Күре жол биыл аяқталады

Күні: , 1 087 рет оқылды

Іссапармен  Тасқала  ауданына келген  облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат  Азбаев  «Орал –  Тасқала – РФ  шекарасы»   күре  жолында  болып,  мердігер «Uniserv»  ЖШС  өкілдерімен  кездесті.

Компания бас директорының мінде­тін атқарушы Дінмұхамед Сәтбаев­тың айтуынша, жолды жаңғырту жұмысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша қолға алынған. Жолды жаңарту жұмыстары ауа райы қолайсыздық келтірмесе, қараша айында толығымен аяқталмақ. – Жоба Президентіміздің тікелей бақы­лауында. Жұмыс жоспарланғандай биыл аяқ­талуы керек. Сапалы әрі жедел жүргі­зілуі тиіс, – деді Бағдат Оразалдыұлы.   Назгүл  СЕРІКҚЫЗЫ, Тасқала   ауданы

Ерболат МҰҚАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Жиі көтерілетін мәселе – жолдың жайы»

Күні: , 1 622 рет оқылды

– Ерболат Рахметұлы, VI сай­ланған Парламенттің үшінші сес­сиясында Сенатта қанша заң жобасы қаралды?   – Парламенттің қос палатасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін «Бес әлеуметтік бастамасынан» туындайтын ауқымды міндеттерді жү­зеге асыру барысында 84 заң қабылдады. Олардың бірқатары күшіне еніп, бүгінде халық игі­лігіне қызмет етуде. Жалпы, «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастама­сының» осы сессия барысында жариялануының өзі халқымыз­дың жағдайын жақсартуға арнал­­ған ерекше қадам ретінде баға­ланды. Қос палата депутаттары осы бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға белсене араласты.   – Өңір жұртшылығымен жиі жүздесіп тұрасыз. Осы сапа­­рыңызда да бірнеше аудан­- да болып, елдің жайын өз көз­і­ңізбен көріп қайттыңыз. Кездесулерде қандай өзек­ті мәсе­лелер  көтеріледі?   – Біз жұмыс барысымен өңір­лерді жиі аралаймыз. Жұртшы­лық­ты жоғары заң шығарушы ор­- ганның тыныс-тіршілігімен таныстырып, Елбасы Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларда ай­қындалған мақсат-міндеттердің маңыздылығын түсіндіріп, ауылаймақтағы шешімін күткен мәсе­лелерді анықтаймыз. Парламент қабырғасында он жылға жуық қыз­мет етіп келемін. Халықпен кездесулерден байқағаным, көте­рілген мәселелер жылдан-жыл­ға жалпы сипат алып келеді. Яғ­ни бұрынырақта жергілікті жұрт­шылық депутаттар алдына ауыл­ға мектеп пен балабақша, емхана немесе жол салуды көлде­нең қоятын-ды. Қазір ұлттық салт-дәс­түрімізді жаңғырту, рухани құн­дылықтарды дәріптеу, жастар тәрбиесіне, қоғамдық қауіп­сіздік мәселесіне көбірек көңіл бөліне­ді. Әсіресе, соңғы уақытта бала­- лар­ға жасалған зорлық-зомбы­лықты тыю, жат діни ағымдармен күрес, жасөспірімдердің құқығын қорғау қоғамның алаңдаушы­лы­ғын туғызуда. Бұл мәселе Парламент депутаттарының да ұдайы назарында. Мемлекет басшысының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты ел-жұртқа бағыт-бағдар бе­- рер мақаласы халық тарапынан қызу қолдау тауып, келелі істерге бастама болғандығы қуан­тады. Ауылда өсіп-өніп, бүгін­де әр­қайсысы бір-бір кәсіп иесі атан­ған азаматтар өз қаржысына спорт алаңдарын, саябақ, мешіт салып, жол жөндеп, жарық орна­тып, туған жерді түлетуге үлес қосуда. Ауыл – әр қазақтың алтын тамыры. Ауылдың жағда­йын жақсарту арқылы елді дамытамыз. – Сіз Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің мүшесісіз, биылғы республикалық бюджетті нақтылауда қандай сала­ларға басымдық берілді?   – 2018-2020 жылдарға арнал­ған үш жылдық бюджетте ең үл­­кен үлес әлеуметтік салаға тиесі­лі. Соның ішінде қаражаттың ба­сым бөлігі денсаулық сақтау, бі­лім беру және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталды. Батыс Қазақстан облысында ең жиі көтерілетін мәселе – жол­дың жайы. Үш жылдық бюджеттен 36 млрд. теңге Ақ Жайық аты­рабының жолдарын салуға және жөндеуге бөлінді. Алдағы 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен 60 млрд. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр. «Біз бірінші кезекте республи­калық маңызы бар жолдар салу­дамыз. Сол себепті ауыл-аудан­дық маңызы бар жолдарды са­лу-жөндеу жұмыстарын кейінге шегере тұрамыз» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет­ке тапсырма берген болатын. Со­ған сәйкес ҚР Инвестициялар жә­не даму министрлігі 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі ауто­мобиль жолдарының жөнделе­тінін айтты. Сонымен қатар 2020 жылға қарай «Орталық – Шығыс» бағытындағы халықаралық жолдарды қайта жөндеу, ал одан ке­- йін «Орталық – Оңтүстік», «Орта­лық – Батыс» жобаларын жүзеге асыруды жалғастыру жоспарлан­ғанын айта кеткен жөн. Респуб­ликалық маңызы бар ақылы тас­жолдардың қатарын көбейту де жоспардағы іс. Бұл жерде халық дұрыс түсінуі керек. Мемлекет­тің қыруар қаржысына жол салынады, сол жол арқылы Ресейден, Қытайдан, Өзбекстаннан және т.б. елдерден көлік өте көп қатынай­ды. Қалың көлік нөпірінен жол тез бұзылады. Ал ақылы болған кезде түскен қаражат сол жолды жаңалап-жаңғыртуға жұмсалатын болады. Жергілікті тұрғындарға ақылы жолдар бойынша арнайы жеңілдік қарастырылады.   – Осыдан бірер жыл бұрын Ақ­жайық ауданының орталы­ғы – Чапаев ауылы тұсында Жайық өзені арқылы өтетін ау­токөлік көпірін салу туралы бастама көтерілген болатын. Жалпы, өңір үшін аталмыш құ­ры­лыс нысанының стратегия­лық маңызы зор екені белгілі. Қазір осы көпір мәселесі қалай болып  жатыр?   – Дұрыс айтасыз, Жайық өзені арқылы көпір салу еліміз үшін ерек­ше маңызы бар, экономика­лық- әлеуметтік тұрғыдан өте пайда­лы деп есептеймін. Жайық өзе­нінің қос жағалауында елуге тарта елді мекен орналасқан. Со­ның ішінде 6 ауылдық округ пен ондағы 18 ірі елді мекен өзеннің сол жағалауында қоныстанған. Бұл ауылдарды қарайған халық мекендеп, тұрмыс-тіршіліктің түті­нін түтетуде. Сол себепті де жыл­дың күзгі-қысқы, көктемгі мезгі­-лінде сол жағалаудағы тұрғын­- дар, әр түрлі салада қызмет істей­тін қызметшілер аудан орталы­ғына Орал қаласы арқылы, ал кейбірі Атырау облысының Дендер ауданы орталығының тұсындағы көпірден өтіп келуге мәжбүр. Тығырыққа тірелген жағдайдан шы­ғудың қазіргі ең қарапайым жо­лы қолдан құрастырылған же­ңіл аутокөліктерді өткізуге ғана жарайтын паромдарды пайда­лану болып тұр. Амалы таусыл­ған халық пароммен немесе қа­йықпен өтіп жатады. Тіпті бірне­ше адамның өліміне себепкер болған қайғылы жағдайдың орын алғаны  да  мәлім. Жаңа көпір бұл тек бір аудан­ның халқы үшін салынатын көпір деген түсінік болмауы керек. Егер тоғыз жолдың торабында ор­на­ласқан Чапаевтың тұсынан Жа­йық өзенінен аутокөліктер өте­тін көпір салынса, Сырымнан Ақ­жайыққа дейінгі жолмен көпір арқылы Жалпақталдан Қазталов­қа, әрі қарай Орда мен Жәнібек­-ке баратын жолдың бойымен Шығыс Еуропаның Польша, Венгрия, Румыния, Украина мемле­- кеттері, ал Жәнібек ауданы жа­ғында Ресейдің Волгоград, Рос­тов, Краснодар, бүкіл Кавказ ар­қылы жүріп өтетін үлкен дәлізге айналуы тиіс. Қазіргі таңда көпір­дің жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Көпір құрылысын қаржы­ландыру мәселесіне қатысты бір­неше рет депутаттық сауал жол­- данды, ілгерілеушілік бар. Биыл Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарына қатынайтын аутокөлік жолының жобалық-сметалық құ­жаттамасы жасалып, келер жылы аталмыш бағытта жол салу жұ­- мыстары басталады. Осы жол аяқталған соң Ресей Федерация­сының Астрахань, Волгоград, Са­- ратов облыстары тұрғындары үшін де Орынбор бағытына тікелей шығуға мүмкіндік туады. Бұл біздің аудандар үшін де өте тиімді.   – Ерболат Рахметұлы, халық­тың аманатын арқалаған депутат болған соң депутаттардың қызметіне қатысты алғыспен қатар сын-ескертпелер де айтылып жатады. Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз?   – «Таза зердеге сын» атты әлем­ге танымал еңбегінде неміс фи­лософы Иммануил Кант «Сын та­за зердеден туындауы керек» деп жазады. Егер сын таза ақыл-ойдан шықса, адамды да, қоғамды да түзейді. Бізде, өкінішке орай, өзі түк істемесе де, сын айтқансып, жала жабатындар, жауырды жаба тоқитындар әлі де баршылық. Қазіргі қоғамға ішкі мәдениет, құ­қықтық және қаржылық сауатты­лық  жағы  жетіңкіремейді.   Сұхбаттасқан Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал өңірі»

Ойы мен сөзі жақсы адамның…

Күні: , 989 рет оқылды

Өткен  жұма  күні  Орал  қаласына  келген   танымал   журналист «Шетелдегі қазақ балалары»  жобасының  авторы Жанар Байсемізова «Жайық Пресс» медиахолдингінде болып, оқырмандарымен кездесті.

«Жұмадағы жүздесу» барысында Жанар Қожақанқызы өзі секілді нәзік жандарға өмірдің бұралаң- бұлтарысы мол жолында тура бағыттан таймай, кездескен қиындыққа мойымай, қалай адами тір- лік кешу қажеттігі жөніндегі өзінің көзқарасымен бөлісті. Сан тағдыр иесі бас қосқан кездесуде алуан түрлі сауалдар қойылды. Жанар әріптесіміз жеке өмірден бастап, уақытты тиімді пайдалану, адамның өзін-өзі дамытуы, ене мен  келін арасындағы байланыс, қыз балалардың тұрмысқа шығуы  секілді  қойылған әр түрлі сауалдарға тұшымды жауап берді. – Отбасындағы береке-бірліктің сақталуы тікелей әйел адамға байланысты. Осындай тренингтердің көпшілігі нәзік жандарға арналады. Әйел адамның қоғамдағы рөлі өте  үлкен. Ол – ана, ол бала тәрбиелейді, ұрпақ өрбітеді. Ер адам көбінесе түздегі тірлікпен айна-лысатындықтан, перзентіне негізгі тәрбиені, қоғаммен байланысты, әке мен жасы үлкенді  құрметтеу, кішілерге қамқор болу, адамдардың барлығына құрметпен қарау секілді адами құндылықтардың барлығын сіңіретін әйел. Сондықтан да әйел адам өзін-өзі дамытуды қолға алса, білімін тереңдетсе, біздің қоғам да өркендейді, – деді Жанар Байсе-мізова. Өмірдің бұралаң жолында талай қиындық кездесетіндіктен,  адамдар өздерін қолға алу қажет. Тренер айтып өткендей, адам үшін ең қажетті дүние – рухани әлем. Ойы мен сөзі жақсы адамның өмірі де жақсы арнаға бұрылмақ. Үш сағаттық басқосудың соңында оралдық қыз-келіншектер танымал журналистпен қимай қош- тасып, тағы да кездесуге ниетті екендіктерін жеткізді. Ясипа   РАБАЕВА, «Орал   өңірі»

Сауда алаңын кеңейтуді тапсырды

Күні: , 561 рет оқылды

Өткен сенбіде Орал қаласындағы  М. Ықсанов көшесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жалғасын тапты. Жәрмеңкеде Зеленов, Теректі, Ақжайық аудандары мен Орал қаласынан келген ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер маусымдық бақша өнімдерін саттыққа шығарды. Жәрмеңкені аралаған облыс әкімі Алтай Көлгінов сала мамандарына сауда алаңын кеңейтіп, азық-түлік өнімдерінің көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Жәрмеңкеге 50-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі  қатысып, 20 тоннадан астам кө-көніс пен бақша өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды. Өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға дейін  арзандатылып сатылды. Айта кетсек, картоптың келісі 65-70 теңгеден, пияз – 70-80, сәбіздің уақтары – 70, ірілері – 150,  орамжапырақ – 60, болгар бұры-шы – 100, қызанақ – 75, қияр – 50-70, қарбыз – 60, қауын 150 теңгеден сатылды. — Қыс маусымына сақтайтын са-латтарды жабу үшін біраз көкөніс сатып алдым. Мұнда базардағы бағадан арзан. Мысалы, қаладағы сауда орындарында сәбіздің келісі 200 теңгеден әлі түскен жоқ.  Жәрмеңкеде 150 теңгеден  сатылуда. Жұмыртқаның 10 данасы 140 теңгеден саудалануда. Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкелері қала тұрғындары үшін жиі ұйым-дастырылып тұрса екен дейміз. Өйткені жәрмеңкеден кейін қал-тамызда қалған 40-50 теңгенің өзі бізге едәуір үнем, – дейді Раушан Биғалиева есімді қала тұрғыны. Жәрмеңке барысында облыс-тық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ШЖҚ «Ұлттық  сараптама орталығы» РМК  филиалымен бірлесіп «Қа-уіпсіз және таза өнімді таңда» акциясы негізінде өнімдерге  зертханалық зерттеулер жүргізді.  Яғни тұтынушылар жәрмең-кеден алған көкөніс пен жеміс-жидектердің құрамындағы нитрат мөлшерінің қалыптылығын, ауыз судың бактериялық ластану дең-гейін тегін тексеруге мүмкіндік алды. – Тұрғындар заманауи құрыл-ғының көмегімен жедел әдіс ар-қылы күнделікті тұтынып жүрген тағамдарының сапасын анықтады. Біздің көмегімізге жүгінуші-лердің көптігіне қарап, тұтынушы-лардың экологиялық таза өнімге деген сұранысының жоғары екенін байқадық. Жәрмеңке барысында  қарбыз, қауын, пияз, картоп өнімдері тексерілді. Олардан адам денсаулығына қауіпті концентрат-тар  табылған жоқ, – дейді облыс-тық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Эльвира Төлеуова.  

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

 

Бағбан келін

Күні: , 574 рет оқылды

Мен Ләззат Шағатай әріптесіммен осыдан төрт жыл бұрын «Орал өңірі» газетінің редакциясына қызметке орналасқан кезде таныстым. Кейін араласа келе, өзімнен он шақты жас кіші қарын-дасымның жақсы қадір-қасиеті аз еместігіне көзім жетті. Ол өте еңбекқор жан. Қай шаруаға кіріссе де, үйіріп алып кетеді. Оралдың «Кең дала» шағынауданында тұратын Ләззат көктем шыға қазан-ошағын сайлап, жаз бойына сонда күнделікті  тамағын дайындап, отқа нан көмеді. Үйден тәтті торттар пісіруді, бүлдіршіндер киімі мен қуыршақ тігуді де шебер меңгерген. Түрлі түсті моншақтардан әдемі гүл өру де қолынан келеді. Бір сөзбен айтқанда, он саусағы-нан  өнер тамған  жан. Отағасы Арман екеуі шаңырақ құрған соң жер телімін алып, маңдай термен үй де салып алды. Аядай ғана ауласын бас-аяғы 1-2 жылда жеміс ағаштары мен гүлзарларға толтырды. Жеміс ағаштарының көбін жанында жүрген жомарт жандар берсе, кейбірін базардан сатып алды. Шағын ғана аулаға егілген алма, сары өрік, қара өрік, шие ағашта-ры, құлпынай мен таңқурай көп ұзамай жемісін бере бастады. – Бау-бақша баптау маған қанмен берілді десем, артық айтқандық болмас. Атам Шағатай ұстаздық қызметпен қатар барлық балаларын бағбандыққа баулыды. Тайпақ ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылынан он шақырым жерде «Шағатай бақшасы» деп аталып кеткен жер бар. Атырау өңірінде тұратын нағашыларым да бау-бақша егумен мықтап айналысты. Бала кезімізде қыдырып барғанда ауласы жайқалған гүлге, жеміс-жидекке көмкеріліп тұратын. Бала күнімізде әке-шешеміз алты ай жаз бойына бағбандықпен шұғылданғандығын көріп өстік. Сонау тоқырау заманында бау-бақша біздің отбасымыздың табыс көзіне айналды. Біздің үй жаз бойына бау-бақша баптап, қауын-қарбыз сатып, бақша өнімдерінен 500 шақты банкі жауып, қыста саудалап, пайда табатын. Жазғы демалыста қыдыру дегенді білмеуші едік. Ерте көктемнен қара күзге дейін бақшада еңбек ететінбіз. Содан болар, гүл көрсем, терек көрсем болды, қасынан оңайлықпен кете алмаймын. Мектеп бітіріп қалаға келгенде «Бау-бақша салатын шағын ауласы бар, жер үйім болса екен» деуші едім. Биыл отасқанымызға небәрі бес жыл болса да, шап-шағын ғана жер үйі-міздің ауласы тал-терекпен жайнап тұр. Жалпы, алақан жайып, біреуден көмек күтетін немесе біреудің «нанына» ортақтаса кететін жандардың қатарынан емеспін. Не нәрсеге болсын тер төгіп, еңбек еткенді жаным қалайтыны рас, – деді Ләззат. Өткен жыл Ләззат үшін қуанышқа толы болды. Тәп-тәтті қылығымен ата-анасын қуантып жүрген қызы Аяжанның соңынан Жантөре есімді ұлы дүниеге келді. Бала күтімімен отырса да, ол еңбектен қол үзген жоқ. Ке-лінінің еңбекқорлығын көріп-біліп жүрген қайын атасы бала-келіні мен немерелеріне арнап саяжай алып берді. Жақында кейіпкеріміздің қаланың түбіндегі «Бортау» жақтағы саяжайына бардық. – Жылда ерте көктемде үй ауласындағы аядай жерге гүл  мен бау-бақша егетінмін. Адамда арман біткен бе? Сол кезде «Ауласы кең саяжайым болса, ішін жеміс-жидекке толтырар едім» деуші едім. Ол тілегім де орындалды. Саяжайда алманың, өріктің, шие мен жүзімнің, құлпынай мен таңқурайдың бірнеше түрі бар. Сонымен қатар қияр, қызанақ, тәтті бұрыш секілді бақша дақылдарын ектік.  Тіпті, саяжайдың бұрынғы қожайыны лимон ағашының бір түрін де өсіріп қойыпты. Өзім бала күтімімен отырғандықтан, уақытымның көп бөлігін саяжайда өткіземін. Аулада шағын үй, монша, сарай салынған. Піскен жеміс-жидектерден тосап қайнатып, салат жасаймын. Қысқы мезгілге де мол қор жинап алдым. Дастарқанымыздан артылғанын сатып та жатырмын. Ең бастысы, ұл-қызымның табиғи таза өнім тұтынатындығы қуантады. «Бау-бақша егіп қайтесің? Керегің базар мен дүкен сөрелерінде толып тұр ғой» деп ақыл айтатындар да аз емес. «Еңбекпен келген нан тәтті» дегендей, адал термен тапқан ризықтың орны бөлек. Саф ауамен тыныстап, саяжайдағы әр тал гүлді, бау-бақшаны баптағаннан рахаттанып, жаныма ләззат аламын. Бұл жерде тіпті ұялы байланыс та жоқ. Қаланың күнделікті қым-қуыт қайнаған тірлігінен бір сәтке болса да қол үзіп, табиғаттың аясында жүргенге жететін ештеңе  жоқ! –  дейді Ләззат. Әріптесіміздің саяжайында піскен құлпынай мен таңқурайды, дәмі тіл үйіретін алмасы мен өрігін ұжым болып, тапсырыспен алдыра бастадық. Уылжып піскен жемістердің бағасы да тиімді, әрі қажет десең, те- гін жеткізіп те береді.  Бәлкім, сіз де құр қалмассыз, оқырман…     Темірғали Ишпанов, зейнеткер: – …Бүгінде  жас күнімдегі бейнеттің зейнетін көріп отырған жанмын. Өзім ауылдық жерде тұрсам да, қаладағы бала-келінімнің, немерелерімнің болашағын ойлап, олардың үйіне жақын маңнан 2 миллион  теңгеге саяжай алып бердім. Келінім Ләззаттың еңбек-қорлығын, оқсатымдылығын байқап жүрген мен үшін бұл көптен ойда жүрген арман еді. Біз кеңестік дәуірдің ұрпағымыз, тәтті нанның еңбекпен келетінін бала кезден ұғып өстік. Санамызға сіңген сол дәстүрді бүгінде бала-келінім жалғап, немерелеріме де үйретіп жүргеніне көзім сүйсініп, жаным жадырайды. Сонымен қатар дәруменге толы табиғи таза өнімдер денсаулыққа пайдалы, әрі қалтаңды қақпайды. Сол себепті қа-зақтың үлкен-кішісі жер игеру мәдениетін меңгеріп, туған жерді аялап, бау-бақша баптауға біржола ден қойса деймін.   Нұрбек   ОРАЗАЕВ, «Орал өңірі»

Елімізде халықаралық музыкалық байқау басталады

Күні: , 402 рет оқылды

23 қыркүйектен бастап «Хабар» телеарнасында «Топжарған» музыкалық байқауыэфирге шығады. Аталмыш шоу бұған дейін АҚШ («The Four: Battle for Stardom»), Ресей («Успех») және өзге мемлекеттерде көрермен тарапынан жақсы қабылданды. Жобаны израилдікArmoza Formats компаниясы жасаған. «Топжарған» — бұл жұлдыз болуға лайықты төрт қатысушы бірден анықталатын жалғыз музыкалық шоу, яғни, байқаудың  финалистері алғашқы кезеңде белгілі болады. Алайда бұдан жобаның қызығы азаймайды, керісінше финалистер әр шығарылым сайын жаңадан келгендердің алдында өзінің жобаға лайық екенін дәлелдеуі керек. Ереже бойынша шоуға келген жаңа қатысушылар финалистерді жекпе-жекке шақырып, музыка алаңында күресуге құқы бар. Ал жаңа қатысушылардың арасынан кімнің талабы жоғары екенін қазылар шешеді. Музыкалық сайыстан соң залдағы көрермендер дауыс беріп, әншілердің тағдыры шешіледі. «Қазақстанда өзге музыкалық жобаларға ұқсамайтын жаңа шоудың пайда болғанын қуанышпен хабарлаймыз. Біздің аудиториямыз қашанда жаңа таланттардың бағын ашатын бағдарламаларды қызығушылықпен тамашалайды, сондықтан бұл жобаны да лайықты бағалайды және осы байқау арқылы жаңа жұлдыздар жанады деген  үміттеміз», — дейді «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Алан Әжібаев. Жобаның қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, композитор әрі продюсер Ринат Гайсин, жас рэппер Baller бар. Шоуды әнші Кәмшат Жолдыбаева жүргізеді. Байқауға қатысу үшін www.khabar.kz. сайтында өтінімдер қабылдануда. Біздің хештектеріміз :#topjargan #khabartopjargan #топжарган #хабартопжарган     Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі мекен жай бойынша хабарласыңыз promo@khabar.kz, 8 (7172) 757 553   www.khabar.kz| facebook.com/ KhabarTV | vk.com/ KhabarTV | twitter.com/KhabarTV |  Instagram.com. KhabarTV

Қыс қаһарынан қаймықпау үшін

Күні: , 2 059 рет оқылды

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындықты пысықтаған  жиын өтті. Оған жылыту нысандарының жұмысына тікелей жауапты кәсіпорын, сондай-ақ өңірдегі өзге де іргелі мекемелер мен басқармалардың басшылары қатысты.

– Биыл біз жердің астымен өтетін барлық күретамыр жылу құбырларын жөндеу жұмыста-рын аяқтауды жоспарладық. Келесі жылға жердің бетімен өтетін жылу жолдарын жөндеу жұмыс-тары күтіп тұр. Осылайша біз жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін барынша қамтамасыз ететін боламыз. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын 16 желтоқсан күні 38 градус аязда Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы жылу желілері істен шығып, көп қабатты бір-неше үйге жылусыз қалу қаупі төнген еді. Бүгінгі таңда қаланың осы бөлігіндегі жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары басталды. Осы жиында аталмыш бағытта қандай істер тындырылды және қандай мәселелер бар, сондай-ақ жұмысты аяқтау мерзімдері туралы пысықтайтын боламыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жиынға кіріспе сөзінде. Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-ком-муналдық шаруашылығы бас-қармасының басшысы Рүстем Закариннің баяндағанындай, 2018-2019 жылдарға арналған жы-лыту маусымына дайындық жұ-мыстары барлық коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда уақтылы басталған. Өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылытуға 3800 тонна қатты отын, 728 тонна сұйық отын қажет деп жоспарланса, бүгінгі таңда 2048 тонна көмір (жос-пардың 54 пайызы) және 158 тонна (жоспардың 22 пайызы) сұйық отын мекемелерге жет-кізілген. 388 денсаулық сақтау нысанының 367-сі, яғни 95 пайызы жылыту маусымына дайын. Биыл бұл салаға қатысты 21 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде соның жетеуінде жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған нысандардағы жұмыстар та-мыз, қыркүйек айларына дейін созылмақ. 638 білім нысанының 601-і немесе 94 пайызы, 387 мәдениет нысанының 373-і, яғни 96 пайызы жылыту маусымына дайын. Облыс бойынша жылу жүйелерінің 40 шақырымын жөндеу және қайта құру жоспарланған. Оның 11,5 шақырымы Орал қаласына, ал 28,8 шақыры-мы Ақсай қаласына тиесілі. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылу жабдықтарын қай-та құру бойынша жалпы құны  2 млрд. теңгені құрайтын бес жо- ба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бо-йынша қолға алынған жұмыстар Орал қаласы бойынша 57, ал Ақсай қаласы бойынша 55 па-йызға орындалған. «Батыс су арнасы» кәсіпорны 224,3 млн. теңгенің жұмыстарын жүргізуді, соның ішінде магистральды және кварталаралық су өткізу желілерінің 4,4 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарласа, бүгінде соның 2,3 шақырымын немесе 52 пайызын аяқтаған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласында 1 млрд. теңге қаражатқа жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын су өткізу желілерін қайта құру жұмыс- тары жүзеге асырылуда. Биыл 100 млн. теңгеге соның 1,5 шақырымы қайта құрудан өтпек. Бұл бағыттағы жұмыстар бел-гіленген кестеге сай жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі Алтай Сейдірұлы осы жазда Шолохов көшесі бойындағы кәріз жүйесінде апатты жағдай орын алғанда осы маңдағы шағынауданның екі апта бойына сусыз отырғанын еске салып, бұл аумақта қажетті жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жоба-лық-сметалық құжаттарды даяр-лауға тапсырма берілгенін, оның бүгінгі таңда қандай деңгейде орындалғанын пысықтап, жұ-мысты жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі барлық 12 аудан бойынша су жүргізу жұмыстары жолға қойылып, екі жылдың ішінде 2 мың шақырым су құбыры жүргізілгенін, бұл бағыттағы жұмыстар аудан ор-талықтарын қосқанда 110 елді мекен мен ауылды қамтығанын, алайда облыс орталығының ір-гесіндегі Вителки ауылына әлі күнге дейін сапалы су құбыры жеткізілмегенін айтып, қазіргі таңда осы бағытта қандай жұ-мыстар атқарылып жатқанын сұрады. Бұл сұраққа қатысты облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев аталмыш бағытқа бюджеттен 400 млн. теңге бө-лінетінін және су құбырын тарту жұмыстарының 2019 жылы бас-талатынын мәлімдеді. «Батыс Қазақстан электр желі-лерін тарату компаниясы» АҚ жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 242,5 млн. теңге қаражат қарастырған. Аталмыш қаражат ұзындығы 3 мың шақырымды құрайтын электр желі-лерін жөндеуге бағытталған. Сонымен қатар бірнеше қосалқы стансада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жоспарланған жөндеу жұмыстары-ның 80 пайызы орындалған. Газ-бен қамту жұмыстары да кестеге сай атқарылып келеді. «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов бүгінгі таңда жылу-электр орталығындағы  жөндеу жұмыстары 72 пайызға орындалғанын мәлім-деді. Мекемедегі жөндеу жұ-мыстарының барысы туралы егжей-тегжейлі баяндаған ол аталмыш кәсіпорын меншігіндегі қазандықтардың 80 пайызы ал-дағы жылыту маусымына дайын екенін айтып өтті. Жиын барысында онлайн режимде аудандардағы жылыту маусымына дайындық жұмыста-ры да пысықталды. Облыс әкімі жылыту маусымына қатысты жоспарланған жұмыстардың жү-зеге асырылуы жіті қадағалауда болатынын айтты.   Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ, «Орал  өңірі»  

Баланы қыдырту қанша тұрады?

Күні: , 1 371 рет оқылды

Жазғы каникулдың аяқта­луына да санаулы күн қалды. Әрбір ата-ана ұл-қызының  дема­лысты жарқын сәттермен есте қаларлықтай етіп өткізгенін қа­лайды. Олардың біразы жазғы демалыс лагерьлерінде, тағы біразы ауылдағы ата-әжесіне барса, тіпті кейбіреулері шет елдерге шығып демалуда. Бұған қоса, ата-аналар жазғы демалыста балаларын саябаққа, ойын-сауық орталықтарына апа­­рып, қыдыртып жатады. «Баланы қыдырту қанша тұрады екен?» деген сұрақпен Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағына жол тарттық. Біз  барған кез – жұмыс күні, әрі түс­ке дейінгі уақыт болғандық­тан, адам қарасы аз болды. Балаларымен саябақта қыдырып жүр­ген Баршагүл Ғалым екі ба­ла­ны қыдырту қалтаға кәдімгі­дей сал­мақ салатындығын ай­тып қалды. Соған қарамастан, пер­зент­терінің көңілін табуға тырысатын ол бүгін кіші ұлға  ерекше көңіл бөліпті. – Кіші балам ағаш ат  әткен­шегіне отырды – 350 теңге,  орман экспресі мен автодром аттракционына екі бала үшін 1600 теңге жұмсадық. Екеуі саябақ­қа кіре сала, 300 теңгеге  тәтті мақта, 600 теңгеге попкорн ал­ғызды. 2000 теңгеге қайыққа мініп қайттық. Балалар керемет әсер алды. Кенже ұлым 300 теңгеге ойын автоматтарында ойнады. Одан шығып, экска­ва­торға отырды. Оған екі рет отырып, 1000 теңге жұмсадық. 8 минуты 500 теңге тұрады екен. Бала үшін қызық, негізі. Бір-екі айналдыратын машиналар 500 теңгеден екен, оның түр-түрі­не мінем деп, үшеуіне мініп, айналып келді. Оған 1500 теңге шы­ғардық. Сөйтіп, саябаққа кі­реркірместен-ақ, 5-6 мың теңгені жоқ қылдық, – дейді күле сөй­леген жас ана. Саябақты аралап жүріп, бай­қағанымыз – аттракциондар­дың бағасы бір қарамаға қалта­ға қонымды көрінеді. Әйтсе де, кей баланың бір аттракционға бір емес, бірнеше рет мінетінін ескерсек немесе бір үйдің екі-үш баласы бірге қыдырса, біраз қымбатқа шығары  анық. Әсіре­се, бір айналдырып, зыр айналдырып шығаратын машиналарға сұ­ра­ныс жоғары көрінді. 3-6 жас аралығындағы кішкентай баланың машинаның қасынан кетпей, жер теуіп тұрғанын байқап қалдық. Біз жоғарыдағы кейіпкеріміз Баршагүлден екі баланы қыдыр­ту­ға қанша ақша жұмсағандығын сұрадық. – Баланың қиялы шексіз ғой. Олар осы жерге келсе, ертегі әле­міне енгендей, бәрін көргісі келеді. Бірақ ол мүмкін емес қой. Кей кездері таза ауада серуендеп,  жай балмұздақ жеп, бір-екі ат­- тракционға отырғызып, кері қай­-тамыз. Бүгін оларды  әдейі  арнап алып шыққасын көп шектемеуге тырыстық.  Екеуі жердегі  кемер­мен (катамаран) қыдырды. Бір адамға 5 минуты –  500 теңге, екеуіне – 1000 теңге, шолу шең­беріне үшеумізге 1200 теңге төледік. Екеуіне спиральді кар­- топқа – 400, жарты литр екі  шы­рынға 400 тең­ге жұмсадық. Одан көпірден өтіп, 1500 теңге тө­- леп, велосипед тептік. Сөйтіп, балалар қуанып, олар қуанғанға мен қуанып келе жатқан жайымыз бар. Жаз мезгі­лінде осылай саябаққа алып шы­ғып, қы­дырып тұрамыз. Оралда бала апаратын басқа жер жоқ қой.  Қайтар жолда қызым қолына аквагримм жасатты. Оған 600 тең­- ге төледік. Бұған қоса, балмұз­­дақ пен бәліш алып бердім. Екі баланы қыдыртуға шамамен 15 мың теңгеге жуық ақша жойдым, – дейді  Баршагүл  Ға­лым. Шынымен де, Оралда бала қы­дыртатын жерлер саусақпен са­нарлық. Сондықтан да тұрғын­дардың дені қалалық саябақта қыдырғанды жөн көреді. Иә, Оралдағы орталық сая­бақта баланың қалауы­на қажет дүниенің бәрі бар. Ең бастысы, балаңызға шексіз қуа­ныш сый­лайтын қаражатыңыз мол болса, болғаны. Сіз балаңызды қайда, қалай қыдыртып жүрсіз? Ой бөлісейік, ағайын!   Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ, «Орал өңірі»

Қапшағайдағы «Aqjaıyq»

Күні: , 1 272 рет оқылды

Алматы облысының аумағындағы таңғажайып табиғатымен талайды тамсандыр- ған Қапшағай жасанды су қоймасының жағасында «AQJAIYQ»  демалыс орны ашылды. Белгілі кәсіпкер, танымал меценат Құндыз Нұповтың тікелей атсалысуымен ашылған аталмыш демалыс орны еліміздегі туризмнің дамуына қосылған сүбелі  үлес екендігі шүбәсіз.  «AQJAIYQ»  де- малыс орнының ашылу салтанатына жезтаңдай, күміс көмей әнші, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, еңбек ардагері Жақсылық Зәкіров, әнші-сазгер Гүлнәр Даукенова және Ресейден құрметті қонақтар келіп  қатысқан. Іші-сырты келісті киіз үйлер, шатырлар және күнге қыздырынатын ағаш жатындармен  қамтамасыз етілген демалыс орны демалушыларға мәдени-танымдық бағытта туристік қызмет көрсетпек. Дәл осы жағажайда поэзия және ән кештері ұйымдастырылмақ. – «Катэк»  ЖШС-ның   бас  директоры  Құндыз Нұпов – алыста жүрсе де, туған жерін дәріптеуді ұмытпайтын азамат. Ол кісі үнемі өз қызметкерлерінің жағдайын ойлап жүреді. Осы ашылған демалыс орнында «Катэк» компаниясының қызметкерлері тегін демалмақ. Жастардың тойын жасап беріп, мәрттігімен танылып жүрген азаматтың елге деген ыстық ықыласынан туған идея демалушыларға ұмытылмастай әсер сый-лайтындығына сенімдімін. Ал келер жылы осы «AQJAIYQ» демалыс кешенінің аума-ғында адам баласына жыл он екі ай бойы жанға жәйлі барлық жағдайы жасалған көпқабатты қонақүй бой көтермек. Бұл сәулетті ғимараттың күні бүгін іргетасы құйылып, табаны тартулы,  – дейді танымал әнші-сазгер  Донеділ Қажымов. Өз  тілшіміз  

Құрылыс қарқынды, сапа қанағаттандырады

Күні: , 1 745 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал шаһа­рындағы  бірқатар  құрылыс  нысандарын  аралап, олардың  салыну  қарқынымен  танысты.  Өңір  басшысы  алдымен  Сарытау  шағынауданындағы  жаңа  мектепке  қатысты  құрылыс   жұмыстарына  назар  аударды.

 Айта кетейік, Орал қаласы­ның Зашаған кентіне қарасты Сарытау шағынауданындағы 900 орындық мектеп құрылысына  Ұлттық қордан 1 888,144 млн. тең­ге бө­лінген болатын. Бүгінде құ­рылыс жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС жүргізуде. Мердігер ком­пания басшысы Александр Қара­- ғойшиннің айтуынша, мектеп 27 қыркүйек күні пайдалануға беріледі. Облыс әкімі құрылыс­- ты уақытында әрі сапалы аяқ­тау­ды  тапсырды. – Бұл мектептің құрылысын бастаған мердігер жауапсыздық танытқандықтан, соттың шеші­-мімен оның жұмысын тоқтат­тық. Қайта конкурс жариялау арқылы құрылысты жалғас­ты­ратын жаңа мердігерді анықта­дық. Бүгінде жұмыс қарқыны жаман емес. Алдағы айдың со­ңында құрылыс толығымен аяқ­талып, мектеп оқушыларды қа­былдайтын болады. Осы шағын­ауданның балалары алысқа сабылмай өз мектептерінде білім алады. Сонымен қатар Зеленов ауданында 300 орындық мек­теп және 100 орындық интер­нат, Ақжайық ауданының ең шалғай елді мекені – Шабдаржап ауылында 200 орындық мектеп салынды. Бөкей ордасы ауданы­ның орталығындағы мектеп жа­нынан 100 орындық интернат бой көтерді. Сондай-ақ елді ме­кендердегі шағын жинақты мектептерді интерактивті кабинетпен қамту жұмыстары қарқын­ды жүргізілуде. Мұның барлы­ғы алыс аудан-ауылдардағы ба­­ла­лардың алаңсыз, сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұ­мыстар, – деді облыс әкімі. Жалпы, бүгінгі таңда Орал қа­ласында 50 мектеп жұмыс жасаса, соның төртеуі соңғы бес жыл ішінде пайдалануға беріл­ді. Соңғы жылдары Зашаған кентінде тұрғын үйлердің көптеп салынуы себепті халық саны күрт көбеюде. Күні бүгінге де­йін кент аумағында төрт мектеп қалыпты жұмыс жасауда. №10, 47, 30, 20 мектептерде 6896 оқушы білім алады. Алғашқы аталған екі мектепте оқушылар үш ауысыммен  оқиды. Қалалық құрылыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, алда­ғы уақытта бұл ауданнан 75, 80, 90, 130 пәтерлі 37 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Сол себепті кенттегі тұрғындар саны жыл санап арта бермек. Сарытау шағынауданындағы №50 мектептің құрылысы аяқ­та­лып, пайдалануға берілген соң 0-11-сынып аралығындағы 31 сынып ашылып, 648 оқушы бі­лім алмақ. Сондай-ақ мектеп жанынан әрқайсысы 50 бүлдір­шін­ді қамтитын үш шағын ор­та­лық жұмыс жасамақ. Мектеп­те  74  жаңа жұмыс орны ашылады. Осы аумақтағы №10 мектептен ижаңа мектепке 592 оқушы ауыс­пақ.   Спорттың  бұқаралығы  артады  Қала маңындағы Деркөл кентінде спорт­­­қа дарынды балаларға арналған маман­дан­дырылған облыстық мектеп-интернаты салынып жатқаны белгілі. Облыс әкімі осы құрылыс басында болып, жұмыс барысын көрді. Аталған спорт кешенінің құрылысын Сергей Потиченко жетекшілік ететін «Альтаир» ЖШС жүргізуде. Мектеп 250 спортшы­ға есептелген болса, жанында 150 балаға арналған интернат салынбақ. Кешенде жал­пы дайындық залы, күрес залы мен волейбол, баскетбол, гандбол ойындарына арналған үш зал болады. Спорт мектебінде 7-11-сынып аралығындағы дарынды бала­лар қабылданады деп күтілуде. Әр сыныпта 24 жас спортшы білім алмақ. Мердігер компания басшысы С. Потиченко құрылыс жоспарға сай уақтылы жүргізіліп, қар­- жының игеріліп жатқа­нын, мерзімінен бұрын аяқталуы ықтималдығын айтты. Содан кейін об­- лыс әкі­мі 6-шағынаудан­да­­ғы Қонаев көшесі бо­йын­дағы спорт және ба­лалар ойынына арналған ке­шеннің жұмысымен та­нысты. Аталған кеше­н­нің құрылысына жер­гі­­лікті бюджеттен 48 мил­- ­лион теңгеге жуық қа­ражат  қарастырылған. Жалпы, өңір тұрғын­да­­рын бұқаралық спорт­­қа жұмылдыру мақса­тында соңғы жылдары спорт нысаны мен ала­­ңы көптеп са­лы­ну­да. Өткен жыл­­дың өзін­де ша­һарда жергілікті бюджеттен бө­- лінген 353,4 миллион теңге қа­ражатқа 10 көпбе­йін­ді спорт жә­не балалар ойын алаңдарының құ­- рылыста­ры бастал­ды. Сонымен қа­тар «Самұрық Қазына Траст» АҚ ар­қылы жеті, «Street Workout» феде­рациясының қолдауымен үш спорт ала­ңы салынуда. Бұл нысандар пайда­ла­нылуға берілген жағдайда 12 мыңнан ас­там тұрғынның спортпен  айналысуына  жағдай  жасалады.      Жол  жөндеуге 7,5  миллиард  теңге  Биылғы жылы облыс орталығындағы бірқатар көше жолдары жөндеуден өту­де. Өңір басшысы М. Мәметова көшесін­дегі автокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы құ­- ны 581,7 миллион тең­ге­ні құрайтын жобаны «ҚПО б. в.» компаниясы қаржыландыруда. Жол құрылысы жұ­мыс­тарын «Nursat» және «Бірлік» ЖШС-лары жүргізуде. Сәуір айында бастал­ған жұмыстар қараша айында толықтай аяқ­та­луы керек. Бү­гінгі таң­да Құрманғазы көше­сі­нен Петровский көше­сіне дейінгі ара­лыққа тас жол төсеу жұмыста­ры жүргі­зі­лу­де. Жөн­­деу жұмыс­тарының 75 пайызы орын­далған. – Биылғы жөн­деуден өтеді деп жоспарланған қашықтығы 50 шақырым­ды құрайтын 37 көшенің бүгінгі таңда 11-і толықтай жөнделді. Ал 20 кө­ше­нің жо­лын жөндеу жалғасып, жұмыстың 70 пайыздан астамы бітті. Қалған ал­ты көше құрылысының құжаттары дайындалып, байқау жарияланды. Ол кө­ше­лерді жөндеу жұмыстары биылғы жы­лы басталып, келер жылы жалғасады. Біз тұрған М. Мәметова көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары да аяқтала келді. Қыркүйек айының басында көше пайда­лануға берілетін болады, – деді облыс­тық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшы­сы  Қайрат  Мұқамбетқалиев. Жалпы, биыл қаланың 50 көшесі күр­делі, орташа және қайта жөндеуден өт­пек. Бұл жұмыстарға шамамен 7,5 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Ең алдымен, қаланың орталық және қозғалыс қар­қыны жоғары күретамыр кө­шелері, сон­дай-ақ қоғамдық көлік жүре­тін жолдар қамтылуда. Сонымен қатар ағымдағы жы­лы шаһардағы 23 әлеумет­тік  нысанға қа­тынайтын  жолдар  жөнделуде.   Төрт  жұлдызды  «Hilton»  қонақүйі  Биыл Оралда «GrandHotel­Ser­vice» ЖШС сегіз қабатты замана­уи қонақүй құрылысы жобасын іске асыруда. Жұмыс сапары ба­рысында облыс әкімі Алтай Көл­гінов қонақүйдің құрылысымен танысты. Облыс орталығындағы «Ақжа­йық» қонақүйінің орнына екі жыл ішінде жаңа халықаралық дең­гейдегі 8200 шаршы метрлік қо­нақүй бой көтермек. «Hilton» атауымен салынатын қонақүйдің  жанында ауданы 4200 шаршы метрді құрайтын бизнес орталы­-ғы ғимараты болады. Жаңа қо­нақ­үй халықаралық франшиза бойынша іске қосылмақ. Халық­аралық франшиза бойынша ашы­латын қонақүй ондағы көрсеті­летін қызмет сапасының тұрақ­ты және қатаң бақылауда бола­тындығымен, сервистің жоғары деңгейімен, қала және облыс мәртебесін көтеруімен, бөлме­лердің әлемдік стандартқа сай болуымен ерекшеленеді. Шетел­дік мамандармен қонақүй қыз­мет­керлерін оқыту жоспарланған. Төрт жұлдызды қонақүйде 125 бөлме, оның ішінде 92 стандартты, 10 люкс класс, бір пре­зиденттік, 20 апартамент және өз­гесі болады. Ғимарат сегіз қа­бат­ты. Онда 70 орындық мей­рамхана, үш конференц-залы, ко­фе-брейк залы, орыс моншасы, түрік хамамы, фитнес-зал, екі қауыз, жер асты және жер үсті паркинг және өзге де қажетті қызмет көрсету орындарынан тұрады. Қазіргі уақытта бұрынғы қо­нақүйдің ең төменгі қабатын бұ­зу жұмыстары жүргізілуде. Жоба­ның жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Қонақүйдің құрылысы осы жылдың төртін­- ші тоқсанында басталып, 2020 жылы  аяқталады  деп  күтілуде.   Жылу  құбырлары  жаңартылды  Ағымдағы жылы шаһардағы тұрғын үйлерді жылу­мен қамтитын төрт бағыттағы жылу магистралі жа­ңартылып жатыр. Облыс әкімі Астана және Қонаев мөлтек аудандарындағы жылу құбырларын қайта жөн­деу  жұмысының  барысымен  де  танысты. Ұзындығы 1,176 шақырым, 530, 426, 325 диаметр­лі құбырларды қалпына келтіруге 347 миллион теңге­-ден астам қаражат жұмсалуда. Биылғы жылдың шілде айынан бастап «Астанаинжстрой» ЖШС атқарып жат­қан құрылыс келер жылы толықтай аяқталуы керек. – Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен Орал қаласындағы №2, №7 жылу магистральда­рын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақында №4, №8 магистральдарды жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы атқаруда. Жөндеу жұмыстары жылыту мерзімі басталғанға дейін толықтай аяқталады, – деді «Жайық Жылу Қуат» АҚ  бас  директоры  Мұрат  Байменов. Сондай-ақ биыл инфрақұрылымды дамытудың  2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарламасы аясында мердігер «Уральскводстрой» АҚ облыс орталығында жалпы ұзындығы 2629,5 метр құрайтын қос жылу магистралін қалпына келтіруде. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд. теңге. Қазір 106 тұрғын үй мен сегіз әлеуметтік нысанды қамтитын №8 жылу магистралін қалпына келтіру жұмыстары аяқтала келді. Нәтижесінде жалпы құны 1,9 млрд. теңгені құрай­- тын ұзындығы 4,9 метр төрт жылу магистралі жаңар­тылып, 255 тұрғын үй мен 35 әлеуметтік нысан қамтылмақ.   «7-20-25»  бағдарламасының  «қос  қарлығашы»  Оралдың солтүстік-шығыс бө­лігінде елімізде жүзеге асырыла бастаған «7-20-25» бағдар­лама­сымен жаңа шағынаудан бой кө­термек. Облыс әкімі іргетасы енді құйылған қос көп қабатты тұр­ғын үйдің  құрылысын  көрді. Тыңнан бой көтеретін жаңа ау­данда 27 көп қабатты үйлер салынады деп күтілуде. Бүгінгі таң­- да жеті тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, екі үйдің іргетасы құйылуда. – Облыс орталығындағы халық саны жыл санап артып келеді. Елбасымыздың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде айтылған «7-20-25» бағдарлама­сын жүзеге асыру мақсатында бой көтере бастаған шағынаудан­да бір­неше көп қабатты тұрғын үй салынады. Бүгінде барлық ин­фрақұрылымы тартылып, екі көп қабатты үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ бұл ауданнан мектеп, балабақша, аурухана, спорт кешендері секілді әлеуметтік ны­сандар бой көтеріп, абаттанды­ру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Ал қаланың батыс жағында Ақ­жайық шағынауданына «Нұрлы жол» бағдарламасымен инже­нер­лік желілер тартылуда. Ақжа­йық ауданының жалпы аумағы 450 гектарды құраса, біз тұрған қаланың солтүстік-шығыс бөлігін­дегі жаңа ауданның көлемі 180 гектарды құрайтын болады. Екі шағынауданның құрылысы толық­­тай аяқталған жағдайда өңірі­­міз­дің 70 мың тұрғынын баспанамен қамтимыз. Облыс бойынша тұрғын үйге сұраныс азаймай тұр. Бүгінгі таңда Орал қаласын­да 19 мың, облыс бойынша 22 мың тұрғын үй кезегінде тұр. Осы баспанаға деген қажеттіліктерді мемлекеттік бағдарламалар ар­қы­лы және мемлекеттік жеке әріп­тестіктің күшімен қамтамасыз етуіміз қажет, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа тұрғын үй­дің алғашқы іргетасын құюға ат­салысты. Орташа есеппен биыл 3,6 мың тұрғын баспанамен қамтылатын болады. 9 қабатты, 104 пәтерлі бі­рінші үйдің құрылысын «СКФ Отделстрой» ЖШС жүргізуде. Тұр­ғын үйдің құрылысына респуб­ликалық және жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарас­тырылған. Екі үйдің де құрылысы келер жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Жалпы, қаладағы салынып жатқан №1, 43, 46-дақ және сол­түстік-шығыс мөлтек ауданында­ғы №1, №2 мекенжайында көп қабатты тұрғын үйлер «7-20-25» бағдарламасы арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріледі. Ал №39, 41, 44, 45-дақтағы тұрғын үйлер ха­лық­тың әлеуметтік қолдауды қа­жетсінетін бөлігіне арналып са­лынуда. Орташа есеппен биыл 3,6 мың тұрғын баспанамен қам­тылатын болады.  

Нұрбек   ОРАЗАЕВ, «Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика