«Атамекеніміздің алдындағы перзенттік парызымызды өтейтін уақыт жетті»

Күні: , 112 рет оқылды

Кеше Назарбаев зияткерлік мектебінде «Туған өлке – тірегім» форумы аясында ашық пікірталас алаңы шарасы өтті. ТЕDTalks форматында болған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, біздің танымал жерлестеріміз Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, альпинист Мақсот Жұмаев, өнер қайраткері, әзілсықақшы Тұрсынбек Қабатов, «Қазақстан – 2050» қозғалысының жетекшісі, кәсіпкер Мұхтар Манкеев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген өнерпаз Саида Қалықова қатысты. Сондай-ақ бұл жиынға саясаткер, сарапшы Саясат Нұрбек, Нұрлан Өтешев те арнайы келді.


Шараны ашқан облыс әкімі шақыруды қабыл алып, Ақ Жайыққа келген жерлестерімізге, қонақтарға ризашылығын білдіріп, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында білімнің салтанат құруына ерекше тоқталғанын жеткізді. Сол себепті бұл пікірталас алаңы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткізіліп отыр.

– Білімнің салтанат құруы үшін мектептер заман талабына сай, олардың материалдық-техникалық базасы мықты, педагог кадрлардың біліктілік деңгейі жоғары болуы керек. Бұл бағытта облысымызда тиісті іс-шаралар жүріп жатыр.

Тек биылдың өзінде 24 білім мекемесі салынып, пайдалануға берілуде. Ғимарат тұрғызғаннан кейін онда сапалы білім берілуі тиіс қой. Ол да жоспарға сай атқарылуда. Мен өзім осы Назарбаев мектебінің қамқоршылық кеңесі-нің мүшесі болып табыламын. Сол себепті оқу жылы ішінде бұл мектепке қана емес, өңірдегі басқа да білім ұяларына барып, түрлі шараларға қатысуға тырысамын. Шынымды айтсам, мұндай кездесулер өте қызықты өтеді. Оқушылардың білім дәрежесінің жоғары екенін байқаймын. Таяуда ешкімге айтпастан дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектепинтернат кешеніне бардым. Алдын ала айтсаң, мектеп әкімшілігі дайындалып, оқушыларға «мынадай сұрақ қой, былай істе» деп, біраз әуре-сарсаңға түсері анық. Сөйтіп «Рухани жаңғыру» аясында оқушылармен кездесіп, үш тілде ашық, емен-жарқын жүздестік, маған өте ұнады. Жалпы батысқазақстандықтар жоғары оқу сапасымен ерекшеленеді. Осынау жетістік бірінші кезекте біздің педагогтарымыздың еңбегі. Біз осы деңгейден төмен түспеуіміз қажет.

Мен бүгінгі шараға өзімнің оқитын кітаптарымды да алып келдім. Кітап оқуға уақыт жоқ деген сөз – өтірік. Ниет болса, уақыт табылады. Әрине, бірінші кезекте жұмыс қой. Әркімнің атқарар өз міндеті бар. Дегенмен кітап оқуға уақыт табуға болады. Шетелге бара жатқан достарым кейде не әкелейін деп сұрағанда кітап қосып жіберемін. Әкелгеннен соң қызыға оқимын. Мен көбіне іссапарға шыққанда жолда, әуежайларда кітапқа бас қоямын, – деген Алтай Сейдірұлы өзі тұрақты оқитын кітаптарын көрмеге қойып, әрқайсысына бөлек-бөлек шолу жасап таныстырып шықты. Олардың ішінде Абайдың, Елбасымыздың және шетелдік ойшылдардың, саясаткерлердің, экономистердің еңбектері бар.

Содан кейін сөз алған ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын алғаш оқып шыққанда үлкен әсер алғанын жеткізді. Сол кезде бұрын Білім министрі болып жүргенінде жағдайы бар азаматтарға мешітпен бірге мектеп те салуға көңіл бөлейікші деп өтініш жасаған кездерінің есіне түскенін де баяндады. Ол кездерде туған жеріне, туған өлкесіне бір жақсылық жасаса, мұны жерлестік, рушылдық деп қабылдап, сыпсың сөздердің болғаны да жасырын емес. Мемлекет басшысының бұл бағдарламалық мақаласы осындай келеңсіздіктердің тамырына балта шабары хақ. Яғни бұған дейін Президентіміз қазақстандықтардың еңбек етіп, ақша тауып, дәулетін арттыруына мүмкіндік берсе, енді осы жинаған қаржысының бір бөлігін туған жердің, атамекеннің алдындағы азаматтық парызын өтеуге жол ашып беріп отыр. Сондықтан кеше сабақ беріп, біздің осындай жағдайға жетуімізге себепші болған, қазір ауылдағы зейнеткердің біріне айналған мұғаліміміздің үйінің шатырын жөндесек, не көп жыл көрші болып, жақсылығын аямаған көрші-көлемге су не газ тартып берсек, болмаса ауылымызға жол, көпір салуға немесе мектепке, балабақшаға заманауи сыныптар ашуға көмек көрсетсек, нұр үстіне нұр емес пе?! Туған жерге деген махаббатты құр сөзбен емес, нақты іспен көрсететін уақыт жетті!

– Жаңа мен облыс әкімінің үш тілде мүдірмей сөйлеген сөзін тыңдап, шетелден алған жоғары білім деңгейін, заманауи ой-өрісін, креативтілігін көріп жан дүниемді мақтаныш сезімі кернеді. Ал кітаптарының тұрсаукері тіптен тамаша болды. Міне, осындай оқыған-тоқығаны мол іскер жастың туған өңіріме басшылық жасауы мен үшін үлкен қуаныш, – деді Бірғаным Сарықызы.

Пікірталас барысында көпшілік демін ішіне ала тыңдаған спикерлердің бірі – Саясат Нұрбек болды. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бәсекеге қабілеттілік, білім турасында әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, қазақ халқының рухани жаңғыруының тарихы тереңде. Кәрі тарих қойнауында қаншама соғыс, қырғын, түрлі оқиғалар болды, қаншама ұлт жойылып кетті. Ал қазақ соның бәрінен аман шықты. Бұл геосаяси, геоэкономикалық өзгерістерге дайын болып, қиыннан қиыстырып жол тауып, бүгінге дейін жетуіміздің бір көрінісі.

– Қазір әлем қатты өзгерді. Дүниежүзінде үш топқа бөлінетін мемлекеттер қалды. Бірінші топқа үлкен технологиялық толқындар әкелетін, яғни технологиялық өзгерістер жасайтын елдер жатады. Оған АҚШ, Қытай, Ұлыбритания сынды мемлекеттерді кіргізуге болады. Екінші топқа енетіндер бұл – технологиялық өзгерістер шыққаннан соң оларды жедел әрі тиімді пайдаланып, өздері пайда көретін мемлекеттер. Мәселен, бұл санатқа Оңтүстік Корея сынды елдер кіреді. Бұл елдің интеллектуалды әлеуеті жоғары. Сол себепті технологиялық өзгеріске қарап түрлі жерде өз нарықтарын қалыптастырады. Бүгінде Оңтүстік Кореяның ІЖӨ көлемі 1,7 трлн. доллар. Ал үлкен держава, жер көлемі үлкен, халық саны көп, инфрақұрылымы дамыған, табиғи қазба байлығы мол Ресейдің ІЖӨ 1,5 трлн. доллар. Яғни шағын ғана Оңтүстік Корея Ресейден бірнеше есе көп өнім өндіріп, жұмыс ұсынып отыр. Технологиялық не интеллектуалды әлеуеті төмен елдер үшінші топтың еншісінде. Олар желкенсіз қайық секілді. Қай жақтан толқын соқса, сол жаққа қарай тербеліп кете береді. Бұл мемлекеттер технологиялық өзгерістерге амалсыз көндігеді. Басқа жол жоқ. Сол себепті Елбасы 2010 жылдан бастап республикамызда интеллектуалды технологиялық үрдісті дамыту туралы айтып келе жатыр.

Бүгінгі таңда бұл мәселенің өзектілігі тіптен артты, – деген Саясат Нұрбек мемлекетіміздің бұл бағытта көштен қалмауы үшін қазақстандықтардың заман талабына сай жаңғыруы қажеттілігін атап өтті.

Ортаға шыққанда көпшілік қошеметпен қарсы алған танымал жерлесіміз Тұрсынбек Қабатов рухани жаңғыруды стереотипті жою ретінде қабылдайтынын айтты. Ұлтымыздың бойындағы кешігу, өзгені кекету, еріншектік, артық сөйлеу сынды рухани дерттерді емдеу үшін жасалған шара.

– Қазір бізде мындай бір стереотип бар. Кім Елбасын, ел тізгінін ұстаған азаматтарды жамандаса, Үкіметті сынаса, әкімге қарсы шықса, сол батыр. Ал мақтасаң «ой, бұл жағымпаз» деп шыға келеді. Біз осындай қылықтардан арылуымыз керек, – деді Тұрсынбек Қабатов. – Бұрын түрлі бағдарламалар шыққанда қасында міндетті түрде орысша аудармасы болатын еді. Мұнда жоқ. Ол орысша да «Рухани жаңғыру». Таяуда бір орыс отандасымыздан Елбасымыздың осы бағдарламалық мақаласының аудармасын сұрасам, ол «разноцветный беркут» деп жауап берді. Мейлің жыла, мейлің күл… Бүгін өзімнің туған өлкеме, мынадай әдемі мектепке, тамаша шараға келіп, қуанып отырмын. Сахнада, қабырғалардағы безендірулерде бірде-бір орыс сөзі жоқ. Мұның өзі рухани жаңғыру!»

Шара барысында сондай-ақ даңқты жерлесіміз, альпинист Мақсот Жұмаев, Мұхтар Манкеев, Нұрлан Өтешев те аталмыш бағдарлама турасында өз ойларын айтып, соның аясында атқарып жатқан іс-шаралары жөнінде пікір өрбітті.

* * *

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында және Оқушылар сарайында «Туған өлкем – тірегім» форумы аясында оқыту семинарлары өтті. Республикалық жобалық офистен арнайы келген бас менеджерлер Бауыржан Ерешов, Екатерина Шугрева, Нұрлан Өтешов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы жөнінде насихат жұмыстарын жүргізді.

Оқыту семинарларына аудан, қаладан білім, мәдениет, спортқа жауапты мамандарға қоса, осы саланың жетекші мамандары барлығы 150-ге жуық адам қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт құрамдас бөлігінің бірі «Рухани қазына» бағдарламасы туған өлкенің салт-дәстүрлеріне, тарих пен мәдениетіне құрмет тұтып, қызығушылық туғызу мақсатында жасалғандығы жөнінде сөз қозғаған Екатерина Шугрева ауылдардағы кітапхананы модернизациялаудың жастар үшін тиімді екендігін ерекше атап өтті. «Болашақ» корпоратив қорының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева кәсіби қабілеттілікті арттыру, жас мамандарды дайындау бойынша бұған дейін 7 семинар өткендігін тілге тиек етті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзі «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» деп аталатын төрт құрамдас бөліктен тұрады. Ұйымдастырып жатқан оқыту семинарларында аталған бағдарламалардың маңыздылығы, негізгі индикаторлары жөнінде кеңінен мәлімет берілуде. Біз өңіріміздегі қызметкерлерді өзге қалаларға жібергеннен гөрі, Астана, Алматы қалаларынан мамандар шақырып, жергілікті қызметкерлерді оқытып алғанды жөн санаймыз, – дейді Салтанат Асқарқызы.

* * *

Кеше Орал қаласындағы салтанат сарайында «Жомарт жүрек – 2017» меценаттар форумы өтті. Форум басталмас бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы ауқымында келесі жылы облыста жүзеге асатын жобалар көрмесі болды. Орал қаласы мен аудан әкімдері форумға қатысушыларды жобалар барысымен таныстырды. Біздің аймақта 1230-ға жуық меценат бар. Олар биылғы жыл ішінде 851 қайырымдылық шарасына қолдау көрсеткен. Соның нәтижесінде 12 200-ден астам адамға 136 млн. теңге көлемінде қайырымдылық көмегі жасалған.

– «Туған жер» бағдарламасы ауқымында 600-ден астам жоба ұсынылды. Көрмеге соның 260-тан астамын іріктедік. Жыл соңына дейін ұсынылатын жобалар саны көбейеді деп күтілуде. «Рухани жаңғыру» аясында еліміз бойынша «Жомарт жүрек – 2017» меценттар форумы Орал қаласында алғаш ұйымдастырылуда. Туған жерін абаттандыруға кез келген азамат үлес қоса алады. Олардың қаражаты «Ақжайық» қорына жиналады, – деді көрме кезінде облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов форумға қатысушылармен бірге көрмеде ұсынылған жобалармен танысты. Мысалы, 2018 жылы Зеленов ауданының Январцев ауылында жеке кәсіпкер В. Середаның демеушілігімен 7 млн. теңгеге спорт алаңы салынбақ. Бөкей ордасы ауданында өлкетану бағытында энциклопедия жарық көрмек. Тасқаланың Ақтау ауылындағы мектеп түлектері 1,5 млн. теңгеге күрес залын ашуға бекінген. Жаңақала ауданындағы Мәстексай ауылы жанынан ағатын Қараөзен бойындағы түбекке салынатын саябақты «Нұртем» ЖШС қаржыландырмақ. «Караванный путь» ЖШС директоры Замир Ықсанов Орал қаласында 565 млн. теңгеге жүзу бассейнінің құрылысын қолға алуды жоспарлаған.

Көрмеден кейін «Жомарт жүрек – 2017» меценаттар форумы басталды. Форумға арнайы келген меймандар арасында ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, Сенат депутаты Нариман Төреғалиев, әлемге танымал скрипкашы Марат Бисенғалиев, «100 жаңа тұлға» жобасына есімдері енген пианист Саида Қалықова, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, Зеленов аудандық ауруханасының медбикесі Елена Шушлебина болды.

– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патрио-тизмнің нағыз өзегіне айналады» деп айшықтап берді. Әрбір Қа-зақстан азаматы үшін туған жерінің көсегесін көгертуге атсалысу – парыз. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы игі істі асыруда бүгінде батысқазақстан-дықтар да шет қалмады. Рухани жаңғыру аясында биыл облыста 2,5 млрд. теңгеге 62 жоба жүзеге асты. Оның ішінде, жетеуі – білім, біреуі – денсаулық сақтау, оны – инфрақұрылым нысандарын, тоғыз жоба спорт саласын дамытуға бағытталды. Яғни, екі мәдениет үйі жөнделсе, 16 шағын сәулеттік нысан мен ескерткіш орнатылды. 13 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды, – деді форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов. Облыс әкімі қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне түскен бизнес-қауымдастық өкілдері мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда екенін айтты. Мысалы, облыс орталығында жеке кәсіпкер Александр Аитов 178 млн. теңгеге спорт кешенін тұрғызды. Қазталовта «Дархан» ШҚ-ның жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев фельдшерлік амбулаторияның жаңаруына көмектесіп, қажетті құрылғылармен жабдықтады. Тәуелсіздік күні қарсаңында кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиевтің демеушілігімен «Рухани жаңғыру» музейі ашылады деп жоспарлануда. «Samruk-Kazyna Trust» қоры да әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болуда.

«Рухани жаңғыру» аясында туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты істермен дәлелдеуге құштар азаматтар көбеюде. Жомарт жерлестеріміз биыл 1,6 млрд. теңгені «Ақжайық» қорына аударған. Келесі жылы осы қаражатқа біраз жоба жүзеге аспақ. Форумда ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова өңірдің дамуына үлес қосуды мақсат еткен меценаттар көбейе түсетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, «Туған жер» бағдарламасы бойынша облыста үш ірі нысан бой көтереді. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев осы жобалар барысымен таныстырды. Келесі жылы Орал қаласының маңындағы «Жайық қалашығын» ашық аспан музейіне айналдыру жоспарлануда. Оның кіреберісінде салтанатты ғимарат салынады. Қаланың мәдениет және демалыс саябағында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» кешені ашылмақ. Яғни, Шаған өзені бойында Астана қаласындағы «Атамекен» Қазақстанның картасы» этно-мемориалдық кешені үлгісінде ауқымды жұмыс жүргізіледі. Онда еліміздегі киелі нысандардың үлгілері орналастырылады. Сонымен қатар шаһарда заманауи үлгіде мүгедек балаларды оңалтуға арналған облыстық орталық салынбақ.

Форумда бір топ меценат «Жомарт жүрек – 2017» аталымымен және облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың арасында ірі кәсіпорындар мен құрылыс комбинаттарының басшылары, жеке кәсіпкерлер мен жергілікті мәслихат депутаттары бар. ҚР альпинистер құрамасының капитаны, әлем бойынша биіктігі сегіз мың метрден асатын 14 таудың шыңын бағындырған жерлесіміз Мақсұт Жұмаев «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын иеленді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Облыс бюджеті нақтыланды

Күні: , 48 рет оқылды

Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс XV сессиясы өтті. Күн тәртібінде «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», жергілікті мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту, облыстық мәслихаттың өзге де бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Сессияға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2017 жылға арналған облыстық бюджетті 3,3 млрд. теңгеге толықтыру мәселесін нақтылауды ұсынды. Бұл қосымша қаражаттың 1 млрд. теңгесі әлеуметтік блок шығындарына және аталмыш сала нысандарын дамытуға жұмсалмақ. Атап айтқанда, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыруға 7 млн., Деркөл ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысын қаржыландыруға 35,4 млн. теңге, сондай-ақ республикалық бюджет трансферті есебінен 300,6 млн. теңге емдік дәрі-дәрмек, вакциналар және өзге де имуннобиологиялық препараттар сатып алуға бөлінген. Зеленов ауданы Дариян ауылындағы жалпы білім беретін орта мектептің құрылысын жалғастыруға және Орал қаласы Деркөл кентіндегі 600 орындық мектеп құрылысының екінші кезеңіне 582,2 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Орал қаласындағы 300 оқушыға арналған №4 мектептің құрылысын аяқтауға 250,5 млн. теңге бағытталған. Ауыл шаруашылығы, ветеринария және қоршаған ортаны қорғауға 1,8 млрд. теңге қарастырылған. Оның 1,2 млрд. теңгесі республикалық бюджет трансферті есебінен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға және «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген.

– Бір жылдың ішінде облыстық бюджет төрт рет нақтыланды. Нәтижесінде осы жылғы жергілікті бюджет 145 млрд. теңге болды.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 млрд. теңгеге көп. Бүкіл трансферттерді есептейтін болсақ, өңір бюджеті 182 млрд. теңгені құрады. 2016 жылғы жағдаймен салыстырсақ 14 млрд. теңгеге көп. Халықты сумен қамту мәселесі өте өзекті. 55 елді мекенге республикалық, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражатқа су өткіздік. 35 елді мекенге газ өткізілді. Орталықтандырылған судың көрсеткіші облысымыз бойынша 37 пайыз болса, жыл соңында 43 пайызға жетеді. Келесі жылға тағы 50 елді мекенге су жүргізу жобасын дайындаудамыз. Алты аудан бойынша 35 елді мекенге газ тартылуда. Оның да жұмысы бітуге таяу. Жол мәселесі өте күрделі. Бес жүз шақырым жолды жөндеу жұмыстарының басым көпшілігі биыл бітеді. Оның ішіндегі ең үлкен жобаға «Нұрлы жол» бағдарламасымен 10 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қазір Саратовқа баратын жолдың жетпіс шақырымы жөнделді, қалған отыз шақырымы келесі жылы бітеді. Бүгін телекөпір арқылы ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жобаны Елбасына баяндап, аштық. Ірі құс фабрикасы іске қосылды. Бұрын он мың тонна құс етін импорттайтын болсақ, енді жеті мың тоннаға дейін өзіміз шығаратын боламыз. Алты бірдей ирригациялық құрылғы іске қосылды. Тұрғын үй бағдарламасына келсек, он төрт көп қабатты үй салынып жатыр. Ауылдық жерлерде 188 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Тұтастай алғанда 1700 пәтер. Оның 1500-і осы жылдың аяғына дейін иелеріне тапсырылмақ. Әлеуметтік сала бойынша 16 білім беру, 19 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жасалуда. Бұл жұмыс та жыл соңына дейін толық тәмамдалмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасымен облыс орталығында төрт бірдей жаңа мектеп салынуда. Өңірде жалпы саны 24 білім нысанның құрылы-сы жүріп жатыр, оның оны жеке балабақша. Орта, шағын бизнес өңірлік жалпы өнімде 42 пайызды құрайтын болса, 2020 жылы 43,5 пайызға жеткіземіз деп отырмыз. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті елу пайызға жеткізу туралы Президенттің тапсырмасы бар, – деді сессия барысында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сессияда облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев бүгінгі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің кемшілігі салдарынан облыстық жолдардың құны мен сапасы үйлеспейтінін баса айтты. Ол осы орайда әлемдік деңгейде экономикасы алға дамыған мемлекеттердің оң тәжірибелерін кідіртпей қолданысқа енгізу керектігі туралы ұсыныс жасады. Облыс әкімі тәжірибелі шаруашылық адамының тарапынан көтерілген бұл мәселені қолдап, айтылған ұсынысты Қаржы министрлігіне жеткізуге дайын екенін айтты. Ол осы бағыттағы мәселелерді шешуді мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізуден бастау керек екенін, бүгінгі таңда еліміздің Қаржы министрлігі аталмыш бағыттағы жұмыстармен айналыса бастағанын жеткізді.

2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы өңірдің 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде дайындалған. 2018 жылғы облыстық бюджет (республикалық бюджеттерден қарастырылған нысаналы трансферттер мен кредиттер есебімен) 105,9 млрд. теңге көлемінде айқындалған. Түсімдер мен шығыстар бойынша 2019 жылға – 83,4 млрд. теңге, 2020 жылға – 92,9 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және білім беру, өмір сүру деңгейін жақсарту облыстық бюджеттің негізгі бағыттары болып табылады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Тағзым мен аманат

Күні: , 81 рет оқылды

Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік құндылықтары: өткенге тағзым, болашаққа аманат» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Басқосуға Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлік академиясы облыстық филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, академик Ақсерік Әйтімов төрағалық етті. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Астана қаласындағы Еуропа құқығы мен адам құқығы жөніндегі сараптау институтының директоры Марат Башимов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, «Нархоз университетінің» экономика және менеджмент мектебінің деканы, профессор Самажан Өмірзақов, сонымен қатар көрші Ресей елінің және қазақстандық ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. «Бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияның маңыздылығын өте жоғары бағалаймыз. Өйткені біздің ел болып дамып отырғанымыз тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының нәтижесі деп есептейміз. Экономикалық дағдарыс кезеңінен аман-есен өтіп, Елбасының салиқалы саясаты арқасында қазақ елі бүкіл мемлекеттің арасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр», – деп әлеуеті артқан 30 елдің қатарына ену жолында тер төгу қажеттігін айтқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Ақсерік Сарыұлын «100 жаңа есім» жобасына енуімен құттықтап, облыс басшысы Алтай Көлгіновтің марапатын табыс етті. Бұл конференцияның мақсаты – тәуелсіздіктің құндылығы мен мазмұнын ұғындыра отырып, жастардың бойында патриоттық, мәдени құндылықтарды қалыптастыру болды.

Пленарлық мәжілістегі мазмұнды да мағыналы баяндамалар арасында «Нархоз университеті» мен «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені алдағы уақыттағы өзара әріптестік байланыста болу үшін меморандумға қол қойды. Ғылым мен білімнің дамуына үлес қосқан бір топ адамға қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңесі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігі және SOS Киндердорф халықаралық қоғамдық ұйым марапаты тапсырылды. Конференцияның екінші бөлігінде еліміздегі қазіргі заманауи ғылыми техниканың дамуы және өзекті мәселелері жөнінде баяндамалар оқылды. Шара оздырылған сәтінде, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ғылыми-инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 80 рет оқылды


Сіздерді тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл бесінші жыл қатарынан мейрам ретінде аталып өтілетін тұңғыш Президент күні – халқымыздың бірлігін бекемдей түсетін мемлекеттік деңгейдегі мерекеге айналды. Елбасымыздың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңіндегі еңбегін халқымыз әрдайым жоғары бағалайды.


Бүгінде Қазақстан қарышты дамуы дүниежүзін таңғалдырған, өзіндік айқын бағыты бар егемен ел ретінде қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен жүргізіп отырған саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуда зор жетістіктер көп.

Әсіресе, биылғы жыл Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласымен және 100-ден аса мемлекеттің қатысуымен өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесімен ерекшеленді. Еліміздің осындай биік белестерден көрініп, жыл сайын дамудың жаңа сатысына көтерілуі – туған халқының көреген көшбасшысы, жарқын істердің жасампаз ұйытқысы Елбасы мен оған қолдау көрсеткен халықтың бірлігінің нәтижесі екені сөзсіз.

Сіздерді тұңғыш Президент күнімен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, тәуелсіз Отанымыздың өркендеуі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін.

Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі       А. КӨЛГІНОВ


Білім басқармасында жаңа басшы

Күні: , 100 рет оқылды


Конкурстық негізде  ҚР Білім және ғылым министрлігінің келісімімен Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы лауазымына  Шолпан Маратқызы Қадырова тағайындалды деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.


Шолпан Маратқызы 1991 жылы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітірген.

Еңбек жолын 1991 жылы Жымпиты орта мектебінің мұғалімі ретінде бастаған.

1994-1995 жылдары Орал педагогикалық колледжінің оқытушысы, 1995-1998 жылдары Сырым ауданының білім бөліміндегі тәрбие орталығының директоры, 1998 жылдан бастап Дәулеткерей атындағы өнер институтында түрлі қызметтерде болды. Ал 2000-2002 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының әдіскері болып қызмет жасады. 2002 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарған. 2009-2011 жылдары Орал қаласындағы есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнаулы мектеп-интернат кешенінің директоры болған. Ал 2011 жылдан бүгінге дейін физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің Орал қаласындағы филиалының директоры қызметін атқарды.

Облыс әкімі А. Көлгінов білім басқармасының басшысына Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін ең қажеттісі – білімнің салтанат құруы туралы айтқанын баса көрсетіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі білім берудің озық үлгілерін облыс мектептеріне енгізу бағытында жұмыстануды, қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты болдырмау мақсатында шалғай ауылдардағы шағын жинақталған мектептерде электронды оқытудың заманауи құралдарын қолдануды, кең жолақты интернет жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүргізуді, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жұмыстарын ұйымдастыруды және жүзеге асыруды тапсырды.

zhaikpress.kz


Жаңа әліпбиге қатысты Жарлық

Күні: , 83 рет оқылды


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. “Егемен Қазақстан” Жарлықтың толық нұсқасын ұсынады.


Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы

Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі: Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын; қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін; осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдасын.
  3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
  4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті         Н. Ә. НАЗАРБАЕВ

 

Астана, Ақорда,

2017 жылғы 26 қазан

№ 569

https://egemen.kz


Жаңа тағайындау

Күні: , 93 рет оқылды


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс активіне Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен және орталықтан өңірге ротация қағидасына сәйкес әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары –  Ғабидолла Абдоллаұлы Оспанқұловты таныстырды.


Ғабидолла Абдоллаұлы ОСПАНҚҰЛОВ – 36 жаста. Білімі жоғары.

2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2007 жылы Қазақстан – Ресей университетін Астана қаласында бітірген.

2015 жылы «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша Бирмингем университетінің (Ұлыбритания) магистр дәрежесін алды. Еңбек жолын «Евразия Консалтинг» жеке компаниясында заңгер көмекшісі болып бастаған. Бұдан кейін ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі;

— ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен байланыстар бөлімінің бас консультанты;

— ҚР Президенті әкімшілігінінің Парламенттегі Президент өкілдігінің сектор меңгерушісі;

— Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары;

— Павлодар облысының білім беру саласын бақылау департаментінің директоры;

— ҚР Білім және ғылым министрлігінің әкімшілік жұмыстар және жастар істері жөніндегі департаментінің директоры;

— ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар істері комитетінің төрағасы;

Бүгінге дейін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Ата Заң ұлықталды

Күні: , 86 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Жеңіс  алаңында  ҚР  Ата  Заңына  22  жыл  толу  мерекесіне  орай  облыстық  ІІД  тәртіп  сақшыларының қатысуымен  салтанатты  шара  өтті.


Жиын  облыстық  ішкі  істер  органдарының  жеке  құрамы оркестрінің  сүйемелдеуінде  әнұранмен  ашылып,  облыстық  ішкі  істер  департаменті  бастығының  бірінші  орынбасары,  полиция  полковнигі  Асылғали  Меңдіғалиннің  ішкі  істер  органдары қызметкерлерін құттықтауымен  жалғасты.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының арқасында 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Ата Заңымыз бүгінде тиімділігін танытып, көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Бұл күн – еліміздегі қоғамдық маңызды және саяси оқиғалардың бірі. Ата Заңымыздағы қағидалар халықтың әл-ауқатының артуына, саяси құрылымдардың тиімді дамуына негіз болуда.  Бүгінгі мерекеге орай баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге жемісті еңбек тілеймін, – деді  Асылғали Шеңдіғалиұлы. Облыстық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев сөз алып, жас сақшыларға сәттілік тіледі. Шарада ҚР ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың жеделхаты мен марапаттау туралы бұйрығы оқылып, қылмысқа қарсы күресу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде елеулі үлес қосқан қызметкерлерге төсбелгілер мен алғысхаттар табысталды. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ж. Сабырғалиев, Орал қалалық ІІБ штаб бөлімшесінің бастығы, полиция майоры А. Рахметова, облыстық ІІД кадр жұмысы басқармасының жеке құрам бойынша инспекциясының инспекторы, полиция капитаны Б. Досқалиев II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, 400-ден астам сала мамандары алғысхат иеленді. Кейін сапта тұрған жас тәртіп сақшылары халыққа және мемлекетке адал қызмет атқаруға  салтанатты  түрде  ант  берді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Бурабайдағы кеңесте

Күні: , 79 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде Бурабайда өткен кеңес туралы газетіміздің өткен санында жариялаған едік. Алқалы басқосуда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов есеп берген болатын.


– Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында оңды көрсеткіштер байқалуда. Жалпы, өңірлік өнімнің өсімі қазіргі таңда екі пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп саласында 12% өсім бар. Соның ішіндегі тау-кен өндірісінде – 13, ал өңдеу өнеркәсібінде үш пайыз. Құрылыс жұмыстары саласында 6% өсім бар. Шағын және орта бизнеске келетін болсақ, бүгінгі таңда оның көлемі 25%-ға артып отыр. Салада қызмет жасап жатқан азаматтардың саны 7000 адамды құрайды. Ал ішкі өңірлік өнім құрылымдарының үлесі 40 пайыз. Экономикаға тартылған инвестиция, қазіргі уақытта 63 млрд. теңгені құрауда. Сіздің халыққа арнаған Жолдауыңыз ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін бергені анық. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция бес есеге өсіп отыр. Суармалы алқаптардың көлемі биыл екі есеге артып, 72 мың гектарды құрады. Үкіметтен тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігімен элигациялық құрылымдарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудеміз. Өңірде 42 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтер қазіргі уақытта жұмысын бастап, нақты іске кірісті. Біздің Иранға сапарымыздан кейін, экономикалық қарым-қатынасымыз күшейді. 1500 тонна ет экспорттауға келісімшартқа қол қойылды. Соның бірінші партиясы, осы өткен айда Иранға кетті. Қазір де жұмыс жалғасуда. Бұл үкіметтің бақылауында тұр.

«Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары да кешенді түрде іске асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша 27 млрд. теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта мыңның үстінде жұмыс орны ашылуда. Мысалға, биыл тоғыз жаңа мектеп құрылысы жүрген болса, соның төртеуі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Сонымен бірге жол құрылысы да қарқынды жүруде. Тапсырмаңызға сәйкес, жолға бөлінетін қаражат едәуір өсті. Биыл да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орал қаласы мен Ресейдің Саратов облысы арасындағы 104 шақырым жолдың 86 шақырымы бітетін болады. Ал жалпы 500 шақырым жол жөнделмек, оның 200 шақырымнан астамы – республикалық маңызы бар жолдар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 78 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынды. Биыл жоспар бойынша 280 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынады, – деді өз есебінде Алтай Сейдірұлы.

Осы тұста Елбасы «Березов, Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру мәселесі бір жағына шықты ма? Не болды?» деген сауал тастады.

– Мәселе бақылауда тұр. Бірінші кезеңін өзіңіз білесіз, осыдан бір жарым жыл бұрын жасалған болатын. Қазіргі екінші кезеңде 400-ге жуық отбасы, 1500 адамды көшіру осы тамыз айында басталады. Бір қабатты 100 үйді толық бітірдік. 100 отбасы көшетін болады. Алғашқы лекте 20 отбасы келесі аптада қоныстанбақ. Екі қабатты, көп қабатты және тоғыз қабатты тұрғын үй қыркүйек айында толық бітеді. Балабақша құрылысы тәмамдалды. Жылыту маусымы басталғанға дейін толық көшіреміз, – деді облыс басшысы Елбасы сауалына орай берген жауабында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Елімізді өркендету жұмыстары ерекше ыждағаттылықты қажет етеді

Күні: , 79 рет оқылды

Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  қатысуымен өңірлердің  әлеуметтік-экономикалық дамуы  және  мемлекеттік бағдарламалардың іске  асырылуы  жөнінде  кеңес  өтті.  Кеңеске Парламент  Сенатының  Төрағасы,  Премьер-министр және  оның  орынбасарлары,  Президент  Әкімшілігінің  Басшысы және оның орынбасарлары,  облыстардың, Астана  және  Алматы  қалаларының  әкімдері,  сондай-ақ  орталық  мемлекеттік органдардың  жетекшілері  қатысты.


Отырыс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды.

Алғашқы сөз Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге берілді. Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы  туралы  есеп  берді.

Қазақстан Президенті Премьерминистрдің бірінші орынбасарының баяндамасын тыңдап, Үкімет тарапынан мән беруді қажет ететін мемлекеттік бағдарламалардың жекелеген индикаторлары мен  көрсеткіштеріне  тоқталды.

«Соңғы екі  жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзандатылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады», – деді Нұрсұлтан  Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы шикізаттық емес экспорт және Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асыру мен байланысты мәселелерге Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің назарын аударды.

Сондай-ақ  Мемлекет басшысы нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктеріне тоқталды.

Күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылау аяқталған соң, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндады.

Нұрсұлтан  Назарбаев А. Мырзахметов келтірген мәліметтерді назарға алып, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері жөнінде сұрады.

Бұдан бөлек кеңесте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің және еліміздегі цифрландыру мәселесі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есептері тыңдалды.

Сонымен бірге күн тәртібіне сәйкес, өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды. Алғашқы болып Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті елордадағы көлік жүктемесінің проблемаларына, балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.

Ә. Исекешевтен кейін сөз Ал-маты қаласының әкімі Бауыржан Байбекке берілді. Мемлекет басшысы қаланың экономикасына шағын және орта бизнесті тарту, сондай-ақ инфрақұрылым салу үшін жер мен баспана алу үдерісіне қатысты мәселелерге тоқталды.

Бұдан соң Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндіретін кәсіпорындар жүктемелерінің төмен екенін айтып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірдің туристік кластерін дамытуға қаражат қарастыруды тапсырды.

Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды.

Алматы облысының дамуы жөнінде өңір әкімі Амандық Баталов баяндады. Қазақстан Президенті Алакөлдің туристік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына  назар  аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есебін тыңдап, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке  сөз  берді.

Мемлекет басшысы облыста инвестиция көлемінің 21%-ға төмендегенін айтып, өңірге инвесторлар тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек Қарашығанақ санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге байланысты Березовка ауылының тұрғындарын уақтылы әрі толық көшіру мәселесі талқыланды.

Одан кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың есебі тыңдалды. Қазақстан Президенті облыстағы шағын және орта бизнес өнімі көлемінің төмендегеніне тоқталып, тұрақты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа Қаражал, Жәйрем кенттерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.

Елбасы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің баяндамасын талқылау барысында өңірдегі бала өлімі проблемаларына назар аударды.

Сондай-ақ  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов  баяндама  жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің баяндамалары мен есептерін тыңдап, отырысты қорытындылады. Сонымен қатар елімізді және өңірлерді дамыту бағдарламаларын іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау тұрғысынан облыстардағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны  төмен  екенін  атап  өтті.

«Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, оның 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек жеті мектеп пен екі балабақша пайдалануға берілді.

Жоспарланған білім беру нысандарының көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне жоспарланған барлық нысандарды уақтылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғындардың көп бөлігінің хабарсыз екенін және оған банктердің қатысу белсенділігінің  төмендігін  айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуының аралық қорытындысын жасады, сондай-ақ экономикамызды цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек  Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытудың маңыздылығына назар аударып, экспорттық стратегияны уақтылы іске асыру қажет екенін айтты.

«Индустрияландыру аясындағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауы тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы инвесторлар тартуда жекешелендіру жоспарын іске асырудың тиімді екенін айтып, Қазақстанның ірі компанияларын мемлекетке мейлінше пайда түсірмейінше, акцияларын асығыстықпен  сатпауға  шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударып, әкімдерге өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ  Мемлекет басшысы биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан, шағын несие беру жұмыстарының баяу жүргізіліп  отырғанын  атап  өтті.

Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге ахуалды терең зерттеп, агрохолдингтердің қарызына байланысты мәселелерді шешу жөнінде нақты шаралар кешенін  әзірлеуді  тапсырды.

Елбасы егін шаруашылығын сақтандыруды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара сақтандыру қоғамдарының жұмысын реттеу жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталып, онда көрсетілген барлық міндеттің жалпымемлекеттік  маңызы  бар  екенін  атап  өтті.

«Қоғамымыз жаңғырудың бұл бағытын жылы қабылдады. Бұл ретте  осы жұмыстарға барша жұртты тарту қажет. Әкімдер бағдарламаның іске асырылуына жауапты екенін ұмытпауы керек», – деді Қазақстан Президенті.

Асқар   ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен   Қазақстан»,

№159,  21 тамыз,  2017  жыл


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика