503,7 миллион теңге игерілмей қалған

Күні: , 33 рет оқылды

Бұл  жөнінде  БҚО  қоғамдық кеңесінің  кеңейтілген  отырысында былтырғы  облыстық  бюджеттің орындалуы  жөнінде  есеп  берген облыстық  қаржы  басқармасының  басшысы  Дулат  Имашев  хабарлады.

– 2017 жылға арналған облыстық бюджеттің түсімдер жоспары 119,0 млрд. теңгеге бекітілгенімен, нақтылау мен түзетулер нәтижесінде 26,2 млрд. теңгеге ұлғайтылып, облыстық бюджет 145,3 млрд. теңгеге толықты. Облыстық бюджеттің негізгі кіріс көздерін республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер мен субвенциялар және салықтық түсімдер құрады.

Республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер және даму трансферттері 36,6 млрд. теңге сомасында қарастырылып, толықтай бюджетке түсті.  Субвенциялар 47,5 млрд. теңгеге алынды. Сонымен қатар облыстық бюджетке төмен тұрған бюджеттерден 916,3 млн. теңге  көлемінде нысаналы трансферттер қайтарылды. 2017 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген бюджеттік кредиттердің 3,6 млрд. теңге сомасы немесе 100 пайызы өтелді. Жыл бойына облыстық бюджетке төрт нақтылау мен жеті түзету  жүргізілді.

Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 144,7 млрд. теңгеге немесе 99,7 пайызға орындалды. 503,7 млн. теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 54,3 млн. теңге үнемделді. Орал қаласындағы үш мектептің құрылысынан 236,7 млн. теңге, Орал қаласының жылу электр орталығына тартылған магистральді газ құбырын тартудан 195 млн., жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аутокөлік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерінің ұзақ өткізілуі және тауарлардың уақтылы жеткізілмеуінен 13,6 млн. теңге қаржы игерілмеді. Жалпы, игерілмеген қаржының ішінде нысаналы трансферттер 213,3 млн. теңгені немесе 42,3 пайызды құрады. 11 ауданға әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге толықтай 33,9 млрд. теңге көлемінде субвенция  аударылды, – деді  Дулат  Имашев.

Басқарма басшысының мәліметінше, қорғаныс саласына 0,7 млрд., қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 6,1 млрд. теңге жұмсалды. Облыстық ішкі істер департаментіне 4,03 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 101 көлік құралын сатып алуға, Орал қалалық жедел басқару орталығына 100 бейнекамера және 147 санды IP-камера  сатып алынды. Төтенше жағдай құрылымдарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз  етуге 512,8 млн. теңге жұмсалды.  Сондай-ақ білім саласына бөлінген 20,1 млрд. теңге облыстық бюджет шығысының 14 пайызын құрады. Бұл бағытта арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша жалпы білім беруге 1,1 млрд. теңге бағытталды. Білім беру нысандарының құрылысына 6 млрд. теңге бөлінді. Денсаулық сақтау саласына 15 млрд. теңге бөлінсе, оның ішінде 1 млрд. теңгеге 19 нысан күрделі жөнделді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,5 млрд.  теңгеге  аударылды.

Жиында Дулат Имашев мәдени және әлеуметтік салалар, су, орман және ауыл шаруашылығына бағытталған қаражаттың игерілуі жөнінде баяндады. Ұлттық қор мен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде айтты. Былтыр «Нұрлы жер» ауқымында 2,9 млрд. теңгеге 10 жоба толық жүзеге асқан. «Нұрлы жол» бойынша 7,2 млрд. теңгенің 13 жобасы 99,9 пайызға орындалды. Кеңейтілген отырыста облыстық қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізілер алдында қоғамдық бақылауды күшейту, туризм саласы бойынша бөлінген қаражаттың есебін нақтылауды  ұсынды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тексерістің азаюы, кәсіпкерліктің тынысын ашады

Күні: , 51 рет оқылды

Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев «Алгоритм» технопаркінде облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысына қатысты. Кеңес отырысына облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері және  кәсіпкерлер қатысты.

— Биылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілердің саны 38,6 мыңды құрады, бұл өткен жылғыдан 4,5 пайызға артық. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны да артып, 113 мың адамға жетті. Бұл да былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 5,5 пайызға көп. Салықтық түсімдер молаюда, ШОБ-тен 52 млрд. теңгеден астам түсті. Облыс бюджеті 185 млрд. теңгені құрайды, соның 53 млрд. теңгесі шағын және орта кәсіпкерліктен түседі. Мұнда өсім бар. Өткен жылғы өндірілген өнім 1,4 трлн. теңгені құрап, 2016 жылғы көрсеткіштен 150 млрд. теңгеге артық шықты. Облыстың  ӨЖӨ құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 42 пайызды құрайды. Бұған мемлекеттік қолдаудың және кәсіпкерлердің белсенділігінің арқасында қол жетті. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар алынуда, тексерістер азайды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен 720 кәсіпкерге 820 қызмет көрсетілді. Даму институттары шағын несиелеу бойынша ырғақты жұмыс істеуде. Биыл Елбасының тапсырмасымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша ауылға бөлінетін  шағын несие көлемі екі еселенеді. Өткен  жылы 2 млрд. теңге болса, биыл 4 млрд. теңге ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінеді. «Бастау»  жобасы бойынша өткен жылы тек бес ауданда кәсіпкерлік негіздеріне 938 адам оқытылса, биыл 12 аудан мен Ақсай қаласында оқыту көзделген. Осының өзі кәсіпкерлікті жаңадан бастаған ауыл тұрғындарына үлкен көмек болады деп білемін. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы  бойынша 830 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды, — деді  Алтай Көлгінов жиында.

Тимур Құлыбаев кәсіпкерліктің облыс экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отырғанын атап көрсетіп, осындай басқосулардың озық тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.

– Бес жыл бұрын жұмыстың басым бес бағыты белгіленді. Соның бірі – кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды.

Бас прокуратурамен кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында  тұрақты негізде жұмыс жасалуда, кеңестер құрылды. Біз заңдылықтардың сақталуын қарап қоймай, мәселелердің қайдан туындайтынын зерттеп, мемқұрылымдардың кәсіпкерліктің дамуына кері ықпал ету мүмкіндіктерін азайту үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгіземіз, — деді Тимур Құлыбаев. Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП Жоғарғы сотымен бірге жұмыстануда. Тәжірибе көрсеткеніндей, сот құрылымдары мемқұрылымдар мен кәсіпкерлер арасындағы істерді қарағанда ішінара мемлекеттік құрылымдардың ұстанымын жақтайды. Ендігі жерде соттардағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі бойынша сұрақтарды тұрақты түрде қарастыруға келісілген.

— Палатада кәсіпкерліктің түйткілді мәселелері бойынша тізілім жасалған. Қазірдің өзінде 570 сұрақ бақылауға алынып, оның 70 пайызы қаралып, шешілді. Өмір бір орында тұрмайды. Күн сайын бір мәселе алдан шығады. Статистиканың бақылап көріп отырмыз, соңғы жылдары тексеріс деңгейі 30 пайызға қысқарды. Кәсіпкерлікке жасалатын «қысым» төмендеді, — деген Тимур Асқарұлы.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин палата жұмысының негізгі бағыттары жайында әңгімеледі. 2017 жылы палатаға 100-ден астам жазбаша өтініш түсіп, оның 50 пайыздан астамы оң шешілген. Палата жұмыс істеген жылдар ішінде кәсіпкерлердің 160 млн. теңге шамасында мүліктік құқықтары қорғалған.

— Агроөнеркәсіптік кешен бойынша өңірдің даму көрсеткіштері ұнамды. Облыстың ірі қара басын өсіру жоспарымен таныстым. Экспорттық әлеует бары анық. Іргеде Ресейдің бес облысы және Атырау облысы бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнім өткізуге көмектесу керек. Атырауға ет Астрахан жағынан және аздаған көлемде БҚО-дан келеді. Сондықтан ішкі кооперацияны дамытуымыз керек. Атырау мал азығына мұқтаж, оны осы жерде дамытуға болады, — деді Тимур Құлыбаев. Сондай-ақ төралқа төрағасы өңірлерде құрылыс және құрылыс материалдары қауымдастығын, БҚО-да сауда қауымдастығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, құрылыс қарқынды жүруде, ал құрылыс материалдарының басым бөлігі сырттан сатып алынады. Яғни құрылысқа бөлінген қаржымен көршілес елдерді субсидиялаудамыз.

Жиында өңірлік кеңес мүшелері, «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно өңірде инженерлік инфрақұрылым бойынша электрондық карта құруға, кәсіпкер Валерий Крылов «БЖК-2020» бағдарламасы шеңберінде ЕДБ-лардың несиелерінің пайыздарын субсидиялауға, «Шағын бизнес орталығы» ЗТБ-ның директоры Шолпан Жұматаева Астана қаласының тәжірибесі негізінде көше саудасын ұйымдастыруға, «Х. Қапанов атындағы халықаралық гимназия» ЖШС-ның директоры Хайдар Қапанов  жеке балабақшаларды жан басына қарай қаржыландыруға, «ОтауАлан» ЖШС-ның директоры Ляна Тұрсынова ыстық тамақ ұйымдастыруға, «Медцентр» ЖШС-ның директоры Рафхат Истаев жеке емхананы мемлекеттік қаржыландыруға қатысты  және өзгелері де сұрақтарына тиісті жауаптарын алды.

Гүлбаршын    ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Банкноттарды айырбастау аяқталды

Күні: , 118 рет оқылды


2018  жылғы  1  наурыздан  бастап  екінші  деңгейдегі  банктер  2006  жылғы  үлгідегі 1000  теңгелік  банкноттарды  айырбастауды  тоқтатады.  Бұл  туралы сәрсенбіде  өткен  баспасөз  конференциясында  ҚР  Ұлттық  банкі  Батыс  Қазақстан  филиалы  директорының  орынбасары  Сергей  Родин  мәлім  етті.


Директордың орынбасары жиында Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №188 қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларына» валюта айырбасы бойынша уәкілетті ұйымдардың жарғылық капиталына қатысты енгізілген өзгерістер жайына тоқталып, 2018 жылғы 5 наурызда уәкілетті ұйымдардың қызметін жаңа талапқа сәйкестендіру мерзімінің аяқталатындығын мәлімдеді. – Соған орай қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті ұйымдарда облыстардың әкімшілік орталықтарында орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 20 миллион теңгеден кем емес көлемінде жарғылық капиталының болуы қажет. Бұл ретте уәкілетті ұйым қосымша айырбастау пунктін ашқан кезде, оның ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы әрбір ашылатын айырбастау пунктіне жоғарыда көрсетілген талапқа сәйкес ұлғайтылуы керек. Қағиданың жаңа редакциясында демалыс және мейрам күндері валюта бағамдарын өзгерту бойынша шектеу жойылған. Бейнебақылау жүйесінің сәйкес келуін растайтын құжат көшірмесінің және кассир туралы (ТАӘ) ақпараттың болу қажеттілігі туралы талап енгізілді. Қолма-қол шетел валютасы банкнотының айналымға жарамды белгілері анықталды,  – деді Сергей  Родин.

Басқосуда екінші деңгейдегі банктердің 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттарды айырбастау кезеңінің аяқталғаны да айтылды. С. Родиннің айтуынша, 2018 жылғы 1 наурыздан бастап екінші деңгейдегі банктер 2006 жылғы үлгідегі 1000 теңгелік ақшаны айырбастауды тоқтатады. Ал Ұлттық банктің филиалдары бұл банкноттарды 2021 жылғы 28 ақпанға дейін айырбастайды. Бұл ретте Ұлттық банк заңды төлем құралы болып табылатын номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкноттардың айналыста екендігін хабарлайды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Криптовалюта — болашақтың төлем құралы ма?

Күні: , 450 рет оқылды


Жер бетінде ақшаны керек қылмайтын адам жоқ шығар, сірә?! Ата-бабаларымыз «Байлық, атақ – қол кірі, көңіл құрты» немесе «Байлық – қолда ұстаған мұз» десе де, қазіргінің қазағы «сананы тұрмыс билейді» қағидасымен өмір сүреді. Нарық заманында бай-бақуатты болу үшін басқалардан көп еңбек етуің керек, бір жалақыға байымайсың, бизнестің қыр-сырын меңгеруің қажет деген сыңайда ақыл-кеңес айтатын ақылгөй интернет сайттар мен онлайн оқыту курстары көп бүгінде. Олардың дені желілік маркетингті жасырын жарнамалау құралы болса, тағы бір бөлігі – тәуекелі көп онлайн сауда-саттық қызметі. Қазақтілді ғаламтор кеңістігінде криптовалюта, биткоин, сандық ақша ұғымдары алғаш пайда бола бастаған жылдары көпшілігіміздің ештеңе түсінбегеніміз, анығын айтар болсақ, ақша табудың осы тәсілінің астарына үңілуге тырыспағанымыз рас. Сөйтсек, бұл әрекетіміз бекер-ақ екен. Қазір дамыған елдерді айтпағанның өзінде криптовалюта арқылы қомақты табыс тауып отырған іскер азаматтар қатары Қазақстанда да көбейіп келеді.


Криптовалюта  дегеніміз  не?

Алдымен осы сұраққа жауап берейік. Грек тілінен аударғанда «крипто» сөзі –  құпия, жасырын деген мағынаны білдіретін төлем бірлігінің бұл түрі өзгертуге келмейтін таңбалар жиынтығынан, яғни математикалық алгоритмдер арқылы шешілген әріптер мен сандардан тұрады. Түсінікті тілде криптовалютаны «цифрлы ақша» немесе «электронды ақша» деуге болады. Бұл ақшаның физикалық баламасы жоқ, сондықтан ол виртуалды кеңістікте ғана жүреді. Бір қызығы, біз басқа елге барсақ, сол жердің валютасын қолдануға мәжбүрміз, өз елімізде валюталар курсын «аңдып» жүреміз. Ал интернет қолданушылары үшін криптовалютаны қай елде қалай қолданса да еркіндік бар. Криптовалюта ешқашан девальвацияға ұшырамайды. Оған кибершабуыл қауіпті емес. Қазіргі уақытта бүкіл әлем интернетті белсенді  пайдаланатындықтан, критовалютаны да пайдалану қиындық етпейді. Оны әлемнің кез келген нүктесіне қас-қағым сәтте жөнелтуге болады. Сондай-ақ  криптовалютаның тағы бір ерекшелігі —  кез келген үкіметтің немесе Ұлттық банктің (кейбір елдерде Орталық банк) бақылауында болмайды. Алайда виртуалды валюта болғандықтан, оны қолмен ұстап, көзбен көру мүмкін емес. Криптовалютаның еуродан, доллардан, юаньнан және теңге мен рубльден басты айырмашылығы, онымен кез келген елде есеп айырысуға болады. Бүгінгі таңда Еуропа одағы криптовалютаны жаппай қолданысқа енгізуге талпынып жатыр, ал Жапонияда ақшаның бұл түрі күнделікті өмірде кеңінен қолданыста. Жалпы, криптовалюта ұғымы алғаш рет 2009 жылы пайда болды. Оны қолданысқа Сатошо Накомото деген лақап атпен танылған бағдарламашы енгізді.

2017 жылғы ең танымал криптовалюта рейтингі:

  1. Bitcoin (BTC)
  2. Ethereum (ETH)
  3. Ripple (XRP)
  4. NEM (XEM)
  5. Ethereum Classic (ETS)

Биткоин  –  криптовалютаның ең  танымал  түрі

Қазіргі таңда үш мыңға жуық криптовалюта болса, оның ең танымал түрі биткоин (bitcoin, btc, бтк) деп аталады. Төлем құралы ретінде биткоинмен түрлі төлем жасап, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға  болады. Биткоинді сақтау, қабылдау және жіберу үшін қажетті баланс және құпия кілтсөзден тұратын әмиян қажет. Ақша аудару үшін қызмет көрсетушінің мекенжайы ғана сұралады. Мекенжай күрделі  сандар мен әріптердің жиынтығынан тұрады. Виртуалды әлемде отырып биткоин табу үшін есепке жүйрік болуыңыз керек. Биткоинға қатысты барлық транзакциялар ашық жүргізіледі. Дерек қорында ақша қашан, қанша жұмсалғандығы нақты жазылып тұрады. Тек ақшаны алушы мен жіберуші туралы мәлімет болмайды. Биткоинның бағамын  Bestchange.ru сайтынан бақылап отыруға болады.

Биткоинның осындай артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Ол валюта, мұнай, алтын, құнды қағаз сынды активтерге байлаулы болмаса да, оны қолданатын мемлекеттердің экономикалық саясатына тәуелді. Сол себепті биткоинның құны аяқ астынан тез шарықтауы, иә болмаса әп сәтте құлдырап кетуі ғажап емес. Мәселен, былтырғы 17 желтоқсанда бір биткоинның бағасы 20 мың долларға дейін қымбаттап, көп ұзамай 7 мың долларға қайта құлағаны белгілі. Алайда сарапшылар криптовалюта бағамының күрт өсіп, қайта құлдырауын қалыпты құбылыс деп санайды.

Әлемдегі   криптоахуал

Жалпы, әлемде криптовалютаны заңдастыруға қызығушылық 2015-2016 жылдары басталды. Еуропа елдері инновацияға ашық болғандықтан, криптовалютаны экономикаға енгізудің түрлі жолдарын қарастырып, тәжірибелер жүргізіп жатыр. Дегенмен көпшілігі әлі де бағытын айқындай алған жоқ. Мысалы, Чехия билігі криптовалютадағы старт-ап жобаларға тыйым салмаса да, жұмыстарына кедергі келтірмейді. АҚШ-та бұл тұрғыда аздап болса да алға жылжу бар. Аздап дейтініміз, ол жерде криптовалюта жергілікті деңгейде ғана мойындалған. Атап айтқанда, Нью-Йорк штаты 2015 жылдың 3 маусымынан бері криптовалютадағы бизнеске BitLicense лицензиясын беретін жергілікті заң қабылдаған. Аляска штаты бұл бизнесті заңмен бекітуге әрекет жасап келеді. АҚШ пен Канада блокчейн технологиясына негізделген ұлттық валюта шығару жолдарын қарастырып жатса, Қытай криптовалютадағы бірлі-жарым компаниялармен жұмыс істейді. Алайда  әлемде ең бірінші болып биткоинды заңдастырған ел — Жапония.

2017 жылдың соңында Беларусь мемлекеті ТМД-да алғашқы болып «Талер» криптовалютасын шығарды. Беларусьтің ұлттық криптовалютасы қазір қолданысқа еніп кетті. Мәселен, кафе мен дүкенде биткоинмен есеп айырысып, көлік пен баспананы жалға алу кезінде криптовалютаны қолдануға жағдай жасалған.

Болашақта Ресейдің ұлттық криптовалютасы пайда болады деп хабарлады таяуда «Аргументы и факты» басылымы. Қазірдің өзінде ел президенті В. Путин тиісті қаулыға қол қойған. Көрші елдің ақпарат және бұқаралық байланыс министрі Николай Никифоровтың айтуыша, крипторубльді тезірек нарыққа шығару керек. Әйтпесе, ЕурАзЭҚ елдеріне мүше көршілес мемлекеттер олардан озып кетуі мүмкін. Оның айтуынша, крипторубль құру үшін биткоин мен өзге де криптовалюталарды заңдастыруға мұқтаждық жоқ. Сонымен қатар  ғаламтор кеңістігінде алдағы екі жыл ішінде мұсылмандардың халал криптовалютасы пайда болуы мүмкін деген жаңалық та тарауда.

Биткоинның танымалдығы күн санап артқаны соншалық, Севастополь қаласында 2017 жылдың 20 желтоқсанында туған нәрестеге Биткоин есімі берілсе,  Жапонияда «Virtual Currency Girls», яғни виртуалды валюта қыз деп аталатын музыкалық топ пайда болды.

Қазақстандағы  жағдай

Былтыр Астанада өткен Экономикалық форум аясында Елбасы Н. Ә. Назарбаев бүгінде әлемдік экономикалық саясат заман талабына толық жауап бере алмай отырғанын айтқан еді. Елбасы жаһандық экономиканың қазіргі үлгісі ескіргенін айта келіп, бүкіл әлемге ортақ электронды валютаны енгізуді ұсынды. Дейтұрғанмен, Ұлттық банк бұл тақырыпты әлі де зерттеу-зерделеу үстінде.

2017 жылдың күзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының шетелдік инвестициялық компаниямен Қазақстандағы криптовалюта активтерін дамыту туралы арнайы келісімге қол жеткізуі және «Қазақстан блокчейн және криптовалюта ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің құ-рылуы сарапшылардың осындай байлам жасауына негіз болып отыр.

Қазақстандық жетекші компаниялардың криптовалютаға қызығушылық танытып отырғанын айтпағанның өзінде қолда бар азды-көпті қаражатын көбейтіп, пайда табуды көздейтін азаматтар арасында электронды валютамен төлем жасау трендке айналып келеді. Олардың қатарында виртуалды ақшаны жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктерге айырбастап жатқандар да бар. Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда биткоин терминалдары қызмет көрсете бастады. Тіпті  Қазақстанда биткоинды құны төмен кезінде сатып алған криптомиллионерлердің алғашқы шоғыры қалыптасып үлгерді деген бейресми деректі де көзіміз шалды. Бейресми деуіміздің сыры – кімнің қолында қанша криптовалюта бар екенін дөп басып анықтау мүмкін емес.

Астаналық журналист Әмірхан Алмағамбетов қазақстандықтардың криптовалюта нарығына қатысып, қаржы табуына жағдай жасалуы қажет деп есептейді.

— Балаларым ештеңеден тарықпай өмір сүрсін, болашақтары жарқын болсын деп талпынған ата-ана бір жалақыны қайда жеткізеді. Сондықтан қосымша табыс көздерін іздейді. Еңбекпен тапқан, салығы төленген ақшасын қайда салатынын әр адам өзі біледі деп ойлаймын. Виртуалды еңбекпен табатын ақша, яғни криптовалюта – бүгінгі заманның талабы. Тәуекел тұстары да бар, әрине. Бірақ тәуекел етпесең, пайда да көрмейсің.  Кейбіреулер биткоинды соңғы ақшасына немесе несиеге алып жатады. Ол дұрыс емес.

Мен 100-1500 доллар аралығында ақша салып, еңбегіме қарай әжептәуір табыс тауып жүрмін. Ақшаны тек заңды тіркелген компанияларға ғана салып отырамын. Ақшаны қолма-қол ұстата салу дегенге қарсымын, сондықтан қаражатты банк картасы арқылы аударамын.

Жалпы, әлемді жайлаған бұл үрдістен Қазақстанның қалып қоймауы қажет деп

ойлаймын. Елбасы айтқандай, егер бұл технологияны экономикамызға енгізе алсақ, еш ұтылмаймыз. Әзірге елімізде ешбір заңдық құжат криптовалютаның айналымын реттемейді, — дейді Ә. Алмағамбетов.

Аты-жөнін атамауды өтінген 23 жасар оралдық азамат бірнеше жылдан бері ғаламтор арқылы ақша тауып жүргенін айтады.

— Криптовалюта – тәуекелі мол нарық. Виртуалды валютаның бағамын ұдайы бақылап, сауатты шешім қабылдай алсаң, қаражатыңды еселеуге болады. Мәселен, бір апта бұрын 13 мың доллар болған биткоин аяқ астынан 18-19 мың долларға шарықтауы мүмкін. Кейбір тәуекелге бел байлағыш адамдар оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Бойындағы құмарлығын тия алмайтын (азартный) адамдар да қатты қызығады. Бірақ құны түсіп кететін болса, шығынды ешкім қайтарып бермейді. Оған ешкім кепілдік бермейді, — дейді ол.

Жасыратыны жоқ, біздегі криптовалютада пайда табуды көздейтін компаниялардың қызметінде қаржы пирамидаларының элементтері кездеседі. Өкінішке орай, осындай алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасын әлі күнге қайтара алмай жүрген отандастарымыз да бар.

Танымал  сарапшылар  пікірі

Өткен жылы ең танымал криптовалюта атанған биткоин бағасы бірнеше рет шарықтап, тарихи өсім көрсетіп, $20 мыңға жетіп жығылған еді. Биткоин құны 2017 жылдың басында  $9 263-тен  басталып, небары  бір жыл ішінде 47 есеге өсті. Сонымен бірге  оның құны қарқынмен артып қана қоймай, кейде тәулігіне $5 мыңға  дейін төмендеген сәттерімен ерекшеленді. Оның ең төменгі бағасы 2017 жылы кем дегенде $7 387, ал шекті бағасы $20 мыңға дейін жетті. Нарық қатысушыларының болжамы бойынша 2018 жылы криптовалюта көптеген жерде кеңінен қолданысқа беріліп,  бірқатар елдер  оны ресми түрде бекітуі мүмкін. Яғни  биткоинға жаңа фьчюрстер мен опциондар немесе өзге өндірістік құралдар енгізілетін болады.

Blockchain.ru компаниялар тобының негізін қалаушы Дмитрий Мацук өз кезегінде 2018 жылы криптовалютаның реттеу саласында оң өзгерістер болады деген ойда.  Оның ойын VRT World жобасының негізін қалаушы Константин Негачев та қолдады. Сарапшының пікірінше, тіпті биткоин фьючерсі саудаға шығарылғанның өзінде құқықтық реттеулерде көптеген алшақтықтар бар. Егер бұл салаға көптеген ірі ойыншылардың кіріп жатқанын ескерсек, құқықтық базаны қалыптастыру керек және ол көптеген елдерге қажет, бұл ең алдымен өз салымдарына кепілдік алатын инвесторларға, олардың мүддесін қорғау үшін  керек.

Сарапшылар айтқандай, Bloomberg  хабарлауынша, танымал криптовалюта 2015 жылдан бері алғаш рет жаңа жылды құлдыраумен бастады. Сoinmarketcap мәліметтеріне сүйене отырып, агенттік «2015 жылы криптовалюта құны 1,855%-ға арзандаған. Ал 2018 жылы төмендеу көрсеткіші 4,28%-ға жеткен. Былтыр биткоин бағасы 3,58%-ға дейін өскен. Еске сала кетелік, биткоин құны 22 желтоқсан күні құлдыраудың шегіне жетіп, бір тәулікте криптовалюта 20%-ға  арзандаған болатын» деп жазды.

Жалпы, нарықтағы барлық цифрлық валюталардың қоры 300 миллиард доллардан асады. Новограцтың айтуынша, капитализация көлемі келесі жылдың соңында 2 триллион долларға артпақ. Десе де, кейбір сарапшылар биткоинға сақтықпен қарауға шақырады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Эйфель мұнарасында тұрса деймін…»

Күні: , 412 рет оқылды


Ашылғанына  екі-үш  жылдың  жүзі  болғанымен, Орал  трансформатор  зауыты Еуразиялық нарықта кәнігі  «ойыншылардай»  өз орнын  жылдам  таба білді.  Бұған  зауыттың тек  жаңа  технологиялық жабдықтармен  қамтылуы  ғана емес,  сонымен бірге  кадрларды  басқарудағы  Кайдзен  жүйесінің енгізілуі  де  өз  әсерін  тигізді.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2014 жылы желтоқсанда өткен жалпыұлттық телекөпір аясында тұсауы кесілген зауыт өз өнімдерімен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне танылып та үлгерді. Енді өнім өткізу жағырапиясын кеңейтуге бет түзеген. Кәсіпорын – жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін станоктар мен өндірістік желілер ғана емес, жүздеген адамдар еңбек етіп, нәпақасын тауып жүрген үлкен ұжым. Зауытта болғанымызда, оның өндірістік цехтарынан жоғары мәдениет пен өндіріс эстетикасы қалыптасқанын анық байқадық. Зауыттықтарға мұнда жұмыс істеген ұнайды. Өндіріс орнында барлық еңбек бөлінісі реттеліп, жұмыс үрдістерінің қауіпсіздігіне мән-маңыз берілген. Кайдзен жүйесін қолданудың арқасында жұмыс орындарында тазалық, ұқыптылықтың  лебі  еседі.

Жалпы ХХІ ғасырда тіршілігімізді электр қуатынсыз көзге елестету қиын. Әдетте жоғары кернеумен келетін электр қуатын еліміздің аймақтары мен өңірлерінде, елді мекендерінде дәл сол күйінде тұтыну әсте мүмкін емес. Сондықтан оның күші төмендетіліп, трансформаторлардың көмегімен реттеп, тұтынушыларға жеткізеді. Жыл сайын жаңа тұрғын үйлер, өндіріс орындары салынатынын ескерсек, мұндай өнімге сұраныс азаймақ емес. Әрі бұрындары мұндай өнім елімізге сырттан тасымалданатын.

– Өткен жылы кәсіпорын құны 5 млрд. теңге болатын жеті мың дана трансформатор шығаруды жоспарласа, ол меже артығымен орындалды. 2018 жылы 9 мың дана трансформатор шығарамыз. Қазір Италиядан болат кесетін қосымша жабдық әкеліп орнаттық. Зауытта кернеулілігі 6 және 10 кВ, қуаттылығы 25-2500 кВА болатын күштік майлы трансформаторлар шығарудамыз, – деді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев.

Экспортқа бағыт ұстанған

Оралдық компания жартығасырлық еңбек өтілі бар қазақстандық «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамында. Бұл холдинг 12 кәсіпорында төрт мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. «Зауыттың конвейерінен шыққан өнімнің 96%-ы экспортқа Ресейге, Арменияға, Украинаға, Беларусьқа шығарылады. 2017 жылы Арменияға 250 трансформатор жөнелтілді. Енді Әзірбайжанға, Грузияға өнім шығару жөнінде келісімдер жүргізілуде. Өндірілген трансформаторлардың 4%-ымен еліміздің батыс өңірлерін қамтимыз», – деді зауыт басшысы  Ақжол  Нартайұлы.

Директордың айтуынша, өндіріс ошағы индустрияландырудың бірінші бесжылдығының төлтумасы іспетті. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске қосылды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өңірдегі филиалы көмегімен төмен пайыздық несие алып, оның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға көмек алды. Жаңа зауытқа мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бюджет есебінен газ тартылды. Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерімен халықаралық көрмелерге қатысқан жағдайда оның шығынының 50%-ы өтеледі. Кәсіпорын өнімдерін таяу және алыс шетелдерге шығару мәселесінде «ҚазЭкспорт», «KazakhInvest» компаниясының, ТМД елдеріндегі Қазақстан елшіліктерінің нақты көмек-қолдауын сезініп отыр.

Трансформаторлар өндірісіне қажетті шикізат негізінен отандық, металды Қарағандыдан, алюминий дайындамасын Павлодардан, электр техникалық болатты Ресейден тасымалдайды. Оралдық зауыттың жетістігінің сыры неде десек, ол әрине, бірінші кезекте өнімнің жоғары сапасында, бәсекелестікке қабілетті бағада, өнімді дайындау мерзімі мен жеткізілуінде жатса керек. Сондай-ақ нарыққа маркетингтік сараптама жүргізіп, сұраныстарды зерттеу де басты назарда. Қазіргі еңбек үрдістерін жүйелі басқару негізінде өндірісті жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді игеру, шығарылатын өнім түрлерін молайту арқылы өндіріс орнын жетілдіру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Тұрақты дамуды көздеген компания Оралда өткен «Westkazinvest – 2017» ІV халықаралық инвестициялық форумға және өңірлердің шекаралық әріптестігі көрмесіне қатысқаны үшін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатымен марапатталды.

Қазіргі уақытта өндіріс орнында 250 адам үш ауысымда еңбек етуде. Зауыттың өзі де жас әрі ондағы ұжым еңбеккерлерінің де орташа жасы – 28-де. Зауытта Кайдзен жүйесі – «Ұқыпты өндірістің жапондық жүйесі» басшылыққа алынған. Бұл жүйені қолдануда жұмыстың тиімділігі әлденеше мәрте артып, басқарушылық, өндірістік үрдістер оңтайланады және шығындар азаяды. Кәсіпорын жұмысшылары аталмыш жүйені қолдап, осы бағыттағы ізденістерін жалғастыруда.

– Кайдзен жүйесі бойынша жас мамандар өндіріс үрдісін жақсарту, оңтайландыру бағытында ұсыныс білдіріп жатса, соған орай арнайы комиссиямен сыйақы тағайындалады. Егер де ұсыныс өндірісте іске асса, оның деңгейі нақтыланып, 5-25%-ға дейін сыйақы белгіленіп, төленеді, – деді Ақжол Нартайұлы.

Жастарға қамқорлық  күшті

Серіктестіктің Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен, техникалық колледждермен жасалған меморандумдары негізінде студенттер зауытта өндірістік тәжірибеден өтеді. Өткен жылы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасындағы «Үздік әлеуметтік серіктес» байқауының бас жүлдесіне ие болып, дипломмен марапатталды. Ресейдің Самара қаласынан, Алматыдағы энергетика және байланыс институтынан, БҚАТУ-дан биылдың өзінде 15 түлек жұмысқа қабылданған. Олардың барлығы да қызметтерін ең төменгі баспалдақтан оператор, құрастырушы болып бастайды. Компанияда жас мамандарға тұрақты қамқорлық жасалады. Мысалға, түстік ас 150 теңгені құрайды, ал қалған шығын компания есебінен өтеледі. Серіктестік басшысының айтуынша, 150 теңге компания төлей алмайтындай қалде емес, тек оны төлетудегі мақсат – жастар тамақтың қадірін түсінсін деген ниеттен ғана туған. Мұнда орташа жалақы көлемі 130-155 мың теңге шамасында. Кәсіби мереке – машина жасаушылар күніне, ай және тоқсан, жылдың қорытындылары бойынша жоспардың орындалуына қарай қызметкерлерге сыйақы төлеу тәртібі қарастырылған.

Кәсіпорында жұмыс істейтін арулар тұрмысқа шығып, сәбилі болғанда, оларға компания атынан бір реттік 150 мың теңге жәрдемақы беріледі. Зауытта жұмыс істейтін қыз бен жігіттер бір-бірімен жүректерімен ұғысып, шаңырақ құрса, оларға зауыт атынан 500 мың теңге тойға сый беріледі. Бұл тек оралдық зауытта ғана емес, «АLAGEUM» холдингіне тән еңбек дәстүрі деуге болады. Басшылық «Мықты ұжым мықты отбасылардан тұрады» деген қағиданы ұстанады.

Зауытта үш жылдан астам жұмыс істеген жас мамандарды шетелге білім жетілдіру оқуларына жіберу жолға қойылған. Үш жылда техникалық бөлімде жұмысшыдан сату бөлімінің менеджері, инженер-конструктор болып көтерілген жігіттер баршылық. Мысалға, Ақжол Нартайұлының өзі де Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген соң, Кентау трансформатор зауытында электр-сызбашы болып жұмысын бастап, алдымен техникалық, содан кейін сату бөліміне менеджер болып көтерілген. Одан соң «Alageum Electric» АҚ-ның Ақтау, Орал қалаларындағы филиалдарында жұмыс істеп, өз еңбегінің арқасында Кентау трансформатор зауытында сату жөніндегі директорға дейін жоғарылаған. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Оралдағы зауыттың басқарушы директорлығына тағайындалды.

Зауытта жылда 50 студент өндірістік тәжірибеден өтеді. Олардан өндіріс шеберінің (мастердің) берген тапсырмасын орындау талап етіледі, түстік аспен тегін қамтылады. Осы тәжірибе кезінде өзін жақсы қырынан танытқан студент оқуын бітірген соң, зауытқа жұмысқа тұра алады. Енді 3-4 курстың студенттеріне үш ай жазда практика кезінде ақы төлеу жағы ойластырылуда. Осылайша зауыт өзінің болашақ кадрларын  даярлауға  кіріскен.

Арманы  асқақ, жоспар-жобасы жетерлік

Бұйыртса, 2018 жылы зауыттың өндірістік базасында электр жабдықтарын, автоматты ток ажыратқышын, коммутациялық аппараттарды, өндірістік және көше жарықтандырғыш шамдарды, құрғақ трансформаторларды шығаруды көздеп отыр. Бұл жоба 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Бастысы, халықты жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонда жаңа өндірісте 200 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондықтан да кадр мәселесін шешуге  мән-маңыз  берілуде.

Зауыттар да адам сықылды уақыт өте келе, «қартаяды». Бірақ адамдарға қарағанда олар жаңғыртылып әрі қарай «өмір сүре алады». Жапонияда зауыт банкрот болса, яки жұмысын тоқтатса, оған топ-менеджмент жауапты болады. Ал бізде кәсіпорындарға «қиналыс» кірсе, ең төменгі баспалдақтағы жұмысшыларды сирағынан ұстап алып, қысқартып жатады. Кейбір кәсіпорындар маман жетіспейді деп жаһанға жар салғанымен, өздерінің мамандарын өсіру жағын қаперге алмайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Орал трансформатор зауыты өте сергек. Жеке инвестиция есебінен іске асырылған жоба ретінде өмірге келген зауыт Қазақстанның, халықтың мүддесіне қызмет етеді.

– Технология бір орында тұрмайды, сондықтан озық технология көшінен қалыс қалуға болмайды. Өндірістегілер екі жылдан кейін не жағдай болатынын болжап, соған қарай қам жасап, бағыт түзеп отыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, көрегендік, алысты болжап отыру керек. Бұрындары жастар заңгер, экономист болғылары келетін. Қазір жағдай өзгерді. Кеш те болса, жастардың инженерлік, техникалық мамандықтарға құштарлығы қуантады. Қазақстандық өндірісті, ел экономикасын солар көтереді емес пе? Мысалға, бүкіл әлем білетін Генри Форд өз бетінше үйреніп, еңбек жолын механик болып бастады. Жастардың бәрінің жетістікке жетіп, еліміздің әлеуетін арттыруға үлес қосуы ықтимал. Сондықтан да жас мамандардың білім-біліктілігін көтеру үшін оларды Қытайға, Германияға және өзге де елдерге оқуға жібереміз. Күні кеше компаниямыздан жеті кісі Жапонияға «Тойота» зауытына өндірісті басқару, менеджментті оқуға аттанды, – деді Ақжол Нартайұлы. – Францияда «Alstom» «Schneider Electric», Германияда «Siemens», «ABB» секілді әйгілі әлемдік брендтік компаниялар бар. Олар әлемге танымал. Біз қазақстандық «ALAGEUM» брендін қалыптастыру жолында еңбек етудеміз. Менің арманым қандай дейсіз бе? Менің арманым асқақ, трансформаторымыз 7-10 жылдан кейін Франциядағы әйгілі Эйфель мұнарасында тұрса деймін… Неге олай болмасқа?!

Несі бар?! Армандар орындалады. Амандық болса, ондай күндерге жетерміз деген асқақ арманның құшағында тербелдік біз де.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Ержан СИНЕҒАЛИЕВ,

жұмысшы:

– Бұрын Атырау өңірінде ауысымдық әдіспен барып-келіп жұмыс істедім. Мұнда жұмысшы болып кіргеніме жарты жыл болды. Зауытта жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Үш ауысыммен күніне 8 сағат жұмыс істейміз. Жұмысымыз ырғақты, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Цехтың іші жылы әрі таза. Жұмыстан шыққанда арнайы көлікпен үйімізге жеткізіп салады. Барлық әлеуметтік төлемдер уақытылы аударылады. Жалақымыз да тұрақты, отбасымды асырауға жетеді. Жұмыс ауқымын игерсең, сыйақы аласың. Бізге жұмыс беріп отырған жұмыс берушіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.


Билік пен бизнестің ынтымақтастығы

Күні: , 363 рет оқылды


Кеше  өңірдегі кәсіпкерлік  палатасында облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  бір  топ  бизнес өкілдерімен  кездесті.  Кәсіпкерлермен  жеке кездесу  үрдісі  облыс  әкімінің  бастамасымен  тек  біздің  өңірде  ғана  өткізілетіндігін  айта  кетейік.


Мұндай кездесу ағымдағы жылы бірнеше мәрте ұйымдастырылып отыр. Кездесуге келген жеті кәсіпкер жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен өз жоба-жоспарлары жөнінде өңір басшысына тікелей айтуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айынан бері 56 кәсіпкер облыс әкімінің қабылдауында болған.

Облыс әкімімен кездесуге келген кәсіпкердің бірі айналысып отырған кәсібінің аясын кеңейтуді мақсат етсе, екіншісі, өз жобаларын жүзеге асырғысы келеді.

– Біздің кәсіпорын көп жылдан бері шынжыр табанды аэроботтар құрастырумен шұғылданып келеді. Алға қойған жоспарларымыз да аз емес. Кәсібімізді одан әрі дамытуға арнайы орынның болмауы қолбайлау болуда. Қазіргі уақытта ғимаратты жалға алып отырмыз. Оған көп шығын жұмсаймыз. Осыған орай бізге арнайы ғимарат бөлуге немесе жер телімін беруге көмектессеңіз, – деді «AIROBOT» ЖШС жетекшісі Айбар Хуспанов.

Облыс әкімі бұл мәселенің аяқ асты шешілмейтіндігін, бірақ жуық арада құзыретті органдармен ақылдаса отырып, түйіткілді шешу жағын қарастыратындығын мәлімдеді.

Кездесуге келген Гүлмира Салихова есімді жеке кәсіпкер Орал қаласынан асхана салуға жер телімін сұраса, ақсайлық Әлібек Төлепов те көлік жөндеу бекетін салуға жерден көмек керектігін  айтты. Облыс әкімі мәселені барынша шешу жолын қарастыратындығын жеткізді.

Жалпы бұл күні «Атамекен» палатасында өткен кездесуде облыс әкімі жеті кәсіпкерді қабылдады.

– Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігі бағытында үлкен міндеттер жүктеп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де жақсы қарқын алуда. Облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен әкімдікте қабылдасақ, бұл жерде тек өңірдің бизнес өкілдерімен ғана кездесеміз. Бұл басқосуларда кәсіпкерлер бизнес саласындағы кездескен қиындықтар туралы, оны қолдауға қажет жағдайлар туралы өз ойларын ортаға салады. Кәсіпкерлердің іскерлігі мен ой өрістерінің өсуі, кездесуге тыңғылықты дайындықпен келуі көңіл қуантады. Бүгінгі кездесуге келген «Азия Глобал Сервис» серіктестігінің жас жігіттері оқу орталығын ашып, бизнес саласындағы білімдері мен тәжірибелерін кейінгі жастарға оқытқысы келетіндіктерін айтты. Келер жылдың ақпан айында осы тақырыпта жастар форумын ұйымдастырамыз деп жоспарладық. Биылғы өткізілген тұрақты кездесулеріміз келер жылы да өз жалғасын таппақ. Себебі билік пен бизнестің арасындағы көпір үзілмеу керек, – деді облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Зейнетақы жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр?..

Күні: , 189 рет оқылды

Міне, жыл аяқтала келді. Ал жаңа жылда көп адамды зейнетақы жүйесіндегі тың өзгерістер күтеді. Олар қандай? Бұл туралы таяуда мемлекеттік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) облыстық бөлімшесінде өткен баспасөз мәслихатында оның директоры Қайрат Ихсанов, директордың орынбасары Гүлмира Рәшева және бас маманы Шара Қалыбековалар әңгімелеп берді.


– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы ұлғайып, базалық зейнетақыны есептеуге байланысты өзгерістер күшіне енеді. Яғни базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және зейнетақы жарнасын төлеумен расталатын 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі де ескерілмек. Бұдан басқа БЖЗҚ қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгереді. Сонымен, 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуына және І, ІІ топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу барысында аталмыш жинақтың бүкіл ақшасын біржола беруді тоқтату жоспарланған. Енді жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағының мөлшері ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, аталмыш ақша алушыға БЖЗҚ-дан бір рет толығымен беріледі. Ал егер алушы зейнетақы төлемін алу үшін қорға жүгінген күні оның жинағының мөлшері ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асса, онда қордан төленетін зейнетақы тек ай сайын ғана берілмек. Ал ең төмен зейнетақы қоры жоғарыда көрсетілген шектен аспаса, оны толығымен алуға мүмкіндік бар. Аталмыш мөлшер келесі жылы 404940 теңгені құрайды, – деді Қайрат Ибрагимұлы БАҚ өкілдеріне.

Оның айтуынша, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері Үкімет қаулысымен бекітілген, зейнетақы төлемнің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12,1) айқындалады. Бірақ ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем болмайды.

– Келер жылдың 1 шілдесінен бастап, мемлекеттік бюджеттен базалық зейнетақы жалпы еңбек және жинақтаушының зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, тағайындалады. Яғни базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінгі базалық зейнетақы 14466 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Он жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері екі пайызға өсіп отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына теңестіріліп, әрі қарай өсірілмейді. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болса, аталмыш адамдарға ортақ зейнетақы төленбейді. Жаңа өзгеріс бойынша алдағы жылы зейнетке шығатындар айына екі жерден, яғни мемлекеттік бюджеттен және салымшының жеке зейнетақы қорынан өзіне тиесілі үлесін алатын болады. Басты мақсат – салымшыларды тұрақты түрде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, – деді Гүлмира Серікқызы.

Әрі қарай ол әр салымшыға өтініш жасаған күннен бастап, қордағы үлесі таусылғанша, ай сайын төлем беріліп тұратынын айтты. Сонымен қатар барлық салымшыны зейнеткерлікке жасы келгенде, қорға тап сол күні жолығып, өзінің заңды құқығын жедел жүзеге асыруға шақырды. Биыл БЖЗҚ облыстық бөлімшесі 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсан күндері таңғы 9-дан түскі сағат 1-ге дейін жұмыс істейді. Себебі – БЖЗҚ-дан төлем алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған немесе туындайтын салымшының осы төлемді рәсімдеу құқығын жүзеге асыру.

– Өкініштісі сол, шетелге, көбіне Ресейге кететін салымшылардың іс-әрекетінен қиындықтар болып жатады. Шетелге шығатындар бірінші кезекте көші-қон жөніндегі полицияға жолығып, содан кейін бізге келіп, есеп айырысуы керек. Алайда кейбіреулер оны ескермейді. Нәтижесінде дау-дамай туады. Себебі біз бұған қатысты белгіленген мемлекет заңдылығының шеңберінен шықпаймыз. Соның салдарынан кейде соттасатын да кез болады. Бірақ заң шеңберінен шықпағандықтан, сот бізді жақтап шығады. Ең дұрысы – жанжалдасуға бармау, – деді Гүлмира Серікқызы.

Баспасөз мәслихатының соңында сұрақтарға жауап берілді.

Серік ИХСАНҒАЛИ


2018 жылдан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі өзгереді

Күні: , 86 рет оқылды


Мінеки, 2017 жыл да аяқталып келеді. Алдағы жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алғалы тұр. Солардың бірі – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың жаңа тәртібі. Бұл жаңалық қарапайым азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық туғызып отыр. Шын мәнінде бұл туралы 2015 жылы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізілген кезде белгілі болған. Ал биыл 29 қыркүйекте ҚР Үкіметі қаулысымен зейнетақыны есептеу әдістемесіне тиісті өзгерістер енгізілді. 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою көзделген. Сөйтіп, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру, бюджет қаражаты есебінен және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен жүзеге асырылатын жиынтық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру мақсатында ай сайынғы төлем енгізілді. Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді.


Сонымен 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.

Егер қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға болады.  2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет – оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлі төлем көздерінен берілетін төлемдер жиынтығы ретінде қарайды.

Бұл төлем көздері: мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар (ортақ зейнетақы) және салымшының өзінің зейнетақы жинақтары (жинақтаушы құрамдауыш, БЖЗҚ-дан төлемдер). Бұл жердегі басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негізде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.

Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы да бар. Ол мемлекеттік бюджет есебінен төленеді және барлық зейнеткерге еңбек өтілдерінің шамасына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14 466 теңге көлемінде төленеді (ең төмен күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады.

Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

Тағы бір құрамдауыш – еңбек өтіліне қарай төленетін ортақ (еңбек зейнетақысы) зейнетақы. Бұл зейнетақы да бюджеттен төленеді. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Аннуитеттік есептерге сәйкес, ең соңғы ортақ зейнетақы төлемдері 2040 жылдары жүзеге асырылады. Яғни, қазіргі 35-40 жастағы азаматтар 2040 жылдары зейнетке шыққанда ортақ зейнетақы ала алмайтын болады.

Дегенмен, бұл азаматтар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін алуға құқылы (бұл бүгінгі базалық зейнетақы). Біртіндеп ортақ құрамдауыш келмеске кетеді, сәйкесінше 2030 жылға дейін және одан кейін жинақтаушы құрамдауыштың үлесі біртіндеп арта түседі.

Тағы бір құрамдауыш бөлік – бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Ол 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Содан бері зейнетақы жарналары қазақстандықтардың жеке зейнетақы шоттарына аударылып келеді.

Сәйкесінше, зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы қорынан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты болады.

Егер адамдар бәрібір жалақыларын «конвертпен» алатын болса, болашақта зейнетақы қорынан алатын төлемдерінің мөлшері де мардымсыз болмақ.

Өкінішке қарай көп адам бұл туралы ойлай бермейді. Өйткені, мемлекеттік зейнетақыға иек артады. Сондықтан, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері зейнетақы қорына ең төмен жалақы көлемінде жарна аударады. Бұл олар үшін бүгінгі таңда тиімді шығар. Бірақ, болашақта алатын зейнетақысының мөлшеріне кері әсер ететіні сөзсіз. Зейнетақы жарналарын мейлінше тұрақты және қомақты көлемде аударып тұратын азаматтың болашақта алар зейнетақысы да қомақты бола түседі. Бұл ретте жыл сайын инфляция көлемі ескеріле отырып, ең төмен күнкөріс деңгейі, ең төмен зейнетақы секілді көрсеткіштер өзгеріп отырады. Ал бұл базалық зейнетақының мөлшеріне, сәйкесінше жиынтық зейнетақыға да әсер етеді.

«Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Мысалы, Чехия, Жапония және Словакияда басқарушы компаниялар жарналардың атаулы құнының немесе инфляцияны ескермей нөлдік инвестициялық табыстылықтың сақталуына ғана кепілдік береді. Германияда зейнетақы қорлары енгізілген жарналарға қатысты зейнеткерлікке шығу күніне қарай 2,25 пайыздық мөлшерлемеге ғана кепілдік береді.

Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналарын да ұмытуға болмайды. Зейнетақы жинақтарыңыздың көлемін арттыру үшін, сәйкесінше болашақ зейнетақыңыздың мөлшері зейнет алдындағы жалақыңыздың кемінде 40 пайызын құрауы үшін, зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударып тұруға болады.  Ал кейбір батыс елдерінде зейнетақының көлемі жалақының 80 пайызын құрайды. Әрине бұл қызығарлық жағдай. Бірақ бұл елдердің азаматтары өздерінің бүкіл еңбек жолында өздерінің зейнетақы шоттарына қомақты жарналар аударып тұрады. Олар әрбір тиынын үнемдеп жұмсайды. Қазіргі нарық заманында әрбір адамның болашағы өз қолында екендігі белгілі. Демек, қарттықтың қамын қазірден бастап ойлау қажет. Зейнетақы шотыңызға тұрақты түрде жарна аударып тұрсаңыз, зейнет жасындағы өміріңіз де жарқын бола түседі.


Кәсіпкерлерге арналған жаңа қосымша

Күні: , 60 рет оқылды


«Zoodel» компаниясы «Қазпошта» АҚ-мен бірге «Zoodmall.kz» жаңа қосымшасын іске қосты. Енді қазақстандық кәсіпкерлер осы қосымша арқылы әлемнің барлық елдеріне өз тауарларын саттыққа шығара алады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен бизнес-семинарда кеңінен айтылды.


Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ұлттық экономиканы цифрландыру, ІТ саласын дамыту және өзге де міндеттер алға қойылды. Өйткені қазіргі уақытта цифрлық жүйе арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартып, өнеркәсібінің дамуына қарқын бере аламыз. Мәселен, электронды коммерцияның дамуы кәсіпкерлік үшін жаңа арналар ашатыны кәміл. Интернет мәліметтеріне жүгінсек, бүгінгі таңда электронды коммерцияның Қазақстандағы үлесі 0,5 % шамасында, бұл көрсеткіш Ресейде — 3 %, Қытайда — 8,3 %. Кейбір қырағы сарапшылар еліміздің электронды нарығы бөлшек сауда саласында Ресейдің нарығының қарқынымен өссе, онда 2020 жылға қарай оның көлемі 750-800 млн. доллар болатынын айтады.

«Zoodel» компаниясының сатулар бойынша директоры Азамат Мухамедтің айтуынша, «Zoodel» компаниясы «Қазпоштамен» бірге кешенді шешім қабылдап, сатушылар мен тауар өндірушілерге тауарларды экспорттаудың ыңғайлы тәсілін ұсынды. – Біз шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығында тауарларын сату әдістеріне үйретеміз. Олардың тауарларын ZoodMall.kz сайтында мобильді қосымша арқылы орналастырамыз. Сондай-ақ ZoodMall сайтына орналасқан барлық тауарды әлемдік сауда алаңдары арқылы ұсынамыз. Сөйтіп, бір мезетте Қазақстанда өндірілген тауарларды жүздеген миллион сатып алушыға қолжетімді етеміз, – деді А. Мухамед.

«Zoodel» компаниясының ТМД елдері бойынша бас директоры Сардор Мухамедалиевтің айтуынша, аталмыш интернет алаңда жұмыс істеу қиын емес. «Алдымен тіркеліп, «ZoodMall» — ден мақұлдаған белгі алу керек. Содан кейін ғана тиісті ақпараттарды (сипаттама, жеткізу көлемі, бағалары, фотосы және т.б.) жазып, әлем елдері мен ел ішінде сатуды бастайсыз. – Қазақстандық кәсіпкерлерге бағдарламаға қатысу тегін. «ZoodMall» бизнес-моделі сатылған тауарлар үшін комиссиялық ақы алуға негізделген  деді  бас  директор.

Семинар соңында қатысушылар өздеріне қажетті мәселелер бойынша мамандардың кеңесіне жүгінді. Биылғы жылдың аяғына дейін Қазақстанда «ZoodMall.kz» сайтының жаңа «В2С» онлайн электрондық алаңы іске қосыла ды. Бұл алаң өндірісші-компанияларға, дилерлерге, танымал әлемдік және қазақстандық сауда маркаларына тұтынушыларға арадағы делдалдарсыз өз тауарларын ұсынуға жағдай жасайды. Мұның өзі қазақстандық тұтынушыларға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне бөлшек саудада жаңа мүмкіндіктер береді.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ынтымақтасты

Күні: , 69 рет оқылды


Кеше  облыстық  сот  және  өңірлік  кәсіпкерлер  палатасы кәсіпкерлердің  құқықтарын  қорғау  саласындағы  екіжақты ынтымақтастық  жөніндегі  меморандумға  қол  қойды.


Орал қаласындағы Достық үйінде өткен шара «Қазақстан – 2050» стратегиясында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы белгілеген кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және бизнес-омбудсмен институтын күшейту жөніндегі құқықтық саясатын іске асыру аясында жүзеге асырылды.

Басқосуды ашқан БҚО сотының төрағасы Бек Әметов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға Елбасының назар аударып отырғанын, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау ісінде сот жүйесінің рөлі зор екендігін баса айтты.

– Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту айқын көрсетілді. Сот жүйесі кәсіпкерліктің, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда басты орын алады. Мемлекет басшысы ауданаралық экономикалық соттардың жұмысын жетілдіру бағытында, кәсіпкерлердің, соның ішінде отандық және шетелдік инвесторлардың даулы мәселелерін шешуде отандық соттардың жұмыс сапасын арттыруға тапсырмалар берді.

Осы ретте соттар мен кәсіпкерлер палатасының өзара ынтымақтастықпен жұмыстануының нәтижелі болатынына назар аудартқым келеді, – деді Бек Әметов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер арасында олардың  құқықтық сауаттылығын арттыру, соттардың, биліктің бір тармағы ретіндегі тәуелсіздігі жайында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуі керек. Сондай-ақ  сот төрағасы ішкі және халықаралық мониторингі бойынша соттардың жұмысын бағалау, инвестицияны қорғау, экономиканы дамыту көрсеткіштерімен анықталатынын жеткізді.

– Елбасының биылғы Жолдауындағы екінші басымдықта шағын және орта бизнесті түбегейлі жақсарту және кеңейту, соның ішінде 2050 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің пайыздық деңгейін 50 пайызға дейін жеткізу тапсырылғаны аян. Өңірде 48 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оларда 120 мыңдай адам және 37 мың субъект тұрақты жұмыс істейді. Мемлекеттің көмек-қолдауымен өңірімізде кәсіпкерлік саласы даму үстінде. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы ай сайын шағын, орта бизнес өкілдерін қабылдап, бұл салалардағы түйткілдерді шешуге тапсырмалар береді. Биыл бұл салада жаңа бағдарлама іске қосылды. Кооперативтер құрылып, мемлекет тарапынан берілетін субсидия, көмек-қолдауларды пайдалануда. Биылдың өзінде 42 кооператив құрылса, олардың жалпы саны 180-ді құрады. Кооперативтерде алты мыңдай тұрғын жұмыс істейді, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қол қойылатын меморандумның кәсіпкерлікті дамытудағы мән-маңызын атап көрсетті.

Басқосуда кәсіпкерлердің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығы айтылды. Елбасының бес институционалдық  реформаны жүзеге асыратын Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасының 54-қадамында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту қажеттігі айқындалған. Сондай-ақ еліміздегі кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2001-2002 жылдары барлық облыстарда, Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. «Қазіргі уақытта сот жүйесінде кәсіпкерлердің құқықтарын, мүдделерін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар алынуда. Әсіресе, мамандандырылған экономикалық соттардың қызметтеріне айрықша көңіл бөлінуде. Өйткені экономикалық даулы мәселелерді шешуде заңдардың мүлтіксіз сақталуы инвесторлардың сот-құқықтық тетіктердің сенімділігіне күмән келтірмей, олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сенімділгін күшейтеді», – деді БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот төрағасы Исатай Сматов. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын көбінесе атқарушы және бақылаушы құрылымдар бұзады. Оның ішінде заңсыз міндеттерді жүктеу, салық және құқық қорғау құрылымдары тарапынан болатын тексерістер, түрлі құжаттар алудағы сөзбұйдаға салушылық бар. Осының барлығы кәсіпкерлердің қалыпты жұмысына кедергі  болады.

– Меморандумға сәйкес Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және аймақтық палата өкілдерінің сот ақпараттарына қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Басты төрт бағыт бойынша: кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін көздейтін заңдылықтарды жетілдіру, кәсіпкерлік өкілдерінің қатысымен өтетін сот істерін қарауда кәсіпкерлік субъектілерін ұйымдастыру, құқықтық жағынан қамтамасыз ету, экономикалық сипаттағы дауларды қараудың баламалы және сотқа дейінгі формаларын қолдану және ұйымдастыруда әдістемелік, құқықтық көмек көрсету, кәсіпкерлерді сот жүйесінің қызметі жөнінде ақпараттану деңгейін көтеру бойынша әріптестік дамитын болады, – деді  Исатай  Сматов.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің өкілі Ғалымжан Ищанов кәсіпкерлер құқықтарын қорғау тәжірибесі туралы, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Нұргүл Танкиева азаматтық сот өндірісіндегі жаңа ақпараттық технологиялардың қолданылуы жайында баяндама жасады.

Шара соңында облыстық сот және өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға облыстық сот төрағасы Бек Әметов және облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан  Қаиршин  қол  қойды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика