Қасым Оралдан неге кетті?

Күні: , 293 рет оқылды

Газетіміздің өткен санында туған жеріне тағзым ете келген белгілі актер-драматург Кеңес Жұмабеков туралы мақала жарық көргені мәлім. Әңгіме барысында актер бізге белгілі ақын Қасым Аманжолов туралы көпшілік біле бермейтін  әңгіме айтып берген еді. Әсерлі әңгімені дәл сол күйі оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– 1982 жылы анам мені Жайық бойына нағашыларыма алып келді. Сонда Шолохов атындағы кеңшарда Қуанышкерей деген екі көзі бірдей көрмейтін зағип ақсақал болды.

«Қарағандыда қызметтемін» дегенімде «Қасымның елінен екенсің ғой» деп, маған Қасым Аманжоловтың Оралдан қалай кеткені туралы әңгімелеп, еш кітапқа енбеген өлеңін оқып берді. Ақсақалдың айтуынша, шамамен 1935-36 жылдары Қасым Аманжолов Жұмат Шаниннің қарауында домбыра оркестрін басқарған. Бірде педагогикалық институтта үлкен концерт өтетін болып, оркестр дайындалады. Бірақ концерт басталар алдында партком мен проректор оркестрмен айтылатын әндердің қысқарып қалғандығын айтып, «Бір күй, бір ән орындайсыңдар» дейді. «Жарайды» деп  сыр бермеген Қасым жігіттерін жинап, «Бес нөмірді де орындаймыз» деп келіседі. Сөйтіп  сахнаға  көтерілген  ақын:

Ән бар ма, біздің әндей жатқан бұрқап,

Аламыз дауылдатып шырқап-шырқап.

Күй бар ма, біздің күйдей жатқан жосып,

Тас балқып, тыңдағандай тал таңырқап.

Өлеңнің өлкесіміз өткел бермес,

«Сөзді қой, өлеңге бас, жырмен сөйлес»

Деп өскен қазекеңнің ұрпағымыз,

Өлеңсіз өмір бізге өмір емес, – дегенде оркестр ойнап келіп жібереді. Сөйтіп бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмір кезегімен кетіп жатады. Алдыңғы қатарда отырған партком мен проректор екі жақтан оркестрді тоқтату үшін сахнаға жүгіреді. Осы сәтте бесінші нөмір «Адай» күйі де екпіндеп, шалқи жөнеледі. Бесінші нөмір бітіп, зал толы көрермен шапалақтап, шымылдық жабылып жатқанда, Қасым ақын алға жүгіріп шығып, мына өлеңді оқыпты:

Бұл – менің шарықтаған жастық шағым,

Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.

Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,

Жайғандай еркеназым жар құшағын.

Бұл – біздің қасиетті дастанымыз,

Шалқыған айдын көлдей жас шағымыз.

Алға ұстап адал жүрек махаббатты,

Ән салған біз қазақтың жастарымыз! – деп жасындай жарқылдаған жас ақын сол кездегі қазақ өнерін тұншықтырғысы келген Кеңес өкіметінің саясатына осылай қарсылық танытыпты. Осы оқиғадан кейін Қасым ақын Оралда қала алмай, Алматыға кеткен көрінеді. Мен Қуанышкерей нағашымнан естіген осы әңгімені жас ұрпақ білсін деген ниетпен жүрген жерімде айтып жүремін, – деді тебірене өлең оқыған  актер-драматург  Кеңес  Жұмабеков.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

guleke111979@mail.ru


Құрманғазының шәкірті Қалиді білесіз бе?

Күні: , 24 рет оқылды

Күй –  ертеден  келе  жатқан  музыкалық  ұғым.  Оның  аспаптық музыкаға  тән  атау  екені  он  төртінші  ғасырдан  бері  белгілі. Осы асыл  қазынамызды  алтын  қорға  жаздырып,  болашаққа табыстауға  үлес  қосқан  күйші  Алабастың  Қалиі   туралы  сөз  қозғамақпыз.

Ол күй атасы Құрманғазының тоғыз  шәкіртінің бірі атанған. Қалидің немересі Айсағалидың қызы Әсия Қалиеваның (1947 ж. т) айтуынша, Қали атасы күйші, емші, әрі сынықшы болған. Домбыраны сол қолымен тартқан. Жас кезінде тентексоқтау болып өскен. Әкесі еркелетіп «Сары»  деп  атапты.

Қали Алабасов 1864 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Қисыққамыс деген жерде дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап қолына домбыра ұстап, әйгілі Құрманғазыдан күй үйренеді.  Өз замандастары Дина (1861), Мәмен (1868)  күйшілермен қатар жүрген. Академик Ахмет  Жұбановтың 1975 жылы шыққан «Ғасырлар пернесі» кітабында (98-100-беттер) «Құрманғазының артында көптеген шәкірті қалды.

Олардың ішінде біздің тұсымызда өмір сүріп, күйшінің көптеген шығармасын біздің дәуірге жеткізіп бергендердің ішінде Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Мәмен Ерғалиев бар. Құрманғазының тікелей шәкірттерінен жоғарыда айтылғандардан басқа Көкбала (Түркеш Қалқаұлы 30 жасында дүниеден озған), Сүгірәлі, Меңетай, Алабастың Қалиі, Тоғайбай, Меңқара, Шора домбырашыларды айтуға болады. Олардың кейбіреуі Құрманғазының күйлерін таратушы шәкірттері болды. Мысалы, Сүгірәлінің шәкірттерінен Ұйқас, Дәуітәлі, Әжіғали, Қамза, Төреш, Нұрәлі, ал Көкбаланың шәкірттерінен Айтқұл, Жәнібек, Құрмаш, Қопаш, Мәмен шәкірттерінен Өтеш, Әру, Жәкіш, Мақаш есімді домбырашыларды айтуға  болады»  деп  жазады.

Аты аталған өнерпаздардың қатарына Қали Алабасовтың шәкірті деп Қали Жантілеуовті де қосуға болады. Қали Жантілеуов 1902 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының №10 ауылында, Қамыссамарда туған. Кедей шаруаның баласы. «Қали 5 жасынан бастап музыкаға әуестенеді. Бала кезінде жез легенді тауып алып, соны даңғырлатып, үй-ішінің мазасын алатын болған. Тіпті қалақ ағашқа қыл тағып, соны тартып, дыбысын тыңдаған. Қалидің үлкен шешесі: «Осы баламнан бір нәрсе шығады» – деп оған ащы ішектен домбыра ішегін иіріп береді. Қали кейін ірімшік араластыратын қалақты ұрлап далаға апарып, содан домбыра секілді аспап жасауға тырысады. Ішек тағып, кәдімгідей дыбысын шығарып тартып жүргенін көрген әкесі домбыра жасап береді. Тоғыз жасынан бастап домбыраны меңгереді. Жоғарыда аты аталған Алабастың Қалиі бірнеше күйді үйретеді» дейді Ахмет Жұбанов («Ғасырлар пернесі», 102-бет). Демек, Алабастың Қалиі Қали Жантілеуовке күй үйреткені рас болғаны. КСРО жоғары мектебінің үздігі, Қазақстан жоғары мектебінің еңбегі сіңген қызметкері, профессор Құбыш Мұхитов та өзінің естелігінде «Қалекең «Менің алғашқы ұстазым Алабастың Қалиі еді, бірақ алғашқы «Кеңес», «Көңіл ашар» күйлерін нағашым Нұртазадан үйрендім» дейтін» деп жазған болатын («Күйші Қали»  кітабы, 2002  жыл).

Қали Алабасов тек күйші ғана емес, шәкірт тәрбиелеген ұстаз екенін марқұм Қазақстанның халық әртістері Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шамелов, индерлік бард ақын Табылды Досымов растаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов қостап, оның сирек кездесетін күйлерді қорға жаздыртып, нотаға түсірткенін айтады. Күні кешеге дейін марқұм Тұқаң, Тұяқберді Шамелов Қали Алабасовтың домбырасымен сахнаға шығып жүрген екен.

Қали атамыз 1934 жылы 70 жасқа толғанына қарамастан, Ахмет Жұбановтың шақыртуымен Алматыға барып, сирек кездесетін бірнеше күйді нотаға түсіреді. Қазақ музыка өнерінің жолбасшысы, академик Ахмет Жұбановтың назарына ілігуіне қарағанда, Қ. Алабасов осал домбырашы болмағаны. Әттең, жасының келіп қалғанына байланысты сол кезде ұйымдастырылып жатқан (қазіргі Құрманғазы атындағы) оркестрге қала алмаған. 1939 жылы Ақпәтерге (сол кездегі Форт-Артурға), 1943 жылы Барбастауға келіп қоныс тебеді. Өз уақытында күйшінің неге кең түрде насихаттала қоймаған себебі түсініксіз. Мүмкін жасының ұлғаюына байланысты шығар. 1951 жылдың басында Ветелкин ауылына көшіп келеді. Айтушылар 102 жасында тың болғанын, атқа мініп жүргенін айтады.

1963 жылы 99 жасында Алматыдан келген өнер зерттеушісі экспедиция мүшелеріне сирек кездесетін күйлерді тағы да  үнтаспаға жаздырады. Арада үш жыл өткен соң Қали Алабасов 1969 жылы  105 жасында Зеленов ауданы Мичурин ауылында қайтыс болады. Орал қаласындағы «Нефтебаза» аумағындағы қауымға жерленген. Қазіргі уақытта Алабастың Қалиінің ұрпағы Орал қаласында, Ветелкин ауылында, Германияда, Ресейдің Саратов облысының Перелюб ауданында, Самара облысының Большая Глущиха ауданында тұрып жатыр. Рухани жаңғыру жылы ескерусіз қалған күйші Қали Алабасовтың жаздырған, нотаға түсірген күйлерін облыстық радионың алтын қорына алдыртып, келер жылы 155 жасқа толатын күйшінің есімін республика немесе аймақ көлемінде атап өтсе, артықтық етпес еді. Күйші атында байқаулар ұйымдастырса, өте жақсы болар еді. Күйшілердің бесігі атанған Жаңақалада туып, Зеленов ауданында бақиға аттанған ол – екі ауданға ортақ өнерпаз. Арыстарымызды лайықты ардақтай білсек, мәдениетіміз бен тарихымызға қосқан  үлесіміз  зор  болар  еді.

Серік  АБДРАХМАНОВ,

әнші,  өнертанушы,

Ғарифолла  Құрманғалиевтің  шәкірті


Бір реттік парольмен 13 қызмет алуға болады

Күні: , 20 рет оқылды

«Мобильдік үкімет» жобасы аясында eGov.kz мобильдік қосымшасы жасап шығарылды. Қосымша Android, iOS базасындағы Android, iOS базасындағы смартфондарға ие пайдаланушылар үшін Google Play, App Store бойынша қолжетімді.

Енді «mGov» мобильдік қосымшасының пайдаланушылары  қолданыстағы қосымшаның 43 мемлекеттік көрсетілетін қызметі мен 13 төлем түрінен басқа, бір реттік пароль арқылы 13 қызмет ала алады.

Олар:

  1. Мекенжай анықтамасы;
  2. Заңды тұлғаның, филиал немесе өкілдіктің барлық тіркелген әрекеттері туралы анықтама;
  3. Тіркелген заңды тұлға, филиал және өкілдік туралы анықтама;
  4. Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің болуы туралы анықтама;
  5. Жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама;
  6. Заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама;
  7. Некеге тұру туралы анықтама;
  8. Некені тіркеуге электрондық өтініш;
  9. Баланың туу туралы анықтамасы;
  10. Жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы анықтама;
  11. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және тоқтатылған құқықтар туралы анықтама;
  12. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;
  13. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді.

«Колорадо» бізге келе ме?..

Күні: , 18 рет оқылды

— Биыл тұмаудың «Сингапур» және «Колорадо» деген өзгеше түрі тарайтын көрінеді деген әңгіме естідік. Бұл қаншалықты рас? Рас болған күнде одан сақтанудың жолдары қандай?

Ербөлек   БАЙҒАБЫЛОВ,

Орал  қаласы

Валентина КЕНЖЕҒАЛИЕВА, БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұқпалы және паразитарлы ауруларды эпидемиялық қадағалау бөлімінің басшысы:

— Алдағы 2018-2019 жылғы эпидкезеңде Қазақстанда тұмаудың үш штаммасы айналымда жүреді деп күтілуде. Олар – Мичиган, Сингапур, Колорадо. Атауларына қарап тұмаудың бұрын кездеспеген қауіпті бір түрі келеді екен деп сескенудің еш қажеті жоқ. Бұл атаулар вирустың алғашқы анықталған жерлеріне байланысты қойылған. Әр жылдың бірінші қазанынан тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталатыны белгілі. Бүгінгі таңда облысымызға Ресейде жасалған тұмауға қарсы вакцинаның 60 000 дозасы жеткізілді. Вакцина жергілікті бюджет қаражатына сатып алынды. Сол себепті халықтың әлеуметтік қолдауды қажетсінетін бөлігіне вакцина тегін егіледі. Олардың қатарына жарық дүниеге көрінгеніне алты айдан асқан, жиі ауыратын нәрестелер, жүктіліктің екінші, үшінші кезеңіндегі аналар, созылмалы ауру-сырқауы бар балалар, сондай-ақ жүрек қан тамырлары және тыныс алу жолдарының созылмалы ауруына шалдыққан ересектер, қарттар үйінің тұрғындары, балалар үйінің тәрбиеленушілері кіреді. Құрамында С дәрумені бар жеміс-жидек түрлерін пайдалану тұмаудың алдын алуға жақсы көмектеседі. Лимон, өзге де барлық цитрусты жемістерді, ашытылған қырыққабатты, итмұрын қайнатпасы, пияз және сарымсақты эпидкезең басталмай тұрып тұрақты түрде тұтына бастаған жөн. Сонымен қатар жыл мезгіліне сай жылы киініп жүру керек. Эпидкезең басталғанда көпшілік жиналатын жерлерге барудан барынша шектелу қажет.

Ауырған адам бірден дәрігерге қаралып, тиісті емдік шараларды дер кезінде қабылдауы керек. Бұл науқастың өзі үшін ғана емес, вирусты айналасындағы адамдарға жұқтырмауы үшін де маңызды.


Балығы кетіп, бақасы қалды…

Күні: , 50 рет оқылды

Орал қаласының Зашаған кентіндегі Коминтерн елді мекеніндегі Аниськин көлінің маңы көн-қоқысқа толған. Мамандар мұны үлкен экологиялық мәселе деп санайды.

– Бұрын Аниськин көлінен адамдар  балық аулап, маңынан құс ататын. Көлдің арнасы қар мен жаңбыр суынан толатын еді. Қазір мұнда бақа-шаян ғана қалыпты. Айналасы қоқысқа толған. Бұл – үлкен экологиялық мәселе. Осы орайда біз, экологтар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыста-рын жүргізіп, жиналыстар өткізе бастадық. Істелген жұмыстар нәтижесін береді деп сенемін. Облыста осы секілді бірнеше экологиялық мәселе бар. Солардың бірі ретінде қала мен аудандардағы көн-қоқыс төгетін арнайы полигон аймағының жоқтығын айтар едім. Кей аудан-ауыл тұрғындары зират маңдарын қоқыс төгетін жерге айналдырған. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ Орал – Саратов тасжолының бойындағы 1970 жылы жасақталған полигон аймағы толып, шашылған қоқыс тасжолға жеткен. Төгілген қоқыстың тереңдігін арнайы барып өлшегенімізде,  9,2 метрге жеткенін анықтадық. Қаланың шетіндегі қоқыстар кей күндері отқа оранып, ауаны бүлдіруде. Облыс әкімінің бастамасымен тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында финдермен бірлескен үлкен жоба қолға алынғаны белгілі. Болашақта ол жемісін береді деп ойлаймыз. Жалпы, өңірімізге қалдықтарды өңдейтін ірі зауыт керек. Облысымызда  қалдықтардан жаңа өнім шығарып отырған  кәсіпкерлер де жоқ емес. Зеленов ауданында Александр Жилкин деген азамат пластикалық қалдықтарды өңдеп, люктер шығаруда. Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтар адам денсаулығына өте зиян. Олар паразиттік  микрофаунаның көбеюіне жағдай жасайды. Сондықтан үйден шыққан керексіз қалдықтарды тек қоқыс жәшігіне төгіп, жер үйде тұратын тұрғындар ауласына бір тал терек болса да еккендері жөн, – дейді БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз  Хаймулдин.

Айта кетейік, 2000 жылы құрылған БҚО  экологиялық ұйымдар қауымдастығы қоршаған ор- таны қорғау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық экологиялық сараптама ұйымдастырады. ҚР Экология кодексінде көрсетілген құқықтар мен мүдделердің сақталуын қадағалайды. 2004 жылы  Орал қаласында ұйымдастырылған әлеуметтік маңызы бар жобалар  конкурсында аталмыш экологиялық ұйымның «Орал – ТМД елдері ішіндегі ең таза және абаттандырылған қала» жобасы үздік болған. Сол жылы Орал қаласының әкімдігі мен экологиялық қауымдастықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде облысымыздың орталығы ТМД елдерінің ішіндегі ең жасыл қала деп танылды.

Биыл Елбасымыз біздің өңірге сапары кезінде «Орал – Қазақстан  бойынша ең жасыл қала» деп баға беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты. Ендеше, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйым, тұрғындар болып бірлесе жұмыс атқарса, ол өз  жемісін  берері  сөзсіз.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Темір тұлпармен тегін жүреді

Күні: , 29 рет оқылды

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерін теміржол көлігінде тегін тасымалдауды қамтамасыз ету акциясы 2018 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Аталған акцияны «Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Жеңіс» республикалық әлеуметтік және қайырымдылық жобасының аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырады және ҰОС ардагерлеріне  Қазақстан мен ТМД елдеріне тегін жүру құқығын береді.

Акцияның шарттарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлері ҚР және ТМД елдеріндегі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүргізетін барлық бағыт бойынша саяхаттауға мүмкіндік алады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері барлық санаттағы пойыздардың вагондарында, соның ішінде «Туристік класс» вагондарында және «Тальго» пойыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы купелерден орын алады. Бұдан басқа «Жолаушылар тасымалы» АҚ  пойыздарында ҰОС қатысушылары екі бағытта да тегін тамақтанумен қамтамасыз етілген.

Бұл акцияға сәйкес билеттерді рәсімдеу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және ҰОС қатысушысы немесе ҰОС мүгедегі екенін растайтын құжат болуы керек.

Бүгінде жоба Қазақстанның 30 қаласында жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ірі қалалар мен облыс орталықтары, сондай-ақ Жаңаөзен, Екібастұз, Рудный сияқты шағын қалалар да бар.

Нұр АСЫЛ


Туған жерге тағзым етуге келген актер

Күні: , 28 рет оқылды

Ол кісі бала кезінен өнерге құштар болып өседі. Бірақ драма әртісі дегеннен хабарсыз болғандықтан, әйтеуір сахнаға шықсам деп жиі қиялға батады екен. Сөйтіп, қиялдап жүргенінде өзі тұратын Балықшылар ауылына (Рыбцех) жаңадан келген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назипа Нұралиева драма үйірмесін ашады. Ауыл баласы үшін бәрі таңсық, қызық. Үйірмеге қатысуға бірден ықылас танытқан қиялшыл бала, рөлге беріліп, образға еніп кетеді. «Мәжит» деген қойылымда жалқау бала Мәжиттің рөлін сәтті алып шыққан оны ауыл адамдары сол күннен «әртіс бала» атап кетіпті. Өнерге деген алғашқы қадамы ауылдастарының демеуімен басталған кейіпкеріміз С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков туған жеріне тағзым ету үшін  елге, яғни  Орал өңіріне  арнайы келіп жатыр.

Өнер айдынында көптеген рөлді сомдаған кейіпкеріміз Кеңес Нарымбайұлы — қаламы қарымды драматургтердің бірі. Оның туған жеріне арнап жазған «Ата парыз», «Қаз дауысты Қазыбек», «Замана неткен тар едің?» «Адасқандар» және өзге де драмалары республикамыздың көптеген театрында қойылды. Әсіресе, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған жат ағымға арбалғандар туралы жазылған «Адасқандар»  драмасы туралы  ресейлік  сайттар  көбірек  жазыпты.

«Ауылыма  барған  сайын  жылап  қайтамын»

— Биыл өнерде жүргеніме елу жыл толды. Осы орайда «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кешімнің аясында көрермендерге «Қайран, жас дәурен», «Адасқандар» қойылымдарын ұсынбақпыз. Менімен бірге әріптесім, бөкейордалық ҚР мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Гүлсара Рашқалиқызы және Қарағанды театрының труппасы бірге келді. Өзім бұрынғы Чапаев ауданы, Майшұңқыр ауылында туып-өстім.  Бес жасымнан бастап балалық шағым Шалқар көлінің жағасындағы Балықшы-лар ауылында өтті. Ол кезде 120 түтіні бар дүркіреген ауыл еді. Қазір бергі бетте  11, арғы бетте  10 үй болып, селдіреп қалыпты. Барған сайын жүрегім ауырады. Біздің бала кезімізде балықшылар балық аулап келеді, балықтарды әйелдер өңдеп, кептіріп, ысытып жататын.

Жылқышылар бар еді. Қыста мұздың үстіне жылқымен шығатын. Жеті жылдық мектебі бар ауылда тірлік қайнап жататын еді. Қазір ауылда бастауыш мектеп те жоқ. Балаларын Аңқатыға беріп отыр оқуға. Кішкентайынан ата-анасының тәрбиесін көрмеген бала ертең кім болады? Бала тым құрығанда, бесінші сыныпқа дейін ата-анасының бауырында болуы керек. Бұл ойлантатын дүние. Ана бір жылдары келгенімде, жарқабақтың бойында  қабырғасы құлап тұрған үйімді көріп, еңсем түсіп қайтты. Бір кездері он бір бала асыр салып өскен үйдің қисайып, құлап тұрғанын көру ауыр.

Ауылыма барған сайын, жылап қайтамын.  Сол барғанымда,  ескі үйдің жұртында қалған мұржаны суретке түсіріп алдым, — дейді өткен шағын еске алған актер.

«Прозадан мықты драма шығаруға болады»

Белгілі өнер тарланынан театрлардың қазіргі жағдайы, режиссура мен драматургия туралы пікірін сұрадық.

— Театрдың жүгі ауыр. Ал тартатын «моторы» әлсіз. Ең бастысы, мамандар жоқ. Қазір театрдың бетбейнесін жасайтын көркемдік жетекші көп. Бірақ ізденіс аз. Бізде бір драманы бір-екі жерін өзгертіп, бүкіл облыс қойып шығады. Мәдениет және спорт министрлігінде жөнді білетін маман аз. Өткен жылдары  Египетке Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» қойылымымен  баратын болдық. Қойылымды орыс, араб тілдерінде аудару керек болды. Сонда  министрліктегі мамандар  «Домалақ ана» деген қойылым тақырыбын «Круглая мать» деп аударыпты. Осыдан-ақ  бізде әр мекемеде өз саласының мамандары отырмағандығын айқын аңғаруға болады. Режиссерлар «жақсы шығарма жоқ» деп, драматургтерге жабады, актерлер «жақсы режиссер жоқ» дейді. Шын мәнінде, бәрі бар. Бірақ  әрқайсысы өз деңгейінде ғой. Әр режиссердың өз қолтаңбасы бар. Қазақстанда тамаша режиссер көп. Бірақ бәрі Астана мен Алматыда. Облыстық театрларда мектеп жоқ. Драмалық шығармалар да, драматургтер де бар. Мәселен, «Бөлтірік бөрік астында», «Қысылғаннан қыз болдық» деген драмаларды бүгінгі заманға лайықтап қоюға болады. Тек ізденіс жетіспейді. Қазір мықты прозайк көп. Прозадан да керемет  драма жасауға болады. Бұл әдіс Ресейде жақсы дамыған. Прозаны оқып, оның «дәнін» тауып алып, өсірсе, үлкен «егіс» болады. Тек режиссерлар оқып, ізденуі керек, — дейді Кеңес Нарымбайұлы.

Қаламыздағы С. Сейфуллин атындағы қазақ мектебін бітірген кейіпкеріміздің өнер жолына түсуіне танымал  суретші Сәкен Гұмаров та ықпал еткен екен. Алматыдағы театр студиясына түсерінде «Сенің қабілетің бар. Өнеріңді дамыт» деп қолдау көрсетіп, шығарып салыпты.

Көңілде  қалған  картина

Көрісу айт кезінде Балықшылар ауылындағы Темірғали ақсақалға сәлем бере барған сәті актердің жадында жақсы сақталыпты. Кейіпкеріміз әкесінің айтуымен бес жасында Темірғали қарияға аман дасуға барады. Есіктен кіре  «Неге келдің?» деген қарияға  амандасуға келдім дейді. «Енді амандаспайсың ба?» десе, «Саламатсыз ба?» дейді. Оған көңілі толмаған қария: «Ер-азамат «Ассалаумағалейкум» деп қол беріп амандасады» деп үйрете бастайды. Балақайдың қолынан жібермеген күйі «Енді қайталап айт» деп бұйырады. Тосылып қалған бала «Ассаламәлләумәлләу» деп жылап жібереді. Әйтсе де, кейіпкеріміз осы оқиғадан кейін ауыл ақсақалдарының бәріне «Ассалаумағалейкум» деп қол беріп амандасатын болыпты.

— Сол кезде бүтіндей бір ауылдың баласына бағыт беретін дана қариялар болатын. Қазір сол шалдарды сағынамыз. Менен журналистер «Еліңізді аңсайсыз ба? деп жиі сұрайды. «Әрине, аңсаймын. Жүрегімде жазылмаған жара бар.

Ол Ақ Жайыққа, туған елге деген сартап болған сағыныш» — дейді біз бен театр тақырыбында емен-жарқын әңгіме айтқан өнер  тарланы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

С. Сейфуллин  атындағы Қарағанды  облыстық  қазақ драма  театрының  репертуары:

  1. 09. 2018 ж. Сағ. 18.30 К.Жұмабеков “Қайран, жас дәурен” (мелодрама)
  2. 09. 2018 ж. Сағ. 14.00; 16.00; 18.30 К Жұмабеков “Қайран, жас дәурен” (мелодрама)
  3. 09. 2018 ж. Сағ. 14.00; 16.00; 18.30 К. Жұмабеков “Адасқандар” (драма)
  4. 09. 2018. ж. Сағ. 18.00 К. Жұмабеков “Адасқандар” (драма )

Қойылымдар  Х. Бөкеева атындағы  облыстық қазақ  драма театрында өтеді.

Анықтама тел: 50-78-03


Бақсы-балгер бағыңызды байлап жүрмесін

Күні: , 34 рет оқылды

Бүгінгі қоғамда ажырасқан отбасы, адасқан тағдырлар көп. Сонымен бірге тұйыққа тіреліп, сергелдеңге салынған жандардың дәтке қуат етіп, іздеп баратын емші-балгерлерінің қатары да қалыңдап келе жатқандай көрінеді. Әрине, халықтық медицина, шипагерлік ұғымдары – ұлтымыздың салт-дәстүріне жат дүние емес. Алайда осынау жолды ұстанамыз дейтін жандардың бәрі бірдей көпшілікті ізгілікке, шынайы имандылыққа ұмтылдырып отырса, қане?!

«Экология» халықаралық академиясының мүшесі, «Медициналық және ғарыш энергетикалық экология» саласының білікті маманы Жақсыбай Сейітқалиевпен кездескен сәтімізде ол осынау тақырыпқа қатысты жаға ұстатар бір жайтты баяндады.

Оқиға былтырғы көктемде Жақсыбай Жиеншеұлының жұмыстағы көмекшісіне құдаша болып келетін жас қыздың басынан өткен. Әуелі құдашасының бойында пайда болған бір өзгерісті жаңағы көмекшінің қызы байқайды. Мән-жайды сұрастырып көрсе, құдашасы бақсыға барып жүргенін айтады. Әлгі құдаша ауылдан мектеп бітіріп келген. Өзі үріп ауызға салғандай әсем, мінезі биязы қыз екен. Отбасылық жағдайы қиын, әке-шешесі ажырасып кеткен. Сергелдеңге түсіп, әрқайсысы өз басымен әуре болып жүргендіктен, қыз бала әкеден де, шешеден де жылылық сезінбейді. Мұндай жағдай жасөспірімге өте ауыр тиеді. Өмірде толық жанұя болып отырғанның өзінде отбасы тәрбиесінде әр түрлі ауытқушылық болып жатады ғой. Содан әлгі қыз бала қалаға келгенде де дұрыс бағыт сілтеп, жетелейтін тума-туыс, жанашыр жан таба алмай қиналады. Сөйтіп жүріп, №8 мектеп аялдамасы маңында бір емші тұрады дегенді естіп, сол кісінің алдына барады. Бұрын жұмысқа орналассам, ақша жинап пәтер алсам деп талаптанып жүрген қыз бала әлгі емшіге барғаннан кейін мүлде өзгереді. Бойын белгісіз бір селқостық билеп, тек қана емшінің айтқанын жасап, сол кісінің алдына бара бергісі келіп тұрады. Емшісі уыздай бойжеткенге жанашырлық танытқан болып, пәтер жалдап береді. Онымен қоймай, өз қызынан да кіші жастағы қыз балаға «Сені Астанаға алып кетемін, пәтер әперемін» деп азғыра бастаған. Оның бәрі бер жағы екен, ең сорақысы – жас қызды төсек қатынасына үгіттейді. «Уайымдама, болашағың жақсы болады, кезі келгенде өзің қатарлы теңіңе қосып, өз қолымнан ұзатамын» деп сандырақтаған, сайтани әңгімелерді жас қыздың құлағына құя бастапты. Бұл әңгімелерді бойжеткен өзінің құдашасы әрі сырлас досы, жаңағы көмекшінің қызына айтады екен. Көмекшінің қызы әкесіне баяндап, әкесі болса, Жақсыбай Жиеншеұлын хабардар етеді. Жақсыбай ағамыз адам баласының ойына келмейтін сұмдық жайды алғаш естігенде біраз қызбалыққа салынып, әлгі емшісымақты қыспаққа алмақ болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мәлімдеп, емшімін деп жүрген алаяқтың азғындығын жалпақ жұртқа жарияламақ та болыпты. Бірақ жап-жас қыз баланың алдағы жеке тағдырын ойлағанда бұл райынан қайтады. Алайда қыз баланың атын атап, түсін түстемегенімен, «Осындай оқиға болғанын жұрт білуі керек, сақтануы керек» дейді ол. Содан ол көмекшісіне «Өзіміз де қыз өсіріп отырмыз, ешнәрсе сұрамаймыз, ештеңеден қы-сылмасын, құдашаңды алдымызға алып кел» дейді.

– Барымызша қамқорлығымызды танытып, жанашырлық әңгімелерімізді айттық, шариғатқа сай амалдарымызды жасадық. Қыз бала «Маған не болған? Өзімнің әкемнен де үлкен кісі маған не істеген?» деп өзіне өзі келе алмай, ұзақ жылады. Оны әлгі пәтерінен шығарып, бір Құдайға қараған егде ананың қасына орналастырдық. Кейін ол жұмысқа кірді. Сөйтіп жұрт қатарлы  өмір сүріп кетті, – дейді Жақсыбай Жиеншеұлы.

Бұл қазіргі қоғамымыздағы «Аңқау елге арамза молда» дегеннің кері ме екен? Жұртымыз жаңаша ғылым-білім мен өркениетке аяқ басқан бүгінгі кезеңде ел ішінде осыған ұқсаған жайттардың тыйылмай отырғаны көңіл қынжылтады. Жақсыбай Жиеншеұлы мұндай келеңсіз жағдайлардың бір шетін елімізде халық емшілерін құжаттандыратын орталықтардың көптігімен және олардың кейінгі әрекеттерін ұдайы қадағалауда ұстап отыратын арнайы мекемелердің жоқтығымен байланыстырады.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ 

nsafullin@mail.ru


Кеше салынғанды бүгін бүлдірді

Күні: , 76 рет оқылды

Бұл көзге қораш суреттер өзге емес, өзіміздің Сайқын ауылында түсірілген.  Ортасынан қақ бөлінген әткеншектер, торы жыртылып, тесілген футбол қақпасы, бір жағына қисайып, сынуға шақ қалған айналмалы темір есік…

Балалар үшін әдейілеп орнатылған дүниелерге тұрғындардың салғырт қарауы арқаға аяздай батады. «Бұған кім кінәлі, неге мұндай тәртіпсіздікке барды?» деп бас қатырсақ та, ел игілігі үшін жасалған дүниені бүлдірушілер істеген істері үшін сан соғып өкінбес те. Өйткені өзінің жекесі емес, қоғамдық мүлікті қирату – ақылы таяз адамның ғана ісі.

Сәкен Сейфуллин көшесіндегі футбол алаңының (бисендік жеке кәсіпкер Ермек Меңдешевтің тартуы) пайдалануға берілгендігіне көп бола қойған жоқ. Әу бастан «Балаларымыз доп тепсін, шынықсын, шымыр болсын» деген ниетпен тұрғызылған нысанның қазіргі кейпі аянышты. Қақпаның торы ортасынан тесіліп, үңірейіп қалыпты. Аяқдопшылардың жойқын соққысынан қақпаның торы жыртылды  деуге  тағы  келмейді…

Ал балалар алаңындағы (оралдық жерлес кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың сыйы-тұғын) әткеншектерді (суреттегі) сындырған кім? Бар-жоғы екі айдың ішінде «әлдекімдер» сәбилер асыр сала ойнап жүрген құрылғыларды ортасынан қақ бөліп, тіпті есікті де жұлып алып, беттері бүлк етпестен, сол маңға тастай салыпты.

Ол ол ма, жұрт аяғы саябырсып, қараңғы таянған уақытта кей «жастарымыз» осында келіп, сыра ішетіндігін де білдік. Балалар алаңына келіп, ішімдік ішкенің қай сасқаның?.. Бұндай тәртіпсіздік шетелде орын алса, бұзақы баяғыда-ақ тиісті  жазасын  алған  болар еді.

Иә, сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген халық едік… Әр ата-ана ұл-қызын ойын алаңдарын ұқыпты ұстауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйретсе игі. Салмақтарының ауыр екеніне қарамастан, әткеншектерге жайғасып алатын үлкендер қауымы да айналаға қамқорлықпен  қарауды  естен  шығармаса  екен.

Арайлым  ӘЖІҒАЛИЕВА,

Сайқын  ауылы,

Бөкей  ордасы  ауданы


Ұлым, сені іздеп келдім…

Күні: , 37 рет оқылды

(«Еріксіз  Ерік  еліне  орала ма?»  атты  деректі  мақалаға  орай  жазылған  әңгіме)

Жеңіл көліктен түсіп, зәулім ғимараттың ішіне кірді. Қабылдау бөлмесіндегі  хатшы  қыз:

– Сәлеметсіз бе, Назым Қадеровна! – деп иіліп сәлем берді.

Жұмыс бөлмесіндегі орнына отырып, алдындағы қағаздарға көз жіберіп еді, үйіліп қалған екен.

Бір жұмадай оңтүстік облыстарда іссапарда болғанда фирмаға қатысты шаруалар шаш-етектен болғаны көрініп тұр. Сол іссапарда болған түрлі кездесулер және өзінің сол өңірде орналасқан фирма бөлімшелерін аралап, шарашағандықтан ба, бірден қызметке кірісіп кетуге зауқы соқпады. Орнынан тұрып теледидарды қосты. Соңғы жаңалықтарды беріп жатыр екен. Жүргізуші Астанада өтіп жатқан Сирия келіссөзінің нәтижесін айта келіп, алып құрлықта өмір сүріп жатқан қазақ балалары туралы арнайы хабарды көруді ұсынды. Қазақтың жап-жас қызы мұхиттың ар жағындағы елден хабарын жүргізуді бастады. – Біз қазір сонау 2000 жылдары америкалық отбасы Аллен мен Паула асырап алған қазақ баласы Еріктің, бүгінгі күнде Эриктің шаңырағында тұрмыз. Бұл күнде жасы 18-ге келген Ерік Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласында тұрады. Ерік, айтшы, Қазақстан деген елді  білесің  бе?..

Назымның басы айналып, көзінің алдын тұман басты. Жүрек аласұра соқты. Журналист қыздың дауысы алыстан естілгендей… Иә, сол. Бетінің оң жағындағы кішкентай меңі де сол қалпында. Ағылшынша бірдемелер айтып жатыр… Талып жеткен үні Назымның жүрегіне ине болып шаншылып жатқандай… Жүрегі бұрынғыдан да қатты соғып кеткендей болды. Бойынан бір найзағай оты жүріп өтіп, жүрегіне тұрып қалғандай… Ол от шарпи жанып, енді-енді жарылардай…

– Назым Қадеровна, қабылдау бөлмесіне адамдар келіп тұр, рұқсат па?

– Жап  есікті! Ешкімді қабылдамаймын.  Бұрын бастығының бұндай мінезін байқамаған хатшы қыз түсінбей есікті тез жапты. Теледидарды өшіріп тастады. Әрі қарай қарайтын Назымда күш жоқ еді. Аз-кем отырып, графиннен су ішті. Өзіне-өзі келгендей болды.

Терезеге қарады. Астананың зәулім-зәулім үйлері. Арқан бойы көтерілген күн нұрымен сұлулана түскендей. Көз алдына осыдан  18 жыл бұрынғы оқиғалар кино лентасындай тізбектеле бастады…

Алыс ауданнан қалаға арман қуып келді. Арманы орындалып, жоғары оқу орнына қабылданды. Өзіндей ылғи жастар. Алатаудың етегіне орналасқан қала да сұлу, жастары 20-ға толмаған бұлар да сұлу. Сабақтан бос уа-қыттарында түрлі кештерге барады. Басқа оқу орнындағы өздеріндей құрбыларымен де танысу көбейді. Бұлар да, олар да бірін-бірін шақырып, уақыттарын көңілді өткізеді. Күндер өзінің қуанышымен өтіп жатты. Иә, сол бір күн… Сол күні жатақханада бір бөлмеде жататын Анар құр-бысының туған күнін атап өтті. Туған күн қожайындары жалдаған пәтерде болып еді. Дастарқан басына жиналған он шақты жастың ішінде Назым танымайтын қонақтар бар болатын. Тілектер айтылып жатыр… Биге де, әнге де кезек берілуде. Кезекті бір тілекті Анардың ауылдасымын деп өзін таныстырған аққұба жүзді, бетінің оң жағында меңі бар Жарқын деген жігіт бастады. Ақ тілегін жеткізе келіп, ол барлығына арнап домбырамен ән орындайтынын жеткізді. Барлығы қолдай кетті. Домбыра үніне қосылған қоңыр дауыс дастарқан басындағылардың жүректерін баурай бастады…

… Әппақ  ай  төгіп жарық  шұғыласын,

Қанатын  жайды  іңірге түн  ұласып.

Мойылдай  жанарларың мөлт-мөлт  етіп,

Сендім  деп  құшағыма тығыласың!..

Әдемі ән Назымды осы бір аққұба жігітпен бірге беймәлім арал-дарға алып бара жатқандай… Жүрек түкпірінде бір шоқ сезім пайда болып, ол жалындағандай. Жанары мөлт-мөлт етіп, оның құшағына тығылғандай… Ән аяқталды. — Жарқын, тағы бір ән, тағы бір ән! – деп дастарқан басын у-шуға толтырған дауыстар. Бұдан кейін де Жарқын бірнеше ән орындап берді. Сол күні Назым Жарқынмен танысты. Әні де ұнады, өзі де ұнады. Политехта оқиды екен. Махаббат деген ұлы сезімнің хауызы ашылған қыздың бойын бақыт билеп алған еді. Осындай сезімдер жетегінде Алматының әсем кештерінде ұзақ қыдыратын, еркін сырласатын… Ақыры сезім жеңді. Бірінші курсты аяқтап, ауылға демалысқа қайтар кезде Назым өзінің жүрегі құлай сүйген Жарқынның  сезіміне қарсылық  білдіре алмады… Бұл қателік емес те еді. Өйткені екеуі де мәңгі бірге болатынына сенді. Бірақ бақыттың да өзіндік өлшеулі ғұмыры болатынын екеуі де білмепті. Жарқын ауылына бара жатқанда көлік апатынан қаза тапты. Құрбыларымен бірге Жарқынды ақтық сапарға шығарып салуға барды. Қоштасуда бетін ашқанда оның жансыз аққұба жүзінен, – Назым, кешір мені, асқақ арманға бірге ұшып бара алмадық… – деген  ойды  көргендей  болды.

Сол бір қаралы күннен кейін екі айдай уақыт өткенде, Назым бойындағы өзгерісті сезді. Дәрігерге қаралғанда Жарқыннан белгі қалғанын білді. Алғашқы ақ махаббатынан қалған айғаққа қуанды да, қиналды да. Қиналғаны – өз ата-анасының бейхабарлығы, Жарқынның ата-анасының мұны танымайтындығы… Екі ұдайы сезімде қалды. Ата-анасына айта алмады.

Ақырында қасындағы құрбыларының ақылына тоқталды. Иә, бұл өмірлік өкініш болып қалатынын Назым жастықпен сезбеді. Уақыт жетіп, ұл бала дүниеге келді. Перзентхана медбикесі ұлын алғаш емізуге алып келгенде, ұлының бетінің оң жағындағы меңін байқады. Жарқынның аққұба жүзі елестеп кетті… Өзіне айтылар барлық ғайбат сөздерді ысырып қойып, сәбиін ешкімге  бергісі  келмейтін  ой  келді…

– Өмір алда, әлі талай Жарқындай жігіттер кездеседі, тапсыр, тапсыр! – деген құрбыларының дауыстары да құлағына жеткендей болды… Кеудесінде екі  ой тайталасты. Ақыры соңғысы жеңді.

– Қарағым, бұл қателікті орнына қайтып келтіре алмассың, – деген қарт дәрІгердің сөзін естігенде, қолындағы қолхатты жыртып жіберіп, ұйықтап жатқан сәбиіне қайта жүгіргісі келді. Бірақ ұлы қалған палатаға жүгіре алмады, қос жанары жасқа толып, сыртқа жүгірді… Кешір, ұлым, кешір!..

Өмір өз ағынымен ағады. Оқуды бітіру, қызметке тұру, лауазым, жоғарылау, атақ-даңқ, бизнес… Жанына қаншама Жарқындай азаматтар кездезсе де, біреуге жар болу бақыты бұйырмады. Мүмкін бейкүнә сәбидің обалы болар, мүмкін өзінің күші жетпеген тоқтамның кесапаты болар… Мүмкін, бәрі мүмкін… Осы ағыммен өтіп жатқан уақытта, әсіре-се, оңаша қалған сәттерде ұлы елестейтін… Омырау іздеген сәті келетін… Бойын өксік қысатын… Әлі есінде, бір жылдан кейін перзентханаға барды. Ұлының хабарын білу үшін дәрігерге жолықты. – Сен өз ықтиярыңмен бас тартқаның туралы қолхат бергеннен кейін бала заңды түрде сенікі болып табылмайды. Ал қазіргі дерегі құпия сақталады, – деген жауапты естіді.

Он сегіз жыл бойы жүрегінің түкпірінде осы бір шемен болып қатып жүрген шындық бүгін ашылды. Мына жарық дүниеге өзі әкелген ұлы тірі. Америкада.

Арманда кеткен Жарқынның жалғыз тұяғы – алып елдің азаматы. Назымның жүрегін суық нәрсе қарып өткендей болды. Оған мына лауазым, мына бизнес, мына жорғалап жүрген қарауындағылар – ұлының қасында түкке татымайтын нәрселердей көрінді.Ұлымды көремін, бауырыма басып, он сегіз жыл шемен болып қатып қалған жүректегі жараны жібітемін,  қалай  да  барамын…

P.S.

Назым мінген «Қазақстан» деген жазуы бар алып лайнер он екі сағат бойы мұхитты көктей ұшып, Вирджиния штатының халықаралық әуежайына келіп қонды. Назымның басында бір ғана ой: «Ұлым, мен сені іздеп келдім.  Кешіресің  бе,  мені?!.».

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Қазталов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика