Төртінші тең ойын

Күні: , 26 рет оқылды

Жеңіс күні футболдан ел біріншілігінің тоғызыншы турында «Ақжайық» П.Атоян атындағы стадионда «Атырауды» қабылдады.

Осыған дейінгі ойындарын Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткізіп келген батысқазақстандықтардың  бұл Оралдағы алғашқы кездесуі еді.

Матч алаң иелері үшін сәтсіз басталды. 10-минутта Бабатунде Аденидженің пасынан кейін оң қанатта жалғыз қалған Эльдар Әбдірахманов есеп ашты. Кезінде Оралда футбол әліппесін үйренген Эльдар бұрынғы өз командасына осылайша гол соғып, қапыда қалдырды.

Бұдан кейін оң қапталдағы Еркебұлан Нұрғалиевтің ойынына көңілі толмаған «Ақжайықтың» бапкерлері оның орнына Орал футболының тағы бір түлегі Бауыржан Омаровты шығарды.

Бірінші таймда оралдықтардың есепті теңестіретіндей мүмкіндіктері болды. Әсіресе, украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеоланың пасынан кейін қақпа бос қалған сәтте Иван Антипов допқа аяғын тигізе алмады. Енді бірде Эсеоланың  тепкен добы қақпадан қиыс кетті.

Екінші таймда И.Антиповтың өкшемен берген әдемі добын Эсеола тепкенімен, оны «Атыраудың» қақпашысы Андрей Пасеченко қақшып ала білді. 64-минутта бұрыштамадан украиналық жартылай қорғаушы Игорь Худобяктың берген добын Азат Ерсәлімов айып алаңына тастай білді. Бұл жолы Эсеола баспен қақпа бұрышын дәл көздеді.

Ойынның 68-минутында Азат Ерсәлімовке қарсы дөрекі ойнаған атыраулық Руслан Эсатов алаңнан қуылды. Бірақ бұл басымдылықты «Ақжайық» пайдалана алмай, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, Владимир Мазярдың шәкірттері биылғы маусымда осымен төртінші рет 1:1 есебімен тең ойнады. Бұл турдан кейін 10 ұпайы бар «Ақжайық» турнир кестесінде бұрынғысынша алтыншы орында келеді. Алдағы жексенбі, 13 мамыр күні өтетін турда «Ақжайық» Ақтөбеде жергілікті командамен күш сынасады. Чемпионат барысында ФИФА тәртіптік комитетінің шешімімен 6 ұпайынан айырылған ақтөбеліктер көш соңында келеді. Өткен турда өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасымен тең ойнаған «Ақтөбенің» қоржынында 4-ақ ұпай бар. Сондықтан олар «Ақжайықпен» бәсекеде барын салатыны анық.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Тағы да тең ойын

Күні: , 21 рет оқылды

Ел біріншілігінің жетінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, тең ойнады.

Бұл күні күшті жел футболшылардың шебер өнер көрсетуіне кедергі келтірді. Бірінші таймда жел «Шахтердің» қақпасына қарай болғандықтан, мұны алаң иелері пайдалана білді. 26-минутта Берік Шаихов қарсыластан допты тартып алып, алға ұмтылды. Содан кейін айып алаңына кіре бере қақпа бұрышын дәл көздеді. Бұл Б.Шаиховтың «Ақжайық» құрамындағы алғашқы голы еді.

Есесіне екінші таймда қонақтардың желі оңынан соқты. Жылдамдықты күшейтіп, шабуылдаумен болған қонақтар 55-минутта Беларусь елінің өкілі, жартылай қорғаушы Александр Володьконың мергендігімен таразы басын теңестіріп кетті. Одан кейін де «Шахтердің» алға шығатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен оралдықтар өз қақпасын аман сақтап қала алды.

Осылайша Владимир Мазярдың шәкірттері ел чемпионатында екі мәрте қатарынан 1:1 есебімен тең ойнады.

Турнир кестесінде алтыншы орында келе жатқан батысқазақстандықтар алдағы кездесуін 5 мамыр күні Петропавлда жергілікті «Қызылжармен» өткізеді. Қазіргі таңда бұл команда құрамында бұдан бұрын «Ақжайықта» доп тепкен парагвайлық Фредди Коронельдің ойнайтынын айта кетейік.

Ғайса БӘЙМЕН


«Тобылмен» тең ойнады

Күні: , 32 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің алтыншы турында Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» күш сынасты.

Қостанайлықтар көш бастаушы командалардың бірі болса, «Ақжайық» турнир кестесінде бел ортада келеді. Соған қарамастан, Владимир Мазярдың шәкірттері жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Соның дәлеліндей қарымта шабуыл кезінде оралдықтар 12-минутта-ақ есеп ашып үлгерді. Украиналық легионер Андрей Ткачук алыстан Азат Ерсәлімовке дәл пас берді. Оң қапталдан суырылып шыққан Азат тағы бір украиналық ойыншы Адеринсола Хабиб Эсеоланы тапты. Эсеола мүлт кеткен жоқ. Сөйтіп, ол биылғы чемпионаттағы үшінші голын соқты.

Алаң иелері алға ұмтылып баққанымен, көпке дейін ештеңе шығара алмады. 33-минутта астаналық төреші  Тимур Құмашев оралдық Еркебұлан Нұрғалиевті симуляция жасады деп, екінші ескерту беріп, алаңнан қуды.

Бұл жерде керісінше қостанайлық футболшының Еркебұланның өкшесін басып қал-ғаны көрініп тұрды. Сөйтіп, төрешінің «көмегінен» кейін он ойыншымен «Ақжайық» қиын жағдайда қалды. Енді оларға тек қорғануға тура келді.

Екінші таймда  «Тобылдың» бас бапкері Владимир Никитенко басқа амалы таусылған соң, 58-минутта Таңат Нөсербаевты шығарды. Көп ұзамай бұл әдіс өз жемісін берді.

Команда капитаны Азат Нұрғалиевтің пасынан кейін Т. Нөсербаев  70-минутта таразы  басын  теңестірді.

Бұдан кейін қостанайлықтардың жеңісті жұлып алатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен кейде оларға дәлдік жетіспеді. Оған қоса «Ақжайықтың» қақпашысы, украиналық Евгений Боровик сәтті ойнап, екі мәрте өз қақпасын аман сақтап қалды.

Осылайша қос команда 1:1 есебімен тең  тарқасты.

Қазіргі кезде қостанайлықтар ел біріншілігінде үздік үштікті түйіндеп тұрса, оралдықтар 8 ұпаймен бұрынғысынша алтыншы орында келеді. «Ақжайық» келесі кез-десуін 28 сәуір күні өз алаңында турнир кестесінде бесінші сатыда тұрған Қарағанды-ның  «Шахтерімен»  өткізеді.

Ғайса  БӘЙМЕН


Жекпе-жек сайысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішікі істер министрінің Әкімішілік полиция комитеті төрағасының кубогына ІІ-ші Республикалық турнирінің жеңімпаздары

Күні: , 3 977 рет оқылды

Тәртіп сақшыларының арасында салауатты өмір салтын насихаттау спортқа баулу мақсатында Шымкент қаласында ұйымдастырылған жекпе-жек сайысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының кубогына арналған ІІ-ші Республикалық турнир өткізілді.

Осы өткізілген турнир құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоғамдық тәртіптің тыныштығын қамтамасыз етумен қатар спорттық шараларға биімділігінің бір көрінісі.

Турнирге барлық облыстар мен Астана, Алматы және Жезқазған қалаларынан 19 команда, 170 ер және 76 әйел қызметкерлеріқатысты. Ішкі істер органдарындағы қызметті спортпен ұштастырып, бірге алып жүрген полицейлер 55 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 80 кг, 85 кг,  90 кг және 90 кг-нан жоғары салмақ дәрежелерінде ерлер арасынан, ал 45 кг, 50 кг, 55 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг және 70 кг-нан жоғары салмақта әйелдер арасынан күш сынасты.

Екі күнге созылған турнирде Батыс Қазақстан облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің ерлер арасынан 90 кг-нан жоғарғы салмақта күміс алқаға 2-полиция батальонының полицейі полиция аға сержанты Рахимов Нурсултан Ибрагимович, әйелдер арасынан 60 кг. салмақта күміс 1-полиция батальонының қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Имангалиева Аккойша Орынбасаровна, алтын алқаға 60 кг. салмақта 1-полиция батальонының полицейі қатардағы Кабрайқызы Куралай және 70 кг. салмақта 1-полиция батальонының полицейі қатардағы Сағадат Гауһар Сағадатқызы ие болды.

Спортшыларымызға алдағы уақытта спорт жолындағы биік белестерді бағындырып, Қазақстан Республикасының ән ұранын шырқатып, Туымызды желбіретіп жүруге тілектеспіз.

Батыс Қазақстан облысы

Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы

мемлекеттік мекемесінің кадр жұмысы

бөлімінің ерекше тапсырмалары жөніндегі

аға инспекторы полиция аға лейтенанты

Кенесов Ахболат Темиргалиевич


Туған күнге тосынсый

Күні: , 41 рет оқылды

Еркін  күрестен  әлемдік  додада  олжа  салған  тұңғыш қазақ  палуаны – біздің  жерлесіміз.  Сырым  ауданына  іссапар  кезінде  палуан  жігітпен  аз-кем  уақыт  дидарласудың  сәті  түсті.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов – Бұлдырты ауылының тумасы. Алғашқы ұстазы Асқар Саукелиннің күрес үйірмесіне үшінші кластан бастап қатысқан. 2002-2004 жылдары Алматыдағы  Қ. Мұңайтпасов атындағы мамандандырылған спортинтернатында оқып, 2008 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің дене шынықтыру  және спорт факультетін тәмамдаған.  Астанада тұратын Нұрлан Бақытұлы бүгінде белгілі бапкер Асқар Әбдірәшевтің қол астында жаттығып  жүр.

– Қазақстан құрамасының сапында болғандықтан, үнемі оқужаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарда жүреміз. Ағаларым мен дос-жарандарым туған күніңнің қарсаңында бір-екі күнге болса да, ауылға келсеңші деген. Өзім де сағынып жүр едім, екі күнге ғана рұқсат алдым. Келсем, тосынсый күтіп тұр екен, – дейді палуан.

Расымен де, белгілі палуанға сырымдықтар тосынсый жасады. Екі күн бойы Жымпитыдағы спорт кешенінде  дүбірлі  жарыс  өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева арнайы қатысып, даңқты  палуан мен оның  ізбасарларына сәттілік тіледі.

Нұрлан Бекжановтың жүлдесіне арналған еркін күрестен аймақтық ашық турнирге он үш команда сапындағы 153 спортшы қатысты. Ақтөбедегі спорт мектебінен,  Алға мен Қобда ауданынан, Атыраудың Индер ауданынан жас палуандардың келуі жарыс  көрігін  қыздыра  түскені  сөзсіз.

2004-2006 және 2007-2008 жылдарда  туған  жасөспірімдер  мен 2004-2006 жылдары туған қыздар  арасындағы  облыстық  ашық  турнирде 12 салмақ дәрежесі бойынша  жүлделер  сарапқа  салынды.

2016 жылы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміздің жүлдесі үшін ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатынан соң, «тосынсый иесі» әуежайға аттанды. Палуанды алда үлкен жарыстар тосуда.

Сәндібек  ЖОМАРТҰЛЫ,

Сырым  ауданы


«Ақжайық» алтыншы орында

Күні: , 175 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің бесінші турында Оралдың «Ақжайығы» «Ордабасы» командасын ірі есеппен, ойсырата ұтты.

Шымкенттіктер бұған дейін бірде-бір ұпай жоғалтпаған, «Астанамен» бірге көш бастап келе жатқан клуб болатын.

Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткен матчта алаң иелері ойын тізгінін бірден қолға алды. 13-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін айып алаңындағы қарбалас сәтті пайдалана білген Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, жартылай қорғаушы Иван Антипов есеп ашты. 17-минутта өз айып алаңында қонақтар Андрей Ткачукті шалып жыққаннан кейін 11 метрлік пенальти белгіленді. Бұл нүктеден мүлт кетпеген Еркебұлан Нұрғалиев есепті 2:0-ге жеткізді.

«Ақжайықтың» қарқыны бұдан кейін де бәсеңдеген жоқ. 26-минутта тағы да бұрыштамадан берілген доптан кейін хорватиялық қорғаушы Хрвое Спахия тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Бұл жолы 11 метрліктен Е. Нұрғалиевтің тепкен добын «Ордабасының» қақпашысы Жасур Нарзикулов қайтара білді. Есесіне 38-минутта қонақтардың шабуылшысы Тимур Досмағамбетов алыстан тоғыздықты дәл көздеп, есепті қысқартты. Дегенмен 44-минутта қақпаға жекедара шыққан украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола «Ақжайық» сапындағы алғашқы добын соқты.

Екінші тайм басталысымен, оралдықтар қонақтардың қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Тіпті Азат Ерсәлімовтің тепкен добы қақпа жақтауынан қайтты. Шымкенттіктер де есе қайтаруға тырысып бақты. Әйтсе де, 78-минутта қарымта шабуыл кезінде Хабиб Эсеола тағы бір голдың авторы атанды.

Осылайша Владимир Мазярдың шәкірттері күтпеген жерден шымкенттік футболшыларды 4:1 есебімен жеңіп кетті.

«Ойынның алдында «Ақжайық» командасымен облыс әкімі кездесіп, ұжымға сенетіндігін білдірген болатын. Бұл бізге күш-жігер қосты. Алдағы уақытта да осындай қолдау болатынына сенеміз. Ақсайда біз Оралдағыдай сезіндік. Футболшылар тәртіппен, беріле ойнады. Эсеоланың гол соққаны да қуантты. Дегенмен бізде жарақат алғандар баршылық, олар тезірек қатарға қосылса дейміз. Алаңда төрт-ақ легионер болды, жергілікті ойыншыларға үміт артудамыз. Мұндай жеңістен кейін олар өз шеберліктерін үстей түсетін болады», деді кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында В. Мазяр.

Республиканский интернет-портал Sports.kz республикалық интернет-порталы жариялаған бесінші турдың үздіктері қатарына «Ақжайықтан» орталық қорғаушы Сергей Басов, шабуылшы Эсеола енді. Владимир Мазяр үздік жаттықтырушы атанды. «Ертіспен» өткен бәсекеден кейін үшінші тур құрамасына орталық қорғаушы, команда капитаны Мейрам Сапанов пен жартылай қорғаушы И. Антипов кірген болатын. Бұл оралдық футболшылардың мықтылардың қатарынан орын ала бастағанын көрсетеді.

Айта кетейік, оралдықтар келесі ойынын 22 сәуір күні сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» өткізеді. Осы турда Шымкентте алаң иелері есебіндегі «Ақтөбені» 1:0 есебімен тізе бүктірген қостанайлықтар турнир кестесінде 12 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Қоржынында дәл сондай ұпайы бар «Ордабасы» үшінші сатыға ығысса, «Қайратпен» тең ойнаған астаналықтар 13 ұпаймен көш бастап келеді. Алматылықтар 11 ұпаймен төртінші сатыда тұр.

Яғни бұл – көш бастаушы командалар арасында бәсеке қыза түседі деген сөз. Ең соңғы орындағы «Атыраумен» тең ойнаған Қарағандының «Шахтері» (8 ұпай)  бесінші орынға орнықса, «Ақжайық» 7 ұпаймен үздік алтылықты түйіндеп тұр.

22 сәуір күні сондай-ақ «Қызылжар» — «Атырау», «Шахтер» — «Ақтөбе», «Ордабасы» — «Астана», «Қайрат» — «Қайсар», «Жетісу» — «Ертіс» ойындары өтеді. Орталық матчтың Шымкентте болатыны анық. «Ақжайықтан» оңбай ұтылған «Ордабасы» өз алаңында жерге қарамау үшін астаналықтармен кездесуде барын салатыны түсінікті.

Ғайса   БӘЙМЕН


«Ақжайыққа» сенім зор

Күні: , 46 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Кездесуде осы маусымдағы жоспарлар талқыланды.

Облыс әкімі жергілікті футболшыларды даярлау және өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мәселелеріне тоқталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, «Ақжайық» футбол клубы 2018-2022 жылдарға арналған балалар мен жасөспірімдер арасында футболды дамыту бағдарламасын бекітті. Қазіргі таңда «Ақжайық» футбол орталығындағы 23 топта 5-18 жас аралығындағы 700 бала жаттығады.

Кездесу барысында «Ақжайық» футбол клубының бас жаттықтырушысы Владимир Maзяр клубқа ерекше назар аударғаны үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Ол құрамында 23 ойыншы, яғни 15 қазақстандық, оның ішінде жетеуі жергілікті тәрбиеленуші және 8 легионер бар «Ақжайық» биыл Түркияда екі оқу-жаттығу жиынын өткізгенін жеткізді.

– Батысқазақстандықтар қашан да сіздерді қолдайды. Биылғы маусымда жақсы да нәтижелі ойын көрсетіп, жанкүйерлердің үмітін ақтайды деп сенеміз, – деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Аудандағы тұңғыш чемпионат

Күні: , 44 рет оқылды

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Сырым ауданында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Чемпионатқа Орал қаласының құрамасы, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі мен спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жанындағы ауыр атлетика үйірмелерінің шәкірттері, Қазталов ауданы мен осы ауданға қарасты Жалпақтал ауылының құрамасы және Сырым ауданының құрамасынан барлығы 60 шақты спортшы қатысты.

Батыс Қазақстан облысындағы ауыр атлетиканың тарихы 2006 жылдан бері басталады. Осы жылдың ішінде облыстан онға жуық спортшы ҚР Спорт шебері атағын қорғады. Ал Сырым ауданындағы ауыр атлетика үйірмесі аудан әкімдігінің қолдауымен 2017 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастады. ҚР Спорт шебері, жаттықтырушы Рауан Бүркітов жаттықтыратын сырымдық жас ауыр атлеттер нәтижені көп күткізген жоқ. Бүгінгі күні олардың алды облыстық ашық чемпионаттың жеңімпазы атанып үлгерді. Ауыр атлетика бойынша БҚО облысының аға жаттықтырушысы Дәурен Байтөреевтің айтуынша, ауыр атлетика бойынша жарысты Сырым ауданы тұңғыш рет қабылдап отыр. Бұл – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы ауыр атлетика үйірмесі жұмысының алғашқы  табысы.

Жарыс жұлқа көтеру және серпе көтеру кезеңдері бойынша жүрді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыстың жабылу салтанатында марапатталды. 85 келіге дейінгі жеңімпаздар қатарында Арнұр Нұрланов, Нұрғазы Мақанов, Мұрат Бажекенов, Рулан Сариев, Сержан Хамидолла, Әділжан Нұртаев, Ораз Жұмағали, Өтепберген Әли, Арман Ізтілеуов, Бекет Жарбосын, Ержан Жұмағалов бар. 85 келіден жоғары сайыскерлердің арасында оралдық Виктор  Тарасов чемпион атанды. Осы сияқты жарыстың қыздар арасындағы жеңімпаздары болып Жасмина Мұратова, Алтынгүл Бекетова, Гүлсезім Алғазиева, Айымгүл Елемесовалар танылды. Байқалып тұрғандай, зілтемір спортына ықыласты әрі жеңімпаз атанған жасөспірімдердің дені – өзіміздің қазақтың балалары. Ауыр атлетиканың олимпиадалық спорт түріне жататынын ескерсек, бұл спорттан алдағы олимпиада чемпиондарының есімдері де қазақша болуы керек. Ауыр атлетикадан өңірлерде чемпионаттардың өтуінің, аудандарда үйірмелердің ашылуының арғы жағында осындай ұлттық  мұрат  жатыр.

Чемпионаттың ауыр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздары ҚР чемпионатына жолдама алды.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы


Жұмаевтың жүлдесін сарапқа салды

Күні: , 36 рет оқылды

Альпинизмнен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан альпинистері құрамасының жетекшісі, жерлесіміз Мақсот Жұмаевтың жүлдесі үшін тау туризмі техникасынан және спорттық шыңға өрмелеуден Ақжайық  ауданының орталығы – Чапаевта облыстың ашық біріншілігі өтті.

Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі орталығының ұйымдастыруымен өткен жарысқа Орал қаласы, Орал технологиялық колледжі, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Зеленов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау және Ақжайық аудандарының командалары қатысты.

Туризмнен мектеп оқушыларының шеберліктері мен дайындық деңгейлерін көтеру, жаттықтырушылар мен спортшылардың біліктілігін арттыру; тәжірибе алмасу, саламатты өмір салтын және шыңға өрмелеу спортын насихаттауды мақсат тұтқан шарада қазақстандық спортшылардың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері кеңінен әңгімеленді. Тауды сүйген, биіктікті сүйген әлемдегі мұзбалақтардың арасында жерлесіміз Мақсот Жұмаевтың болуы – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Ол – әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық шыңды бағындырған тұңғыш қазақ жігіті. М. Жұмаев 1977 жылы Теректі ауданында дүниеге келген. Мектеп есігін Чапаевта ашқан.

Аталған шараға жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады. Ауданда тау туризмінен бұған дейін де айтулы жарыстар ұйымдастырылды. Соның бәрі балалар-жасөспірімдер туризміне жақсы тәжірибе әкелді. Осыны одан әрі жетілдіруде бұл біріншіліктің маңызы зор екенін аудан басшысы атап көрсетті.

Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары Айгүл Әділова мен ақжайықтық ардагер-ұстаз, журналист Бақтығали Қоспаев командаларға  сәттілік  тіледі.

Сегіз  метр биіктікке өрмелеуден жас ерекшеліктеріне қарай балалар, жасөспірімдер және ересектер топқа бөлініп, барлығы  140 адам жарысқа қатысты. Спорттық шыңға өрмелеуден командалар жылдамдыққа және қиындыққа бағын сынады. Сондай-ақ жеке қашықтық (командалардан әр адам өзінің жеке сынағы үшін шығады), байлам қашықтық (бір-біріне көмек көрсете отырып, екі  адам қатысады), командалық қашықтықта (жартаста құтқару жұмысын жасау) топтар барын салып өнер көрсетті.

Жарыстың қорытындысы бойынша балалар тобы арасында І орынды Ақжайық ауданынан Тайпақ ауылы, ІІ орынды Жәнібек ауданы, ІІІ орынды Ақжайық ауданынан С. Ошанов атындағы орта мектеп иеленді. Жасөспірімдер тобы арасында І орынды Жәнібек, ІІ орынды Ақжайық, ІІІ орынды Тасқала ауданы еншіледі. Ересектер тобы арасында І орынды облыстық туризм орталығы, ІІ орынды Теректі ауданы, ІІІ орынды Орал технологиялық колледжі алды.

Аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының директоры Максим Үмбеталиев, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Уәлихан Малдыбаев, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының туризм бөлімінің меңгерушісі Кәмшат Металиева жүлдегерлерге дипломдар, медальдар мен кубоктар  және  ақшалай сыйлықтар табыстады.

Нұрхат   МАҒЗОМОВ,

Ақжайық   ауданы


Жасөспірімдер мен ардагерлер күресті

Күні: , 41 рет оқылды

Жуырда Оралда спорт ардагері, самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Тілекқабыл Қамзиевті еске алуға арналған самбо күресінен III ашық ел біріншілігі өтті. Оған 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер және спорт шебер атағы бар ардагер балуандар да қатысты.

  Екі жүзден астам спортшы қатысқан айтулы жарысқа Қарағанды, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген 15 команда өз бақтарын сынап көрді.

– Осы жарыста жасөспірімдермен бірге спорт ардагерлері де белдесті. Бұның өзі біздің жас балуандарымызға үлгі болады деп есептеймін, – дейді жарыстың бас төрешісі Нұфтолла Түменов.

        Жасөспірім балуандар арасынан Жалғас Тілекқабылов (42 келі, Жаңақала), Жантөре Мұқанбетқалиев (46 келі, спорт интернат), Елжан Мұсаев (50 келі, Қызылорда), Ержан Ортай (55 келі, Бөрлі), Бақдәулет Қыдырбай (60 келі, Жамбыл), Тайман Нұрғалиев СДБОМИ), Жемісбек Ангисинов (72 келі, Қызылорда), Әмір Қабақов (78 келі, Бөрлі), Хайролла Нышамбаев (84 келі, Жамбыл), Замир Хамзин (+84 келі, Бөрлі) үздік шықты. Жеңімпаз атанған самбошылар күз айларында Ақсай қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады.

        Ардагер спортшылар арасынан Руслан Әубәкіров (74 келі, Теректі), Орынбасар Жұрмағанбетов (90 келі, Сырым), Әлібек Мендіғалиев (82 келі, Бөрлі), Қаймен Есендияров (+100 келі, Орал) сияқты балуандар жеңістің биік сатысынан көрініп, Қостанай қаласында өтетін ел біріншілігіне жолдама ұтып алды.

Темір БОЛАТ   


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика