Мұңайма, Месси! Алға Аргентина!

Күні: , 35 рет оқылды

Ресейде өтіп жатқан ала доп аламаны ортан беліне таяды. Бәсеке болған соң біреу жеңіп, біреу жеңіледі. Бабы келіссе де, бағы жанбаған құрамалар футбол тойынан тұнжырап тараса, «жолы» болған командалар жарысты жалғастыруда. Солардың қатарында Аргентина да бар.

Мұхит асып келген Аргентина алғашқы екі ойында қыруар ұпай жоғалтып, жағдайын қатты қиындатып алған еді. Топтан шығуы үшін үшінші матчта міндетті түрде Нигерияны ұтуы тиіс болатын. Ол өз алдына, қатар өтетін кездесуде Хорватия Исландияны тізе бүктірген кезде ғана плей-оффқа Аргентина шығады делінген. Міне, осындай шым-шытырық есепті шешу үшін бас бапкер Сампаоли додаға біраз жаңа ойыншыларды қосты.

Алдымен хорват шабуылшысы Ребичтің аяғына өз қолымен допты салып берген қақпашы Кабальероны орындыққа отырғызды. Оны Франко Армани алмастырды. Серхио Агуэро мен Пауло Дибала да негізгі құрамнан тыс қалды. Бапкер  сондай-ақ ойын сызбасын 4-3-3 жүйесіне өзгертіп, бұған дейін үзіліп қалған қорғаныс пен шабуылдың арасын  жалғастырды. Нигерия болса Виктор Мозес, Джон Оби Микел, Ахмет Мұса секілді мықтыларына мол үміт артты.

Жасыл алаңда жан алысып, жан беріскен «шайқас» болатындығы түрік төрешісі Жүнейт Чақырдың ысқырығынан кейін бірден байқалды. Жартылай қорғаушылар Банега мен Перес, Маскерано мен Ди Мария аяқтарына тиген допты кідіртпей Мессиге жеткізуге тырысты. Лео әдетінше әбжіл қимылдап, қарсы команданың екі-үш ойыншысын жол-жөнекей алдап, Нигерия қорғанысын әбден әбігерге түсірді. Ойынның 14-минутында шабуылшы ақыры дегеніне жетті. Ортадан доп алған Банега ойқастап ашылған Мессиге тамаша пас берді. Ала допты ала қашқан Лео оң аяқпен шірене тартып, қақпаның алыс бұрышын бүлк еткізді. Орындарынан дүр етіп көтерілген стадион толы жанкүйерлер де «Месси! Месси!» деп дауылдатып ала жөнелді…

Шынын айту керек, соғылған доп Нигерияны абыржытудың орнына қайта қамшылай түскендей әсер қалдырды. Әсіресе, «Челсидің» жартылай қорғаушысы, қара құрлықтың таңдаулы жас ойыншыларының бірі Виктор Мозес салқынқанды қимылымен көзге түсті. Екінші тайм басында осы Мозес 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есепті теңестірді.

Көрініп тұрған жеңістің ауылы қайта алыстап кеткесін Сампаоли бапкер ойынға тың ойыншылар Павон мен Месаны, артынан Агуэроны қосты. Сәт сайын Аргентинаның қысымы артып, Нигерияның тынысы тарылып келе жатты. Сөйтіп, 90 минут түгесілуге таялғанда шабуылшыларға қалай гол соғу керектігін қорғаушы Маркос Рохо көрсетіп берді. Меркадоның оң қапталдан берген добын жерге түсірмей тепкен мәскеулік «Спартактың» бұрынғы ойыншысы бұл матчтың ғана емес, күллі Аргентинаның қаһарманына айналды. Қатар өткен ойында хорваттар Исландияны ұтып, Аргентинаға плей-офф жолдамасын сыйлады. Мұңайма, Месси! Алға Аргентина!

Өзге ойындарға тоқталар болсақ, «С» тобында келесі кезеңге шығып қойған, ұпайлары түгел Франция мен Дания тең ойнаса, осы топтағы Перу Австралияны 2 : 0 есебімен ұтты. «А» тобында да жағдай осы тектес. Жолдамаға қол жеткізген Уругвай Ресейді 3 : 0 есебімен жеңсе, Сауд Арабиясы Египетті 2 : 1 етіп ұтып, өздеріне жұбаныш тапты.

«В» тобында қос жолдамаға талас соңғы турға дейін сақталды. Одан Испания мен Португалия және Иран үміткер болған еді. Бірақ, Иран Португалиямен тең ойнап, келесі кезеңге шыға алмады. Испания да Мароккомен тең нәтижеге келісті. Алда бізді «F», «H», «G», «E» топтарындағы тартысты матчтар күтіп тұр.

 Жамал Ғали


Әйгілі «неміс машинасын» «бұзылудан» Кроос құтқарды

Күні: , 35 рет оқылды

Аяқдоптан әлемдік аламанда екінші айналым аяқталды. Өткен жұма-жексенбі аралығында 9 бірдей тартысты матч көпшілікті көгілдір экран алдына телміртті. «Е» тобында Бразилия Коста-Риканы күткендегідей ұтса (2 : 0), «G» тобында Бельгия Тунисті 5 : 2 есебімен, осы топтағы Англия Панаманы 6 : 1 есебімен талқандады. Көзіқарақты жанкүйер үшін бұл ешқандай тосын жағдай емес, түсінікті, күмән тудырмаған нәтиже. Сол секілді, Колумбияның Польшаны 3 : 0 есебімен ұтып, еліне қайтаруы да ешкімді таң қалдырған жоқ.

  Таң қалдырғаны қалған 5 кездесудің қорытындысы. Чемпионат басталмас бұрын «Н» тобында тоқайласқан Сенегал мен Жапония өзара топтан шығуға таласады дегенге сену қиын еді. Дегенмен, Күншығыс елінің өкілдері де, қара құрлық ұландары да әзірге үзеңгі қағыстырып, қатар келеді. Мұны аса шиеленісті өткен ойын тағы дәлелдеді. Садио мен Вагтың голдарына жапондар Инуи мен Хонда қос доппен жауап беріп, таразы басын теңестіріп кетті. Бұл топта 4 ұпай олжалаған осы екі команда көш бастап тұр.

  «F» тобында Мексикамен кездескен Оңтүстік кәріс елі  2 : 1 есебімен ұтылып, Отандарына оралған құрамалардың санын көбейтті. Екі ойында 6 ұпай алған «Ацтектердің» жағасы жайлауда. «Е» тобындағы ең маңызды текетіресте Швейцария Сербиядан басым түсті (2 : 1). Сербтер Митровичтің арқасында есеп ашқанымен Джака-Шакири жұбы жеңісті жұлып әкетті.

  «D» тобында турнирдің жұмбақ командалары – Нигерия мен Исландия кездесті. Кекілдерін күн сүйген африкалық желаяқ жігіттерді жанартаулар мен ыстық бұлақтар елінің 11 өкілі тасқамал қорғаныспен қарсы алды. Бұл ойында бұрынғы мәскеулік ЦСКА-ның ойыншысы, қазір ағылшындық «Лестерде» жүрген Ахмет Мұсаның айы оңынан туды. Ресейдің топырағына табаны үйренген, орман-орыстың жасыл алаңын талай таптаған Мұса бірінен соң бірі екі доп соғып, мергендер көшіне қосылды. Жалғыз ұпайы бар Исландия да топтан шығуға мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Ол үшін енді Исландия Аргентинаны ұтып, Нигерия Хорватиядан ұтылуы керек. Қысқасы, бәрі бірер күнде  белгілі болмақ.

  Ең үлкен сенсация «F» тобында тіркеле жаздады. Төрт жыл бұрын әлем чемпионы атанған Германия құрамасы азулы Швециямен алаңға шықты. Бұл не бел кетеді, не белбеу кетеді деген ойын еді. Себебі, алғашқы турда әйгілі «неміс машинасы» сыр беріп, Мексикаға есе жіберген болатын. Енді жеңілсе, нағыз масқаралары шығатындығын жақсы түсінген бас бапкер Иоахим Лев қол астындағы бар мықтыларын бәйгеге қосты. Қақпада тәжірибелі Нойер, қорғаныста Киммих, Боатенг бастаған батырлар, ортада Кроос, Ройс секілді жартылай қорғаушылар, шабуылда Мюллер, Гомес секілді шеберлер ойқастады. Соған қарамастан ойын немістер үшін өте сәтсіз өрбіді. 32 минутта Тони Кроостың өрескел қателігін пайдаланған швед шабуылшысы Тойвонен Нойерді қапы қалдырып, есеп ашып кетті. Одан әрі викингтер командалық прессингті сәтті қолданып, әдемі қорғанды. Швед қорғанысын бұзып-өту тек екінші таймда мүмкін болды. Гоместің қапталдан берген добын айып алаңына баса-көктеп енген Ройс тура теуіп, торда тулатты.

Қалай десе де, тең нәтиженің өзі Германияға тиімді емес еді. Сондықтан, «неміс машинасы» 90 минут бойы шабуылдаудан бір тынбады. Алайда, одан еш пайда болмады. Сөйтіп, матчтың негізгі уақыты бітіп, 5 минут қосылғанда немістердің жаны мұрындарының ұшына келгендігі анық еді. Дегенмен, күштіге ғана сәттілік серік болады деген рас екен. Ойын аяқталуға 30 секунд қалғанда Тони Кроос айып добын дәл соғып, тоғыздыққа топ еткізді. Біз сөзбен айтқанда, әйгілі «неміс машинасын» «бұзылудан» Кроос құтқарды…

Жамал Ғали


«Ақжайық», қайда барасың?

Күні: , 28 рет оқылды

Ел біріншілігінің ХV турында Оралдың «Ақжайығы» Шымкентте «Ордабасы» командасымен жасыл алаңға шықты.

Алаң иелерінің басымдылығымен өткен бәсекеде қонақтар бірінші болып есеп ашты. 39-минутта оң қанаттан Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антиповтың берген добын сенегалдық Малик Мане баспен қақпаға дәл соқты. Бұл оның «Ақжайық» сапындағы төртінші голы еді.

Бес минут өтер-өтпесте стандартты жағдайдан кейін «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапановтың басы мен аяғына тиіп, өзіне келген допты қақпа алдында жалғыз тұрған «ордабасылық» Еркебұлан Тұңғышбаев жылжыта салды.

Екінші таймда шымкенттік клубқа бас бапкер болып таяуда тағайындалған грузиялық маман Кахабер Цхададзе тыңнан ойыншылар қосты. Бұл тәсіл ақыры пайдаға асты. Ойын соңына таман тағы да қорғаушылардың қателігінен кейін өзбекстандық шабуылшы Иван Нагаев жеңіс голын соғып кетті – 2:1.

Кездесу барысында украиналық легионер Евгений Боровик өз қақпасын бірнеше рет аман алып қалғанымен, қорғаушылар сәтсіз ойнады. Мұны матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында бас бапкердің міндетін атқарушы Артур Авакянцтың өзі де мойындады.

«Мұндай жеңіліске өкінуге ғана тура келеді. Шәкірттерімнің еңбегі рәсуа болды, қажетсіз екі голды өткізіп алдық. Бүгін «Ордабасы» жеңген жоқ, біз ұтылдық. Бізге шабуыл шебінде ұшқырлық жетіспеді, қорғаныста өрескел қателіктерге жол бердік», деді А.Авакянц.

Осылайша қатарынан үш мәрте жеңіліс тапқан «Ақжайық» жетінші орынға сырғыды. Оралдықтардың қарсыластарына қарағанда, бір ойынды артық өткізгенін ескерсек, команданың көш соңында қалуы да ықтимал. Өйткені олардың келесі қарсыласы осал емес. 1 шілде күні батысқазақстандықтар турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды. Оның үстіне қостанайлықтар өткен турда өз алаңында ақтөбеліктерге 2:3 есебімен есе жіберді. Бұл кездесуде «Ақтөбе» құрамындағы армениялық легионер Маркос Пизелли хет-триктің авторы атанып, 9 доппен мергендер көшін бастады.

Сонымен, команда сұрмергені Адеринсола Эсеола «Қайратқа» ауысқаннан кейін «Ақжайықтың» шабуыл шебі әлсіреді. Ол аз болғандай, қорғаныс та жиі сыр бере бастады. Команда құрамын күшейтетіндей футболшылар тым аз. 4 шілдеден бастап Қазақстанда трансферлік терезе ашылады. Сол кезде «Ақжайықтан» гөрі бай командалар көз салып жүрген мықты ойыншыларды жоғалтып алмай, құрамды нығайтсақ, қане. Оған қоса 13 мамырдан бері бас бапкер мәселесі де шешілмей келеді.

Жуырда өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева «Ақжайық» футбол клубының сатып алу құқығымен бес жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілгенін мәлімдеді.

Ә.Аманбаеваның айтуынша, «Ақжайық» футбол клубының бюджеті премьер-лигада өнер көрсететін командалар арасында ең азы болып есептеледі, 1 млрд. теңгеге жетпейді. Бұл қаржы ойыншылардың жалақысына ғана кетпейді. Сонымен қатар Орал қаласы мен төрт аудандағы балалар футбол орталықтарына қаржы бөлінеді, оларда жеті жүздей жеткіншек жаттығады.

Болашақта командаға демеуші болатындай белді компания табыла ма, ол да белгісіз.

Қорыта айтқанда, мына бағытпен кете берсе, «Ақжайықтың» жоғары орындар тұрмақ, премьер-лигамен қош айтысуы ғажап емес. Сондықтан нақты шаралар керек.

Ғайса БӘЙМЕН


Аргентина «ауылға» қайта ма немесе Месси трагедиясы

Күні: , 66 рет оқылды

Ресейдегі биылғы доп додасы сенсацияның «көкесін» көрсетуде. Озық дегендер тозып, жүйрік дегендер жер қауып, жанкүйердің онсыз да осал жүйкесін жеп бітуге жақын қалды. Өткенде Бразилия мен Германия «таяқ» жесе, тап қазір әлем көз тіккен Аргентина, төрткүл  дүние түгел мойындаған Месси масқара болудың аз-ақ алдында тұр!

Түсінікті болуы үшін басынан бастасақ. Соқыр жеребе «D» тобына Хорватия, Исландия, Нигериямен қатар Аргентинаны анықтаған уақытта бұл топтың жеңімпазы кім болатындығы күмән келтірмеген-тұғын. Енді ше, сапында «Барселонаның» аңызы бар ұжым мұхиттың арғы жағынан ат тоздырып келгенде, басқа мақсат болмасы анық-ты. Алайда, Аргентинаның алғашқы аптығын гейзерлер (ыстық су бұрқақтары) елі – Исландия құрамасы сөздің тура мағынасында су сепкендей басты. Жердің шетінде, желдің өтінде жатқан, Атлант мұхитының алып құшағындағы ноқаттай ғана аралдың өкілдері шеттерінен намысты екен. Бұл аралда бар-жоғы 330 мың адам тұрады. Сондықтан ойыншылардың барлығы бір-бірімен аталас ағайын деген дұрыс. Мәселен, құрамада үш Сигурдссон, екі Гудманссон бар. Халық санының аздығына қарамастан, алақандай мемлекеттің 11 ұланы осы чемпионатта ұлттық рухтың қандай болатындығын нақты іспен дәлелдеп берді. Серхио Агуэроның добына Альфред Финбагассонның добымен жауап беріп, 90 минутты тең аяқтады.

Әрине, Исландияның «тосын» сыйынан кейін Аргентина бапкері Хорхе Сампаоли мықтап ойлануы керек еді. Маскерано, Ди Мария, Агуэро, Игуаин, Дибала және ең жарық жұлдыз Мессиі бар команда шырт «ұйқыдан» оянуы шарт еді. Төрт құрлықтың футбол тойында қалпақпен ұрып алатын қарсылас болмайтындығын түйсінуі тиіс еді. Оның үстіне келесі қарсылас – Хорватияның қарқыны қауіп тудыруы тиіс болатын (Хорватия соның алдында Нигерияны 2 : 0 есебімен ұтқан). Бірақ, жасыл алаңдағы жағдай тағы да Аргентинаның бүгінгі бейшара күйін айқын көрсетті.

Бірінші тайм аздаған аңдысудан кейін ашық майданға ұласты. Екі жақ та есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Аргентинадан Перес, Хорватиядан Манджукич, Ребич, Перишичтер ұрымтал тұстан қақпаға допты қиыс тепті.

Ойынның екінші бөлігі Балкан батырларының қай-қай жағынан да басымдығын байқата бастады. Әсіресе, орталық шеп мен шабуылдың арасын шаршамай жалғаған команданың «моторы», желаяқ Лука Модричтің қимылы ерекше сүйсінтті. Мұндай қысым түптің түбінде өз нәтижесін беретіндігі тек уақыттың еншісіндегі шаруа болатын. Аргентина ақыры сыр берді. Қақпашы Кабальеро қолындағы допты асығып алға тебемін деп, сол маңда қарауылдап жүрген Ребичтің аяғына тура салып берді. Хорват 10 метрден шірене тартып, есеп ашты. Матч соңына таман Модрич пен Ракитич тағы екі гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Сөйтіп, бүгінгі футбол «құдайы» Месси бастаған Аргентина бұрынғы фубол «құдайы» Марадонаның көз алдында (стадионда тамашалап отырған) масқара болды. Стадиондағы ызаға булыққан жанкүйерлер Сампаолиге бөтелке лақтырып, қарғап-сілеп алаңнан қуды.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатына басы салбырап келген Хорхе бапкер бар кінәні өз мойнына алды. «Бүгінгі жеңіліске бір ғана Кабальероны айыптау дұрыс емес. Барлық кінә менен кетті. Мен жасыл алаңда ойыншылардың өзара «тіл табысып» ойнауына, соның ішінде, Мессидің мүмкіндігін толық көрсетуіне қол жеткізе алмадым. Тылды жалаңаштап, тек үш қорғаушыны қалдыру да қателік болды. Үміттерін ақтамағаным үшін жерлестерімнен кешірім сұраймын»  депті ол.

Енді Аргентинаның топтан шығуы өте қиын, тіпті, ондай мүмкіндік жоққа жақын деуге болады. Ол үшін математикалық болжам жасауға асықпай, Нигерияға қарсы соңғы ойынын тамашалағанымыз дұрыс.

Ал, хорваттардың көңілдері жеті қат көкте. Қос ойында 6 ұпайды қоржынға салған олар топтан шығып, алақандарын ысқылап отыр. Матчтың үздік ойыншыларының бірі Лука Модрич екінші таймда қарқындарына қарқын қосылғанын айтыпты. «Бірінші таймдағы алма-кезек шабуылдардан кейін ойынның екінші бөлігінде тынысымыз одан әрі ашылды. Қақпашының қателігі дейсіз бе? Рас, оның көмегі болды. Дегенмен, тағы да екі доп соғып, мықтылығымызды дәлелдедік. Біз әлемдегі азулы командалардың бірі – Аргентинаны ұттық!» – деп қуанышын жасыра алмаған Модрич жетістіктің басты сыры ынтымағы жарасқан ұжымдық ойын екендігін алға тартқан екен.

Өзге топтардағы жағдай, әзірге күтілген, болжанған үдеден шығуда. «B» тобының фавориті, Криштиану Роналду бастаған Португалия 1:0 есебімен Марокконы тізе бүктірсе, осы топтағы Испания Ираннан дәл осы есеппен басым түсті. «А» тобындағы Суарестей сұрмергені бар Уругвай да Сауд Арабиясын 1 : 0-мен жеңді. «С» тобынан Австралия Даниямен тең түсті (1 : 1), Франция Перуді бір-ақ доп айырмашылығымен әрең жеңді (1 : 0).

Алдағы демалыста жанкүйерлерді өте тартысты бірнеше кездесулер күтіп тұр. Олар: Бельгия – Тунис, Оңтүстік Корея – Мексика, Германия – Швеция, Англия – Панама, Жапония – Сенегал және Польша – Колумбия матчтары. Бұл жан алып, жан берісер «шайқастардың» қай-қайсысында да өрнекті ойын өрістеп, көрермен қауымның айызы қанса дейміз.

Жамал  ҒАЛИ    


«Білікті бапкерлер жетіспейді»

Күні: , 86 рет оқылды

Сейсенбі  күні  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында облысымыздағы  олимпиадалық  және  бұқаралық  спорт  түрлерінің  дамуы  мен  болашағы  туралы  баспасөз  мәслихаты өтті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, биыл олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар сапына  237 батысқазақстандық спортшы іліккен. Яғни жазғы олимпиадалық спорттан  205, қысқы олимпиадалық спорт түрінен 32 спортшы болашақта түрлі додаларда өнер көрсетпек. Былтыр ұлттық құрамада  219 спортшы болған еді. Батысқазақстандықтар спорттың олимпиадалық емес 26 түрінен, жазғы олимпиадалық  спорттың 24 түрінен,  қысқы олимпиадалық  спорттың 4, паралимпиадалық спорттың 20, ұлттық спорттың  сегіз түрі бойынша  саралаудан өткен.

Ағымдағы жылдың бес айында ҚР чемпионаттарында бақ сынаған 34 ересек, 12 жас, 46 жасөспірім спортшы  жүлдегер  атанған.

Өңірде 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болса, оның екеуі олимпиада резервінің мамандандырылған  мектебі  екен.

Сонымен қатар олимпиада резервтерін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, 11 спорт клубы, оның ішінде «Ақжайық» спорт клубы, «Жайық» волейбол клубы, «Ақжайық» футбол клубы секілді кәсіпқой  клубтар  жұмыс  істейді.

– Республикалық, халықаралық спорттық-бұқаралық және сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына 554 спорттық шара енгізілді. Бүгінгі күні аталған жоспардың 83,1 пайызы орындалды. Бұл көрсеткіш күнтізбелік жоспардың сапалы бекітілгенін және қаржының тиімді игерілуінде екенін көрсетеді. Қысқы олимпиадалық спорт түрлерін, соның ішінде шаңғы жарысы, сондай-ақ жеңіл атлетика бойынша білікті жаттықтырушылардың жеткіліксіздігінен аталмыш ойын түрлерін дамытуда қиындықтар кездесіп отыр, – деді Әсия Рахымқызы.

Облыста балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде олимпиадалық спорт түрлерінен үш халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 25 спорт шебері, 270 спорт  шеберлігіне кандидат болса, 327 спортшының І разряды  бар екен.

Былтыр «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жергілікті бюджет есебінен аудандарда  24 спорттық алаң бой көтерсе, Орал қаласында «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Street Workout» Қазақстан қауымдастығы есебінен 10 спорттық алаң  салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ былтыр «ҚПО б. в.» компаниясының есебінен Ақсай қаласында және жергілікті бюджет есебінен Зеленов ауданының орталығында 160  орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Қазіргі таңда «ҚПО б. в.» компаниясының есебінен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталмыш кешен тамыз айында пайдалануға берілмек.

– Облысымыз бойынша Орал қаласы мен Бөрлі ауданында ғана дербес дене шынықтыру және спорт бөлімдері бар.  Қалған 11 ауданда мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері жұмыс істейді. Ауылдық округтерде спорт клубтарының нұсқаушы-әдіскерінің жоқтығына байланысты бұқаралық спортты дамыту жұмысымен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары айналысып отыр. Барлық дамытылатын 27 олимпиадалық спорт түрінен ауданда 16-сы бойынша ғана жүйелі жұмыс жүруде. Биылғы оқу жылында әйелдер күресі мен тоғызқұмалақтан бөлімшелер ашылды. Олимпиада резервтерін даярлау орталығында академиялық есу, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі,  велоспорт, шорт-трек, садақ ату, таэквондо, волейбол, жеңіл атлетика, ауыр  атлетика секілді спорт түрлері дамытылуда. Мектеп-интернатта 247 бала тәлім алып, 26  жаттықтырушы қызмет етіп жүр. Жас спортшылардың 44-і ұлттық құрама командасының мүшелері. Спортта  жетістікке  жету үшін ең бірінші жаттығу орындары материалдық-техникалық жағынан жарақтануы керек. Кейбір аудандарда спортзалдарының жоқтығына байланысты жаттығу сабақтары жеке тұлғаларға немесе түрлі кәсіпорындарға тиесілі залында өткізілуде. Қазір 12 ауданның жетеуінде бұқаралық спортты дамыту бойынша спорт клубтары жұмыс жасайды. Олар Ақжайық ауданындағы «Жігер», Бөрлідегі «Ақсай», Қазталов ауданындағы «Айбын», Қаратөбе ауданындағы «Қаратөбе», Сырымдағы «Қайсар», Тасқаладағы мәдени-сауықтыру клубы мен Шыңғырлаудағы спорт клубы, – деді   облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Әсия Аманбаева.

Басқарма жүргізген есеп бойынша былтыр шыңғырлаулықтар мен оралдықтар дене шынықтырумен жүйелі айналысушылар ретінде тіркелсе, бұл бағыттағы ең төменгі көрсеткіш Жаңақала мен Қаратөбе аудандарына тән болып отыр.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


Орыс «ертегісінің» жалғасы бар ма?..

Күні: , 57 рет оқылды

Ресейдегі аяқдоптан әлемдік доданың 18 маусымдағы кестесіне үш ойын қойылған болатын. Алғашқы жұп Швеция – Оңтүстік Корея арасындағы бәсекеде шведтердің жеңісі күмән тудырған жоқ. Ағылшындық «Халл Ситидің» ойыншысы Себастьян Ларсен бастаған жігіттер бір доп соғып, кәрістерді қапы қалдырды.

Келесі матчта Бельгия мен Панаманың жолы түйісті. Алғашқысы аса талантты жастарды сапына тартқан құрама ретінде үлкен қызығушылық тудырса, Панама өз құрлығында (Америка) Коста-Рикадан басым болып, тарихында тұңғыш рет дүниежүзілік додаға жолдама алған еді. Шүу дегеннен Бельгия басымдығын байқатты. 47 минутта Дрис Мертенс гол салды. Артынша, 69 және 75 минуттарда Ромелу Лукаку қос доп соғып, кездесу тағдырын біржола шешіп тастады. Жалпы, мамандардың пікірінше, биылғы біріншіліктің басты жаңалығы осы Бельгия болуы әбден мүмкін.

Соңғы жұпты Тунис-Англия түйіндеп, бұл матчта 2:1 есебімен ағылшындар жеңіс тойын тойлады. Күтілген нәтиже. Таңғалудың қажеті жоқ. Ал әлемді таңғалдырған әзірге Ресей құрамасы болып отыр. Өйткені, дүниежүзілік доп-додасы басталғанша өзін-өзі «сыйлайтын» жанкүйердің бірде-бірі Ресей құрамасы топтан шығады дегенге сенген жоқ. Сенбегені былай тұрсын, мазақ қылып күлетін. Күлмегенде ше, Черчесовтың шәкірттері жолдастық кездесулерін қалай болса солай, сүреңсіз өткізіп, әбден қадірлерін қашырып алған-тұғын. Чемпионат басталмай жатып, негізгі қорғаушы Соломон Квирквелия жарақат алды. Одан қақпашы Александр Селихов «сынды». Ортада ойқастайды делінген Денис Глушаков тізімнен тыс қалды. Есесіне, жыл бойы әр клубта «жалданып» (аренда), тепкен добы жиі қиыс кетіп жүрген шабуылшы Артем Дзюба шақырылды. Осының бәрі, түптеп келгенде, бас бапкер Станислав Саламұлының атына мадақ сөздерін көбейтпегені анық.

   Сөйте  тұра,  дүниежүзілік доп-доданың беташар  ойынында  Ресей құрамасы Сауд Арабиясын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, айды аспанға шығарды. Газинский, Головин, жоғарыдағы Дзюба бір доптан, ал Черышев қос доп соғып, жанкүйерлерін бір желпіндірді.

Екінші ойын «Африканың перғауындары» атанған Египетпен болды. Футболдан алыс ағайын Египеттің Саудтардан не айырмашылығы бар деуі де ғажап емес. Бір сәтке тоқтай тұрыңыз, мұнда «Ливерпульдің» сұрмергені, биыл Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен, барлық турнирлерде 36 (!) гол соққан атақты Мохаммед Салах бар. Матч алдындағы негізгі әңгіменің барлығы қайтсек Салахты «ұстап» тұрамыз дегенге сайды. Тіпті, біреулер жарақаттан жазылмаған иығынан түйіп, оны «саптан» шығарып тастау керек дегенге дейін барды. Алайда ойын барысы мүлде басқа сипат алды. Черчесов алғы шепке түйедей Дзюба мен қолтоқпақтай Черышевті қатар жұптап шығарды. Алғашқы таймда бұл екеуі «перғауындардың» қорғанысын бұзып-жарып өте алмағанымен, біраз терлеуге мәжбүр етті. Ресей нағыз күшін екінші таймға сақтаған екен. Жартылай қорғаушы Зобниннің тепкен добы жол-жөнекей мысырлық  Фатхидың аяғына тиіп, қақпадан табылды. Аутоголдан ес жия алмай жатқанда, Черышев тағы бір голды торда тулатты. Іле-шала ебедейсіз көрінген Дзюба айып алаңында әбжілдік танытып, қос қарсыласын алдап, үшінші допты енгізіп кетті. Египеттің «жұбаныш» добын пенальтиден сол баяғы Салах соқты. Осымен қос ойында ұтылған «перғауындар» еліне қайтты. Ал Ресей өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Соңғы ойында Уругвайға есе жіберсе де, енді көршілерге бәрібір.

Египетпен ойыннан кейін бас бапкер Черчесов бір-ақ ауыз сөз айтты. «Мен ештеңе дегім келмейді, менің әңгімемді жігіттерім жасыл алаңда іспен айтты» депті сабазың. Шынында да, бұған не алып қосарсың. Енді тек өз  елінде  өтіп  жатқан  аяқдоптың  аламанына  қатысты  орыс  «ертегісі»  әрі  қарай  жалғасар  ма екен?..

Дайындаған   Жамал   ҒАЛИ

Сурет   ғаламтордан   алынды


Мемқызметкерлер қайырымдылық жасады

Күні: , 57 рет оқылды

Өткен сенбіде Орал қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет жүйесінің 20 жылдығына және Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Алға басу движение вперед» атты қайырымдылық жүгіру өтті.

Шараның мақсаты – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа баулу. Ел дамуындағы аса маңызды, жауапты қызметте халықтың зор құрметіне бөленіп, ел алғысын арқалап жүрген мемлекетік қызметкерлер осы жолы да игі істің ұйытқысы бола білді.

– Биыл еліміздегі мемлекеттік қызмет туралы заңның қабылданғанына 20 жыл. Біз қазір мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына бағытталып, жаңа жүйеге көшіп келе жатқанын айқын аңғарып отырмыз. Жұмыстан үйге уақтылы жіберу, жалақыны өсіру, дене шынықтырумен айналысуға көбірек көңіл бөлу сияқты өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметті ең беделді қызметке айналдыру жолында үлкен қадамдар жасалуда, – деген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қайырымдылық жүгіруге қатысқан барлық мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақовтың айтуынша, қайырымдылық жүгіруге 800-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысқан. Әр қызметкер қайырымдылық акциясына қатысу үшін жарна төлеп, нәтижесінде 500 мың теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл қаржы түгелімен Аружан Саинның «ДОМ» қоғамдық қорына аударылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі науқас балалардың ем-домына жұмсалатын болады.

 Абай алаңынан бастау алған қайырымдылық жүгіру Жеңіс алаңында мәреге жетті. Үш шақырым қашықтықты ерлер арасында ең бірінші болып Сергей Курдин бағындырса, әйелдер арасында Айсұлу Дияшева жеңімпаз атанды. Оралдық Куликовтар отбасы «Спорттық отбасы» аталымы бойынша марапатталса, әкесімен бірге акцияға үлес қосқан 6 жасар Хансұлтан Құрмаш жарыстың ең жас қатысушысы атанды. Ал 62 жастағы Жаңылсын Кәрімова ең жасы үлкен қатысушы ретінде арнайы сыйлыққа ие болды.

Айта кету керек, «Алға басу – движение вперед» қайырымдылық жүгіру Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарында бір күнде, бір уақытта, бір стартпен өткізіліп, насихатталды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Ақжайық» — «Қайрат» 1:2

Күні: , 605 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің ХІV турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында көш бастаушылардың бірі – Алматының «Қайратын» қабылдады.

Алматылықтарды бұл жолы команда капитаны Исламбек Қуат бастап шықты. «Қайраттың» құрамында алты бірдей легионер ойнаса, «Ақжайық» төрт украиналық футболшы және шабуыл шебінде сенегалдық Малик Манемен шектелді.

Бірінші таймда украиналық қақпашы Евгений Боровик И.Қуат, Магомед Парагульгов, Исаэлдің қауіпті соққыларын қайтара білді. Дегенмен 42-минутта ресейлік Андрей Аршавин өз шеберлігін көрсетіп, қақпа бұрышын дәл көздей білді.

Екінші таймда Малик Манемен бірге шабуыл өтінде жүрген Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антипов Еркін Тапаловтың пасынан кейін «Қайраттың» қақпашысы Владимир Плотников допты уысынан шығарып алған сәтті пайдалана алмады. Аяғына қақпашының қолы тиген И.Антипов құлап қалғанмен, төреші Фуркат Атажанов тәртіп бұзылды деп санамады.

Көп ұзамай қарымта шабуылдан кейін А.Аршавиннің пасын мүлт жібермеген хорватиялық легионер Иво Иличевич 70-минутта есепті еселеп, 2:0-ге жеткізді.

Бұл кездесуде «Ақжайықтың» құрамында ұшқыр шабуылшы, чемпионат мергендерінің бірі, украиналық Адеринсола Эсеоланың жоқтығы сезіліп тұрды. «Қайратқа» ауысып кеткен ол алматылықтардың сапында алдағы шілде айынан бастап ойнай алады. Сондықтан оралдықтар көбінесе жалғыз М.Манеге үміт артуға мәжбүр болып қалды. Алдыңғы шепті күшейтетіндей футболшы да аз. Алматылықтардан үш бірдей ойыншы, соның ішінде Бауыржан Исламхан тыңнан қосылса, «Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц И.Антиповтің орнына Еркебұлан Нұрғалиевті ғана шығара алды. Ақыры дәл сол Еркебұланның пасынан кейін оң қанаттан алға озған М.Мане 87-минутта есепті қысқарта алды. Бұдан кейін Е.Нұрғалиевтің тағы бір пасынан кейін айып алаңында тұрған М.Мане допты тоқтатамын дегенше, алматылық қорғаушылар соғуға мүмкіндік берген жоқ.

Осылайша 2:1 есебімен жеңіске жеткен алматылықтар 35 ұпаймен бұрынғыша екінші орында келеді. «Қайраттың» елордалықтардан бес ұпайы аз болғанымен, екі ойынды кем өткізді.

Бұл «Ақжайықтың» биылғы маусымдағы өз алаңындағы бірінші жеңілісі еді. Оралдықтар 17 ұпаймен бұрынғыша алтыншы орында тұр. 23 маусым күні А.Авакянцтың шәкірттері Шымкентте жергілікті «Ордабасымен» ойнайды. Жексенбі күні Ақтөбеде 1:3 есебімен ұтылып қалған шымкенттіктер өз алаңында жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысары айдай анық. Қатарынан екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан «Ақжайыққа» да ұпай ауадай қажет.

Айта кетейік, өткен турда өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан «Астана» командасы ұпай санын 40-қа жеткізді. Атырауда жергілікті команданы 2:0 есебімен сүріндірген Қостанайдың «Тобылы» 28 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Қожайын «қонақжай» емес екен…

Күні: , 50 рет оқылды

Төрткүл дүниедегі теңбіл доп жанкүйерлері түгел көз тіккен ХХІ әлем чемпионаты 14 маусым күні шымылдығын ашты. Көрші Ресейде өтіп жатқан футболдан дүниежүзілік доп-доданың финалдық кезеңінің алғашқы ойыны турнир қожайындарының жойқын жеңісімен есте қалды. Мәскеудегі «Лужники» стадионына жиылған 78 мыңнан астам футбол жанкүйерімен бірге Ресей және Сауд Арабиясы құрамаларының ойынын қос елдің мемлекет басшысы, яғни Ресей  президенті Владимир Путин мен Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул Азиз қатар отырып тамашалады.

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ жинақы әрі сергек ойын өрнегін көрсетіп, жылдам шабуылдар ұйымдастырған алаң иелері матчтың 12-минутында есеп ашты. Юрий Газинский басымен соққы бағыттап, әлемдік турнирдегі алғашқы голдың авторы атанды. Бірінші тайм аяқталуға бірер минуттар қалғанда ресейліктер орайын тауып, Сауд Арабиясы құрамасының қақпасына екінші допты енгізіп үлгерді. Бұл жолы Денис Черышев қарсыластарының осал тұсын дөп тауып, берілген мүмкіндікті мүлт жібермеді. Осы орайда айта кетсек, Черышев 24минутта жарақат алған Алан Дзагоевтың орнына алаңға шыққан болатын. 71-минутта Артем Дзюба қосалқы құрамнан алаңға шыға салып, қарсыластар қақпасына үшінші допты салды. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Денис Черышевтың алыстан тепкен жой-қын соққысы қақпаға тура түсті. Ал матч соңында Александр Головиннің керемет асырған айып добы есепті еселей түсіп, Ресей құрамасына 5:0 есебімен ірі жеңіс сыйлады.

Осылайша Ресей құрамасы дүниежүзілік  доп-доданың алғашқы ойынында Сауд Арабиясын ойсырата жеңіп, чемпионат қожайынының «қонақжай» емес  екендігін  танытты. Ал осы ойындағы дубль авторы  Денис Чарышев матчтың үздік ойыншысы атанды.

Миллиондаған ресейлік жанкүйерлер бөркін аспанға атып қуанып жатса, Сауд Арабиясының спорт комитетінің төрағасы Турк әл-аш-Шейх жерлестерінің әлем чемпионатындағы ойынын «толық сәтсіз ойын» деп бағалады. Ал патшалық әулеттің мүшесі Саттам Халид Әл Сауд Twitter арқылы өз ойын білдіріп, «Еліміз ойыншылардың жеңуі үшін бар мүмкіндікті жасады. Өкінішке қарай, ойыншылар халқы мен Отанын құрметтемейді», – деп жазды. Сауд Арабиясы футбол федерациясының басшысы Адель Иззаттың айтуынша, жеңіліс үшін ел билігі реніш білдірген.  Шабуылшы Мохаммад ас-Сахлави, қорғаушы Омар Хавсави мен қақпашы Абдаллах әл-Майюф тәртіптік жаза алады», – деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі telegraf.com.ua басылымына сілтеме жасап.

Айта кетейік, 1998 жылы Францияда өткен футболдан әлем чемпионатында Аргентина құрамасы Ямайка құрамасын 5:0 есебімен жеңген соң, ресейлік «Чайф» тобы «Аргентина-Ямайка: 5:0» атты ән шығарған болатын. Ән аз-ақ уақыттың ішінде халық арасына  тез  тарап, 1999 жылы «Рок үлгісіндегі үздік ән» аталымын  «Алтын граммофон» байқауында жеңіп алған еді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Үйдің іргесіндегі дүбір

Күні: , 51 рет оқылды

Футболдан Ресейде жалауын көтеретін ХХІ әлем чемпионатының басталуына бар болғаны бес-ақ күн қалды.   Жанкүйер жазғанның түн ұйқысын төрт бөлетін дүниежүзілік доп-дода көрші елде 14 маусым — 15 шілде аралығында өтеді. Төрт жылда бір айналып келетін бұл байрақты бәсеке Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Нижний Новгород, Ростов, Самара,  Саранск және Сочи сықылды 11 қаласында өтеді. 32 мемлекеттің ұлттық құрамасы қатысатын бұл чемпионат 14 маусым күні Мәскеудің атақты «Лужники» стадионында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамаларының арасындағы ойынмен басталады.

Аяқдоптан әлем чемпионатына қатысу бойынша рекорд Бразилияға тиесілі. Бұл елдің құрамасы бұған дейін өткен 20 әлем чемпионатына түгел  қатысқан жалғыз команда. Ал іріктеу кезеңіндегі шешуші ойында Коста-Рика құрамасын жеңіп, соңғы 32-ші жолдамаға ие болған Панама және өз тобында ең көп ұпай жинап, әлем чемпионатына тікелей жолдама алған Исландия құрамалары аяқдоптың аламанына алғаш рет қатыспақ. Айтпақшы, Панама құрамасы ала доптың осы аламанындағы ең сақа команда саналады. Төрткүл дүние түгел көз тігетін мундиальдың топтық кезеңі 28 маусымда тәмамдалып, финалдық ойын 15 шілде күні өтуі тиіс.

Нидерланд, Уэльс, АҚШ, Чили, Словакия, Украина құрамалары әлем чемпионатынан шет қалды. Бұл Арьен Роббен, Гарет Бейл, Клинт Демпси, Алексис Санчес, Андрей Ярмоленко сынды саңлақ футболшылардың өнерін алдағы аламанда көре алмаймыз деген сөз. Есесіне жанкүйерлер Неймар, Месси, Роналду, Азар, Коутиньо, Жезус, Алли, Кейн, Вернер, Хуммельс, Кроос, Чичарито, Лукаку, Решфорд, Стерлинг, Уокер секілді көптеген аяқдоп шеберлерінің өнерін тамашалай алады.

Футболдың бұл жолғы көкпарынан Түркия, яғни түрік бауырларымыз да шет қалды. Мұны азсынсаңыз, бұрын КСРО құрамында болған елдерден Ресейден басқа бірде-бір мемлекеттің құрамасы іріктеу кезеңінен өтпегендіктен орман-орыстың еліндегі бүкіләлемдік бәсекеге қатыспайды.

Қазір Ресей тарапы «Футболшылар жасыл алаңда жан алысып, жан берісетін жаһандық жарысқа тас-түйін дайынбыз!» жер-жиһанға жар салуда. Әлем чемпионатында жеңіске жеткен құрамаға табысталатын ФИФА-ның Алтын кубогы Мәскеуге жеткізілді. Сегіз ай бойы жер жүзін шарлаған таза алтыннан құйылған кубоктың салмағы 6 келіден асады. Бұл аса құнды кубок жеңіске жеткен командаға басыбайлы берілмейді, тек уақытша табысталады. Себебі, ФИФА-ның ережесі бойынша, бұл Кубок үнемі осы ұйымның меншігіндегі дүние.

Ретті жерінде айта кетелік, Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатының Қазақстан аумағындағы ресми хабар таратушылары – «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары.

Жуырда әйгілі футбол патшасы Пеле әні-міні басталатын әлем чемпионатында өз отандастарын, яки Бразилия құрамасын әлем тәжіне лайық деп санайтындығын мәлімдеді. Алайда футбол королі сүйдеді екен деп, өзге елдің аяқдопшылары Пеленің отандастарының алдында қоғадай жапырылмасы кәміл.

Осы чемпионатқа қатысты іріктеу кезеңін өте сүреңсіз өткізгендіктен Қазақстанның бас командасы әрине, өзімізбен 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар Ресейдегі «қанмайданға» қатыс алмайды. Дүниежүзілік доп-дода бұған дейін бірде-бір рет біздің елмен шекаралас мемлекетте өткен емес. Үйіңнің іргесіндегі өтетін аламан бәйгенің дүбірін естіп тұрып, ат қоса алмайтының қандай жаман! Сөйте тұра Отанымыздың ұлттық құрамасы соңғы кездері өрнекті ойын көрсете бастады. Мәселен, осы аптадағы   жолдастық кездесуде Қазақстанның негізгі командасы Әзербайжанның құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кім білсін, аяқдоптың келесі аламанына біздің жігіттер де қатысып, бәлкім, жасыл алаңда атой салар…

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

 «Орал өңірі»

«ӘЧ-2018» ерекшеліктері:

Ресей – мундиальді қабылдайтын он сегізінші ел. Бұған дейін тек Мексика, Франция, Италия, Бразилия, Германия екі рет әлем чемпионатын қабылдады. 2002 жылы әлем чемпионаты екі елде – Оңтүстік  Корея мен Жапонияда өтті.

Перу – 36 жыл үзілістен кейін (соңғы рет 1982 жылы қатысты), Египет – 28 жылдан кейін (1990), Марокко – 20 жылдан кейін (1998), Сауд Арабиясы 12 жылдан кейін (2006) әлем чемпионатына қатысады.

Биылғы додаға әлем чемпионы атанған құрамалар ішінен Италия ғана қатыса алмайды. Италиялықтар 1958 жылдан кейін араға 60 жыл салып мундиаль жолдамасынан тыс қалды. Басқа чемпиондар – Уругвай, Бразилия, Германия, Англия, Аргентина, Франция, Испания құрамалары дода көрігін қыздырады.

Бразилия – барлық әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан жалғыз құрама.

Ресейдегі додада тұңғыш рет бейнеқайталау пайдаланылады.

Жаңа талап бойынша, әлем чемпионаты кезінде қарсыласын нәсілдік тұрғыда жәбірлеген немесе шыдамдылық танытпаған оқиға болып жатса, төреші ойынды тоқтата тұруға, тіпті мүлде өткізбеуге де құқылы.

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының бойтұмары (талисман) «Забивака» атты қасқыр болды. Оны дизайнер студент Екатерина Бочарова жасап шығарды. Бойтұмар бүкілресейлік дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Төрт жылда бір рет өтетін доданың басты бойтұмарын таңдауға қасқыр, Амур жолбарысы мен мысық ұсынылған еді. Дауыс беру барысында ресейліктер қасқырды таңдады. Дауыс берушілердің 52,8%-ы «Забивака» қасқырын лайықты деп таныған. Амур жолбарысы 26,8 %, мысық 20,4 % дауыс жинаған.

Америкалық әнші Джейсон Дерулоның Colors  атты композициясы  әлем чемпионатының ресми гимні болып танылды.

Биылғы додада Бразилия топ жаратын болса, әлем чемпионы атағын 6-рет иеленеді. Ал Германия чемпион атағын сақтап қалса, Бразилияны қуып жетпек (5 рет).

«A Bola» басылымының мәліметі бойынша, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі барлық сегіз топта «Барселона» командасының футболшылары бар. Мұндай дерек бұрын-соңды әлем чемпионаты тарихында болмаған. Биыл бірінші рет футбол жанкүйерлері осындай қызықты фактіге куә болып отыр.

Жарыстың басты символының бірі доп екені жасырын емес. Ресейдегі әлем чемпионатының ресми добы «Telstar 2018» деп аталады. Допты «Adidas» фирмасы жасаған. Ерекше үлгідегі доп алты панель мен жапсарсыз үйлесім негізінде жасалған. 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының добы да «Telstar» деп аталған екен. Доптың тестілеу сынақтарына Аргентина, Колумбия және Мексика құрамалары мен «Манчестер Юнайтед», «Ювентус», «Реал» және «Аякс» клубтарының ойыншылары қатысқан. Ал допты Лионель Месси таныстырған болатын.

ФИФА әлем чемпионатының сыйақы қорын молайтты. Енді чемпион құрама 50 млн АҚШ долларын иеленеді. 2014 жылғы чемпион 35 млн доллар алған еді. Биыл чемпионатқа қатысатын 32 құрамаға 582 млн доллар сыйақы бөлінген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 476 млн еді.

Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыруға 20 млрд долларға жуық ақша жұмсалды. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен мундиальдің шығынымен шамалас.

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мәліметінше, әлем чемпионатының билеттерінің басым бөлігін ресейлік футбол жанкүйерлері (46,9%) сатып алған. Одан кейін АҚШ (80 161), Бразилия (65 863), Колумбия (60 199), Германия (55 136), Мексика (51 736), Аргентина (44 882), Перу (38 544), Қытай (36 841), Австралия (34 628) және Англия (30 711) елдерінің жанкүйерлері тұр. Еске сала кетейік, билет сатып алу бойынша ондыққа кірген АҚШ, Қытай елдері бұл әлем чемпионатына қатыспайды.

2018 жылдың 25 мамыр-25 шілде аралығында Ресейде әлем чемпионатының финалдық кезеңдері өтетін 11 қалада шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін арнайы тіркеу ережесі енгізілді. Шетел азаматтары көрсетілген қалаларға келген күннен бастап үш күннің ішінде РФ Ішкі істер министрлігінің тиісті аумақтық органдарына немесе Мемлекеттік және муниципалдық қызмет көрсету көпфункционалды орталыққа тіркеуге өтініш беруі қажет. Тіркеу мерзімі Ресей Федерациясына келген күннен бастап емес жоғарыда аталған қалаларға келу күнінен бастап есептеледі. Ресейдің қалған аумағы бұрынғы режим бойынша жұмыс істейді – ҚР азаматтары үшін 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады.

Мәліметтер ғаламтордан алынды


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика