Қаратөбеде VІ Халық спорты ойындары өтуде

Күні: , 27 рет оқылды

dav

Қаратөбе ауданында ҚР Президентті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін VІ Халық спорты ойындарының ІІ кезеңі өтуде.

            

Қаратөбе, Саралжын ауылдық округтерінде өткен жарыста волейбол (ерлер), үстел теннисі, асық ату, қол күресі, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен жарысқа қатысушылар бақ сынады.

Нәтижесінде волейболдан ерлер арасында жарыста І орынды Шөптікөл командасы иеленді. ІІ орын Аққозы ауылдық округіне бұйырса, ІІІ орынды Жусандыой ауылдық округі місе тұтты.

Саралжын ауылдық округінде өткен үстел теннисінің қорытындысында ерлер арасында Медетхан Қуанғалиев (Саралжын ауылдық округі) топ жарса, әйелдер арасында Ирина Шабдарова (Шөптікөл ауылы) үздік атанды.

Ерлер арасында асық ату ойынында Досымхан Хамидуллин (Шөптікөл ауылы) үздік деп танылса, бес асық сайысында Шынаргүл Тыныштыққызы (Қаратөбе ауылдық округі)  қарсыластарынан басым түсті.

Халық спорт күндерінің аудандық кезеңі бойынша өткен қол күресі, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру спорты түрлерінен үздіктер анықталып, жогары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Қол күресінен өткен жарыста 60 келі салмақта Әли Шайжанов (Қаратөбе ауылдық округі), 70 келі салмақ дәрежесінде Әли Орынғалиев (Қаракөл ауылдық округі), 80 келіде Сағдат Жарылғаған (Қаракөл ауылдық округі), 90 келі салмақ дәрежесінде Айдынбек Жолдыбеков (Аққозы ауылдық округі), 100 келі салмақта Дәурен Бақтыгерей және  +100 келіде Арон Абуталиндер (Қаракөл ауылдық округі) үздіктер қатарынан көрінді.

Айта кету керек, VІ Халық спорты ойындары шағын футбол, жазғы президенттік көпсайыс, жағажай волейболы, қазақ күресінен ауылдық округтерде жалғасын табады.

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы 


Жерлесімізге жеңіс тілейміз!

Күні: , 81 рет оқылды

2016 жылы Олимп шыңын бағындырып, олимпиада чем­пионы атанған жерлесіміз Данияр Елеусінов кәсіпқой бокс­қа ауысқаны аян. Ол осы бағыт­тағы өзінің алғашқы айқа­сын биылғы 28 сәуір күні аме­рикалық Ноа Киддке қарсы  өткі­зіп, үшінші раундта жеңіске жеткен-ді.

Енді, міне, Данияр үшін кәсіби рингке екінші рет көтерілетін күн де келіп жетті. «Жартылай же­­ңіл салмақтағы (66,7 келі) отандасы­мыздың бұл жолғы қар­сыласы 30 жастағы венгр Габор Горбич» деген ақпарат таратты Sports.kz. Қазақстандық жанкүйерлердің түн ұйқысын төрт бөлетін бұл бә­се­ке бүгін түнде Лондондағы «York Hall» орталығында өтеді. «Vesti.kz.»-тің ақпаратына қарағанда Аста­на уа­қытымен 01:55 бастала­тын бокс бә­секесін «Хабар» те­ле­­ар­­насы ті­­­­ке­лей эфирде көр­сет­­етін көріне­ді. Үшбу бокс кешінің ең бас­ты шай­қасы екеуі де ешкімнен жеңі­ліп көр­­ме­ген жар­­тылай ауыр сал­мақ­тағы са­­йыпқырандар Лоурнес Околи мен Люк Уоткинстің арасында өте­ді. Бұл қос мықты Британия қо­­ғам­­­дас­­тығының және WBA Continen­tal кәсіпқой бокс жүйе­сі­нің чем­пиондық атағы үшін ұрыс сал­­мақ.

Осыдан екі жыл бұрын Рио олим­­пиадасында чемпион атанып, қазақстандықтардың ме­ре­йін үс­­тем қылып, Отан абыройын ас­қақ­­тат­қан Данияр бауыры­мыз­ға бар­­ша жерлестері жеңіс тілей­тіні кәміл.

Редакция алқасы


«Ертіс» — «Ақжайық» 2:0

Күні: , 36 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің ХІІІ турында Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойынын Павлодарда жергілікті «Ертіспен» өткізді.

Бұл жолы оралдықтардың қақпасын украиналық легионер Евгений Боровик қорғады. Сондай-ақ чемпионат барысында төрт ескерту алған тағы бір украиналық, шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола кездесуге қатыса алған жоқ.

Барынша тартысты өткен бәсекеде бірінші қауіпті соққыны қонақтар жасады. Иван Антипов ұрымтал тұстан ұрғанымен, оны «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыков тосып алды.

Бірінші таймдағы қос стандартты жағдай ойын тағдырын шешіп кетті. 23-минутта айып нүктесінен әуелете берілген допты Милош Стаменкович баспен қақпа бұрышына дәл бағыттай білді. 39-минутқа таман бұрыштамадан берілген доптан кейін Малик Мане өз айып алаңында Павел Шабалинді шалып жықты. Гболахан Саламиға 11 метрлік пенальтиді орындау қиындық келтірген жоқ. Үзіліс алдында «Ақжайықтың» есепті қысқартатындай мүмкіндігі болды, бірақ команда капитаны Мейрам Сапановқа дәлдік жетіспеді.

Екінші таймда П.Шабалиннің тепкен добын Е.Боровик қайтарып үлгерді. Доп қақпа жақтауына тиіп, кірмей қалды. Кездесу барысында М.Маненің де баспен соққан добы қақпадан қиыс кетті.

Осылайша 2:0 есебімен жеңіске жеткен павлодарлықтар турнир кестесінде 17 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Дәл сондай ұпайы бар оралдықтар алтыншы сатыға сырғыды.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц қос голды өткізіп алғанына қарамастан, өз ойыншыларының осы жолы да барын салғанын, оларға риза екендігін жеткізді.

Енді Қазақстан ұлттық құрамасының өнер көрсетуіне байланысты біріншілікте екі аптадай үзіліс болады. 17 маусым күні өтетін келесі турда «Ақжайық» өз алаңында көшбасшы команданың бірі «Қайратты» қабылдайды. Батысқазақстандықтар «Астанамен» кездесудегідей шеберлік көрсете ала ма, оны алдағы ойын көрсетеді.

Айта кетейік, бас бапкер мәселесі әлі шешіле қойған жоқ.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайық» – «Қайсар» 0:0

Күні: , 25 рет оқылды

Өткен жексенбі күні Футболдан ел чемпионатының ХХІІ турында Оралдың «Ақжайығы» П. Атоян атындағы стадионда Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады.

Батысқазақстандық клубтың бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц сәрсенбі күні «Астанамен» өткен ойындағы құрамға өзгеріс енгізе қойған жоқ. Дегенмен бұл жолы алаң иелеріне дәл сондағыдай сәттілік жолдас болмады.

Матч барысында қонақтар допқа көбірек иелік етіп, «Ақжайықтың» қақпасына жиірек қауіп төндірді. Сондай сәттерде қақпашы Сергей Ткачук екі мәрте сэйв жасай білді. Екіншісінде С. Ткачук қайтарған допты Игорь Худобяк теуіп үлгерді. Енді бірде «Қайсардың» құрамындағы франциялық легионер Иоанн Аркин бос қалған қақпаны дәл көздей алмады.

Жалпы, осымен үшінші ойын қатарынан С. Ткачук өз қақпасын аман алып қалып отыр. Әрине, мұнда қорғаушылардың да үлесі бар.

Шабуыл ұйымдастыру кезінде «Ақжайық» футболшыларына дәлдік жетіспеді. Тіпті өзіне қарсы тәртіп бұзылғаннан кейін белгіленген айып добын Малик Мане қақпадан әлдеқайда жоғары тепті. Екінші таймда Иван Антиповтың орнына шыққан, чемпионатта 8 голмен мергендер көшін бастап келе жатқан украиналық легионер Адеринсола Хабиб Эсеола да жарқырай көріне алған жоқ. Ол соққан допты төрешілер шабуылшы ойыннан тыс қалды деп есептемесе, содан кейінгі оңтайлы сәтте Эсеоланың өзі мүлт кетті. Бәлкім, оны бірден ойынға қосу керек пе еді, әйтеуір алаң иелері бұл кездесуде басымдылық таныта алмады. Қайта қызылордалықтар жеңістің ауылына бір табан жақын тұрды деуге болады. Қос команда бірінші айналымда да Қызылордада 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. «Ақжайық» бұл турдан кейін 17 ұпаймен бесінші орында келеді.

Айта кетейік, өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ұтқан астаналықтар қоржынындағы ұпай санын 34-ке жеткізді. Атырауда жергілікті клубты 3:1 есебімен тізе бүктіріп, 29 ұпай жинаған «Қайрат» бұрынғысынша екінші орында.

Әйтсе де, алматылықтардың елордалықтардан екі ойыны кем. Сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен ұтқан Қостанайдың «Тобылы» 26 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Бейсенбі, 31 мамырда ХІІІ турдың ойындары өтеді. Бұл күні оралдықтар Павлодарда жергілікті «Ертіспен» шеберлік байқасады. Жексенбі күні Ақтөбеде жергілікті клубпен 1:1 есебімен тең ойнаған алтыншы орындағы павлодарлықтардың еншісінде 14 ұпай бар әрі батысқазақстандықтардан бір ойыны кем. Сондықтан олар «Ақжайықты» қуып жету үшін өз алаңында жеңіске ұмтылатыны анық.

Ғайса  БӘЙМЕН


Бастаманы қолдайды

Күні: , 54 рет оқылды

Сенбі күні «Ақжайық» стадионында денсаулық сақтау саласы мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті оқу орындары ұжымдарының қатысуымен  республикалық «Challenge Другой ты!»  акциясы өтті.

Елбасы өзі бейнеүндеу жариялап, қолдау білдірген «Challenge Другой ты!»  бастамасын батысқазақстандықтар да қолдайтынын жеткізді.  Бұқара халық арасында дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.

– Дәл қазір еліміз бойынша отандық спорт, мәдениет саласының танымал өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен бір мезгілде дене шынықтыру  жаттығулары өтуде. Олар осылайша денені шынықтырып, спортпен шұғылдануды жас ұрпаққа үлгі етуде. «Дені саудың – жаны сау» деп бабаларымыз бекер айтпаған.Біз басым бөлігіміз, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер күн ұзағына компьютердің алдында отырамыз. Сондықтан жұмыс барысында уақыт тауып, денені шынықтырып тұрған жөн. Өңір тұрғындарын қимыл-қозғалысты арттырып, денсаулыққа барынша көңіл бөлуге шақырамын. Әрқашан спортпен шұғылданып, денсаулықтарыңызды нығайтып жүріңіздер! – деді салтанатты шарада сөз алған Ғабидолла Абдоллаұлы.

Шара басталмас бұрын өңір спортшылары қатысушыларға арнап каратэ, күрес, бокс, футбол сықылды спорт түрлерінен шеберлік сағатын ұйымдастырды. Кейін жиналғандар 15 минут бойы көңілді әуен ырғағымен дене шынықтыру жаттығуларын жасады.

Өз тілшіміз


Елбасының бейнеүндеуіне қолдау

Күні: , 32 рет оқылды

Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Challenge Другой ты!» атты республикалық спорт шарасына қолдау көрсетіп, осы акцияның қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған болатын. Бейсенбі күні облыс әкімі Алтай  Көлгінов бастаған оралдықтар қалалық мәдениет және демалыс саябағына жиналып, Елбасының игі бастамасын қолдау мақсатында жаппай жүгіру ұйымдастырды.

Айта кетейік, бұл бастаманың мақсаты – еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыру мен саламатты өмір салтын насихаттау. Акция аясында отандық танымал спортшылардың, еліміздің мәдениет және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жаттығулар өткізу жоспарланып отыр. Осылайша олар қазақстандықтарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ынталандыратын болады.

Оралдық жас кәсіпкер Асхат Рамазанов 11 күн бойы өзінің инстаграм парақшасында қала тұрғындарын орталық саябақта өтетін таңғы жүгіруге қолдау білдіруге шақырған болатын. Бүгінде салауатты өмір салтын ұстанып, таңғы жүгіруге қатысушылардың қатары күн санап көбейіп келеді.

– Әр адам өзінің алдына қойған мақсатқа жетуі үшін ең алдымен темірдей тәртіп қажет. Қанша жерден дарынды болсаң да, тәртіпсіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Өмір – қысқа қашықтыққа жүгіру емес. Шеті көрінбейтін ұзақ сапарда сен өзіңнің мықты екендігіңді, қойған мақсатқа жете алатыныңды дәлелдеуің қажет. Сондықтан әр бастаған ісіңіздің нәтижесіне жету керек. Егер сіз таңғы жүгіруді өзіңізге мақсат тұтсаңыз, тоқтамаңыз, – деді жиналғандар алдында сөз алған Асхат Рамазанов.

Елбасымыз өз бейнеүндеуінде «Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады.

Бақыт бұл – байлық та емес, мансап та емес. Оның 90 пайызы денсаулықта жатыр. Әрбір азамат «шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал.

Мемлекет дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, спорт саласын дамытуға жағдай жасап келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Барлық облыста стадиондар жөнге келтірілді, теннистік корттарды салып жатырмыз. Қазір қалаларды аралап көрсеңіздер, әрбір ауданда, әрбір аулада, яғни барлық жерлерде  кішкентай спорт алаңдары жасалып, сол жерде біздің жастарымыз шынығып жүр», – деп атап өткен болатын.

Аталған акция аясында елімізге танымал спортшылар мен өнер қайраткерлері түрлі жаттығулар жасап, көпшілікті спортпен айналысуға шақырған болатын.

Орталық саябақта өткен жаппай жүгіруге өңірдің белгілі спортшылары да қатысты. Көпшілікпен бірге жүгіру жолағынан өтіп, спорт алаңында жаттыққан облыс әкімі бұл игі шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратындығын айтты.

– Өзіңді өзгертіп, басқа қырыңыздан танығыңыз келсе, спортпен шұғылдануыңыз керек. Сондықтан барша жерлестерімді спорттан қол үзбей, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – дейді облысымыздың мақтанышы, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі Нұрберген Жұмағазиев.

Динара КИНДЕРБАЕВА


«Ақжайық» — «Астана» 3:0

Күні: , 21 рет оқылды

Футболдан премьер-лига командалары арасында Оралдың «Ақжайығы» П. Атоян атындағы стадионда ел чемпионы «Астананы» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ХХІІ турдың алға ысырылған ойыны болатын. Ел біріншілігінде жекедара көш бастап келе жатқан астаналықтардың бәсі жоғары екендігі түсінікті еді. Дегенмен жасыл алаңда небір тосын жағдай болатындығын осы кездесу көрсетті.

«Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц чемпионаттың сұрмергені, украиналық Адеринсола Хабиб Эсеоланы бірден алаңға шығарған жоқ. Есесіне Украина елінің тағы бір өкілі, талай жыл Львовтың «Карпаты» командасының намысын қорғаған жартылай қорғаушы Игорь Худобяк 4-минутта Руслан Қайыровтың пасынан кейін Александр Мокин қорғаған қақпа бұрышын баспен дәл көздеді.

Елордалықтар шабуылдап баққанымен, «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук бастаған ойыншылар сәтті қорғана білді. Екінші таймда «Астана» капитаны Дмитрий Шомконың қателігінен кейін сенегалдық шабуылшы Малик Мане есепті 2:0-ге жеткізді.

«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян сербиялық және ганалық шабуылшылар Джордже Деспотович пен Патрик Твумасиді ойынға қосқанымен, одан көп ештеңе өзгерген жоқ. Керісінше Иван Антиповтың орнына Эсеола шыққан бойда Мане екеуі алға ұмтылды. Әйтсе де, Маненің тепкен добы қақпадан қиыс кетті. Дегенмен 86-минутта Эсеола оң қанаттан Абзал Бейсебековті алдап өтіп, биылғы біріншіліктегі өзінің сегізінші голын соқты.

Осылайша «Ақжайық» күтпеген жерден «Астананы» ірі есеппен ұтып кетті. Бұл батысқазақстандықтар үшін елордалықтармен ойындардағы бірінші һәм тарихи жеңіс еді.

Кездесу соңында облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы барып, «Ақжайық» ойыншыларын жеңісімен құттықтады.

Елордалықтар 31 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келе жатқанымен, олардан алматылық “Қайраттың” екі ойыны кем. Қазір 26 ұпаймен екінші орында тұрған алматылықтар сол қос кездесуін сәтті өткізсе, астаналықтарды қуып жетеді. Ал 16 ұпай жинаған оралдықтар бесінші орынға көтерілді.

«Ақжайық» алдағы жексенбі, 27 мамыр күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды. Бұл да жауапты кездесудің бірі екені анық, сондықтан босаңсуға болмайды.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайық» — «Жетісу» 2:0

Күні: , 46 рет оқылды

Футболдан ел чемпионатының он бірінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасын қабылдап, 2:0 есебімен ұтты.

Бұл жеңіс оралдықтарға оңайлықпен келген жоқ. Осының алдында Ақтөбеде 3:5 есебімен ұтылып, Владимир Мазяр кеткеннен кейін командаға бас бапкердің міндетін атқарушы, жергілікті маман Артур Авакянцтың басшылық етуіне тура келді.

Бірінші таймда алаң иелерінің адымы ашыла қойған жоқ. Қазақстандық белгілі жаттықтырушы Дмитрий Огай баптайтын талдықорғандықтар көбірек шабуылдады. «Ақжайықтың» ойыны жүрмеді десе де болады.

Ойынның екінші кезеңінде  ғана алаң иелерінің екінші тынысы ашылғандай болды. Көп ұзамай Иван Антипов пен украиналық легионер Адеринсола Хабиб Эсеола қақпашыға екеуі бірдей шыққанымен, дәлдік жетіспеді. Дегенмен 67-минутта оң қапталдағы қорғаушы Руслан Қайыровтың пасынан кейін Эсеола өз мүмкіндігін мүлт жібермей, баспен допты қақпада тулата алды.

Екінші таймда Артур Авакянц тағы бір украиналық легионер Игорь Худобяк пен сенегалдық Малик Манені ойынға қосты. Әсіресе, М.Маненің допты ұстаудағы шеберлігі анық көрінді. 80-минутта дәл сол М.Маненің пасынан кейін Эсеола есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның осы чемпионаттағы жетінші голы еді. Сөйтіп ол мергендер көшін бастады.

Кездесу барысында «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук барынша сәтті ойнап, бірнеше рет қауіпті соққыларды қайтара білді.Ал талдықорғандық жартылай қорғаушы Рауль Джалилов қақпашымен жекедара шыққанымен, оның тепкен добы қиыс кетті. Матч соңына таман доп қақпа жақтауынан кері қайтты. Кей ұрымтал сәттерде қорғаушылар да көмекке келді. Мысалы, Р.Қайыров Давид Мавутордың соққысынан кейін қақпаға еніп бара жатқан допқа тосқауыл бола алды. Р.Қайыров пен Эсеола республикалық sports.kz интернет-порталы жариялаған үздік 11 ойыншының қатарына енді.

Осылайша «Ақжайық» бірінші айналымды алтыншы орынмен қорытындылады. 23 мамыр күні оралдықтар біріншілікте 31 ұпаймен жекедара көш бастап келе жатқан «Астана» командасын қабылдайды. Бұл ХХІІ турдың кездесуі болғанымен, қос команданың келісуіне байланысты осы күнге алға ысырылған болатын.

Айта кетейік, өткен турда елордалықтар «Ақтөбені» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, «Қайрат» Алматыда Қарағандының «Шахтерін» (2:0) жеңді. Астаналықтардан бір ойыны кем алматылықтар 26 ұпаймен екінші орында келеді. Шымкентте «Ордабасыны» 1:0 есебімен қапы қалдырған Қостанайдың «Тобылы» 22 ұпаймен үшінші сатыға нық беки түсті. Шымкенттіктер 16 ұпаймен төртінші орында қалды. Ең ірі есеп Павлодарда тіркелді. «Қызылжарды» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Ертіс» бесінші орынға көтерілді.

Екінші айналым ойындары 27 мамыр күні басталады. Бұл күні ХІІ турда «Астана» — «Жетісу», «Ақжайық» — «Қайсар», «Ақтөбе» — «Ертіс», «Атырау» — «Қайрат», «Қызылжар» — «Ордабасы», «Шахтер» — «Тобыл» кездесулері өтеді.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


«Ақтөбе» — «Ақжайық» — 5:3

Күні: , 37 рет оқылды

Футболдан  Қазақстан  чемпионатының  оныншы  турында «Ақжайық» Ақтөбеде  жергілікті  командамен  кездесіп,  3:5 есебімен  жеңіліп  қалды.

ФИФА тәртіптік комитетінің шешімімен алты бірдей ұпайынан айырылған «Ақтөбе» клубы биылғы чемпионат барысында қиын жағдайда қалған болатын. Небәрі 4 ұпаймен көш соңында келе жатқан ақтөбеліктердің алға ұмтылатыны анық еді. Солай болды да. 27-минутта Бағдад Қайыров қақпа кілтін тапса, 41-минутта Маркос Пиззелли, 45-минутта Рейналдо есепті 3:0-ге жеткізді.

Өз қақпасына үш гол өткізіп алған Украина елінің өкілі Евгений Боровикті екінші таймда қазақстандық Сергей Ткачук алмастырды. Бірақ ол да қақпасын аман сақтай алмады. 56-минутта Рейналдо, 67-минутта Пиззелли мергендігімен танылды. Матч барысында өте сылбыр ойнаған қонақтардың тек содан кейін ғана есі кіргендей болды. 73-минутта украиналық қорғаушы Сергей Басов, екі минуттан кейін оның отандасы, шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола есепті қысқарта алды. 83-минутта сенегалдық шабуылшы Малик Мане «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұдан әріге меймандардың шамасы жетпеді.

Осылайша бір матчта сегіз гол соғылды. Бұл – биылғы чемпионаттағы қос қақпаға ең көп гол тоғытылған кездесу.  Бұл, екінші жағынан, қос команданың, әсіресе, «Ақжайықтың» қорғаныс шебінің жиі сыр бергенін көрсетеді. Оның үстіне украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдық клуб биылғы маусымда өз қақпасына ең көп гол (18) өткізіп алған команда болып отыр. Осыдан бапкерлер де, ойыншылар да тиісті қорытынды шығаратын болар.

Мұны матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында В. Мазярдың өзі де мойындады. «Қорғаныстағы мұндай қателіктер премьер-лига командасына тән емес. Егер команда бапкерді түсінбейтін болса, онда ол өзінің бұдан былайғы тағдыры туралы басшылықпен сөйлесуі тиіс. Мен де басшылармен кездесіп, бір шешімге келетін боламын», деді ол.

Айта кетейік, оныншы турда Атырауда жергілікті команданы 2:0 есебімен сүріндірген «Астана» 28 ұпай жинап, екінші орындағы қоржынында 23 ұпайы бар «Қайраттан» ұзай түсті. Елордалықтардан бір ойыны кем алматылықтар Қостанайда «Тобылдан» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл «Қайраттың» биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңілісі еді. Қостанайлықтар 19 ұпаймен  үшінші  орында  келеді.

Алдағы сенбі, 19 мамыр күні «Ақжайық» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдайды. Талдықорғандықтар кеше көшбасшылардың бірі «Ордабасы» (Шымкент) командасын қабылдап, 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Ғайса  БӘЙМЕН


Жүгіріп келіп, шахмат ойнады

Күні: , 41 рет оқылды

Орал  қаласында  Отан  қорғаушылар  және  Жеңіс  күні  мерекелеріне  арналған  көпшілік  жүгіру  шарасы  өтті.

Спорттық шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалам Сүйіншәлиев, шахматшы, халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажғалиев, каноэ мен байдаркада есуден жазғы Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген спорт шебері Алексей Дергунов, допты хоккейден әлем чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Руслан Исалиев, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы,  Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров қатысты. Сөреде «Street Workout» спортшылары шеберлік класын өткізді. Қазіргі таңда қазақстандық «Street Workout» көше жаттығулары алаңдары еліміздің барлық өңірінде көптеп салынуда. Ашық аспан астындағы белтемірде жаттығу соңғы жылдары қарқын алып келеді. Өткен жылдан бастап біздің өңірде де жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы ескеріліп, алаңдар салына бастады. Воркаут – көше жаттығулары спорты. Қазір қарқын алып келе жатқан спорттың осы түрімен елімізде мыңдаған жас айналысады. Осы спорт түрінің дамуына барынша қолдау білдіріп келе жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған эстафетасын оралдық воркаутшылар қабылдады. 1500-ден астам қатысушылар Абай даңғылынан Жеңіс алаңына дейінгі қашықтықты жүгіріп өтті. Мәреге жеткен жүгірушілерді халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажғалиевпен бір уақытта ойнайтын шахмат ойыны күтіп тұрған болатын. Шахмат ойнаушылардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Ғ. Оспанқұлов пен қала әкімінің орынбасары  М. Нұржанов та болды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика