Қоғамдық бақылау жемқорлықтың алдын алмақ

Күні: , 126 рет оқылды

Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресуге үлкен мән берді.


Елімізде азаматтардың мемлекеттік басқару мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруына, оны жетілдіруге барлық жағдайлар қарастырылған. Сондай тетіктерінің бірі – азаматтардың бірігіп үкіметтік емес ұйым құруы. Ол коммерциялық емес заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуге жатады. Бүгінде еліміздегі 18 мыңнан астам ҮЕҰ экономикалық, экологиялық, жастар, құқық қорғау, балалар және өзге де бірқатар саланы қамтып отыр.

БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (2003 жылғы 31 қазан) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның анағұрлым тиімді құралы ретінде қоғамдық бақылауды кеңейтуді ұсынған болатын. Ол үшін азаматтардың қатысуы белсенді болуы қажет. Азаматтық қатысу – ол азаматтар мен азаматтық қоғам құрылымдарының мемлекет пен жергілікті қоғамды басқаруға қатысуы. Осы орайда бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, «Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» секілді үкіметтік емес ұйымдар құрылып, өз белсенділіктерін танытуда.

Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департа-менті мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы» және «Батысқамқор» жастар қоғамдық бірлестігімен бірнеше іс-шара ұйымдастырған болатын. Оның ішінде «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығының» «Азаматтық бақылау» жобасы аясында күн сайын азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, жеке сұрақтары бар облыс тұрғындарына тікелей мемлекеттік орган басшыларының қабылдауында болуға мүмкіндік жасады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оны жетілдіру бағытындағы ой-пікірлерді бөлісу үшін диалог алаңдары ұйымдастырылды. Облысымыздағы өзге де қоғамдық бірлестіктер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өз үлестерін қосып келеді.

Биылғы Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының сәтті жүргізілуі азаматтық қоғам институттарының белсенділігімен тікелей байланысты екендігі атап өтілді. Осыған орай наурыз айында, Астана қаласында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша азаматтық бастамашылардың І конгресі» ұйымдастырылған болатын. Конгресті өткізуге Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталығы бастамашы болып, жобаға агенттіктің өзі қолдау білдірген еді. Шара барысында «Есіктен есікке», «Парасыз болашаққа бірге» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді тобының жобалары талқыланды. Топ құрамына қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, кәсіподақ белсенділері енгізілді. Аталған жобалар біздің өңірде де жүзеге асырылуда.

Ал конгресс қорытындысы бойынша бес жоба жүзеге асырылуда. Олар «құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық аудит, мемлекеттік қызметте мүдделер қақтығысын қарастыру, сатып алынатын қызметтер және тауарлардың дәлелденген бағаларына мемлекеттік сатып алуларды мониторингілеу, еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, «Жолдарда» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 10 қадам» жобалары.

Қорыта айтқанда, қоғамның белсенділігі және олардың мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылау жасауы, еліміздің экономикасының алға өрлеуіне әсері мол. Сондықтан әр тұрғынды азаматтық белсенділік танытып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне қарсы тұруға шақырамыз.

Біржан ХАЙРУЛЛИН,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы


56 мың 751 адамның қызметі анықталмаған

Күні: , 47 рет оқылды

Бейсенбі күні облыс әкімдігінің М. Ықсанов атындағы залында мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік-көліктік инфрақұрылым нысандарын паспорттау мен бейімдеу, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерін талқылаған жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен селекторлық режимде жүргізілген кеңеске облыстық басқарма, қала және аудан басшылары қатысты.


Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов, аталмыш басқарма басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова баяндама жасап, жиылғандарды тақырыпқа қатысты нақты ахуалмен таныстырып өтті. Мәселеге қаныққан жиын төрағасы жекелеген жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Бүгінгі таңда облыс бойынша 56 мың 751 адамның нақты жұмыс орны немесе жұмыс жасамайтындығы анықталмай отыр. Көптеген жеке меншік мекемелер салық төлеуден жалтарып, жұмыскерлерінің санын азайтып көрсетеді. Осы жағдайда шын мәнінде белгілі бір мекемеде жұмыс жасап жүрген азаматтар заңды түрде тіркелмеген болып шығады. Ондай азаматтар тікелей еңбекақысын алғанымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлемсіз қалады. Ал мұндай жағдай 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ақылы медициналық қызмет алу кезінде мәселе туындатады. Сондықтан тұрғындар өздерінің деректерін жасырмай, жұмыс жасайтынын я жасамайтынын, болмаса таксист болып өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргенін дәл айтса, мәселе оңынан шешілер еді. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы орган өкілдері аулаларды, пәтерлерді аралап, азаматтардың қызметі туралы тізім жасақтауға көшті. Алайда тұрғындар тарапынан жұмыс жасайтын орындарын жасыруы біз үшін түсініксіз болып отыр. Кей азаматтардың айтқан деректерін кіріс департаменті арқылы тексергенде расталмай отырған жағдайлар да бар. Күн тәртібіндегі алдыңғы мәселеге тоқталар болсақ, бүгінгі таңда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары 1518 бірлікті құрайтыны анықталған. Оның 99 пайызы паспорттаудан өтті. 1518 нысанның 1008-і бейімдеуге жатады. Оның ішіндегі 744 нысанды бейімдеу жұмыстары аяқталды. Көптеген нысандарды бейімдеу жұмыстары әлі де аяғына жеткізілмей, мәселе туындатып отыр. Мәселен, жалғыз ғана пандус орнату арқылы бейімдеу жұмысы біткен болып саналмайды. Ғимараттың ішкі есіктері, тіпті әжетханаларына дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайсыздық туғызбайтындай болуы керек. Осы бағыттағы мәселелер бойынша жұмыстанып, нақты нәтижеге жетуді тиісті мекеме-ұжым қызметкерлеріне тапсырып отырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиын соңында журналистерге берген сұхбатында.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Еңбек дауы бойынша баспасөз мәслихаты

Күні: , 66 рет оқылды

Сейсенбі күні «Сити» орталығында баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихатта Круглоозерный арнаулы әлеуметтік мекемесінің медициналық құрамының шағымы бойынша еңбек дауының шешу жолдары қарастырылды. Аталмыш мекеменің медициналық құрамы өздеріне тиесілі он екі сағаттың тек он сағатына еңбекақы төленіп, кейбір құқықтарының бұзылғанына наразылығын білдірді.


Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұйғымбетовтің айтуынша, Еңбек кодексіне сай қызметкерлерге тамақтанып, тынығу үшін үзіліс беріледі. Тексеру барысында жұмыс беруші тарапы-нан түсініктеме берілді. Онда қызметкерлер екі сағатты өзінің қажетіне жұмсайтынын жазған.

– Біз он екі сағат жұмыс жасаймыз. Бірақ 10 сағаттың ақысын төлейді. Көшімдегі балалар үйінде, «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» МКҚК-ның біз сияқты қызметкерлеріне он екі сағатқа жалақы төленеді. Бірақ тек бізге 10 сағатқа төленеді. Неге? Олар бізге ұжымдық келісімшартты көрсетеді. Онда он сағат жұмыс, екі сағат демалады деп көрсетілген. Осы жерге қазір 22 адам келіп тұрмыз. Әлі күнге дейін қызметкерлердің кейбір әлеуметтік жағдайлары мен еңбек жағдайлары оң шешімін таппаған, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген тазалықшы.

Баспасөз мәслихатында тараптар жұма күні тағы да бас қосатын болып тарқасты. Біз осы мәселеге қатысты сала мамандары мен заңгердің пікірін білген едік.

Ділдаш САЛАУАТҚЫЗЫ, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл – 18 жастан асқан психо-неврологиялық ауруларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталық. Мекеме қызметкерлері психоневрологиялық аурулармен жұмыс жасайтындықтан, оларға зияндылығы үшін төленеді. Сондықтан Еңбек кодексінің 78-бабына сәйкес зиянды жұмыс жасайтындарға жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс бір сағат беріледі. Негізі, барлық адам сегіз сағат жұмыс жасайды да, оларға қосымша өз қажетіне орай, екі сағат жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Ал бұл жерде жұмыс жасайтындарға тек бір сағат қана беріледі. Өйткені біз оларға нормадан тыс жұмыс жасатуға тиісті емеспіз. Сондықтан олар таңғы сағат тоғыздан кешкі тоғызға дейін, кешкі тоғыздан таңғы тоғызға дейін ауысыммен жұмыс жасайды. Еңбек кодексіне сай оларға ішкі ауысымдық үзіліс беріледі. Оларға үзілісті түскі, кешкі тамақ ішулеріне сол екі сағатты жарты сағаттан бөліп беріп отыр. Бұған өздерінің келісімдері бар. Біз арыз-шағым түскеннен бері бірнеше рет ұжыммен кездестік. Оларды осы жерге де шақырып, кездестік. Ұжымға да басқарма басшысымен бірге барып, кездесулер өткіздік. Еңбек заңына байланысты еңбек дауларын шешу үшін татуластыратын комиссия құрылуы тиіс. Біз жұмыс ауысымдарының уақытын өздеріне ыңғайлы етіп берейік деп, үш нұсқасын ұсындық. Тіпті бір кісінің қанша жалақы алатынына дейін есептеп көрсетіп, түсіндіріп, «Келісім комиссиясын құрайық» деп ұсыныс жасадық. Өткен жылы тамыз айында болған бір жиналыста сондай мәмілеге келгендей болғанбыз. Алайда олар біздің ұсынысымызбен келіспей, сотқа жүгінуге шешім қабылдады. Қараша айында сот болды. Соттың ұйғарымымен бұл іс нақты дәлелдердің болмауынан қараусыз қалдырылды. Олар кейін прокуратураға хат жазды. Өткен жылы ақпан айында бұл мекемені жалақының дұрыс төленбеуі жөніндегі шағыммен қаржы бақылау инспекциясы тексерді. Ішкі ауысымдық үзілістің заңдылығы жөнінде облыстық еңбек инспекциясы басқармасы тексерді. Екі бірдей бақылаушы құрылымдардың тексеруінің нәтижесінде заңбұзушылық анықталған жоқ. Алдағы жұмада аталмыш мекемеде ұжым-мен кездесіп, мәселені шешу жолдарын қарастырмақ ниеттеміз.

– «Бір санитар 25 емделушіні бағып-күтуі керек. Біз 37 адамды қараймыз. Қызметкерлер жетпейді. Қамқорланушыларға дәрі берілмейді» деген уәж айтылды. Бұған не дейсіз?

– Бұл мекемеде арнайы бекітілген норматив бойынша штат-қа қажетті мамандардың бәрі бар. Стандартқа сәйкес норматив бойынша толық палаталық санитармен қамтылған. Ал жыл басында дәрі жетіспеушілігі болғаны рас. Оның себебі препараттарды алу үшін Үкіметтің арнайы бекіткен қаулысы бар. Қаулыда қажетті заттарды мүгедектер құрған Үкіметтік емес ұйымнан алыңдар делінген. Ал ондай ҮЕҰ республика бойынша болған жоқ. Соған байланысты проблема болды. Бірақ қазір шешілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 105 рет оқылды

Дүйсенбі күні өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының қызметкерлеріне жаңа басшысын таныстырды.


Жиын барысында облыс әкімі бұған дейін «Госэкспертиза» РМК БҚО филиалының директоры болып қызмет атқарып келген Сейтқали Бауыржан Болатұлының осы лауазымға тағайындалғанын айтты. Тағайындау «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес жүзеге асты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов басқарманың жаңа басшысына табысты жұмыс тіледі.

Бауыржан Болатұлы Cейтқали 1981 жылы дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 2002 жылы  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 2007 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмәмдаған.

2002 жылы еңбек жолын Батыс Қазақстан электр тораптарын тарату компаниясында заң кеңесшісі болып бастаған. 2003-2004 жылдары «Құрылысконсалтинг» ҰО» ААҚ БҚОФ бас маманы, кейін осы мекемеде директордың орынбасары қызметінде болған.

2005-2007 жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бас маманы, 2007-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы, 2008-20011 жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2014 жылдары ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Комитетінің БҚО мем-лекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары, 2014 жылдан бері «Госэкспертиза» РМК БҚО филиалы директоры лауазымында болды.

* * *

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-иннова-циялық даму басқармасының қызметкерлеріне жаңа басшысын таныстырды.

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Жалмағамбетов Арман Жанатұлы тағайындалды. Тағайындау «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес жүзеге асты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов басқарма басшысының қызметіне табыс тіледі.

Арман Жанатұлы Жалмағамбетов 1983 жылы дүниеге келген.

Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 2006 жылы Түркия Сельчук университетін тәмәмдаған, 2008 жылы АҚШ-тың Солтүстік Техас университетінде білім алған, экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын 2010 жылы Астана қаласындағы «Ұлттық сараптама және сертификаттау» АҚ орталығының аудармашысы болып бастаған. 2011-2013 Астана қаласындағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті халықаралық ынтымақтастық басқармасының эксперті, 2013-2014 жылдары Астана қаласы өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы, 2014-2015 жылдары Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің басқарма басшысы, 2015 жылдан бастап, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Нәтижелі сапар

Күні: , 76 рет оқылды

PRI_5106Жақында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыс делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Делегация өңіраралық кооперацияны дамыту шеңберінде оңтүстік өңірдегі ауыл шаруашылығы, индустриалды аймақ саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тәжірибе алмасты. Аталмыш делегация құрамында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармаларының, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ-ның және «ҚПО б. в.» компаниясының, «Машзауыт» БҚО машина жасау зауыттарының консорциумының өкілдері болды.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибрагимовтың айтуынша, аталмыш жұмыс сапары барысында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында инвестиция және өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнату жөнінде меморандумға қол қойылды. Облыс делегациясы құрамында болған «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли бастаған компания өкілдері Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның өндірістік базасында болып, оның өндірістік қуатымен, технолоияларымен, өнім түрлерімен және сапа сертификаттарымен жете танысты. Нәтижесінде аталмыш кәсіпорын (Оралдағы трансформатор зауыты осы АҚ-ның филиалы) және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы арасында трансформаторларды жеткізу жөнінде меморандум жасалды. Бұдан екі жыл бұрын Қарашығанақ кен орнындағы аймақты қуатпен қамтитын трансформатор жанып кеткені белгілі. Оралдағы зауыттан шығарылатын трансформаторларға қарағанда Кентау зауытының трансформаторларының қуаты күштірек. Сондықтан кен орнына қажетті күштік трансформаторды сырттан тасымалдамай, отандық кәсіпорыннан, оңтүстіктен жеткізу – келісілген шаруа. Сондай-ақ «Шымкент» және «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-лары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды, ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейтін меморандумға да қол қойылды. Іссапар барысында төртінші келісімшарт «Шымкент-цемент» АҚ және «BafkerHughes» компаниялары арасында жасалды. Бұл келісімшарт Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының төртінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын қажетті цемент өнімдерімен қамтуды көздейді. Оралдық «BafkerHughes» кен орнындағы «ҚПО б.в.» компаниясына сервистік қызмет көрсетеді, соның ішінде бұрғылау жұмыстарын атқарады.

– Қазіргі уақытта ОҚО және БҚО араларындағы тауар айналымы жақсы жолға қойылған. Өңірден оңтүстікке ет, ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылса, ол жақтан бізге көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері тасымалданады. Бүгінде екі өңір арасында біріккен жобалар іске асуы үшін екі облыстың әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары жұмыстануда. Оңтүстік Қазақстан негізі аграрлы аймақ деп есептеледі. Онда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған, – деді Б. Ибрагимов. Оның айтуынша, ОҚО-да 11 индустриалды аймақ, тек Шымкенттің өзінде жеңіл және ауыр өнеркәсіп орналасқан үш индустриалды аймақ жұмыс істейді. Еліміздегі фармацевтика кластері дамыған жалғыз аймақ – осы Оңтүстік Қазақстан. Сонымен қатар оңтүстік өңірде жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған. Бұрындары Қазақстанға шұлық түрлері Қытайдан, Қырғызстаннан тасымалданатын. Ал бүгінде шымкенттік «Әлем БТ» кәсіпорны еліміздің өңірлерін өз өнімдерімен қамтуда. Жылына 16 млн. дана шұлық өнімін шығаруға мүмкіндігі бар «Алем БТ» фабрикасы – «Jintex Global» кәріс компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған жоба. Аталмыш кәсіпорын өз өнімдерін тек еліміздің аумағына ғана емес, сыртқа да шығарады. Облыс делегациясы іссапар барысында неміс технологиясымен кілем шығаратын «Бал Текстиль» ЖШС кілем фабрикасының, «ЕвроКристалл» ЖШС-ның шыны құты, банкі өндірісін көріп, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ «Оңтүстік» индустриалдық аймағындағы масел «HILLCorporation» ЖШС аутомобиль мотор майын өндіретін кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысудың сәті түсті.

Оңтүстік өңірдегі Ордабасы ауданының Бадам ауылындағы шетелдің ең соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған «Бөрте-Милка» кешенді фермасы сүтті өңдеп, одан сүт өнімдерін жасайды. Бір қызығы, онда сиырларды сауыншы емес, құлтемірлер сауады. Одан кейінгі жерлестеріміз бас тіреген осы Бадам ауылындағы тағы бір нысан – «Ордабасы құс» ЖШС. Заманауи техногиялармен қамтылған күркетауық фабрикасы 2010 жылдың аяғында іске қосылған. Бұл кешен – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы күркетауық етінің өндірісі бойынша алғашқы жоба. Фабрикада өндірілген күркетауық етін іргелес елдер де таныды. «Дәмді ет» деген сауда белгісімен шығарылатын күркетауық етінің қаптамадағысы, ысталғаны, тіпті шұжығы да бар. Аталмыш компанияның басшысы Мұрат Тағаевтың айтуынша, экспортқа өнім жөнелтетін кәсіпорын әлемдік нарықта технология және сапа тұрғысынан бәсекелес болуға дайын.

Ақ Жайық өңірінің делегациясы Түркістан қаласында болып, шаһар басшылығымен кездесті. Тарихтан тамыр тартқан көне қалада туризм саласы жақсы дамыған. Қазір онда 860 орындық 16 қонақүй жұмыс істейді. Тек 2016 жылдың өзінде жаңадан төрт қонақүй салынып, пайдалануға берілген. Қалада 270 мың адам тұрады. Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді. «Жалпы шаһарға келетін шетелдік туристер көп екенін кесенеге барған кезде байқадық. Қонақүйлердегі, мұражай қызметкерлері, кесенедегі гидтердің барлығы шетел тілдерін меңгерген. Бір туристік агенттік өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Олар Түркістанға тур ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Тур барысында шаһарды, көрнекі тарихи орындарды аралатады. Туристерді орналастыру сықылды барлық мәселелерін шешуді өз мойындарына алады. Бұл мәселе бойынша облыстық туристік басқармасымен жұмыстанудамыз. Жалпы қорыта айтсам, іссапар нәтижелі болды», – деді Б. Ибрагимов.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Үміткерлер дұрыс іріктелсе…

Күні: , 70 рет оқылды

DSC_9483Бейсенбі күні облыстық сотта «Алқабилер тізіміне үміткерлерді іріктеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.


Облыстық соттағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ақан Жұмағұлов жүргізген жиынға сот, прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, облыс, қала әкімдігі аппаратының мамандары, адвокаттар алқасының төрағасы қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты баяндама жасаған БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қайрат Шалқаров алқабилер тізімін жасақтау кезінде осыған дейін жіберілген бірқатар кемшіліктерге тоқталып өтті. Мәселен, 65 жастан асқан тұрғындарды олардың келісімін алмастан алқабиге үміткерлер құрамына өткізген жағдайлар кездескен. Сондай-ақ аталмыш тізімге енген кейбір азаматтар өзге облыстардың тұрғындары болып шықса, енді біреулері дүниеден өтіп кеткен. Баяндамашы болашақта аталған бағыттағы олқылықтарға жол бермеу үшін алқабилер тізімін жасақтауды азаматтар туралы қажетті мәліметке ие сайлау комиссиясы қызметкерлеріне тапсыруды, жергілікті атқарушы органдардан алқабилерге үміткерлер туралы мәліметті тексерістен өткізетін арнайы комиссия құру секілді нақты ұсыныстарын айтты.

– Елімізде Алқабилер туралы заң 2006 жылы қабылданып, 2007 жылдан қолданысқа енді. Оның негізгі мақсаты – билік пен халық арасын жақындату. Алқабиге үміткерлер халықтың арасынан таңдалады. Алқабилер сотталушының өтініш хаты бойынша қылмыстың аса ауыр түрлерін ғана қарауға қатысады. Заң бойынша сот қабілетсіз деп таныған адамдар, 25-ке толмағандар, прокурор, судья, тергеуші, әскери, мемлекеттік қызметшілер, кәсіби заңгерлер алқаби құрамына кіре алмайды. 65 жастан асқан зейнеткерлер аталмыш тізімге енген жағдайда міндетті түрде олардың келісімі ескерілуі тиіс. Алайда біз алқабиге үміткерлерді іріктеу кезінде жергілікті атқару органдары жасақтаған тізімдегі 12 адамның дүниеден өтіп кеткені белгілі болды. Оларға шақырту жіберілгені үшін марқұмдардың туматуыстары тарапынан орынды реніш туындады. Одан бөлек сол тізімде Ішкі істер органдарында жасаған екі зейнеткер бар болып шықты. Бір адвокаттан «мені алқаби құрамына іріктеуге шақыруыңыз заңсыз» деген бағытта арнайы хат келді. Біздің бүгінгі таңдағы мақсатымыз – сапасыз тізім жасақталғаны үшін кінәлілерді тауып жазалау емес, алдағы уақытта ондай кемшіліктерге жол бермеу болып отыр. Жалпы осыған дейін алқаби қараған істер сотталушылар үшін оң нәтижесін беруде. Атап айтқанда, олардың айыптары төмендетілген немесе мүлде ақталып кеткен жағдайлар да бар. Алқабиге істі қарау уақыты бойынша сол аралықта судьяға төленетін жалақының жарты мөлшеріндей еңбекақы беріледі. Егер басқа қаладан келіп кетер болса, ол үшін арнайы іссапар шығындары қарастырылады. Бүгінгі таңда тұрғындардың алқабиге үміткерлерді іріктеуге қатысу және алқабилердің сотқа келу белсенділігі төмен. Болашақта бұл мәселені реттеу үшін тұрғындарға заңмен белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүктелуі ықтимал, – дейді дөңгелек үстелге қатысушы БҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қарым-қатынас нығая түспек

Күні: , 71 рет оқылды

20708301Бейсенбі  күні  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  бастаған  делегация  Оңтүстік  Қазақстан  облысына  жұмыс  сапарымен  барды.  Елбасы тапсырмасына  сәйкес  өңіраралық  кооперацияның  дамуын  жолға  қою мақсатын  көздеген  делегацияны  Оңтүстік  Қазақстан  облысының әкімі  Жансейіт  Түймебаев қарсы алып,  Оңтүстіктің  әлеуметтік-экономикалық  ахуалымен  таныстырды.


Жиын мақсаты экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салаларда тығыз ынтымақтастық орната отырып, өзара тауар айналымын ұлғайту, өңірлердің экономикалық жағдайын жақсарту болып табылатындығын айтқан Оңтүстік өңір басшысы Ж. Түймебаев екі өңірдің өзара тиімді әрі нәтижелі қарым-қатынастарының одан сайын дами түсуіне бұл кездесудің септігі  мол  боларына  сенім  білдірді.

Ал  БҚО әкімі А. Көлгінов өз кезегінде  Батыс Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан бірқатар жобалармен таныстырып, Қазақстанның оңтүстігі мен батысына тиімді болады деген ұсынысын  жеткізді.  Ол:

– Біз Оңтүстік Қазақстан облысына мұнай-газ секторынан бөлек, серіктестіктің өзге де салаларын ұсынғымыз келеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптегі әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды пайдалану, АӨК өнімдерін қайта өңдеу мен агроөнімдерді экспорттау үшін инфрақұрылым құрылысын жүргізу бағытында бірлескен жобаларды ұйымдастыруға дайын екенімізді мәлімдейміз, – деді.

Кездесу соңында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен бизнес-қауымдастық өкілдері арасын-да екі жақты әріптестікті нығайту аясында үш меморандумға қол қойылып, бір келісімшарт жасалды.

Келісілген бірінші құжат аясында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында инвестиция және өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнатылса, екінші меморандум Кентау трансформатор зауыты мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы арасында трансформаторларды жеткізу жөнінде болды. Соңғы, үшінші меморандум «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ мен «Орал» ӘКК» ҰҚ» АҚ арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздеді. Ал төртінші құжат – келісімшарт «Шымкентцемент» АҚ мен BafkerHughes компаниялары арасында жасалды.

Айта кетейік, бұл  БҚО өкілдерінің еліміздің оңтүстік өңіріне жасап отырған алғашқы жұмыс сапары емес. Биыл сәуір айында индустриалды аймақтарда атқарылып жатқан жобалармен танысып, тәжірибе алмасу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына дәл осындай сапар  ұйымдастырылған  болатын.

БҚО  әкімдігінің баспасөз  қызметі


Жаңа тағайындау

Күні: , 103 рет оқылды


Кеше  өңір  басшысы  Алтай  Көлгінов  облыстық  ауыл  шаруашылығы  басқармасының  қызметкерлеріне  мекеменің  жаңа  басшысын  таныстырды.


Жиын барысында облыс әкімі бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып келген Берік Есенғалиевтің осы лауазымға тағайындалғанын айтты.  Тағайындау «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес жүзеге асты.

Облыс әкімі басқарманың жаңа басшысына табысты жұмыс тіледі.

Есенгалиев Берик АбатулыБерік Абатұлы Есенғалиев 1977 жылы дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 1998 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. 1999 жылы еңбек жолын «Құрмет» зейнетақы қорының маманы ретінде бастап, кейін осы қордың өңірлік директоры, 2002-2008 жылдары аралығында облыстағы бірнеше кәсіпорындарда басшылық қызметтерде болды.

2008-2012 жылдары Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2013 жылдары Жәнібек ауданының әкімі, 2013-2014 жылдары облыстық  қаржы басқармасы басшысының орынбасары, 2014 жылдан бері облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы  басқармасы  басшысының  орынбасары  лауазымында  болды.

Облыс  әкімінің  баспасөз қызметі


Басқармада жаңа басшы

Күні: , 111 рет оқылды

саялбек гиззатов


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Батыс  Қазақстан  облысының дін  істері   басқармасының  ұжымына  аталмыш  басқарманың  жаңа  басшысын  таныстырды.


«100  нақты  қадам» Ұлт  жоспарында  көрсетілген  меритократия  қағидасына  сәйкес, бұған дейін сол басқарманың  дінтану  сараптамасы,  мониторинг  және  ақпараттық талдау  бөлімі басшысы лауазымын  атқарып келген  Саялбек  Махамбетұлы Ғиззатов басқарма басшысы болып  тағайындалды.

Саялбек  Ғиззатов 1984 жылы дүниеге келген. Білімі  жоғары. 2005 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 2012 жылы «Еуразия» академиясын тәмамдаған.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов басқарма басшысына табысты жұмыс тіледі.

Саялбек   Махамбетұлы  ҒИЗЗАТОВ

  • 2005-2013 жылдары арасында жоғары оқу орындарында педагогтық қызметтер атқарған, декан болған.
  • 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасына қарасты дінтану сараптамасы, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы лауазымын  атқарып  келді.

Тарих  ғылымдарының  кандидаты.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 110 рет оқылды

DSC_0080


Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Сырым  ауданының  активіне  жаңа  әкімді  таныстырды.  Бұған  дейін  осы  аудан әкімінің  орынбасары  болып  келген  Төлеген  Төреғалиев  енді аудан  әкімі  қызметін  атқармақшы.


Жиынды ашқан өңір басшысы ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына және ҚР Президентінің «Мемлекеттік әкімшілік қызметкерді ротациялау туралы» Жарлығына және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес ауданға жаңа әкім тағайындалғанын айтты. Аталмыш  тағайындау ҚР Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен жүзеге асты.

– Ауданды төрт жыл бойы басқарған, бүгінде Қазталов ауданының әкімі лауазымында жүрген Абат Шыныбеков Сырым өңірінде абыроймен еңбек етті. Сол үшін оған өз алғысымды білдіремін. Ал Төлеген Серікқалиұлы он жыл аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған екен. Ауданның жағдайын жетік біледі. Мемлекет басшы Жолдауда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткен міндет-мақсаттарды, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды жергілікті жерде сапалы орындауға күш салады деп сенемін, — деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған Төлеген Төреғалиев өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін сезінетінін айтып, артқан сенімді ақтау үшін білімі мен біліктілігін пайдаланып,  еңбек  ететінін  жеткізді.

Төлеген Серікқалиұлы Төреғалиев 1960 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. Орынбор ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы – зооинженер.

1983-1994 жылдары Жымпиты ауданының «Жосалы», «Бұлдырты» совхоздарында  экономист, зоотехник, бас экономист, бас зоотехник  қызметтерін атқарған. 1994-2006 жылдары «Ақжол» шаруа қожалығының жетекшісі. 2007 жылы Сырым ауданының  Жосалы  ауылдық  округінің  әкімі  болып  тағайындалды.

2007  жылдан  бері  Сырым  ауданы  әкімінің  орынбасары  қызметін  атқарып  келді.

*  *  *

Содан  кейін  өңір  басшысы  Қаратөбеге  барып,  ауданның жаңа әкімін  таныстырды.  Бұған дейін  облыстық  жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының басшысы  қызметін  атқарып  келген  Жанат  Асантаев Қаратөбе  ауданының  әкімі  болып  тағайындалды.

Әуелі аудандық мәслихаттың кезектен тыс XII сессиясына қатысқан Алтай Сейдірұлының аудан әкімі қызметіне Жанат Асантаевты тағайындау туралы ұсынысын депутаттар бірауыздан қолдады.

Аудан активімен өткен жиында сөз алған облыс әкімі осы кезге дейін ауданға басшылық еткен Асхат Шахаровтың Қаратөбеде атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, енді ол Зеленов ауданында қарқынды да сапалы еңбек ететініне сенім білдірді. Ал ауданның жаңа басшысына Мемлекет басшысы тарапынан қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді орындауда, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында  табысты  еңбек  тіледі.

DSC_0175Жанат Асылханұлы Асантаев 1970 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі техникалық институтының Алматы филиалын, А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.  Инженер-технолог және заңгер мамандықтары бар. 1993-2002 жылдары нан зауытында технолог, шебер болып еңбек етті. 2002-2007 жылдары Астана қаласының соттар әкімшілігінде және ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде қызметтер атқарған. 2007-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқармасы департаменттерінде түрлі  қызметтерде  болды.

2010-2014 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары, Алматы  облысы әкімінің аппаратында бас инспектор, бөлім басшысы лауазымында еңбек етті.

2014-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында бөлім басшысы, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болса, 2016 жылдан бері облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының  басшысы  қызметін  атқарып  келді.

Дайындаған  Сәкен  МҰРАТҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика