Велосипедпен ауылына барды

Күні: , 919 рет оқылды

Астананың  20 жылдығына  орай  Орал  қаласында  тұратын  Амантай  Есенғалиев  430  шақырым қашықтықты  велосипедпен  жүріп  өтті.

Амантай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жері – Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылына дейін қарапайым велосипедпен барды.

Өзінің айтуынша, мұндай алыс қашықтыққа алғаш рет шыққан екен. 55 жасар азамат 5 шілдеде таңғы сағат 5-те қос аяқты «тұлпарына» отырып, сол күні түнде жолшыбай Ақжайық ауданы Қабыршақты (Первомай) ауылына қарасты шаруа қожалығына түнеп шығады. Келесі күндері түнде Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал, содан кейін Қазталов ауылдарына аялдап, Күйгенкөлге жексенбі күні сағат 16.00-дер шамасында жеткен. Оны ауыл әкімі Әлия Оспанова, сынып жетекшісі Жеміс Бисенова бастаған  тұрғындар  күтіп  алды.

«Ауыл түлегінің велосипедпен келуіне орай тұрғындармен дөңгелек үстел отырысын өткіздік. Бұл сапар – туған жерге деген құрмет, тұрғындардың спортпен дендеп айналысуына септесетін, саламатты өмір салтын орнықтыруда үлгі боларлық оқиға. Алдағы уақытта да түлектердің туған ауылымен байланысын нығайту бағытында жұмыстанатын боламыз», – деді Әлия Болатқызы.

Айта кетейік, Амантай Есенғалиев БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмысшы болып жасайды. Ұл-қыздары есейген, әр салада  қызмет  етіп  жүр.

Елжан  ЕРАЛЫ


Жәнібектің Жанары

Күні: , 755 рет оқылды

Жәнібек ауданының орталығы жылдан жылға көркейіп, мекеме ғимараттары әрленіп, әлеуметтік нысандар көбеюде. Ауылға келгендерді қош алатын Ғұмар Қараш көшесінің бойы күнде қарбалас. Әсіресе, «Қазпошта» мекемесі, «Бәйтерек» бой түзеген орталық алаң, қос базар маңы қайнаған тірлік.

Ауыл ішінде ерсіліқарсылы ағылған жұртшылық арасында «шайтан арбаны» тізгіндегендер де жиі ұшырасады. Жәнібектіктер велосипедті тұрмыс қажеттілігіне ғана пайдаланбай, қызметтік көлікке айналдырып үлгерген. «Шайтан арбаны» ерттеп мінгеніне қысылып-қымтырылмай, қайта қарапайым болмысымен велосипедпен жүруді қолдап-қуаттайтын, шенеунік есебіне кіргенімен, халық шекпенінен шыққанын ұмытпайтын жандар бар. Солардың бірі – Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар  Қошанова.

Жанар Диясқызының өмірі мемлекеттік қызметпен біте қайнасқан. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде де ауданда атқамінер азаматтармен бірге еңбек етті. Еңбек жолында бірнеше салада басшылық қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ішкі саясат бөліміне екінші мәрте басшы болып оралды. Саяси салмағы басым, аудандағы барлық қоғамдық-әлеуметтік мәселемен тығыз байланысты саланың суығына тоңып, ыстығына төзіп жүрген Жанар Қошанованың болмысы қайсар екені ширақ қимылынан бірден аңғарылады. Жүзі шуақты, ақжарқын көңілмен жарқырай амандасып жүретін жігерлі әйелді қашан да көпшілік ортасынан көресің. Аудандағы қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық шараларға белсене қатысады. Жауапкершілігі мол маңызды міндетті орындауды өз белсенділігімен мойнына алып, оны тиянақты атқарып, іскер қабілетімен ұршықша үйіріп әкететін қасиеті бар. Бір ерекшелігі, бөлім басшысы жұмыс орнына велосипедпен келуді тұрақты әдетке айналдырған. Бұдан бөлек, жұмыс аяқталғаннан кейін басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға  уақыт табады. Әуесқой спортшы үстел теннисін жақсы игерген, волейболда белсенді, тіпті, қол күресіне қатысып, күш сынасуға да әзір тұрады. Саламатты өмір салтын насихаттап, жан-жағына жылу сыйлап жүретін жанның еңсесі түсіп, бордай үгітіліп жүргенін көрмейсің. Үнемі емен-жарқын мінезімен көпке жігер сыйлап жүреді. Кейде көңіліндегісін бүкпей айтатын тік мінезі де бар. Жанар Диясқызы – мемлекеттік қызметтен қол үзбей жүріп, төрт баланы тәрбиелеп өсірген еңбекқор  ана.

– Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты маусым айында мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық спартакиада өтті. Спартакиадада волейболдан жәнібектік әйелдер құрамасы екінші орын алып, жүлделі оралдық. Аудан орталығында велосипед тебуді әдетке айналдырғанмын. Күнделікті  қарбаласқа үлгеруге өте қолайлы. Маңызды жиналыс болғанның өзінде қызметтік көлікті пайдалана бермеймін. «Шайтан арбамен-ақ» діттеген жеріме шапшаң барып, шұғыл шаруаларға үлгеремін. Есесіне, таза ауа жұтып, тұлабойыма қан жүгіріп, бір жасап қаламын. Жақында әріптестеріме, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасында «Автокөліктен велосипедке» деген акция өткізуге ұсыныс жасадым. Сол арқылы өзіміз бастама көтеріп, велосипед тебуді кеңінен насихаттағымыз келеді, – деді Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Жанар  Қошанова.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Шабдаржаптың шырайлы мектебі бар

Күні: , 65 рет оқылды

Өткен  аптаның  соңында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов   жұмыс сапарымен  Ақжайық  ауданының  Шабдаржап  ауылында  болды.  Аталмыш  ауылда  құрылысы  аяқталған  мектепті  аралап  көрген облыс  басшысы  ауылдағы  еңбек  ардагерлерімен  кездесіп,  аудан көлемінде  атқарылған  жұмыстармен  танысты.

Ауыл шетінен өткен жылдың тамыз айында бой көтерген 198 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы есебінен 635,7 млн. теңге қаражат бөлінген.

– Харькин орта мектебінде 35 мұғалім қызмет етеді. Заманға сай жабдықталған жаңа мектепке кіріп, қуанып жатырмыз. Әр сынып қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Су жаңа мектепке жаңа оқу жылында 160-тан астам бала келеді деп күтудеміз.  Мұғалімдердің сапалық құрамы өте жақсы. Жаңа мектепте тек балаларға  емес, мұғалімдердің де жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған.  Болашақта оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелер іске қосылмақ. Сондай-ақ  мектебімізде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған арнайы алаң бар. Бұл алаңда балаларымыз ұлттық ойындар ойнап, ұлттық құндылықтарымызды сезініп өседі деген ойдамыз. Психолог кабинетінде де баланың мінез-құлқына сай жұмыс жасауға қажетті бар жағдай жасалған. Жаңа асханамыз  42 орындық. Экологиялық тәрбие беру мақсатында «Қысқы бақ» алаңы бар. Биыл ҰБТ-дан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Үш түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанды, – дейді Шабдаржап ауылындағы Харькин орта мектебінің директоры Бекзат  Иманғалиева.

Мектеп құрылысын жүргізген мердігер «Наурыз» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллиннің айтуынша, жыл бойы қарқынды жүрген құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Құрылысшылардың басым бөлігі – жергілікті ауыл тұрғындары. Тек күннің тым ыстығына орай көгалдандыру жұмыстары күзге қалдырылған. Құрылысы біткен мектеп нысанын аралап көрген облыс басшысы заман талабына сай салынған білім  ошағына  оң  баға  берді.

Жаңа мектептің басты ерекшелігі –  «Білім book»  бағдарламасы енгізілген компьютерлермен жабдықталған. «Білім bookта»   интернетті қажет етпейтін 40 мыңнан астам интерактивті сабақтар үш тілде орналастырылған.

– Өткен жылы өздеріңізбен кездескенде мектеп сұрап едіңіздер. Астананың 20 жылдығы қарсаңында мектебіміздің құрылысы толықтай аяқталды. Елбасы білім саласына ерекше мән беріп, көңіл бөлетіні  баршаңызға да белгілі.  Білім беру саласындағы ауыл мен қаланың алшақтығын азайту бағытында көптеген жұмыс жүргізілуде. Жаңа оқу жылында облысымыздағы 223 шағын жинақталған  мектепке «Білім book» бағдарламасы енгізілген компьютер орнатамыз. Өйткені бала  заман талабына сай  жаңа технологияларды, электронды бағдарламаларды  біліп өсуі керек. Сіздер Жайық бойын жағалай қонған елсіздер. Біз сіздердің өтініштеріңізді орындауға тырысамыз. Қазір ауылға ауыз су кіргізу жұмыстары жүріп жатыр. Енді тек одан әрі  еңбек ету керек. Мәселен,  Бағырлай өзені бойында бос жатқан жер көп. Бақша егіп жүрген адам аз. Неге сол жерлерді игермеске? Бау-бақшаны  көбейту керек. Сіздерде су бар. Табиғат өзі беріп  тұр. Тек сол игілікті пайдаланып,  жұмыс жасау қажет, – деді облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу  кезінде.

Ақжайық ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырған әкім Әділ Жоламанов Шабдаржап және Томпақ ауылдарына ауыз су құбырларын тарту  жұмыстары басталғанын атап өтті. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 445,7 млн. теңге (2018 жыл бөлінген қаражат – 92,5 млн. теңге) қарастырылған. Нәтижесінде  екі ауылдың 1000-нан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылмақ.  Сондай-ақ  ауданның 14 елді мекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Чапаев кентінде үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй салу жұмыстары басталған. Жалпы, биыл ауданда барлығы 4000 шаршы метрлік тұрғын үй  бой көтермек.

– Шабдаржап ауылында бұрынғы мектеп өте ескі болды. Бір қапталы апатты жағдайда тұрды. Енді, міне, еңселі, қос қабатты, балаларға білім алу үшін бар жағдай жасалған әдемі мектеп бой көтерді. Ауыл тұрғындары қатты қуанып жүр. Негізі, бұл ауылдың тұрғындары еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен, ауызбіршілігімен көпке үлгі. Ауылда бала саны жыл сайын өсіп келеді, демографиялық өсім жақсы, – дейді Тайпақ ауылдық округінің әкімі  Болат  Шаленов.

«Бұрын біз от жағатын мектепте, қиын уақытта  жұмыс жасадық. Біздің кезімізде мынадай игіліктің бірі де жоқ еді. Қазір қандай керемет! Бар жағдай жасалған мектепте тек жұмыс жасау керек. Осы жеткен жетістігіміздің бәрі – Тәуелсіздігіміздің арқасы» дейді жаңа мектепті облыс басшылығымен бірге аралап көрген  ар-дагер  ұстаздар.

Харькин орта мектебінің әр жылғы түлектері жаңа мектепке ұлттық домбыра күні қарсаңында он домбыра тарту етті. Балалары мен немерелерінің заманға сай мектепте білім алатынына қуанып жүрген ауыл тұрғындары облыс басшылығына шынайы ризашылықтарын  жеткізді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Тасқаланың жолдары тақтайдай тегіс болмақ

Күні: , 65 рет оқылды

Облысымызда  биылдан  бастап  мемлекеттік-жеке  меншік  серіктестігі  жобасы  аясында  жол  жөндеу жұмыстары  қолға  алынбақшы.  Бұл  бағыттағы  жұмыстарды  жүзеге  асыруды  жоспарлап  отырған  екі-үш  ауданның  ішінде  Тасқала  да  бар.

– Аудан орталығындағы алты көшені мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі жобасы аясында жөндеуді қарастырып жатырмыз.

Есепке салып қарағанда бұл жолдарды жөндеуге 500 млн. теңгедей инвестиция салу керек. Оған әлеуетті компания болмаса, өзгелердің жүрегі дауламасы анық.

Сол себепті біз «Орал – Тасқала – РФ» жолын салып жатқан «Юнисерв» серіктестігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Көп кешікпей олар өз келісімдерін береді деп ойлаймыз. Себебі, мұндағы талап барлық тарапқа да тиімді. Нақтылап айтсам, үкімет жол жөндеуге салған қаражатты бес жыл уақыттың ішінде үстіне пайызын қосып қайтарып береді, – дейді Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Айтмағамбетов.

Айта кетейік, соңғы жылдары Тасқалада жол жөндеу қарқын алуда. Мұнда республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделуде. Яғни «Орал – Тасқала – РФ» жолының күрделі жөндеуден өтуі бұл күре жолдың бойындағы біраз ауылға игілігін әкелмекші. Одан бөлек биыл Тасқала – Мереке – Қазталов ауданы бағытындағы облыстық маңызы бар жолға да жөндеу жүргізіледі. Тақтайдай тегіс жолдар аудан орталығында да аз емес. Жалпы, Тасқалада ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу 2016 жылы басталыпты. 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен осы мақсатқа бөлінген 332 млн. теңге толығымен игеріліп, төрт көше, яғни  үш шақырым жол жаңа кейіпке енді. Ал 2017-2018 жылдары 7,4 шақырым жолды жаңарту жоспарланып, оның 4,4 шақырымы былтыр аяқталды. Биыл қалған жұмыстар жалғасын табуда. Сөйтіп үш жылда сегіз көше күрделі жөндеуден өтті. Енді тағы да 31 көшені осылардың қатарына қосу үшін төрт жоба жасақталып, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Қазіргі таңда оның екеуі сараптамадан өтті. Соған байланысты бұл жобаларға қаражат бөлу жөнінде өтінім жасалды. Ал қалған екеуі сараптамадан өтуде. Егер осы жобалардың барлығы жүзеге асса, Тасқаладағы көшелердің тоқсан пайызы заман талабына сай жасақталмақ. Енді ауылдық округтердегі жолдардың сапасын жақсартуға мән берілмекші. Бірінші кезекте тірек елді мекендер назарға алынатынын  айтады мамандар.

– Жол – көп қаражатты талап ететін сала. Оған жол құрылысына қажет материалдардың жергілікті жерде өндірілмеуі де өз әсерін тигізуде. Қажет материалдарды тасымалдауда да қиындық бар. Жол салу жұмыстары негізінен жаз маусымында қарқынды жүретіндіктен, көрші облыстан қиыршық тас тасымалдау үшін вагонның жетіспеушілігі жиі орын алады. Кейде битумға қатысты да мәселелер болып қалады. Былтыр осындай жайттарға байланысты аудан орталығындағы бір-екі көшені жөндеу жұмыстары биылға қалдырылған еді. Дегенмен де қолымыздан келгенінше жол сапасын жақсарту бағытында жұмыстанудамыз. Қазір аудандағы 457 шақырым аутокөлік жолының 33 пайыздайы жөнделді. Бұл облыстық көрсеткіштен жоғары. Жалпы, жол құрылысының игілігін тасқалалықтар сезініп, орталық, жергілікті атқарушы билікке өз ризашылықтарын білдіріп, ортақ іске қолдарынан келгенше атсалысуда, – дейді Бауыржан Есқайырұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Тасқала  ауданы


Дариянда 300 орындық мектеп пайдалануға берілмек

Күні: , 64 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  іссапармен  Зеленов ауданының  Дариян  ауылында  болып,  жаңадан  бой  көтерген  мектеп  құрылысымен  танысты.

Дариян жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің құрылысы өткен жылдың жаз мезгілінде басталған болатын. 300 орындық жаңа мектептің жанында 100 оқушыға арналған интернат қоса салынған. Аталмыш мектептің директоры Шолпан Өмірзақованың мәлімдеуінше, оқушылар осыған дейін мектепке ыңғайластырылған әкімшілік ғимаратта оқып келген.

– Ескі ғимаратта сапалы білім алуға қолайлы жағдай болмады.

Бүгінде мәселеміз түбегейлі шешілді.  Тіпті жаңа интернатымыз да бар. Енді шалғай ауылдардағы негізгі мектептерді бітірген оқушылардың 10-11-сыныпты осында келіп жалғастыруларына мүмкіндік туды, – дейді Шолпан Өмірзақова.

Жаңа мектеп құрылысына бюджеттен 1 млрд. 100 миллион теңге бөлініп, «Отдел строй» серіктестігінің құрылысшылары оны бір жыл ішінде салып бітірген. Аталған құрылыс компаниясының басшысы Валентина Михноның  айтуынша, білім ғимаратының жалпы ауданы 6766,4, ал интернат ауданы 1991,92 шаршы метрді құрайды. Мектеп ұстаздарымен және ата-аналармен тілдескен облыс әкімі жаңа білім ошағының құрылысына оң баға берді.

– Бұл мектеп тұрғындардың сұранысы бойынша салынды. Себебі бұрын мұнда арнайы салынған білім ошағы болған жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев өңірімізге іссапармен келгенде оқушы саны аз мектептердің шығынын азайту мақсатында интернаттар салу туралы тапсырма берген болатын. Міне, су жаңа 300 орындық мектептің жанында 100 балаға арналған интернат бой көтерді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы алты бағыттың бірі – білімнің салтанат құруы. Осыған орай «Нұр Отан» партиясының «1000 ІТ сынып» жобасы аясында биыл облыс бойынша 15 ІТ сынып ашуды жоспарға алдық. Міне, соның алғашқысы Дариян ауылында ашылады. Енді оқушылар ақпараттық технология негіздерін еркін меңгеретін болады. Білім ошағының барлық сыныбы заманауи жабдықтармен жасақталған, ыңғайлы асханасы, қажетті кітаптармен қамтылған кітапханасы және спорт алаңдары бар. Оның үстіне ұстаздардың жалақысы көтерілуде. Сондықтан мектеп оқушылары тек сапалы білім алуға тиіс, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы нысанды аралап көргеннен кейін журналистерге берген сұхбатында.

Жаңа оқу жылы қарсаңында есігін айқара ашатын аталған мектепте барлығы 39 мұғалім қызмет етпекші, олардың 8-і жоғары, 13-і бірінші санатты мұғалімдер. Мектеп директорының айтуынша, интернаттың ашылуына орай алдағы уақытта педагогикалық құрамды толықтыру көзделуде.

Іс-сапар барысында Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров облыс басшысына ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндады.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жиһаз жасаушы Жанар

Күні: , 470 рет оқылды

Қыз-келіншектерді табиғатынан ине-жіп сабақтап, кесте төгуге, дастарқан қамдап, үй-жайды мұнтаздай ғып ұстауға бейім деп қабылдаймыз. Ал Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында тұратын Жанар Садарова – жиһаз цехының қожайыны. Ол қарауындағы қолы іске епті ауылдастарын жиһаз жасауға  жұмылдырып қана қоймайды, екі білегін сыбанып, өзі ағаштан түйін түйеді. Бала күнінен қолөнерге бейім Жанар есейе келе, іскерлік қарым-қабілетін де жетілдірді. «Багира» кафесін ашып, кәсіпке бет бұрды. Бірақ ең басты қуанышы – былтыр 1454 мың теңге мемлекеттік грант қаржысына ие болғаны.

Осы қаржыға кафе ғимаратын жиһаз цехына лайықтап, сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік туды. Жаңа жабдықтармен қатар, тақтай бедеріне ою-өрнекті компьютерлік сызбамен түсіретін фрезерлік станок сатып алды.

– Қажетті шикізатты Оралдан және біздің ауданмен шекаралас Ресейдің көршілес облыстарынан алдыртамын. Тұрғындардан жиһаз жасауға тапсырыс көп түседі. Біздің тауарымыздың құны қаладағыдан арзан. Тапсырыс берушілер интернеттен қарап, үлгісін ұсынады. Соған байланысты ас үй жабдықтарын, тұрмыстық бұйымдар қоюға арналған сөре мен шкаф, орындық, үстел, кереует жасаймыз. Үйлеріне барып, құрастырылатын және қабырғаға ілінетін жиһаздарды да жинап-орнатып береміз, – дейді Жанар Бисенбайқызы.

Садаровтар отбасы қол еңбегімен ауданға кеңінен танымал. Бірі ағаш шебері, бірі темір ұстасы болып еңбек ететін ағалары қарындасына жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаның қанат қағуына демеу болған. Жиһаз жасауға әбден төселген Жанардың қимылы ширақ, өзіне сенімді. Үш адамды жұмыспен қамтып отырған іскер келіншек алдағы уақытта цехын кеңейтуді  көздеп  жүр.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Оба үстіндегі окоп

Күні: , 150 рет оқылды

Тасқала ауданында қазба  жұмыстарын  жүргізіп  жатқан   БҚО тарих  және  археология  орталығының  мамандары 25 маусым  күні  Азамат  соғысы  кезінде  қаза  болған  жауынгерлердің  мүрделерін  тапты.

Айта кетейік, 2016 жылы Тасқала ауылының солтүстік бөлігінен жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру басталған еді. Кей учаскелерде орналасқан төбешіктер мен обаларға байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындар үй салмас бұрын БҚО  тарих және археология орталығына хабарласып, осы обаларға зерттеу жүргізу жөнінде өтініш түсірген. Орталық мамандары сол маңнан ерте темір, қола дәуірлеріне жататын алты оба тапқан. Аталмыш мекеменің бас ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, 2016 жылы төрт оба қазылды. Ішінен шыққан адамдардың мүрделері мен заттар алынып, обаның орындары тегістелді.

– Түрлі себептерге байланысты былтыр бұл бағыттағы жұмыстар жүрмей қалып, биыл жалғасын тауып жатыр. Өткен аптаның соңында қалған екі обаны қазуды бастадық. Біреуінің үстінен окоп табылды. Азамат соғысы кезінде бұл окопты қазғандар мұның оба екенін білмеген болулары керек. Оба биіктеу тұрғасын, ұрыс жүргізуге қолайлы екені анық. Сол себепті осы жерден әдейі қазған. Окоптың тиянақты қазылғанына қарағанда, бұл жерде Шипов селосы үшін ақтар мен қызылдар арасында қиян-кескі ұрыс болған сияқты. Теміржол бекеті, соның ішінде бірнеше теміржолдың түйіскен торабы қашанда стратегиялық маңызға ие ғой. Соған байланысты бұл жер бірде ақтарға, бірде қызылдарға өтіп отырған. Мына мүрделер сондай шайқастың бірінде қаза болған жауынгерлердікі. Оларды ешкім жерлемеген. Яғни қаза тапқан күйде топырақ астында қалған. Бір сөзбен айтқанда, хабарсыз кеткен жауынгерлер. Енді олардың кім екендеріне келсек, біздің алдын ала болжамымызша ақ гвардияшылар сияқты. Мүрденің бірінің аяғындағы сақталып қалған керзі етік ерекше. Шетелде шығарылғаны байқалып тұр. Одан бөлек топырақ астынан шыққан сарғыш жасыл түсті гимнастерканың қиығы бар. Іші оқ-дәріге толы былғары оқшанқан да табылды. Ал қызыл әскерде мұндай  киім-кешек, қару-жарақ болған  жоқ. Сонымен қатар бір жауынгердің қасынан мойынға ілетін шармақ  (крест) шықты. Зерттеу жұмыстары барысында әлі де біраз құнды дүниелер шығады деп ойлаймын. Жалпы бұл макет емес, тірі тарих қой, – дейді Яна Амангелдіқызы.

Зерттеуден соң жауынгер мүрдесінің бәрі қазылып алынып, дін өкілдерінің қатысуымен бауырластар зиратына жерленеді, ал табылған заттар музейге табысталмақшы.

Тасқала аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Ғұбашевтің айтуынша, бұл жердегі жеке тұрғын үй салуға арналған 118 учаскенің бесеуі аталмыш обаларға байланысты әзірге берілмей тұр. Бес учаскенің мәселесі БҚО тарих және археология орталығы мамандарының қорытындысына  сәйкес  шешілетін  болады.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Тасқала  ауданы


65 шақырымды 5 сағат 37 минутта жүгіріп өтті

Күні: , 111 рет оқылды

Өткен  жылы  Бостандық ауылының   желаяқтары  Мержан  Серіков  және  Еділжан  Қосболов 47 шақырымды  жаяу  жүгіріп  өтіп,  жұртшылықты  таңғалдырған  еді.

«Апырмай, Жыланбаевтар қасымызда жүр екен ғой» деп қазталовтықтар  қайран  қалған  болатын.

26 маусым күні Мержан мен Еділжан өздерінің туған ауылына қатысты «Бостандықтық марафон» атағын қалыптастыру үшін 65 шақырым жерді жүгіріп өтті. Таңғы сағат 4:00-де басталған жүгіру Бостандық – Қаракөл – Әжібай – Қазталов – Бостандық  ауылына  дейінгі 65 шақырымды  артқа тастап, желаяқтар 9:37-де Бостандыққа келді. Бір өкініштісі, Еділжан Қосболов бұрыннан алған жарақатына байланысты Қазталов ауылында марафонды тоқтатса, 24 жастағы Мержан діттеген мақсатына жетті. Бірнеше күннен бері 40 градустан түспей тұрған ми қайнатар ыстықта жүгіріп өту – нағыз  мықтылық.

Міне, бостандықтық «Жыланбаевтар» Астананың 20 жылдық мерекесі алдында  осындай  сый  жасады.

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов   ауданы


Осы жұрт Аралсорды ұмытты ма?

Күні: , 26 рет оқылды

Тақырыпты осылай бастауымыздың да жөні бар. Сонау 60-шы жылдардың ортасында қазіргі Бесқұлаш аймағына жақын (Әжібай ауылдық округіне қарасты) Ащыөзектің бойында түсінікті тілмен айтқанда, геологиялық зерттеу қалашығы (городок) орналасты. Бұл қалашықтың орналасқан жері Жәнібек ауданының Тайыр Жароков атындағы кеңшардың құрамына кіргенмен де, негізінен Қазталов ауданымен қарым-қатынаста болды.

Ал осы Ащыөзектің бойында орналасқан геологиялық барлау экспедициясының бұрғылау жұмысы тереңдігі жөнінен сол кезде Америкадағы бұрғылау жұмысынан кейінгі ең терең бұрғылау рекордын жасаған көрінеді. Былайша айтқанда, бұл жердегі бұрғылау жұмысы 9 мың метрге дейін барған екен. Осы қалашық сол кезде ғажайыпты еске түсіретін. Маң далада сол заманға лайық аурухана, монша, сегізжылдық орыс мектебі, түрлі техникалық жарақтандырылған шеберханалар және біздің аудан орталығы емес, облыс орталығы тұрғындарының түсіне де кірмейтін азық-түлікпен қамтылған дүкендер болды. Көшелері жасыл желекке малынып тұрды. Сор суының жиналған жерде суға шомылу жағажайы да болды. Дүкендерде адам қолына сол кезде түсе бермейтін шұжықтардың (колбаса), бау-бақша өнімдерінің түр-түрі толып тұрды. Ауылдың адамдары: –Біздер тамақты Москвадан алдыртамыз, – деп әзілдейтін. Мұны ағаларымыз және бүгінгі замандастарымыз көре қалды. Ең алғаш рет қазіргі әскери алып техникаларды да осы қалашықтан көргенбіз. Сонымен қатар осы геологиялық барлау экспедициясының бір орталығы қателеспесек, Жаңақала ауданының Мәстексай аймағында орналасты. Сол жерге Саралжын ауылы арқылы күн сайын қатынасатын. 1967 жылы Мәстексайдағы барлау мұнарасы Тереңкөл ауылдық округінің (Қалабай бөгетінің маңы) аймағына көшірілді. Мұнараны Саралжынның үстімен төрт алып тракторы сүйреп өткені әлі есімде. Сол мұнара Кеңес үкіметі тарағанға дейін тұрды. Осы мұнараны Кеңес үкіметі тарап жатқан кезде біреу құлатып, металлом қылып тапсыруға алып кетіпті. Сол алмағайып кезде мұнараны ешкімге бермей сақтап қалғанда, бүгінгі күнде оны реконструкция жасап, аудан орталығына немесе Нұрсай ауылына әкеліп, бүгінгі тәуелсіздіктің нышанын бейнелейтін бір ескерткіш жасауға да болады екен деген бір ой келеді. Бірақ мұндай ақыл ол кезде болмай қалды ғой…

Енді Аралсор қайда дейміз ғой? Жетпісінші жылдардың басында геологиялық барлау экспедициясы басқа жаққа көшірілді. Қалашық Тайыр Жароковтың бір бөлімшесіне берілді. Бірақ тұщы су көзі болмағандықтан, ол бөлімше тарап кетті. Үйлер қиратылып, әркімнің еншісіне тиді. Бүгінде осы қалашықта тұрып, жұмыс істеген орыс, қазақ ұлттарының көбі Орал қаласында тұрады. Ауыл адамдарымен араласқан солар біраз уақытқа дейін хабарласып, қонаққа келіп тұратын еді. Аралсордың тарихын неге айтып отырмыз? Осыны жақсы білетін адамдар сиреп барады. Бұл да біздің тарихымыз. Осы жерімізге орналасқан ғажайып қалашықтың макетін жасап, жабдықталып жатқан музейге қойса, бүгінгі өсіп келе жатырған ұрпақ туған жерін тереңірек таныр еді…

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов  ауданы


Соркөлде жағдай бар, жағажай жоқ…

Күні: , 82 рет оқылды

Жаздың шіліңгір ыстығында аудан жұртшылығының көбі түс ауғаннан кеш қарайғанға дейін Соркөл жағасынан табылады.

Бір тобы көл жағасына суға түсіп, салқындау үшін барса, енді бірі балық аулау үшін барады. Ал, ең жиі баратындар – табиғат аясына демалуға шыққандар. Олар сусындары мен тамақтарын алып, сол жерден сірне, кәуаптарын пісіріп, көл жағасында 7-8 сағатқа дейін жатуға бар. Әрине, демалған жақсы-ау. Алайда, демалушылар қауіпсіздік, тазалық деген талаптарды ескере ме, жағажай мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Біздің демалысымыз тек көңілді ғана өтіп қоймай, қауіпсіз, жағажай этикасын сақтайтын, жанға жайлы жағдайда өтуі керек.

Жылдағы бір көрініс. Толған күл-қоқыс, шашылған шөлмектер, от жағылған орындар. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Суға түсу науқанында қауын-қарбыздың қабығы, мүжілген сүйектер, шемекі қабығы, темекінің тұқылы дейсіз бе бәрін жағажайдан табуға болады. Соркөлдің осындай ахуалы туралы сөз қозғап, аудандағы мемлекеттік құрылым өкілдері, сондай-ақ қарапайым тұрғындардың пікірлеріне құлақ түріп қайтқан едік.

Абзал АХМЕТОВ, Жаңақала ауылдық округінің әкімі:

– Соркөлдің жағасын әкімдік құзырындағы ақылы қоғамдық жұмыс істейтін тазалықшылармен аптасына бір рет барып, тазалап тұрамыз. Ал, суға түсу маусымы басталғанда аптасына екі рет дүйсенбі және сейсенбі күндері баруымыз қажет. Демалу маусымында адам санының көптігі, тәртіп сақталмауы, күл-қоқыстардың көбеюі әсерінен тазалық жұмыстары жиі жүргізуді талап етеді.

Талғат ҮМБЕТОВ, аудандық жер қатынастар бөлімінің бас маманы:

– Соркөл жағасын қазіргі таңда ешкім жалға алып отырған жоқ, ауылдық округке тиесілі. Жеке бизнеске айналдырып, құм төгіп, катамаран немесе қайықтар әкеліп, туристік орталық жасауға жалға аламын деушілер ауылдық округ әкімімен келісім жасап, айналыса беруіне болады.

Тыныштық ӨТЕШҚАЛИЕВ, өлкетанушы:

– Соркөл – демалуға таптырмас орын, суының емдік қасиеті бар.    Ал балығы халыққа азық.  Бұрынырақта балық көп болатын, бертін келе азайып келеді. Соған қарамастан көлдің балығы дәмді, әрі семіз келеді. Демалыс орны дейтінім – суға шомылу маусымы басталғанда аудан тұрғындары мен қонақтардың ең бір рахаттанып табиғат аясында демалатын орны. Енді емдік қасиетіне келер болсақ, көлдің өзінен 1-2 шақырым жерде сор бар. Беті тұзды қабат, асты шамамен 1 метр қалыңдықтағы қара балшық. Шілде айында суға түсу маусымы басталғанда, яғни 10 шілдеден 10 тамыз аралығында сордың емдік қасиетін пайдаланып қалу керек. Алайда, қара балшықты жағып, тұзды суға түсудің өзіндік ережесі бар. Араға күн салып 3 рет, тамақ ішіп алғаннан кейін 10-15 минут балшықты жағып, жуып тастау керек. Сонымен қатар шелектеп балшығын алып барып, моншаға түсуге болады. Алайда моншаның бу бөлмесінде балшық жағуға немесе балшық жағып кіруге болмайды. Моншадағы әлгіндей ем-дом кезінде басыңызда бас киіміңіз міндетті түрде болуы керек. Мұнда да 15 минуттан артық балшықты денеде ұстауға болмайды, себебі жүрек қан-тамырларының жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Адам баласы жасы ұлғайған сайын буындары сырқырап, тұла бойында қан айналымы нашарлайды, дененің белгілі бөлігіне тұз жиналады. Бойдағы тұздар жас кезде денеден бөлініп шығып, ағзаның жұмыс істеу үрдісі реттеліп тұрса, үлкейген шақта тұздың уақытылы бөлінбеуі ауруға шалдықтырады. Ал, Соркөлдің балшығын жағу арқылы денедегі артық тұздарды шығаруға болады.

Осындай пайдасы мол ауданымыздың ресурсын назардан тыс шығармай,  жағдай жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Жеңіс МӘМЕТОВ, ауыл тұрғыны:

– Суға түсу маусымы күні ертең басталады. Ауылға келген қонақтардың көлімізге түсіп, балығын жемейтіні кемде кем. Алайда, бізде дұрыс жағдай жасалмаған, басқа өңірлердің жағажайларына қарасаң, адам қызығарлықтай демалуға керемет жағдай жасалған. Бізде киімді ауыстырып киетін арнайы қарапайым  кабиналардың жоқтығы, тазалықты сақтау үшін қоқыс жәшіктерінің орналастырылмауы, талапқа сай суға түсетін арнайы аумақтың жасақталмауы қынжылтады. Ең аяғы, бұл жерде дәретхана да жоқ.

Жоғарыда аталған тазалық, қауіпсіздік мәселесінің негізгі шешімі – заңды жағажай жасақтау. Ал оған бізде мүмкіндік бар ма? Әрине, бар. Оған керегі, ең бірінші – табиғи ресурс. Соркөл табиғаты туризмге сұранып-ақ тұр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, емдік қасиеті, суы, балығы секілді байлығымыздың қадірін білмейтініміз қынжылтады. Тек осы істің көзін тауып, айналдырып әкететін епті кәсіпкер керек. Өзен бойының айналасын қоршап, тазалап қойса, дайын демалыс орны болып шыға келетін жерлер жетерлік. Содан кейінгі тірлік кәсіпкердің идеясы мен іскерлігіне байланысты. Жағажайға келуді ақылы қылып, түрлі сусындарды салқындатып, кәуап пісіріп, демалушылардың жағдайын жасар болса, ақша өзі келеді. Тіпті шағын тапшандар мен киіз үй құрып, бие байлап, саумал сатуға да болады. Бір қарағанда мұның бәрі жай қиял көрінуі мүмкін. Алайда шындап кірісер жан болса, ақиқатқа айналып шыға келеді. Себебі бұл біріншіден, ауданда жоқ бизнес. Екіншіден, кәсіпкер боламын деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты  қолдау баршылық. Сол мақсатта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмен пайызбен несиелер беріліп, кәсіпкерге бұрын-соңды жасалмаған қамқорлық жасалуда. Үшіншіден, осы бастама шынымен жүзеге асса, демалушылар келмей қалады деп уайымдамайсың. Себебі, сенің жағажайыңнан басқа жерлерге суға түсіп, демалыс ұйымдастыруға заңды түрде тыйым салынады. Сондықтан, дүйім жұрт сенің саудаңды қыздырып, қызметіңді пайдаланады. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш бизнес қолға алынса, халыққа да, көлге де пайдасы мол болар еді.

Заңды жағажай ашылар, ашылмас, бастысы, көл жағасында демалушылар тәртіп пен тазалыққа аса мұқият қарағаны дұрыс. Әйтпесе, Соркөлдің жағасында шашылып жатқан шөлмектер мен күл-қоқыс адамның да, көлдің де тынысын тарылтары рас. Жағада жатқан жартылай желінген тағамдар мен аста-төк ішілген ішімдіктер үшін бір күні сұрау болары хақ. Ысырап пен ынсапсыздықтан арылып, қолымыздағы барды бағалайық, ағайын!

Айтолқын  АСҚАРҚЫЗЫ,

Жаңақала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика