Сексеннің сеңгірінде

Күні: , 23 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов еңбек ардагері, қоғам қайраткері Рахметолла Сүйербаевпен кездесті.

Кездесу барысында еліміздің өркендеуі мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар емен-жарқын әңгіме барысында Елбасының таяудағы Жолдауында көрсетілген міндеттердің өңірімізде жүзеге асырылуы туралы  пікір  алмасылды.

Өңір басшысы Рахметолла Хамитұлын 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, облысымыздың дамуына қосып келе жатқан үлесі  үшін  алғысын  білдірді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


«Брат, сіз қуып кеттіңіз ғой…»

Күні: , 75 рет оқылды

Оқырман   ойы

Мен  «Орал  өңірінің»  ұзақ  жылдан  бергі  оқырманымын, әр санын  жібермей  оқимын.

Редакция  журналистері  сан  тақырыпқа  қалам тартып, қоғамдағы  құбылыстарды  қалт  жібермейді.

Мектеп  ұстаздарының, оқушы  балалардың  шығармашылығына  ауық-ауық  орын  беріп  жатады.

Қысқасы, басылым басты мәселелермен қатар «бас ауыртатын» жағдайларды да түгел қамтып жазуға ұмтылып келеді. Қайсыбірін айтайын, есіме жиі орала беретіні – 2017 жылдың 21 тамызында «Орал өңірінде» жарияланған театр тарланы Құжырғали Төлеуішев ағамыздың «Қазақ тойының ғибраты кем…» атты мақаласы. Бұл ұлттық жанайқайды көтерген мақала десем, қателеспеймін. Ағамыздың өз ойын ашық жеткізгеніне аса риза болдым. Маған қатты ой салғаны – автордың биге байланысты айтқандары. Шымбайға батса да, шындық. Осындай мақалаларды «Орал өңірі» жиі-жиі беріп тұрса деймін. Сол кезде мен де мақаладан әсерленіп, қазіргі жасөспірімдер мен жастардың өмірге көзқарастары туралы мақала жаза бастағанмын. Содан күйкі тірліктің шаруалары кимелеп, кейін қалып қойыпты. Жақында «Жайық Пресс» журналистері ауданымызға келіп, оқыр-мандарымен кездесу өткізгені бұрын басталып аяқталмай қалған мақаламды қайтадан қолға алуыма түрткі болды. Бұрын қазақ отбасында алды он, соңы 4-5 баладан тәрбиеленуші еді ғой.  Қазір шауып кеткені 3-4 құрсақ көтерсе, соңы бір-екі баламен шектеледі. Ал сол 1-2 көкеге көсегені көгертетіндей тәрбие бере алып жүрміз бе? Әрине, әр ата-ана баласын қатарынан кем қылмай өсіруге талпынады. Дұрыс деңіз. Дегенмен сол айналайындарымыздың қажеттерін қанағаттандыруда асыра сілтеп жүрген жоқпыз ба? Меніңше, артықтау кетіп жүрген сы-ңайлымыз. Олай дейтінім, көкеміз 5-6 жасқа келгенде құны 60-70 мың теңге тұратын ұялы телефон сыйлаймыз. Ол бүлдіршін оны меңгеріп алғасын, таңның атысы, күннің батысы сол «ойыншықпен» ойнайды. Күніне 8-10 сағат бойы соған телмірумен, таза ауаға шықпастан, әбден сілелеп барып төсекке құлайды. Оның зияны туралы айтудай-ақ айтылып, жазудан да кенде емес. Алайда қазекең оған мән беріп жатпаған сыңайлы.

Интернеттің пайдасымен қатар зияны да, әсіресе, жас өскіндерге орасан. Өйткені бала ойлау қабілетінен ада болып, көзіне көрінген ақпаратты ғана кәдеге жаратады. Сөйтіп, жас буын сөйлесу, пікірлесу, өз ойын әдемі жеткізу қабілетінен айырылады. Біздің қоғам осынау жастарға төнген қауіпке қарсы тұрарлық амал жасай алмай отыр. Тағы бір мәселе, мектеп оқушылары түгілі, университет сияқты арнаулы жоғары оқу орындарын бітіріп, маман атанып келген кейбір жастарымыз өз өмірбаяндарын өрнектеп, жатық тілмен қағазға түсіре алмайды. Бірқатары бір мекемеден екінші мекемеге мазмұнын түсінсе де, қарапайым қатынас қағазын жаза алмайды. Осының бәрін интернет желісіне желімделудің салдары деп білемін. Қысқасы, қазіргі қоғамда ойланбайтын (әрине, бәрі демей-ақ қоялық), ойға ой қоса алмайтын, мәнді мәселе айта алмайтын, қазаққа жат әдеттерге жабыса кететін, батыстың берекесіз, бейәдеп әуендерін тыңдаудан талмайтын ұрпақ өсіп келеді. Оған қоса, тіліміз де тірсегінен тілінгендей болып бара ма, қалай өзі?.. Олай дейтін себебім, «Ағай, сіз қателесіп тұрған сияқтысыз» дегенді «Брат, сіз қуып кеттіңіз ғой…» дейтіндер пайда болды. Өздерінің арасында «көп сөйлеме!» дегенді «қума!» деп жүргендерін мына құлағымыз естіп жүр. Осы бағытпен жүре берсек, тіліміз құрдымға кетіп, келешекте жаңа қазақтардың сақау, дүбәра ұрпақтары пайда болуы әбден мүмкін. Сіз бұған не дейсіз, құрметті оқырман?..

Сәрсембай   ҚУАНШАЛИЕВ,

Бөкей ордасы аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары


Саида ҚАЛЫҚОВА: «Өзімді өте бақыттымын деп санаймын»

Күні: , 19 рет оқылды

Бүгінде  Саида  Қалықованың  есімі  тек  елімізде  ғана  емес,  алыс-жақын  шетелдерде  де  кеңінен  танымал.  Ол  – тіпті  он  екі  мүшесі  сау  біраз  адамның  қолы жетпейтін  биік  белестерді  бағындырып,  музыкант,  көшбасшы  ретінде  талайларды тамсантқан  тұлға.  Көптеген  халықаралық  конкурстардың  лауреаты,  еліміздегі  жалғыз музыка  академигі,  мәдениет  саласына  қосқан  үлесі  үшін  «Жаншуақ»  сыйлығының  иегері,  «Болашақ»  бағдарламасының  түлегі  Саида  Қалықова  былтыр  «Қазақстанның  100  жаңа есімі»  жобасының  жеңімпазы  атанды.  Мүмкіндігі  шектеулі  жандардың  шын  мәнінде  шексіз  мүмкіндікке  ие  екенін  ісімен  дәлелдеп  жүрген  қаршадай  қазақ  қызымен  сұхбаттасудың  сәті  түскен  еді.

— Саида, күйсандыққа ең алғаш отырған кезіңіз есіңізде ме?

— Менің музыка әлемімен таныстығым Орал қаласындағы №1 саз мектебінде басталды. Біздің ауланың балалары өте тату болдық. Кішкентай кезімде өзімнен бірнеше жас үлкен ұл-қыздармен ойнағанды жақсы көретінмін. Бір күні 18 жасар көрші қыз саз мектебіне қызметке тұрғанын, алайда сыныбында әлі бірде-бір оқушының жоқ екендігін айтты. Алты жасар кішкентай қыз болсам да, ауладағы бойы да, жасы да өзімнен үлкен 15 баланы жинап, №1 саз мектебіне ертіп әкелдім. Бұл 1993 жылдың  1 қыркүйегі болатын.

Достарыммен бірге директордың кабинетіне кіріп, Баян Жанәлиеваның сыныбына келгенімізді және тек сол педагогтан ғана білім алғымыз келетінін айттым. Бәріміз түгелдей сол кісінің сыныбына жазылдық. Міне, осылайша мен музыка әлеміне қадам  бастым.

Өте арманшыл және белсенді бала болдым. Айналадағы нәрсенің бәріне үлкен қызығушылықпен қарайтынмын, бәрін білгім, үйренгім келетін. Үйімізге жақын орналасқандықтан, Сурет галереясына, «Мир» кинотеатрына, планетарийге жиі баратынмын. Үшінші сыныпта оқып жүргенде, домбыра сыныбына, би және қолөнер үйірмелеріне  жазылдым.

Бірақ тоғыз жасымда  жасалған  отаның салдарынан көру қабілетімнен айырылған соң, өмірім күрт өзгеріп сала берді. Өзге қызығушылықтарымның бәрінен бас тартуыма тура келсе де, музыкадан қол үзе алмадым. Музыка қараңғылықта қалған қаршадай қыз үшін жалғыз жарық сәуледей еді. Қиналғанда көңіліме демеу, жабыққанда жаныма сүйеу бола білді. Сол кезден бастап музыка менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Анам қолымнан жетелеп, алдымен қаламыздағы №3 саз мектебіне әкелді, кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түстім. Отбасым мен ұстаздарымның кеңесімен музыкалық білімімді Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде және «Болашақ» бағдарламасы арқылы Флоренциядағы Луиджи Керубини атындағы консерваторияда  (Италия)  жетілдірдім.

Өмір жолымда керемет ұстаздарды жолықтырғаным үшін өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Орта мектепте сабақ берген ұстаздарыммен әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Әсіресе, менің колледждегі оқытушым Наталья Свешникова — менің өнердегі бағымды ашқан асыл жан.

Әлі күнге кеңесін айтып, шығармашылығыма үнемі қолдау көрсетіп отырады.

— «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияның Флоренция қаласындағы атақты Луиджи Керубини атындағы консерваторияда білім алған тұңғыш қазақсыз. Еуропалық білім беру жүйесінің  ерекшелігі  неде?

— Керубини консерваториясында пианистерді алты деңгей бойынша бағалайды. Мен емтихан нәтижесінде бірден ең жоғары деңгейге өтіп, жеке орындаушы мамандығына еш қиындықсыз қабылдандым. Бұл — менің ғана емес, ұстаздарымның да тынымсыз еңбегінің жемісі. Өйткені бізде музыканттың туындыны меңгеруімен қатар сахна мәдениетіне, киім киісіне, көрерменді құрметтеуіне ерекше мән беріледі. Италияда рейтингтік концерт бергенде, италияндықтар менің сахнадағы өнерімнен кейін «Бізге дайын әртіс келді» деп таңғалды. Бір қызығы, италияндықтар өнерге саясат тұрғысынан қарайды. Яғни мемлекет қандай саясат ұстанса, музыкасы да сондай болады деген көзқарас қалыптасқан. Маған «Сен Ресейден келдің, демек, сен орыссың» дейтін. Мен болсам, «Жоқ, мен қазақтың қызымын, Қазақстаннанмын» деп айтатынмын. Әрине, Қазақстаннан барған алғашқы студент болғасын, мен арқылы бүкіл Қазақстанды бағалайтынын ұқтым. Сондықтан әр басқан қадамым үшін үлкен жауапкершілікті сезініп, үнемі үздік болуға, маған сенген жандарды жерге қаратпауға талпындым. Теориядан емтихан тапсырғанда, консерватория ректоры маған арналып жазылған аудиокітаптарды өзі әкеліп берді. Менің жағ-дайымды, Италияда да менің  жанымда болған анамның жағдайын ойлап, осылайша үлкен қолдау көрсетті. Бетховен мен Де-бюсси бойынша екі бірдей ғылыми жұмысты италиян тілінде қорғап, магистратураны «Laude» белгісімен тәмамдадым әрі музыка академигі  дәрежесін  алдым.

— Сіз әлемдік деңгейдегі сахналарда әйгілі композиторлардың туындыларын шебер орындап жүрсіз. Солардың ішінде жаныңызға жақыны қайсысы?

— Ең жақсы көретін композиторым – Фредерик Шопен, жаныма жақын туындысы «Бесік жыры». Бұдан өзге Дебюсси, Бах, Бетховен сынды композиторлардың шығармашылығы  ұнайды.

— Саида алғашқы төл туындыңызды 15 жасыңызда жазғаныңызды білеміз. Осы уақытқа дейін қанша шығарма  жаздыңыз? Жалпы, шабытты  қайдан аласыз?

— Саз мектебін бітірер жылы емтихандарға дайындалып жүргенде бір этюд орындағанмын. Этюдтың аккорды маған қатты ұнады. Сол аккордтан шағын шығармам шықты. «Жаңбырдан кейін» деп аталатын тырнақалды туындым кішкентай балаларға арналған. Қазіргі таңда барлығы жиырмаға жуық төл туындым бар. Менің шығармашылығымда анама арнаған «Ой толғау» және туған қалама арнап шығарған «Көлдегі таң» атты туындыларымның орны ерекше. «Асыл әжем» атты композиция да мені мейіріміне бөлеп мәпелеп өсірген, өнерге қадам басуыма өлшеусіз үлес қосқан нағашы Зүбәр әжеме деген алғысым әрі сағынышым іспетті. Шығармаларымның көбін Оралды сағынып жүргенде жазғанмын. Анам менің өте сезімтал жан екенімді жиі айтады. Кішкентай балаша тез қуанамын, кейде болмашы нәрсеге жылап та қаламын. Жалпы, бұлбұлдың сайрағаны да, жаңбырдың  жауғаны да маған ерекше шабыт сыйлайды.

— Жақында Оралда «Асыл қалам»  атты жеке концертіңіз өтті. Қазақстан, Ресей және Италия сахналарында  80-ге жуық жеке концерт беріп үлгердіңіз. Туған қалаңызда концерт беру оңай ма, әлде өзге сахналарда ма?

— Туған қаламда концертке дайындалу, бір жағынан, жеңіл, өйткені үйдемін, отбасымның, әкемнің,  бауырларымның қасындамын. Екінші жағынан, үлкен жауапкершілікті сезінемін. Мен үшін істеген жұмысымның нәтижесін көрсететін емтихан сияқты. Оның үстіне Оралдағы концерттерім ылғи да көрерменге лық толы болады. Тіпті залға сыймай қалып жатады. Шығармашылығыммен етене таныс көрерменнің алдында өнер көрсетудің өзі бір ғанибет.

— Сізді  қазір тек музыкант, композитор ретінде ғана емес,  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ретінде де таниды. Жерлестеріңіз өзіңізді мақтан тұтады. Аталмыш республикалық жобаның жеңімпазы атанғаныңызды білген кезде қандай сезімде болдыңыз?

— Мен сахнаға, халықтың ықылас-құрметіне үйренген адаммын. Сондықтан «100 жаңа есім» жобасы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлегенде аса қатты қобалжу болған жоқ. Елбасы кездесуге шаршап келді. Рас, мен оны бірден сездім. Бірақ  кездесу ол кісіге жақсы әсер етті, көңіл күйі жадырап сала берді. Мен италияндық  достарыма арнап жазған «Клементони» атты шығармамды орындап бердім. Президентпен бір залда отырсам деп бала кезден армандайтынмын. Ал Елбасының алдында тұрып, өмірбаянымды айтамын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірген емес.

Әрине, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атану үлкен қуаныш, мәртебе ғана емес, сонымен қатар қоғамның,  халықтың алдындағы зор  жауапкершілік  екендігін түсінемін.

— Бос уақытыңызда сүйікті ісіңіз музыкадан басқа тағы немен  айналысасыз?

— Тіл үйренуге қызығушылығым жоғары. Қазір қазақ, орыс, ағылшын, италиян, испан және француз тілдерін меңгергенмін. Бос уақытымда түрлі қайырымдылық шараларға қатысамын. Негізі, Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармонияда жеке орындаушы болып қызмет  істеймін. Алға қойған арман-мақсаттарым өте көп. Соған жеткізсін Құдай деп жүремін. Мен көп уақыттан бері бір мақсатқа ұмтылып келе жатырмын. Келесі жылы орындалады деп үміттене-мін. Әзірше ол құпия…

Сұхбаттасқан   Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Жер телімдері аукционға түсті

Күні: , 23 рет оқылды

Орал қаласында бос жатқан  11 жер учаскесі аукцион арқылы сатылды.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына сәйкес,  мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар сауда-саттықта, яғни конкурстар мен аукциондар арқылы беріледі. Биылдыққа алтыншы рет өткен аукционға шығарылған 11 бос жатқан жер телімінің сауда-саттығына 25 адам қатысып, олардан 44 өтініш түскен.

– Аукционға шығарылған жер телімдері үш жылға жалдау құқығымен беріледі. Меншік иесі осы аралықта бұл жерді игеруге міндетті. Содан кейін ғана оны жеке меншігіне сатып алуына немесе ұзақ мерзімді жалға алуға құқығы бар. Егер де үш жыл ішінде ол жерді мақсаты бойынша игермесе, жер заңнамасының 92-94-баптарына сәйкес, оны сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып алуға құқығымыз бар. Игерілмеген жерлер тағы да аукционға шығарылады. Бұған дейін өткен бес аукционға шығарылған 47 жер телімі шамамен 134 млн. теңгеге сатылды, – дейді Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисимбалиев.

Айта кету керек, келесі аукционды цифрландыру бағдарламасы бойынша электронды нұсқада  өткізу  жоспарланып  отыр.

Ясипа    РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Тіл заңнамасын бұзғандарды жауапкершілікке тартуға болады

Күні: , 21 рет оқылды

Жуырда Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік бөлімшесінде «Көрнекті ақпаратта тіл нормаларының сақталуы: мәселелер мен шешу жолдары» тақырыбында жиын өтті.

Тіл мәселесін талқылаған жиынға исі қазаққа қатысты даулы мәселелердің басы-қасында жүретін белгілі заңгер Абзал Құспан мен бір топ тіл жанашыры қатысты.

Басқосуда Абзал Құспан аталған мәселеге қатысты заңды тұрғыдан кеңінен тоқталып, бұл мәселенің осы күнге дейін шешілмей келе жатырғанының бірден-бір себебі, заң саласының өкілдері үнсіз қалып отырғандығынан екенін баса айтты.

– Заңды тұрғыдан бір нәрсені айтып өтейін. Кәсіпкерлерге заңмен тек құқық берілмейді, сонымен қатар міндеттер жүктеліп, шектеулер қойылады, тыйым салынады. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысуға кез келген адамның құқы бар. Бірақ кәсіпкерлікті ашу туралы шешім қабылдаған сәттен бастап, оның алдында салық төлеу міндеті тұрады. Менің құқығым деп салық төлемей жүре алмайды. Кәсіпкерлікпен айналысудың жөні осы екен деп тыйым салынған заттарды да сата алмайды. Дәл осы сияқты тіл туралы заң бар, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң бар. Әкімшілік кодексінің 75-бабымен көшедегі жарнамаларды қате жазғандығы үшін кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартуға болады. Бұл жерде облыстық тілдерді дамыту басқармасы нақты фактілерді көрсетіп, прокуратураға жолдау қажет. Ал  прокуратура өкілдері жеке кәсіпкерлерге 75-баппен құқықбұзушылық туралы хаттама толтырулары керек.

Одан дұрыстамай жатса, 5-15-20 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлеттіруге міндетті, – деді Абзал Құспан.

Облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділмановтың айтуынша, қалада күннен-күнге шет тілінде жазылған жарнамалар мен сауатсыз жазбалар көбейіп келеді. Тіпті кейбір кәсіпорын иелері нысанның маңдайшасына мемлекеттік тілде емес, орыс немесе шет тілдерінде жазып қоятындары жетерлік екенін жеткізді.

– Бұл –  мемлекеттік тілдің қолданысын идеологиялық тұрғыдан насихаттау әлі де болса әлсіз екенін көрсетеді. Жарнамалар мен маңдайшалардағы атаулардың жазылуының заңды тәртібі бола тұрса да, кейбір кәсіпкерлер заң талаптарына немқұрайлы қарайды, – деді ол.

Жиын барысында, сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір, тағы да басқа тіл жанашырлары көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз ойларымен бөлісті.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


«Ақжайықтың» келешек келбеті 3D арқылы жобалануда

Күні: , 163 рет оқылды

Орал  қаласында жаңадан салынып  жатқан  «Ақжайық» шағынауданының  жобалары жаңа  технология  негізінде, яғни  3D  жобалау  бойынша жасалуда.

Ел экономикасының даму қарқынын жеделдету әрі халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы құрылыс саласына да дендеп еніп келеді. 3D жобалау әдісі де цифрландыру жүйесінің құрамдас бір бөлігі іспетті. Облыстық құрылыс басқармасы берген мәліметке қарағанда, тапсырыс беруші 3D жобалау арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілгенге дейін жобалық-сметалық құжаттармен танысып, ғимараттың моделі арқылы құрылыстың құрылымын бағалап, ғимараттың ішкі интерьерінің ұсақ бөлшектерін де көре алады. Яғни компьютерлік графика дизайнерлік жобаларды үш өлшемде қарастырады. Соның арқасында құрылысы жүріп жатқан немесе жоспарланған нысандардың негізгі түрін де көруге болады.

Құрылысы жүріп жатқан «Ақжайық» шағынауданын жарықпен, газбен, сумен қамту және кәріз желілерінің моделі 3D жобалау арқылы  жасалған.

– Орал қалалық әкімдігі «Ақжайық» шағынауданындағы 150 құрылыс нысанының визуалдық 3D макеттерін былтыр ұсынған болатын. Биыл аталған жобаны жалғастырып жатырмыз. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің қағаз түріндегі жобалық-сметалық құжаттары электронды, яғни 3D форматындағы жүйеге енгізілуде. Бұл – қалалық  әкімдік бастаған құрылыс саласын цифрландыру бағытында қолға алынып жатқан алғашқы жобалардың бірі. Алдағы жылдары да Зашаған кентінде, қаланың солтүстік-шығыс жағындағы құрылыс нысандарын да осы жүйеге енгізуді жалғастырамыз, – дейді Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы  Мирас  Мүлкәй.

Жалпы, әлемде 15-тен астам мемлекет ұлттық цифрландыру бағдарламаларын іске асыруда екен. Олардың қатарында Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея және Дания сықылды мемлекеттер ұлттық экономикасын цифрландыру бойынша алда келеді. Елбасы ұсынған цифрландыру бағдарламасы да «ұзақ мерзімді келешекте ел экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасауды» мақсат етеді. Құрылыс саласындағы жаңашылдықтың бірі – BIM (building information modeling) технологиясы екенін де айта кеткен жөн. Бұл технология салынып жатқан құрылыстың толық ақпараттық сипаттамасын жасауға мүмкіндік береді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі сайтында  «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, «Finnish Business Hub» және «Col-laprime» фин компаниясымен өткен кездесуде тұрғын үй және әкімшілік ғимараттарды салуда BIM технологиясын енгізу бойынша бірлесіп жұмыс атқару жолдары талқыланғаны айтылған. Бас-қосуда «Финляндияның BIM технологиясын толыққанды пайдаланып келе жатқанына шамамен 30 жыл болды, біз Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде, яғни 2020 жылға қарай көшуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттағы бірлескен жұмыс BIM технологияларын енгізуде финдердің жіберген қателіктерін Қазақстанда қайталамауға мүмкіндік береді, – дейді Finnish Business Hub директоры Мұхтар Манкеев. Сала мамандарының айтуынша, құрылыс саласын BIM технологиясына көшіру компаниялардың шығынын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді екен.

– Қазақстанда BIM технологиясына ден қойған мекеме-кәсіпорын аз. Бұл технологияны біздің облыста қолға алу үшін жобалаушы мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар қажет. Жаңа шағынауданды жобалауда қолға алған 3D жүйесі осы BIM технологиясына жетелейтін бірінші қадам деп ойлаймын, – дейді бөлім басшысы  Мирас  Рүстемұлы.

«Смарт сити» жобасымен заманауи үрдіске ден қойған Орал шаһарында құрылыс қарқыны белең алды. Мәселен, «Болашақ-Т» ЖШС өздері салып жатқан тұрғын үй құрылысы жобаларының сызбаларын электрондық түрде планшет арқылы қолдануда. Бұл құрылыс алаңында сызбалардың қағаз түрін өзімен алып жүрмей, кез келген уақытта керекті жобаны планшет арқылы көруге мүмкіндік береді.

– Құрылыс нысанының жобаларының электронды нұсқасын пайдаланғалы бері жұмыстың жеңілдегенін байқап жүрміз. Прорабтар бұрынғыдай бес-алты папкі сызбаны қобыратып тасымайды.

Олар да, құрылысшылар да қажетті сызбаларды жұмыс жасап жатқан жерлерінде тұрып-ақ планшеттен қарап алып, жалғастыра береді. Сонымен қатар біздің компания салып жатқан екі нысанға бақылау камерасын қойдық. Құрылыс компаниясы басшылары да, тапсырыс берушілер де жұмыс орындарында отырып-ақ құрылысты бақылай алады. Көзбояушылыққа, құрылыстың жүру барысы жөнінде өтірік ақпарат беруге мүмкіндік жоқ. Құрылыс басында ұрлық жасаушылардың да жолы кесіледі, – дейді «Болашақ-Т» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Асқар Қосжанов.

Айта кету керек, бүгінде еліміздегі құрылыс компанияларындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында құрылыс басына бақылау камераларын қою қолға алынды. Яғни цифрландыру нәтижесінде бақылау жүйесі автоматтандырылады деген сөз. Бұл жұмысты жеңілдетіп, жеделдетіп әрі сапалы  орындауға  да  себеп  болмақ.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Баланың   тілі  неге   жай   шығады?

Күні: , 100 рет оқылды

Соңғы  кездері «балам  әлі  сөйлемей  жүр,  сәбиім  ата-әже  деп  үшке  келген  соң  айта  бастады» деген  сыңайдағы  әңгімелерді  жиі  еститін  болдық. «Баланың  тілі  неге  жай  шығады?  Себебі  неде  екен?»  деген  мәселеге  байланысты  зерттеу  жүргізген  едік.

Байқағанымыз, қазіргі таңда кей сәбилер өз  аналарының әлдиімен емес, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Қуандық Рахым сынды әншілердің «әлдиімен» ұйықтайды екен. Бір жас ана Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әні шырқалып жатқан ұялы телефонды сәбиінің құлағына тосып қойыпты. Өзі  «Өскенде балам патриот болсын, ән құлағына сіңе береді ғой» деп қояды.

Ал осыдан кемі 20-30 жыл бұрын аналар сәбиінің көзіне қарап отырып, бесік жырын айта тын. Оның кәдімгі ауыз әдебиетіндегі бесік жыры болуы маңызды емес. «А-а-ай, әлди, әлди ақ бөпем» немесе «Әй-әй бөпем, әй бөпем» деп әуезді ырғақпен әндетіп, бесікті жай тербетіп ұйық тататын. Әжелеріміздің айтуынша, қарапайым ғана нәрсе болғанымен, бұның да өз сыры бар. Өйткені қайталанатын дыбыстар арқылы сәбидің миында сөйлеудің алғашқы үлгілері қалыптаса бастайды. Анасы айтқан әннің ырғағы да бала жадында сақталады. Кейіннен сәби екі-үш  айлық болғанда, уілдей бастағанда «а-а-а, у-у-у» деген дыбыстарды қайталайды. 5-6 айлығында «А-та, ә-же, а-на, ә-ке» деп, бір жас жарымда «Су беш, нәм-нәм жим» деп былдырлап, сөз, сөз тіркестерін айта бастайды. Екі жасында баланың сөздік қоры кеңейіп, қоршаған ортаға назар аударуға дағдыланады. Егер бала сөйлемесе, бірден мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Әдетте дені сау бала ай сайын жетіліп, дамып, көп нәрсені білуге талпынады. Өкініштісі, көп ата-аналар «Қазіргі балалар үш жасқа дейін сөйлемейді екен, төрт-бес жасқа келген соң сөйлейді ғой» деп алаңдамай, уақыт өткізіп алады. Кейіннен баласы мектепке барар кезде ғана «Психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес» беретін орталықтың немесе өз емханасындағы дәрігерлердің көмегіне жүгіне бастайды. Ал мамандар «Әр ана өз сәбиінің даму кезеңіне мұқият көңіл бөлге-ні дұрыс. Егер де бала дамуында тежеліс бар екенін байқаса, бірден мамандардан кеңес алуы қажет. Ерте жастан анықталған диагноздың бала өмірі үшін маңызы  зор»  екенін  айтады.

Бала  тілінің  жай  шығуының  себептері  қандай?

Біз осы сұрақпен Оралдағы «Психологиялық,  медициналық, педагогикалық кеңес» беретін орталыққа табан тіредік. Орталықтың меңгерушісі Гүлбаршын Рахымжанқызының айтуынша, аналар жүкті кезінен бастап құрсағындағы сәбидің дамуына ерекше көңіл бөлгені жөн.

– Бала тілінің жай шығуына әр түрлі факторлар әсер етеді. Анасының жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулармен жиі ауыруы, сонымен қатар қан аздық, бүйрек жұмысының әлсіздігі, жүректегі ақаулар баланың сөйлеу тілінің дамуына өз кесірін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ сәбилердің босану кезінде әр түрлі жарақаттар алуы, асфексиялық аурулар (баланың өз кіндігіне оралып туылуы), босану барысында немесе босанудан кейінгі нәресте миының зақымдалуына байланысты орталық жүйке жүйесінің бұзылуы бала тілінің жай шығуына алып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайлар да кері әсерін тигізеді. Кейбір ата-аналар нәрестенің өз уақытындағы даму кезеңдеріне мән бермейді. Соның салдарынан сөйлеу тілі дамымайды. Отбасында екі тілде сөйлесу, ата-анасы баланы еркелетіп сөйлесу кезінде сөздерді бұзып сөйлеуі  де  балаға  кері  әсерін  тигізеді.

– Қазіргі күнде қалалық «Психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес беру» орталығында тіл кемістігімен 816 бала есепте тұр. Олардың елу пайыздан астамы 0-6 жас аралығындағы балалар. Негізі ата-ана мұндай баланы ерте жастан алып келгені дұрыс. Мектепке дейінгі ұйымдарда 9 инклюзивті кабинет, 16 арнайы топ бар. Сондай-ақ мектептерде 43 логопедтік бекет жұмыс жасайды. Біздің мекеме облыстық денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыста. Орталықта психолог, логопед, әлеуметтік педагог, дефектолог және дәрігерлер жұмыс жасайды, – дейді Гүлбаршын Аристанова.

Айнұр атты кейіпкеріміз кішкентайының сөйлейтін сәтін төрт жыл күтіпті. Төрт жасына дейін сөйлемеген соң, сәбиін  арнайы мамандарға алып барады. Бірақ осы жолда ол біраз қиындыққа тап келгенін жасырмайды. Ең алдымен, «бәлкім, құлағы естімейтін шығар…» деген оймен лор дәрігерге ақылы қаратады. «Баланың екі құлағында ірің толып тұр» деп жас ананы шошытқан дәрігер оны тағы бір ақылы аппаратқа түсуге жолдайды. Ол кабинетке ақшасын төлеп, аппаратқа түсіріп шыққанында, ол жердегілер «Баланың құлағы таза, естуі қалыпты» деген анықтама береді.

Одан әрі бар ақшасын жұмсап, арнайы дәрігерлердің есігін қаққан жас ана: «Біріне бірі сілтеп, бір-біріне ақша түсіруді көздейтін» беймәлімдеу «жүйені» байқап қалады.  Содан соң таныстарының жол сілтеуімен Ресейдің  Самара қаласына жол тартады.

– Самарада баламды мұқият қараған дәрігерлер бірден ем тағайындады. Сол жерде екі аптадай жатып, арнайы ем алдық. Бірінші күні-ақ баламның беті бері қарай бастағанын байқадым. Қазір тілі жайлап шығып келеді. Балабақшаға да  барып жүр. Бағымызға орай, тәжірибелі, жақсы тәрбиешіге жолықтық. Қазір түстерді ажыратады, тақпақ айтады. Аз ақша жұмсаған жоқпын. Ең бастысы, баламның дені сау болып, сөйлеп кеткені мен үшін маңызды, – дейді жас ана.

Немере бағып отырған Нұрлыгүл әже балалардың тілінің кеш шығуына бөтелке, емізік, телефон теріс әсер етуде деген пікірде.

– Қай үйге барсаң да телефонға телмірген келін, өз-өзімен жүрген сәбилерді байқайсыз. Ол жылай бастаса, ауызына емізікті тығып қойып, телефонына үңіледі. Бесікте жатса, бөтелкемен сүт береді. Осының бәрі баланың тілінің дамуын тежейді.  Бұрын әжелеріміз балаға сүйек мүжітетін. Құрт сорғызатын. Ондағы ойы – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені. Қазір жілік мүжімек түгіл, ет шайнайтын бала жоқтың қасы. Шайнаудың да  бала тілінің дамуында атқаратын өз рөлі бар, – дейді Нұрлыгүл әже.

Мамандар   не   дейді?

Гүлфайруз   БӨЛЕКБАЕВА,  логопед:

– Қазіргі  кезде  баланың тілі жай дамитын болды. Оның түрлі себептері бар. Біріншіден, баланың дұрыс дамуы ана құрсағында жатқан кезден басталады. Жүктіліктің өту барысы, жеңіл босануы, баланың түрлі жарақаттармен туылуы – бәрі әсер етеді. Екіншіден, бұрын балалар қарындашпен сурет салатын, жүгіріп доп, асық ойнайтын. Қазір олардың орнын гаджеттер алмастырды. Сондықтан да балалардың ұсақ, жалпы моторикасы дамымайды. Ал мұның бәрі баланың тілінің дамуына әсер етеді. Үшіншіден, ата-аналардың балаға қарайтын, онымен сөйлесетін уақыты жоқ. Бәрі асығыс. Қарапайым баланы серуенге алып шығып, тротуарлармен жүргізсе, жүгіртіп ойнатса, бала тепе-теңдікті сақтауға үйренеді. Жалпы моторикасы дамиды. Бұлшық еттері қатаяды. Екі айлығында бала уілдемесе, 4-5 айлығында былдырламаса, сәбидің  ата-анасы алаңдай бастағаны дұрыс. Балалары сөйлемегесін, ата-аналар «Жақсы логопед керек» деп мамандар іздей бастайды.

Бірақ логопедке келмес бұрын, олар ең бірінші невропатолог дәрігерге баланы көрсетуі қажет екендігін біле бермейді. Невропатолог диагноз қойып, дәрілерін тағайындаған соң, біз баламен жұмыстанамыз. Алдымызға күн сайын түрлі диагнозбен балалар көп келеді. Балдырғандармен алғашында ойын арқылы жұмыс жасаймыз. Тіл жаттығулары, ойын арқылы баланың тілін дамытуға көңіл бөлеміз. Кейіннен дыбыстар қоямыз. Бір дыбысты қоюға баланың қабылдау мүмкіндігіне қарай 5-10 сабақ өткіземіз. Бұл кезде де ата-ананың көмегі қажет.

Біз қойған дыбысты ата-ана үйде баламен қайталауы керек. Невропатологтың рұқсатымен кей балалардың бетіне, тіліне, диагнозына қарай логопедиялық массаж жасаймыз. Қазір баланың ұсақ моторикасын, жалпы баланың зейінін дамытатын ойыншықтың түрі көп. Соларды алып берген дұрыс. Егер ойыншық сатып алатын мүмкіндік болмаса, қағаз қиып, ермексазбен жұмыстанып, баланың саусақтарын қимылдата беру керек.  Содан соң әрбір ата-ана бүлдіршінін «Анау қызыл допты әкеліп берші, су алып келші» деп баланы жұмсап, әрі сөйлесіп, әрі түсті ажыратып, әрі не жасап жүргенін ұғынуға үйреткені тиімді. Сөйлей алмайтын балалар ашушаң, ызақор болып келеді. Бұл жерде логопедпен қатар, психолог, дефектолог мамандар бірігіп  жұмыс  жасаса,  жақсы  нәтиже  болады.

Жанар   ҚАРАШЕВА,  дефектолог:

– Бала тілінің жай шығуының ең басты себебі – ата-аналардың жұмысбастылығы. Кішкентай балақан ең алғаш сөйлеп бастаған кезде көп нәрсені білгісі келеді. Ең алғаш «Әже», «Ата» деп сөйлеп бастаған кезде оның сөйлеуге қызығушылығы мол болады. Сол уақытта көрген, ұстаған, жеп отырған тамағының атауын айтып үйретсе, баланың сөздік қоры біртіндеп молая береді. Бірақ жұмыстан шаршап келген ата-аналардың басым бөлігі балаға назар аудара бермейді. Тағы бір себебі, қазір түсініксіз мультфильм көп. Баласына дыбыссыз мультфильмдер қосып беретін ата-аналар да кездеседі. Ал бұның бәрі баланың дамуында тежеліс тудырады. Бір жарым, екі жастағы бала сюжеттік ойындар ойнай бастайды. Ер бала машинасына жүк тиеп, оны келесі жерге түсіріп, машинаның дыбысын шығарып ойнаса, бұл қалыпты жағдай. Ата-ана да баласының осындай ойындар ойнауына ықпал етіп, жағдай туғызуы қажет. Өйткені бала ойын арқылы дамиды. Өз тәжірибемде байқағаным, баласы жас жарымда «Мама» деп айтпаса, өзге ұлттар бірден дабыл қағады. Біздер кішкене 4-5 жасқа дейін жүріңкіреп қаламыз.  Бала психикасының дамуында сөйлеу тілінің орны ерекше, ол зейін, ойлау, есте сақтау сияқты психикалық үрдістермен етене байланысты. Егер сөйлеу тілінің кешеуілдеуі байқалса, баланың ақыл-ойының дамуы жасы-на сай болмайды. Сондықтан баланың дамуына барлық психикалық үрдістің  жасына сай дамуы бала тілінің шығуына өте маңызды рөл атқарады. Сөйлеу тілінің дамуына немқұрайлықпен қарауға болмайды.

Бала тілі 3 жасқа дейін шықпаса, ата-аналар бірден дәрігер және арнайы мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Алдын ала шешім қабылдап, істі құрдымға тастамау керек. Тіл кемістігі бар балалардың дәрігердің назарында болғаны жөн. Мамандардың ұсынған ем-шараларын қатаң сақтаған кезде ғана қойылған мақсатқа жетуге болады. Атап айтқандай, невропатолог маманның тағайындаған курстық емі мен логопед маманның жұмысы үнемі байланыста болғаны  тиімді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

– Облыс бойынша тіл кемістігімен 1366 бала есепте тұр екен. Көбіне  0-3 жасқа дейін ата-аналар келмейді, тек мектепке барар кезде ғана бізді іздей бастайды, – дейді мамандар.


Нұржан ҚАЛИШАНОВ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының басшысы: Кәсіпкерге көмек көп

Күні: , 364 рет оқылды

Дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесіне ішкі жалпы өнімнің 70-80%-ы тиесілі, ал бізде бұл көрсеткіш әзірге 27%-дың айналасында. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мақсатында нарықтағыдан әлдеқайда төмен пайызбен несиелейтін мемлекеттік бағдарламалар жасақталып, іске қосылған. Алайда кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау-көмекке  қол жеткізудің, құжат жинаудың қиындығын айтады. Біз кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай көмек-қолдау ала алатыны жайында әңгімелемекпіз.

– Нұржан Бауыржанұлы, кәсіпкерлер қандай мемлекеттік бағдарламалар бойынша көмек-қолдау ала алады?

– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлерге арналған өнімдер мен қызметтердің ауқымды спектрін ұсынады. Соның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы несие беру бағдарламаларын іске асырады, лизингтік мәмілелерді қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік беру, консультациялық қолдау, ақпараттық-аналитикалық материалдарды тарату жұмыстарымен айналысады.

«Даму» қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейдегі банктерден алынатын несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендірудің қаржылық агенті болып табылады, сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы кеңес беру бағдарламаларының операторы қызметін атқарады.

– Шағын және орта бизнесті қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы бойынша қаржыландыру бағдарламасы қалай жүруде?

– Батыс Қазақстан облысы аумағында тіркелген және жобаларын жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер «Даму Ақжайық» өңірлік бағдарламасы бойынша 8,5%-дан аспайтын,  50 000 000 теңгеге дейін, мерзімі 84 айға дейінгі несиені пайдалана алады. Облысымыздың моноқалаларында, шағын қалаларында, елді мекендерінде өз ісін бастаған  жас кәсіпкерлерге несиені салалық шектеусіз алуына болады. Басқа жағдайларда кәсіпкерлердің жобалары басым салаларға сәйкес болуы қажет. Бағдарлама бойынша «Халық банкі», «Банк ЦентрКредит» жұмыстанады.

– Қазіргі уақытта қайта өңдеу саласының кәсіпорындарына қаншалықты қолдау көрсетілуде?

– Қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың «Даму-Өндіріс» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпорындарға 6%-бен ЕДБ арқылы несие алуға мүмкіндік береді. Нақты мысал келтірсек, өңірде шиналарды қайта өңдеу саласындағы өндірісті қолға алған компаниялардың бірі – «Кама-Центрге» мемлекеттік қолдау көрсетілді. Аталмыш компания кең ауқымды резеңке жабындарын өндіру мақсатында ескі аутокөлік шиналарын және басқа да резеңке өнімдерін қайта өңдеу жобасын биылғы ақпан айында Оралда іске қосты. Жобаның шамасы 200 млн. теңгені құрады.

– Нұржан Бауыржанұлы, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арнайы бағдарлама бар ма? «Еңбек» бағдарламасы бойынша қанша адам несие алды?

– Өткен жылдың тамыз айынан бастап «Даму» қоры «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын» жүзеге асыруда. «Даму» қоры осы бағдарламаның қалаларда жүзеге асырылуына жауап береді. «Еңбек» бағдарламасы  жүзеге асырылатын қалалар тізіміне Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал және Ақсай қалалары енгізілді. «Даму»  қорының филиалы осы екі қаладағы кәсіпкерлерге «Еңбек» бағдарламасы аясында қолдау-көмек көрсетеді. Ал ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-лар арқылы несие серіктестіктері тарапынан қаржыландырылады. Бағдарламаға жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады. Қатысушылар міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өтуі тиіс. Сондай курстан өткені туралы сертификаты болған жағдайда ғана несие беріледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін несие жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен кем де-генде екі  адамға жаңа тұрақты жұмыс орнын құрғанда беріледі. Бағдарламаның ерекшелігі сонда – несиені төмен 6%-бен  алуға болады. Берілетін несие шамасы 6,5 мың АЕК-қа дейін. Несиелендірудің ұзақ мерзіміне келсек, инвестициялауға бес жылға дейін, айналым құралдарын толықтыруға үш жылға дейін ұсынылады.

Азаматтар, негізінен, өздері жақсы білетін салаларды таңдайды. Біреуге қызмет етіп жүрген азаматтар несие алып, өздері бизнес ашып жатыр. Мәселен, жақында шаштаразда жалдамалы қызметкер болып жұмыс істеп жүрген маман несие алып, жеке шаштараз ашты. Нақты мысалдарға келсек, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкер Малика Абдулова балаларды түзету және дамыту «Радуга» Монтессори орталығын ашу үшін біздің қор арқылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алды. Бұл қаржыға ғимарат сатып алып, жеке дүкенін де ашты. Ал «Гармония Сервис» ЖШС-ның негізін қалаушы, жас кәсіпкер Абзал Өтегенов Орал қаласынан кілемдерді тазалайтын кәсіпорынды ашуға несие алып, керек жабдықтарды сатып алды. Кәсіпкерге несие алу үшін «Даму» қоры тарапынан 85% көлемінде кепілдеме берілді. Қаламыздың тағы бір тұрғыны Ақұштап Құспан «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алып, бұл қаржыға ғимарат сатып алды және жеке сұлулық салонын ашты. Мұндай мысалдар жеткілікті.

– «Даму» тарапынан сауда саласындағыларға  қолдау-көмек  бар ма?

– Сауда саласындағы ісін жаңа бастаған  кәсіпкерлер «Еңбек» бағдарламасына қатыса алады. Ал моноқалалар, шағын қалаларда және елді мекендерде жобаларын жүзеге асырушылар салалық шектеусіз «БЖК-2020» бағдарламасына қатыса алады.

– Мемлекеттік бағдарламалардың шарттары нарықтағы өзге бағдарламаларға қарағанда қаншалықты тартымды?

– Мемлекеттік бағдарламалардың ең басты мақсаты – кәсіпкерлердің несиелері бойынша ауыртпашылығын төмендету. Оның ішінде жеңілдетілген несиелер, пайыздық мөлшерлемені 40-50%-ға дейін субсидиялау арқылы төмендету және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін 85%-ға дейін кепілдендіру.

– «Даму» арқылы мемлекеттік қолдау-көмек алу үшін құжат көп керек пе? Қандай кепілдік сұралады?

– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылай қолдауға ие болғысы келетін азаматтар «Даму» қорының филиалына келуіне болады. Бізде филиал жанында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Орталық мамандары келушілерге бағдарлама шарттары мен тетіктері бойынша толық ақпарат береді. Олардың жоспарын, идеяларын тыңдап, қызмет түріне, қажет қаражат көлеміне, кәсібінің орналасу жеріне байланысты ең тиімді бағдарламаны таңдайды. Мемлекеттік бағдарламалардың ішінен кәсіпкер үшін ең тиімдісін таңдап, құжатын жинауға көмектесеміз. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін кәсіпкерлерге банктердің ішкі талаптарына сай және банктің кепілдік саясатына сәйкес құжаттарды толық тапсыру қажет. Соңында толық дайын болған құжаттарды екінші деңгейлі банктердің қарауына жібереміз. Одан әрі банктер өздерінің ішкі талаптарына сай жобаларды қарап, қаржыландырады.

– Нұржан Бауыржанұлы, соңғы сұрақ: несиесі бар кәсіпкерлер мембағдарламалар бойынша көмек ала алады ма? Қандай банктермен жұмыс істейсіздер? «Дамудағылар»  бизнес-жоспар жасауға көмектеседі ме?

– Егер кірісіңіз жеткілікті болып, ай сайынғы төлемді жаба алсаңыз, несие алуға еш кедергі жоқ. «Даму» қоры барлық банкпен жұмыс істейді. Банктер арасында кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша «Сбербанк» және «Халық банк» белсенді жұмыс істеуде.  «АТФ», «Банк ЦентрКредит» банктерінің де көрсеткіші жаман емес.

Бизнес-жоспар бойынша кеңес алу және тегін әзірлеуге «Атамекен» ҰКП-дағы мамандар қолдау көрсетеді.

Сұхбаттасқан  Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Пластик қалдықтарын бөлек жинайық

Күні: , 27 рет оқылды

Пластик оны өндіргеннен бастап зарарсыздандырғанға дейін қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Пластик өнімдерін шығаратын зауыттар атмосфераға жылына 400 млн. тоннаға дейін көмірқышқыл газын бөледі, күні бүгін жануарлардың шамамен 800 түрі пластикті тұтыну және улану салдарынан құрып кету қаупіне ие деуге болады.

Пластикалық ластану – су  тоғандарының қоқыстануы (антропогендік қалдықтарды көл, өзен, теңіздерге лақтыру), судың бір реттік пластикпен, пластикалық  торлармен   және т. б. ластануы. Жыл сайын пластиктен өндірілетін бұйымдардың көп бөлігі бір реттік қол-дануға арналған, көбіне орау үшін қолданылатын заттар.

Пластик шамамен екі жүз жыл ыдыратылады (іріп-шіриді). Пластмасса бұйымдар жерге түскеннен кейін ұсақ бөлшектерге бөлініп, қоршаған ортаға химиялық заттар бөле бастайды. Жерасты сулары арқылы пластиктің шағын түйіршіктері және оның химикаттары жақын орналасқан су көздеріне сіңе бастайды, бұл жануарлардың жаппай қырылуына әкеп соғады.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары, үйінділері пластмассаның көптеген түрімен ұдайы толып жатады. Бұл үйінділерде  пластмассаның биоқұлдырауын  жеделдететін көптеген микроағза болады.

Өркениеттің озық игіліктері кейде адамдарға қолайлылық тудырумен қатар, табиғатқа елеулі зиян келтіреді. Соңғы он жыл ішінде әлемде пластик өнімдер алдыңғы жүзжылдыққа қарағанда көп өндірілді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс тұрғындарын таза қайталама шикізат алу үшін «құрғақ қалдықтарды», одан әрі зарарсыздандыру үшін «дымқыл қалдықтарды» бөлек жинау қағи-датын ұстануға шақырады.

Облыстық  табиғи  ресурстар  және  табиғат  пайдалануды реттеу  басқармасы


Асқақ армандар мекені

Күні: , 85 рет оқылды

Баланың  ұлттық  дәстүр  мен  өнегелі  мұраларды  бойына  сіңіріп  өсуіне жанұясы мен өскен ортасы міндетті түрде әсер ететіні түсінікті.

Ал жетімдер үйінде отбасы құндылықтары тиісті деңгейде дәріптелмеуі мүмкін. Сондықтан ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға қолұшын беру ниетімен құрылған «Бөбек» қайырымдылық қоры еліміздің әр аймағында отбасы үлгісіндегі балалар ауылын ашты. Осылайша он бес жыл бұрын Орал қаласында да балалар ауылы құрылған болатын. Мұндағы қызметкерлер ашылған күннен бастап бүгінге дейін бірнеше буынды тәрбиелеп шығарды. Ұяларынан түлеп ұшқан 148 баланың әрқайсысы өз алдына отау құрып, еліміздің дамуына үлестерін қосып жүр. Балалар ауылының басты мақсаты – тәрбиеленушілердің бір-біріне деген бауырмалдық сезімдерін дамытып, үй шаруасына бейімдеп, оларға кәдімгі отбасылық жағдай  туғызу. Газетіміздің «Бір күн» айдары арқылы оқырмандарымызды  тыныс-тіршілігімен таныстырмақ оймен аталған ауылға  барған болатынбыз.

АУЫЛ  АЙНАСЫ

Он бір үйден және бір әкімшілік ғимараттан құралған ауылдың айналасына көз салдық. Аула мұнтаздай. Бір-біріне қарайлас үйлердің арасынан әкімшілік ғимаратты бірден аңғарып, алдымен сонда бет алдық. Балалар ауылы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Кенесаринаның мәлімдеуінше, ауылда 73 ұл-қыз тұрса, оларды педагогикалық білімі бар сегіз «ана» тәрбиелейді екен. Балалардың басым бөлігі Орал қаласындағы №20, 30, 13 және 22 мектептерде білім алады.

Сонымен қатар облыстық есту қабілеттері бұзылған және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектептерде оқитындары да бар. Мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы атанып жүрген жасөспірімдердің жарқын жетістіктері  де  мол.

«КӨП БАЛАЛЫ  ОТБАСЫ»

Әкімшілік ғимаратқа ең жақын орналасқан үйдің есігін қақтық. Есікті кішкентай сүйкімді қыз ашып, жымиып амандасты да, ішке қарай жүгіріп кетті. Алдымыздан шыққан Шынар Хамзина өзін осы шаңырақтың анасы ретінде таныстырып, үйдің ішін аралатты. Ғимараттың кәдімгі үйден еш айырмашылығы жоқ. Асүйде қайнап жатқан сорпаның дәмді иісі танауымызды қытықтай жөнелді. Үйдің іші кең. Қыздарға, ұлдарға және олардың аналарына арналған  бірнеше  бөлме  бар.

Шынар Хамзина осы үйде тоғыз бала тәрбиелеп отырған «көп балалы ана» екен. Төрт ұлы ала таңмен сабаққа кетіпті. Бес қыздың үшеуі де мектепте  болса керек. Тек Зарина мен Гүлназ есімді екі қыз қонақ бөлмеде теледидардан «Балапан» арнасындағы бағдарламаны тамашалап отыр. Үйдің үлкені Гүлжәнел №30 мектептің 11-сыныбында оқып жүр. Екінші қызы Кәмила да аталған мектептің 10-сыныбында. Валера мен Жандос 8-9-сынып оқушылары болса, Ростислав, Гүлназ, Дмитрий үшеуі 7-сыныпта оқиды екен. Ал кенжелері Зарина мен Альбина екінші және үшінші сыныпта оқып жүр.

«ҚҰДАҒАЙ»

Жәудір көздердің бәріне бала бақытын сыйлап, бар мейірімін төгіп жүрген Шынар Ғабдісаматқызы балалар ауылы ашылған алғашқы күннен-ақ өз  қызметін осында аптасына алты күн, тәулігіне 24 сағат бойы беріле атқарып келеді.

– Бұған дейін оннан астам баланы ұядан ұшырдым. Менің тәрбиемде болған балалардың барлығы да сабақтарын жақсы оқыды. Өйткені оқу үлгерімдерін қатты қадағалаймын. Сонымен қатар қыздарым да, ұлдарым да үй шаруасына осал емес. Балаларымның алды жоғары оқу орындарын аяқтап, үйлі-күйлі болып отыр.

Ата-енелері мені «құдағай» деп сыйлап жатады. Түрлі тағдырмен келген сәбилердің мінездері де сан алуан болады ғой. Барлығын тәрбиелеп, өсіру оңай емес. Туған аналарындай бола алмасам да, өздерімен сырласып, ақылымды айтып, жақын тартуға тырысамын. Барлығының болашағы жарқын болғанын қалаймын, – деген «көп балалы ананың» сөзі көңілімізге  қонды.

АРМАНЫН  АЯЛАҒАН  ҚЫЗ

Түскі асқа таяу оқушылар сабақтарынан орала бастады. Қарсы алдымыздан бойжетіп қалған Гүлжәнел шыға келгенде, оның табиғи сұлулығына таңғалдық. Бірақ бізді баурағаны ақкөңіл мінезі еді. Риясыз әңгімесін айтып, өзінің ең үлкен арманымен бөлісті. Гүлжәнелдің туған әпкесі мен ағасы бар екен. Аналары өмірден өткен соң, әкелері қайғыдан ішкілікке бой ұрған. Үйдің үлкендерін басқа отбасылар асырап алыпты. Ал кенже қызы Гүлжәнелді әкесі ешкімге бергісі келмеген. Алайда көп ұзамай әкелік құқығынан айырылып, Гүлжәнел екінші сыныпта оқып жүрген кезінде балалар ауылына орналастырылған.

– Болашақта өз нанымды тауып, жей алатын мамандық иесі болуым керек.

Сондықтан ҰБТ-ға мықтап дайындалып жүрмін. Адал жолмен жүріп, ерінбей қызмет етсем, жолым өзінен-өзі ашылатынына бек сенімдімін. Кейін арнайы бағдарламалар арқылы Оралдан үй алып, әкемді жаныма көшіргім келеді. Егер мен оны бағып, жағдайын жасасам, ол теріс әдеттерінен арылуы мүмкін, – деген Гүлжәнел көзіне жас алып, аз ғана бөгелді. Осы тұста оқушы қыздың әр сөзін салмақтап айтатын, дұрыс шешім қабылдай білетін мінезін анық аңғарып, іштей көңіліміз  марқайды.

ТҮЙІН

Жеткіншектердің  ата-аналары мен  туыстары  ара-тұра  келіп, жағдайларын  біліп  кетеді  екен. Патронатты тәрбиеге  асырап  алушы  отбасылар  да ұшырасады.  Сонымен  қатар  жергілікті  кәсіпкерлер әр  үйге  сый-сияпаттарын жасап,  әрдайым  демеушілік  көрсетеді.  Яғни  балалардың  тиісті деңгейде  дамып,  тұлға  ретінде  қалыптасуларына барлық  жағдай  жасалған.  Біз  кетерде  балалар араның  ұясындай  гуілдеп  түскі  астарын  ішіп жатты.  Олар  әдеппен  қоштасып, жымиып  қала бергенде,  әлдене  жүрегімізді  ақырын-ақырын шымшығандай  еді. «Мына  жалған  өмірде өз балаңа  ата-ана  бола  білу  де  үлкен сын  екен» деген  ойды  түйіп  шықтық…

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика