлы сазгердің 300 әнінің қай-қайсысы сөзі мен әуенінің бір-бірін қайталамағаны былай тұрсын, тіпті өзара қабысып қалған. Оның да құпиясы жоқ. Өйткені Шәмші ағамыз ән шығарғанда, оның әрбіреуіне кемінде 5-6 өлең нұсқасын дайындатады екен. Міне, қандай хас шеберлік, ісіне жан-тәнімен берілу!

Сөз соңында аталмыш сұхбатқа кері оралсақ. Анасының айтуынша, Шәмші ағаның екі ұлы – Әбілқасым мен Мұхтар бүгінде жоғары білімді әрі кәсіби сазгерлер. Атасының дарыны немересіне де ауысыпты. Айсұлу сынды 26 жастағы не­мересі – кәсіби пианист, кезінде прези­денттік шәкіртақыға ие болған. «Ат тұя­ғын тай басар» деген осы. Кім білген, бү­гінде бар болғаны екі жастағы немересі Нұрсұлтан келешекте атасы шығарған, бүкіл қазақ сүйсініп тыңдайтын және шырқайтын «Ақ бантик» немесе «Арыс жағасында» сияқты әуезді әндерді өмір­ге әкелетін шығар?!

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика