Меморандумға қол қойды

Күні: , 19 рет оқылды

Кеше Батыс Қазақстан жоғары медициналық  колледжінде  денсаулық сақтау мекемелері басшыларының қатысуымен өткен жиында Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық медициналық университетінің филиалын Орал қаласында ашудың жай-жапсары талқыланды. Сапалы медициналық қызмет көрсетуді өрістету тақырыбын талқылаған жиынға ҚР Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка  денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі Алмаз Шарман, С. Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин, Литва мемлекетінің бұрынғы білім министрі, Литва денсаулық ғылым университетінің профессоры, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық  университетінің провосты Дайнюс Павалкис, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрданат Беркінғали және Батыс Қазақстан  жоғары медициналық колледжінің директоры Қамидолла Ирменов қатысты.

Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында Литва денсаулық ғылым университеті, С. Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық мемлекеттік университеті және Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы үш жақты меморандумға қол қойды. Аталмыш келісім аясында денсаулық сақтау мен медициналық ынтымақтастыққа қоса, білім беру мен ғылым саласындағы әріптестік те нығаймақ.

С. Асфендияров атындағы медуниверситеттің ректоры Талғат Нұрғожиннің айтуынша, меморандумда Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің негізінде аталмыш университеттің облыстық филиалын ашу қарастырылған.

— Дәрігерлердің оқуы ұзақ. Олар алты жыл оқыған соң және екі-үш жыл практикадан өтеді. Біз өз кезегімізде екінші, үшінші жылғы резиденттерімізді осы жердегі қалалық, облыстық ауруханаларға жібереміз. Қазір дәрігерлер жетіспейтіндіктен, резиденттердің болғаны жақсы. Олар алты айлық, бір жылдық практиканы осы жерде өткізіп, кейіннен маман ретінде тұрақтап  қала алады. Сондай-ақ біздің университеттің жергілікті филиалы ашыла қалған жағдайда жаңа оқу орны осы өңірдегі дәрігерлердің білім-білігін арттырып, кәсіби деңгейін көтеруге де үлес қосатын болады.

Ол үшін біздің университеттің ғалымдары осында келіп, дәріс оқып, әрі өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісетін болады, — дейді университет ректоры Т. Нұрғожин. Жиын барысында литвалық ғалымдар да мамандар даярлауға атсалысу арқылы Батыс Қазақстан облысы медицинасының сапасын көтеруге мүдделі екендіктерін білдірді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Қазанда нан бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз»

Күні: , 186 рет оқылды

«Батыс Продукт» ЖШС тоқаш, вафли,  нан және кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрін шығарады. Нан түрлерімен Оралды және іргелес ауылдарды ішінара қамтиды. Жалпы өндірілген өнімнің 30-40 пайызын Ресейге, соның ішінде Челябі, Нижненовгород облыстарына экспорттайды.

Серіктестік астықты өңіріміздегі тауар өндірушілерден алғанмен, өнім өндіруге жұмсалатын құмшекер, сары май, маргаринді Ресейден тасымалдайды. Биыл газ, электр қуаты бағасы да өсті. Қуат бағасының өсімі өндірілетін өнім құнының көтерілуіне  әсерін  тигізеді.

— Жақында астық бағасы 20-30 пайызға өсті. Бұрын келісі 60 теңгеден болса, қазір 85 теңгеден бір-ақ шықты. Нанның түрлеріне қарай олардың бағасы 80-90 теңге аралығында. Өндірісші ретінде бағаны  бір қалыпта ұстап отырмыз. Бірақ қазан айында нан бағасын өсіруге мәжбүрміз.  Қаншаға өсіретінімізді нақты айта алмаймын, есеп-қисабын шығарудамыз, — деді «Батыс Продукт» ЖШС-ның директоры Алексей Попков.

Кәсіпкер Алексей Попков Кедендік одақ шеңберінде Бірыңғай экономикалық кеңістікке еркін шығу мүмкіндігіне ие болғандарына қуанышты. Алайда бір экономикалық Кедендік одақтағы елдердің кәсіпкерлері теңсіз бәсекелестікке тап болғандарын жасырмайды. «Қазақстанда қосымша құн салығы 12 пайыз болса, Ресейде 20 пайызды құрайды. Алыстан арып-ашып, көлікке тиеп апарған өніміңнің бағасына қосымша 20 пайызды үстейсің. Өнімің қымбаттап кетеді. Осындай теңсіздіктер қолыңды байлап, адымыңды аштырмайды. Мәселенің осы жағы ескерілсе дейміз», – деді ол.

Серіктестік «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының БҚО филиалы арқылы дүние-мүлкін кепілдікке салып, «Нұрбанктен» 6 пайыздық мөлшерлемемен қомақты несие алды. Неміс өндірісшілерінен вафли шығаратын жаңа желі әкеліп, орнатуға келісімшарт жасады. Жаңа желі алдағы 2019 жылдың басында іске қосылмақ. Қазір өндіріс орнында 250 адам нәпақасын тауып жүр. Жаңа желі іске қосылғанда жаңадан 30 шақты жұмыс орны  ашылады.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Денсаулық сақтауды дамыту талқыланды

Күні: , 18 рет оқылды

Кеше   облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  медицина  саласының  үздік  мамандарымен  кездесті.

Кездесуге Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті, АҚШ денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман, С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин және Литва денсаулық ғылымы университетінің профессоры Дайнюс  Павалкис  қатысты.

Кездесу барысында республикадағы  медицина ғылымы мен өңірдегі денсаулық  сақтау жүйесінің дамуы талқыланды. Сондай-ақ  басқосуда  мамандарды даярлау,  цифрлық технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу мәселелері  қаралды.

—  Медицина және денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті орнату біз үшін өте маңызды. Бүгінде Литва сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету бойынша үздік мемлекеттердің қатарында. Ал медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мемлекеттің  негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Сондықтан біз білім-білігі жоғары медициналық кадрларды даярлауға мүдделіміз, – деді облыс әкімі Алтай  Көлгінов.  Сонымен қатар өңір басшысы бұл кездесу медицина саласындағы денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің одан әрі дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Саябақтағы Сорочин жәрмеңкесі

Күні: , 20 рет оқылды

Өткен  жексенбіде  Орал қалалық  мәдениет  және  демалыс  саябағында  украин   халқының   Сорочин  жәрмеңкесі  аталып  өтілді.  Облыстық  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  ұйымдастырған  дәстүрлі  шараға  аудан-ауылдардан  келген  түрлі  ұлт-ұлыс  өкілдері  мен   қала  тұрғындары  қатысты.

– Сорочин  жәрмеңкесі біздің облысымызда оныншы жыл қатарынан тойлануда. Бұл – нағыз еңбек, мейірім және бірліктің мерекесі. Елбасымыз ұлтаралық келісімге әрқашан зор мән береді. Біз көп ұлтты мемлекет  болғандықтан, бір-біріміздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы білуіміз керек. Украиндық «Еднання» – облысымыздағы ірі этномәдени бірлестіктердің бірі. Оның 11 мыңдай мүшесі бар. Баршамыздың татулықта өмір сүруіміз ең басты игілігіміз деп білемін, – деді құттықтау сөзінде БҚО ҚХА төрағасының  орынбасары, хатшылық  меңгерушісі  Ғайса  Қапақов.

Жәрмеңке барысында украин ұлттық әндері шырқалып, көңілді билер мен қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар облыс аудандарынан келген этномәдени бірлестіктер ұлттық әшекей бұйымдарды, қолөнер туындыларын саудалады. Сондай-ақ саябақта демалушылар украин халқының ұлттық тағамдарынан дәм татты.

– Еліміздегі түрлі этностардың әдет-ғұрыптарын сақтап, олармен танысу мақсатында «Этнос күндері» атты әлеуметтік жоба қолға алынған болатын. Міне, облыстық ассамблея құрамындағы «Еднання» украиндық этномәдени бірлестігіне де кезек келді. Украин ұлты өкілдерінің ұйымшылдығы мен өз ұлтына деген жанашырлығын бүгінгі шарада анық аңғаруға болады. Өйткені Сорочин жәрмеңкесі жыл сайын жоғары деңгейде өткізіледі. Батыс Қазақстанда он бір мыңдай украин ұлтының өкілі тұрады. Мәдени орталық ашылғаннан кейін «Берегиня» атты хор құрдық. Ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар өткіземіз,  – дейді облыстық «Еднання» украин мәдени орталығының  төрағасы  Виктор  Тарасенко.

Аталмыш жәрмеңке күзгі жиын-терім аяқ-талғаннан кейін диқандардың еңбегін дәріптеу, ауыл шаруашылығы  өнімдерін халыққа ұсыну  мақсатында  ұйымдастырылады.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Бір реттік парольмен 13 қызмет алуға болады

Күні: , 20 рет оқылды

«Мобильдік үкімет» жобасы аясында eGov.kz мобильдік қосымшасы жасап шығарылды. Қосымша Android, iOS базасындағы Android, iOS базасындағы смартфондарға ие пайдаланушылар үшін Google Play, App Store бойынша қолжетімді.

Енді «mGov» мобильдік қосымшасының пайдаланушылары  қолданыстағы қосымшаның 43 мемлекеттік көрсетілетін қызметі мен 13 төлем түрінен басқа, бір реттік пароль арқылы 13 қызмет ала алады.

Олар:

  1. Мекенжай анықтамасы;
  2. Заңды тұлғаның, филиал немесе өкілдіктің барлық тіркелген әрекеттері туралы анықтама;
  3. Тіркелген заңды тұлға, филиал және өкілдік туралы анықтама;
  4. Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің болуы туралы анықтама;
  5. Жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама;
  6. Заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама;
  7. Некеге тұру туралы анықтама;
  8. Некені тіркеуге электрондық өтініш;
  9. Баланың туу туралы анықтамасы;
  10. Жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы анықтама;
  11. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және тоқтатылған құқықтар туралы анықтама;
  12. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;
  13. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді.

«Колорадо» бізге келе ме?..

Күні: , 18 рет оқылды

— Биыл тұмаудың «Сингапур» және «Колорадо» деген өзгеше түрі тарайтын көрінеді деген әңгіме естідік. Бұл қаншалықты рас? Рас болған күнде одан сақтанудың жолдары қандай?

Ербөлек   БАЙҒАБЫЛОВ,

Орал  қаласы

Валентина КЕНЖЕҒАЛИЕВА, БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұқпалы және паразитарлы ауруларды эпидемиялық қадағалау бөлімінің басшысы:

— Алдағы 2018-2019 жылғы эпидкезеңде Қазақстанда тұмаудың үш штаммасы айналымда жүреді деп күтілуде. Олар – Мичиган, Сингапур, Колорадо. Атауларына қарап тұмаудың бұрын кездеспеген қауіпті бір түрі келеді екен деп сескенудің еш қажеті жоқ. Бұл атаулар вирустың алғашқы анықталған жерлеріне байланысты қойылған. Әр жылдың бірінші қазанынан тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталатыны белгілі. Бүгінгі таңда облысымызға Ресейде жасалған тұмауға қарсы вакцинаның 60 000 дозасы жеткізілді. Вакцина жергілікті бюджет қаражатына сатып алынды. Сол себепті халықтың әлеуметтік қолдауды қажетсінетін бөлігіне вакцина тегін егіледі. Олардың қатарына жарық дүниеге көрінгеніне алты айдан асқан, жиі ауыратын нәрестелер, жүктіліктің екінші, үшінші кезеңіндегі аналар, созылмалы ауру-сырқауы бар балалар, сондай-ақ жүрек қан тамырлары және тыныс алу жолдарының созылмалы ауруына шалдыққан ересектер, қарттар үйінің тұрғындары, балалар үйінің тәрбиеленушілері кіреді. Құрамында С дәрумені бар жеміс-жидек түрлерін пайдалану тұмаудың алдын алуға жақсы көмектеседі. Лимон, өзге де барлық цитрусты жемістерді, ашытылған қырыққабатты, итмұрын қайнатпасы, пияз және сарымсақты эпидкезең басталмай тұрып тұрақты түрде тұтына бастаған жөн. Сонымен қатар жыл мезгіліне сай жылы киініп жүру керек. Эпидкезең басталғанда көпшілік жиналатын жерлерге барудан барынша шектелу қажет.

Ауырған адам бірден дәрігерге қаралып, тиісті емдік шараларды дер кезінде қабылдауы керек. Бұл науқастың өзі үшін ғана емес, вирусты айналасындағы адамдарға жұқтырмауы үшін де маңызды.


БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салады

Күні: , 14 рет оқылды

Күз келді. Күзбен бірге суық кезең де келеді. Жылыту маусымында ел тұрғындары түрлі құрылғыларды қоса бастайды. Өкінішке орай, азаматтардың қамсыздығы, оларды пайдалануға салғырт қарауы көбінесе өртке дуашар етеді.

БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы профилактикалық бақылау басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, тұрғын үйлердегі өрттер электрсымдарының, электрқұралдарының және жылыту пештерінің дұрыс жұмыс істемеуінен немесе оларды дұрыс пайдаланбаудан, отқа абайсыз қараудан немесе балалардың тентектігінен туындайды.

Жылытуға арналған құралдарды дұрыс пайдаланбаудан туындайтын өрттердің салдары қорқынышты, олардан адамдар түрлі жарақат алады, кейде тіпті адам өлімі болады.

Өкінішке орай, адамдар өз қауіпсіздіктері туралы ойламайды: оқшаулануына зақым келген электрсымын қолданады, электрқұралдарын оңай балқитын заттардың қасына жақын орнатады (қояды), үтіктерді қосулы күйінде қалдырады және т.б.

Жылыту маусымының қарсаңында БҚО ТЖД облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:

  • Жылыту құралдарын қолдану кезінде оқшаулануына зақым келген (бүлінген) электрсымын (өткізгішті) қолдануға тыйым салынған.
  • Электржылытқыш құралдарды жанатын заттардың қасына жақын орнатуға (қоюға) болмайды.
  • Үйден шығарда барлық электржылытқыш құралдарды өшіруді ұмытпаңыз.
  • Пешті тұтату үшін бензинді, керосинді және басқа жеңіл тұтанатын сұйықтықтарды қолданбаңыз.
  • Пеш түтігіненжиһазға, төсекке және басқа жанғыш құралдарға дейінгі қашықтықты қадағалаңыз. Бұл қашықтық 1,25 см кем болмауы тиіс.
  • Жылыту маусымының басталуына дейін және жылу беру маусымы кезінде үш  айда бір мезгілде тұрбаларды (түтіндіктерді) күйеден тазалауды ҰМЫТПАҢЫЗ.
  • Жарықтары, дұрыс істемейтін оттық есіктері бар, түтін тұрбаларынан қабырғалардың ағаш конструкцияларына, жабын қалқандарына дейінгі аралығы жеткіліксіз пештердің қолданбаңыз.
  • Жанып жатқан пештерді, жанып тұрған керосиндерді, керогаздарды, примустарды, қосылып тұрған электржылытқыштар мен газ құралдарын қараусыз қалдырмаңыз.
  • Электржелісінің артық жүгін тудыратын электржелісіне бірнеше электрэнергиясын қуатты тартатын құрылғыларды (электрпеші, электркамин, шәйнек және б.) бір мезгілде қосуға жол бермеңіз.
  • стандарттыемесқолдан жасалған жылыту құралдарынпайдалану ҚАТАҢ қауіптілік тудырады.
  • Барлық тұрмыстық электр құралдарының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын қадағалаңыз.
  • Қосылып тұрған газ құралдарын қараусыз күйде қалдыруға ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ.Газ плитасының үстіне киімді құрғатуға болмайды.

Бұлар қарапайым ережелер сияқты көрінеді, бірақ олар, әдетте, сіздің мүлікті ғана емес, сіздің өміріңізді және жақын адамдарыңыздың өмірін сақтайды.

 

БҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы


Балығы кетіп, бақасы қалды…

Күні: , 50 рет оқылды

Орал қаласының Зашаған кентіндегі Коминтерн елді мекеніндегі Аниськин көлінің маңы көн-қоқысқа толған. Мамандар мұны үлкен экологиялық мәселе деп санайды.

– Бұрын Аниськин көлінен адамдар  балық аулап, маңынан құс ататын. Көлдің арнасы қар мен жаңбыр суынан толатын еді. Қазір мұнда бақа-шаян ғана қалыпты. Айналасы қоқысқа толған. Бұл – үлкен экологиялық мәселе. Осы орайда біз, экологтар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыста-рын жүргізіп, жиналыстар өткізе бастадық. Істелген жұмыстар нәтижесін береді деп сенемін. Облыста осы секілді бірнеше экологиялық мәселе бар. Солардың бірі ретінде қала мен аудандардағы көн-қоқыс төгетін арнайы полигон аймағының жоқтығын айтар едім. Кей аудан-ауыл тұрғындары зират маңдарын қоқыс төгетін жерге айналдырған. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ Орал – Саратов тасжолының бойындағы 1970 жылы жасақталған полигон аймағы толып, шашылған қоқыс тасжолға жеткен. Төгілген қоқыстың тереңдігін арнайы барып өлшегенімізде,  9,2 метрге жеткенін анықтадық. Қаланың шетіндегі қоқыстар кей күндері отқа оранып, ауаны бүлдіруде. Облыс әкімінің бастамасымен тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында финдермен бірлескен үлкен жоба қолға алынғаны белгілі. Болашақта ол жемісін береді деп ойлаймыз. Жалпы, өңірімізге қалдықтарды өңдейтін ірі зауыт керек. Облысымызда  қалдықтардан жаңа өнім шығарып отырған  кәсіпкерлер де жоқ емес. Зеленов ауданында Александр Жилкин деген азамат пластикалық қалдықтарды өңдеп, люктер шығаруда. Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтар адам денсаулығына өте зиян. Олар паразиттік  микрофаунаның көбеюіне жағдай жасайды. Сондықтан үйден шыққан керексіз қалдықтарды тек қоқыс жәшігіне төгіп, жер үйде тұратын тұрғындар ауласына бір тал терек болса да еккендері жөн, – дейді БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз  Хаймулдин.

Айта кетейік, 2000 жылы құрылған БҚО  экологиялық ұйымдар қауымдастығы қоршаған ор- таны қорғау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық экологиялық сараптама ұйымдастырады. ҚР Экология кодексінде көрсетілген құқықтар мен мүдделердің сақталуын қадағалайды. 2004 жылы  Орал қаласында ұйымдастырылған әлеуметтік маңызы бар жобалар  конкурсында аталмыш экологиялық ұйымның «Орал – ТМД елдері ішіндегі ең таза және абаттандырылған қала» жобасы үздік болған. Сол жылы Орал қаласының әкімдігі мен экологиялық қауымдастықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде облысымыздың орталығы ТМД елдерінің ішіндегі ең жасыл қала деп танылды.

Биыл Елбасымыз біздің өңірге сапары кезінде «Орал – Қазақстан  бойынша ең жасыл қала» деп баға беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты. Ендеше, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйым, тұрғындар болып бірлесе жұмыс атқарса, ол өз  жемісін  берері  сөзсіз.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Темір тұлпармен тегін жүреді

Күні: , 29 рет оқылды

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерін теміржол көлігінде тегін тасымалдауды қамтамасыз ету акциясы 2018 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Аталған акцияны «Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Жеңіс» республикалық әлеуметтік және қайырымдылық жобасының аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырады және ҰОС ардагерлеріне  Қазақстан мен ТМД елдеріне тегін жүру құқығын береді.

Акцияның шарттарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлері ҚР және ТМД елдеріндегі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүргізетін барлық бағыт бойынша саяхаттауға мүмкіндік алады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері барлық санаттағы пойыздардың вагондарында, соның ішінде «Туристік класс» вагондарында және «Тальго» пойыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы купелерден орын алады. Бұдан басқа «Жолаушылар тасымалы» АҚ  пойыздарында ҰОС қатысушылары екі бағытта да тегін тамақтанумен қамтамасыз етілген.

Бұл акцияға сәйкес билеттерді рәсімдеу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және ҰОС қатысушысы немесе ҰОС мүгедегі екенін растайтын құжат болуы керек.

Бүгінде жоба Қазақстанның 30 қаласында жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ірі қалалар мен облыс орталықтары, сондай-ақ Жаңаөзен, Екібастұз, Рудный сияқты шағын қалалар да бар.

Нұр АСЫЛ


Туған жерге тағзым етуге келген актер

Күні: , 28 рет оқылды

Ол кісі бала кезінен өнерге құштар болып өседі. Бірақ драма әртісі дегеннен хабарсыз болғандықтан, әйтеуір сахнаға шықсам деп жиі қиялға батады екен. Сөйтіп, қиялдап жүргенінде өзі тұратын Балықшылар ауылына (Рыбцех) жаңадан келген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назипа Нұралиева драма үйірмесін ашады. Ауыл баласы үшін бәрі таңсық, қызық. Үйірмеге қатысуға бірден ықылас танытқан қиялшыл бала, рөлге беріліп, образға еніп кетеді. «Мәжит» деген қойылымда жалқау бала Мәжиттің рөлін сәтті алып шыққан оны ауыл адамдары сол күннен «әртіс бала» атап кетіпті. Өнерге деген алғашқы қадамы ауылдастарының демеуімен басталған кейіпкеріміз С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков туған жеріне тағзым ету үшін  елге, яғни  Орал өңіріне  арнайы келіп жатыр.

Өнер айдынында көптеген рөлді сомдаған кейіпкеріміз Кеңес Нарымбайұлы — қаламы қарымды драматургтердің бірі. Оның туған жеріне арнап жазған «Ата парыз», «Қаз дауысты Қазыбек», «Замана неткен тар едің?» «Адасқандар» және өзге де драмалары республикамыздың көптеген театрында қойылды. Әсіресе, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған жат ағымға арбалғандар туралы жазылған «Адасқандар»  драмасы туралы  ресейлік  сайттар  көбірек  жазыпты.

«Ауылыма  барған  сайын  жылап  қайтамын»

— Биыл өнерде жүргеніме елу жыл толды. Осы орайда «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кешімнің аясында көрермендерге «Қайран, жас дәурен», «Адасқандар» қойылымдарын ұсынбақпыз. Менімен бірге әріптесім, бөкейордалық ҚР мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Гүлсара Рашқалиқызы және Қарағанды театрының труппасы бірге келді. Өзім бұрынғы Чапаев ауданы, Майшұңқыр ауылында туып-өстім.  Бес жасымнан бастап балалық шағым Шалқар көлінің жағасындағы Балықшы-лар ауылында өтті. Ол кезде 120 түтіні бар дүркіреген ауыл еді. Қазір бергі бетте  11, арғы бетте  10 үй болып, селдіреп қалыпты. Барған сайын жүрегім ауырады. Біздің бала кезімізде балықшылар балық аулап келеді, балықтарды әйелдер өңдеп, кептіріп, ысытып жататын.

Жылқышылар бар еді. Қыста мұздың үстіне жылқымен шығатын. Жеті жылдық мектебі бар ауылда тірлік қайнап жататын еді. Қазір ауылда бастауыш мектеп те жоқ. Балаларын Аңқатыға беріп отыр оқуға. Кішкентайынан ата-анасының тәрбиесін көрмеген бала ертең кім болады? Бала тым құрығанда, бесінші сыныпқа дейін ата-анасының бауырында болуы керек. Бұл ойлантатын дүние. Ана бір жылдары келгенімде, жарқабақтың бойында  қабырғасы құлап тұрған үйімді көріп, еңсем түсіп қайтты. Бір кездері он бір бала асыр салып өскен үйдің қисайып, құлап тұрғанын көру ауыр.

Ауылыма барған сайын, жылап қайтамын.  Сол барғанымда,  ескі үйдің жұртында қалған мұржаны суретке түсіріп алдым, — дейді өткен шағын еске алған актер.

«Прозадан мықты драма шығаруға болады»

Белгілі өнер тарланынан театрлардың қазіргі жағдайы, режиссура мен драматургия туралы пікірін сұрадық.

— Театрдың жүгі ауыр. Ал тартатын «моторы» әлсіз. Ең бастысы, мамандар жоқ. Қазір театрдың бетбейнесін жасайтын көркемдік жетекші көп. Бірақ ізденіс аз. Бізде бір драманы бір-екі жерін өзгертіп, бүкіл облыс қойып шығады. Мәдениет және спорт министрлігінде жөнді білетін маман аз. Өткен жылдары  Египетке Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» қойылымымен  баратын болдық. Қойылымды орыс, араб тілдерінде аудару керек болды. Сонда  министрліктегі мамандар  «Домалақ ана» деген қойылым тақырыбын «Круглая мать» деп аударыпты. Осыдан-ақ  бізде әр мекемеде өз саласының мамандары отырмағандығын айқын аңғаруға болады. Режиссерлар «жақсы шығарма жоқ» деп, драматургтерге жабады, актерлер «жақсы режиссер жоқ» дейді. Шын мәнінде, бәрі бар. Бірақ  әрқайсысы өз деңгейінде ғой. Әр режиссердың өз қолтаңбасы бар. Қазақстанда тамаша режиссер көп. Бірақ бәрі Астана мен Алматыда. Облыстық театрларда мектеп жоқ. Драмалық шығармалар да, драматургтер де бар. Мәселен, «Бөлтірік бөрік астында», «Қысылғаннан қыз болдық» деген драмаларды бүгінгі заманға лайықтап қоюға болады. Тек ізденіс жетіспейді. Қазір мықты прозайк көп. Прозадан да керемет  драма жасауға болады. Бұл әдіс Ресейде жақсы дамыған. Прозаны оқып, оның «дәнін» тауып алып, өсірсе, үлкен «егіс» болады. Тек режиссерлар оқып, ізденуі керек, — дейді Кеңес Нарымбайұлы.

Қаламыздағы С. Сейфуллин атындағы қазақ мектебін бітірген кейіпкеріміздің өнер жолына түсуіне танымал  суретші Сәкен Гұмаров та ықпал еткен екен. Алматыдағы театр студиясына түсерінде «Сенің қабілетің бар. Өнеріңді дамыт» деп қолдау көрсетіп, шығарып салыпты.

Көңілде  қалған  картина

Көрісу айт кезінде Балықшылар ауылындағы Темірғали ақсақалға сәлем бере барған сәті актердің жадында жақсы сақталыпты. Кейіпкеріміз әкесінің айтуымен бес жасында Темірғали қарияға аман дасуға барады. Есіктен кіре  «Неге келдің?» деген қарияға  амандасуға келдім дейді. «Енді амандаспайсың ба?» десе, «Саламатсыз ба?» дейді. Оған көңілі толмаған қария: «Ер-азамат «Ассалаумағалейкум» деп қол беріп амандасады» деп үйрете бастайды. Балақайдың қолынан жібермеген күйі «Енді қайталап айт» деп бұйырады. Тосылып қалған бала «Ассаламәлләумәлләу» деп жылап жібереді. Әйтсе де, кейіпкеріміз осы оқиғадан кейін ауыл ақсақалдарының бәріне «Ассалаумағалейкум» деп қол беріп амандасатын болыпты.

— Сол кезде бүтіндей бір ауылдың баласына бағыт беретін дана қариялар болатын. Қазір сол шалдарды сағынамыз. Менен журналистер «Еліңізді аңсайсыз ба? деп жиі сұрайды. «Әрине, аңсаймын. Жүрегімде жазылмаған жара бар.

Ол Ақ Жайыққа, туған елге деген сартап болған сағыныш» — дейді біз бен театр тақырыбында емен-жарқын әңгіме айтқан өнер  тарланы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

С. Сейфуллин  атындағы Қарағанды  облыстық  қазақ драма  театрының  репертуары:

  1. 09. 2018 ж. Сағ. 18.30 К.Жұмабеков “Қайран, жас дәурен” (мелодрама)
  2. 09. 2018 ж. Сағ. 14.00; 16.00; 18.30 К Жұмабеков “Қайран, жас дәурен” (мелодрама)
  3. 09. 2018 ж. Сағ. 14.00; 16.00; 18.30 К. Жұмабеков “Адасқандар” (драма)
  4. 09. 2018. ж. Сағ. 18.00 К. Жұмабеков “Адасқандар” (драма )

Қойылымдар  Х. Бөкеева атындағы  облыстық қазақ  драма театрында өтеді.

Анықтама тел: 50-78-03


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика