Жылқы шаруашылығы мемлекеттік қолдауға зәру

Күні: , 22 рет оқылды

Таяуда  Оралда  «Ет  және  сүт  өнімдері  бағытындағы  жергілікті  жылқы  тұқымдарының  қазіргі  жағдайы  және  оның болашақтағы  даму  перспективасы» тақырыбында  конференция өтті.  Оған  осы  саланы зерттеп  жүрген  ғалымдар  мен Қазақстанның,  Ресейдің,  Қытайдың  ипполог-мамандары, жылқы  өсіретін  шаруашылық  иелері  қатысты.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференция елімізге белгілі ғалым, зоотехник-селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, мұғалжар, көшім тұқымдарын шығарған, қазақы жабы тұқымын зерттеуші, ет және сүт өнімдері бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы кеңесінің төрағасы Серікбай Рзабаевтың 80 жасқа толуына орай өткізілді.

Қытайлық  ғалым  қазақы  жылқыны  алтынға  балайды

– Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық ғылымның мән-маңызын атап өтті. Аграрлық университеттер рөлін баса көрсетті. Университеттер мен ғылым, жергілікті атқарушы билік пен шаруашылық нысандары байланысын кеңейту қажет. Жаңа технология мен ғылым жетістіктерін пайдаға асырып жатқан шаруа қожалықтары биік белестерге жетуде. Олардың көрсеткіші мен қызмет сапасы артты. Ал ғылымнан алыс шаруашылық нысандары арыз ғана айтады. БҚО-да 170 мыңдай жылқы бар. Оның асыл тұқымдысы 6 пайыз. Жыл сайын фермерлер жылқы санын көбейтуде. Көшім жылқы тұқымы шыққан біздің облыста аталған тұқымды және қазақтың жабы жылқысын өсіретін 20 шаруа қожалығы бар. Облыста жылқы еті 1000-1200 теңге.

Жылқы еті жалпы ет өндірісінің 13 пайызын алады, – деді ғалымдардың басқосуына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өнімді жылқы шаруашылығын ынталандыру жөнінде ҚазҰАУ-дың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан, Қытайдағы жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы және оның болашағы туралы ҚХР-ның Тарын университетінің профессоры Ғымынгүл Мұқатайқызы  әңгімеледі.

Етті-сүтті өнімділік бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының қазіргі жағдайы және оның болашақтағы даму жайына Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов өз ойын ортаға салды.

Сала мамандарының баяндамаларынан ұққанымыз, жылқы етінің басқа еттен гөрі диеталық құндылығы мен сапалық артықшылықтары, өндірісінің жоғары тиімділігі, соған қарамастан құнының төмендігі шетелдердің сұранысын арттырған. Мұны, әсіресе, Қытайдан келген ғалым түрлі жағынан түсіндіріп, қазақы жылқыны алтынға балады. Қытайда жылқы санын 200-ге жеткізетін фермерлер сирек екенін, ал қазақ арасында бірнеше мың жылқысы бар шаруа өте көп болса да, тиімді өндірісті қолға алмай отырғанына қынжылыс білдірді. Қытайда қазақтың қазысына ұқсамаса да, қазы жасау кең тарап жатқанын, тіпті буаз биенің зәрін де кәдеге жаратып отырғанын мысалға келтірді. Қытайлар бие зәрінен гормон алып, әйелдерді жасартатын өте қымбат дәріні АҚШқа  сатып  отырған  көрінеді.

Соңғы бір жылда Қазақстандағы жылқы саны 8 мыңға немесе 6 пайызға өскен. 2018 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша Қазақстандағы жылқы саны – 2 млн. 395 мың. Оның арасында асыл тұқымды жылқы 7 пайыз. Негізі, асыл тұқымды жылқы саны бұл көрсеткіштен көп, алайда олардың құжаты жасалмаған, тіркелмеген.

– Мәліметті бірдейлендіру базасы (ИСЖ) мен ақпараттық талдау жүйесіне (ИАС)  жету үшін малымыздың туғаннан бастап таңбасы дұрыс болуы керек. Палатаның атынан облыстық ветеринарлық сала басшылары әр ауылда таңбалауды дұрыс жолға қойса деген ұсыныс айтамын. Таңбалау қатаң тәртіппен жүзеге асырылса, асыл тұқымды жылқылар ИСЖ мен ИАС-қа қосылады, – дейді Ақтөбе облысындағы «Жансая» ШҚ құрылтайшысы, ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасының мүшесі Әлібек Базарғалиев. Шындығын айту керек, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге көп шаруа қожалық иелерінің сауаттылықтары жетпей келеді.

«Иппологтарды  әзірлеу жүйесі  жоқ»

– Жылқы шаруашылығының экспорттық өнімдер шығаруға әлеуеті жетеді. Бұл салада еліміздің үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндігі зор. Әрине, мәселе де аз емес. Мемлекет өнімді жылқы шаруашылығын дамытуды назарына алып, қолдау жасап жатқан жоқ. Алайда қолдау болатынына сенеміз. Бұл жиында ғалымдар мен бизнес өкілдері кездескеніне қуаныштымын. Екі тарап бірігуі қажет деп санаймын. Салада мәселе көп те, білім, маман жетпейді, технологияны да соңғы үлгіде дей алмаймыз. Әлем ІТ технологияға өткенде біз өндіріс пен селекцияның ескі тәсілдерінде жүрміз. Мемлекеттің мүмкіндігін талқылай бермей, нақты не істей алатынымызды анықтап барып биліктен көмек сұрау керек. Ол тек қаржылай емес, нормативтік заңдар, стандарттар, өнімге қойылатын талап, өңдеу мен оған алынған шаралар жағынан болса, нұр үстіне нұр. Барлық технология гендік деңгейге ауысқанда бізге де ілесу қажет. Технология мен мамандарсыз ештеңе тындыра алмаймыз.

Ғылыми жақсы көрсеткіштерді тарататын орталықтар, мамандардың біліктілігін арттыру жүйесі жоқ. Жалпы, жылқы мамандарын әзірлеу жүйесі де жоқ. Ары қарай қалай дамимыз? Қазір осы саладағы мамандардың құлшынысы, ынтасы бар дейік, келесі буын қандай болады? Оларды жергілікті жерлерде, тасада дайындай бере ме? Сондықтан адами ресурсты дамытудан бастау қажет деп білемін. Қазіргі білім беру жүйесі өндіріске қарай бет бұруда. Нарықтың жыл сайын өзгеретіні сияқты, жыл сайын қажет мамандарды ғана дайындауды қолға алу керек. Осы сала мамандарымен, шаруалармен университет ынтымақтаса жұмыс жасауға әзір. Маман даярлауға өз ұсыныстарын қосып, оқу барысын қадағалай отырып жастарды оқытуға жағдай жасауға болады.

Ірі қарадан қазақтың өз тұқымы бар – қазақтың ақбас сиыры мен әулиекөл сиыры. Әлем малдың тұқымы мен өнімділігін генетикалық анықтама арқылы бағалауға көшті. Біздің тұқымдар шетел базасында әлі жоқ. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінді, алдағы үш жылда генетикалық құжатын алады деп сенемін. Сонда жаңа туған бұзаудың инвестициялық тиімділігін өскенше күтіп жүрмейтін болады, генетикалық анықтамасы болады. Бұл мәселе қазақ жылқысына да қатысты, – деген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Асқар Наметов ветеринария саласының өткір мәселелерін де айтып өтті. «Ветеринария жүйесі өзгерді. Түрлі ауруларға қауіпсіздік мәселесі туындады. Жылқы аурулары басқа жануарлардан өзгеше болса да, бұл бағыттағы зерттеу жасалып жатқан жоқ. Өнімді экспортқа шығарған кезде де осы мәселе көлденең шығады. Ал бұл сапа мәселесіне ұласады. Ғылым мен бизнес біріккен жобалар ғана мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Бұдан екі тарап та нәтижеге жетеді. Қазір бірікпесе,  бәрі кеш болады», – деді ректор.

«Ғылыми  атақтарын жылқы  тақырыбында қорғаса  да,  жылқының тұқымын  ажырата  алмайтындар  бар»

– Осы жиында сөйлегендер асылдандыру ісі кенжелеп қалғанын дұрыс айтты. Бірақ оны субсидиямен байланыстыру дұрыс емес деп санаймын. 27 жылдан  бері субсидияны алмай келе жатқан мал шаруашылығының жалғыз саласы – осы жылқы шаруашылығы. Жылқы шаруашылығының саны да, сапасы да төмендеп келе жатқан жоқ, қазіргі асыл тұқымды жылқының азаюы өзіміздің фермерлердің, шаруа қожалықтарының кесірінен болды.

Білімсіздіктен де емес, жалқаулықтан. Ешкім тіркеумен айналыспайды. Одан кейінгі кінә маман дайындаудан. Ол да өзіміздің кінәміз. Мен де мұғаліммін, әлі күнге үш университетте сабақ беріп келемін. Қытай, Тайланд, Индонезия, Германияда, жалпы саны 18 елде селекция бойынша дәріс оқып жүрмін. Барлық жерде басты бағытты мамандандыруға береді. Қазіргі Қазақстандағы жағдай  «Ит жоқ жерде шошқа үредіге» келеді. Анық байқалатын нәрсе – өзіміздің зоотехник мамандардың сапасының төмендеп кеткені. Елімізде ғылыми атақ-тарын осы жылқы тақырыбынан қорғаған, алайда  осы күнге дейін жылқы тұқымын ажырата алмайтын зоотехниксымақтар бар. Сөйтеді де селекцияға кірісіп кетеді.

Айтуға ұят, биеге қатысты «Стельная кобыла» деп форма да бекі-тіп тастаған. «Английская чистокровная порода»… Ондай тұқым әлемдік реестрде – 272 жылқы тұқымының арасында жоқ. Ал бізде Қазақстанда бар. Оны бүкіл әлем көріп отыр. Төрт-бес рет ескерту жасадым. Алдымен өзімізді түзеп алайық. Бүгін етті-сүтті жылқы тұқымы деп санын айттық та, сапасын айтқан жоқпыз. Қазір асыл тұқымды жылқы басына келетін болсақ, қазақы жылқы, көшім, мұғалжар – үш тұқымнан 71 828 бас қылқұйрық бар. 2 млн. 400 мың бас жылқының ішінде асыл тұқымды ресми мәртебесі  бар 71 мың бас қана! Осы конференцияда «тек асыл тұқымды айғырларды пайдалану керек» деп айтылып жатыр, олардың саны, құжаты жоқ. Айғырлар бар, жоқ емес, куәлігі жоқ. Мықты маманмын деп жүргендер біздің өнімді жылқылар мен зауыттық жылқыларды салыстыра береді. Мақалаларды да көріп жүрміз, бірақ ешкім ештеңе айтпайды. Мамандардың, сарапшылардың тізімін қайта қарау керек. Әйтпесе, жағдай түзелмейді. Молекуларлық зерттеулерге келетін болсақ, STR тәсілі ескірді, қазір SNP-ге көшті. ДНК учаскелерінің дивергенттік қасиеттерін пайдаланып, молекуларлық-генетикалық систематиканың кладограммасын құруды үйрену керек. Маман дайындау керек. Палата өзі қаржыландырып, бір адамды оқуға жіберсе, Қазақстанға жетер еді. Ресейде бұл бағытта қозғалыс бар.

Көршілеріміз Австриядан дүние жүзіне белгілі ғалымды шақырып, генетикалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Орыс тілін білеміз ғой, ең болмаса соған математика мен генетикадан хабары бар жастардан бір маманды жіберген дұрыс. Бұрынғыдай «Мен ғана болуым керек» дегенді тоқтатып, жастарға көңіл бөлу қажет, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми инновациялық орталығы» ЖШС-ның бас директоры Әлжан Шәмшідін.

Сала мамандары экономикалық және климаттық жағдайға жақсы бейімделген жылқылардың жергілікті түрлерін, асыл тұқымды жылқылардың ішінде кеңінен таралған – қазақы жылқы, мұғалжар және көшім жылқыларын сақтау, көбейту және оларды жетілдіру мәселелерін қозғады.

Нұрлыбек  РАХМАНОВ


Министр мамандармен кездесті

Күні: , 17 рет оқылды

Өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Денсаулық  сақтау  министрі  Елжан Біртанов  ең  алдымен  ат басын  №3  қалалық  емханаға бұрды.  Облыс  әкімі  Алтай Көлгіновпен  бірге  емхананы  аралап,  дәрігерлермен сөйлескен  министр  цифрландыру  бойынша  жүргізіліп жатқан  жұмыстардың  барысымен  танысты.  Соның ішінде  электронды  кезек  жүйесі,  «Пациент  кабинеті» мобильді  қосымшасы  қалай  іске  асып  жатқандығын көріп,  медицина  қызметкерлерімен  пікірлесті.

– Жалпы электрондық кезек жүйесін қолданудың түк қиындығы жоқ. Ол үшін науқастың жеке куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірін мониторға жақындатамыз. Сол кезде мониторға пациент туралы мәліметтер шығады, – дейді өз жұмыстары туралы министрге түсінік беріп жатқан мамандар. Кездесу барысында министр науқастардың қал-жайын сұрауды да ұмытпады.

Одан кейін Денсаулық сақтау министрі облыстық клиникалық ауруханада болып, қағазсыз құжат толтыру және триаж жүйесі бойынша жүргізіліп отырған жұмыстардың барысымен танысты. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы қағазсыз құжат толтыру процесінде пилоттық жобаны іске асыратын алаң болып табылады.  Сондықтан Денсаулық министрі осы бағыттағы жұмыстарға баса  назар аударды. Әсіресе, науқастарға жедел қызмет көрсету мақсатында қолға алынған триаж жүйесінің өз ерекшелігі бар.

Едендегі қызыл, сары, жасыл жолақтар науқастың қай топқа жататындығынан хабар береді. Мәселен, қызыл түс – ауыр дәреже, сары түс – орта дәреже, жасыл түс – тексеріліп, көмек көрсетілетін дәрежедегі науқастар екендігін білдіреді. Бұл жүйе бойынша науқастарға бірнеше дәрігер шұғыл көмек көрсетеді.

– Пациент туралы электронды жазудың тиімділігі көп, уақыт кетпейді. Тез-тез толтырып, науқастың өзімен көбірек сөйлесуге уақыт болады. Ең бастысы, науқас туралы барлық мәлімет базада тұрады. Бұрынғыдай қағаз ақтарып отырмаймыз. Науқастың қабылдау бөлімшесіне шағым айтып келгенінен бастап, ем алып немесе ота жасалып, ауруханадан шығып кеткенге дейінгі аралықтың бәрі электронды толтырылады, – дейді электронды жұмыстың тиімділігін айтқан ауруханадағы  мамандар.

Сәулелік-диагностика бөлімшесінде магниттік-резонанстық томографияның жұмысы туралы баяндаған мамандар күніне 12-17 адам қаралатындығын, бір адамды тексеруге жарты сағат уақыт кететіндігін айтты. Осы тұста облыс әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «Дженерал электрик» фирмасынан жаңа  МРТ аппараты алынатынын жеткізді. Екі бірдей денсаулық сақтау ұйымының жұмысымен танысқан министр электронды құжат айналымына көшу, пациенттердің онлайн тіркелуі мен терминал арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу жүйесі мәселелеріне баса назар аударды.

– Медициналық қызмет – сапалы әрі тез, кез келген тұрғынға қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында пилоттық жоба қолға алынды.

Қазіргі күнде медициналық ұйымдар қағазсыз құжат толтыруға көшуде. Жобаның басты мақсаты – қызмет сапасын арттырып, пациенттерге жағдай жасау, дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында ілгерілеушілік байқалады. Одан бөлек, жедел жәрдем қызметінің де талапқа сай болуы маңызды.  Елімізде көптеген адам жазатайым жарақат алып, жедел дәрігер көмегіне жүгініп жатады. Өкінішке орай, осы тұрғыда кейбір көрсеткіштер басқа мемлекеттерге қарағанда төмендеу.

Осындай шұғыл жағдайда жедел жәрдем көлігінде науқасқа бірінші сағаттарда дұрыс көмек берілуі тиіс. Сондықтан да еліміздегі барлық облыстық аурухананың қабылдау бөлімшелері жаңғыртылып, триаж жүйесіне көшірілуде. Айта кететін жайт, өзге өңірлермен салыстырғанда Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау бағдарламасының индикаторлары жоғары. Мәселен, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері төмен, науқас саны үнемі бақылауда. Денсаулық саласындағы инвестиция көлемі  де жыл сайын  өсіп келеді, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистерге берген сұхбатында.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Шаһар жолдарына 6 млрд. теңге

Күні: , 17 рет оқылды

Биыл  өңірімізде  түрлі қаржыландыру  көздерінен  қарастырылған  28,3  млрд. теңге  қаражатқа  282  шақырым республикалық,  76,5  шақырым  облыстық,  40,6  шақырым аудандық  маңызы  бар жолдарды  және 37  шақырым  қалалық  жолды  жөндеу  жоспарлануда.  Бұл  туралы  бейсенбі  күні  Өңірлік коммуникациялар  қызметі  алаңында өткен  баспасөз  мәслихатында БҚО  жолаушылар  көлігі  және аутомобиль  жолдары  басқармасы басшысының  уақытша  міндетін атқарушы  Медет  Шақаев  мәлімдеді.

Облыстың аутомобиль жолдарын салу және жөндеу жайы айтылған брифингте спикер алдымен өткен жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Медет Махамбетұлының айтуынша, облыстағы аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6530,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1392,55 шақырымы республикалық, 5103,7 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Өткен жылы бөлінген 33,3 млрд. теңге қаражатқа 419 шақырым жол жөнделген. Республикалық маңызы бар аутомобиль жолдарын жөндеуге 14,1 миллиард теңге қаражат бөлініп, 170,2 шақырым жол жөндеуден өткен. Ал облыстық маңызы бар аутожолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 6,2 млрд. теңге қаржыға 128,5 шақырым жол жөнделген. Сонымен қатар Орал қаласында жалпы ұзындығы 65,3 шақырымды құрайтын 61 көшеге, аудан-ауылдарда 54,8 шақырым болатын 54 көшеге тасжол төселген. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарының үлесі – 28 пайызды құраған.

– Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауында он бағыт бойынша міндеттер жүктелген болса, оның ішінде төртінші бағыт көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға қатысты болатын. Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау үшін бүгінде өңір бойынша аутомобиль жолдары желiсiн дамытуға көңіл бөлінуде. Республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен жергілікті желіні қаржыландыру едәуір ұлғайғанын атап өткен жөн. Облыс аутожолдарының көрсеткіштер индикаторын арттыру және қойылған мақсаттарға жету үшін жергілікті маңызы бар аутожолдарын жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылады, – деді  Медет  Махамбетұлы.

Бұдан соң спикер ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Оның мәліметінше, биылғы жылға қарастырылған 28,3 млрд. теңге қаражатқа 436  шақырым жол жөндеу жоспарлануда. Осы қаражаттың 10,8 млрд. теңгесі республикалық, 7,4 млрд. теңгесі облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталатын болады. Сонымен қатар 6,0 млрд. теңге қаражатқа облыс орталығының жолдары, 4,2 млрд. теңге қаржыға аудандық маңызы бар және аудандардағы елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ облыстық маңызы бар аутожолдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарына 457 миллион  теңге  бөлінген.

Баспасөз мәслихатында облыстық маңызы бар аутомобиль жолын сервистік қамтамасыз ету пилоттық жобасын іске асыру аясындағы атқарылған істер жөнінде де айтылды. «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» ауылдары аралығындағы жолдарға күтім көрсету үшін «Жолаушы-Жол» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бес  жыл мерзімге жасалған келісімшарт құны 1 миллиард 200 миллионға жуық теңге құрайды. Сонымен қатар «БҚО Ақжайық ауданының Чапаев ауылы аумағында Орал өзені арқылы өтетін аутомобиль көпір өткелін салу» жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құны 33,9 млрд. теңгені құрайтын жоба құпталған жағдайда келер жылы құрылыс жұмыстары басталмақ.

– Облыс тұрғындарын сапалы жолмен қамту бағытында атқарылған істер аз емес. Бірақ алда тұрған ауқымды жұмыстар да бар. Аутожолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, халыққа жақсы жағдай жасалған сайын соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының көбеюі бүгінгі қоғамды қатты алаңдатады. Өңір тұғындарының әл-ауқаты жақсарғанын көшелер мен жолдардағы көлік санының көбеюінен-ақ аңғаруға болады. Көлік көбейген сайын апатты жағдай-ларда көп орын алып, адам жарақаты мен қайғылы оқиғаларға әкеп соғуда. Сондықтан өңір тұрғындарынан заңсыз жолаушы тасымалымен айналыспауды, көліктің техникалық жағдайын қадағалауды, жылдамдықты шамадан тыс асырмауды, жалпы жол жүру мәдениетін қатаң сақтауды өтінеміз, – деді Медет Шақаев.

Өңір тұрғындарына тікелей желіде көрсетілген брифинг соңында басқарма басшысы журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


29 аула күрделі жөнделеді

Күні: , 17 рет оқылды

Жылыту  маусымы  да  аяқталды.  Барлық  коммуналдық  кәсіпорындар  өз  деңгейінде жұмыс  атқарды. Құзырлы  мекеме  сәуірдің  16-сынан  бастап жылуды айырды. Тек кейбір  балабақша  мен  ауруханалардың  өтініштері  бойынша  жылыту  маусымы  ұзарды.  Ендігі  басты  мәселенің  бірі  –  алдағы  жылыту  маусымына дайындық.

– Қыстың қамын жазда ойлауымыз керек. Бүгінде қаладағы жылу магистральдарының 50 пайызға тозығы жеткен. Сол себептен  №7 және №2 жылыту магистральдарын күрделі жөндеуге кіріскелі отырмыз. Мәселен, №7 магистральдың құрылысы 1983 жылы жүргізілген болса, №2 жылыту магистралі 1973 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Алдағы жылыту маусымын апатсыз жағдайда атқарып, халықты ыстық сумен тәулік бойы қамтамасыз ету үшін  Орал қаласындағы жылу беретін магистраль желілеріне күрделі жөндеуді қолға алдық. Осыған байланысты ыстық су тоқтатылды. Сондықтан да қала тұрғындарынан жөндеу жұмыстарына байланысты орын алатын уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бұлардың бәрі қалалықтардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар, – деді қала әкімі Мұрат Мұқаев әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Қала әкімінің айтуынша, жоғарыда аталған екі жылу магистралын күрделі жөндеуге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар №4 және №8 жылу магистральдарын жөндеуге қаржыландыру мәселесі қаралуда. Жөндеу жұмыстарын бұл салада көп жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Уральскводстрой» компаниясы жүргізеді. Қажетті материалдармен  толықтай қамтылған.  Жалпы, жоба бойынша күрделі жөндеу жұмысының мерзімі төрт немесе бес айға жоспарланған болса, компания өкілдері  қала басшылығына жұмысты белгіленген уақыттан бұрын бітіреміз деп уәде беріп отыр.

– №7 жылу магистралына күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты ыстық су тоқтатылды. Бүгінде Т. Масин, Кердері, М. Мәметова секілді қала орталығындағы көшелердегі 119 үйде ыстық су жоқ. Бұдан басқа жылу беру маусымына дейін №2 жылу магистралын жөндеу жоспарланған, – дейді  «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов.

Қала әкімі Мұрат Мұқаев  жылу үшін бережақ тұрғындар мәселесінің өзекті екендігін атап өтті.

Қалалықтардың арасында «Жайықжылуқуат» компаниясына бережақ тұрғындар бар. Бүгінде олардың қарызы сот арқылы өндіріп алынуда. Сот орындаушылары арқылы өндірілетін болса, бережақ ақшаның көлемі артып кететінін ескерткен Мұрат Мұқаев тұрғындарға осы айдың соңына дейін жылуға төленетін барлық қарыздан құтылу қажеттігін құлаққағыс етті.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да сөз болды.

Өткен жылы 72 шақырымды құрайтын  жолда абаттандыру және жөндеу жұмыстары басталып,  67 көше жөнделген. Биыл құрылысы басталған көшелерді қоса есептегенде, 50 шақты көше жөнделмек. Ет комбинаты аумағында, Ремзавод, 2-жұмысшы ауылы, қаланың орталығында, Деркөл және Зашаған кентінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты  қоғамдық көліктердің  маршруттары өзгертіледі. Бұл жұмыстар жөніндегі барлық  ақпарат әкімдіктің инстаграмм парақшасында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырмақ. Сондай-ақ Мұрат Рахметұлы санитарлық тазалық айлығы барысында бизнес нысандарының иелерін, жеке сектор тұрғындарын өз аулаларын, аумақтарын тазартуға, көгалдандыруға атсалысуға шақырды. Биыл 29 аулаға күрделі жөндеу жүргізілмекші.

Сондай-ақ қала әкімі Орал қаласында салынатын спорттық және балалар ойын алаңдарының  сызбасымен, қаланы абаттандырудың  жоспарымен  таныстырды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Зейнатақы мен жәрдемақы көтерілді

Күні: , 38 рет оқылды

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасының «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2017 жылғы 30 қарашадағы № 113-VI заңына сай облыс бойынша 85 000 астам зейнеткерге 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін  8 пайызға арттырды.

«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сай 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап:

1) жалақының ең төменгі мөлшері – 28 284 теңге;

2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері – 15 274 теңге;

3) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 33 745 теңге;

4) жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн айлық есептiк көрсеткіш – 2405 теңге;

5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөріс деңгейiнiң шамасы 28 284 теңге болып белгіленді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының ең төменгi мөлшерi базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 49 019 теңгені, ал ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 98 247 теңгені құрайды.

Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы қайта қаралып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен жылмен салыстырғанда оның көлемі 16% өсті, бұл мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемінің өсуіне себеп болды.

Биылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын алты айдан жүзеге асырылатын әйелдердің 58 жастан 63 жасқа дейінгі зейнеткерлік жасын кезең-кезеңмен арттыру көзделеді.

Зейнеткерлік жасты кезең-кезеңмен арттыру кестесі

Жылы Зейнеткерлік жасы Туған күні
1 қаңтар 2018 ж. 58 жас 6 ай 1960 жылғы 1 қаңтардан бастап 1960 жылғы 30 маусым аралығында
1 қаңтар 2019 ж. 59 жас 1960 жылғы 1 шілдеден бастап 1960 жылғы 31 желтоқсан аралығында
1 қаңтар 2020 ж. 59 жас 6 ай 1961 жылғы 1 қаңтардан бастап 1961 жылғы 30 маусым аралығында
1 қаңтар 2021 ж. 60 жас 1961 жылғы 1 шілдеден бастап 1961 жылғы 31 желтоқсан аралығында
1 қаңтар 2022 ж. 60 жас 6 ай 1962 жылғы 1 қаңтардан бастап 1962 жылғы 30 маусым аралығында
1 қаңтар 2023 ж. 61 жас 1962 жылғы 1 шілдеден бастап 1962 жылғы 31 желтоқсан аралығында
1 қаңтар 2024 ж. 61 жас 6 ай 1963 жылғы 1 қаңтардан бастап 1963 жылғы 30 маусым аралығында
1 қаңтар 2025 ж. 62 жас 1963 жылғы 1 шілдеден бастап 1963 жылғы 31 желтоқсан аралығында
1 қаңтар 2026 ж. 62 жас 6 ай 1964 жылғы 1 қаңтардан бастап 1964 жылғы 30 маусым аралығында
1 қаңтар 2027 ж. 63 жас 1964 жылғы 1 шілдеден бастап 1964 жылғы 31 желтоқсан аралығында
  Сондай-ақ 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау механизмі өзгереді. Бүгінгі күнде базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне және табысына қарамастан, баршаға бірдей тағайындалады. Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа механизмі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілін және 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі кезеңдерін есепке алады. Бұл ретте базалық зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса немесе мүлдем болмаса, онда оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, 10 жылдан артық әрбір жыл үшін оның мөлшері 2%-ға ұлғайтылады, ал 33 жыл және одан көп болған жағдайда ол ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына тең болады. Бұл өзгеріс барлық зейнеткерлерге: қазіргі және болашақ зейнеткерлерге қолданылатын болады.  
Еңбек өтілі Ең төменгі күнкөріс деңгейінің үлесі
< 10 жыл 54% немесе 15274 теңге
11 жыл 56% немесе 15840 теңге
12 жыл 58% немесе 16405 теңге
13 жыл 60% немесе 16971 теңге
14 жыл 62% немесе 17537 теңге
15 жыл 64% немесе 18102 теңге
16 жыл 66% немесе 18668 теңге
17 жыл 68% немесе 19234 теңге
18 жыл 70% немесе 19799 теңге
19 жыл 72% немесе 20365 теңге
20 жыл 74% немесе 20931 теңге
21 жыл 76% немесе 21496 теңге
22 жыл 78% немесе 22062 теңге
23 жыл 80% немесе 22628 теңге
24 жыл 82% немесе 23193 теңге
25 жыл 84% немесе 23759 теңге
26 жыл 86% немесе 24325 теңге
27 жыл 88% немесе 24890 теңге
28 жыл 90% немесе 25456 теңге
29 жыл 92% немесе 26022 теңге
30 жыл 94% немесе 26587 теңге
31 жыл 96% немесе 27153 теңге
32 жыл 98% немесе 27719 теңге
33 жыл 100% немесе 28284 теңге
  Мысалы: Азаматтың ынтымақты зейнетақы мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 40 000 теңге болса, ал базалық зейнетақы мөлшері 15 274 теңге болса, жалпы зейнетақы сомасы 55 274 теңге. Оның 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілі және кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі кезеңдері 30 жыл құрайды делік. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 94%-ын құрайды немесе 26 587 теңге болады. Ал жалпы зейнетақысының мөлшері 66 587 теңге болады. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны қайта есептеу қазіргі зейнеткерлердің барлығына жүргізіледі. Қайта есептеу қосымша құжаттарды ұсынуды талап етпейді, яғни зейнеткерлер ешқайда бармайды, себебі олардың зейнетақы істерінде еңбек өтілі туралы мәліметтер бар, ал міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдері аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы дерекқорында бар мәліметтерден алынады.

Жеңіс БЕРІКОВ,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон

комитетінің БҚО бойынша департаменті

басшысының орынбасары


Еділ бойындағы Наурыз тойы

Күні: , 17 рет оқылды

Ресей Федерациясы Волгоград облысы Волжск қаласында қандастарымыз тойлаған Наурыз мейрамына Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев бастаған делегация арнайы қатысты.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында шетте жүрген қандастарымызға ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттау бағытында өткен шараға жиылған халықта есеп жоқ болды. Құрылған төрт киіз үйдің іші-сырты ұлттық киім-кешек, ата-бабаларымыз қолданған тұрмыстық заттармен жабдықталса, кең жайылған дастарқан ұлттық тағам түрлерімен жайнап тұрды. Шара барысында Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукина бастаған аталмыш рухани ошақ ұжымы көпшілікке «Қазақстан деп жырлаймын»  атты кітап және фото көрмелерін ұсынды.

«Волжск қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Ерсайын Назаров жиылған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтаған соң, көршілес Жәнібек ауданы әкімдігінің қолдауымен арнайы келген делегацияға шексіз ризашылығын білдірді.

–  Наурыз  –  түркі  халықтарының ежелден бері тойлап келе жатқан мейрамы. Бүгінгі күні осы мейрамды атап өтуге келген баршаңызға құт-береке, ырыс тілеймін. Біздің қаланы мекен еткен көп ұлт өкілдері арасында қазақ халқының еңбекқорлық және қонақжайлық қасиеттерін ерекше атап өткім келеді. Міне, көршілес Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев бастаған делегация келіп, бізді қуантуда, – деген Волжск қаласы әкімшілігінің басшысы Игорь Воронин баршаның амандығын тіледі.

Өз кезегінде ресейлік қандастарымызды мейраммен құттықтаған Азамат Сафималиұлы Игорь Николаевич пен Ерсайын Назаровқа кәдесыйлар табыстады.

Ресейлік қандастарымыз Анар Зайнуллина, Тимур Кайбалиев, Кәмила Сисенова, Шыңғыс Еділбаев әннен шашу шашса, ресейлік қазақ жастары «Қара жорғаны»

биледі. «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблі «Адай, «Құрманғазы» күйлерін күмбірлетсе, Тамара Кафарова, Дана Қаратаева, Райымбек Каримов пен Мейрамгүл Дәулетқалиева ән әуелетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды. Жақсылық Бисенғалиев домбыраның сүйемелдеуімен «Беташар» айтып, аудандық мәдениет үйі қызметкерлері беташардан көрініс көрсетті. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ат құлағында ойнаған шабандоздары теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және көкпар ойындарынан көріністерді паш етті. Қазақ күресі сайысы екі ел спортшыларын одан әрі жақындата түскендей. Тарқатып айтар болсақ, қазақ күресінен 70 келі салмақ бойынша Сырым Байсов 1-орын (Жәнібек), Асланбек Неғыметов  2-орын (Жәнібек), Артем Парфирьев 3-орын (Волжск қаласы)  иеленсе, +80 келі салмақта боз кілемде белдескендерден басым түсіп, алысқанын алып ұрған Аманат  Хамзин 1-орын (Волжск қаласы) алса, Сырым Байсов 2-орын (Жәнібек), Данияр Әміров 3-орынға (Ленинск  қаласы)  ие  болды.

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек ауданы

Ерсайын НАЗАРОВ ,

«Волжск  қазақтары»  қоғамдық  ұйымының төрағасы:

– Наурыз тойын өткізудегі мақсатымыз шетте жүрсек те салт-дәстүрімізді ұмытпай, жеткіншек ұрпаққа жеткізу. Біз ұйымдастырған мәдени және спорттық шараларға Жәнібек ауданы әкімдігі үнемі қолдау білдіруде. Жәнібектік өнерпаздар орындаған әндерге және ұлттық ат спорты ойындарына бәрі дән риза. Алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта біз өткізген шараларға Батыс Қазақстан облысының басқа аудандары осылай қолдау жасаса, құба-құп болар еді.

Қазақ  халқының  бай  мәдениеті  мен  салт-дәстүрлерін  осындай  шараларда  ұлықтау  –  біздің  міндетіміз.

Абдулла Батта хазірет,

Волгоград  облыстық  діни  басқарма орталығының  мүфтиі:

– Ресей еліне келген қазақстандық өнерпаздар мен спортшы бауырларымыз жергілікті қазақ ұлты өкілдерінің мерейін тасытуда. Атажұрттан шет жүрген қандастарыңызға  қамқорлық деген осы. Наурыз мейрамы – мұсылман халқы үшін  ұлы  мереке.  Бірлік  пен  ынтымақ  артсын.

Андрей ЖАРКОВ,

Волгоград орталық мәдени демалыс саябағының  директоры:

– Шараның ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Мәдени бағдарлама өте керемет. Мен жаңа достар тапқаныма қуаныштымын. Волгоград орталық мәдени демалыс саябағында «Этномир» алаңында қазақ мәдениетінің экспозициясын  бірлесіп  көрсетеміз  деген  сенімдемін.


Мешіттерде сенбілік өтті

Күні: , 53 рет оқылды

Таяуда ҚМДБ-ның тапсырмасымен барлық қала, аудан мешіттерінде сенбілік ұйымдастырылды.

Сенбілік кезінде облыстық орталық мешіттің ауласы қоқыстан тазартылды. Қоқыс сыртқа шығарылып, ағаш діңгектеріне әк жағылды. Сондай-ақ тас төсеніштердің жиектері де жаңартылды. Барлық  қала, аудан және ауыл мешіттерінде сенбіліктер ұйымдастырылды. Сауапты амалда санаспай, жақсылықты жарыса жасаған мешіт қызметкерлері жаңадан отырғызылған жас шыбықтарды суарды. Алла Елшісі Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», – деген.


Кәсіби шеберліктерін шыңдады

Күні: , 17 рет оқылды

Ресейдің Кемерово қаласында өртке оранған «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығы талайдың жүрегіне өшпес жара салып, жанын түршіктірді. Балалар ойын залы мен кино залдар орналасқан жоғарғы қабаттан басталған өрт құрсауында бейкүнә жандардың ажал құшуы талай отбасын қара жамылдырды. Бұл оқиға қашанда тілсіз жаумен санасу қажеттігін санасы сергек жанға мұқият ескерткендей. Біздің елімізде құзырлы мекеме басшылары қауіпсіздікті қатайту бағытындағы тиісті шараларды ширата түсті.

Сейсенбі күні «Орал» сауда ойын-сауық кешенінде өткен өрт-тактикалық жаттығуы да осындай тосыннан келген апатқа кім-кімді де сақадай сай қарсы тұруға үндегендей. Бұл тактикалық жаттығу облыстық ТЖД-ға қарасты Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметіне аталмыш сауда кешенінің 4-қабатындағы ойын бөлмесінде өрт шықты деген хабарлама бойынша басталды. Шартты жану аумағы 40 шаршы метрді құрады.

Кешенде дабыл қағылып, іште жүрген 150 адам қауіпсіз жерге көшірілді.  Дабыл бойынша келіп жеткен өрт сөндірушілер ғимарат ішіндегі «өрт құрсауында» қалған адамдарды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлерінің қолына табыстады. Өздерінің төтенше жағдай орын алғанда сауатты да шапшаң қимылдау қажеттігін білетін төтеншеліктер кәсіби әрі тактикалық шеберліктерін шыңдай түсті.

– Бұл жаттығуға біздің мекемеден 10 дана арнайы, негізгі және көмекші техника, жеке құрамнан 35 адам жұмылдырылды. Өрт сөндірушілермен бірге БҚО ТЖД-ның жедел-құтқару жасағы, жедел жәрдем қызметкерлері атсалысты. Мұндай оқу жаттығулар ҚР ІІМ ТЖК  нұсқауымен ай сайын өткізіліп тұрады. Алдағы екі ай ішінде сауда орындары мен білім беру мекемелерінде 108 өрт-тактикалық жаттығу өткізу жоспарланған. Бұл оқу-жаттығу біздің Орал қаласындағы 25-тактикалық сабағымыз, – деді БҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау майоры  Назарали Селимов.

Ал «Орал» сауда ойын-сауық кешенінің бас инженері Юрий Парфенов мұндай оқу-тактикалық жаттығу таңсық емес екенін айтады. Бас инженердің айтуынша, сауда ойын-сауық кешеніндегі 100-ге жуық сауда нүктесінде 150 шақты қызметкер жұмыс жасайды. Күніне 2000-дай адам келеді екен.

  Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Жоспарланбаған аялдама

Күні: , 34 рет оқылды

Қазіргі таңда көпқабатты үйлер көптеп салынуда. Мұндай баспаналарда лифтілер басты қажеттіліктердің біріне айналып отыр. Соңғы кездері адамдардың лифтіде қалып қою жағдайлары жиі орын алуда. 2017 жылы БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағына лифтіде қалып қойған адамарды шығару жөнінде 57 хабарлама келіп түсті.  Осындай жағдайлар барысында 130 адам құтқарылды, оның 64-і балалар.

Көбінесе лифтілердің тұрып қалуы, лифтіні пайдалану кезінде оның ішінде секіру және басқа да тәртіпсіздіктерге жол беру салдарынан болады. Орта есеппен көпқабатты үйлердің лифтілерінің жүк көтеру шамасы 350-450 келі, бұл 5-6 адамның салмағы. Бірақ көп адамдар осыған назар аудармай, лифтінің тоқтап қалу мүмкіндігін ескермей шамадан тыс тиеледі де, лифт ырғақты жұмысынан жаңылады. Көп адамдар мұндай жағдайда не істеу керек екенін білмейді. Лифтіде қалып қойған жағдайда не істеу керек?

Лифт тоқтап қалған кезде одан өз бетінше шығуға талпынбау керек, бұл жағдайды тек нашарлатуы мүмкін. Лифті ішінде ауа тар болғандықтан, онда шылым шегуге мүлдем болмайды.

Үрей туған жағдайда мәселені шешу мүмкін болмайтындықтан, адам ең алдымен өзін-өзі тыныштандыру керек. Егер лифт кабинасындағы диспетчердің шақырту батырмасы істен шыққан жағдайда «112» нөміріне хабарласып, ең алдымен кабинада науқас немесе қарт адамдар, балалар барлығын ескерту керек. Мұндай шақыртуларға құтқарушылар күн сайын шығады және жедел түрде көмек көрсетеді.

–  Оқиға орнына келісімен жағдайды бағалап аламыз, кей жағдайда лифт екі қабаттың ортасында тұрып қалып жатады. Біз топпен жұмыс жасаймыз, бір құтқарушы лифт ішіндегі адамдармен әңгімелесіп, тыныштандырады, ал қалғандары тұйық кеңістікте тыныс алу оңай болу үшін лифті  есігін 5-10 см-ге ашып қояды. Авариялық-құтқару құралдары арқылы лифт есігін ашып, адамдарды эвакуациялаймыз. Қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметін шақырамыз, – деді №4 құтқару бөлімінің басшысы Нұрболат Жетпісов.

Құтқарушылар ескертеді:

Лифтіде қалып қойған жағдайда не істеу керек?

Алдымен жағдайды мұқият дұрыстап, ой елегінен өткізіп алу қажет. Тұрғын үйіңіздің лифтіге жауапты диспетчерінің, тұрғын үй төрағасының  немесе жауапты адамның телефон нөмірін жазып алыңыз. Лифт сынып қалған жағдайда телефон шалып, арнайы бригададан көмек күте аласыз.

Екіншіден, диспетчерге хабарласа алмаған жағдайда, «112» жедел қызметіне телефон шалыңыз. Ал егер де қолыңызда телефон болмай қалған жағдайда, айқайлап дауыстаңыз. Өтіп бара жатқан адамдар естіп, көмекке келетініне сенімді болыңыз.

Лифтіде қалып қойған жағдайда не істеуге болмайды?

Бірінші, үрейленуге. Үрей тудыратындай жағдай бола қойған жоқ.  Технология сіздің жағдайыңыз туралы басқаларға хабарлауға мүмкіндік береді.  Егер маңызды мәселе бойынша асығыс болсаңыз немесе үйде қалдырған кішкентай балаңыз болса, мәселені телефон арқылы шешуге болады.

Екіншіден, өз бетінше лифтіден шығуға тырысуға болмайды. Лифтінің өздігінен орнынан қозғалмайтынына сенімді болсаңыз да, лифт есігін ашып одан бірден шығып кетуге болмайды. Лифт кез келген уақытта орнынан қозғалуы мүмкін.

Үшіншіден, секіру арқылы лифтіні өз орнынан қозғалтуға тырыспаңыз! Жарық өшкен жағдайда мұндай әрекетіңіз еш нәтиже бермейді. Ал лифт сынған жағдайда сіздің секіргеніңіздің кесірінен лифтіні орнында ұстап тұратын және оның еркін құлауын болдырмайтын жүйе біржола істен шығып, өміріңізге қауіп-қатер төнуі әбден ықтимал.

А. ҚОЖАНБАЕВА,

БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының  бас құтқарушысы


Зергерлік бұйымдарды сату саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау

Күні: , 35 рет оқылды

2016 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасының «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заңы асыл тастар, бағалы металлдар және асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдармен операцияларды жүзеге асыру саласындағы қатынастарды реттейді.

Білу маңызды!

2016 жылғы 17 шілдеден бастап ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА БАҒАЛЫ МЕТАЛЛДАР МЕН АСЫЛ ТАСТАРДАН ЖАСАЛҒАН ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАРДЫ:

  • Бұйым өндірушімен қойылатын АТАУЛЫ ТАҢБА БЕДЕРІ;
  • Уәкілетті ұйымдардың кодтары «Барыс басының» нысаны, «KZ» Қазақстанның халықаралық аббревиатурасы бейнеленген ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІРЕГЕЙ СЫНАМА ТАҢБАСЫ;
  • Уәкілетті ұйыммен (бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сараптамадан өткізуге аккредиттелген заңды тұлғамен) берілген САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙДА САТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ.

Бұйымда сынамалау таңбасының және атаулы таңба бедерінің болмауы заңсыз дайындалған бұйымды сатып алу белгісі болып табылады (таңбаны пломба қоюға рұқсат етілмейді).

 Зергерлік және басқа да бұйымдарға көз ретінде жасанды жолмен алынған материалдар пайдаланылған кезде затбелгілерде осы тастың асыл тас емес екені көрсетіледі.

ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 22-бабына сәйкес бұйымда сынама таңбасы және атаулы таңба бедері болмаған жағдайда ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментіне (Орал қ., Х.Чурин көшесі, 116 үй, 311, 312 кабинет, тел: 506-508, 510-161) жүгіне алады.

Уәкілетті ұйымдардың кодтары, «Барыс басының» нысаны, «KZ» Қазақстанның халықаралық аббревиатурасы бейнеленген Қазақстан Республикасының бірегей сынама таңбаларының

ҮЛГІЛЕРІ

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексімен (190-1 және 297-1 баптармен) жауапкершілік қарастырылған: — зергерлік бұйымды дайындаушының атаулы таңба бедерінсіз және сынама таңбасынсыз  сатқан жағдайда 50-ден 150-ге дейін АЕК мөлшерінде айыппұл салынады; — асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды ҚР аумағына әкелу және ҚР аумағынан экспорттау кезінде ҚР заңнамасы талаптары сақталмаған жағдайда 30-дан 1000-ға дейін АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика