Бөкей ордасы тарихи-музей кешені

Күні: , 27 рет оқылды


Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылы Батыс Қазақстандағы Бөкей мен Жәңгір хандардан бастау алатын, өзінің бай тарихымен ерекшеленетін елді мекен екендігі мәлім. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені осында орналасқан.


Бөкей сұлтан І Павел патшаның 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығы негізінде Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына көшсе, оның ұлы Жәңгір хан 1826 жылы Хан ордасының негізін қалады. 1828 жылы Жәңгір хан өз сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, музей ісін алғаш қолға алды. Ал Орда музейін 1962 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ахметфайыз Тажетдинов осы өңірде өткен тарихи оқиғаларға қатысты жинақтаған 55 экспонатымен қоғамдық негізде ашты.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев киелі Орда топырағына екі мәрте аяқ басып, 1997 жылы келгенінде музейдің тілек және пікір кітабына «Өз жерінің, елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген – халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ» – деп, осындай тарихы бай мекенді республикаға, шетелдерге таныту қажеттігін айтып, бірнеше тапсырма жүктеген болатын. Соның нәтижесінде бір ғана музей Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне дейін жетіп, құрамындағы 19-ғасырдың ғимараттары қайта жаңғыртылып, төртеуінде музей жасақталды. Бөкей ордасы тарихы музейі, Тәуелсіздік музейі, Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы музейі, Бөкей ордасында халыққа білім беру және тұңғыш қазақ баспаханасы музейлерінен басқа кешеннің құрамындағы Ордадағы тұңғыш штаттық дәрігер А. Сергачев үйі, Тарғын мектебі, Ордада болған мектеп қалашығының үйлері де қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қызмет етіп келеді. Сәйкесінше музей кешенінің қоры толығып, жәдігер саны 16 мыңнан асты.

«Бөкей ордасы – тұңғыштар мекені» деп тегін аталмаған. Мұны қазынашылық ғимаратында орын тепкен Бөкей ордасы тарихы музейінен көруге болады. Мұнда 1801 жылы Бөкейдің Еділ-Жайық аралығына қоныстанған кезінен бастап, Жәңгірдің ел басқару кезеңіндегі Ішкі Қазақ ордасындағы бірінші реформалар, жәрмеңкенің ұйымдастырылуы, 1841 жылы ашылған Қазақстандағы тұңғыш мектеп, медицина саласының дамуы, алғашқы пошта-телеграф, орман шаруашылығы, қазынашылық мекемесінің қызметі көрініс тапқан. Сол секілді 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлтазаттық көтерілісіне қатысты құжаттар, оған қатысқан Арен Шотұлының қанжары, Шыналы Байтілеуұлының найзасы мен есімі белгісіз жауынгер жарағы, Бөкей ордасына келген орыс және шетел зерттеушілері, елі үшін қызмет еткен Шоқанмен тұстас ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, ақындар Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш, әкім Мақаш Бекмұхамедов, күйші-композиторлар Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина сынды бөкейліктен шыққан атақты адамдар туралы деректер мен жәдігерлерді молынан кездестіруге болады. Бөкей ордасы – 100-ден астам ғалым-зерттеушілердің (олардың жиырмадан астамы – академик), үш Кеңес одағының батыры, бір Халық қаһарманы, 25 Социалистік Еңбек Ері, тұңғыш генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәкір Жексенбаев, алты алашқа танымал өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылардың, медицина және басқа сала майталмандарының отаны.

Кешенде туристердің қызығушылығын туғызатын нысандардың бірі – 19-ғасырда салынған Жәңгір ханның сарайы. Бұл ғимараттың қазірге дейін сақталған шығыс бөлігінде «Хан сарайының қару-жарақ палатасы» музейі орналасса, орталық бөлігі тарихи зерттеулер мен Хан сарайын көрген саяхатшылардың сипаттамалары бойынша 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қайта тұрғызылды. Алдағы уақытта «Хан сарайы» мемориалдық музейін жасақтау ойластырылуда.

2010 жылы мектеп қалашығының үйлері сатып алынып, кешен аумағы кеңейтілді. Болашақта қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекет қайраткері Сейтқали Меңдешевтің, қазақ қыздары арасынан шыққан қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның, өлкетанушы-ұстаз Ахметфайыз Тажетдиновтың мемориалдық музейін, табиғат музейін жасақтау жоспарда. Кешен негізінде алғашқы облыстық тарихи-мәдени этнографиялық «Бөкей орда» музей қорығын жасақтап, оны мәдени-ағарту орталығына айналдыру көзделуде. Себебі осы өлкеде ХІХ ғасырдан сақталған тарихи нысандар әлемдік мәдени туризм орталығы болуға әбден лайық.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 4 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы» туралы  №939 Жарлығы негізінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Батыс аймақтағы «Каспий қақпасы» кластеріне, сондай-ақ 2017 жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушыларына арналған туристік маршруттар тізбесіне енгізілді.

«Ашық аспан астындағы музей» атанған кешен құрамында күні бүгін он үш ғимарат және Жәңгір хан, күйші-композитор Дәулеткерей, ғалым-этнограф М-С. Бабажановтардың кесенелерінен тұратын пантеон бар. «Хан қорымындағы» 500-ден астам көне құлпытасты зерттеп, кітапқа енгізу жоспарлануда.

Музейге 1970-1978 жылдары Шарап Сиранов, 1978-2010 жылдары Темірболат Махимов басшылық етті. Қазіргі директоры – Ғайса Махимов.

Елжан ЕРАЛЫ


Жымпиты – «Алаш арыстары» үйі

Күні: , 27 рет оқылды


Қазіргі Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылы – Алашорданың батыс бөлімінің астанасы.


Кезінде Алашорда үкіметі орналасқан орыс саудагері Таракановтың үйі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі болып табылады. Бұл ғимарат 1867 жылдары салынған, екі қабатты ағаш үй, қабырғасы саман тастан тұрғызылып, сыртқы қабаты тақтаймен қапталған. Жалпы ауданы – 76 шаршы метр.

Орыс саудагері осы ғимараттан кейін 1890 жылдың аяғында астық тартатын механикалық диірмен салады. Онда сөктен бастап ең қымбат сапалы астық тартып, Орынбор, Оралға дейін жеткізіп сатқан.

1917 жылы шілде айында Алаш партиясы құрылды. Осы ғимаратта «Алашорда» үкіметі орналасты. Үкімет басшысы болып Жаһанша Досмұхамедов, орынбасары болып Халел Досмұхамедов сайланды. Сондай-ақ бұл жерге Бақытжан Қаратаев, Бақтығали Бейсенов, Дәулетше Күсепқалиев, атақты Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров, Ғұбайдолла Әлібеков, Қалдыбай Асанов, Бижан Жанқадамов, Кәрім Жәленов, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Мәметов, Қуанай Қосдәулетов секілді Алаш арыстарының табаны тиген.

1920 жылы ғимаратқа Жымпиты уездік партия комитеті орналасқан. 1925 жылы ғимарат аудандық партия комитетіне берілген. 1967 жылы ғимаратта әскери комиссариат орын теуіп, 1994 жылға дейін жұмысын жалғастырған. Одан кейін мұнда аудандық ветеринарлық станса, 2001-2004 жылдары Сырым аудандық балалар музыка мектебі мекендеді. 2005 жылдан бастап тарихи ғимарат аудандық мәдениет үйінің қарамағына алынып, 2007 жылға дейін мәдениет үйінің бухгалтериясы орналасты. 2007 жылы атақты батыр, би, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының 265 жылдығына орай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, баба музейі ретінде ашылды. 2012 жылы Алаш қайраткерлерінің жұмыс жасаған орны болғандықтан, Алаш тарихына байланысты арнайы көрмелер жасақталып, залдар ашылды. Ресми атауы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі болса да, оны халық «Алаш музейі» деп атап кетті. Келген қонақтар да «Алаш музейін көрейік» деп айтып жатады.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алашорда үкіметі мен партиясының 100 жылдығы және заңгер, Батыс Алашорда басшысы Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына орай 2017 жылы тарихи ғимаратқа жаңарту жұмыстары жүргізілді. Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, төрт бірдей зал жаңғыртылып, жаңа жәдігерлермен толықтырылды. Негізгі зал Батыс Алашорда үкіметінің жетекшілері, халық «екі дос» деп атаған Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтің жұмыс бөлмесінен тұрады. Бұл бөлмені белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында шебер суреттейді. Музей бөлмесі соған сәйкестендіріліп, жасақталған. Жаңа жәдігерлер деп – Жаһанша Досмұхамедовтің зайыбы Ольга Константиновнаның қайын сіңлісі Қанипа Шәріпқызына 1964 жылы сыйлаған кілемін, сондай-ақ Жымпитыдағы Алаш қайраткерлерінің жиыны өткен трактирдің иесі Иван Федяниннің скрипкасын айтуға болады. Музейдің тө-менгі қабатында ХХ ғасыр басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кездің ақсүйектерінің бөлмесі орналасқан. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қолданыста болған пәуескенің көшірмесі жасалып, музей ауласына қойылды. Музейдегі құнды жәдігерлердің бірі – вена орындығы. Мұндай жиһаз жасаудың негізін ХІХ ғасырдың ортасында веналық шебер Михаэль Тонеттің қалағаны белгілі. Музейде бұл екі орындық әуелден болған. Оның мұнда әкелуіне байланысты екі түрлі жорамал бар. Біріншіден, орындықтарды осы ғимараттың иесі болған орыс саудагерінің сатып алуы мүмкін. Екіншіден, бұларды ғимаратты кеңсе қылған Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі арнайы тапсырыспен Ресейден алдыруы ықтимал. Мұның себебі, Алаш зиялылары еуропаша киініп, сол үлгідегі бұйымдарды тұтынды. Бұл олардың суреттерінен айқын аңғарылады.

Тарихи ғимаратқа аяқ басқандар сол кезеңді еске түсіреді. Өйткені 1917 жылы «Азаттық жасасын!» деп жасыл ту тігіп, Алаш арыстарының анттасқан жері осы. Жымпитыдағы Алаш арыстары үйін қазақ тәуелсіздігінің бас тарихи ғимараты деп есептеуге болады. Себебі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың мәліметінше, Семейдегі, Торғайдағы осындай тарихи үйлер жойылып кетті. Сақталғаны – Жымпитыдағы ғимарат қана. Сондықтан тарихи үйдің қайта жандануының маңызы ерекше. Оған қазақ азаттығының қағбасы ретінде кейінгі ұрпақ та тәу ететін болады.

Жалпы, Жымпиты ауылында Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатыр.  Мысалы, ауылда Алаш саябағы да бар, онда Алаш арыстарының бейнелері көрініс тауып, ескерткіш орнатылған.

Алаш қайраткерлерінің барлығы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, айдалды. Алашорда көсемдерінің бірі Ж. Досмұхамедов 1938 жылы 3 тамыз күні атылып, Мәскеудегі Бутов полигонында жерленді.

Айта кетейік, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің бес мыңға жуық қоры бар. Онда келушілерге Сырым заманы мен тарихы, бес қару топтамасы, этнография, археология, табиғат және экология, мәдениет пен өнер, ардагерлер мен Алаш залдары қызмет көрсетеді. Сырым дәуірінен қалған жәдігер болмағанымен, Ресейдің мұрағат құжаттары мен түпнұсқа негізінде жасалған құнды, күміспен күптелген қару-жарақ, ат әбзелдері бар.

Музей алдағы уақытта да жәдігерлермен толықтырылатын болады.

Сырым батырдың музейі, Алаш арыстарының үйі деп іздеп келушілер саны жыл санап артып келеді.

Ғалым АЯН


Аспан аясындағы музей-шаһар

Күні: , 15 рет оқылды


Біз  күні  кешеге  дейін  Жайық бойындағы  ортағасырлық  Сарайшық  қаласын  ғана  біліп келдік. Алайда  Ұлы Жібек  жолы  бойындағы қалаларды зерттеп, Алтын орда кезеңіндегі сауда-саттық  қатынасты  ескерсек, әрі  XVII-XVIII ғасырлардағы орыс ғалымдарының жазба деректеріне жүгінсек, Сарайшық – Ақ  Жайық  атырабындағы  жалғыз шаһар  деген  ғылыми тұжырым  қисынға  келмейді.


2002 жылы құрылған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы бұл мәселенің түйінін шешті. Жайық бойындағы көне қалаларды зерттеу мақсатында мақала авторының төрағалығымен 2002 жылы кешенді археологиялық экспедиция жасағы құрылған болатын. Бұл – Қазақстан тарихы үшін өте маңызды мәселе. Еділ бойында бірнеше қаланың болғаны тарихшыларға белгілі. Ал XVIII-XV ғасырлардағы Жайық бойындағы қалалар туралы деректер сол кезеңнің карталарында, еуропалық және шығыс саяхатшыларының жазба деректерінде ғана келтірілді. Алайда бүгінге дейін аталмыш деректер нақты археологиялық-тарихи ақпарат бере алмады.

Жайық өңіріндегі су қорының молдығы және табиғаты  отырықшы шаруашылық жүргізу үшін өте қолайлы болды. Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған көптеген қорған-обалар бұл жерде адамдардың ертеден бері мекен еткенін және негізінен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқанын айғақтайды. Сол кезден қалған жазба деректерді зерттей келе, Ұлы Жібек жолының осы бағыт арқылы өткендігі де дәлелденді. Ал ұлы сауда керуені өтетін жерде тұрақты тауар саудалайтын орталық болуы қажет. Оның үстіне дала тұрғындары Жібек жолының тауарларының негізгі тұтынушылары болған. Көшпенді тұрмыс дала мен қала мәдениетін байланыстырып, жаңа өркениеттің дамуына әсер етті. Сондықтан көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан халықтың қыстап шығатын және сауда-саттықпен айналысатын тұрақты мекендері болуы керек.

Археологиялық ескерткіштерге мән берсек, біздің заманымызға дейінгі алғашқы мыңжылдықта бұл аймақта сармат, ғұн және түрік тайпалары көшпенді мәдениеттің негізін қалағанын аңғарамыз. Ал ортағасырлық кезеңдегі тұрмыс-тіршілік жағдайы мүлдем өзгерген. Ескерткіштер көлемінің бірден азайғанын байқауға болады. Мұның себебі жаңа дәстүрлер мен жаңаша жерлеу рәсімін енгізген ислам дінінің келуінде. Зерттеушілер көп уақытқа дейін ортағасырлық ескерткіштердің қалдығын таба алмай келді. Сондықтан Кеңес дәуіріндегі тарихи тұжырымдамаларда Жайық өзенінің жағалауы иесіз, бос болғандығы айтылады. Зерттеушілер көшпенді мал шаруашылығымен айналысудың қыр-сырын ұқпағандықтан осындай теріс ғылыми көзқарасқа ұрынды. Жылдың әр мезгілінде қолайлы жерді мекендеген көшпенділер көктем мен жаз мезгілінде облысымыздың солтүстік өңірінде тұрақтаған. Қорғандардың басым бөлігі де аталған аумақтан көптеп табылды.  Ал суық мезгілдерде оңтүстікке қарай көшкен. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келді. Ислам дінін тарату және мал шаруашылығымен айналысу мақсатында халық көшпенді өмір сүргендіктен, бұл өңірде ешкім мекендемеді деген қате тарихи болжамдар жасалды. Алайда XIV-XVI ғасырлардағы жазба деректерінде Батыс Қазақстан облысы маңында 250-300 мың адамның мекендегені көрсетіледі. Ал XIX ғасырдың аяғында көшпенді  мал шаруашылығымен айналысқан халық саны тіптен 800 мыңға жеткен. Сондықтан сол кезден қандайда бір ескерткіштердің қалуы керек еді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы 110-нан астам қаласы бар орта ғасырлардағы ең ұлы мемлекет – Алтын орданың құрамына кірген.

Біздің өңір туралы алғашқы ақпараттар монғол басқыншылығына дейінгі оғыз, және қыпшақ тайпалары кезеңінде көрсетілген. Ахмед ибн Фадланның және Абу Хамид аль-Гарнатидің XII ғасырдағы «Еділ Бұлғариясына саяхат», «Шығыс және орталық Еуропаға саяхат» атты еңбектерінде бүгінгі БҚО аумағындағы сауда керуендері өтетін қалалар жөнінде ақпарат келтірілген. Бұл туралы өзге де шығыс авторлары жазған.

Сонымен қатар Алтын орда кезеңіндегі көптеген ғалымдар мен саяхатшылар өз еңбектерінде сауда-саттық бағытында Жайық өзені арқылы өткендерін жазған.

X-XIV ғасырлардағы саудагер көпестердің жазбаларында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында және Жайық өзенінің бойында бірнеше қаланың болғандығы көрсетіледі. Олардың саны шамамен 8-30 аралығында деп көрсетілген. Сонымен қатар деректерде XIV ғасырда Сарайшықтың солтүстік жоғары жағында, яғни қазіргі Орал қаласының маңында тас ғимараттары бар тағы бір қаланың болғаны жазылған. XVIII-XIX ғасырлардағы орыс ғалымдарының зерттеуінде де ортағасырлық қалалардың болғаны дәлелденеді. XVI ғасыр соңында сызылған «Үлкен сызба» деп аталатын алғашқы орыс картасында да қазіргі Батыс Қазақстан облысының аумағы бойынша бірнеше қала мен елді мекендер белгіленген. 1748 жылы жазылған «Орынбор губерниясының топографиясы» атты еңбегінде П. Рычков Жайық бойында бірнеше қалалардың болғандығы туралы көптеген дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Орыс ғалымдарының арасында П. Паллас «Ресей империясының түрлі провинциялары» атты еңбегінде өзі тапқан екі дерек туралы жазады. Біз ол кездегі көптеген карталарда белгіленген Шакашик қаласы туралы жазған деп болжадық. Палластың келтірген дәлеліне сенуге негіз бар. Себебі ол Үлкен және Кіші өзеннің ең жақын ағатын жерінде тағы бір қаланың бар екендігін жазған. Расымен, 2006 жылы біз бұл жерден қалашықтың орнын тауып, оны Жалпақтал деп атадық.

2001 жылдан бері жүргізілген оралдық және алматылық ғалымдардың археологиялық зерттеуі нәтижесінде Орал қаласының маңынан тағы бір қалашық табылды. Бұл қалашық XIV-XVI ғасырларға келеді. Осылайша жоғарыда жазылған барлық деректер расталды. Ендеше, зерттеу жұмыстарының нәтижесін негізге алып, Орал қаласының тарихын 1613 жылдан емес, XIV ғасырдың алғашқы жартысынан бастау керек.

2006 жылы анықталған қаланы, Жалпақтал деп, 2007 жылы анықталған қалашықты Сарыөзен деп шартты атадық. Аталған қалалар XIII-XV ғасырларға, яғни Алтын орда кезеңіне жатқызылды.

Зерттеушілер Алтын орда кезеңіндегі XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың алғашқы жартысына аса мән береді. Себебі осы кезеңде қалалық мәдениет қарқынды дамыған. Сауда-экономикалық маңызы бар орталықтар пайда болған. Үлкен қалалар мен қалашықтар салынған. Бұл кезең Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған (1312-1357)  уақыттарына сәйкес келеді. Бұл  кезде ескі қалалардың орнын жаңа қалалар басқан. Г. Федоров-Давыдовтың мәліметінше, Алтын ордада көшпелі де, отырықшы да шаруашылық түрлері жүргізілген.

Оның пікірінше, Қазақстанның шығыс және батыс өңірлеріндегі Алтын орда қалаларының ортағасырлық қалалардан үлкен айырмашылығы болған. Бір топ ақсүйек отбасы үйлерінің жанында олардың қызметкерлерінің үйлері шоғырланған. Қорған салуды тоқтатқандықтан, қала аумағы ұлғая берген. Жалпы, Алтын орда кезеңіндегі қалалар шығыстық үлгіде салынған. Күйдірілген кірпіш, өрнектелген тақтайшалардан салынған мешіттер, медреселер, кесенелер және шығыс мәнеріндегі моншалар қаланың сәнін келтірген.

Зерттеулер нәтижесінде табылған ортағасырлық қалалардың бірі «Жайық» қалашығы. Бұл шаһар XIII ғасыр аяғында тұрғызылған және 10 гектар аумақты алып жатқан. Жергілікті халық «Ысқырық тау» атап кеткен қыраттың батысына қарай екі шақырым қашықтықтан көне зираттар табылып, оның Жайық қалашығымен байланысы бар екені дәлелденді. Жайық қалашығының және Еділ бойындағы қалалардың құрылыс мәнері XIII-XIV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан қалаларындағы үйлерге келіңкірейді. Бірақ ұқсастықтарына қоса, айтарлықтай айырмашылықтары да  бар.

Алтынордалық  кезеңнің қалдығы болып саналатын Жайық қалашығы – маңызды әкімшілік-саяси, әскери-сауда саттық қатынасы дамыған үлкен ұлыс орталығы болған. Ғалымдар оны Көкордаға теңейді. Зираттағы ең үлкен кесененің көлемі Жошының  кесенесінен кем түспейді. Яғни жерленген адамның да бақуатты болғаны анық. Қалашық облыс орталығы Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта. Сол кезден қалған ескерткіштердің өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – қалашықтың өзі, екіншісі одан жоғарырақ орналасқан зират. Ғалымдар Жайық қалашығын ортағасырлық карталарда көрсетілген Шакашик қаласымен сәйкестендіріп отыр. Бұл жаңалық әлемдік тарихи-мәдени қоғамның оң бағасын алды.

Бүгінгі таңда бұл бірегей ескерткіш сыртқы табиғи әсерлерден бұзыла бастады. Сондықтан құнды археологиялық ескерткішті сақтау, жаңғырту, музеефикациялау ісін қолға алу аса маңызды. Зерттеу, сақтау, сондай-ақ тарихи және мәдени археологиялық мұраны пайдалану, аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесу мақсатында ашық аспан астындағы «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музейін құру қажет. Ол ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналуы тиіс. Аталмыш музей өзінің маңыздылығы және әсерлілігімен Батыс Қазақстандағы ең тартымды туристік нысанға айнала алады. Бұл жерге Орал, Атырау, Ақтөбе, сондай-ақ Жайық өзеніне деген дәстүрлі қызығушылықтары басым Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов және Волгоград қалаларының жақындығы, аталмыш қалалардағы көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамығандығы «Жайық қалашығы» музейін Қазақстан туризмінің ерекше  жауқары  етеді.

Мұндай музей мәдени мұра ескерткіштерін сақтау және музеефикациялау бойынша ғылыми жұмыстардың жаңа заманғы әдістерін, сондай-ақ ғылыми айналымға заманауи ақпараттық технологияларды, музей қызметінің әдістері мен түрлерін енгізетін орталық болады.

Аталмыш музей үшін керекті жер аумағы шамамен 300 гектарды құрайды. Оның 52 гектары қаланың өзіне, ал 245 гектардан астамы қорымға тиесілі болады. Бұл жерлерді біртұтас етіп біріктіру бірыңғай тарихи-мәдени кешен құруға мүмкіндік береді.

Ашық аспан аясындағы болашақ «Жайық қалашығы» музей қорығының негізгі қызметі археологиялық, этнографиялық әдістермен, музей экспозицияларының мүмкіндігімен және айрықша ірі ескерткіштерді қалпына  келтіру арқылы қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттау болмақ. Музейдің хронологиялық шегі көшпенділердің скиф, сармат заманынан бастап Алтын орда дәуіріндегі ортағасырлық қала мәдениетін қамтиды. Барлық композициялар мен экспонаттар, сондай-ақ қалпына келтірілген ескерткіштер өңір халқының белгілі бір кезеңдегі тарихы мен мәдениеті туралы анағұрлым толық әрі көрнекі ұғым қалыптастыратын бірыңғай ансамбльді құрайды. Музей аумағы қатарласа егілген тал-теректермен қоршалатын болады. Кіреберісіне ортағасырлық архитектураға сай қақпа орнатылады. Музейдің атауы және Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауындағы сөздер жазылған әсем билбордтар қалашықтың кіреберісін ерекше әрлендіріп тұрмақ.

Қорымнан қалаға дейін шағын автобустарға арналған арнайы жолдар төселеді. Туристерге саяхаттың мынадай бірнеше нұсқасы ұсынылады:

– Көне Орал

– Алтын орда – мәдениеті дамыған  мемлекет

– Өңірдің көнеден орта ғасырға дейінгі тұрғындары және мәдениеті

– Ұлы жібек жолының Орал аумағы

– Батыс Қазақстан халқының салт-жоралғылары және басқа да тақырыптар.

Музейдің өз мәртебесі, штаты, материалдық және ғылыми базасы болуы керек. Болашақта шағын қонақүй мен кафе құрылысы  қолға  алынуы  тиіс.

Өз басым бұл жобаның болашағы зор екеніндігіне  бек сенімдімін.

Мұрат  СДЫКОВ,

ҚР ҰҒА-ның  құрметті  академигі, тарих   ғылымдарының  докторы, профессор, Батыс  Қазақстан  тарих   және  археология  орталығының  директоры


Рухани жаңғыру – ең ұлы жаңару

Күні: , 45 рет оқылды


Биылғы жылы Қазақстан үшін жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған елімізді үшінші жаңғыртуды жүзеге асыру басталды. Басты мақсат – әлемнің 30 жетекші елінің бірі болу. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, саяси және экономикалық жаңарудың жетістігі ең алдымен рухани құндылықтарға негізделген қоғамдық санаға тікелей байланысты. Сондықтан рухани жаңғыру – қазіргі кезеңдегі ең басты міндет.


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық қоғамға құбылмалы әрі қарқынды даму тән технологиялық үрдістерге ілесу және бәсекеге қабілетті әлемдік экономиканы қалыптастыру турасындағы ойларымен бөліскені мәлім. Сондықтан туған елімізде басталған ауқымды реформалар қоғамдық сананы тезірек жаңғыртумен қатар жүруі шарт. Күні бүгінге дейін көптеген жұмыс атқарылып, біраз шаруа тындырылды. Бүгінгі Қазақстан – бұл басты бағыт-бағдарын айқындаған мемлекет. Елбасымыздың айтуынша, рухани сананы жаңғырту арқылы күшті де жауапты тұлғалардан құралған бір ұлт, біртекті  халық  болып қалыптасуды көздеген  ауқымды істерді қолға алатын уақыт жетті.

Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекет құру арқылы алғашқы жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдап, Астананы салды. Екінші жаңарудың нәтижесінде Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Биылдан бастап, Қазақстан үшінші жаңғыруды жүзеге асыру арқылы ұлт жоспарының негізінде әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің санатына ілігуді көздеп отыр.

Рухани жаңғырудың бірінші шарты – өз мәдениетін, өз ұлттық кодын сақтау. Мұндай ұлттық құндылықтарсыз қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін емес. Өз еңбегінде Президент тұтастай қоғамның, сондай-ақ әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыттарын белгілейді.

Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық  сияқты факторлар жалпы жаңғырудың алғышарты болып табылады. Сондықтан Президент атап көрсеткеніндей, «Цифрлық Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламалары ұлтты, қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талап үдесінен шығуға даярлаудың құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымыз керек. Өңірімізде осы бағыттардың әрқайсысы бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Елбасы әдеттегі дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, жаңғыртуды жүргізу мүмкін емес дей келе, прагматизмді маңызды бағыт етіп көрсетті. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, «Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі». Солай бола тұра осы жолда «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз санамызда мәңгі қалуға тиіс» делінген. Сондай-ақ  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сананың ашықтығы зерденің үш негізгі ерекшелігінен көрінетіні туралы айтады. Бұл бүкіл әлемде, еліңнің айналасында және Жер шарының өзіңе қатысты аумағында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл –  жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыруға қатысты өз бағдарламасында таяу жылдардағы міндет-мақсаттарды, яғни іс-әрекет жоспарын саралайды. Елбасымыз алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын алты жобаны ұсынады. Бірінші кезекте, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау айтылған. Президент  латынға көшудің, бір жағынан, терең тарихи логикасы бар, ал екінші жағынан, Қазақстанның даму кезеңіндегі, қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үдерістерінің ерекшеліктеріне байланыстылығын айқын көрсетеді.

«Туған жер» бағдарламасы Отанға деген шексіз құрмет пен перзенттік парызды бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Туған жерге, өз халқыңның мәдениеті мен  салт-дәстүріне деген сый-құрмет көрініс табатын патриотизм мәдени-генетикалық кодының негізі болып табылады. Бағдарлама үш маңызды бағыт бойынша: бірінші, өлкетану жұмыстарын жүргізуге, екінші, ауылдан шыққан кәсіпкерлердің, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдерінің, жастардың және өзгелердің көмегімен аумақтарды инфрақұрылымдық қолдауға, үшінші, жергілікті билікпен бірлескен жұмысты ұйымдастыру және демеушілік көмектің тетіктерін іздеуге құрылған. Өңіріміздің  кәсіпкерлері 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде демеушілік танытты.

Соның 1 млрд. теңгеден астамы балабақшалар мен балдырғандар үшін ойын алаңқайларын, медициналық нысандар мен спорт кешендерін және өзге де әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар салуға жұмсалды. Мұндай әлеуметтік мән-маңызы зор нысандардың көптеп іске қосылуы ел-жұрттың ертеңгі күнге деген сенімін бекітіп, әрі қоғамдық ынтымақты да нығайта түседі.

Кеше Индустрияландыру күні аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Алтын сапа», «Парыз – 2017» және «Қазақстанның таңдаулы тауары» сыйлықтары табысталды.

Осы шара аясында Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы белгілеген «Іскер» арнайы сыйлығымен марапатталғандардың арасында «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС да бар. Ал «Қазақстанның таңдаулы тауары» көрме-конкурстың нәтижесінде «Таңдаулы азық-түлік өнімдері» аталымы бойынша батысқазақстандық «Нұржанар» ЖШС үшінші дәрежелі дипломға ие болды. Кәсіпкерліктің, яғни бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздейтін «Парыз» сыйлығының  негізінде «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша және бір батысқазақстандық мекеме «Белес Агро» ЖШС марапатталды.

Бүгінде біздің облыс балалар туризмін дамытуда бүкіл республика бойынша алдыңғы орында. Сөйте тұра, алдымызда ішкі және сыртқы туризмді сапалы жоғары деңгейге көтеру міндеті тұр.

Осы салаға қатысты инфрақұрылымдық нысандарды салу, оған отандық және шетелдік инвесторларды тарту көзделуде, жолдар салынып, қалалар мен ауылдық елді мекендер абаттандырылуда.

Мұның бәрі де өңірде туристік кластердің дамуына септігін тигізуі тиіс. Бұған белгілі бір дәрежеде Отанымыздың рухани құндылықтарын  жинақтаушы, жалпы ұлттық сипатқа ие «Қазақстанның киелі жағырапиясы» жобасының  да көмегі көп. Еліміздің тарихимәдени кескін-келбетінің Қазақстанның туристік әлеуетін ашатындай мүмкіндігі мен қоры мол. Қазақстанның киелі орындарының картасын жасақтау жұмысы биылғы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Біздің өңір бойынша оған алты нысан енбек. Олар – Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені, Жайық қалашығы, Тақсай қорғандар кешені, Батыс Алашорданың астанасы – Жымпиты, Жұмағазы хазіреттің және Ғұмар Қараштың қорымдары.

Күні кеше ғана «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы мәреге жетті.  Бұл жобаның қандай маңызы бар? Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткеніндей, «көбіне адам тағдыры құрғақ сан мен деректердің тасасында қалады. Сан алуан, яғни  бірі бақытты, ал бірі қайғы-қасіретті тағдырлар. Біздің барлық жетістіктеріміз «жүйекте өскен жоқ», өзінен өзі пайда болмаған. Отандастарымыздың ортақ жеңіс-жетістіктері қазақстандықтардың орасан зор  қол еңбегі мен ой еңбегінің мәуелі жемісі. Еліміздің әр жетістігінің тарихы – әрбір қазақстандықтың жетістігінің тарихы. Тарихты адамдар жасайды. Тарих – әріптері бар оқулық емес, адамдардың өмірі».

«100 жаңа есім» жобасы жас толқынның қарым-қабілетін, талант-дарынын қазақ елінің көркейіп, гүлдене беруіне, яғни отандастарымыздың ортақ мүддесіне қызмет етуіне бағытталуын көздейді. Аталмыш жоба Қазақстанның әр салада еңбек ететін танымал адамдарын таныстырады. Олар көбіне 20-50 жас аралығындағы Тәуелсіздік жылдарында табысқа жетіп, танымал болғандар. Тең құрбысының алды болғандардың арасында мәдениет қайраткерлері, әншілер, сазгерлер, спортшылар, журналистер, кәсіпкерлер және өзге де мамандық иелері бар. Олардың өмірі мен табысқа жету жолы үлкен-кішіге бірдей үлгі. 305 батысқазақстандықтың жетістігінің тарихы Астана қаласына жолданған еді. Солардың арасынан  ғалым Ақсерік Әйтімовтың, пианист Саида Қалықованың және медбике Елена Шушлибинаның жұлдызы жарқырап, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» санатына енді. Бұл жерлестеріміздің жетістіктері жалғасын тауып, баршаға өнеге болғай. Біздің барлығымыз еліміздің болашағын жарқын, келешегін кемел етер жасампаз еңбекке жұмылуға тиіспіз. Осы бағытта облыста 20 жоба және 113 шағын жоба жүзеге асырылуда.

Ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Отанымыз – Қазақстанды көркейтер жасампаз идеяларымыз көп болғай және осы көрікті ойларымыз әрдайым сәтті жүзеге аса бергей!

Алтай   КӨЛГІНОВ,

Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі


Тақсай қорған кешені

Күні: , 17 рет оқылды


Тақсай қорған кешені Теректі ауданына қарасты Долинный ауылы маңында орналасқан.


Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде бес бірдей қорған кешені табылды. Бұлар шартты түрде «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақсай-3», «Тақсай-4» және «Тақсай-5» болып аталды. Алғашқы екі обадағы жерленімдерден қызықты материалдар алынғанымен, жәдігерлер аз болды. Соңғы оба, яғни үшінші обадағы жерленімнен қайталанбас ғажайып материалдар, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны анықталды. «Тақсай-1» қорған кешенінде ағаш бөренемен жабулы жерлеу орны, төрт ат жүгені қазылып алынды. Ағаш бөренемен жабу астындағы шығыс жақ қабырғасына қарай жерленген әйел адамның қабірі табылды, мүрденің басы батысқа, беті оңтүстікке қарап жерленген. Жерленген әйел адам аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі, жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген. Білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысық тұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған. Сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолында қоладан жасалған алтын сапты айна ұстаған. Айнаның тұтқасы жуан және онда барақ иттің басының бейнесі салынған. Барақ ит, тұмсығы өткір, көзі дөңгелек жыртқыш құс бейнесінің бастары қырынан салынған. Шебер бұл суреттер арқылы табиғаттағы күштердің қарама-қарсылығын көрсеткісі келгенге ұқсайды. Айнаның сабы кертештелген, ол жаңғақ ағашынан жасалған қаппен құндақталған. Айна ғалымдарға сол кездегі тарихты анықтау үшін таптырмас дерек болып табылады. Қабірдің оңтүстік-батысында жаңғақ ағашынан жасалған қобдиша табылды. Қобдишаның ішінде салт-жоралғылар жасайтын заттар салынған, олар: ақ саздан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ. Қасқырдың азу тісі және соғыс көрінісі бейне-ленген тарақта, сірә, ассириялықтар мен мидиялықтар бейнеленген болса керек, орта тұсында соғыс арбасының бейнесі салынған. Ал үңгірдің орта тұсында түйе басты қола қазан, ағаш ыдыстың құрсауы, тана көзді шыны ыдыс анықталған. Үңгірдің батысында ат әбзелдерінің кейбір бөлшектері шашылып жатқан. Әсіресе, қабірдің оңтүстік жарының безендіруі ерекше қызығушылық туғызады, ол жарты шеңбер тәріздес, сәуле шашып тұрғандай етіп жасалған. Жарты шеңбер қабырғаларының астынан алтын жапсырмалар мен алқа шыққан.

Ерте көшпелі дәуірдегі ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнынан барлығы сексеннен астам алтын бұйымдар табылып, салмағы үш келіге жуықтады. Бұл қабірдің Батыс Қазақстан облысында бұдан бұрын зерттелген обалардың ішіндегі ең көнесі болуы да айрықша жаңалық еді. Тақсай қорған кешенінен табылған материалдар, жерлену тәсілі, оралғы заттары, сонымен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды.

Тақсай қорған кешені археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін кездейсоқ алынған жоқ. 1965 жылы жер жырту жұмыстары кезінде осы кешен маңынан бірнеше жәдігер табылған болатын. Мамандар оның сармат кезеңіне жататындығын анықтады. Соның ішінде күміс ритон ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылдан Тақсай қорған кешенін қайта қазу жұмыстары қолға алынды. Бұл үлкен олжаға кезіктірді. Құнды жәдігерлерді өңдеп, зерттеу үшін Ресей мен Германиядан ғалымдар тобы тартылды.

Тақсай қорған кешенінен табылған «Алтын ханшайымды» қалпына келтіру ісімен  қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысты. Содан кейін «Алтын ханшайым» Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейіне  қойылды.

«Алтын ханшайыммен» бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Алтын бұйымдармен бірге қола айна, тұмарлардың табылуы оның сарматтың абыз әйелі екендігін танытады.

БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштерге жататын Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған. Сол себепті археологтармен осы кешенді зерттеумен қатар сақтау мен қорғау жұмыстары да жүргізілуде. Сарматтардың Ресейдің оңтүстігі мен Қазақстанның көп жерінде қоныстанғаны белгілі. Көшпелі тайпалар ештеңеден қайтпайтын, батыр жауынгерлер ретінде жаула-рының үрейін ұшыратын. Жерленген орындардан сондай-ақ әйел және ер адамдардың, жылқылардың қаңқалары, кейбір тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер, қоладан жасалған жебе ұштары табылған. Археологтар сарматтар тек жаугершілікпен аты шыққан тайпалар ғана емес, сонымен қатар қолөнері дамыған жұрт болған деп топшылайды. Түрлі бұйымдардың ерекше шеберлікпен жасалғаны сондай, олар қазіргі зергерлерді таңғалдырады. Сарматтар жауын аямайтын қатал болған. Балаларын екі жасынан атқа отыруға үйреткен. Қыздары ерлермен бірге әскери өнерді меңгеріп, жауға шапқан. Сарматтардың өз әлемі, мәдениеті болған. Осындай құпияларды анықтай түсу мақсатында Тақсай қорған кешенін зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Елжан  ЕРАЛЫ


Жұмағазы хазірет

Күні: , 22 рет оқылды


Орал – Ақтөбе күре жолының 75-шақырымында әр жолаушы тоқтап, тағзым ететін орын бар. Өйткені жолдан онша қашық емес жерде әулие саналатын, Дәдем ата деп аталып кеткен Жұмағазы хазірет жерленген. Жолаушылар дұға етумен бірге Дәдем атаның басына барып, бұлақтан су да алады.


Жұмағазы хазірет XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жұмағазы хазіреттің дүниеге келген жері Батыс Қазақстан облысындағы қазір Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылы маңы деп айтылады. Осы дерек кейінгі кездері нақты ақпарат ретінде жазылып та жүр.

Хазіреттің руы – Тама. Бұл деректі батысқазақстандық шежіреші Ким Ахметов «Жетіру шежіресі (тама, табын және кердері рулары)» атты кітабында тарқатып көрсетеді. Төлектен Мәтен, Мәтеннен Тәнтем, Тәнтемнен Тәуке, Тәукеден Жұмағазы хазірет. Кітап авторы Жұмағазы хазіреттің Дәдем ата аталуы жөніндегі мына деректі алға тартады. «Тәнтемді ертеден елі «Дәдем» атап кеткен. Сол Дәдем тек тамалар емес, батыс беттегі аяқ жетер жердегі қалың мұсылман қауымына аты белгілі әулие, атақты хазірет еді. Осы күндері оның жатқан жері – Қараоба Бұланы. Тәнтемнің қыс қыстауы Қараоба бетте болғанымен, жаз жайлауы оңтүстік батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған. Тәнтемнен (Дәдем) – Тәуке, ал Тәукеде – Жұмағазы (әйелі Мәдина 1774 жылы қайтқан) . Жұмағазы да — хазірет. Моласы – Тамасайда. Тәнтемнің жайлауында жатыр» — дейді Ким Ахметов кітабында. Яғни, Дәдем Жұмағазы хазіреттің атасының аты болуы әбден ықтимал.

Жұмағазы хазіреттің «Дәдем ата» аталуы орыстың «дядя» сөзінен шықты деген сөз де жоқ емес. Бұл кеңес дәуірінде атағы дүркіреген «Правда» газеті атындағы кеңшарды басқарған Социалистік Еңбек Ері Виктор Шубинге қатысты айтылады. В. Шубин қазіргі Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағындағы Тамасай деген жерде жатқан Жұмағазы хазіреттің моласы маңын егістік үшін жыр-туды тапсырады. Алайда жыртуға кіріскен трактор сынып қала береді. Мұны көзімен көрген шаруашылық директоры әулиенің моласын қоршап, жыл сайын тасаттық беру үшін мал беріп тұрады. Осылайша, Жұмағазы хазіретке Шубиннің тілі келмегендіктен, ол  «дядя», «Дәдем ата» аталып кетіпті-міс. Кезінде аталмыш шаруашылықта егін бітік шығып, жыл сайын мол өнім алынатын.

Жұмағазы хазіреттің діндарлығы мен әулиелігі туралы аңыз әңгімелер баршылық. Бірде ол қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Дегенмен рубасылар Жұмағазының өтінішін орындамайды. Сұрағанын ала алмаған Жұмағазы кері бұрылып жүре береді. Сол кезде хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны көрген қарттар оның тегін адам еместігін біліп, кері алдырып, өтінішін орындап, қонысын белгілеп беріпті. Қазіргі Шолақаңқатының бауырында жатқан Тамасай жайлауы — сол кезде Жұмағазы хазіреттің үлесіне берілген жер.

Тағы бір аңыз, Жұмағазы хазірет күздігүні Аңқаты өзенінің бетіне қатқан жұқа мұздың үстінен тарантас арбамен өтіпті. Мұз арбаны қауырсын құрлы көрмеген. Ал арбаның артынан ерген ит мұзға қайта-қайта сирағын тығып ала беріпті.

Бірде Жұмағазы хазірет қосшы баласымен бірге арбамен келе жатады. Айдалада арбаның бел темірі үзіліп қалады. Сол кезде хазірет сынған белтемірді түсіріп алып, дем салып, бір-біріне жалғаған екен. Айтушылар «сынған темірге көктен найзағай түсті. Темір балқып, сосын жалғаныпты» дейді. Бұл жерде әулие дұғаның көмегіне жүгінген болып тұр.

Жұмағазы хазірет ата ислам дінін берік ұстанып қана қоймай, өмірінде соған жантәнімен қызмет еткен. Ол Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінде білім алып, еліне оралған. Әулие төрт рет қажылық сапарға барып, бұл парызын да абыроймен орындаған. Діндардың көптеген философиялық трактаттары, қолжазбалары болғанымен, кейін жоғалып кеткен. Хазіреттің ұрпағы Ғарифолла Жанбозов атасына қатысты деректерін Алматы қаласындағы мұрағаттан іздеп көрген. Тіпті Астрахан, Орынбор қалаларының мұрағаттарына сұрау салған. Бірақ жұмыс нәтижесіз болып отыр.

Қазір әулиенің жатқан басына сегіз қырлы кесене тұрғызылып, зиратының маңы абаттандырылды. Хазірет жатқан қауым қоршалды. Осы маңда қонақүй мен намазхана да бар. Бейіттің тұсында бұлақ ағып жатыр. Жұрт бұлақ суын дертке шипа қылып жатады.

Жұмағазы хазіреттің басына күніне 100-ден астам адам келеді. Сенбі, жексенбі күндері 300-400-ге дейін жетеді. Олардың ішінде осында түнеп, өз дұға-тілектерінің орындалуын, түрлі дерттен сауығуын тілейтіндер де аз емес. Мұнда Қазақстан қалалары ғана емес, өзге елдерден де ат арытып, келіп жатады. Құрбан айт сынды мейрамдар кезінде көпшілік шаралар да ұйымдастырылады. Адамдардың көп келуіне байланысты 2009 жылы әділет органдарында «Дәдем ата» қоры тіркелген. Осы қор арқылы Е. Айдарханов пен М. Утесов құрастырған «Әулие Жұмағазы хазірет» атты кітап та Орал қаласындағы «WESTA» баспасынан жарық көрген.

Арман  БОЛАТҰЛЫ


Қазіргі қазақ қандай болуы керек?

Күні: , 41 рет оқылды


Тілекжан  РЫСҚАЛИЕВ,

философия  ғылымдарының докторы,  профессор, Орал  қаласы:

Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен қазіргі заман қандай екендігін елеп-екшеп алайық. Біз қазір нарықтық, жеке меншік заңдастырылған, бәсекелестік заманында өмір сүрудеміз. Демек, бүгінгі қазақ Кеңес заманындағыдай аңғал, бейқам, көнбіс, көптің жетегімен жүретін адам болмауы керек. Қазіргі адам өжет, батыл, дербес, өзіне өзі сенетін, жан-жақты тұлға болуы шарт. Тұлға дегеніміз – өзіндік ой-пікірі, мінезі бар, өзінше ойлап, әрекет жасайтын адам. Кешегі Кеңес заманында халық бай-кедей болып бөлінген жоқ. Бәрі де бірыңғай орташа тұрмыс құрды. Бүгінгідей екі-үш қабатты хан сарайындай коттедждер, ағылып жатқан шетел машиналары болған жоқ. Ол кезде байлықпен басқалардан бөліну ерсі көрінді. Конфуций айтқандай, «Ел дұрыс жолды таба алмай, күйзеліске ұшыраса, бай болу ұят болды».


Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Тағы да Конфуцийге жүгінейік: «Ел дұрыс жолға түсіп, жағдайы түзелсе, ондай елде кедей және елеусіз болу ұят». Дұрыс сөз. Біз қазір Қазақстанда өз жолымызды таптық. Бизнестің қыр-сырын меңгеріп жатырмыз. Еңбек еткен адамға, білікті маманға, кәсіпкерге жол ашық. Осындай жағдайда дені сау, ақыл есі бар адамға кедей, кіріптар болу ұят.

Қай елдің де, халықтың да, адамның да тұрмыс-тіршілігі еңбекпен анықталады. Бай болу айып емес. Тек оған адал еңбекпен қол жеткізсең.

Бір кездегі Рим империясын құлатқан сырттан келген басқыншылар емес, Еділ (Атилла) емес, римдіктердің өздерінің еңбекке немқұрайлы қарағаны, еңбек етуге арланғаны. Римдіктерден мынадай сөз қалды: «Хлеба и зрелищ!» – «Нан болсын, ойын-сауық болсын!». Ақсүйек римдіктер құлдардың еңбегімен күн көрді. Барлық қара жұмысты құлдарға артып қойып, өздері бос жүрді. Театрға, стадионға барды, бір-біріне қонаққа барды. Кеште үлкен алаңдарда құлдар мен арыстандардың, гладиаторлардың арпалысын тамашалады.

Еңбек етпейтін адам, еңбекті бағаламайтын ел түбі азады екен.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласында әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыттарын атап көрсетеді. Соның біріншісі – бәсекелік қабілет (конкурентноспособность). «Болашақта, – дейді Елбасы, – ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқын-далады».

Бәсекелікті қазіргі қазақ қалай түсінеді? Басқалардан асып түсу. Айып емес. Бірақ қайтіп, немен асып түсесің? Егерде адам білімімен, біліктілігімен, өнерімен, табысты еңбегімен, кәсіби шеберлігімен, рухымен, ар-намысымен, мінезімен асып түсіп жатса, айналасының да, елінің де мақтанышына  айналатыны  сөзсіз.

Қазіргі қазақтардың арасында өкінішке орай, бәсекелікті байлықпен, астамшылықпен, кердеңдікпен, дарақылықпен өлшеу әдетке айналып барады. «Қазіргі қоғамда, – дейді Елбасы өзінің мақаласында, – Шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді».

Қазіргі кейбір қазақ жастары жақсыдан, адалдан, кісіліктен үлгі алуды місе тұтпайды. Олардың мойындайтыны арам жолмен байып, асып-түсіп жатқан замандастары, лауазымын пайдаланып, байып алған парақорлар, жемқорлар. Міне, «бұлар өмір сүре біледі» – деп соларды үлгі тұтады. Бұл – адамды тығырық-тұйыққа апарып тірейтін жол. Бұлай қазақтың көсегесі көгермейді.

Қазіргі қазақтардың сана-сезімін билеп алған керітартпа қасиет – өз басының ғана қамын ойлау. Елдің жайын, халықтың қамын ойлау деген ұмыт болып барады. Бір кездегі Сократ сияқты «бұларсыз да өмір сүруге болатын заттар қандай көп» – деп қанағат қылуды білмейді. Керісінше, «бәріне ие болсам» деп армандайды.

Өз басым қазіргі қазақтың елдің қамын ойлайтын тұлға болғанын қалар едім.

Қазіргі қазақ Мағжан ақын армандағандай:

Арыстандай  айбатты,

Жолбарыстай  қайратты,

Қырандай күшті қанатты, болса екен.

Көздерінде  от  ойнар,

Сөздерінде  жалын  бар,

Жаннан қымбат оларға ар, – болса екен.

Қазіргі қазақ білім мен еңбекті мұрат тұтса екен.

Елімізде озық білім мен жасампаз  еңбек  салтанат  құрса  екен.

Сонда жұрт көрер еді қазіргі қазақтың  қандай  екенін!

Гүлмира  ҚАЖИЕВА,

М. Өтемісов  атындағы  облыстық сауықтыру  мектеп-интернатының ұстазы:

– Әр адам барынша тезірек адал, мәдениетті, білімді, білікті, сабырлы, әділ,  ар-ұжданы жоғары кемелденген  руxани тұлға  болып  қалыптасуға  ұмтылғаны  жөн.

Марат  ДАУПАЕВ,

Қазақстан  салалық  білім  және  ғылым  қызметкерлері кәсіподағының  Батыс  Қазақстан облыстық  ұйымының төрағасы,  педагогика  ғылымдарының  кандидаты:

– Қазіргі заманның қазағы қандай болуы керек дегенде, әлбетте білім-білігі жоғары, көп тілді, ойы ұшқыр, компьютерді меңгерген деп жатамыз. Бұл дұрыс та, бірақ біз денені шынықтыру, физиологиялық тұрғыдан даму жағын ұмыт қалдырамыз. Бүгінгінің қазағы дені сау, дене бітімі шымыр, бойлы-сойлы, шыдамды, спортпен етене болуы тиіс. Дені сау адамнан бәсекелестік заманында мықты тұлға шығады. Ондай адамның рухы да биік болады. Қазіргі уақытта мектептегі оқушылардың көпшілігі дене шынықтыру сабағынан нормативтерді орындай алмайды. Әсіресе, қыз балалар жағы жүгіріп-секіре алмайды, волейбол, баскетбол ойнамайды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, олимпиада чемпионы Ольга Шишигина бірде ата-ананың ұл-қызының спортқа деген ықыласын оятпайтынын, сыртқа  шықса, «өз бетіңмен ойна» деп беталды жіберіп қоятынын, ішке кірсе, мазамды алмасын деп телефон не планшет ұстата қоятынын айтып еді. Расында, солай. Содан да шығар, елімізде жеңіл атлетикадан жеңімпаз-жүлдегерлеріміз санаулы, мысалға, Ольга Шишигина Сиднейде, Ольга Рыпакова Лондонда чемпион болды. Ал қазақ қыздары  жеңіл  атлетика  саласында  әлі  төбе  көрсетер  емес.

Балаларымызды спортқа баулымаймыз, «қойшы чемпион болмайды» деп қолды бір-ақ сілтейміз.

Алайда өмірде спортпен етене болған жандар ауру-сырқаудан аулақ болатындығын ескере бермейміз. Бұрынғының нар тұлғалы бозбаласы мен сәмбі талдай сымбатты бойжеткеніндей қыз-жігіттер тым сирек бүгінде. Көшеге шығып қарап тұрсаңыз, негізінен қазақтың бойы бәкене жігіттерін, бойы тым аласа қыздарын ғана көресіз. Бұрын кәріс халқының өкілдері орта бойлы болатын. Қазір қараңыз, Оңтүстік Кореяның  жігіттері бой өсіруге мән беріп, спортпен жүйелі шұғылданып, бойшаңдана бастады. Мұны сол елге барып келгендер ауыздарының суы құрып айтады. Ал біздер ше? Мектептегі баламыз дене шынықтырудан шаршадым десе, жүгіріп барып, сабақтан босату жөнінде анықтама аламыз. Әрине, Елбасы айтқандай, «бой жарыстыратын заман емес», алайда қазақтың жігіттері шетінен тұлғалы, ал қыздары сұңғақ  бойлы  сымбатты  болса,  тіпті  керім  емес  пе?!

Нұржауған  ЕСЕН,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  4-курс  студенті:

– Кезінде Қаз дауысты Қазбек биіміз айтқандай: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің  шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай  білген елміз». Расымен де, бабалар сөзіндегідей қазақ елінің тарихынан бастап, шебер айтылған шешендік сөздер мен мазмұны бай өсиет,  нақылдары  бізге  аманат.

Қазақ – сөз асылын тере білетін қайсар, қалыптасқан салт-санасы бар, орныққан өзіндік жөн-жоралғысы бар, басынан сөз асырмайтын, намысты қолдан бермейтін, қолда барды қадірлейтін, үлкенді құрметтейтін, жесірі мен жетімін жылатпаған мейірімді, бар жақсыны жас ұрпақтың санасына құйып отыратын тәлімді халық. Бұл қасиеттер бұрын да болған, қазір де бар әр қазақ  баласында.

Дүниежүзін мойындата алдық, әлі де мойындатамыз. Қазір қазақтар мықтымыз. Аталарымыз бізді  сондай қылып қалыптастырды. Ол үшін қанша еңбек сіңгені, қанша уақыт кеткені, қанша ақыл жұмсалғаны айтпаса да түсінікті. Жастайынан бос сөз бен  бос жүріске әуес болмаған дана халықтың ұрпағы да осы құндылықтарды ескеретіні анық. Бірақ қаншалықты? Кей жат халықтар қазақты қазақ ретінде танытуға кедергі екенін де білеміз.

Жалпы, мен үшін қазіргі бәсеке мен тартысқа толы заманда қазақ қасқырдай қайсар  мінезін  жоғалтпағаны  жөн.

Қазіргі қазақ ата-баба рухын сыйлап, Алашты Алаш қылған заңғар тұлғалардың жолын қуатын, тіл мен дінді қастерлейтін, ұл-қызына дейін парасатты, жаужүрек, батыр, қаһарман, талантты, ашық-жарқын, қарапайым, кешірімді, көп өнерлі, меймандос, досқа адал, заман талабына  сай  білімді  де  білікті  ұлт  болуы  керек.

Асхат  ЕРБОЛАТҰЛЫ,

«Заман»  жастар  қоғамдық  бірлестігінің  жетекшісі:

– Менің  түсінігімде, нағыз қазіргі заманғы қазақ дегеніміз,  заманауи талаптарға сай, техникадан да, саясаттан да, мәдениет пен әдебиеттен де, тарихтан және діннен де хабары бар, кез келген тақырыпта өзінің ойын өрбіте алатын жан-жақты адам. Қазақ азаматы әр сөзіне, әр ісіне жауап бере алатын, әйел затын қадірлей білетін, көмегін жырлап мақтанбайтын, үш жылдық азығын дайындап, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын, жанұясын өзі асырап, әйеліне жүк  артпайтын  және  оның  бәрін  міндетсінбейтін,  нар  тұлға.

Бүгінгі  қазақ жігіті – ертеңгі отағасы, жанұясының тірегі. Сол себепті өз-өзіңді тәрбиелеуді кейінге қалдыру дұрыс емес. Әдетте адамдар өзінің кемшіліктерін түзеуді мейлінше созып, «ересек шағына» қалдырады. Жастайынан өзіне жауапкершілік алып, табанды мінез-құлық қалыптастырған жігіт ертең кез келген нәзік жандының қиялындағы  батырға  айнала  алады.

Ал нағыз қазақ қызы – қаршадайынан үй шаруасына бейімделген, пісірген  тамағы  дәмді, әрі ісмер, әдептілік пен  әдеміліктің  символы,  ұлтымыздың  баға  жетпес  байлығы.

Нәсіпқали   МАҚАНОВ,

зейнеткер,  Жаңақала ауданы:

– Бүгінгі ұрпақ «Үкімет маған не береді?» деп емес, «Мен еліме не бердім?»  деген  сұрақты  өміріне  бағдар  етіп  өсуі  керек.

Өйткені, үкіметіміз халықтың бар қажетін жасап отыр. Бергеннің үстіне бере бер деу масылдық ұғым. Ұрпақ масылдыққа тәрбиеленсе, еліміздің  ертеңі  жарқын  болады  деу  қиын.

Біз жақсы тұрмысқа еңбекқорлықпен, бірлікпен, біліммен, адалдықпен  жетеміз.

«Елім» дейтін саналы ұрпақ қана елін дамытады. Тәрбие арқауы осы болса деймін. Мен мұны өмірдің ащы-тұщысын көріп, басымнан шеккесін  айтамын.

Баян  СӘРСЕНБИНА,

«Жас  Алаш» газетінің  Ақтөбе облысындағы тілшісі:

– Қазіргі заманғы қазақтың мінезі тұрақты, өзі қайырымды, еңбекқор және өзінің  қолынан  келетін  кәсіптің  нағыз  маманы  болуы  керек.

Исатай СӘРСЕНОВ,

Алматыдағы  Абылай  хан  атындағы Қазақ  халықаралық  қатынастар  және  әлем  тілдері университетінің   3-курс  студенті:                                

– Қазіргінің  жастары өте тапқыр әрі ақылды. Мысалы, еріктілердің қатарында 90%-ға  жуығы – жастар. Елімізде өтетін іс-шараларда, халықаралық жарыстарда, мерекелерде ұйымдастырушылық  жұмыстарының негізгі бөлігін атқаратын осы еріктілер. Демек, олар шетелдіктерге өзіміздің қонақжайлығымызды танытқылары келеді. Сонымен ғана шектелмей, қазіргі жастардың білімге құштарлығы  зор.

Бірақ мені жас толқынның өзге елдің жастарына еліктейтіні қынжылтады. Менің ойымша, басқа елдерден тек жақсы нәрселерді алуымыз керек. Мысалға, техникалық дамуды, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді, инновациялық технологияларды үйреніп, елімізге әкеп, өндіріске енгізіп жатсақ, ғанибет емес пе?! Көзсіз еліктеушілік, соның ішінде өзге елдердің мәдениеті мен түсінігі бізге кері әсер тигізуі мүмкін. Қазақтың төл мәдениеті  бай,  даналығы терең. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында сол еліктеу жойылып, келешек ұрпақ өзіміздің ұлттық құндылығымызды, дәстүрлерімізді дәріптеп жүреді деген үміт шоғы маздайды кеудемізде. Тереңде жатқан қазақ даналығы бізді шексіз дүниелерге үйрете алады. Ол жайында Елубай Смағұл Жарылқасын Дәулет ағаларымыз, Ақұштап Бақтыгереева апамыз орынды айтып жүр. «Жайыққа   жыр арнау арқылы жастар санасын ояту бір арманым еді. Ақын қолынан одан басқа не келеді?

Оқушылар мен студенттерге Жайықты сүю арқылы туған ел – Қазақстанды сүюдің ең басты  борыш екенін айтқым келеді. Соның суындай мөлдір көңіл мен сабырлы мінез үйреніңдер деймін. Жайықта туған дарынды ата-бабалардың есіміне шаң жұқтырмай, қастерлеуді өсиет етемін жастарға. Жастардың жырға құмарлығы қуантады. Қалам ұстаған жас таланттар да қаулап өсіп келеді Жайық бойында. Жайықтың табиғатын қорғау, оның  болашақ бақыты да жастарға  аманат деймін», – деген-ді Ақұштап ақын.

Ақыл айтатындай үлкен тұлға емеспіз. Әрине, өзім де жаспын. Қазіргі менің замандастарыма ұлттық сана, өзара құрмет жетіспейтіндей көрінеді. Жастар үлкендерді сыйлайды, бірақ бірін-бірі сыйламайды, санаспайды. Сонымен қатар жаман нәрселерге еліктеушілік басым. Менің ойымша, жастар тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді.

Ертең бізді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді.

Алайда сол ертеңгі күн хақында сәл болса да, ойлану керек. Себебі сол ертеңгі күнде өмір сүретін, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін осы менің замандастарым емес пе?! Сондықтан жастар өздерін  ақыл, сана  тұрғысынан  дамытуы  тиіс.

Сонымен қатар бүгінгі жастардың жақсы жақтары да аз емес  көп. Олар өте дарынды, мақсатты, білімге құмар, ашық, өзгелермен оңай тез тіл табыса алады. Қалыптасқан пікірге қарамастан, көптеген  жастар  бүгінгі  таңда  кітаптарды  да  оқиды.

Ақмоншақ  МАҚСОТҚЫЗЫ,

Орал  қаласындағы  Назарбаев зияткерлік  мектебінің  баспасөз хатшысы:

– Қазіргі қазақ барлық жетістікке адал еңбегімен жетуге ұмтылуы керек. Ол үшін әрине, алған біліміне сай сапалы қызмет көрсетуге даяр маман болуы шарт. Уақытын бос өткізбей, кітап оқуға, тіл үйренуге, жаңа білімдерді игеруге арнауы керек. Бос ұрандатуларға, дабыраға ілесе шаппай, әр мәселеге өзінің білім-білігі тұрғысынан қарап, бағалауы тиіс. Өзіндік жеке пікірін қалыптастыра білу шарт. Не істесе де, осы ісімнен біреуге пайда тисінші деп жасауы керек. Қоғам адамнан құралатынын ескерсек, әр кісі өзінің іс-әрекетіне, ой-пікіріне мығым болса ғана біздің қоғамда дұрыстық болады. Бастысы, жаңа нәрсені үйренуге, оқып-білуге  құмар  болуы  керек!

Шыңғыс  МҰҚАН,

Гарвард  университетінің  магистранты (АҚШ),

журналист:

– Қазіргі заманның тек қазаққа ғана емес, жалпы адамзатқа, адам баласына қояр талабы күшейіп кетті. Бұрынғы кезеңде адамдар ақпараттың жоқтығынан қиналатын еді, қазір көптігінен қиналады. Ақпарат көбейген сайын оны сіңіруге кететін уақыт азайып, таңдауға жұмсалатын уақыт көбейіп барады. Осы жағдайда адам қандай ұстанымдармен өмір сүрген жөн? Ең бірінші өлшем, қазақ білімді болу керек. Бұл ой жаңа пікір емес. Қай заманда да айтылып келе жатқан сөз. Бірақ білімді болу дегеннің өлшемі уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Меніңше, қазір білімділіктің өл-шемі диплом емес. Жоғары оқу орнында оқу білімді болудың құрамдас бөлігі ғана болып қалды. Ақпараттың жоқтығынан емес, көптігінен зардап шегетін заманда білімділік бұл – мамандану. Басшы болу емес. Бұрын оқудың жемісі карьера, яғни қызмет баспалдағымен көтерілу, лауазымды мансап болатын. Ал қазіргі өлшемі – білімінің тереңдігі. Еврейлер туралы біраз материал оқыдым. Олардың бір ерекшелігі сол, бір саланы ертерек таңдайды да, соңына дейін апарады. Сондықтан да ғылым саласындағы Нобель сыйлығы иегерлерінің 80 пайызы осы ұлтқа қатысы бар адамдар. Білім тереңдігі мамандану жөнінде ғана емес, қызығатын салаң (хобби) бойынша да білім жетілдіру де маңызды. Ол үшін күнделікті кітап оқуды әдетке айналдырған жөн. Асқазанға тамақ қалай қажет болса, миға да қорек солай керек. Күнделікті 20-30 бет кітап оқып отыру қажет. Айына кемінде бір кітап. Және әр нәрсені емес, қандай тақырып қызықтырса, сол тақырыптың айналасындағы жазылғандардың бәрін тауысып оқы. Мәселен, әлеуметтік ғылымдардағы «бақыт» деген түсінік, яғни категория қызықтырса, демек бақыт туралы жазылған барлық еңбекті оқып шық. Ақпаратпен жұмыс жасаудағы бұл әдісте сынға да ұшырап жатады, әсіресе, кеңестік тәрбиеде өскендер тарапынан. Бірақ әр нәрседен атүсті хабарың болғанша, бір нәрседен терең хабарың болғаны абзал. Қазіргі еңбек нарығы жан-жақтыға емес, бір саланы, бір істі тыңғылықты меңгергенге таласады. Айталық, ота (операция) жасатуға кіріп бара жатқан адам хирургтен географияны сұрамайды, науқасқа ота жасайтын  дәрігер  өз  мамандығының  білгірі  болса  болғаны.

Қазіргі қазақ қандай болуы керек? Нағыз маман болуға ұмтылыс қана өмір бойы білім іздеуге жетелейді. Білім іздеген адамға ақша іздеудің  немесе  басқа  материалдық құндылықтарды  іздеудің  қажеті  жоқ. Білім  бәріне  жауап!

Айшуақ   ДӘРМЕНҰЛЫ,

Қ. Жұбанов  атындағы  Ақтөбе  өңірлік  мемлекеттік  университетінің  аға  оқытушысы:

– Мына жаһандану заманында әр қазақ он адамдық қызмет жасауға дайын болу керек. Білектің емес, білімнің ғасыры. Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың. Каратэнің кекусинкай деген ағымының философиясы бойынша «Әрбір өмір сүрген күніңді соңғы күнім деп есепте. Соған сай беріле жұмыс істе» дейді. Нәтижесінде ол саланың мамандары өз шаруаларын, айналасымен қарым-қатынасын, барлығын да шын ықыласымен жеріне жеткізе жасайды. Дәл қазір ұлтымызға сан да, сапа да өте қажет. Қазақтың шын досы қазақ қана екенін қорықпай ашық айту керек. Басқалары  өз  мүддесі  үшін  ғана әрекет  етеді.


Латын қарпіне көшу – рухани жаңғырудың бастауы

Күні: , 14 рет оқылды


23 қараша күні № 42 «Ақ ниет» гимназиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттердің бірі – латын қарпіне көшу туралы «Латын қарпіне көшу – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбында тілші ғалымдармен кездесу өтті.


Аталмыш шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының БҚО филиалының төрағасы  Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев және  филология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Бөкенбайұлы Сабыр қатысты. Тіл жанашырлары өздерінің келелі ойларымен бөлісіп, ұстаздар мен оқушылардың  сұрақтарына жауап берді. Елбасы бекіткен латын қарпіне негізделген жаңа әліпби нұсқасымен таныстырып, латын қарпіне көшудің еліміз үшін маңыздылығы, ел ертеңі – бүгінгі оқушылар болғандықтан, оларға артылар міндеттер туралы айтылды. Қазақ тілінің болашағы – жастардың  қолында екендігін анық. Сондықтан, дәл осындай түсіндіру шараларының оқушыларға берері мол.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жадыра Қаршығақызы Сапарова


Бөкейордалықтар бас қосты

Күні: , 32 рет оқылды


«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде «Туған жер – тұнған тарих» атты жерлестер форумы өткізілді.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара тарихи Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан, өңірге танымал тұлғалармен кездесуге арналды.

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР ҰИА академигі, профессор Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, 1993 жылы ашылған шағын «Андас» оқу орталығы бүгінде құрамында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, республикалық жоғары техникалық колледж, экономика және ақпараттық технологиялар колледжі бар іргелі оқу орнына айналды. Осы оқу орындарында Бөкей ордасы ауданынан келіп, білім алып жатқан жастар аз емес. Сондықтан олардың аға буын өкілдерімен кездесіп, ғибратты сөздерін тыңдауының мән-маңызы зор. Айта кететін жайт, қазіргі кезде «ҚазИИТУ» кешені ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 300 млн. теңгеге бағаланған «Цифрлы университет» жобасын жүзеге асыруда.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев ауыл-аймақта атқарылып жатқан істерге тоқталды. Бөкей, Жәңгір хандардың, Исатай мен Махамбет, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтектердің ізі қалған ауданнан үш Кеңес Одағының Батыры, 25 Социалистік Еңбек Ері, бір Халық Қаһарманы, көптеген ғалымдар, мемлекет, қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар шыққаны мәлім. Тағылымды істерді олардың бүгінгі ұрпақтары жалғастыруда. Алдағы уақытта аудандық жерлестер форумын, тарихшылар слетін, «Шеберлер ауылы» фестивалін, ауданға қатысты энциклопедия шығару жоспарлануда. «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 2018 жылы 16 млн. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылатын болады.

Кездесуде сондай-ақ еңбек ардагерлері, Бөкей ордасы ауданында басшылық қызметтер атқарған Нұрлыбек Бірманов, Сәния Хамзина, Мұқас Спандияров жастарға тілектерін арнады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Ғайсағали Сейтақ, прозашы Мира Шүйіншәлиева лебіздерін өлеңмен жеткізді. «Бөкей ордасынан шыққан тарихи тұлғалар аз емес. Соның ішінде Еділ мен Жайықтың арасына елді көшіріп, қазақ халқына мәңгілік қоныс сыйлаған Бөкей ханның орны ерекше. Әйтсе де әлі күнге дейін сол Бөкейге құрмет көрсетілмей келеді. Бөкей ордасы ауданы ретінде аталғаны болмаса, ауылға не мектептерге аты берілген жоқ. Астанада Бөкей ханның ескерткіші асқақтап тұрса деп армандаймыз. Сол секілді қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына бес жылдан кейін 100 жыл толады. Сондықтан Елордада Мәншүктің де еңселі ескерткіші тұрғаны дұрыс», деді бұрын Бөкей ордасы ауданын басқарған Лавр Хайретдинов.

Форум соңында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені мен Бөкей ордасы ауданы әкімдігі арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Ғалым АЯН,

Орал қаласы


«Тіл бірлігі болмаса, идеология дұрыс жүргізілмейді»

Күні: , 18 рет оқылды


Қайрақты тілі, байрақты  ұлты, айбатты рухы бар елдің  келешегі  кемел, болашағы  жарқын.  Зеңбірегі көп елді зерделі  азаматы  көп  ел  жеңетіні анық.  Жас ұрпақ  Ұлы дала елін әлемге танытса, бабалар арманының  орындалғаны. Латын  әлібиіне  көшу  сол  жас  ұрпақ,  болашақ  үшін  маңызды. Өйткені  Қазақ  елінің, Ұлы  даламыздың  әлемдік  аренадағы  ұлттық  коды  бұл – мемлекеттік  тілі!


Өткен аптаның соңында қаламызда өткен «Қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында тіл ғалымдары осындай ой тастады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Самұрық-Консалтинг» ЖШС ұйымдастырған жиынға қазақ жазуын латын қарпіне көшіру жұмыстарының басында жүрген еліміздің белді ғалымдары, мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым және зиялы  қауым  өкілдері  қатысты.

Жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешовтың айтуынша, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақстандықтардың санасын сілкіндірді. Мемлекетіміздің алдағы уақытта экономикалық-рухани жағынан  дамуы үшін қазақ әліпбиінің латынға көшуі қажеттілігін көпшілік түсіне бастады. Бұл бағыттағы Президент Жарлығын халқымыз қолдап отыр. Латын қарпіне көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, таяуда Үкімет басшысының төрағалығымен комиссияның алғашқы отырысы өтті. «Бүгінгі конференциямыздың мақсаты – Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы» Жарлығына қолдау білдіру, – деді Ғалымжан Сәрсенбайұлы. – Сонымен қатар латын әліпбиіне көшуде алда тұрған міндеттерді, қазақ әліпбиінің тарихы және жаңа әліпбиді меңгерту мәселелерін, тілдік ұстаным мен латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиіне сәйкес емле-ережелер жасақтаудың ерекшеліктерін, ұлттық дыбыстарды таңбалауда ескерілетін мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылау».

Конференция жұмысына табыс тілеген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов еңселі ел болу әрбір халықтың асқақ арманы екенін жеткізді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы айтып өткен жобалардың ішінде латын әліпбиіне көшу ерекше мәнге ие. Бұл қазақ тілін жаңғыртуға бағытталған үлкен іс екені сөзсіз.

– Қытай ғұламасы Конфуцийдің «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен бұрын адам арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген сөзі бар. Жалпы, тіл мәселесі мемлекеттің болашағымен тығыз байланысты екені «Қазақстан – 2050» стратегиясында да көрсетілген. Мемлекеттің тірегі болып табылатын тілімізді жаңғырту – заман талабы, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Жиында алғаш болып баяндама жасаған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбектің пікірінше, ұлттық жазуымыз тарих теперіші мен билік өктемдігін ең көп көрді. Өктем биліктің ығымен тұмшаланып қалған санамыздың түкпірінен төл дыбыстарымызды арашалап алып, төл емле-ережелерді құрастыру оңай болмайын деп тұр.

– Егемендіктің айшықты белгісі ретінде салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі – жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады. Әліпби осы үш деңгей бойынша ауысады. Бірінші деңгей, яғни әліпби (дыбыс) құрамын өзгертсек, оның ар жағындағы таңба мен емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс енгізсек, оның емле-ережеге әсері қандай болмақ? Алдымен соны ойлап алғанымыз жөн. Бұл  тіл мамандары мен әдіскерлердің бірлесіп шешетін мәселесі, – деген Әлімхан Жүнісбек қазақ тілінің дыбыстық құрамын анықтаудың жай-жапсарына да тоқталды.

Жиында сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Омар Темірбековтің, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері Дана Оспанованың, жергілікті тілші ғалым Болат Жексенғалиевтің, облыстық білім инновациялық лицейінің оқытушысы Шахин Биленнің және өзге де ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Конференция соңы секциялық мәжілістерге  ұласты.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика